Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Асқар Алтай. Тағдыр тақтасы (Эссе)...

17.03.2025 321

Асқар Алтай. Тағдыр тақтасы (Эссе) 14+

Асқар Алтай. Тағдыр тақтасы (Эссе) - adebiportal.kz

Көктем. Алтайдағы алақандай ауыл көктемі.  Балдырған шақ босағасынан балалық шаққа алғаш «сығалаған», сана саңылауының әлде қалай бұлдырай таныған көктемі... 1966 жылдың  алапат көктемі екен. Оған мына бір есімнен еш кетпейтін буалдыр елестер куә... 

Әйгілі жұт жылы. Қазақ сахарасында қалың қар жауып, қыс аяғы ұзап, мал қырылып, малшылар Арқа мен Алтай-Тарбығатайда «ақ таяқ» ұстап қалған, атышулы жұт болған уақ... Бұл қазаққа анық тарихи жыл кестесі. 

          Үш жастан енді асып бара жатқан кезім екен. Көкек айы. Дүние атаулы қыстан шығып, көкорай әлем жасарып, жайнап келе жатса керек. 

          Көз алдымнан бір сұмдық елес әлі күнге кетпейді!.. 

          Сәби санама тайға басқан таңбадай біржола таңбаланып қалған сұрапыл бейне. Қорқыныш жоқ бірақ. Қайта таңқалушылық сезім басым болса керек, әлі күнге дейін сол бір таңданысты ой-сезім бойымда, сұмдық сурет елесі қарашығымда қалып қойған.

          Өркеш-өркеш су. Тасқын су. Су аяқ астынан келіп қалғанда әкем мен анам, ең үлкен ағам Ақан-Рахымбек бар, үшеулеп жүріп, асар жасай отырып, өз қолдарымен салған шиферлі үйдің төбесінде отырыппыз. Әйтеуір, сұрапыл суды биіктен көрудемін. 

         Қасымда балдақты әкем мен анам бар болыпты. Анам Меңке-Меңсұлудың аяғы ауыр екен – Алмас ініме. Өзімнен кейінгі қарындасым Жанна бар-жоғы есімде жоқ. Әпкем Әдиба мен Даму ағам да есте жоқ. Олар да бірақ шатырлы үйдің алдынан салынған сейнектің жалпақ төбесіндегі шатыр бетінде бірге болыпты. Құмар әкемнің балдаққа сүйеніп жүргені – қыста малшылар жем-шөпсіз қалып, соған ауыл адамдары Ертістің нар қамысын шауып беруге барғанда аяғын сындырып алған екен.   

         Көз алдымда жал-жал толқын. Аткөпір су. Қара-қошқыл лай. Лек-легімен келіп жатқан бір сұрапыл.

          Міне, сол су тасқынының ішінде аппақ көйлекті қыз ағып барады. Оның соңынан атқа мінген бір жігіт суды жалдап, жанталаса айқайлап, су ішінде кетіп барады. Тамағы жыртылғанша айқайлап, астындағы атты борбайлап қояды...

          Сөйтсем, ағып бара жатқан Зәйнікен Баймурзин деген жақын туысқан атамыздың жоғары сыныпта оқитын Некузат атты қызы мен атпен су жалдап құтқарып жүрген туған інісі Құмаш болып шықты. Бауырдың аты – бауыр!.. Белді атпен тасқынға қойып кеткен ғой. Әрине, мұны кейін бірақ білдім ғой.

          Осы бір сурет сәби санамда мәңгілікке қалып қойды... Бәлкім, саналылық ұшқыны сол кезде найзағайдай жарқ етіп бір осып өткен сияқты. Одан кейін санамда жылан жалағандай жым-жылас. Ештеңе жоқ, мүмкін ондай айрықша оқиғалар кездеспеді ме, әйтеуір сақталмапты.

          Алғаш рет менің санама жазылған айрықша «Әңгіме» осы болу керек. Кейін мектепте 6-7 сыныптарда оқып жүргенімде «Осы туралы жазсам қайтеді?» деп ойлап қоятынмын, бірақ сол бойы жазылмай қалды. Бәлкім, болашақта бір шығармаларымның ішінде деталь ретінде қолданылауы да ғажап емес!

          ...Тағы бір елес тұманды түйсігім ішінен –  бұлт ішінен жарқ ете қалған күн шеңберіндей ешбір өшпейді.

          Сол жұт болған 1966 жылдың аяқталар айы – желтоқсанда Күршімнен «кукурузник» самолетімен Зайсанға әке-шешеммен ұшыппыз. Әкем балдағын тастаған, сынықтан толық жазылған кезі екен. Зайсан көлі мен Ертіс өзенінің үстін көк мұз сіресе жауып жатқан уақыт. 

          Ұшақ қаракөк мұз бен ақтаңлақ қасат қар басып жатқан Зайсан көлінің үстімен көктей ұшыпты. Шағын ұшақта үш-төрт-ақ адам болыпты. Алифенов Ақатай бар. Ол – Күршім аудандық КГБ-нің бастығы, жоғары шенді офицер. Әкеммен өл-өлгенше араласып, әкемді «қалпақ астында» (под колпаком) ұстауға тырысып өтті... Әкемнің мезгілсіз мерт болуына да оның қатысы болғаны анық.

          Анамның айтуынша, сол жолы да әкемді анаммен қоса Күршім аудан орталығынан Зайсан қаласына Алифенов өзі алып ұшыпты. Анамның ұйғаруынша, әкемді үскірген желтоқсанда ол жаққа Алифенов тегін алып ұшпаса керек. Майқапшағай шекарасында бір «чп» болыпты... Әкем сонда шекарада Қытай бетінен өтіп, ұсталған адамдарды танитын көрінеді, соларды түстеп беруге аяқ астынан дереу алып ұшыпты. Анам, әрине, ештеңе білмепті, тек оған әкең Баймолда төре мен анаң Ажармен көрісіп қайтасың, менің де шаруаларым бар депті әкем жорта. Ал шекараны бұзуға байланысты, ана адамдар туралы анам кейін білген ғой.

          Сонымен, ұшақ ішінде үш жастан асқан мен қолды-аяққа тұрмай жүрсем керек. Бір заматта есік аузына жақын отырған әкем мен Алифеновтың қасына барыппын да, есік тұтқасына асыла кетсем керек.

           Міне, сол кезде күтпеген жағдай орын алыпты. Анадайда отырған анам «Айырылдым!..» деп қана ойлап үлгеріп, үрейден тілі байланып, орнынан қозғала алмай қалыпты... Ұшақ бортының есік тұтқасы сарт етіп айналып кетіп, есік ашыла беріпті. 

           Сол сәтте көз ілеспес жылдамдықпен Алифенов Ақатай бір қолымен басын бұрмастан шап беріпті. Құдай көмектескенде, қолы жетіп, алақанына арқамнан айқастыра асып қойған жалпақ материал белдік іліне кетіпті.

           Ал менің санамда төменде көкпеңбек бір дүние дөңгелене ауып бара жатқаны... біржола сақталып қалған. Сөйтсем, жарым-жартылай ашылып үлгерген «кукурузник» есігінен есімнен кетпестей сәулелене сақталып қалған Зайсан көлінің көкпеңбек мұз айдыны екен. Оны әке-шешем кейін өскен кезімде «сол жолы бір ажалдан аман қалдың ғой» деп, Алифенов Ақатай аға үйге келгенінде айтып отырды. Ақатай аға да басымнан мейірлене сипағаны есімде. 

          Тура келген ажалдан сәби күнімде солай бір аман қалыппын!.. Бұл да бәлкім, тағдыр тақтасына жазылған болар.   

          Жалпы, дүниеге келерде де анамның құрсағында мойныма кіндігім екі оралып, көкпеңбек болып «өлі» туыппын. Онда да түп нағашы атам, қазақтан шыққан тұңғыш архитектор Баязит Сәтбайұлы сызбасымен салынған, Зайсан қаласындағы қызыл кірпіштен көтерілген перзентхана үйінде кіндігім кесіліпті. 

          Қайран анам айтушы еді, «Босанардан бір айдай бұрын жап-жасыл қылып тоңғағың келетін... Сөйтсем, сен жатырда тыныш жатпайтын едің, содан мойныңа кіндігіңді орап алыпсың. Дем жетпей, қысылғаннан тоңғағың бұрын келіпті» дейтін еді.

          Анамның шешесі, нағашы әжем Ажар Баязитқызы – түп нағашы атам Баязиттің жалғыз қызы. Ажар әжем аузынан сөз төгілген ақын, қолынан іс тіккен шебер болған. Бойында тазиесі бар оташы, туа алмай жатқан әйелдерді тудырып алатын акушер-босандырушы ретінде аты шыққан, қолында рұқсат қағазы болған қасиетті адам еді.

           Мен туған күні ақпанның ақ бораны соғып тұрыпты...

           Ажар әжем Зайсан қаласына жақын бір ауылға әйел босандырып келем деп кеткеннен кешіге беріпті. Ал бұл кезде шешем маған босана алмай жатыпты. Босана алмай қойғасын, дәрігер-гинеколог пен жуан-жуан екі-үш орыс медбике ақ сейсепті жұлып алады. Қос қабаттап жіберіп, анамның шеңберек атқан қарынынан басыпты. «Су егіз» болған анамнан су кетіп қалыпты... Сонда да мен жарық дүниеге шықпай, анам айтқандай, «қасарысып» алыппын. 

          Ақыры анам талықсып кетіпті. Осы кезде адуындай айғайлаған әжем Ажардың да дауысы естіліпті. 

         Ол кісі дәліздің ана басынан:

         – А-ай, менің немерем өлмейді!.. Тазием айтып тұр. Қане өзім босандырам, - деп айғайлап жақындай бергенде талықсып жатқан анам да ес жиып, сіресіп шықпай тұрған мен де дүниеге келе беріппін. Акушер әйел кіндігімді кесіп, қаракөк із сала батып, мойныма екі оралған кіндігімді жазып, үстел үстіне тастай беріпті.

         Сонда орыс дәрігер:

          – Ой, Ажар апа!.. Ажар апа! Ты святая! - деп жансақтау бөлмесіне кіре берген әжемді құшақтай алыпты. 

          – Подажди!.. Подаждите! Где ребенок? Его надо оживить! - деп әжем маған ұмтылыпты. 

          Сөйтсе, бала «өлі туды» деп менің тағдырымды баяғыда шешіп қойған дәрігерлер состиып тұрып қалса керек. Әжем графиндегі суды жұлып алып:

          – Шәйт, пәлекет!.. Шәйт! Кет, малғұн!.. Кет! Әулетімнен аулақ!.. Шикетімнен аулақ! – деп, алақанымен шақалақ боп жатқан мені аластапты. – Тазием, қу пәлені!.. Қу-қу! 

         Аузына суды ұрттап алып, шырышты тәніме бүркіп-бүркіп жіберіпті. Сол сәтте мен де кірпігім қимылдап, көзім ашылыпты. Анам марқұм өл-өлгенше «Сен Ажекеңнің баласысың. Ажалдан сол арашалап қалған... Оған ғұмыр бойы қарыздарсың!» деп өтті. 

           Әжем Алматы іргесіндегі Райымбек ауылында кенже ұлының қолында қайтыс болғалы жатқанында: 

          – Әй, келін, менің тазиемді ұстап қал!.. Саған беріп кетейін. Қасыма келіп тұр. Қолыңды әкел!.. Қорықпа! - дегенде бас жағына жақын келген келіні шегіншектей беріпті. – Тазием жылап тұр, «Мені біреуге табыстап кет» деп тұр. Қорықпа! 

         Ажар әжем  сөзін тағы қайталапты... 

         Өкінішке қарай, келіні қорқып кетіп, бөлмеден қашып шығып, күйеуі Бауыржан аға келгенше далада тосып жүріпті. Ол келгенше әжем жүріп кетіпті... Сексен алтыға аяқ басқан Ажар әжем сап-сау санасымен ана дүниеге амалсыз аттанып кете барды. Әттең, оның Тазиесін ешкім де алып қалмапты.

          Абзал аналарым Райымбек ауылындағы қорымда дамылдаулы...   

          Ал бес жасымнан асып кеткен кезімде – Жырықши деген жерде, малда отырғанымызда мая шөптің үстінде ұйықтап қалыппын. Алтайға қыс ерте түседі ғой. Қыстың басы болу керек.

          Қараша айы. Қар Алтайға қалың етіп бірер мәрте жауған кез болса керек... Төбемде төңкерілген қазандай көк аспан. Сол қаракөк аспан астында жатырмын. Ай-жұлдызды жап-жарық түн. Шыңылтыр аяз.

          Маяның үстіне саты ағашпен шығып алып, түнгі тұнық аспанға қарап жататынмын. Самсаған көп жұлдыз жымыңдай шақырады. Соларға қарап әрнені ойлағандай болам. Түпсіз қиялға батам. Әсіресе, қыстың боранды күндері мен ұзақ түндерінде әпкем Әдиба оқып беретін батырлар жыры мен «Мұңлық-Зарлық» жыры есіме түсіп, аязды түнде – мая үстінде қиялмен кең дүниені кезетінмін. 

          Анда-санда жанарымнан жұлдыздар ағады. Олар құйрықтарына ақжол қалдырады... Сондайда Әдиба әпкемнің айтатын «бір адам өлді» деп ескертетіні есіме түсіп, қарадай қорқып, елегізіп те қоятынмын. Дереу сатымен түсіп, қарала ит Ақтөсті ертіп, үйге келетінімін. 

          Сөйтіп жүріп мая үстінде ұйықтап қалыппын бір күні...

          Анам Меңке-Меңсұлудың айтатынындай үйге үнемі «түсел түсіп» жататын еді. Адам арылмайтын. Міне, сондай құдайы қонақтар келіп жатқан кеште менің үйге кірген-кірмегеніме анам да, әкем де мән бермесе керек. Анам  аяқасты келген қонақтарды күтіп, әкем Құмар екеуі қияндағы қыстаудан кекірік атып шыққан қонақтарды жолға салуға далаға беттегенде ғана естеріне алған ғой.

          Ал мен болсам, анам тігіп берген тері тонның арқасында тоңазымастан, маяның үстінде – таза ауада ұйқыны соғып жатқам ғой. Әкем жоян маяға сатымен көтеріліп, құшағына қысқанда ғана оянып кеткенім есімде. 

           Осы бір түнгі аспан астындағы түздегі ұйқы балалық кезімнің – бақытты кезімнің бір елесі іспетті.

          ...Ал анық ес біліп, есеюге бет алған кезең1969 жыл.

          Алтыға шығып қалған кезім. 1969 жылдың қаңтар-ақпанында әке-шешеме «көмекші шопан» болып Бектұрған деген кісі Әбілфейіс (Әйгілі Әбілфайз сұлтан орда тігіп, болған жер аутауынан шыққан) қыстауында бірге тұрдық. Анық ес білген кезім. Сонда сол кісіге арнап ойдан құрап өлең шығарып айтатыным, анам қой деп ұрсатыны әлі есімнен кетпейді.

                              Біздің үйге Бектұрған

                              Қалғұтыдан кеп тұрған,

                              (Қолы оның сумақай),

                              Сейнектегі құртты ұрлап,

                              Май мен қантты жеп тұрған...

          Бұл өлең әжептәуір ұзақ-ты, бүгінде есте қалған жұрнағы ғана... Әдиба әпкем мен ағам Дамудың эпостық және лиро-эпостық жырларды төрт жасымнан бастап оқып беріп, бес-алты жасымда кейбіреуін жаттап алғаным да сәби жадыма ықпал етсе керек. Өзімше өлең шығаруға талпыныс жасаған болуым да мүмкін. 

          Сәби саналы балалық шақтан қалған осындай елесті өмір суреттері ойыңда ойылған ошақтай ұмытылмас бейне болып қалып қоятыны да қызық жай!.. 

          Ал уақыт өткен сайын өткен елестің сұлу да сырлы тұңғиығына ой жіберіп, «Осы мен қай кезден бастап мынау жайнаған дүниені тани бастадым, ол және қашан, қалай басталып еді?» деген ішкі бір түйсікпен жан-дүниеңді мазалаған сұраққа еріксіз оралады екенсің. Түйсік түбінде оқыстан жарқ еткен жай (қазақ садақты да жай деген) отындай мәңгілік сақталып қалатын айрықша сәулелі сәттер кейінгі адами болмысыңа да тікелей әсер етеді-ау деген ойға ораласың.

          Бұл да бір тағдыр тақтасында маңдайыма жазылған жазу болар, бәлкім!..          

          Ал енді алғаш рет проза жазуға талпынуым 9-шы класқа барған қара күзде... Шірікаяқ (Чердояқ) ауылында еді. 

         Оған дейін қазақ әдебиеті мен орыс әдебиеті гауһарлары атанып жүрген бірсыпыра дүниені тауысқам. Луи Буссенардың «Қаһарман капитан», Генри Хаггардтың «Сүлеймен патшаның кеніші», тағы басқа авторлар кітаптары, Александр Дюманың «Үш ноян» сияқты романтикалық шығармалары мен Уилиям Сароян, Сомерсет Моэм сияқты қолыма түскен кейбір шетелдік жазушылардың да туындыларын үзіп-жұлып қарап үлгерген кезім ғой. Ол кітаптарды Қалғұтыдағы ауылдың кітапханасынан алып оқығам. Ал Сароян мен Моэм кітабын Шірікаяқтағы үйдің табалдырығын келін боп аттаған, бұрын да маған орыс тілінен ұстаздық еткен Бақыт Жұмабайқызы Тұрғанбаева жеке кітап сөресінен берген еді. 

          Жалпы, менің жасөспірім кезімде әдебиетке үйірлігімді байқап қалып, кітаптарды таңдап оқуыма ықпал еткен екі адам болды. Олар – 7-8 класта әдебиеттен сабақ берген жап-жас ұстазым Нүрбилә Шәкенова мен орыс тілінен сабақ берген ұстазым Бақыт жеңгем. Ал жасөспірім санама айрықша әсер еткен Мұхтар Әуезовтың әйгілі «Абай жолы» романы мен Толстойдың «Анна Каренинасы» дер едім... Әуезовтың сырты сарғайыңқы тарта ескірген, жанған шырақтың суреті бар, мата мұқабалы қос том романын да ұсынған Нүрбилә Шәкенова ұстазым болды. 

             Қалай десем де, қолына алғаш қалам алып, белін буып тәуекел еткен бала қаламгер қансонарда аңға тазы жүгіртуге шыққан жас аңшы секілді... Оған ақ қағаз қансонар қары іспеттес көрінері хақ. Ал сен сол кіршіксіз қар бетіне жүрексінбестен табан басып, қол бұлғай шақырған ғажайып тылсым дүниеге қойып кетуге тиіссің. Қаламыңды сайлап, дүрсілдеген жүрегіңді май ішкендей басып, «бісміллә» айтып, алғашқы сөзді қалай жазарыңды ойланып, іштей алабұрта толғанып, кібіртіктеп отырасың. Ең алғашқы әріптер ақ параққа аңның ізіндей болып түсе бастаған сәттен ойың бекіп, сезімің салмақтанып сала берері анық. Жүрегіңнің де дүрсілі сап тиылары сөзсіз. 

            Сонымен, 1978 жылы қара күзде – шамамен, қазан-қараша айларында жазылған қос әңгіме «тұңғыш» шығарма дегенге жауаптай көрінеді. Поэтикалық көркем әлемге осы екі әңгіме соқпақ салғаны ақиқат. Бұдан кейін сол жылдың желтоқсаны мен 1979 жылдың қаңтарында хатқа түскен кластастарым туралы «Біз әлі кездесеміз» (Отыз беттен астам жазылған романның басы) қолжазбасын біржолата жоғалтып алып ем... Сондай-ақ, кейінірек туындаған «Көз» әңгімемнен  де көз жазып қалдым. Ол да табылмай кетті. Қайтадан жазуға қолым бармады, иығым жар бермеді десем де болады. Өйткені ол дүниелерді жазған сәттегі сезімнен суынып, ойдан адасып қалғандай күй кешкенмін кейінде.

          Орыс халқында «Рукописи не горять – қолжазба отқа өртенбес!..» деген тағылымды тәмсіл бар. Бәлкім, рас болар!.. Оған дәлел жазушылар тағдыры мен шығармалар тағдырында үшырасатын деректі әңгімелер жетерлік. Атақты Михайл Шолоховтың «Тынық Дон» романы қолжазбасының қасіретке толы, жалалы тағдырын бүгінде жұрт жақсы біледі. 

         2021 жылы қара күзде Алматы іргесінде тұратын інім Алмас үйіндегі ескі сандық түбінен тауып алған «Құланың ажалы» қолжазбасы да «қолжазбалар жоғалмас, өртенбес» дегенге жауаптай көрінеді. Сонау Шірікаяқ ауылынан көшкенде анамның мүкамалы тұратын, анам өзі ғана ұстайтын үлкен ағаш сандық түбіне салыныпты. Бетіне газет тастай салған екен, содан көзден жырақта  жата беріпті. Міне, сарғайып кеткен сол совет газеті астынан сопаң еткен... Онда да ғазиз анам қайтыс болғаннан кейін он бір жыл өткеннен соң, «сандық ішін тазалайын, ескі дүние ғой, есік алдындағы жазғы тошала үйге шығарайық» деп, келінім Нүркамал ақтарған ғой.   

          Екі әңгіме де сол кездегі «Общая тетрадь» дейтін қалың дәптерге таңбаланыпты. Қалың дәптер мұқабасының ішкі жағына:

                         «Көңілде жүрген кей ойлар

                           Мазасыз мені тербеді.

                           Өмірде кейбір бояулар

                           Белгісіз болды...

                          Жасарып қайта келмеді.

1978 жыл, Шірікаяқ ауылы» деп, әкем зираты орын тепкен Күршім ауданындағы ауыл аты қоса жазылыпты.

          Ал қалың дәптер «Қызбейіт» деп жазып, жақша ішіне «Алтай модағайы» деп қосымша ат қойған «тырнақалды» қолжазбадан басталыпты. Ол тоғыз парақтан, яғни қолжазбалық он сегіз беттен тұрады екен. 

          Екінші әңгіме – «Құланның ажалы» қолжазбасы болып жалғасыпты.

          Бұл «Общая тетрадь» жоғалып кеткен соң «Қызбейіт» әңгімесін Абай атындағы ҚазПИ-ді бітірген 1984 жылы жазда – Семей қаласында жүргенімде (Семей Медицина институтының жатақханасында) қайта жазып шығып едім... Кітаптарыма кіріп жүрген сол нұсқа. 

          Ал қолыма алғаш қалам алып, «бісмілла» деп бастаған қолжазбадағы «Қызбейіт» сюжеті де, фабуласы да сол он алты жасымда жазылған  нұсқадан көп ауытқи қоймапты. Әлбетте, жоғары білім алып, білім білігімен жазылған кейінгі әңгіменің стилі әлдеқайда сүбелірек болып шыққаны белгілі. 

          Жасөрен шақта қатқа түскен қолтаңба көзіме оттай басылды; қос қолжазба көкірегіме ыстық қоламта табындай қызу сыйлады... Сондықтан да мәртебелі оқырман, өзіңмен тұңғыш рет қалам алып жазған «Құланың ажалы» әңгімесінің шағын тарихын өзіңмен бөлісуге ұйғардым. Әңгіме стилі мен сюжетіне қол тигізбей, сол алғашқы жазылған қалпында  сақталған күйінде қалдырған едім. 

          Тек, бала кезімде құла құнан туралы шығарған, есімнен бір сәт те кетпейтін  өлең шумағын «эпиграф» ретінде қолжазбаға қосқам. Есте қалған өлең үзіндісінен қалған шумақ мынау еді.

                       Құла құнан дегенде, құла құнан,

                       Қиығы бар мінер жақ құлағынан.

                       Құйғытып шапқан кезде айнымайтын

                       Желдей ескен даланың құланынан.

                                                        (Бала кезгі өлең)

          Бұл да болса, жазушыларға тән «қаламгер лабораториясы» дегенге бір табан жақын келер тәлімгерлік сыр болар.  Осы екі әңгіме мен үшін тұңғыш жазылған «тырнақалды» прозалық шығарма.

          Бұған дейін тиіп-қашты өлең жазумен әуестенгенім де бар. Тіпті, көктем туралы өлеңім 1979 жылы сәуір айында Күршім аудандық газетінде шыққан еді. Бәйіт ұйқасқа құрылған шумақтар болатын.

           Ал әкем сол көктем кезінде «шимайым» үстімнен түсіп қалғаны бар. Кең зал үйдің бір қабырғаның жартысынан астамын алатын, төбеден еденге дейін жететін үлкен терезе алдында өлең шығарып отырғам. Ақ қағазға шұқшиып, төмен қарап тұқшиып отырғанымда ту сыртымнан келіп қапты. Мен сезе қоймаппын... Тек әкем дауысы тап құлағым түбінен естілгенде елең етіп, дәптерді жаба салғам.

          Сонда әкем:

          – Өлең жазып отырмысың!? - деді, үні қатқылдау шықты. 

– Асқар, біздің тұқымнан ақын шықпаған... бақсы шықпаған. Мықты болсаң – қара сөз жаз! 

          Осыны айтты да бұрылып кетті... Ал жүрегім бір түрлі толқып, біз сұғып алғандай мұздап кетті.

          Міне, осыдан кейін өлең жазған емеспін. Тіпті қыздарға да шығармайтын болдым. Көпке дейін ішкі жан-дүниемде бір нәзік қыл үзіліп кеткендей боп суынып жүрдім. 

          Сол әкем тиым салған бес-алты шумақ өлеңнен бүгінде:

                                     Қараңғы қапас түнде шықтым жолға, 

                                    Келемін жалғыз өзім осы маңда... -

деп, өлең бастауындағы екі жолы ғана тіл ұшыма оралады. 

          Абай өлеңдерін көп оқып жүрген кезім, бұл жолдарды ұлы шайырға еліктеп жазған болуым керек. «Әке балаға – сыншы» деуші қазақ мақалының келетін жері осы шығар, «мықты болсаң – қара сөз жаз» деген әкем тиымын сана елегінен өткізіп қоямын қазір де. 

          Сонан кейін қолыма ұзақ уақыт қалам ұстамай кеттім... Оған «балапан басына, тұрымтай тұсына» дегендей, тағдырымда қасіретке толы бетбұрыс кезеңінің басталуы мен сынаққа толы жағдай да мойын бұрғызбады ғой. 

          Сол жаз – шілденің ыстық кешінде әкем мезгілсіз мерт болды... Әкемнің қырқын өткізісімен топты бала-шағамен анам Алматыға көшті. Әйгілі санияз төре тұқымы Баймолда әкесінің мейірімінде өссе де, анам қатал жан еді. Бәлкім, бес ұл, төрт қыз тәрбиелеген анамның қатал болатын да жөні бар-ау!.. 

          Бала тәрбиесіне аса мән берген адам болды. Сол ғазиз шешемнің арқасында бәріміз де жетім бола жүріп жетілдік. «Әкесіз жетім – жарты жетім, анасыз жетім – тұлдыр жетім» деген рас та болар, қайран анам қауырсынымызды қатайтып, жетімдікті көрсетпеуге бар қайратын жұмсады ғой. Алматы іргесіндегі Райымбек ауылында мектепті тәмамдадым да, Жетісу кеңшарының Исаев ауылында он жылдан астам тұрдық. 

          Алматыдағы ҚазПИ-дің филология факультетіне түскеннен кейін ғана 2-курста көктемде қабырға газетіне «Екі көктем» атты тұңғыш новелламды жарияладым. Алғаш рет курстас достарым Жетпісбай бағалап, ұстазым Нығмет Ғабдуллин көңіл аударып еді. Кейін бұл шағын новеллам Күрті аудандық «Шұғыла» газетінде «Жаңбырлы көктем» деген атпен еш өзгеріссіз жарияланды. Бұл новелла еш кітабыма әлі күнге кірген жоқ, өйткені түпнұсқасы сол газетте жарияланған жерде қалды. Енді сол жойылып кеткен ауданның тоқтатылып тасталған газетінің тігіндісін кітапханадан таптырып көшіріп алмасам, өзімде сақталмаған... Болашақта көшіртіп алсам, жинақтарыма кірер деп ойлаймын. 

          Ал ҚазПИ-дің қабырғасында жүріп жазылған көлемді шығармам –  «Қызыл бөлтірік». Повесть балаларға арналған. Бұл шығарма 4-курста, институтты тәмамдар көктемде жазылды. Профессор ұстазым, өзі де «Өмір, қымбатсың маған» деген лейтмотивпен көркем шығармаларын кітап етіп шығарған белгілі жазушы Нығмет аға Ғабдуллин маған әйгілі қаламгер Сафуан Шаймерденовтің повестеріндегі адамгершілік тақырыбында диплом жазуымды ұйғарып, ол кезде жап-жас доцент Тұрсын Сыдықов ағаны жетекші етіп бекітті. 

          Міне, диплом жазуға берілетін осы үш айдай уақытта жүрегімді тербетіп, жазбасыма ерік берместей басымда пісіп тұрған повесті жазам деген ойға келдім. Сафуан Шаймерденов туралы жетпіс беттен астам диплом жұмысын ешбір қиналмастан Пушкин атындағы кітапханада жылдам-ақ жазып шықтым. Дипломдық қолжазбамды институт қасындағы спорт киімдерін сататын (Әлі күнге Д. Қонаев пен Қазыбек би көшесі қиылысындағы спорт мүлік-мүкамалына толы) дүкеннің үстінде тұратын мәшіңке басушы әйел үйіне апарып тастадым. 

           Курстас дос-ағам Жетпісбай Қойшығұлов  екеуміз ғана курс бойынша диплом алып едік. Өз жұмысын қазақ тілі бойынша тамаша етіп жазған Жетекеңнің тануымен осы әйелге келген ем. Ол кісінің атын ұмытыппын қазір, тек «Мен Әбіш Кекілбаевтың шығармаларын да басам» дегені есімде қалып қойыпты... Оны да іштей жақсылыққа жорып, повесімді жазсам – тек осы адамға бастыртам деген оймен қуанып шықтым.

           Сол бетімде қаладан біршама алыстағы Исаев аулына тартып отырдым. Келе-сала «бісмілла» деп зал үйде жазуға отырдым. Ойыма келген «Бәрі де қызыл бөлтіріктен басталды...» дейтін алғашқы сөйлем таңбаланған сәттен бастап-ақ, ықыластана үздіккен ой-сезімім селдей аға жөнелді... Диплом жазуға берілген үш айдай уақыттың бір айына жетпейтін уақытта повесті аяқтадым. Баяғы шығыстағы Шірікаяқ ауылында «Общая тетрадьқа» жазған алғашқы қос әңгіме «Қызбейіт» пен «Құланың ажалы» сияқты қалың дәптерге бірден түсірдім. 

          Сана сарайымды самаладай жарқыратқан, жүрек лүпілімді  шу асаудай бастықтыртқан «Қызыл бөлтірік» жыры қиялымды қияндарға самғатты. Бала кезімнен жазу өнеріне біржолата ден қоям деген алғаусыз ойымды бекітіп, сеніміме селкеусіз сезім нұрын себездеткен, бар болмысымды марқайтқан тұңғыш көлемді туындым ғой.

          «Қызыл бөлтірік» кейін Сорос қорының бас бәйгесіне ие болды.

          Өмірдің сан түрлі белестеріне бет қойған жалынға толы жастық шақтарда тағдыр тақтасы осылай жайылып еді... Маңдайыма жазылу осы болар. 

          Тәңірім ашқан тағдыр тақтасы толайым толық болғай! Айпара ашыла түскей!..                         


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар