Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
«Барокко болмыс» пен «Do Diez Minor»...

06.03.2025 1368

«Барокко болмыс» пен «Do Diez Minor» 14+

«Барокко болмыс» пен «Do Diez Minor» - adebiportal.kz

                         

Қазақтың қос ақын қызы  Салтанат пен Қарлығаш жайлы…

 

Әйел затын сұлулыққа теңеп жатамыз ғой. Бірақ одан да өткен сұлу бір дүние бар. Бұл білімге суарылған инабат дер едім. Енді аты аталған әлгі екеуі әйелдің хас көркіне келіп қосылса не болар еді!?

Мен Салтанаттың «Барокко болмыс» кітабын оқып отырып осындай ойға бекідім. Біз білетін Барокко сөзінің екі түрлі мағынасы бар. 

Бірі – архитектуралық үлгі болса, екіншісі – өзгеше пішінді маржандар. 

Осы екі анықтама да ақынның өз болмысы десек еш қателеспейміз.  Осы орайда мына бір дүниені де қосарлай айта кетейін. 

Мен уақыттың мәні, сосын өлім туралы көбірек ойлаймын. Неге дейсіз ғой? Себебі өлімнің алдында өнердің әйел мен еркек, жақсы мен жаман атты еш жіктелімі жоқ. Өзіңіз ойлаңызшы, өлген соң шайырлардың шын бәсекелесі Шекспир мен Абай, Гете мен Пушкин болады. Бұл дегеніңіз, бір жағынан, үлкен жауапкершілік пен сұмдық бәсеке ғой.  Түсінесіз бе, кәсіби өнерде «орташа жол» немесе «нашар» категориясы деген атау атымен болмайды (Я бар, я жоқ боласың деген қатаң үкім ғана бар).

Қазақтың көңіл қимастықпен айтатын «Ат тұяғын тай басар» қағидасы жылқының өз дамысына (эволюциясына) келгенмен, өнердің төл қағидасына еш келмейді. Осыны Салтанат айтады:

 

Расында...

Қағазға түспеген не түрлі өлең бар,

Менің бұл басымда.

Еліктемедім мен,

Мұқағалиға, Қасымға.

Өзімнің хақымда:

Ұқсағым келмеуі –

Қазан-ошақтан аспайтын ақынға.

Ойларда, қырларда билемей,

Салмақты ойымды

жеңілтек тірлікпен сүйремей,

Думанда, тойларда бірталай

Тәп-тәуір әнімді шырқамай жүргенім – менің бір білгенім:

Тән емес,

Ой билеп тұрғасын

Қарайсың, қазақта бір Абай,

бір Қасым.

Бір ұлы кәрілік бар шығар ағзамда?

Қартаймас күш бар ма,

Мұқаңда, Мағжанда?

Поэзия береді көңілдің сұлбасын!

Жан іздеп, ойлары ойына шақ келер

Сөз болып, жыр тастар.

Жақсылар бір-бірін «Ағалап», «Әпкелер».

Жақсы ақындар – құрдастар!

Мінекей, біздің манадан бері түсіндіре алмай отырған ойымыздың негізгі тағаны да «...Жақсы ақындар – құрдастар» байламында жатыр. Ал енді дәтің жетіп, жүрегің дауаласа жоғарыдағы данышпандармен құсни-құрдас, шын бәсекелес болып көр кәне.

Бір қызығы, біз манағы сөз басында ұшығын шығарған өлім ұғымына Салтанат жалғыздық сипатында қарайды екен.

«...Жалғыздығыңнан безбегін,

Көріңе түсер өзіңмен өзге кім?

Өмірдің алданба қошына,

Өлім –

сен танитын әлде танымайтын жалғыздық.

Сен одан шошыма.

Жалғыздығыңа өлгенге дейін кел...».

Рас, біздің ең жек көретін, ең қашатын дүниеміз де осы жалғыздық ғой. Жалғыздықтың жауы не десек, ол коллективтік сана дер едік

Келіс, келіспеңіз, қызық та, қызылтанау қырғын да осы ұжымдық (дұрысы тобырлық) сана ішінде емес пе?

Енді еңіреп туған ер болсаңыз, бұл ойыннан ат тоныңызды ала қашып, күллі коллективтік пәлсапаға бір өзіңіз ғана қасқайып қарсы шығып көріңіз тегі.

«...Жалғыздығыңды еркелетпе, бірақ асыра.

Сүйсең, біреудің жалғыздығына тиіспей,

Өзіңнің жалғыздығыңды қой қасына.

Сезімнің шашылған жапырақтарын

Бір жерге үйіп көр.

Сосын, өзіңнің жалғыздығыңды

белінен ұстап сүйіп көр...».

Ал керек болса, «...жалғыздығыңды белінен ұстап сүйіп көр...» құдайым-ау, қандай тамаша, қандай қамырық пайым еді.

«...Жүру үшін елеп досы,

Болмысынан бөліну.

Жалпы адамға керек пе осы?

Бақытты боп көріну».

Біздің бақыт деп жүргеніміз немене осы? Бұл мың данышпанның маңдайын уқалатқан тым ауыр сұрақ. Жалпы «Бақытты болып көрінудің» артында адамның шен мен шекпенге, биік лауазымға деген ішкі ынтызарлығы жатқан жоқ па екен?.. Осыдан болып адам бақытты болып кете ала ма?

Мінекей, Салтанат бізге осылай гамлеттік сұрақ қояды.

«...Жаңадан даңғаза жасаушылардың емес, жаңа құндылықтарды тудырушылардың айналасында әлем дыбыссыз айналады», – дейді Фридрих Ницше. Ницшенің осы «дыбыссыздығының» антиподы күшеншектік пен  мораль екендігі еш шүбәсіз ғой. Ең бастысы, Салтанатта мұның бірі де жоқ. Кітаптың соңғы парағын жапқанда саумал жел ескен тынық көл жағасында тұрғандай бір әдемі сезімде боласың. Ницшенің «дыбыссыздық» феномені дәу де болса осы екен ғой дейсің іштей жаның кіріп...

 

***

 

Енді екінші кітап хақында айтайық. Қарлығаш Қабайдың «Do Diez Minor» атты тұңғыш өлеңдер жинағы. 

Әйгілі кино режиссор А.Тарковский: «Мен өз туындыма бірде-бір адам баласын қатыстырмай-ақ та  кино түсіре аламын», – депті. 

Дәл осы бір жүрек жұтқан эксприментті  кәсіби поэзия өлшеміне ауыстырсақ, «мен теңеу мен ұйқасты, керек десеңіз бірде-бір метафора қолданбай-ақ та ғажайып поэзия жаза аламын» деген пайым шығаруға болады. 

Несі бар?.. Өлең көркем сөздердің мозаикасы мен тізбегі емес, ол, ең әуелі, ой мен символдың негізгі суаты емес пе?

Мен білсем, Қарлығаш осыны бір кісідей түсінеді.

Ал түсінбейтіндердің әуселесі бесенеден белгілі ғой.  «Әй, бір жүрген қып-қызыл қияли екен» деп ақынға сырттай  бәтуә шығарып та қойған болуы керек. Дәстүрлі сүрлеуге түсіп, көне машықтан бір айнымаған «тәртіпті» поэзия үшін Қарлығаш шынымен-ақ жат...

Шынымен-ақ олар тіс жарып үндемейді. 

Басқа ұлт пен ұлысты білмедім, дәл осы қазақ өнері үшін қыз баланың қашанда тұзы жеңіл.  Бұған енді «әйелден ақын шықпайды» деген  тағы бір еңбегі қатпаған ергежей әрі кертартпа түсінігімізді қосыңыз...

Мен бұл жерде әйгілі режиссор сөзін  жайдан-жай айтып отырған жоқпын. Қарлығаш өлеңі Тарковскийдің  киносы секілді.  Тек түпкі межені ғана көздейді. Фольклордан (дұрысы, сөзуарлықтан)  қашады,  өлеңге барынша  атмосфера жасаудың  қамын  күйттейді. 

«Сен жайлы ойлағым келген-ді,

Күн бүгін салқындау...».

Мінекей, ақ қағаздан  аура  жасау  дегеніміз осы.  Кейде кілт бұрылып,  бейне бір «Зеркало» мен  «Сталкер» туындысындай  адам ақылына ауыр  айла-шарғылар жасайды. Сөздің де бояуын  барандатпай, ой мен түстің  өзара  әрекеті мен гаммасын барынша бақылап отырады.  

Маған қай қаламгерді болсын, «мынау екінші Абай», я болмаса «екінші Пушкин» деген сөздер сол адамды қорлап, астыртын мұқату секілді болып сезіліп тұрады. Құдайшылығын айтайық, екіншінің шын аты – эпигон, ал эпигон, бар болғаны біреуді  қайталау ғана емес пе? 

Қаламгер үшін өнерде өз жолын таппаудың бұдан артық қандай сәтсіз мысалы болуы мүмкін. Дөңгелек дүниені өз көзімен көріп, өз көзесімен ғана су ішуге келген қаламгер шынымен-ақ бақытты ғой.

Мейірхан Ақдәулетұлы деген сойы бөлек, сойқан бір қаламгер бар. Сол кісі былай дейді: «...Қазір таяқ лақтырсаң ақынға тиеді. ...Жас, жасамыс ақындардың (әсіресе, ақын қарындастарымның) өлеңін өзара араластырып жіберіп, бір үлкен том шығарсаң, соның бәрі бір адамның өлеңіндей болып тұрады». 

Әрине, мүлде негізсіз пікір емес. Қазіргі қыздар поэзиясындағы «Сіз» деген сызылған, әсіреқызыл жасандылықты да біз осы пікірге еш ойланбастан жатқызған болар едік. Бұл ескертпенің енді Қарлығаш Қабайға ешқандай да қатысы жоқ. Қарлығаштың бұл жағынан бәсі биік, жұлдызы жоғары.

 

...Орта Азиядағы мемлекеттерді қоршаған тікенді

сымдарға ұқсайтын болды-шимай...

тікенді сымдардың қоршауында қалған Орта

Азиядағы мемлекеттер сынды –

...өлең.

 

Өлең  – сана мен қиялдың барометрі ғой...

Бұл жерде «тікенді сымдардың қоршауында қалған...өлең» – өлең емес, өзіміз ғой.  Мен баз біреулер айтып жүргендей қазіргі  қазақ поэзиясы сұмдық дамып кетті деген бөстекі сөздің біреуімен де келіспеймін. Дамыды деп жүргеніміз нарциссизм, сосын ештеңе оқымай-ақ елеурей беретін рухани  ергежейлігіміз бе деймін…

Қоршауда қалып қор болған қайран «шимай»…

Бұдан артық сүйегіңнен өткізіп не айтуға болады енді…


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар