«Amаzon»-дағы алғашқы қазақ романы туралы не білеміз?

Бөлісу:

18.10.2019 4013

Қазіргі қазақ әдебиетінің һәл-күйі туралы тарқатып айтар әңгіменің жайы бөлек. Десе де соңғы 30-40 жыл ішінде өздігінен сұранысқа ие болып, өзге жұрттың қалауы, керек десеңіз сол елдің қаражатына шыққан қазақ кітабы туралы естуіңіз бар ма? Егер де жоқ десеңіз, біздің сізден сұрар сүйіншіміз бар...

Тегі, Таласбек Әсемқұлов ағамыздың «Талтүс» романы қазақ оқырмандарының жоғарғы бағасын алғанына талас жоқ. Осы орайда, роман «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында белгілі мәдениеттанушы, аудармашы (марқұм Таласбек Әсемқұловтың жары) Зира Наурызбаеваның бастауымен алты тілге аударылған болатын. Тапсырысты Ұлттық академиялық кітапхана (Нұр-Сұлтан қаласы) берген. Алмас қылыштың қап түбінде жатпайтыны сияқты атаулы шығарманың әлем тілдерінде сөйлеуі – үлкен резонанс тудырып үлгерді. (Бұл туралы толығырақ төменнен оқи аласыздар)

Әуелгі қызықтың басы романның аударылу барысында жатыр. Зира ханымның сөзіне сүйенсек мұнша көлемді туындылар кемі 1-2 жыл аударылады екен. Алайда, бұл роман бар жоғы үш жарым айда тәржімеленіп аяқталған. Жазушының көзі тірісінде жарыққа шыққан алғашқы әрі жалғыз романының салмағы зор екеніне еш күмән жоқ. Осы орайда «Талтүстің» ағылшынша аудармасын АҚШ-тың Индиана университетіне қарасты Three String Books баспа үйі кітап қылып, өз қаражаттарына шығарған екен. «A Life At Noon» («Талтүс») кітабы бүгінде әлем оқырмандарына «amazon» арқылы жол тауып отыр.

Анықтама:

Кітап «amazon» интернет дүкеніне 2019 жылдың 1-ші қазанында түскен. Қаптамасы – жұқа, көлемі – 209 бет. Кітап сатылымға ағылшын тілінде түскен. Бағасы 29,5 АҚШ доллары ( 11 500 теңге).

Кітап дүкенінің берген қысқаша түсініктемесінде: «Бұл автордың бала күнін бейнелейтін роман. Мұнда ол күй тыңдап отырып, елінің тарихы мен болсмысын қалай сезгенін баяндайды. «Талтүс» романы арқылы авторы өзі сүрген кезең мен сол уақыттағы елдің көрінісі туралы оқырманына сыр шертеді. Батыс оқырмандары үшін бұл ағылшын тіліне аударылған тұңғыш қазақстандық туынды»,- деп жазылған.

...Нұр-Сұлтандағы Ұлттық академиялық кітапхананың тапсырысымен, «Рухани Жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында шыққан аударманың мұнша сұранысқа ие болуы сауатты аударманың арқасы дейді Зира ханым.

Аудармадан – «Amazon»-ға дейін...

Сүйінші жаңалықты естіген бойда Таласбек Әсемқұловтың жары Зира ханымға хабарласып, пікірін білгіміз келген еді. Негізге алса аударма ісі, тәржіме жолының соқпағы бір бөлек екенін ескергеніміз абзал. Бұл үшін қаламгердің ойына еніп, оның жүрек қағысымен қатар ғұмыр кешу керек. Әйтпеген жағдайда аударманың сәтті шыға қоюы неғайбыл. Ендеше Сіздің назарға болмыс-бітімі бөлек біткен романның әлем тілдерінде қалай сөйлегені туралы шағын оқиғалдарды ұсынып көреміз:

Юнус Фатух, араб тіліндегі редактор:

Әлқисса, «Талтүсті» араб тілінде сөйлеткен Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар және Әлем Тілдері Университетіның профессоры Дина Есімжан. Кейін оны Юнус Фатух есімді мысырлық редактор редакциялаған.

Юнус Фатух Зира ханыммен әңгімесі орайында романды редакциялау барысында үш рет оқып, үш рет жылағанын жеткізген. Редактордың пайымынша романды оқыған соң оның жұбайы да көз жасына ерік беріпті.

Кітаптың араб тіліндегі нұсқасының тұсаукесері барысында Юнус мырзаның ұлды болғаны туралы хабар келген. Ең қызығы мысырлық жұп ұлдарының есмінін Әжігерей деп қойыпты. Бұл «Талтүс» романының басты кейіпкері еді...

Шэлли Файруазер-Вега (Shelley Fairweather-Vega), аудармашы. Романды ағылшын тілінде сөйлетіп, оны Three String Books баспа үйінен шығуын тікелей себепкер болған адам:

Кітаптың тұсаукесері барысында Шэлли ханым қазақ оқырмандарына арнап бейне үндеу жолдаған екен. Біз аудармашының «Талтүс» романы һақындағы пікірін youtobe желісінен тәржімелеп, сіздерге ұсынып отырмыз:

«Біз Зира ханыммен бұрыннан таныспыз. Бұған дейін де істес болған едік. Алғашында «Талтүс» қолыма түскенде мұны жұмыс ретінде қабылдадым. Бар ынтаммен аударуға тырыстым. Алайда, ұзамай мен бұл романның өзінше бір уникум екенін түсіндім. Бұл батыс оқырмандары үшін таңсық дүние. Советтік Қазақстан туралы жазылған тірі тарих. Өте шынайы. Уақыт өте бұл жұмыстан бөлек менің қабылдауымды өзгерткен құбылыс болғанын түсіндім. Мені осы кітаптың бір бөлігі болуыма себепкер болған Зира ханыммен, Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханаға алғысымды білдіргім келеді.»

Таласбектен қалған із...

«Жұмыла көтерсе жүк жеңіл. Мен аудармашы емеспін. Алайда, өмірдің кей кезеңдерінде Серікбол Қондыбайдың мифологиялық туындыларын аударған едім. Ол кезде Таласбек ағаң көмектесіп, кей жерін үйретіп отырды. Кейін уақыт өте келе, Таласбек марқұм қайтқан соң, Ұлттық аударма Бюросынан «Кәрі күйші» әңгімесін аудару туралы ұсыныс түсті. Бұл аудармаға шамамен екі ай уақытым кетті. Себебі Тәкеңнің бұл әңгімедегі тілі көнеден тамыр алған. Оның мағынасын тура аударатын сөздер болмады. Бұл мен үшін үлкен мектеп болды»,- деді Зира Наурызбаева.

«Кәрі күйшіден» соң Ұлттық академиялық кітапханадан (Нұр-Сұлтан қаласындағы) Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс» романын алты тілге аударту туралы ұсыныс түскен. Осы орайда уақыт тапшылығына байланысты Зира ханымның қасына бір топ зиялы қауым жиналса керек.

Олардың ішінде романның аударма жұмысына қатысты құжаттарға жауапты болған, Талсбек марқұмның шәкірті, этно-музыка танушы, күйшілер одағын құрған азамат – Рүстем Нұркенов болған екен. Осы қатарда Әлемнің түкпір-түкпірінен аудармашылар мен редакторларды тауып, олармен келіссөздер жүргізіп, координатор болған Раушан Жұманиязованың да еңбегі орасан деді Зира ханым.

P.S.

Бұл күнде «Талтүстің» танымынан жүрегі иіп, көңілі босаған оқырмандар әлемнің әр тұсынан өз пікірлерін жолдап отыр екен. Алдағы уақытта Таласбек ағамыздың шығармашылығы әлі талай баспаның бетінен шығып, әлемге қазақ атын жарқын шығаратынына сеніміміз мол.

Аян Мейраш

Бөлісу:

Көп оқылғандар