Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ӨЗ ОЙЫМ
Момындық туралы

Блогтар

09.11.2024
1467

Момындық туралы

Момындық туралы

Момындық туралы

(Ұрпақ есіне)

Бұл жарық дүниеде жетістіктерден гөрі кемістіктер көп, рахатынан гөрі бейнеті көп, қуанышынан гөрі мұңы көп... Сондықтан болар, бар діндерде өмірді сын жолы деп атаған. Ал, сынақ төзімді қажет етеді. Сондықтан, сынақ жолын жеңілдету үшін, адам өз рухын қара ниеттің қара тасымен ұрмай, керісінше, ақ ниеттің нұрымен жеңілдете білуі керек. Бұл оңай іс емес, өйткені сен қашанда болса өзіңді қоршаған қауымның (жақыны болсын, алысы болсын, ақылдысы болсын, ақымағы болсын) қөңіліне қарайласып, олардың қайшылығына кешіріммен қарап, "жақсының жақсылығын айт - нұры тасысын" деген  баба сөзіне жығылып қаһармандық жолын ұстана білуің керек. Ал, ол жеңіл жол емес. Өйткені, сен бұл жолда болмыс, тіршілік жағдайында (дәулет, даңқ, атақ, т.б.) ұтудан гөрі ұтылысқа ұшырап отырасың. Бірақ, сол тән нұсқасынан қаншама ұтылып жүргеніңді сезіп жүрсеңде, рухани жағынан қаншама ұтып, жетіліп жатқаныңды көбінесе сезе білмейсің. Осыған да ұлы сабырлықпен қарап, "жаяудың шаңы шықпайды, жалғыздың аты шықпайды" - ның кебін киюге тура келеді. Әрине, адам пенде болғасын мақтағанға жақын тұрып марапат пен атаққа, сый-құрметке іші елжірей қарайды. Сол дертке тежеусіз ұшыраған ақымақ есерлер "атыңды шығарғың келсе жер өрте" дегендей, ел дәстүріне жат дөрекі әрекеттерге барады: ақылдың күшімен емес, білектің күшімен өзін танытқысы келеді (қылмыстық топтар), дауды әділдігімен емес дәулетімен басамын дейді (олигархтар), халықаралық мәселелерді ақыл шақырып тоғысумен емес, ашу шақырып соғысумен шешемін дейді (мемлекет басшылары).
Міне, жалғанда тарыдай шашылған мінез бен көзқарастардың арасынан рухани тазасын сабырлықпен таңдап ала білген адамды қазақ момын деген.
Біздің атеисттік заманымызда момын деген атауды жуас, былжыр, өз намысын қорғай алмайтын адам деп түсінетін. Ол қате түсінік. Момын деген сөздің этимологиясы арабтың мүһмин деген сөзінде жатыр. Яғни, шынайы, нақты сенетін адам. Мұсылман мен мүһминнің айырмашылығы зор. Мүһмин Аллаға жүрегімен шын сенетін адам. Ал, мұсылманның бәрі мүһмин емес, исламның бес парызын орындап, тіпті қажылыққа барып келгендердің істерінен де рухани екіжүзділік орын алып жатады. Коньякқа тойып алып қолын жайып дастарханға бата жасаған ағаларды көзіміз көрді. Тіпті, мүләйімсіп, рюмкаларды жинап ал, обал болады дегендері де болды ғой! Бірде үйімде ашуланып, рюмкаларды келіндерің жинап алар, ал, ана арақ ішкен ауыздарыңды кім жинап алады? - дегенім бар еді. Ол ағаларымды мұсылман десем де, момындар деп айта алмаймын. Ал, бір атамыз 50-і жылдары Севкрайдан елге, Керекуге оралып келіп, ата-анама құрбандық шалып дұға оқиын деп базардан бір қой сатып алып, ол қой жүрмей, әлекке түсіп, шілденің ыстығында терге шомып, келгесін әлгі қойды шарбаққа қамап жатып, "өй, иттің малы! өй, шошқа!" - деп тілдеп жатқанын көрген көрші татардың "әй, бекер тілдедің, енді ол харам, оны шалуға болмайды!" - деген сөзіне сеніп, жаңағы қойды базарға апарып тапсырып басқа қой сатып алып, ол "халал" қой да асау, жүрмейді, не керек, онымен де алысып әзер дегенде шарбаққа қамап, одырайып тұрған қойға қарап айтқан екен: "Әй, сен де оңып тұрған жоқсың! Ұқсап-ақ тұрсың, бірақ айтпайм! айтпайм! - деп аспанға қарап өзінің сенімін ақтағандай күй кешеді. Міне мүһмін адамның момындығын, сенімін дәлелдейтін оқиға. Бұл аңкаулық емес - сенушілік, тәрбиемен тағаланған сенімшілдік мінез.
Ал, енді атақ, даңқ деген өркөкірек мінездер мен момындықтың ара-қатынасы туралы. Қазақ бір атым насыбайға ренжитін, бір шапан үшін араздасып кететін көңілшек халық деген сөз бар ғой. Тіпті зиялы деген ақын-жазушыларының өзі бір лауреаттық силық, орден үшін бір-бірімен жауласып кеткендерін көріп жатырмыз. Айта кетерлік, өз басым ондайдан аулақпын, өйткені, 5-класта жүргенде Тавардовскийдің
"Нет, ребята, я не гордый,
Не загадывая вдаль,
Так скажу, зачем мне орден?
Я согласен на медаль! ..."
деген жолдарын жатқа айтып жүріп, өзіме  атақ, даңқ дегендерге жайбарақат қарайтын мінез қалыптастырғам. Милиция майоры атағымен отставкаға шығып бара жатқанымда, генералдың «Присвоить звание подполковника милиции сверх потолка» деген бұйрығының шетіне: «Спасибо! Никогда ничего «сверх» не брал, уйду в звании майора» деп жазған Бұйрықтың көшірмесі бүгіндер қандай да болмасын атақтардан артық деп есептеймін. Батыр барлаушылар туралы көптеген кітаптар оқып, олар Отан үшін қандай жанкешті ерліктер жасап, оларды халық мақтағаны түгілі, өздері де ешкімге, тіпті туыстарына да ерліктері туралы аузын ашып айтпағандарына ризашылықпен таң қалатынмын. Тіпті оларға Батыр атағын да құпиялы бұйрықтармен берген. Өз анттарына қандай сенімділік, қандай қарапайымдылық, қандай момындық!
Ал, солармен салыстырғанда: "менің атыммен қала, көше аталынсын!", "маған мынадай атақ берілсін!", "маған мынадай орден, сыйлық берілсін!" деп қызыл кеңірдек болып жүргендер кім? Біреудің жақсы ісін көре алмай, тырнақ астынан кір іздеп, соңынан шам алып түсіп жататындар кімдер? Біреулердің таудай еңбегін елемей, шынашақтай кемшілігін талқылаудан шаршамайтындар кімдер?

Шығармашылықпен айналысып жүргесін ақын-жазушы қауымның «презентация» деген іс-шарасымен таныстым. Аты әсемдеу естілсе де ол өзін өзі мақтау екен. Жазған кітабын бір топтың алдына алып шығып, соған жиналғандар авторды мақтайды екен. Неге керек? Ол «айдағаны бес ешкі, ысқырғаны жер жарады» деп бабалар айтқандай болып шықса ше? Өз басым қандай да болсын кітапты авторына қарамай оқимын. Оқып біткен соң, ұнаса, мына жақсы дүниені кім жазды екен деп автордың өмірбаянымен танысып оның өзін машақаттаймын. Шығармашылық – рухани дән. Қалай өседі – солай бағаланады, жәнете оның жемісі автордың меншігінен шығып бүтіл ұлттың құндылығына айналады. Момын өнер иесі ешқандай у-шу, даңғазасыз осыған іштей қуанады, мақтанады, өзін өзі көтереді, ал, бұл сезім өз кезегінде шабыт өріне жетелей береді. Қарапайымдылық момынның адал серіктесі, жәнете ол ешқашан біреудің құқығына, біреудің абыройына қол сұғудан сақтайды.

Сондықтан, бөтеннің бөркіне жабысқанды қою керек. Сын айтатын қышымаң бар екен - өзіңе үңіл. Сонда өмір жолында өз басыңда қандай кемшіліктер болғанын мойындап, рухыңды тағы бір тазалап аласың. Өзіңе сыншыл бол да, өзгенің жақсылығын жарқырататын шыншыл бол.
Жақсылыққа, адамгершіліктің қасиетіне сенетін момын бол!

МаНұр

Астана
09.11 2024.

 


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: