Халықаралық Түркі академиясының ғылыми еңбектерін еркін оқуға мүмкіндік жасалды
Бөлісу:
Енді Халықаралық Түркі академиясы шығарған кітаптарды онлайн режимде еркін оқуға болады. Академияның ресми веб-сайтындағы «Кітаптар» http://twesco.org/kitap бөліміне жүзден астам еңбек ешқандай шектеусіз ашық оқуға орналастырылды. Алдағы уақытта қолжетімді кітаптардың қатары толықтырыла беретін болады.
Онлайн кітаптар қазақ, түрік, әзербайжан, ағылшын, қырғыз, орыс, моңғол, сонымен қатар өзге де бірнеше туыс халықтардың тілінде жарық көрген.
Кітаптар түркі дүниесінің тамырын тереңнен тартқан тарихын, мол әдеби мұрасын, тарихи-жазба ескерткіштер мен түркі тілдері бойынша зерттеулерді, түбі бір туыс елдердің этнографиясы, фольклоры мен салт-дәстүрі туралы еңбектерді қамтиды.
Бұл дүние жүзінде кітапханалар мен мәдени-ғылыми орындар уақытша жабылып, үйде оқшауланып отырған әр еліндегі танымал түркологтар мен осы салаға қызығушы мамандарға жаңа зерттеу еңбектермен кедергісіз танысуына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, веб-сайттың «Журналдар» бөлімінен Академия шығаратын ғылыми-танымдық «GLOBAL-Turk», «Алтаистика, түркология, моңғолистика» басылымдары мен апта сайын жарияланатын «Turkic Weekly» электрондық бюллетенінің барлық сандарымен танысуға мүмкіндік бар.
Айта кету керек, Халықаралық Түркі академиясы 2009 жылғы Нахчыван келісімі негізінде құрылған. 2010 жылы Нұр-Сұлтан қаласында салтанатты түрде жұмысын бастады. Түркі халықтарының ғылым мен білім саласын үйлестіретін ұйым 2014 жылы халықаралық мәртебе алды.
Биыл Тұңғыш президенттің тікелей бастамасымен құрылған халықаралық Түркі академиясына 10 жыл толатынын айта кеткен жөн.
Онлайн кітаптарды осы сілтеме арқылы оқи аласыз: http://twesco.org/kitap
Бөлісу: