Асылан Қуанышұлы. Қисық қабырға
Бөлісу:
Ким Ки Дук
Көктем:
О, бейкүнә махаббатым менің!
жезөкшелердің елесі кезген иесіз үйде
кері айналған сағатқа қарап ессіз күлеміз...
Жаз:
Ақырын өліп жатырмыз,
Кіршіксіз күнәдай баяу ұмытылып...
Маңдайына жарты ту қадаған будда мүсіні...
Өздігінен қозғала алмайтын балбал тастар...
теңіздің түпсіз тереңіне жұтылып...
Күз:
Қашанда нөлді көрсететін таразы
Барша арман-қиялымызды көтерсе де
нөлді көрсетеді...
Қыс:
Біз – жоқпыз...
Ауа ғанамыз...
Тағы да көктем:
Құдай салыстырып ойнасақ қайтеді, Гидок?
О, менің бейкүнә махаббатым!
Қисық Қабырға
Мола басқан сүркейлі далада
жер жүзіндегі ең соңғы адам отырар,
көкке шаншылған зәулім сарайға қарап.
Сағымды сарайға бастайтын жолдардың бәрінде –
құйрық тістескен қалың қабір.
Көкірегін тырнаған шер
көздерін,
құлақтарын,
мұрынын топырақпен тығындаған сүлделерге соғылып,
Әлдебір Суретшінің "Құдай" деп аталар автопортретіне соғылып,
қайтадан көкірегіне құйылар Оның.
Шашылған баба сүйектері мен
Киелі кітаптардың қиындылары
оңға да,
солға да,
алға да,
артқа да адымын аштырмас,
мүлт кетсе аранын ашардай Қасиет.
Күн көзін жасырған бұлт шұбалар
атасы аузынан тастамас,
ұзақ һәм аяқталмайтын ертегідей боп.
Ақыры...
ақырын тербейді қызыл жел
бүк түскен топырақ бетіндегі бесікті.
Ол байғұс тағы да ойлайды
көз ұшы мұнартқан Сарайды –
құлпытасына "Құдай" деп аталар автопортрет қашалған
әлдебір Суретші бейітін.
* * *
Кешегі түн есіңде ме, жаным,
Тау етегін қапырық қамаған түн?
Төбемізден жарғанат айнала ұшып,
аспанды жамбастап жатқан айды көрсетпеген...
Сол түні тау басына орнатылған мүсін
теңіздің арғы бетіне қол созып тұрған,
жүруді ұмытқан балаша.
Басымызға қонбасын деп мүсін алақанынан көтерілген шаң,
тығылып едік қой тастанды апанға.
Тастанды апанды кернеген үрейлі дауыс,
жоғалған қасқырдың азалы үні
тасқабырғаларды тарылтып тастаған,
қараңғылықты да қоюландырып.
Төбеден қара тамшы сорғалап,
табанымыздан көтеріле қара құрт жорғалап,
қара жарғанат құлағымыздың түбінен шыңғырған кезде
қарғап едік қой сол тау басына орнатылған мүсінді бірге,
есіңде ме, жаным?..
Енді осылай түсімізде ғана сырласамыз...
Оянғым келмейді менің!
Ажырағым келмейді құшағыңнан сенің,
Ажырағым келмейді құшағынан бақыттың...
Түсімде...
Отшашу
Мереке сайын
анама отшашу алып бер деп жылайтын күндерді қалай ұмытайын?
Түсімде көрген құмырсқаны бақытқа жорып,
Ертесіне илеуіне су толтырып ойнайтын балалық шағым да есімде.
Қанатын өрт шалған бейшара құстар айнала ұшып,
түнгі аспанды тіліп
жұлдыздай ағып түсетін.
Илеуін су басқан құмырсқа
босып бара жататын
белі үзілсе де, үміті үзілмей.
Сонда деймін
әлдекім отшашу шоғына алақанын жылытып,
Топыраққа сіңіп бара жатқан суға ерінін жібітіп
үлгеретін еді ғой…
Әлі де
мереке сайын отшашу атқым келеді,
құлап түскен жұлдыздарды көтермекке биік.
Әлі де
мереке сайын отшашу атқым келеді,
қараңғылықты жарып өтпекке
үй шатырының жанына қалған ұйып.
Бірақ тағы да
құстар тас төбемнен жұлдыздай ағып бара жатады
ұясынан жыраққа...
Алаң
Қаланы күңіренткен жалғыз қарға
шыршаны айнала жүгірген өзімді есіме салады...
әлдеқайда асығатын
немесе
асықпайтын...
Мұз құрсауынан қашқан өзен
еркіндікке ұмтылады тамшылап...
Балалар арбасында шырылдаған сәбидей...
Оны сүйреген анадай...
Қар бетіне жазылған есімім секілді
қоңыр көшеден баяу ағып барамын.
Өз қолыммен жасаған аққала
балбалға айналып кетердей...
қорқамын...
Төменге кезелген мұз сүңгілері
төбеме шаншылып қалардай...
Жол жиегінде жатқан бір үзім нан
Балалар арбасында шырылдаған сәбидей...
Қаланы күңіренткен жалғыз қарға секілді Отаным...
Шыршаны айнала жүгірген өзімді есіме салады...
Әлдеқайда асығатын...
немесе асықпайтын...
Бөлісу: