Әлібек Байболдың «Үн... Түн...» атты микро-әңгімелер циклы

Бөлісу:

23.10.2019 4259

Басеке

Қызметкер:

– Бүгін ол жұмысқа келе алмайды.

Бастық:

– Неге?

Қызметкер:

– Қайтыс боп кетті.

Бастық:

– Онда *«срочна» басқа адам іздеңдер.

*Дұрысы – срочно.

Романтик

– Сұлусың! – деді күйеуі.

Әйелі ашуланып ыдыс-аяқты шаға бастады. Жұдырықтап та жіберді, жұбайын. – Ажырасамын! Осымен бәрі бітті.

– Сұлусың! – деді күйеуі. – Некемізді періштелер қиып еді ғой, есіңде ме?

– Кетші, сандырақтамай! – деп бір тепті, қатыны.

– Сұлусың! – деді күйеуі.

Ертек

Ерте, ерте, ертеде... Ешкі жүні бөртеде... Сонау XXI ғасырда ерлі-зайыптылар дәурен шегіпті. Бір қызығы – ұрсыспапты, бірақ та. Өйткені, еркек түнде әйеліне ертек айтып береді екен. Сол себепті де, өздері – сәнді, өмірлері – мәнді болыпты. Болыпты... болыпты.

Жақсылық

Әуесқой футболшы:

– Менде... Сізге беретін тиын-тебенім жоқ. Бірақ, темекім бар. Шегесіз бе?

Қайыршы:

– Бір темекі берсең.

Әуесқой футболшы:

– Біреу емес, екеу алыңыз.

Қайыршы:

– Жоқ-жоқ, біреу ғана. Негізі, қойып кеткенмін. Күніне біреуін шегетінім бар.

Әуесқой футболшы:

– Мінеки!

Қайыршы:

– Жолың болсын!

Әуесқой футболшы:

– Әумин!

Амнезия

– Бүгін Әпитөктің туған күні!

– Әпитөктікі... Үшәкәйдің үйлену тойынан... 7 күн өткеннен... кейін емес пе еді?

– Дұрыс қой, енді. Одан бері 7 күн өтіп кетті ғой.

Тұрақсыздық

Науқас:

– Махаббат дертінен емделмесем не болар екен?

Дәрігер:

– Өліп кетуіңіз мүмкін.

Науқас:

– Онда, тезірек «укол» салыңыз, тезірек, тезірек.

Түсініксіз күй

– Қуансаңшы, енді! – деді психиатр.

– Қуанып тұрмын ғой! – деп егілді, псих.

Жұмақ

– Келесі аялдамадан түсемін! – деді Жолаушы.

– «Конечныйға» жеттік! – деді Кондуктор.

Дауыс

Шыңырау түбінен шыңғырған дауыс естілді. Әйелдің... даусы... шығар. Ащы екен. Соған қарай құлап барамын. Көкірек тұсым біртүрлі боп кетті. Түсім... емес, өңім де... емес.

Білім жүйесі

Ана:

– Бүгін 31-ші желтоқсан!

Бала:

– Ертең 32-ші желтоқсан ба?

Жады

Бүгін нағашы апамның туған күні еді. Ертең дүниеден өткен күні.

Кино

Жігіт:

– Кешіріңіз, атыңыз кім?

Қыз:

– Сәуле ғой деймін.

Мың бір түн

Бастық өзін бақытты сезінді. Орынбасары – бақытсыз. Хатшысы – бірде бақытты, бірде бақытсыз...

Пайда

Жазушы:

– Роман жазғым келеді.

Базарком:

– Қаншаға сатасыз?

Жазушы:

– Роман...

Базарком:

– Роман деген бала туралы ма?

Жазушы:

– Роман...

Жалғасы

Жазушы:

– Роман сатамын. Тегін сатамын!

Омматидий

Жігіт:

– Көздеріңіз әдемі екен. Бота көз.

Қыз:

– «Хрустальный» ғой.

Гипноз

Түс көрдім. Түсімде іс...

«Барахолка»

Сатушы:

– Бақыт сатамын, бақыт! Кім алады? Бақыт сатамын, бақыт!

Алушы:

– Килограммы қаншадан?

Сатушы:

– 7000 теңгеден.

Алушы:

– Маған бір килограммын өлшеп берсеңіз.

Сатушы оның бетіне бір қарап:

– Сізге қарызға берейін.

Летаргия

Немересі:

– Ол өліп қалды!

97-дегі атасы:

– Ештеңе етпес. Қазір оянар.

Не үшін, сонда?

Сұрады... құрады... жығылды... тығылды... не үшін, сонда?

ЕҺ-Һ-Һ-Һ-Һ

– Тойға қаншадан жинаймыз, жігіттер?

– 7 теңгеден.

Сиам егіздері

– Маған қара түс ұнайды. Саған ше?

– Ақ!

Еңлікгүл

Ол жаққа жете алмадым, алтыным. Кешірші. Бірақ, мен Сені сүйемін. Шын сүйемін...

Көрнекі сурет: Грузин суретшісі Эмзар Кикнавалидзенің картинасы.

Бөлісу:

Көп оқылғандар