«Қазконтенттің» жаңа маусымы жаңа жобаларымен ерекшеленбек!

Бөлісу:

12.09.2017 2933

Ақпарат саласы – үнемі жаңарып, жаңғыруды қажет етіп отыратын прогресшіл бағыт. Кешегі күннің өлшемі мен ойламы бүгінгі заманда өзгеріп, трансформацияланып жетіп отыр. Қазіргінің адамы ақпаратты тез қабылдап, тез қорытуға бейім. Сондықтан «Қазконтент» акционерлік қоғамы осы талап үдесінен шығудың барлық жолдарын жіті бағамдайды.

Қазақстанның интернет және медиа кеңістігіндегі ең ірі компаниялардың бірі «Қазконтент» АҚ бүгін, яғни 12 қыркүйекте жаңа интернет-маусымының таныстырылымын өткізді.

«Казконтент» АҚ құрамындағы өзіндік бет бейнесі айқын ұжымның бірі – «Әдебиет порталы». Интернет маусымының ашылуына «Әдебиет порталы» да жаңалықтарымен келіп отыр. Яғни, портал жаңа маусымда үш ірі жобаны қолға алды.

Бірінші, «Ел болып «Абай жолын» оқиық!» мегажобасы. Қыркүйектің ортасынан басталатын бұл жобаға мың жарым адам тікелей қатысып, қазақ әдебиетінің классикасын оқып, аудионұсқасын бірге жасайтын болады. Бұл жоба арқылы халықтың кітап оқуға деген ынтасын арттырумен қатар, М.Әуезовтың 120 жылдық мерейтойын және «Абай жолының» 75 жылдығын насихаттау мақсаты көзделді.

Екінші, «Мен – ақынмын!» жобасы арқылы жас талант ақындардың шығармашылғын насихаттау, поэзияға құмар жастарды ынталандыру, бағыт-бағдар көрсету мақсаты көзделіп отыр. Облыс орталықтарынан үздік шыққан бір-бір ақын іріктеліп, Астана қаласындағы шешуші сайыс, гала-концертте нағыз мықты анықталады.

Үшінші, «Қазақстан халқы ертегілері» жобасы бойынша еліміздегі барлық халықтардың фольклорлық жауһары – ертегілері порталда насихатталады. Бұл жобаның нәтижесінде еліміз аумағында тату-тәтті өмір сүріп жатқан 130-дан астам ұлт өкілдерінің өзара ынтымақтастығын нығайту мақсаты көзделеді.

«Әдебиет порталының» мега-жобаларына Сіз де өз үлесіңізді қосыңыз, қымбаты оқырман!

Adebiportal.kz

Бөлісу:

Көп оқылғандар