Иесіз өзім кестім кіндігімді,
Зорға аштым тар үңгірде түндігімді.
Шәкерім
І
Шыңғыстау - құзарыңды мұнар басқан,
Мен тұрмын бір құдіретке тоя алмастан.
Қолында қызыл сапты күрегі бар,
Көрімді нұсқап-нұсқап қояды аспан.
Ол дағы жазымыштың ісі мейлі,
Ұлдары аңырауық дала жақтың.
Үстінен қанша өтсем де осы көрдің,
Телміріп бүгінгідей қарамаппын.
Бұл да бір тарих қой арғы-бергі,
Сыздаған тән – сырқаты, жан – жүрегі.
Ішінде қабірімнің ырғатылып,
Шыңғыстау сонда бір сәт қалғып еді.
Ол шақта шіліңгірде Ай тоңатын,
Жүрегін отқа жанып жүрген ақын.
Бір күні баба тауын қазып алып,
Іштегі күмбірлетсін күй-дұғасын.
Бұл жерге содан бері күнде келем,
Оқимын Ай боп дұға, Күн боп өлең.
Өзіңе түптің түбі құлармын мен,
Баба тау секілденіп сыймай денем.
ІІ
Естілсе алыстан сай жаңғырығы,
Ол да бір кәрі көңіл қамырығы.
Өзіңде тастан тасқа секіргенмін,
Уыстап ұстай алмай тағдырымды.
Ақ сұңқар осы таудың құсы деймін,
Ол дағы ықылымның мысы мейлі.
Шыңғыстау, ар жағыңда біздің ауыл,
Ол жақта кезқұйрықтар кісінейді.
Ұмытып Ай сәулесін, Күннің демін,
Тәніңді тескілесе жердің құрты.
Бұл жақта бөрілермен бірге жортсаң,
Ол жақта мысықтармен бірге ұлисың.
Қайтейін,
Оның бәрін айта беріп,
«Қайт!» дедік,
«Ойлан!» дедік,
«Байқа!» дедік,
Түн жарым есігіңді қағады онда,
Кәдімгі адам тектес сайтан-өлік.
Мұншама жанымды кім құлыптаған,
Бұлқынған қанымды кім ұрыттаған.
Бұл жақта сен құлаған Құрқұдықты,
Ол жақта «суы бал» деп ұлықтаған.
Сен жайлы арзу айту қандай ауыр,
Ішіңе топан толы нала бүктеп.
Кіндігі кесілмеген қайран бауыр,
Өкінбе, туғаныңа далалық боп.
ІІІ
Шыңғыстау, ақ шымылдық ішіндегі,
Қаһарлы Құнанбай боп күрсінеді.
Қызылдың қанға құмар құмасындай,
Сазарып тұрып алды түн сілемі.
Алдымда аппақ парақ осқырынған,
Құс-қалам нені біліп түшкіріндің.
Мен енді саған бата жасай алман,
Туған Ай қияқтанған кешқұрымғы.
Жасымды күн ұрттаған, түн ұрттаған,
Білесің несібемді кім жұтқанын.
Қойныңда қойдай өрген тағылар көп,
Несіне мені ғана құрықтадың?!
Төгілген сазынан күй, ағынан от,
Қарт Шыңғыс, саған айтар базынам көп.
Мыңжылдар күттім сені күрмелумен,
Жазықсыз атқан оқтан жазылар деп.
Шыңғыстау, шығыстағы майлы інген,
Салқын бақ, саумал бұлақ, саялы іргең.
Тірімде қақ төбемде сен тұрған соң,
Күмбірлеп Көк Тәңірге қоямын мен.
Заманға сыймаған соң қоянбұлтақ,
Мен жүрмін, суымды ішіп, уымды ұрттап.
Бір сыйса, ақымыма сен сыяр деп,
Кеудеңді кебініммен қоям қымтап.
IV
Шыңғыстау, құдіретіңе тоя алмастан,
Күні-түн қан шапаққа боялды аспан.
Қолында қызыл сапты күрегі бар,
Көрімді нұсқап-нұсқап қояды аспан.
Мен сонда өзің болып тұншығамын,
Жанымның алыс қалып бір сілемі.
Қаһарлы Қара Оспан боп біздің Алтай,
Кей-кейде ту сыртымнан күрсінеді.
Тағдырға мін артпастан кеткен жандай,
Мысалы, қылыш үсті сөнген қандай?
Басына бақ та сыймас, сор да сыймас,
Бітімі тастан берік неткен маңдай?!
Басында ұзақ мүлгіп Құрқұдықтың,
Кеудеме келіп қонар нұрды күттім.
Төсіне қаралы бұлт қонақтаған,
Дауысын кім тыңдайды бұл ымырттың?
Алдыңда асқақ тұрып сөнбеу үшін,
Рухыңнан сомдадым мен көркем мүсін.
Қанымды сия қылып жаздым солай,
Өмірдің қарашаға келген тұсын.
Өмірдің қарашаға келген тұсы,
Аян боп бабалардың көрген түсі.
Отыз жыл Құрқұдықта қиқулаған,
Қажының қаршығадай мен бір құсы.
Мен сондай шерлі құспын, кекті құспын,
Шарлаған жердің астын, көктің үстін.
Шыңғыстау шыр айналып аспаныңды,
Көк пен жер кіндігі деп сені құштым.
V
Бүктетіп ана белге мына белді,
Алқынтып астындағы қаракерді.
Асылған шың басына алтын күндей,
Абызым ат ойнатып шыға келді.
Кеудеде күміс сақал жауған қардай,
Айнала жұмақ исі толған арай.
Мен тұрмын екі дүние ортасында,
Бұл ғұмыр бұрын-соңды болмағандай.
Бұл күйді бұрын-соңды кешпегендей,
Құлазып тұрмын жалғыз көшкен елдей.
Қарт таулар аруақтайын түрегеліп,
Жолыма тұрып алды көлденеңдей.
Бұл жолдар – Хақтың жолы, Ардың жолы,
Бұл жолдар – Иманигүл, Жардың жолы.
Төседім табаныңа жүрегімді,
Ақ жолдан адастырма, тағдыр мені.
Шыңғыстау қасіретін ішке бүгіп,
Төсінен төңкеріле көшеді бұлт.
Оранып сол Абыздың сақалына,
Шығыстан Күн келеді көтеріліп.
Аяқтап жалған дейтін бұл дүбірді,
Өкінбей көз іледі Күннің ұлы.
Ілінген қарауылға сол абыздай,
Тапсырдық иесіне бұл ғұмырды.
Шыңғыстау – екі өмірде саялы іргем,
Медет бер, саған қолым жаямын мен.
Тірімде қақ төбемде сен тұрған соң,
Күмбірлеп Көк Тәңірге қоямын мен…
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.