Блогтар
Абайдың хакім аталуына не әсер етті?
Биылғы жыл басқа жылдан өзгеше. Бұған себеп- ұлы ақын- Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы. Халық бір адамды есінде 175 жыл бостан-босқа сақтайды ма? Жоқ. Демек, бұл- Абайдың екі ғасырда бір туатын ұлы тұлға екендігін растайды. Осындай ғұлама арамызда дүниеге келген қазақтың жолы болғыш десем, артық болмас.
Алайда, Абайдың «хакім» аталуына тек сәттілік себепкер болды ма? Әрине, жоқ. Бұл мақаламда мен өз ойымша Абайдың ұлылығына әсер еткен факторларды тізіп шығып, талдамақпын.
Қазақ халқының әдеби мұралары ақынға алпауыт ықпал тигізген. Абайдың әжесі- Зере үшін немересінің рухани тұрғыдан бай болуы маңызды болған. Сондықтан әжесі Абайға түрлі ертегі, қисса, аңыздар айтып беретіні бала ойын шарықтатып, қиялына қанат бітіруіне үлкен қолдау жасағаны бәрімізге мәлім. Осының арқасында Абай ізденімпаз, білімдар болып өсті.
Құнанбай өз баласы- Абайға кішкентайынан үлкен үміт артып, әкелік тәрбиесін берген еді. Бала кезінен молдалардан, медреселерден оқытып, Құнанбай ұлына болашаққа жол ашты. 15 жасынан ел басқару ісіне баулыды. Әкесінің қаталдығын есепке алсақ, бұл әрекеттердің бәрі тегін еместігі анықталады. Мысал алып қарастыратын болсақ, Құнанбайдың Абайға бетіне басып 3 мінін айтқаны есіме түседі. Әке балаға мінін жаман болсын деп айтпайды. Баласы өз қателіктерін көріп, олардан құтылуына арнап Құнанбайдың жасаған әрекеті ғой.
Ибраһимның дамуына оның достары да көмектесті. Әсіресе Евгений Петрович Михаэлис пен Абайдың достығы көп адамдарға үлгі болды. Достық екі жаққа да пайдалы болды: Абай Михаэлиске қазақ мәдениетін көрсетсе, Михаэлис Абайды шетелдік мәдениетпен таныстырып, оның көзқарасын кеңейтті. Сондай-ақ екеуі бір-бірімен пікірталасқа жақсы сұхбаттас, бір-біріне арқау, сүйеніш бола білді.
Абайдың аты жер жаруына Абайдың өзі де мықты әрекет жасаған. Қысқаша айтсам, бұл жерде оның талпынысы ең маңызды рөлді сомдады. Неге? Абайдың заманында қазақ даласында екі түрлі қоғам шайнасы болған еді. Біреуі- соғыс бетін көрген, көшпелі, киіз үйлерді пана еткен қоғам, екіншісі- біріншіге тура қайшылас келетін қоғам. Ал Абай болса осы екі қоғамды байлаушы торап болған. Екі қоғамды бір-біріне өріп, тепе-теңдікті орнатқан да осы Абайтұғын. Абайдың өз елімді жақсартам деген ниеті көкке жетеледі.
Түйіндей кетсем.
«Хакім халықтың бір толғанысында ұлы азаматтарды әкеледі. Сондай азаматтардың бірі- Абай»- деп абайтанушы ғалым Ғарифолла Есім айтпақшы, текті елден тексіз ұл шықпас. Ұлы Абайдың қазақтан сіміргені де, қазаққа сіңіргені де аз емес. Қазақ халқынан Абайдай текті шықса, қалғанымыз да артта қалмаспыз. Бұл жерде бастысы- ынта. Сол естен шықпауы тиіс.
Мақала авторы: Мысырова Ақзере
2020 жыл
Қолданылған материалдар:
- https://abaialemi.kz/kz ;
- «АБАЙ» деректі драмасы;
- Абайтанушылардың жеке сұхбаттары;
- Әрхам Кәкітайұлының естеліктері.