Бекмұханбет Әли. Ғашық жанда өзгеше бар шығар мұң

Бөлісу:

09.02.2020 5448

Бекмұханбет Әли Ермекұлы - ШҚО, Тарбағатай ауданы, Көктүбек ауылында туған.

Қазіргі таңда ЕҰУ филология факультеті. қазақ филологиясы мамандығының 2-курс студенті.

Сенің жанарың


Сенің асыл жанарыңнан келген нұр,

Жанымыздың жараларын емдеп жүр.

Сендік жанар іздейтінім шарқ ұра,

Шаршағанда елден бір...

Сенің мөлдір жанарыңда бақ-қайғы,

Енген адам өзін-өзі таппайды.

Жанарыңдай жаның сенің тап-таза,

Сол үшін де көпке әйгі.

Қу өмірден күтпегенде түк үміт,

Кеудемдегі торғай қақты шықылық,

Ең абзалы кетсем бе екен мен сенің,

Жанарыңа жұтылып.

Сендік жанар - Тәңір Ие жыры деп,

Оқи бергім келер менің мың рет.

Сендік жанар жанары емес пенденің

Жан білмейтін құдірет!..

29.07.19

Сен бақытты болшы

Күндерде жылжып жатқан,

Сен бақытты болшы!

Бұлақтай сыңғыр қаққан,

Сен бақытты болшы!

Жүректей жыр саулаған,

Сен бақытты болшы!

Асқардай бұлт аунаған,

Сен бақытты болшы!

Қайғысыз бір сәбидей,

Сен бақытты болшы!

Армансыз бұл пәниде,

Сен бақытты болшы!

Айтса да елдер нені,

Сен бақытты болшы!

Болмайын мен кедергі

Сен бақытты болшы!

Басқасы өз алдына,

Сен бақытты болшы!

Сен менің көз алдымда

Ең бақытты болшы!

Ұлы өлең

Мен шынайы махаббатқа сенген күн

Жер бесікте бақытты боп тербелдім,

Бәлкім, бәлкім, бұл өмірге арнайы,

Саған ғашық болу үшін келгенмін.

Саған ғашық болу үшін жаралдым,

Сол үшін де шексіздіктен оралдым.

Ұлы сезім адастырмас ешқашан,

Сондықтан да адаспаған болармын.

Мендік көңіл сендік нұрға түнеген,

Мендік көңіл - Ұлы Ақыннан Ұлы Өлең!

Жалғанда бұл Ұлы сезім жолында

Өз жанымды құрбан қылып жіберем.

Көңілімде қалықтаған Ұлы үміт,

Тұрғандай-ақ кірпігіңе ілініп.

О, періштем Ұлы сезім жолында

Көрсетейік мәңгі біздер Ұлылық!

Сені жолықтырғалы

Сені жолықтырғалы:

Өміріме бір ерекше сән кірді,

Атты ғажап таң нұрлы,

Баурап алды ессіздіктің әлемі,

Санам менің қаңғырды.

Сені жолықтырғалы:

Бақыт жайлы ұғым берді шартарап,

Шабыт келді "ақыным" деп, қолқалап.

Бұл өмірге қалай сыйып жүр екем,

Уысымда сонша бақ!

Сені жолықтырғалы:

Толқып, тасып жатыр асау жыр-айдың,

Толқып, тасып мен де жүрмін, шырайлым.

Тағы да бір жүрегіммен сезіндім

Құдіретін Құдайдың!

Сені жолықтырғалы:

Елден ерек күй кешемін, соны ұқтым,

Бұл күйімді Тәңір өзі көріп тұр.

Айдай сұлу, керім ару бәлкім сен

Бақытым боп жолықтың!

Мен сен жайлы жыр жазам

Том-том қылып жазамын,

Мен сен жайлы жырымды.

Тамсандырып жазамын,

Мен сен жайлы жырымды.

Күн көзіне жазамын,

Қарай алмай, ұялып.

Шын сезіне жазамын,

Қолымды да сия ғып.

Аспанға да жазамын,

Бұлттан әріп кестелеп.

Тастарға да жазамын,

Ешқашан да өшпе деп.

Жүректерге жазамын,

Шын сезімді білсін деп.

Мен жазбасам ғазалым,

Өлеңде өмір кім сүрмек?!

Жаза берем сен жайлы

Мәңгі оқылар өлеңді.

Мен жазбасам болмайды,

Мендік жағдай сол енді...

Мен жазамын ұлы жыр,

Сенімдімін, әрине.

Сен мәңгіге тірі жүр,

Өлең болып фәниде.

Берсін десең сыр қылаң

Жырларыма үңілгін.

Ғашықтарға "дін" қылам,

Мен сен жайлы жырымды.

Таң

Мейірленіп жаратушы сүйгендей,

Нұр тарады, жыр тарады өлкеге.

Тау шыңдары елестейді, кигендей

Күннен ғажап сәукеле.



Күн-сәулесі "көрсетем", - деп ірілік

Қыдырыстап, шарлап кетті түкпірді.

Сырғасындай гүл мен шөпке ілініп

Көзі жаудыр, мөлдіреген шық тұрды.



Таңда оянар гүлдерменен таңдана

Табиғатқа қауыз ашты - сезім-гүл.

Таң-сұлудың гүл жұпары - таңғы ауа

Арлы-берлі өн-бойымды кезіп жүр.



Тәтті ұйқының жетегінде жүргеннің

Күн сәулесі денелерін тістепті.

Таңда туар боз тұманды бір көргін

Ұмыт қалған бұлт жаулығы іспетті.



Таң оянса, сәуле шашып, өң берген

Күн-Патша мен мейірімді жары - арай.

Хақ Тәңірдің бесігінде тербелген

Таң, мен үшін - күнәдан пәк баладай!..

01.08.18

Жаушы жаңбыр...

Жас көлкіткен бала-дайын тастанды,

Міне, бүгін көк аспаннан жас тамды.

Пәк сәбидей қаталдыққа тұншығып,

Қара жерде жас шыланған тас қалды...

Қыратты да, бұлақты да жас сүйді,

Шөп шалғын мен жапырақ та басты иді.

Қара бұлтпен бірге жырды селдеттік,

Қараша үйде таба алмадық басқа игі.

Жауа түскін, көктің нұры селдететіп,

Шаң қалмасын мынау жер мен елде түк.

Кір шалғанның бәрін жуып тасташы,

Бай далада болмасын еш кем-кетік.



Жаушы жаңбыр, жауа түсші, жау тағы,

Бір шайылсын жұмыр жердің сарсаңы...

Кенезесі кепкен мына даланың,

Тек өзіңмен мүмкін "мұңы" тарқауы!..

03.07.2018


***

Қою түнде жарық беріп туған Ай,

Керемет-ақ, түсінгенге түңгі арай...

Жүрек шіркін ой тербетті мөп-мөлдір,

Жыр жазамын пенделікті тыңдамай.



Түн ғой, ғажап, қыдырысқан жарқанат,

Тесілмейді көре алмастан әр қабақ.

Құлақты ұрар сілтідейін тыныштық,

Ойласаңыз тым шаршаңқы жаңға-бақ!


Жел толқытса, биші талдар тербелер,

Мың бұралып, бір-біріне дем берер.

Әрқайсысы өз еркісі өзінде,

Демейді олар: "қимылымды ел көрер"...

Тымық түнде тарылмайды тынысың,

Тыныш бақтың лебі тіптен жылы, шын.

Барлығы да тыныш қана қалғиды,

...Ал адамзат тым тынымсыз, кім үшін?

Кейде осылай ой кеземін таңда сан,

Керек болмай қоғам берген далбасам.

Кім сені ойлап, шын кеңесін береді,

Өз-өзіңнен ақыл сұрап алмасаң.

04.07.2018

Туған жер


Құланиектеніп таң атқаннан, қызыл шаңқа күн батқанға дейін,
Нұр-сәуле жебе боратқаннан, түн-сұлу көрпе жапқанға дейін,
Шалғын мен қырат, қолаттардан, әр үйде
жанған оттарға дейін,
Сен менің көз алдымдасың - Туған жер!


Мен сені көремін, көрем де одан сайын ғашық боламын.
Ессіздікке ене бір... сай-салаңды әуелетуге асыққан - әнім.
"Өзің" - деп, тек елім, жырымның пернесін басып қаламын.
Себебі, Құдайдың бізге тәтті сыйысың - Туған жер!


Құстар "Отаным" - десе, көмейден тұрады ағылып бір ән.
Айналам жата күндесе, қарғаңның қаңқылын сағынып тұрам.
Бұл күйді татамын неше... күледі-ау, "Туған жер" мәнін ұқпаған...
Себебі, бойымдағы ыстық қанның бастауысың - Туған жер!


Жалының күнменен тең десем, аспанға ұлыған жай ғана - от ем.
Айтайын сенбесең - сенен басқа жат көрінеді айнала бөтен.
Сағынып, кел десең, бір күні топырағыңа айнала кетем.
Себебі, мәңгілік махаббатым өзіңсің - Туған жер!


Ой-толғам


Ақ қанат көк бестімен сусыл қағып,

Іңірге ілінісіп түзге жорттым.

Төңірек бар көрікпен ұмсынды анық,

Шам болып шалқалады бізге өрт күн.

Ымырттың жайлауында қанат кере

Ызғытып ұшып бара жатқандаймын.

Бастағы өткен күндік сан әттеген

Күнменен бауыздалып батқандай бір.

Таласып байып батар жұмыртқа күн

Барады сәулесімен бұлақ қандап.

Мен қазір ұйқылы-ояу ымырттамын

Арманға ұмтылдым-ау, тұра аттандап!

Көзімді жүгіртемін мекиенге,

Бір күліп, бірде жылап мөлиеді.

...Болашақ алды - бақыт, шеті - иен бе?!.

Қақ жарып шауып барам Жер-иені!


***

Білмедім бұл хәлімнің мен себебін,
Сезімім бара жатыр өршеленіп.
Мен өзім түк көрмесем, көрмейінші,
Ал сені бар бақытты көрсе дедім.

Ие боп бұл әлемнің асылын бар,
Жаралмас бұл жалғанның ғасырында әр.
Құдай сені жаратса, ғажайып қып,
Ал мені айналдырған ғашық ұлға.

Сезімім ешнәрсемен өлшенбеді,
Періште "сұлу" десе ел, - мен сенбедім...
Пейіштің қырық қызын қоя берші,
Тек сенің нұр жүзіңді көрсем дедім.

Ғашық жанда өзгеше бар шығар мұң,
Сенсіз өткен адыра қалсын әр күн.
Бақытты болуыңды тілеп жүрген,
Бәлкім, мен де бақытты жан шығармын?..

Айтатұғын көңілден жырым шынды,
Сезімім саған қарай мың ұмсынды.
Өмірлік менің миссиям өмір сүру,
Һәм сені сүю сынды!?.

02.02.2020

Сурет ашық ғаламтор кеңістігінен алынды

Бөлісу:

Көп оқылғандар