Бақытгүл Баймолдақызы. Жылап аққан жылдарды көзімдегі...
Бөлісу:
Қазақ қыздары поэзиясында өзіндік орны бар ақын Бақытгүл Баймолдақызы (лақап есімі Гүл Зарқұмар) туралы өткен күнмен жазылар уақыт жеткеннен бері де бірнеше күн сырғып өте шыққан екен-ау.
Бір басымда тағдыр да бар, талқы бар,
Білетінім – жаным нұрға талпынар...
Мен – өлеңмін, жарып шыққан өз мұңын,
Өр биіктің құшағына зар, құмар, -
деп өмірін өлеңмен өрнектеп өткен ақынның шынайы мөлдір жырлары өз оқырмандарын тапты. Бірнеше томға жететін туындылар жазған Бақытгүл ақынның көзі тірісінде «Жүректегі жүзік» атты жалғыз кітабы жарық көрген екен.
Өз қолыммен жазымышты жазып ап,
Мекеніме қайтып кетем...тау атты, -
деп өзі жазғанындай, қамшының сабындай жазымышты өлшеулі ғұмырын сүріп, мәңгілік мекеніне аттанған ақынның соңында сағыныш пен мұңға толы өлмес жырлары қалды.
***
«Ақын болып не ұттың, - деп – ғұмырдан!»,
Әділетсіз қоғам түспес тұғырдан...
Аққа күйе жаға алатын тобырдың,
Көздері де соқыр екен соғұрлым...
Сөздері де жансыз, өлі, жоқ қаны,
Ту сыртымнан сол сөздерін оқтады...
«Сұңқарының қанаттары қырқылып,
Тұлпарының тұяқтары жыртылып...»
Қалсын деген қастарымның тілегін,
Кешіре алған менің абзал жүрегім!
Сен мендегі бақ-ырыстың өзісің,
Жарығы мол көкірегімнің көзісің!
Сен мендегі қасиеттің нұрысың,
Сол үшінде тарылмайды тынысым...
Күйкі тірлік қуғандардан емеспін,
Мен – түйсікпін, мен – сезіммін, мен – еспін!
Жалыққанда дүниенің сотынан,
Бақыт жайлы өлең жазып отырам...
***
Керейдің
Кербез қызымын,
Тектінің
Терме ізімін.
Алтайдың
Арғы бетінде,
Қалдырған
Қара үй үзігін...
Тауменен
Тамыр жалғаған,
Асып бір
Аққан арнадан.
Көк аспан
Көңіл көгінде,
Қағып бір
Қанат самғаған.
Тағдырын
Тастап асқардан,
Алтайдан
Арман басталған.
Сақтардың
Сазын тыңдаған,
Бағзылық
Бал-бал тастардан.
Жорғалап
Жорға мінетін,
Сырғасы
Сылқ-сылқ күлетін.
Керейдің
Кербез қызымын,
Бағасын
Бабын білетін.
Талайдың
Тасын құлатқан,
Жауының
Жасын шылатқан.
Табаны
Таңда шық басып,
Жанары
Жанған шырақтан.
Әні бар
Әуен, ырғақты,
Төсенген
Төре сырмақты.
Көңілі
Көктем, көзі нұр,
Анадан
Абақ жұрнақ-ты.
Арына
Адал қарайтын,
Баланы
Бақыт санайтын.
Жартыкеш
Жарық жалғанның,
Жыртығын
Жырмен жамайтын.
Көздері
Көктем көзіндей,
Сөздері
Сөнбес сезімдей.
Талайы
Тағдыр кешкен бір,
Болмысы
Болат төзімдей.
Керейдің
Кербез қызымын,
Тектінің
Терме ізімін.
Алтайдың
Арғы бетінде,
Қалдырған
Қара үй үзігін..
***
Бір басымда,
Тағдыр да бар, талқы бар,
Білетінім –
Жаным нұрға талпынар...
Мен – өлеңмін,
Жарып шыққан өз мұңын,
Өр биіктің,
Құшағына зар, құмар…
***
Өлеңмен бірге өткізер талай күн-айды,
Ақынның мұңы неліктен сұлу, шырайлы?!
Өртеніп-жанған, өкінген құса жүрегі,
Аңсарын іздеп аспанда жүрген сыңайлы.
Күтеді бәлкім, күткендей құстар көктемді,
Сағыныш екен аңсаудың бәрі өткенді.
Күміс сырғалы жастықтың нұрлы бейнесі,
Самырсын толы аралап жүрер бөктерді.
Қаншама арман түсіме еніп, қара үзді,
Шаштарым қара шашылып кеткен тәрізді.
Қасқайып тұрған Алтайым сенің бауырыңда,
Шайқалмай қалған дүниедегі асыл,бар ізгі.
Алтайын аңсап көңілім көкті шарлайды,
Сағыныш екен мендегі білдім,бар қайғы.
Аршасы аңқып түсіме енген туған ел,
Самалыңменен сипайсың келіп маңдайды...
***
Періштелер күмістелген қанатын,
Жарқыратып кере қағып ұшқанда.
Іздеп жүрген дүниенің жаннатын,
Сұлу екен құстан да...
Түсімде сол періштенің бірі кеп,
Іле кетті мені аспанға өзімен.
Жерде қалды қырық күндік қылует,
Жүрегімде көз ілген...
Ұшып барам ...Алтайыма, ол анық,
Періштенің түйсігіне сенгем-ді.
Асқар Алтай боз мұнарға оранып,
Ұсынады ерменді...
***
Жылап аққан жылдарды көзімдегі –
Сіңіріп ап қара жер жатыр үнсіз...
Барар едім туған жер бауырыңа,
Мына дүние болса егер шақырымсыз...
Жаяу жетер едім-ау, жақын болса,
Амалым жоқ, жол алыс, уақыт қысқа...
Ұшып кетті сен жаққа о, туған жер,
Тұрақ таппай айналып бақыт құс та...
Əттеңі көп жалған-ай, арман дүние,
Толтыратын құсаның құмырасын...
Оңашада отырып шаңқобыздың,
Күрсінген бір күйіне тығыласың...
Сағыныштың дертінен айыға алмай,
Мендей аңсай алды кім ел мен жұртын?!
Алтайымның ауасын жұтып тұрып,
Арылсам ғой, осы бір шерден шіркін...
***
Жасырынған мұң қалды ма жанымда?!
Қаламымнан тығылып...
Толып кетті інжу-маржан, лағылға,
Жүректегі шұғынық...
Дүниеден көрсем де көп қарсылық,
Жанымды тек жаралап...
Айта алмайтын сырларым да баршылық,
Ол өзіме аманат!
Махаббаттан көресінді көрдім ғой?!
Арман құштым, зар құштым...
Сүйіп тұрып сүйе алмайтын өрмін ғой!
Жанарымда қалды ұшқын...
***
Көздерімнің мұңына өбектеліп оралған жасым ба?!
Әлде, аспанды тіліп,тастарды үгіп өткен жасын ба?..
Көңілімнің шытына түйіліп жасырып қойған маржан ба?!
Әлде, жанымның жарық нұрынан жаралған аяулы арман ба.
***
Алтай мені,
Мен Алтайды жоқтадым,
Көкірегім от-жалын...
Мұң-құсаның,
Құдығынан шер жұттым,
Тарқата алмай,
Тағдырымның соқпағын...
Махаббатқа зар болып,
Мейірімге шөлдеген.
Мен – Ақынмын!
Балалығы өлмеген...
Қасиеті асып түскен Өлеңнің,
Өртіне де, дертіне де көнген ем...
Өлең екен –
Тағдырыма жауапты,
Таразылар,
Обал менен сауапты...
Өз қолыммен,
Жазымышты жазып ап,
Мекеніме,
Қайтып кетем...Тау атты...
Сол тауымда,
Ертегідей күн кешем,
Алтайыммен,
Тамырлас ем,тіндес ем...
Мен құсадан,
Жынданатын шығармын?!
Туған жердің,
Топырағына сіңбесем...
Бөлісу: