Мәскеуден «Құнанбай» атты кітап жарық көрді

Бөлісу:

04.02.2020 7489

Бүгін Ұлттық кітапхана төрінде академик Ерлан Сыдықовтың Мәскеуден «ЖЗЛ» сериясымен жарық көрген «Құнанбай» атты кітабының таныстырылымы өтті.

Ұлы Абай мерейтойы қарсаңында Мәскеудің «Молодая гвардия» баспасынан «ЖЗЛ» сериясымен ҚР ҰҒА академигі Е.Б.Сыдықовтың «Құнанбай» атты елеулі кітабы жарық көрді. ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев ақын Семей өңіріне жасаған іссапарында:«Ұлы Абайды ұлықтағанда, оның әкесі - Құнанбайдың ел тарихындағы еңбегін ұмытпауымыз қажет» деп айтқанын жақсы білеміз. «Бұл – өте маңызды ғылыми бағыт әрі жоба»,- деп мән-маңызына ерекше тоқталған болатын.

Халықаралық Түркі Академиясы, Қазақстан Жазушылар одағы, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы бірігіп аталған тарихи-ғұмырбаяндық кітаптың таныстырылымын елорда төрінде өткізді. Тұсаукесерге ҚР Парламенті қос палатасының депутаттары, ғылыми қауым, білім және мәдениет саласының өкілдері, қаламгерлер, жастар қатысты.

Ұлт және әлемдік руханият тарихында үлкен орны бар қазақ тұлғасы туралы толымды еңбек жайлы автордың өзі былай дейді: «Жаңа 2020 жыл жақсы жаңалықтармен басталды. Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында Мәскеудің әйгілі "Молодая гвардия" баспасынан «Құнанбай» атты кітабым жарық көрді. Рас, бұл хабар өткен жылдың соңында сүйіншілеп жеткен. "ЖЗЛ" сериясымен жарияланған бұл еңбегімнің жанрын көркем-ғұмырбаяндық деуге келеді. ЖЗЛ немесе "Өнегелі адамдар өмірі" (ӨАӨ) сериясы 1890 жылдан бастау алады. Ол бұрынғы КСРО мен бүгінгі ТМД қалың оқырманы мен академиялық ортаға көптен мәлім. Бұл қызығушылық ешқашан толастамайды. ЖЗЛ, яки «Өнегелі адамдар өмірі»​ сериясымен шыққан кітап кез келген автордың кәсіби талғамын, деңгейін танытады.

Ең бастысы, кітаптың 3 мың данамен жарық көруі - ұлы Құнанбайдың өмірі мен қызметіне деген үлкен аудитория – Ресей оқырманының алғашқы қызығушылығын танытты. Демек, нарық талабына сай таралым саны арта түспек.

Құнанбай Ресей империясы тұсында би және болыс бола жүріп, елі үшін талай маңызды істерді атқарған адам. Сондықтан зерттеушілер мен жұртшылық тарапынан оның тұлғасына қатысты қарама-қайшы пікірлердің болуы әбден мүмкін.

Жасыратыны жоқ, кешегі Кеңестік цензура дала билеушісі, "қарадан шығып хан болған" Құнанбай туралы теріс пікір қалыптастырды. Көркем әдебиетте жағымсыз кейіпкер ретінде танылды. Айдауда болған әйгілі поляк зиялысы Адольф Янушкевич саяхат күнделігінде: «Құнанбай бидің жасы Барақ сұлтаннан біраз үлкен. Бұл да дала өңірінде аты кең жайылған адам. Қарапайым қазақтың баласы. Табиғат оған кесек ақыл, ғажайып ес және жүйрік тіл берген. Іскер, өз аталастарының игілігі туралы қам жейді. Дала заңдары мен құран қағидаларының жетік білгірі. Қазақтарға қатысты ресейлік уставтарды бес саусағындай біледі. Қара қылды қақ жарған би және өнегелі мұсылман. Одан ақыл сұрауға жас та, кәрі де, кедей де, бай да шалғай-шалғай ауылдардан келіп жатады... Ал, бірақ барлық байлар Құнанбайдың кебісін кигізуге жарамайды»​ деп таңғалады.

Құнекеңнің айрықша тұлғасы ғылым мен өнер қайраткерлері еңбектерінде біршама зерделенген. Асылы, ақылды да рухты тұлға ғана ойшыл, дана, көреген болмақ. Әлемге ұлы Абайдай данышпан, дара ақынды сыйлаған әке арманы ұлт арманымен ұштасқан.

Аға сұлтан және өңірдің әділ билеушісі ұйымдастыру қабілетімен, дауды шешетін әділдігімен, халықтың әл-ауқатын ойлаған әлеуметшіл көзқарасымен ел құрметіне​ бөленген.

Құнанбай тұлғасы, оның тарихтағы өз орны толық зерттелді деп айтуға әлі ерте. Оның өмірі мен еңбегін толыққанды зерттеу - болашақ жас ғалымдардың еншісіндегі мәселе. Ал менің кітабымды – бүгінгі күннің бағасы деп қабылдарсыздар. Одан кейін орыстілді аудитория арқылы әлемге жол тарту - алдағы күннің еншісі».

Ерлан Бәтташұлы Сыдықов - тарих ғылымы мен рухани мұралардың зерттелуіне зор үлес қосып жүрген көрнекті ғалым әрі зерделі өлкетанушы.Оның Абайдың айналасы мен Семей қаласының арғы-бергі тарихы, ұлт тарихындағы хандар мен тұлғалар туралы таңдаулы еңбектері ғылыми қауымға жақсы таныс. Басқасын айтпағанда, осы «Молодая гвардия» баспасы «ЖЗЛ» сериясымен шыққан «Шәкәрім» атты танымдық-ғұмырбаяндық еңбегі әлемнің алты тіліне аударылып, Абай шәкіртінің тұғырын одан әрі биіктете түсті.

Ресей аудиториясына жол тартқан бүгінгі «Құнанбай» еңбегі де әдебиетіміз бен тарихымыздың қымбат қазынасына айналып, орыс оқырманы арқылы әлемге жетуі мен танылуы – Қазақстан руханияты үшін шын мәніндегі үлкен олжа деп білеміз. Сондай-ақ ол Тәуелсіздік рухына және Қазақстан Республикасы жүргізіп отырған салиқалы саясаттың бағдарына толық жауап береді. Ұлтымыздың қайраткерлері мен санаткерлерін осылай әлемге кең таныта білсек, елдігімізге – мерей, мемлекетімізге – мақтаныш болмақ.

Аdebiportal.kz

Суреттер "Әдебиет порталының" меншігі болып табылады

Бөлісу:

Көп оқылғандар