Қоңыр күздегі кездесу
Бөлісу:
Елордалық жас ақындар мен жазушылар қоңыр күзде жүздесті. Қаламгерлердің басын қосқан «Қоңыр күздегі кездесу» атты кешті ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалы ұйымдастырды. Кітапхананың «Jastar» coworking орталығында жиналған жас қаламгерлер жастыққа тән отты жырларын оқырмандарға тарту етті.
Кеш көрігін күз туралы «Күп-күрең, күрең, күрең күз,
Күреңсе бояп беттерді.
Сенен де бір жаз өткен-ді,
Сап-сары, сары сағыныш,
Қаз қаңқылындай көктемгі» деген өлеңімен қыздырған Серікбай Әбілмәжін қатарластарының делебесін қоздырды.
Қатысушылар арасында есімдері әдеби ортаға танылып қалған Олжас Қасым, Арман Шеризат, Айдын Байыс, Алпамыс Файзолла, Бақытбек Қадыр, Дәулет Серікұлы, Серікжан Қажытай, Ауғанбай Санақұлы сынды жастар да бар. Олар өлең оқып, студенттердің сұрақтарына жауап беріп отырды. Кешке қатысқан гуманитарлық колледж студенттері көрнекті ақындардың жырларын жатқа айтып, өз шығармашылығынан да туындыларды келістіре оқыды. Жастар орталығының ұжымы әзірлеген ақындардың шығармашылығы жөніндегі көрме де кештің шырайын аша түсті. Ұлттық академиялық кітапхана Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалымен бірлесіп алдағы уақытта да жыр кештерін өткізуді жоспарлап отыр.
Adebiportal.kz
Бөлісу: