Ислам Қосжан. Төлеген туралы толғаныс
Бөлісу:
Қазақ поэзиясының аспанынан құйрықты жұлдыздай ағып өткен Алаштың айбоз ақыны Айбергеновтың кіршіксіз әлемі кім-кімді де табындырып, сағындырып келеді. Айбергенов әлемінен сіз тек тазарып, нұрланып, сағыныштың құшақ-құшақ гүліне оранып шығасыз. Жаныңызды қоярға жер таппай жүрген шағыңыз да Айбергенов әлеміне жол алсаңыз, кәусар өлеңімен жұбанып, сәуірдің жұпарлы жаңбырына шомылып, мамырдың аспанындай сілкініп шығарыңыз даусыз... Қазақ әдебиетінде ең көп арнау өлең жазылған ақын Төлеген Айбергенов деседі. Мәселе арнау өлеңдердің санында емес, сапасында. Сападан бұрын елдің ықыласы мен пейілінде. Ақынға деген бастықпаған құрметте. Сондай ыстық сәлемін арқалап Ислам Қосжан ақынның үшбу хаты келіп түскен еді. Төлеген туралы тебіреністі жырларын бірге оқылық.
«Әдебиет порталы»
I
Мен болсам кеттім ақын боп,
азырақ бақытсыздау боп.
Т. Айбергенов
Бүркенген бұлттар іркіліп,
Өтер ме екен толғанбай,
Айналып жүрді түртініп,
Үзілген жіптей жалғанбай.
Бір үміт және бір күдік,
Жауса бір екен сілкініп,
Шегініп, тағы ұмтылып,
Бұлттардай – өмір, жалған-ай,
Жауса бір тасып, селдетіп,
Кетпесе екен алдамай...
Қараңғы тұрды селк етіп,
Жарқ ете қалса найзағай.
Тұрғанда аспан жыр тілеп,
Құйындап өтті сілкілеп.
Басында болған бір тілек...
Қасымнан кетті жаңа өтіп,
Сәукеле киген сәндетіп,
Жаңбырдың бұлттар орманы,
Телегей жаңбыр әндетіп.
Мен тұрдым... жаңбыр дәніндей,
Ақжарма күйдей төгіліп,
«Отызда бұзған орданы...»
Төлеген-жырдан дәметіп!
II
Құлпытаста үш сөз тұр:
«Мұнда Суворов жатыр.»
Мұнда Айбергенов жүр
Алатын жердің көлемін,
Әлемді байтақ шарлаңдар.
Оқылар менің өлеңім –
Атпаған әлі таңдар бар!
Айтылмай қалған жырсың ба,
Жетектеп кеткен армандар?!.
Қалпыңда аппақ тұрсың ба,
Вокзалдар, ару ақ залдар?!
Қасқалдақ ұшып көлбеңдер,
Төсінде көлдің самғаңдар.
Зарығып жүріп көргендер,
Көз жасым болып тамғандар...
Күндізің алтын, түнің зер,
Шыңдар мен биік заңғарлар.
Биікте түспей жүріңдер,
Биікті тауып алғандар!
Қызғалдақ өңдес көркемдер,
Артымда менің қалғандар,
Теңізде аппақ желкендер,
Сағынышымды менің жалғаңдар.
III
Ол да күрең,
Қоп-қоңыр болғанымен,
Жүрегі – ақ, қоңырдай бержағымен...
... Бұлттар ұшып жүреді жерге түспей,
Тонна-тонна қорғасын салмағымен.
Қабақ түйіп, ренжіп шора желге,
Қисаяды бұлт барып доға белге.
Салмағымен тұрады биіктіктен,
Тамшылармен дән сеуіп қара жерге.
Күз келгелі...
Ағыстар қайнап аққан,
Сапарлары секілді тойдан қайтқан...
Алты қаздай қоштасқан Қособамен,
Қасқалдақтар ұшады... Мойнақ жақтан.
Жеті қабат – Жер, Аспан – жеті түстен,
Әр қабаты тұрады бекіністен!
Бұл дүние құралған төрт мезгілден,
Қуаныш пен бақыт, мұң, өкініштен.
Қысы, күздің... қариды алмас – демі,
Көктем, жазы болмаса қонбас емі!
Бір Төлеген кеткесін... арнасынан,
Сансызбай деп ат қойса болмас па еді?!.
IV
Жанарынан бұлттардың кілкіп ағып,
Азон исі гүлдейді бүршік жарып.
Жоғарыдан тұрғандай төмен қарай,
Орамалды су болған сілкіп алып.
Қақ жарады аспанды сызып ағы,
Жарық түскен сызықтай шыныдағы.
Найзағайдың жарқ еткен жарқылынан,
Ой-шұқырға түн сасып тығылады.
Қорғасындай бұлттардың ерігені,
Моншақтары жаңбырдың төгіледі.
Шатырлаған аспанда найзағай – от,
Жердің шеті – шегі де көрінеді.
Қара бұлттар қаз-қатар сөрелендің...
Нөсер несі...
Қоймасы көп өлеңнің?!
Табиғаттың өзінен аумай қалған,
Көшірмесі – жырлары Төлегеннің.
Қос өркештен бұлттардың аумағаны,
Нар түйенің шаңдақта аунағаны.
Төлегеннің тым асау өлеңдерін,
Өз тіліне табиғат аударады.
V
Кідіріп...
Өткен шаққа, ізге түссең,
Қалдырған сөз – мұраңдай, ән – ұрандай!
Жалғаны мыңда кетсең, жүзге жетсең,
Артыңда бір сөзіңді қалдыра алмай?!.
Өмірде, өмір сүру – жарық үшін,
Көңілде ұрпақ үшін жүргің келер...
Бір күнгі Төлегеннің сағынышын,
Санаңда жағу үшін мың жыл кетер.
Көз жасы болып аспан нөсер төкті,
Күз келіп... қаздар өтті қорым жақтан.
Жылдарды мойындамай Төкең өтті...
Өлеңмен өз ғасырын мойындатқан!
Өлеңмен күйіп-жанып өртенгендей,
Күйіпті сағыныштан – биік арман.
Жердегі биіктікті өлшем көрмей,
Аспанның төбесіне шығып алған.
Құс біткен Туған жер... деп қайтып ақыр,
«Бір тойын...» Төлегеннің тойлағандай.
Көктем де туған күнін айтып жатыр,
Аспанға салют атып найзағайлар!
VI
Жұмақстан...
Зу етіп ана тұстан, мына тұстан,
Басынан биіктердің қыран ұшқан.
Бұлдырап алыстан тау көрінеді,
Жиегін шашағының мұнар құшқан.
Осылай биіктердің барлығы да,
Жаралған нұр ағыстан.
Таң ататын...
Күн келіп түннің тарап қара шашын.
Біріне-бірі солай жарасатын...
Биікке биіктік тек таласатын,
Биікте туғандардың осалы жоқ,
Өзіне төмендерді қарататын.
Ірге қонбай...
Қасында бірге жүріп, бірге болмай,
Ұлыны қиын шығар танып, білу...
От болып...
Күлге айналып жерде жанбай,
Биікте қандай жақсы жанып тұру!
VII
... Ауылым менің,
Мүмкін бе жүру сағынбай?!
Өзіңді көрмей таппайды білем жаным жай.
Дауылда тұрмын,
Кеудемді тосып өтіне,
Екпіні күшті – сағыныш,
Төлегенге кеткен бағынбай!
Бесігім менің тербеткен,
Асығып келем,
Сағынышқа толы жүрекпен –
Қыл сымдары дір еткен.
Төлеген ақын тауса алмай кеткен сағыныш,
Ағыл да-тегіл жыр еткен.
Жарыса бәрі...
Алдымнан шықты көп інім,
... Бәрінен бұрын жетті кім?..
Кәмпиттер беріп жатырмын,
«Айналайындарым» –
деп бүгін.
... Айбергеновты өртеген,
Сағыныштан кеудем өрт менің!
VIII
Жеңешемнің әні
(А.Төлегенге еліктеп)
Сырнайлы әуен,
Төгілді үн,
Жүрекпен тапқан үйлесім.
Мен тұрмын тыңдап,
Көңілдің,
Ағытып тастап түймесін.
Кербездеу бастап сиқырлы ән,
Жүрекке қонған гүлістан!
Серпілтіп тастап ұйққыңнан,
Жаныңмен жақын ұғысқан.
Мәуелеп тұнық тараған,
Ән бе, ей, мынау,
Ғажайып?!
Төзім де менде жоғалған,
Ал, ғашық болсам...
Несі айып?!
Сан арман менде көктеді,
Мақтауға сияр не десең!
Жүректі билеп кеткені,
Ән еді салған жеңешем.
IХ
Мені ойлап...
(А.Төлегенге еліктеп)
Естілмей кетті таныс үн,
Деп жаным текке күсінбе?!
Беймезгіл кезіп бақ ішін,
Мені ойлап...
Жалғыз жүрсің бе?!
Көгілдір келбет көтемде,
Өмір – жыр, гүлі қырдың да.
Қос аққу көріп көк көлде,
Мені ойлап...
Жалғыз тұрдың ба?!
Бұлақтың аққан сылдыры,
Ұрланған сенің күлкің бе?!
Ойыңа ой сап қыр түні,
Мені ойлап...
Жалғыз жүрсің бе?!
Жазылып қалар санаңда,
Ойлаған деген – ұғыну.
Ойлану берген адамға,
Ойламау деген – ұмыту!
Х
...Орыстың туа салған бір бағына.
С. Есенинге (авторы белгісіз)
Естілсе,
Сырнайлы әуен сайран бақтан,
«Бір тойы...» Төлегеннің тойлап жатқан...
Ән болса,
Қанатына іліп алып,
Ұшады қасқалдақтар Мойнақ жақтан.
Есілсе,
Таныс әуен жасыл бақтан,
Талайдың жанарынан жас ұрлатқан...
Көктемде бұлақтарға елеңдейміз,
Сен бе деп арнасынан тасып жатқан.
Биіктен бастау алса мөлдір өзен,
Қопарған, құдіретті селді білем!..
Әлі де сенбей келем,
Сенбеймін мен,
Сөздерге Төлегенді өлді деген.
Жүректің қыл пернесін дірілдеткен,
Апыр-ай құдірет пе,
Үні неткен?!
Өлді деп қалай ғана айта алады,
Өлең боп ізі жатыр жүріп өткен?!
Дегендей сағына біл,
Сағына жүр,
Құйылған санаңа – нұр,
Жаныңа – жыр.
Өлеңнің Есенинде пайғабары,
Қазақтың туа салған бағыны бір!
Бөлісу: