Қымбат Жампейісова. Сүймесе Құдай сынай ма...
Бөлісу:
Ұмытпаймын
Ұмытпаймын, өзіңді, ұмытпадым,
Ұнап қалды сәбидей қылықтарың.
Тамсандырып, бір сәтте ғашық қылып,
Көңілімді көзіңмен құрықтадың.
Жәудіреген қос жанар, нұрлы жүзің,
Сезіндім мен сезімнің шын қызуын.
Бір сәтіңе ойланбай қияр едім,
Мына өмірдің жай күнгі мың қызығын.
Қайда сол бір ләззатқа түсірген күн,
Өзегімде өлең боп мүсінделдің.
Мөлдіреген қоп-қоңыр көздеріңнен,
«Сүйем» деген сөзіңді түсінгенмін.
Сағыныш
Сағынамын, өзіңді сағынғанмын,
Сағынышым, себепсіз ағылған мұң.
Білмеппін-ау жанымның жұдырықтай,
Махаббатқа алғашқы бағынғанын.
Шыдатпады жанымды шыдатпады,
Жұбаныш бар кеудемде бірақ-тағы...
Әлемдегі ең тәтті мұңдар келіп,
Жүрегіме ұялап, тұрақтады.
Мәжнүнін аңсаған Ләйлі-кеудем,
Армандары алыстап, айбыны өлген.
Жаз да өтті елеспен, жаным жылап,
Ай түнерген..., қара түн... қайғы көмген.
Сарсаң кешіп сарылу – бар «амалым»,
Қамалына уайымның қамаламын.
Кете алам ба айығып бұл «дертімнен»,
Жанарымда мәңгіге қала ма мұң?
Бұл бір сезім «азапты», ғажап әрі,
Мазалады жанымды, тазалады.
...Адал жандар тек ғана арман, сырын,
Күнделік ғып ұялмай жаза алады.
Мұңайма
Мұңайма, жаным, мұңайма
Ер жігіт бұлай жылай ма?!
Бейнеттің бәрі өткінші,
Тәуекел, тапсыр Құдайға.
Мұңайма, жаным, мұңайма
Мұңыңды біреу сұрай ма?!
Уайым түбі - тұңғиық,
Шығуың қиын, мұны ойла!
Мұңайма, жаным, мұңайма
Келеді күлер күн, ай да.
Сынақ ғой мұның уақытша,
Сүймесе Құдай сынай ма?
Бөлісу: