Осы бар ғой, әйел-аналар мерекесі деген сайын Жүсіпбек Аймауытовтың «Күнікейдің жазығындағы» Күнікей еске түседі. Жазушының образды бояуын қанықтырып, іші-сыртын жарқыратып аша алғандығынан шығар, Күнікейді өмірде болмаған дегенге сенбеймін, Күнікей болған, бар адам, оны танитын сияқтымыз.
Шіркін ай, дейсің! Бойында тартымдылығы, өнерге бейімі, еркіндікке ұмтылысы бар Күнікей бүгінгі заманда өмір сүрсе ғой!
Шәмшидің «қолұстатарында» жастардың ортасында отырып даусын әудем жерге асырып ән салған Күнікей, Құлтумадай ынжық кедейдің қызымын демей, кеудесін ешкімге бастырмаған еркін мінезді Күнікей, жайлауға көшкенде жорға мініп, қасындағы қыздың бас бермей айдалаға безген асау атын қайырып әкелген шалымды Күнікей, барының өзін үстіне үйлестіре қондырған талғамы мен өзіне ғана жарасар салтанаты бөлек Күнікей бүгінгі уақытта өмір сүрсе, сөз жоқ, теңдессіз актриса не әнші болар еді.
Қазақ әдебиетінде әйел тағдыры көп жазылғанымен, көбінесе оларды төзімділік пен ізгіліктің символы ретінде бейнелеу басым болды. Ал Күнікей – өз бағы үшін күрескен, бірақ жеңілген әйел. Шынында шығарма көпшілікке ауыр болуы мүмкін.
Әлем әдебиетіндегі өзімізге таныс болып қалған бейнелермен салыстырсақ, шет жұрттың әйелдері көбіне махаббат пен еркіндік үшін күрессе, Күнікей жай ғана әйел ретінде махаббатты өз жанынан сезінгісі келеді, қарапайым адамдық бақыты үшін күреседі. Әйтпесе Франциядағы провинциялық ортадан шыққан, қызылды-жасылды үлкен өмірге, махаббат пен әдемі тұрмысқа ұмтылған Эмма Боваримен, махаббат үшін күресіп, бақытты болуға тырысқанымен, бірақ айналасындағы адамдар, моральдық нормалар оған мүмкіндік бермеген Анна Каренинамен, кедей отбасынан шыққан, өз өмірін өзгертуге ұмтылғанымен, дәстүр мен әлеуметтік құрылымның әділетсіздігіне тап болған Тесс Дарбервилмен (Томас Гардидің шығармасы), өзінің шын мәніндегі еркіндігін іздеп, оны табу жолында көптеген қиындықтарға тап болатын Нора Хельмермен (Генрик Ибсеннің «Қуыршақ үйі») салыстырғанда, Күнікей әлдеқайда дәрменсіз.
Күнікей жоғарыда аталған кейіпкерлер сияқты бақытқа талпынғанымен, буржуазиялық немесе ақсүйектік ортада емес, қазақтың көшпелі ауылында өмір сүрді, тағдыры да сол дәстүрлі қоғамға байлаулы еді. Ескіліктің шырмауынан шыға алмады. Бір жағынан, тұрмыс тауқыметі, бір жағынан, қоғамдағы әйелге деген көзқарас оның жолын жапты. Бұл шығарма тек Күнікейдің ғана емес, сол дәуірдегі қаншама қазақ әйелінің тағдыры солай болған дегенді айтады.
Бір қарағанда Күнікей еркін сияқты көрінеді, бір қарағанда ескі қазақ ауылының да өзінше салтанаты бар сияқты болғанымен, оның бәрі әшейін сыртқы беті ғана. Ал шын мәнінде Жүсіпбек суреттеп отырған қазақ ауылы не деген жүдеу, не деген сүреңсіз еді! Тіпті ауылдағы «салтанатты» көрінген нәрселердің өзі – жұтаң тіршіліктің көз алдау үшін жасалған жалған ажары сияқты.
Сол заманның шындығын оқи отырып, қазақ ауылының құда келгенде жасанып қалар сыртқы жылтыр көрінісінің астарында қаншама жоқшылық, әділетсіздік жатқанын байқайсың. Күнікейдің еркіндігі де – шартты еркіндік. Ол өз тағдырын өзі шешкісі келгенімен, қоғам оған ондай мүмкіндік бермейді.
***
Осы шығарманы оншақты рет оқыған шығармыз ау. Әр оқыған сайын басқа сезім болады. Әр оқыған сайын мұң кеулейді.
Біздің әдебиетте таза натуралистік бағытта жазылған шығармалар аз, натурализм элементтері кездесетін шығармалар бар десек те (мысалы, «Қаралы сұлу», «Қорғансыздың күні», «Қалың мал»), бірегейі осы «Күнікейдің жазығы» дер едік. Жүсіпбектің ғаламаты – шығармаға бір мезгілде екі түрлі анық шеберлікпен келіп, әрі көркемдеп, қайсыбір тұрпайылықты юмормен жұмсартып әрі натуралистік тәсілді көбірек қолдана алатындығында. Бақылау мен дәлдік бар. Жүсіпбек суреттеген сол ауылдың, сол адамдардың психологиясының дәл сондай екендігіне біздің еш күмәніміз қалмайды. Жүсіпбек бізге өз көзқарасын таңып отырған жоқ, тек сол кездің бар шындығын салқынқанды, бейтарап күйде көрсетіп отыр. Бұны обьективтілік дейді. Натурализмнің басты сипаты – суреттеп отырған жайды, өмірді мүмкіндігінше қаз-қалпында, дәлме-дәл, қажет болса ғылыми дәлдікпен суреттеу ғой, бұл бағыт шынайылықты әсірелеусіз, ешқандай романтикалық немесе идеалистік өңдеусіз көрсетуді мақсат етеді. Жүсіпбек те тап осы повесте сол қоғамның көлеңкелі тұстарын – кедейлікті, азғындықты, тұрмыс ауыртпалығын, биологиялық қажеттіліктерді, психологиялық күйзелістерді со күйі дәл бейнелейді.
«Күнікейдің әкесі Құлтума-ды. Құлтума құл боп туды, ұл тумады. Құл туғанын сонан біл: Ордабайдың өмірі қойын бағып қолтаулады. Шешесі Күнікейдің Шекер еді, өзі де Шекер десе шекер еді, Құлтуманы «Шекердің байы» деуші еді, Шекерді «қатыны» деу бекер еді. Ақ жаулык, кылаң ұрған, кылаң Шекер, Етегі аяқ басса, бұлаң етер. Мықынын қысып қалсақ: – Ой қағынды! Қойшы! – деп еркеленер, бұраң етер», - деп, автор осылай қызына құда түскендерге соятын екі қойды табуды мемлекет құрғанмен бірдей зор шаруа көріп отырған Күнікейдің әкесі қандай, қызын елден қалмасын деп қолқасын суырып беруге бар, бірақ, көп шаруасын астыртын «жүріспен» шешіп жүрген шешесі кім, мұрнының астынан басқаны көрмейтін, әрідегіні ойлауға шамасы келіңкіремейтін ағасы қандай, осылардан тәрбие алған Күнікей қандай, осының бәрін ақ өлеңдетіп өріп-жазып отырып суретпен береді.
Жүсіпбектің адамды періште деп емес, биологиялық жаратылыс ретінде қарастыратыны да тартымды, жетелей береді. Және ондағы кейіпкерлердің іс-әрекеті олардың түйсіктеріне, физиологиялық қажеттіліктеріне, қоршаған ортаның ықпалына байланысты суреттеледі. Мысалы, Шекер мен Домбайдың арасы. Осы «байланыстың» арқасында Шекердің ауыл жайлауға көшкен кезде қатарынан кемшін қалмасын деп қызына тақымына жақсы ат әперуі...
Шығармадан келтірсек:
« – Е, Шеке, жақсы ма?
– Жақсы демей, жаман деймісің?
– Атың келісіпті ғой.
–Ой, құдай атқыр! Осынша жылқыдан бір тәуір мал қолыңа түспеді ме? – дегеннен-ақ Шекер мойнын былғаң өткізіп, көзін төңкеріп жіберді, іш білді, мұрт күлді... Ертеңгі көште Күнікей құйрық-жалы Шәмшидің шашындай төгілген жарау тобылғы торы биені алып келді. Көк байталдың жанында дүл-дүл тәрізді».
Қыстан құса болардай әрең шыққалы қызық аңсаған қалың жұртқа, әсіресе, ауылдың жастарына байдың қызына құда түскені, күйеу келгені де бір қызық.
«Қатындар Шәмшиді: «Қарағым, шырағымдап, өліп-өшіп сүйемелдеп, қолтықтап, күйеуінің қасына апарып шөгерді. Шәмши бет-аузын атлас матамен тұмшалап алыпты. Өзге қыз-келіншектер де жеткен жеріне жалп етті. Дүниеде болмаған зор оқиға қазір болатындай, бәрінің тағдыры осы шымылдық ішінде шешілетіндей, көздері күйеу, қалыңдықты ішіп-жеп анталауда. Күйеу соғымға соятын өгіздей, тымағын көзіне түсіре киіп құдиып, Шәмши де пірге қол тапсырғалы отырғандай, бүксиіп, сүлкиген»...
Осының бәрі: күйеудің иба сақтаған пошымы да, қалыңдықтың періштесініп отырған кейпі де, жалпы ретті-ретсіз болып жатқан көп жоралғының жасандылық екенін автор осылай жеткізеді.
Бір ауылда жалғыз ғана бай бар, қалғаны кедейлер (бәйбішенің көзін ала беріп шелек түбіндегі сүтті өз қазанына қотарғанды олжа көретін кедейдің әйелі үшін «онысын ешкім көріп қоймаса екен» деп жаның ашып отырғаныңды өзің де байқамайсың) бұнда материалдық кедейлік қана емес, жұпыны тіршілік, тұрмыс күйзелісі, моральдық азғындау бүкпесіз жазылады.
«Қалай да арсыздыққа адамнан өтер жан иесі жоқ қой. Ар да тозады екен: тұрмыс тоздырады екен. Шекердің ары да о жағына келгенде Құлтуманың қырық жылғы шалбарындай тозығы жетіп, үлдіреп, ыдырап, жамауға келмей кеткен ар еді» деп толғап кететіні бар емес пе Жүсіпбек жарықтықтың.
«Күнікейдің жазығы» шығармасындағы ауыл – қаймағы бұзылмаған қазақтың идеалданған бейнесі емес, тұрмыс тауқыметі жаншып, әділетсіздік жайлаған орта. Осы жерде ішімізде жүрген кей сұрақтарды шығара кетейік. Сол заманда қазақ қоғамында әркім ру-руымен отырды, сөйте тұра жазушының суреттеуінде сол ауылда қыздарды қолжаулық қылуға, өз қызықтарына пайдалануға әуес, нәпсіқұмарлыққа салынған жігіт-желең көп. Тіпті іргеден қол жүгіртеді, мазасын алады. Қыздардың бейсауат жүруі, далаға түзге жалғыз шығуы да қауіп. Мысалы, Бәден жеңгесінің өзі әуелде әуейі болған Мәжікенге қызды ыңғайлауы, қызықтан құр қалма деп қызды азғыруы, апақ-сапақта Күнікейдің Қасымға ұсталып қалуы... Шекер мен Тұяқтың арасы, Мұсатайдың Күнікейде арам ойы болуы... Жазушы жазып отырған сол кезеңнің шындығы осы ма? Сонда біздің ұлтты о бастан тәрбиелі де парасатты болған, қыздарын бетіне жел тигізбей аялаған деген түсінік қайда? Әлде тек кедейдің қыздарын басынған ба? Біздің ұғымда сол замандағы түгел руымен ауыл болып отырған қазақ қоғамында тәртіп пен ұят күштірек болып көрінетіні қайда? Әлде әлеуметтік теңсіздік, тұрмыс ауыртпалығы әйелге деген көзқарасты өзгертті ме?
Шығарма арқылы әсіресе, кедейдің қызы қорғансыз болғанын, байдың балалары не дәулеттілер өздерінің үстемдігін пайдаланып, әлсіздерге, соның ішінде әйелдерге күш көрсетуге дейін барғанын көреміз. Демек, қазақ қоғамында әйелді аялау тек сөз жүзінде ғана қалып, шынайы өмірде оны сақтап қалу қиынға соққан. Яғни «қызды аялау» ұғымы әрдайым болғанымен, бірақ оны сақтай алмаған (мораль шатқаяқтап кеткен) кезеңдер де аз болмаған ау. Аймауытов сондай бір өтпелі кезеңдердегі ауылдағы әлеуметтік-мәдени құлдырауды көрсеткен болуы мүмкін. Яғни, бұл – дәстүр бұзылған, рухани тоқырау кезеңіне енген қоғамның көрінісі. Осыны ойлағанда, қазақ мәдениетінің әрқашан мінсіз, үлгілі болғанын айту қиын болып қалады. Бірақ, оны да мойындау керек, өйткені тарихтың әр кезеңінде де өзгерістер, қайшылықтар болды ғой, оны тек бір дәуірдің ғана шындығы деуге бола ма, естіген бойда құлағың «қартайып», санаң шаршап қалатын неше түрлі жағдайлар, қасиетсіз оқиғалар бүгінгі күнде де бар, жетеді.
Міне, осы сүркей тіршіліктің ортасында, өз әуесімен алысқан адамдар ішінде жеңгесінің әр сөзіне аузын ашатын аңғал, дүниеге сеніп қарайтын аңқау, адал, махаббатқа құштар Күнікей ғана өзі бөлектеніп, жаңа тұрпатта, өзгеше болып көрінеді. Ол таза, мөлдір қалпымен өзін қоршаған ортадан әлдеқайда биік тұр...
Автор оны былайша суреттейді. «Күнікей түйені тіркеп, тақиясын түзеп киіп, оң жағына қарағанда Ордабай айналасының барлық шаңырағынан да үлкен, күлімдеген қызыл жақұт Күн көктің бір өңірін сары алтынға малып, екі түйенің арасынан абажадай болып адырдан суырылып келе жатыр екен... Күнікейдің жанына майдай жағып, дүние өзіне бола жаралғандай, алтын күн өзіне бола туғандай көрініп келеді. Күннің мұндай айбынды, сұлу екенін Күнікей бұрын көрсеші! Мына күн тап өзінің, өз үйінің күні тәрізді. Жып-жылы, жап-жарық!»
Жазушы жас қыздың жан-дүниесін осы бір ауыз теңеумен беріп тұр. Пах, шіркін ай! Дәл осы тұрысында бұл Күнікейдің күн астындағы Күнікейден қай жері кем?
Шығарманың көп бөлігін ауылдың жайлауға көшкендегі қызықтары, ауыл жастарының ойын-сауығы, Шәмшидің тойы үстіндегі көріністер алып отырады, ол заманда құда келу деген зор жаңалық болған: әйелдер ескі-құсқы көйлек-көншектерін тастап, ерлер шуаш сасыған шылғауын жаңасына ауыстырып, биттеген бастар керосин мен сынаптың көмегімен тазартылып, о бір жылғы жыртықтар жамалып, ауыл түгел әбігерге түседі. Өйткені ол заманда мұндай жиындар тек екі жастың басын қосу үшін емес, бүкіл ауылдың мерейін асырып, екі елдің ішкі байланысын нығайтатын әлеуметтік құбылыс еді. Бірақ «Күнікейдің жазығы» шығармасында бұл көрініс басқа қырынан, ішкі қайшылықтарымен берілген. Аймауытов тойдың сыртқы жылтырын ғана емес, оның астарында жатқан жұтаңдықты, қазақ ауылындағы кедейліктің сұрықсыз шындығын ашып көрсетеді. Қыз ұзату тойының алдында ғана ауыл адамдарының ескі-құсқы киімдерін жаңартып, бит басқан бастарын керосинмен тазалауы, шаш тараған кезде отқа түскен биттердің «құдаң құрсын, құдаң құрсын» деп ісініп жарылып кетуі ішек-сілеңді қатыратын эпизодтар болғанымен, түптеп келгенде, қазақ қоғамындағы «жауырды жаба тоқу», әлеуметтік теңсіздіктің ащы мысқылы іспеттес.
Ал бүгінгі күнге келсек, қазақтың тойшылдығы әлі сол. Біз тойды тұтасымен театрландырылған көрсетілімге айналдырып болдық, театрға ұқсатып тойхана саламыз да оған атпен, түйемен кіреміз, шамасы келсе жираф та мініп келер еді, той бәсеке, мақтану алаңына айналды, біздің бәріміз мақтау жарыстың жүлдегеріміз. Тойдан әлеуметтік статус қана емес, жалпы мазмұнымыз көрінетінін ескермейміз.
***
Егер Күнікей тап қазір өмір сүрсе, өзін депрессивті жағдайдамын деп есептеп психологқа барса, психолог оған «психологиялық күйзелістен, таусылмас тауқыметтен дертке шалдыққансыз» деген болар еді. Қалай болғанда да қисын.
«Білмесеңіз айтайын – Күнікей ғой бұ жатқан, Күзден жатқан Күнікей – жазға жетті ілініп: Күдері ғой, жан шіркін, үзілмейтін созылып. Көктем күні күледі, күліп еді – жер түледі. Түлегені емес пе ақ кебінін сыпырып, көк торғынға бөленді. Қызыл-жасыл, ақ-көкшіл бейне кілем түріндей, гүлдер гүл-гүл жанады, күлкілдеген гүл жапырақ, сағымданған күлім бел, терезеден көз салса, Күнікейдің көңіліне жазылмас жара салады»...
Күнікейдің ауруға шалдығуы мен үмітсіздікке түсуі – символикалық мән. Күнікей – жастық жігердің, тартымдылық, өмірсүйгіштіктің символы еді. Бірақ ол өз ортасында өркендей алмады. Уақытша ойнап-күлгісі келген еріккендерді маңайлатпай, өмір бойы кебіс тігіп жиғанынан қалыңмал төлеген момын Тұяқты менсінбей, ескіліктің қамытына мойынұсынбай тап сол күйеуі келген түні сүйгенімен қашып кеткен Күнікей теріс бата алғаннан қарғысқа ұшырады ма?
«Жалғыз әйнек жаман үй, төсеніші – жалаң ши. Жаман шидің төр жағы – ала сырмақ текемет, текеметте – Күнікей, жалғыз әйнек түбінде.
Адамзатқа не болды? Күнікейден безгендей, Күнікей мәңгі өлгендей, суық топырақ көмгендей, Айдарлымнан өзгесі шетінен түге ұмытып. Баласы қайда Күнікейдің, «апалап» бір уақ келетін? Жұбайы қайда Күнікейдің, қияметтік жолдасы? Күнікей бүйтіп жатқанда, жастық қойып басына, қолынан сусын беретін? Аулы қайда Күнікейдің келіп-кетіп жүретін?»
Күнікейдің дімкәс болуы – сол қоғамның дімкәстігі, заманның әйелдерге салған ауыртпалығының көрінісі. Күнікейдің Байманға деген сүйіспеншілігі – таза, шынайы сезім еді. Бірақ ол махаббатынан бақыт таппады. Байман – өзін ғана ойлайтын, арманшыл, бірақ жауапкершіліксіз адам. Аурусың деп Күнікейді тастап, жаңадан үйленбекші екен. Күнікей оған бүкіл тағдырын сеніп тапсырып, бүкіл жүрегін ұсынғанымен, ақырында алданып, жалғыздыққа тап болды. Бүгінгі күнмен салыстырсақ, осы уақытта да Күнікейлер бар ма? Жоқ дей алмайсың. Әділетсіздік басқа формада жалғасып жатыр.
***
Аймауытов суреттеп отырған ауыл жұпыны, сүреңсіз. Бұл тек ауыл емес, қоғам деген сөз. Ал жазушы неге олай қатал жазды? «Аймауытов совет заманының ықпалымен солай жазуға мәжбүр болды, ескі қоғамды осылай адам шошитын қылып көрсетпесе, жаңаның жақсылығын байқата алмайсың» деген жақауратпа бұл жерге жүрмейді. Өйткені Кеңес билігі әйел теңдігін насихаттағанымен, Аймауытовтың шығармасы кеңестік ұрандарға сай келмегенін білеміз. Жүсіпбек әйел мәселесін саясаттан тыс, нақты қазақ қоғамының ішкі қайшылықтары тұрғысынан қарастырды. Сондықтан бұл шығарма біраз уақыт жарыққа шықпай қапаста жатты, шыққан күнде де кеңестік әдебиеттануға алыстау, түсініксіздеу шығарма болып қала берер еді.
«Аһ, дариға! Күнікей сау боп жүрер ме еді! Қырдан тезек терер ме еді! Қырдан қия кезер ме еді! Шырқап әнге салар ма еді! Әнге салса, әл бітіп, қапқа қары талар ма еді!»...
Ия... бұл өкініш өткерген ғұмыр болды. Әйтпесе, Күнікей қыз ару деп аялауға, әйел деп әспеттеуге әбден лайық адам еді ғой, амал не...
Өз дәуірінің шындығын, әлеуметтік әділетсіздікті, дәстүр мен кедейліктің адам тағдырын қалай езгілейтінін барынша шынайы суреттеген, қазақ қоғамындағы моральдық тоқырау, әйелге деген екіжүзді көзқарас, кедейлердің қиын тағдырын жасырмай, бүкпесіз көрсеткен Аймауытовтай жазушымыз бар болғаны қандай жақсы.
Бұл шығарма тек бір дәуірдің немесе бір адамның ғана емес, тұтас қазақ қоғамының рухани-әлеуметтік келбетін көрсетеді, сол кезеңді, уақытты түсінуге мүмкіндік береді. Күнікейді ойласаң, осы уақытта өмір сүргеніміз де бір бақыт екен ғой дейсің...
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.