Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ЖАҢАЛЫҚТАР
«Абай оқулары» Мажарстанда өтті

Блогтар

29.01.2020
4314

«Абай оқулары» Мажарстанда өтті

Бүгін Мажарстанда  Қазақстан және Венгрияның зиялы қауым өкілдері мен кітапханашыларының қатысуымен «Абай оқулары» іс-шарасы өтті. Іс-шара аясында «Әлем таныған Абай» дөңгелек үстел және иллюстративті-кітап көрмесі, «Абай әлемі» атты фотокөрмелер ұйымдастырылды.

  

Іс-шараға ҚР Венгриядағы Төтенше және өкілетті елшісі Жәнібек Жарасқанұлы, түрколог-ғалым Дәуіт Шомфай Қара, қоғам қайраткері Айша Мандоки және бір топ зиялы қауым өкілдері қатысты.

 

Ал Қазақстандық делегация атынан  ақын, ҚР Жазушылар Одағының төрағасы, Ұлықбек Есдәулет, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кенжехан Матыжанов, жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тұрсын Жұртбай баяндама жасады.

 

Біз тарих, қоғам туралы ойланғанда арғы-бергі өткен ойшылдардың пікірлерінен аттап кете алмайтынымыз ақиқат.

 

«Ұят, ұят, ұят -  міне бүкіл адамзат тарихы осы» деген ащы сөзді Фридрих Ницше тегін айтпаған. Бұл сөзден барлық адамзат  баласы жасаған күллі күнәлардың баршасы қараңғыдағы шоқтай  болып, көздері қызара жылтырап, қарап тұрғандай сезіледі.

 

«Білімнен асар қазына жоқ, ақымақтан асар жауың жоқ, білімнен биік бедел жоқ, ұяттан артық әшекей жоқ» деген сөзді  Сократ айтқан деседі.

 

Ал Абай 36-қара сөзінде ұят туралы айтып келіп: «Ұят кімде болса - иман сонда» деген...

 

Абай өз еңбектерінде ар мен ұят категорияларын қамшының өріміндей қатар қарастырған. Оның «Пайда ойлама, ар ойла» деуінің астарында терең мән жатыр.Мұнда қазақтың: «жарлы болма, арлы бол» дейтін тұжырымымен де үндестік бар, – деді Ұлықбек Есдәулет.

 

Абай – тек қана қалың қазақтың ғана емес, исі көшпелілер әлемінің қадым заманның бергі тектік мәйегінің, ақыл-ойының, парсат-пайымының, діл мен дін танымының, елдік пен ерлік рухының, барлық болмыс-бітімінің жинақталып келіп сүзіліп шыққан Даналық мәйегі. Біз Абайды дүниеге келтіру арқылы адамзаттың ақыл-ой, парасат бәсекесіндегі сынақтан өттік.

 

Сондықтан да, біздің рухымыз – Абаймен асқақ. Біздің ар-ожданымыздың өлшемі – Абай. Демек, біздің ұлттық рухани сеніміміздің тұтқасы да Абай.

 

Абай – адамның ақыл-ой жүйесіндегі мәңгілік құбылыс. Ұлы ақынның қатпарлы қырлары, қайырымы, ішкі иірімі мол. Ол – кеше де, бүгін де, ертең де сол сом тұлғасымен асқақ, терең қалпында, ой-теңіздей болып шайқалып қала береді.   ЮНЕСКО-ның Бас директоры Федерико Майордың өзі Абайды: “Заманалар есімін өшіре алмайтын дана”, «Ақыл-ойдың әулиесі», Шыңғыс Айтматовтың: “Абай – ақыл – ойдың сәулесі”, – деп айтуы соның дәлелі. Бұл екі адам да кім туралы және қалай айтуды білетін, сөзіне жауап беретін тұлғалар, – деді Тұрсын Жұртбай.

 

Әлем тарихында адамзаттың дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалар аз емес. Адамдар сол тұлға арқылы оның ата мекенін, туған халқын, тілін таниды. Оның өмір жолымен, шығармашылығымен танысқан әр жаңа ұрпақ өзін мазалаған сан сұраққа жауап тауып, жаны жайланады.  Адамзат үшін Абай – сондай санаулы тұлғалардың бірі.

 

Шынында да, Абай – қазақтың ғана емес, адамзаттың ақыны. Ұлы ойшылдың шығармашылық мұрасы, теңдессіз дана ойлары мен шығармалары бүкіләлемдік қазынаға қосылған алтын қор екені талассыз. Қазақтың Абайы, түп тарихы бір осында тұрып жатқан барша Венгрия халқына алыс емес деп ойлаймын.

 

Сәтін салса, Абай мұраларын насихаттау жұмысы ертең Словакия елінде жалғасатын болады,  – деді педагогика ғылымдарының докторы, профессор Үмітхан Мұңалбаева.

 

Алдағы уақытта  «Абай оқулары» іс-шарасы Словакия және Германия елдерінде жалғасатын болады.


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: