Абай. Жаңа закон

Бөлісу:

04.03.2019 7051

Орысқа қарағалы көп жыл болған,

Бір де еркек жоқ ел үшін еңбек қылған.

Патшаға барып жүрген жақсылары,

Шекпен үшін, шен үшін босқа ұмтылған.

Хабар жетіп патшаға біздің жақтан,

Жаны ашып ойшыларға ой ойлатқан.

Қазаққа осы жақсы, пайдалы деп,

Ойшылар жаңа закон - низам тапқан.

Шығарған бір законды қазаққа деп,

Бұрынғыдай қалмасын азапқа деп.

Қазы, майор, тілмаш пен казак-орыс,

Елді иттей таламасын мазаққа деп.

Түзетемін десе де қазақ халқын,

Іштегілер көп білмес елдің парқын.

Ниеті адал болса да, пайда қылмақ,

Өзім пайда демеймін мұның артын.

Болыстық қылса дағы адам ғой деп,

Ескі закон бұларға жаман ғой деп.

Советник, аға сұлтан, қазылыққа,

Жаратпайды қазақты надан ғой деп.

Осы-ақ жері біздерді кем көргені,

Жаман мен жақсымызды тең көргені.

Кеңестен де қалыппыз жаңа тағы,

Қазаққа қойылыпты шен бермегі.

Рас, қазақ – надан ел, жөн білмейді,

Әр ақылды, орыспен тең білмейді.

Өзге тағлым, өнермен жоқ болса да,

Өз пайдасын өзгеден кем білмейді.

Оязной мен судия – ендігі ұлық,

Олардың жалуанасы тым-ақ толық.

Еркі жоқ ел, иен мал кез болған соң,

Олар қылмай қала ма астамшылық?

Олар дағы тәубесінен жаңылмай ма?

Қисыны ақша алудың табылмай ма?

Артында – помошник пен көп шенеунік,

Бөлтірік қасқырдай-ақ жабылмай ма?

Кеңесте бір кісің жоқ сенің мықты,

Жөн білмес надандыққа атың шықты.

Күзеті жоқ қой қорадай аралауға,

Бұрынғыдан енді артық болар тіпті.

Бүйтіп тұрса қазақта жан қалар ма,

Оның жайын кісі жоқ аңғарарға.

Қатыныңның өзінде еркі бар ма,

Оның да еркі ояз бен жандаралда!

Қылмайды мұны ойланып қазақ кеңес,

Алыстан ой ойланып уайым жемес.

Қазаққа «өз заңыңмен тұр» десе де,

Еркің түгілі, көп ісің өзіңде емес.

Ер, қатын жанжал болса анда-санда,

Бітіруші еді кітабымен указ молда.

Муфтиден бізді айырды, указ қалды,

Ендігі ерік ояз бен жандаралда.

Opыс біздің қарамас төтемізге,

Шариғатсыз, биліксіз кетеміз бе.

Біздерден заңы бөлек, діні бөлек.

Олар неге кірісті некемізге.

Жақпаса «надан» біздің қылығымыз,

Келіспесе «қазақша» жүруіміз.

Дінімізге тиіспесін, өзгемізді,

Өз заңына салсыншы ұлығымыз.

Онбасы, елубасы өңкей залым,

Білері аз, білмесі көп, жұртқа мәлім.

Жер бөлмек, ақша бөлмек оларда екен,

Шығыпты надан елден бек көп алым.

Сүйгеніңе (шар) салатын заман кетті,

Болыснай сияз деген тағы жетті.

Бір болыстан шығады дәл сегіз би,

Олардың біреуі араз, бірі кекті.

Би екеу болса, дауы төртеу деймін,

Би көбейіп, еліңді өртер деймін.

Санағанда жақсыдан жаманың көп,

Көп жаманың жақсыңды құртар деймін.

Ел бұзылар есірік, мас көбейіп,

Әдеп кетер аяқ пен бас теңеліп.

Ұлыққа көптің сөзі болды екен деп,

Көп жаманға жалынар бас шөмейіп.

Орысқа көптің сөзі алынған соң,

Көп жаман тәубесінен жаңылған соң.

Жақсың да адамдық жоқ ит болады,

Еріксіз көп жаманға жалынған соң.

Болыстар түзу билік айта ала ма?

Билігін билер тура тарта ала ма?

«Сендерді біздер сайлап қоймап па едік?»

Деген соң оның сөзін қайтара ма?

Быт-быт боп енді қазақ араздасар,

Ұлыққа шауып барып қағаздасар.

Өзі залым жақсыны қорқытпаққа,

Қылмағанын «қылды» деп жамандасар.

Шенеунік дознанияға ақша алады,

Тергеуші «куә айтты» деп бас салады.

Ақ, қараң табылмайды «көп» айтқан соң,

Көзіңнен аққан жалғыз жас қалады.

Жаманға жақсыны ұлық берді жығып,

Көп тентекке «мақұлды» қойды тығып.

«Ұрды, соқты, талады, пара алды» деп,

Қор боларсың, өтірікке есің шығып.

Өтірік, арыз-шағымға есеп болмас,

Айтылмаған қазақта өсек болмас.

Құр босқа күнде тергеу көбейген соң,

Тыныш жатып ұйықтауыңа төсек болмас.

Талау, тонау, барымта, кісі өлтіру,

Иә, біреудің мүлкіне өрт жіберу.

Пара алмақ сондай істер оларда деп,

Қазақта сонан шықты иттей үру.

Қарасам осы күні ел түріне,

Қазақтан достық кетті бір -біріне.

Қылмағанды қылды деп жала жауып,

Жалған куә салады жау жеміне.

Қалаға шауып жатыр атын бұлап,

Ақыл айтар ақсақал қалды жылап.

Ары жоқ, ұяты жоқ бір законшік,

Орыстан тауып алар өзі сынап.

Ар кетті, ұят кетті, намыс кетті,

Законшілер тарттырды-ау көп бейнетті.

Ең болмаса қорықпайды Құдайдан да,

Жалған ант күнде ішеді, көзім жетті.

Елге орыс келуші еді баяғыда,

Пара түгіл, ем екен таяғы да.

Ақсақалды жиып ап, сұрап біліп,

Ақылмен қылушы еді аяғында.

Қалмады қазір елде адамшылық,

Адам түгіл, ит қылмас мұндай қылық.

Шын мен өтірікті айыра алмай,

Көргісіз қып кетеді ендігі ұлық.

Қылмаған бұрын қазақ мұндай істі,

Мұндай қылық мінеки басқа түсті.

Жүз арыздан біреуі рас емес,

Қайта арсыз, ұятсыздың сөзі күшті.

Елден бөлек түскен жоқ маған азап,

Қор болдың бірің қалмай бәрің қазақ.

Жаны ашымас законшік шенеуніктер,

Тіліменен болдыңдар жұртқа мазақ.

Патша тіпті қас емес, біздерге дос,

Ақылдас, байғұс қазақ, басыңды қос.

Бұл закон бізге тынышсыз болды ғой деп,

Өзіне жеткізсеңші жүргенше бос.

Низам (арабша) – заң, закон.

Ояз – орыстың «уезной» деген сөзі. Әр облыс уездерге бөлінген, сол уезді басқарушы адам.

Жалуанасы – орыстың «жалование» сөзі, айлық алатын ақшасы, қазіргі лексикада «жалақысы» деген мағынада.

Ұлық – генерал-губернатор (жандарал), ояз, судья сияқты патшалық биліктің иелері.

Кеңес – бұл жерде патша билігі жанындағы ұлт мәселесін талқылайтын орын.

Іштегілер – бұл жерде Ресей мемлекетінің заң шығарушы ұлықтары мен ойшылдарын айтқан.

Муфти – мұсылман елінде дін басшысы.

Көптің сөзі – бұл жерде «протокол» деген мағынада.

Бөлісу:

Көп оқылғандар