Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ПРОЗА
Әдемі қыздың тағдыры

Блогтар

01.12.2017
14605

Әдемі қыздың тағдыры

Әдемі қыздың тағдыры

Мұхтар Анарбек

 

Әдемі қыздың тағдыры

повесть

Тау бөктеріндегі қаланың ұзатылар қыздай жасыл желек тағынып, жасанып тұрған шағы. Алатау бауырына бүйірлей енген Қазақ мемлекеттік университетінің қалашығына әлдекім лебі танау тұшындырар жұпар сеуіп кеткендей. Сырғалары тізіле шашу шашуға асыққан ағаштар ауылдағы жайдары жеңгелердей әрбір абитуриентті күлімдей қарсы алатын секілді. Қанша дегенмен жаздың аты жаз гой, шекеден шақырайған күннің семсер жүзіндей өткір сәулесі ағаштың алақандай жапырақтарынан өңмеңдей өтіп, қауға басыңа сұғын қадап тұрғаны.

  • Жүр, корпустың ішіне кірелік, ыстық- деді Мартбек үстіндегі жеңі шолақ көйлегін желпініп. Шынында, қарқаралылық батырыңның терлегені сонша, қос жауырыны күректей болып көрініп тұр. Қанша айтқанмен, жазы салқын, қысы ұзақ Арқаның жігіті ғой, келгелі бері Алматының бет шарпитын ыстығына шыдай алар емес. «Оңтүстіктің аты оңтүстік-ау, мына ыстықты шыбын шаққан құрлы көрмейсіңдер...»- деп мені кейде қалжыңмен қағытып  қоятыны бар.

Егіз қозыдай аяңдап сіріңке қорабы іспеттес қонжиған оқу корпусының  астындағы ашық алаңқайға тұмсық тіредік. Өткенде екеуміз журналистика факультетіне құжаттарымызды бірге тапсырған болатынбыз. Бүгін декан абитуриенттермен әңгіме өткізбек көрінеді. Содан кешігіп қалмайық деп бір сағат ертерек келіп  тұрған бетіміз.

  • Осыдан оқуға түсіп кетсем, бірде-бір сабақтан қалмаспын, - деп Мартбек  желпініп тұр. Жалпы, абитуриенттердің барлығы дерлік қиялшыл келеді емес пе. Шынын айтқанда, ондай ой менде де жоқ емес. Бірақ, сонда да болса, өзім білермендікке салынып:
  • Университетте сабақ демейді екен, ол мектепте ғой. Мұнда лекция дейді. Себепсізден себепсіз үш лекциядан қалсаң, «автоматический» оқудан шығарып жібереді, - деймін білгішсініп. Мартбек біртүрлі қорқып кеткендей болып, басын шайқап-шайқап қойды. 
  • Лекциялары орысша жүретін шығар, ә?
  • Әрине, бәрі орысша жүреді. Немене, орысшаң жоқ па еді? – Менің бұл сауалыма Мартбек кішкене ойланып барып:
  • Неге, нан сұрап жейтін орысшамыз бар, - деді, - үйренеміз ғой!...

Әудем жердегі төбесі қалқиған аялдамаға өкпесі солқылдаған сары дүмбез автобус бауыры жер сыза келіп аялдады. Сығылысқан адамдардан сықырлап зорға  ашылған бүктеме есіктен бір топ қыз әзер түсіп, желпіне бастады. Соған қарамастан өздері көңілді, табандары жерге тиісімен өзара күлдіргі әңгіме айтып келе жатқандары жиі-жиі ағараңдаған маржан тістерінен байқалады. Жеңіл-желпі жаздық көйлектерінен ойнақшыған құлын мүсіндері олардың өзіміз секілді кеше ғана мектеп қабырғасынан шыққандықтарын аңғартып тұр. 

Менің қыздарға аңқия қарап қалғанымды байқаған Мартбек:

  • Е-е, орыс группасының  қыздары ғой, - деді жайбарақат  қана.
  • Оны қайдан  білдің?
  • Әнеугүні документтерімізді бірге тапсырғанбыз. Жеңілтек киімдері майда самалмен тербелген қыздар бізге жақындай бастады. Мартбек екеуіміз де сынық тарағымызбен ұзындығы бір еліден аспайтын шашымызды  қайта - қайта тарап, олпы-солпы қыры сынбаған жап-жаңа шалбарымызды бір-бір ышқырланып қойдық.

Көктемгі алау гүлдердей алаулаған қыздардың топ ортасында келе жатқан аққұба өңді бойжеткен ерекше назарымды аударды. Өзін еркін ұстауы, құлын мүсінін көрсете өңірі дөңгелене қиылған, етегі тізеден асар - аспас көйлек киюі оның қалалық екенін аңғартып тұрғандай. Ұқыпты өрген шашы беліне түсіп, ол басын бұрған сайын оң мен солға желпініп қояды. Ойыма анамның шашы ұзын қыздарды жақсы көретіндігі, көршіміз Тәтіштің шашы ұзын, алма бет сары қызын мақтап отыратындығы оралды. Топ ортасындағы қыздың жиі-жиі сөйлеген сөзін айналасындағы құрбылары сыңғырлаған күміс күлкілерімен қостап қояды. Күлген кезде әлгі қыздың моншақтай қара көздері жұмылып кетеді екен. Екі бетінің ұшына су иіріміндей қос ойық қонақтай қалады. Өзіне жарасымды-ақ, қыз көркін аша түсетіндей. Жанымызға таяп келмесе де, өзінен аққуға тән үлпілдек, жеңіл  леп сезілетіндей.

Мен тым-тырыс тұрып қалдым. Қыздар біздің тұсымыздан өте бастағанда Мартбек дауыстап:

  • Здраствуйте, девушки – деді. Сөйтсем, қыздар сұңғақ бойлы, ашаң жүзді жолдасымды танитын болып шықты. Бәрі жамырай келіп, Арқаның  жігітімен амандасып жатты. Мынау қайдан келген «торалаш, колхозбай» дегенді көздерінен айтпай ұқсам да, онысын білдіргілері келмегендей менімен де жылы амандасқан болысты.

Тек ұзын шашты қыз ғана, мүмкін мінезінің ашықтығы болар, Мартбекпен амандасқан ықыласынан айнымай, менімен де солай сәлемдесті. Аппақ та, мамықтай жұмсақ саусақтарының лебі көпке дейін алақанымды қыздырып тұрғандай болды. Енді аңғардым, сөйлегенде екі бетінің ұшы қызылданып тұратындығы, шиедей топ-томпақ еріндері оны басқа құрбыластарынан да ажарландыра түскендей. Талдырмаш қана бойы тау арасында үркектей ойнақтап жүретін еліктің жаңа туған лағын елестетеді. Орысша ағып тұр. Тәтті қалжыңмен қағытқанда, жартылай түсініп, жартылай түсінбесек те, ыржалаңдап күліп қоямыз. Бұлар да деканатта өтуге тиіс әңгімелесуге келеді екен. Өкінішке қарай, олармен әңгімелесуді деканның орынбасары, ал бізбен деканның өзі өткізетін көрінеді. Өз басым аққұба қыздан еріксіз ажырап қалатынымды ойлағанда, ішім удай ашып сала берді.

Көп ұзамай басталған әңгімелесуде көңіл шіркін ат шаптырым аудиторияны тастай қашып, әлгі қызды іздеумен болды. Ойыма Меңдекеш ақынның:

        Қарайды-ау қыздар

Қарақат көзін төңкеріп.  

        Жанарды ғажап,

        Байлайды сиқыр еркелік.

Мұндайда тіпті

        Құрып-ақ кеткің келеді –ау

        Қыз-дүниенің

Ыстық деміне өртеніп! – деген өлең жолдары өз-өзінен көңіл түкпірінен құйылып қоя берді.

  Сырттай танығаны болмаса, Мартбек те ол туралы жартымды ештеңе білмейтін болып шықты. Тіпті есімін де атай алмады. Мұны естігенде менің тіпті мазам қашып, астымнан су шыққандай беймаза күй кештім. Орыс тобының абитуриенттерінен сұрастырғанымнан да нәтиже шықпады. Сонымен, теңізден жалт етіп көрініп, жоқ болған ақ шабақтай менің әдемі қызым ұшты-күйлі жоғалды.

 Емтихандарды мен де, Мартбек те жақсы тапсырып, журналистика факультетінің студенті атандық.

 

  •  

 

Студенттік өмірдің алғашқы күні ауыл-шаруашылық жұмысымен басталды. Бірінші курстың студенттері болғандықтан, бізді қаз балапандарындай шұбыртып, қала іргесіндегі Талғар ауданына қарасты «Бірлік» ауылына помидор жинауға алып келді. Ауыл шетіндегі «Еңбек және демалыс лагері» деген белі қайқиып, сан жылғы сыры қаша бастаған қақпадан өте берісімен бауырын жерге төсеген ақ үй басталады екен. Соның қақ ортасы бөлініп, жартысы қыздардың, жартысы ұлдардың еншісіне берілді.

... Күн жексенбі еді. Есік алдына шыға келсем... сонадай жердегі орындықта өзім іздеп жүрген әдемі қыз басын артқа шалқақ тастайтын, менен екі-үш жас үлкен Қайрат есімді сары жігітпен шахмат ойнап отыр екен. Қараңғы түнде іздеген жарық сәулем көз алдымда нұрын шашып шыға келгендей болды. Неден екені белгісіз, кеудем бір ысып, бір суып, жұдырықтай жүрегім дүрсілдеп қоя берді. Тіпті  әдемі қыздың қасына жүгіріп барғым да келді. Бірақ оған батылдығым жетпеді.

         Әдемі қыз үстіне қызыл түсті көйлек киген екен, соның сәулесімен оның беті қызылданып, тіпті құлпыра түскендей. Іштей «Құлпырған қызғалдақ» деген теңеуді осындайда айтатын болар деп ойладым. Шашын тағы да әдемілеп, тоқпақтай етіп өріп алыпты. Қимылына қарағанда шахмат ойнай білмейтін сияқты. Қайрат қолына әлдебір фигураны ұстап алып, оны қалай жүру керектігін көрсетіп жатыр. Байқауымша, әдемі қыздың шахмат ойнауға онша ынтасы да жоқ. Сөйлеген кезде Қайраттың бүйрек бет шырайлы жүзінен көзін аудармай, ынтыға қарайтындай. Әлдекім у салып жібергендей, ішім тыз-тыз ашып қоя берді. Қараптан-қарап Қайратты ит етінен де жек көріп кеттім.

 Не мақсатпен, неге екені білгісіз жаймен басып екеуінің жанынан өттім. Құлағыма әдемі қыздың сылқылдаған нәзік даусымен қатар Қайраттың зымстан  сөздері де естілді.

- Мынау «ат». Ол аттап жүре береді, міне былай,- деп ол «атты» алып, тық-тық еткізіп бір шаршыға қойды.

- Оның жүрген жолы «Г» әрпіне ұқсайды екен. – Әдемі қыз  өз тапқырлығына өзі мәз болғандай аппақ тістерін көрсете күлді.

  • Иә, иә, тұп-тура «Г» әрпі, – Қайрат та қоштай жөнелді. Көзімнің алды тұманданып сала берді. Қисық қақпадан шығысымен қозы көш жердегі дүкенге беттедім... Жүзімнің әлем-тапырық болғанын байқаса керек, семіздіктен дөңгеленген сатушы әйел сөредегі «Қазақстан» темекісіне қолын соза бере маған қарады. Мен оған сұстана тура қарап, басымды шұлғуым мұң екен, ол темекені лып еткізіп алдыма тастай салды.

... Дүкеннің бүйіріндегі дөңкиген қырат құрық тастамнан кейін ойылып түсіп, жықпылды сайға жалғасады. Көзге көрінбесе де ерке қыздай былқ-сылқ күлген бұлақ суы бірде жақыннан, бірде алыстан құмығып барып естілетіндей. Жиектен қол ұстаса құлаған қалың жатаған бұта сайдың табанына барып бірақ тіреледі. Жылан ізіндей жаңылтпаш ойнаған сүрлеумен сұлықсыз басып, жападан-жалғыз бойы көкпен ұстасқан кәрі әжімдің бәйтеректің түбіне келіп демімді бастым. Тұңғыш рет өзімнің епсіздігіме, қызға сөз айта білмейтіндігіме налыдым. Ұялшықтығым үшін өз-өзімді іштей сыбап алдым. Әйтпесе, жаз кезінде сол қызбен дөңгелене танысып алуға да болар еді. «Менің мұндай болуыма апам кінәлі ғой, - деймін ішімнен өксіп, - мұғалімдер ұрасады деп «вечерге» жібермеуші еді, енді, міне, қыз көрсем үркектеп сыртын айнала қашып жүргенім!».

 Ызалана темекінің қорабын ашып, бір талын ерніме қыстырдым.  «Мұның не, балам?» дегендей кәрі бәйтеректің жапырақтары үпір-шүпір  шуласып, сыбдырласып қоя берді. Отқа піскен күлшедей қызыл-күреңдене бастаған бірнеше тал жапырақтар жылы мекенін қиғысы келмегендей әуеде айналшықтап барып, бірі бүлк-бүлк қайнаған бұлақ суына, бірі кірпі тікен жатаған бұталардың арасына сүңгіп  жатты...

...Желке тұсымда жастардың тымық ауаны дірілдете салған әндері шалықтады.

 

  •  

 

Асыл армандай болған әдемі қыздан күдерімді үзгендей едім... Дегенмен, үш ұйықтасам түсіме енбеген төмендегідей бір оқиға менің алдағы тағдырымды шыркөбелек айналдырып сала берді. ..

  Ымырт  үйіріле бастаған мезгіл болатын-ды.

  • Сәлем, жігіттер, - деп есіктен байсалды қалпымен сөйлей басып куратор кірді.
  • О, сәлеметсіз бе ағай, - дескен жігіттер де әп-сәтте мәре-сәре болды да қалды. Есімі Қоянбек аталатын ағайымызды ересек жігіттер сырттай «Қоянбек ағайымыз жоғалып кетті ғой, қасқыр жеп қоймады ма екен?» деп әзілдескендерімен, дәп қазір онысын сездірмей, қалаға жеке жұмысымен барып келген ағайдан оны-мұны нәрселерді жамырай сұрастыруда. 
  •  Декан сендерді мақтап жатыр. Колхоз председателі де жиналыста жақсы сөз айтыпты. Декан бұл балалардың бәріне жатақханадан орын беру керек деп жатыр.

Жатақханадан орын алу дегеніңіз Меккеге үш барып қайтқанмен пара- пар екендігін жоғары курстың студенттерінен талай мәрте естігенбіз. Сондықтан, өзіміз әлі жақсы танымайтын деканның қамқорлығына риза болдық. Осындай «тың жаңалықтарымен» қуантып тастаған ағайымыз бір мезгілде:

  • Ертең қабырға газетін шығару керек, араларыңнан бір суретші табыңдар,- деді. Арамызда Мұрат есімді қияқ мұртты талдықорғандық жігіттің сурет салатындығын бұған дейін байқап жүрген болатынбыз, бәріміз бір ауыздан соны атадық.
  • Мұрат па, дұрыс. Енді мақала, достық әзіл жазатын бір адам керек.

Жігіттер жағы кішкене мүдірістеп тұрғанда қарағандылық Жұлдыз бен павлодарлық Нұргүл есімді қыздар:

  • Мұқан, Мұқан жазады, -деп мені атасты.
  • Онда Мұрат пен Мұқан ертең жұмыстан босатылады. Қабырға газетін шығарасыңдар. – Ағайымыз осыны айтып, біздің міндетімізді тәпіштеп түсіндіруге кірісті...

Мәссаған! Ертеңіне асхана жанындағы үстелде сурет салып отырған әдемі қызды көргенде мен байғұста ес қалмады. Іштей өзімді-өзім жігіттік намысқа жанып-жанып алдым да, шалбарды бір көтеріп, асхана түбіндегі мәуелі ағаштар мәуесін төккен үстелге бет түзедім. Алға басқан аяғым кері кетіп, әрең жүріп келем. Әлдебір сезімнен жүрегім атқақтап, бүкіл тамырым деміге соғып жатқандай болды. Жалғыз өзі оңаша отырғанда жанына жылдамырақ барып, тілдесіп қалуға тырыстым... Менің келгенімді ол елей қойған жоқ. «Е,е, сенбісің» дегендей әдемі жүзін кербездене бұрып, бетіме бір қарды да, суретін сала берді. Байқауымша, орыс тобының қабырға газетін шығарып отыр. Желкесінен төмен қарай тау бұлағы секілді төгілген бұрымы ым-жым жымдасып келіп, ұшына мөп-мөлдір екі моншақ тағылыпты. Мені мазақтағандай қос моншақ «көздерін ашып-жұмып» жылт-жылт етіседі.

  • Здрасти, - дедім бар даусымды шығарып. Арқам ара шағып алғандай шымырлап, қос жауырынымның ортасынан мұп-мұздай әлдене ракета жылдамдығымен сырғи жөнелді.
  • Привет! - осы сөзді айтуы мұң екен, жүзінен жадыраған сәуле төгілді. Ә дегеннен бүкіл жан сарайым ашылып сала берді. Қолындағы қаламын бір сәтке тоқтатып, күлімсірей қарады. Менің қай сөзіме болса да жауап беруге дайын отырғандай сыңай танытты.
  • Қазақша түсінемісің? – дедім оған.
  • Хм,  қазақпын ғой...сөйлеймин.
  • Не істеп отырсың?
  • Стенгазета шигарып отырмын, - қазақша былдырлап сөйлегені тілі шыға бастаған кішкентай баланың кейпін елестетті. Бірақ өзіне осылай сөйлеген жарасатын да секілді. Біртүрлі, күлкім келді. Менің бұл қылығымды ол бірден түсіне қойды.
  • Уйда баримиз орысша сөйлаймиз. - Бетіне нарттай қызыл нұр ойнақтаған қыз ақтала бастады. Әлдеқайдан сыңарын жоғалтқан көкек шақырды. Күздің алғашқы айы болғанымен, табиғат әлі уыз қалпында тамылжып тұр. Қарсы беттегі қабырғалары паркеттен, шатыры аппақ қаңылтырмен безендірілген үйдің төбесіне әуеден қиялай құйындатып келіп қос көгершін қонды. Сәл ғана тынши қалған екеуі бір пәске тың-тыңдасып, төніп тұрған қауіптің жоқтығын сезінген соң, өзара гүрілдесіп тұмсық түйістіре бастады...
  • Сурет саласын ба? - Аз-кем тыныштықты әдемі қыздың сыңғырлаған үні бөлді.
  • Салғанда қандай? – Әп-сәтте батылданып шыға келдім.
  • Онда маған күздін суретин салып берши?
  • Ой, сол да сөз болып па, әкел қаламыңды?- Ол әдемі қарындаштарын жинақтап, маған қарай ысырып қойды. Бар өнерімді төгіп, күздің бейнесін түсіруге кірістім. Мектепте сурет сабағынан бестік алатыңдығым ойыма түсті. Ашық сабақ кезінде география, ботаника пәндерінен Шонық, Аманқыз, Қатира апайлар маған түрлі суреттер салып келуді тапсыратын. Бір жағы соны да арқаландым. Алдымен бар нақышын келтіре алып бәйтеректің суретін салдым. Түнеугүні өзім көрген кәрі бәйтеректі бейнелегім келді. Сарғая бастаған жапырақтарын келтірдім. Түбінен қыз бұрымындай бұрала ағып жатқан момақан бұлақ та ұмыт қалған жоқ. Қол ұстаса жарысқан бұталар да үйлесе кетті. Алыстан қайтуға жиналып, бірде жазылып, бірде үйіріле ұшып жүрген құстар тобы да назардан тыс қалмады. Айналасы бір сағаттың ішінде бірде тамылжып төгілген, бірде кеудеңді қимастық сезімге бөлейтін қоңырқай тартқан алтын күз көрінісі де дайын болды. Менен мұндай өнерді күтпесе керек, жүзіне дембіл-дембіл күлкі жүгірген әдемі қыз қатты қуанды.
  • Молодец! –Қуаныштан болар, басқа сөз аузына түспеді.
  • Қалай, ұнай ма?
  • Арине! Тамаша! – Әдемі, қыздың жүрегінен сыңғырлап, әдемі сөздер төгілді. Мен де бақыт құшағында тұрдым.
  • Есімің кім болады?- дедім тұңғыш рет батылдана сауал тастап.
  • Рай-хан! – Ол нәзік саусақтарын ұсынды. Сонау жаз кезіндегідей жұмсақ алақанын қысып, жібергім келмей сәл-пәл тұрып қалдым. Осы сәт студенттерді түскі үзіліске алып келе жатқан машинаның қинала ыңыранған үні жетті. Әдемі қыз заттарын тез-тез жинастырып, бұрымы бұлғаңдаған қалпы қыздар бөлмесіне қарай жүгіре жөнелді...

Мен сол орнымда тапжылмай, сілейіп ұзақ тұрдым.

«Рай-хан, Райхан» деп іштей еріксіз қайталай бердім...

 

***

Көп ұзамай, әдемі қыз асханадағы аспазшы апайларға көмекші болып орналасты. Енді оны күніне үш мезгіл көретін болдым. Жүзінен жылы шуақ ескен әдемі қыз мені көрсе жымыңдап, ескі танысын кездестіргендей қуана амандасады. Маған тамақты да молырақ құятын секілді. Мұны байқаған курстас жігіттер маған қызыға да, қызғана қарасатын. Аяқ астынан мәртебем биіктеп, өз-өзімнен есейіп кеткендей едім. Әзерге осылай сағыныса төбе көрсеткенді ғана өзіме місе тұтып жүрдім.

... Құйын үйірген қағазша жарқанаттар қалбалақтап, ымырт үйіріле бастаған шақ болатын. Бастарын қараңғылықпен тұмшалаған ағаштар ауыр есінеп, түнгі ұйқыға шомып бара жатқандай. Төңкерілген қазан тәріздес аспан жүзінде ірілі-ұсақты сан мың моншақ ұқыпсыз шашылып түсіп, соған қарамастан, мұрттарынан мырс-мырс күліседі... Кешкі астан шыққан студенттердің бірнешеуі топталып әңгіме айтуға көшсе, екіншілері қарауылдың ескі шәпкісіндей тот басқан дөңгелек қалқаны бар электр шамының астындағы орындықтарға жайғасып, дойбы ойнауға кіріскен. Би басталса болғаны жерді тепкілеуге дайындалып, бұттарына шолақ балақ джинсы киген бір топ қалалық қыздар ешкімді менсінбей одырайып тұр. Амал не, әзірге шыңғыртып музыка қоятын магнитофон қосылмай жатыр.

  Дойбы ойнап жатқандарға көзімнің түсуі мұң екен, аяғым өз-өзінен жүгіріп қоя берді. Ұзын үстелдің арғы басында екі қолын қолтығына тығып әдемі қыз тұр. Іштей қуанып та кеттім. Менің жақындай бастағанымды  байқаған әдемі қыз  көңілдене амандасты.

  • Хал қалай? – дедім оған.
  • Жаксы, Мартбек играет. – Сонда ғана иегімнің дәл түбінде дойбы ойнап отырған Мартбекті байқадым. Қарсыласы ұзын бойлы, аяқ-қолы арса- арса, серейген орыс тобындағы Олег есімді поляк жігіті екен. Отыр деген аты болмаса екі тізесі иығына жетеғабыл. Ойынды жаңа ғана бастаған сыңайлы...  Бір орнында тұра-тұра әдемі қыздың іші пысты ғой деймін, абыр-сабыр мезгілде  естілер-естілмес етіп:
  • Мартбек, қыдырып келейк,– дегенін құлағым шалып қалды. Көзімнің  алды тұманданып кеткендей болды. Дегенмен, «Мартбек менің досым емес пе, қайта қуануым керек» деп көңілде жүйткіген дауылды басуға тырыстым. Мартбек әдемі қыздың даусын естіді ме, жоқ әлде естімеді де, естісе де естімеген қалып танытты ма қайдам, әйтеуір, дойбыдан көзін айырмады.

Әдемі қыз өз-өзінен қымсынғандай қарақат көздерін жыпылықтатты. Осы сәт мен:

  • Жүр, бірге қыдырайық, – дедім өмірімде қыз алдында алғаш рет батылдық танытып. Ол қарсы болмады. Жеңіл күртесінің өңірін нәзік саусақтарымен қымтаған қалпы соңымнан ілесе жөнелді.

... Қисық қақпадан сәл ғана ұзап шықтық. Неге екені белгісіз, аяқ-қолым еркіме бағынбай, жүрегім ат шабысындай дүрсілдеп қоя берді. «Біздің оңаша шыққанымызды ешкім байқамаса екен» деп ішімнен қайта-қайта тілеймін. Жол жағасына қол ұстаса отырғызылған қарағаштардың бірінің діңіне сүйеніп тұрдық.

  • Жаураған жоқсың ба? – Қамқорси тіл қаттым.
  • Жоқ, бирақ аздап салқин екен, – әдемі қыз момақан көжектей бүрісе қалыпты. Костюмімді шешіп оның иығына жаптым. Ол да онша  қарсылық көрсетпей, менің бұл «қызметімді» сыпайы қабылдады. Қыздың ыстық демінің жиілеп барып басылғанын сездім. Иіссудың бой балқытар хош иісі де аңқып қоя берді. Қаперімде тілім байланып қалғандай күй кештім. Жанымыздан ақырын басып бір қыз бен жігіт өтті. Бізді танып қояр ма екен деп зәре-құтым қалмады. Жоқ, бағыма  қарай, бізді байқаса да байқамағандай болып, қос ғашық қараңғылық патшалығына еніп, әп-сәтте көзден ғайып болды. Дегенмен, сыңғырлаған дауыстары еміс-еміс естіледі. «Біз секілді  ұялшақ емес екен».
  •  Анау кетип бара жаткан сендердеги Ерлик пен биздеги Саулешка гой, танидин ба? –  әдемі қыздың былдырлап айтқан мына әңгімесіне құлағым елең ете түсті. «Үндемей жүріп Ерлігің бәле екен. Сәуле дегенің орыс тобындағы гүл қыздардың бірі емес пе?».
  • Жоқ, танымадым ... Солай ма еді...
  • Иа, екеуи кунде кешке «свиданияға» шыгады.– «Қыздардың білмейтіні болсашы!».
  • Райхан, қай жерден боласың ? – Оның есімін тұңғыш рет атағандықтан ба, өз-өзімнен ыңғайсыздандым.
  • Иссыктан.
  • Иссык емес, Есік ғой.Алматының жанындағы ма?
  • Иа, осы жерден алыс емес. Талгардың арғы беті. – Әлдеқайдан келіп түскен өткір сәуледен нұр-нұр жайнаған қарақат жанарымен тау жақ бетті нұсқады. «Көзі үнемі күлімдеп тұрады екен. Өзіне қандай жарасымды!»
  • Өзің қайдан боласың?
  • Шымкенттенмін!
  • Оо, Техас!
  • Неге олай дейсің?
  • Жай, про чимкентских у нас так говорять.
  • Көңілге ауыр тиеді екен. – (неге ауыр тиетінін өзім де түсінбедім). Менің бұл сөзіме әдемі қыз кішкентай иықтарын селкілдетіп, сықылықтай күлді.
  • Чимкентских можно легко обидеть? Правда! – Оның мына сөзі шымбайыма батып кетті. «Өзіме де керегі сол. Болмашыға өкпелеп нем бар еді?». Әлдеқайдан ұрлана желпінген самал жүзімізді сипалап өтті. Тұнығын-ай! Қараағаш жапырақтары біздің сөзімізді бөтен құлаққа естіргісі келмегендей өзара жарыса, қыбыр-жыбыр қозғалақтап басылды. Алыстан «ғырыш-ғырыш» еткізіп, шегіртке аямай тісін қайрады. Жібек құрты түткен ақ ұлпа мамыққа ұқсаған құс жолы әлдебір арман құсын өзімен бірге жетелеп бара жатқандай. Тымық түн. Мақпалдай ауасымен кеуде керіп тыныстай бергің келеді.
  • Сендерде қазір ыстык шығар. - Аз-кем үзілген тыныштықты Райхан бұзды.
  • Иә, өте ыстық. Бізде қазір бәрі мақта жинап жатыр.
  • Мақта кандай болад?
  • Кәдімгідей өсіп тұрады. Қолмен жинайсың. Ой, тікендері жаман оның. Саусақтарыңды тіліп-тіліп кетеді. – Әдемі қыз қарадан-қарап денесін жиырып алды. Қорқып кетті білем, ақ қағаздай аппақ саусақтарына қарады...
  • Я про вас все знаю, Муқан! – Әдемі қыздан мұндай әдемі сөзді күтпеген едім, құлағымды «қайшылап» ентіге түстім.
  • Сен туралы Ауес айтқан болатын.
  •  Ол кім?
  • Посудамойщица в столовой, твоя сокурсница из Уральска.
  • Ә-ә, Әуес апай ма, біз оны «Әуес апай» дейміз.
  • Почему?
  • Біртүрлі, бізбен жасты болғанымен, бізден үлкен болып көрінеді. Сосын болар. Ол не деп айтты, жамандаған болар?
  • Жок, мақтады ғой. Улкен-улкен рассказдар жазад деди. Конкурска катыскан деди. Қандай подарка алдың?
  • Кітап.
  • Бар болганы сол ма?
  • Сол-ақ. – Екеуіміз де бір-бірімізге күлімдей қарасып, риясыз күлістік.
  • Ол қандай кітап?
  • «Менің құрдастарым». Саттар Ерубаевтікі.
  • Маган окуга бересин ба?
  • Әрине, сен сұрағанда... – Бізден ұрлана жылыстаған уақыт бірте-бірте түн қараңғылығын қоюландыра түсті. Студенттердің абыр-дабыры басылып, қозғалыс азая бастады.
  • Вечерняя проверка болад, қайтайық, – деді Райхан, арт жағына елеңдей қарап. Мен үндемедім. Қимастай болған кездесудің бір пәсте өте шыққанына қиналдым. Уақыт қандай жылдам еді!
  • Райхан, күнде кешке осылай кездесіп тұрайықшы? – Менің бұл сауалыма ол күмілжіп қалды. Бір мезгілде аққұба жүзі алаулап, басын әнтек ғана изегендей болды...

Жер-дүниені алып құшағына қысқан түн маужырап, қалың ұйқыға шомды.
 

  •                                            

 

  • Көп күттін бе? – Әдемі қыз ағаш  тасасынан мені көрісімен, сыңғырлай келіп қолын созды. Сол-сол екен, тынысым кеңіп сала берді.
  •  Сүрініп кетесің, менен ұстап жүр. – Ол екі сөзге келместен менің қолымнан ақырын ғана қолтықтап алды. Әншейінде қорқыныш үйіретін тікенек бұталар бұл жолы бізге жұмсақ алақандарын тосып жатқандай. Ағараңдаған жалғыз аяқ сүрлеу бірде бауырын төсеп жосыла түссе, енді бірде биші қыздай бұлт өтіп біресе оңға, біресе солға бұлтара қашады. Тостаған айдың күміс сәулесіне шомылған кәрі бәйтерек сонадайдан тұлғалана көрінді.
  • Біз қайда барамыз, Муқан?
  • Ертегілер әлеміне.
  • О-о, шынында мына жер как в сказке, –  белуардан келер қыратқа аяқ іліктірген Райхан сәби кейіпімен таң-тамаша тұра қалды.
  •  Адеми жерди қайдан табасың сен?
  • Сен үшін бәрін де табуға бармын. Кешегі кітапты да алып келдім.
  • Қандай жақсы болды, мен оқиын. – Менің қолымнан кітапты алған ол ай сәулесіне сығалай оның мұқабасындағы суретіне қарап, содан соң қолтығына қысты... Кәрі бәйтеректің түбінен бұлақ суының салқын лебі есті. Аяқ дыбысынан шошынған көлбақалар жарыса «дабыл» қағып, суға күмп-күмп сүңгіп жатты. Бұлақ жағасындағы құрақтар самалмен ақырын тербеліп, бір-біріне иық арта сыр шертісті. Су ішіне құлаған бәйтерек бейнесін шым-шымдап аққан ағын сүйрете қашқысы келетіндей. Оқтын-оқтын «сылқ-сылқ» еткізіп бүйірінен «соғып» өтеді...
  • Биздиң балдар не истеп жүр екен? – Райхан тізесін бауырына жинап, мақпал жанарын жылжымас бір нүктеге қадады. – Арсен Москваға кетип ед, тусти ме екен?
  • Ол кім?
  • Мой одноклассник. – Райханның жайбарақат айтқан мына сөзі жүрегіме шаншудай қадалды. Ашық күнгі аспанның әлдебір қалтарысынан найзағай күркіреп өткендей, тым-тырыс тына қалдым. Менің алау-жалау күйге түскен көңілімді ол бірден байқады. Сөйтті де:
  • Ол мектептегі досым емес пе? Последний звонокта он меня обидел, – деуі мұң екен, қабағымның «қары жібіп», көктем бейнесіне еніп жүре бердім. «Ух, әйтеуір, басы бос секілді ғой».
  • Неге ренжістіңдер?
  • Ему не нравиться когда я смеюсь.
  • Сен күлімкөзсің. Ренжісең де көздерің күліп тұрад..., - Екеуміз қосыла күлдік. Мен оның үнемі күлімдеп тұратын қос жанарына алғаш рет сүйсіне, қадала қарадым. Демін ішіне тартқан тымырсық тыныштық орнады. Мөп-мөлдірбейкүнә қарақат көздер мені магниттей өзіне тартып, үлбіреп тұрды. Шым-шымдап тұла бойыма ыстық леп жүгірді. Оң қолым еркіме бағынбай төменгі кернеулі ток соғып жатқандай «дір-дір» ете түсті. Кеудедегі жүдырықтай жүректің «асауланғаны» сонша, құдды бір аламан бәйгеге ілесіп кетердей... Әдемі қыздың шиедей қызыл ерні әнтек ашылып әлдебір сиқырға жіпсіз байланып қалған іспетті. Ай көзінен төгілген жұмсақ нұр тек бүрдіршін қыздың өзін ғана нұрландырғандай. Әлгінде жамырай жымыңдасқан жүлдыздар «қуаныштарын» кілт тыйып, әлдебір тосын оқиғаны күткендей елеңдесе қалған. Тек шалқып толған ай ғана бізді оңаша тастауға тырысқан қыз жеңгесіндей қылымси «сырғып», бәйтеректің тасасына жетуге асықты. Ағаш төбесінен асып қарауытқан мұзарт шыңдар да тым-тырыс тына қалғандай. Бүгінгі кештің айбарлы да сұсты, тапжылмас күзетшілері солар секілді. Қызыл жарығын бір өшіріп, бір жағып, гуілдей ұшқан ұшақ та бізге қарай ұстаған бағытын кілт өзгертіп, солтүстікке тартты. Әуені болар-болмас толқытқан ұшақ шуылы өзін-өзі қуалап, әлсін-әлсін алыстап бара жатты. Мақпал түн мамық жамылғысын қайта жамылды.
  • Сен маған ұнайсың, Райхан, - тамағым құрғап, сиқырдай болған осы сөзді әзер айттым. Кітаптағыдай «Мен сені сүйемін» дегенді айта алмадым, ерсілеу көрінді. Оң қолымды ақырын апарып, оң жақ самайынан сипадым. Мөлдіреген қарақат көздер лып етіп төмен түсті. Көз қиғымен өзіне шақырып өткендей бұдан әрменге шыдамым жетпеді...

Танауын көкке шүйіріп, жауырынын күнге сипатқан шыңдардың құшағынан еңлікгүлді үзіп алған ержүрек жігіт секілді, менің де үлбіреген бойжеткенді ең алғашқы рет сүюім осы еді.

Бұл менің алғашқы махаббатым болатын.

 

                                                    ***

 

Түнгі беймезгіл қыдырыстың әсері болар, таңертең ояну ауыр соқты. Кірпігім қайта-қайта жұмылып, бір ашылмай-ақ қойды.

Қоянбек ағайымыз:

  • Подъем, подъем - дегенімен, менің тұруға дәрменім жетпеді.

   - Әй, неге тұрмай жатсың? – Ағай жақындап келіп менің көрпемді көтерді.

-  Ағай, тісім ауырып... - дедім жалма-жан жағымды ұстап. Ағайымыздың табиғатынан аңғалдығы бар еді:

- Е-е, тісің ауырса жата тұр. Таңғы суықпен ісіп кетіп жүрер. Тамақтан кейін басқа да ауырғандармен бірге Талғарға барасың, - деп мені қайта мазаламады.

Басы ауырғаны бар, тісі ауырғаны бар, таңғы тамақтан кейін он шақты бала асхананың алдына жиналдық. Арамыздаң әскерге барып  келген Ерлікті «старший» етіп, жолда жүру қауіпсіздігін ұңғыл-шұңғылына дейін түсіндірген Қоянбек ағай бізді қақпадан шығарып салды. Қисық көшенің қалтарысын айнала бере Ерлік пен Сәуле бізден әлсін-әлсін қалғыштай беріп, ақыры олардан мүлде көз жазып қалдық... Емханаға менің де барғым келмеді. Бірақ, тісімнің ауырғанын әдемі қыз естіген болар, онда оны қалай алдаймын?!.. Амалсыз алға бастым...

  • Который зуб болит? — білегінен басталған түгі кеудесінен бір-ақ шыққан балуан денелі, көзі тұздай тіс дәрігері түйеқұстың мойнындай серейген ұзын шамды оп-оңай иіп әкеліп. менің аузыма тақады.
  • Вот, вот. - Ауырмаса да азу тістерімнің бірін көрсете салдым. Дәрігер майшабақтай баттиған саусақтарын үстіндегі халатының етегіне сүрте салды да, тісімді ұстап шайқап-шайқап көрді.
  • Крепкий. Сколько времени беспокоит?
  • Кешеден бері. – Дәрігер түсінгендей сыңай танытты.
  • Сейчас тоже болит?
  • Иә, ауырад, ауырып тұр. - Тіс дәрігері сенбегендей сыңай танытқанымен, алдында жатқан инені алып, егуге дайындай берді. Менің зәре -құтым қалмады. «Болары болды, енді шыдау керек...»

 Тіс дәрігері бұрап-бұрап сау тісімді жүлып алды да, қоқыс тастайтын жәшікке лақтырып жіберді. «Өзіме де керегі осы».

  • түбінде тағы да кездестік. Тісімнің ауырғанына Райхан шынымен сенді. Мені мың айналып бәйек болды.

- Пока отек не спадет, нельзя выходить на улицу! - Ол үлбірек қолдарымен алмадай томпиып іскен жағымды ақырын сипап өтті. Жеңіл тыныстаған ыстық демі мойнымды қытықтады. «Талайлар әнге қосқан, талайлар жырға қосқан «Бақыт» дегеніміз осы болар, бәлкім». Өзімді тіс жұлдырып емес, тау қопарып келгендей сезіндім.

Көзімді жұмдым. Тісімнің ауырғаны бір сәтке ізім-ғайым жоғалып кеткендей. Әдепкіде қанжардай қылпылдаған сау тісімді босқа жұлдырғаныма қатты өкінгендей едім. Ал әдемі қыздың сол тісім үшін өбектегенін көргенде, көңілім кең жайлау болып жайылып сала берді.

  • Сен грушаға уқсап кеттин? - Райхан жүмсақ жымиды.
  • Тісіңді жұлдырсаң көрер едім сенің неге ұқсағаныңды?

- Мен тисімді ешуақытта жұлдырмаймын. - Әзілдеп айтқанымен, оның мына сөзі жүрегіме қаяу түсіріп өтті. «Сен секілді ақымақ емеспін» дегені шығар. Әйтсе де, бұл күдігімді оның әзіліне жорып, елемеуге тырыстым. Аққұба жүзінен, күлімдеген көзінен іші-бауырыңды елжірететін мейрім шуағы төгіліп тұрған аруды қиянатқа қиюдың өзі айықпас күнә іспетті.

  • Давай, временно не будем встречаться, пока десна не заживут - деді Райхан. Қаншама ауыр болғанымен, бұған келіспеске амалым жоқ еді. Ол еңкейіп, оң жақ бетімнен ақырындап сүйіп алды.

Қорғасындай балқыған айдың жүзін шымылдық бұлт қалқалай берді.  

 

  •  

 

Екі күндей жұмысқа шықпадым. Райханды асханада, алыстан ғана көріп жүрдім.

...Кешкі мезгілде басымды көтеріп, кіреукіленген терезеге қарауым мұң екен тұла бойым безгек тигендей қалшылдап сала берді... Райхан, иә, әдемі қыз біздің қазақ бөлімінде оқитын толық денелі, қоңқақ мұрын Мәділ  есімді жігітпен бірге қисық қақпаның жанында әңгімелесіп тұр екен. Бағананың басындағы өлеусіреген жарық қаншама көмескі сәуле шашқанымен, түрғандардың сол екеуі екенін айнытпай таныдым. Ұзын бойлы Мәділ әдемі қыздың төбесінен қарап, әлдене деп сөйлеп тұрғаны  қимылынан байқалады. Шашын арқасына бос жайып жіберген әдемі қыз оның әңгімесін тым-тырыс тыңдап тұрғандай. «Не айтып жатыр екен?». Бір мезгілде Мәділ қолын сыпайы ғана созып, қақпаның сырт жағын нұсқағандай болды. Райхан екі сөзге келмеді, өзіне иіле жол ұсынған жігіттің алдына имене басып түсіп бара жатты.

Тұла бойым бір ысынып, бір суынды. Жұлынған тісімнің орны да қайтадан зеңбірек ұңғысындай зырқ-зырқ етіп қоя берді. Ісігі қайта бастаған бетім енді бірте-бірте өсіп бара жатқандай болды. Өн бойымнан көтерілген ыстық леп шақша басыма теуіп, мұхит тұңғиығына құлағандай көзім қарауытты... Өз-өзімді іштей жұбанышқа бөлеп, «қайғымды» бөліскен терезеге қайта үңілдім. «Менің ешқандай кінәм жоқ, жігітім» дегендей бағана басындағы жалғыз фонарь кешкі самалмен ақырын тербеліп қойды». «Мықты болсаң мені түзеп ал» деп белі қайқиған қисық қақпа жұлдызы  жымыңдай бастаған аспанға шалқақтап қараған қалпы тұра берді... Әлдекім қысастық көрсеткендей қос жанарыма лықсып жас тірелді. Кескен терек секілді төсегіме құлап  түстім. 

«Әдемі қыз. Ол менің кімім еді өкпелейтіндей. Бұрынғы жігіті де оның осындай қылығы үшін ренжіген болар. Өткенде Қайратпен отырған   отырысы анау. Енді, міне Мәділмен қыдырады. Өзінің әдемілігін бұлданып жүр-ау, сол қыз! Ерегескенде, мен де ертең уәделескен жерге  бармай қойсам ба екен?».

Бұған дейін де ит пен мысықша болып жүрген Мәділді тіпті жек көріп кеттім. Әуелгіде біздің арамызға от жаққан факультетіміздің дөңгеленген деканы еді. «Ә-ә, балдар, - деген-ді бізді қабылдаған күні Темірбай көкеміз, - сендерді екі топқа бөлеміз. Әскерге барып келгендер, екі-үш жыл жұмыс істеп келгендер бірінші группа болады, яғни «кемпір-шалдар» тобы. Ал бірдеңеден құр қалғандай мектеп бітіре салып түскендер «сарыауыз балапандар» группасы болады». Міне, сол күннен бастап әскерге барып келген төрт-бес «шал» бұрандалары босап, аяқтарын алшаңдай тастап, біздің төбемізден шекірейетінді шығарды, Соның бірі Мәділ еді, енді, міне... Жұдырығым серіппеше түйіліп барып жазылды.

Асхана алдындағы ат тоқымындай алаңда әлдебір шетелдік әншінің гитарасын сабалай соққан күйтабағы қойылып, би басталды. Бұттарына тырысқан шорти киіп, кеудесі мен арқасына әлдебір лыпаны іле салған қалалық қыздар «шаштарын жұла» биге кірісті. Әнебір қараторы қыз бір қарыс шашын бет-жүзіне түгел  жайып жіберіп, бишілердің ортасына шыға сала біресе аюдікіндей бөксесін, біресе маймылдікіндей іші-бауырын бүлкілдетті. Музыка ырғағына қарай басын жылдамдата шайқап, селкілдеткені сонша жалбыраған шашы кинофильмдердегі шайтандардікінен аумай қалды.

Шетелдік әншінің бірде түйедей боздаған, бірде итше ұлыған даусы мазаны қашырды. Егер аяқ бітсе мынадай құлақ тұндырар музыкадан ағаштардың да тұра қашқысы келіп тұрғандай. Неге екенін қайдам, әдепкіде көңілімді қалдырған осы әуен арада уақыт өте келе жаныма жылы ұялай бастады. «Кім біледі, мына әнші де мен секілді күйінгеннен осылайша бақырып шақырып жатқан болар... Кім біліпті?».

«Болды. Райханмен енді кездеспеспін. Осымен менің махаббат жайындағы  романым аяқталған болар?!»

Түн құшағы тұнжырап келіп терезеден үңілді. Әншейінді жымыңдасып тұратын жұлдыз-моншақтар бүгін әлдеқайда жоғалып кеткендей.

 

                                                         ***

 

Ертеңіне, әлдекім мені сыртта тағатсыздана күтіп тұрғандай сезініп, қараптан-қарап өз-өзімнен елегзи бастадым. «Адам баласы да қызық-ау, әйтпесе мені енді кім күтуші еді?». Дегенмен, шыдай алмай басымды қылт еткізіп, терезеге қарадым. Сол-сол екен жүрегім қуаныштан тарс-тұрс соға жөнелді. Біздің терезе... жоқ,  менің тереземді күзетіп, ағаш түбінде әдемі қыз отыр екен. Мені көріп, жас балаша жымиып күлді де, «тезірек кел» дегендей қолын бұлғады. «Қазір жетемін» дегенді мен де ишарамен сездірдім.

Кенет, сумаң етіп кешегі оқиғаның ойыма оралуы мұң екен, денем тоңазытқышқа түсіп кеткендей мұздап сала берді. Бір сәт, не ары, не бері жүрерімді білмей әрі-сәрі күйде тұрып қалдым. «Не істесем екен?». Ойлана келе, бәрібір сыртқа шығуды жөн санадым.

  •  Какой ты строгий?! – Әдемі қыз көңіл-күйімді бірден аңғара қойды. Өзім де оған осыны сездірсем деп келе жатқанмын. Сондықтан да ойланбастан:
  • Бір әдемі қыз мені ренжітті? –дедім
  • Ол қандай қыз тағы?
  • Кеше өз махабаттын ұмытып... - дей бергенім сол еді, ол кішкентай алақанымен менің аузымды жаба қойды.
  •  Сен осындай қызганшақ па едиң, онда мен ренжеймін.
  •  Қалайша?
  • Солайша. Кеше мен Мәділмен қыдырған жоқпын. Қақпаның алдына шыққасын ол менен: «Жігітің бар ма?» деп сұрады. - Аз-кем үнсіздік орнай қалды.
  • Сен не деп айттың? - Менің бұл сұрағыма әдемі қыз көзін мөлдіретіп маған қарады. Қос жанарына тұнығы бүзылмаған тылсым дүние тұнып қалғандай. «Шынында, не деп жауап қайырды екен?». Ішкі дүнием әлем-жәлем күйге түсті. Тағатсызданып-ақ кеттім. Жауап орнына ол қолын ақырын әкеліп, күртемнің оюланған жағасын сипады.
  • Мен «бар» деп айттым.
  • Ол «Кім?» деп сұрады ма? Сен не дедің? — Тағы да үнсіздік. Бұлақ суының бүлкілі ғана құаққа естіледі. Жағадағы жағымпаз құрақтар әлденені құптағандай жиі-жиі бас шұлғысып тұр. Қараңғыда қаңғып ұшқан әлдебір құс бәйтерекке соғылып қала жаздап, кейін қайтты. Кешкі бидегі қыздардың оқтын-оқтын ышқына шыңғырған дауыстары тұнық ауаны осып-осып жібереді... Райхан жұмсақ алақанымен менің шашымды сипап өтті де, құлағымның түбіне ыстық демімен бірге ернін тақап әкеліп:
  • Я сказала Мукан - деді... Мен үшін дүние төңкеріліп сала берді. Әрине, қуаныштан!.. Біздің бар қылығымызға жайылып төсек болған көк майса, жүзінен мейірімі төгілген ай, жымыңдасқан жұлдыздар куә болысты...
  • «Ночь – друг молодежи» дегенді естуің бар ма? - Әдемі қыз  шашын түзеп, айналысына  көз жүгірте қарады.
  • Жоқ.
  • Түнде ғана ғашықтар бір-біріне сырын айтады. Сондықтан да, түн- біздің досымыз.- Ол көздерін жыпылықтатты.
  • Күлімдеген түріңнен болайын!
  • Мені апам осылай жақсы коред. Сен оны қайдан үйреніп жүрсің, Муқан!
  • Менің де апам осылай айтады. Сол кісіден үйрендім.
  • Онда біздің апаларымыз бірдей екен.
  • Біз екеуміз де бірдейміз, Райхан, енді «постоянно» бірге боламыз. Солай ма?

Жауап  орнына ол басын изеді...

 

** *

 

Таңертең Мәділдің жабайы  үйректей барылдаған даусынан ояндым.

  • Жігіттер, - деді ол бұралаң-бұралаң етіп ортаға шығып алып, - біздің арамызда бір бақытты адам бар... – Ішім қылп ете түсті. Мен туралы айтып тұрғанын сездім. Дегенмен, оның сөзін естімеген адамның кейпін танытып, төсегімді жинастыра бердім. Бірақ Мәділ де жерден жеті қоян тапқандай:
  • Ондай бақытты болу бәріміздің арманымыз ғой, - деп бір қойды. Сөйтті де, орамалын иығына салып, қасындағы жігіттердің «кім ол, айтсайшы» дегеніне күле қарап, арсың-гүрсің басқан қалпы сыртқа беттеді. Жігіттер Мәділдің әлгі айтқанын өзара талқылап жатты. Шынында, біздің арамыздағы бақытты адамның кім екендігін білу кімге де болса қызық еді.

Әлден уақытта жуынып-шайынған Мәділ қайта келді.

  • Жаңа кімді айттың? – деп шыдамсызданған Ерлік есімді жігіт оған тақала түсті. Мәділдің де күткені осы болса керек, аузын Ерліктің құлағына тақап әлдене деп сыбыр ете түсті. Ерлік әп-сәтте өрт арасынан шыққандай түнеріп, мен жаққа бір қарады. Мәділдің де қызғаныштан іші күйіп жүргенін оп-оңай аңғардым. Қанша айтқанмен, үлкен жігіттер ғой, кеше ғана мектеп бітірген бозбаланың «бұл тірлігі» оларға ұнай қоймасы анық еді.

Біреуінің шоқ басып алғандай тызылдап жүргенінен, екіншісінің ызалы көкжалдың түсіндей суық көзқарасынан алдағы күндерде бір егестің болатындығын аңғардым...

 

                                              ***

 

... Мен үшін бал татыған күз күндері ұрлана жылыстап өтіп жатты.

Ауыл шаруашылығы жұмысында титтей де қиыншылықты сезінбеген секілдімін. Таң атса болғаны, тезірек күннің ұясына қонуын тілеймін.  Өйткені, алакеуім мезгілде шашын біресе түйіп, біресе кішігірім баланың білегіндей етіп өріп алған әдемі қыз асхананың жанындағы түйе өркеш төбеден аяғын жеңіл  басып түсіп келе жатады. Мұндай тәттілігі мол сәттерді ол да, мен де асыға күтетін едік.

... Көп ұзамай жасыл желекті әлем тарғыл мысықтың терісіндей өзгеріп сала берді. «Бірлік» ауылындағы студенттік қызықты күндер де аяқталды. Ертең Алматыға қайтамыз деген күні кешке Райхан бір топ гүл шоғын сыйлады.

  • Муқан, мынау саған, на память.
  • Мұны қайдан таптың, қазір күз ғой, гүл табу қиын?
  • Бұлақтың бас жағында жасырынып тұр екен, мен тауып алдым.
  • Түріңнен айналдым сенің!- Ол қоянның көжегінше бүрісіп келіп менің құшағыма енді. Әдепкідегідей емес, түнгі самалдың бойынан ызғар сезіледі. Бағана, Мұрат досымнан «құда түсіп» алған көк күрткі болмаса, бүгінгі салқын бұрынғыдай жай көйлекті менсінер емес. Төңірек құлаққа ұрған танадай тым-тырыс. Аспандағы алып аждаһаның бауырынша төселген аппақ құс жолы бұрынғысынан да бадырайып, қоюланып, ұзыннан-ұзаққа созыла түскендей... Иә, күз келді. Көңіл түкпіріне әлдебір түсініксіз көңілсіздік орнағанымен, осы күз айында мендік болған әдемі қызды кездестіргенімді ойласам болғаны, бәрі де сейіліп жүре береді. Құшағымдағы «құйтақандай» қыз менің бүгінгі көңілімді ғана емес, алдағы өмірімді де жылытып, нұрландырып тұрғандай.
  • Саған бір қупия айтайын ба, Муқан, - әдемі қыз құшағымнан босанып, көзін қылымсыта қарады.
  • Айта ғой, күнім.
  • Айтсам, моя подружка Марина бар ғой, сол сендердегі бір жігітпен қыдырып жүр.
  • Ол кім, менің білуіме бола ма?
  • Болад. Оның аты - Ерлик. – Әдемі қыздың осы есімді айтуы мұң екен  денем түршігіп сала берді. Көз алдыма аспан түстес бейкүнә жанары мөлдіреген он жеті жасар бойжеткен, сонымен қатар күлкісі қияқ мұртына үйірілген, жаңбырдың астынан құрғақ шығатын отыздар шамасындағы қараторы жігіт бейнесі елестеді. «Арыстанға жем болған сорлы қыз, алданып қалады- ау »деп ойладым іштей. Осы сәтте Райхан:
  • Сенің не ойлап тұрғаныңды білем, Муқан, - деді күлімсіреп.
  • Ал, айта ғой онда?
  • Маринаны Ерлік алдап кетеді деп ойлап тұрсың ғой? - Оның бұл сөзіне не айтарымды білмей сасып қалдым.
  • Иә, - дедім сосын  жымиып.
  • Екеуінің алғаш кездесіп жүргенін білген кезде мен де осылай ойлағанмын. Бірақ  ештеңе айта алмадым. Өйткені, Марина оны өте жақсы көреді. Маринаның өзі оған хат жазыпты.
  • Ал Ерлік ше?
  • Білмеймін.- Райхан осыны айтып, кішкентай иығын көтерді... Желпіне соққан салқын самал бәйтеректің судыраған  жапырақтарын өзімен бірге ала кетті. Санаулы күндер бұрын ғана тамылжып тұрған табиғат уақыттың ендігі құқайына да бой үйрете бастағандай. Қабырғасы көрінген көтерем қойдың тұрпатындай айналадағы ағаштардың сидиған бұталары көзге шалынады. Бұған дейін күміс көмейі бүлкілденген бұлақ та бүгін күндегі күлкісінен жаңылып  қалғандай.
  • Күз келді. – Райхан көңіліндегі қимастығын аңғартқандай ауыр күрсінді. – Муқан, біздің мұндағы соңғы түніміз ғой, бүгін бірге таңды қарсы алайық. – Оның бұл өтінішін құптайтындығымды білдіріп, иығынан ақырын құшақтап, өзіме тарттым. Менің дүрсілдеген жүрегіме ол құлағын тосты да:
  • Кеудеңде ат шауып  бара жатқандай, - деді. Бұған екеуміз де жымиып күлдік...
  • - Үйде қанша  ағайындысыңдар? – Райханның бұл сауалы көңіліме жылы ұялады.
  • Біз үйде алты баламыз.
  • Алтауы да ұл ма? – ол таңдана сұрады.
  • Иә!
  • Қызық екен. Ең улкендерің кім?
  • Үйдің ең үлкені мен!... Сен ше, Райхан?
  •  Мен де бір уйдің ең улкенімін.
  • О-о! - менің таңқалысыма әдепкіде ол жымия қарағанымен, артынша қабағын шытыңқырап:
  • Бірақ бір уйдің тұңғышы болған жаман. Біртурлі қиын, - деді.
  • Неге?
  • Көп еркелей алмайсың. Уйдің ең кенжесі болған жақсы, ештеңе ойламайсың. Біз уйде уш ағайындымыз: екі қыз, бір ұл. Ең кішкентай інім мектепте оқиды, соның өміріне қызығамын. – Ойына әлдене түскендей ол өз- өзінен жұмбақ та жұмсақ жымиып қойды. Аспанға қарадық. Кеше ғана балиғатқа толған бойжеткенше толықсып тұрған сары табақ ай бүгін зым-зия жоғалыпты. Жұлдыздар да бұрынғыдай көсеп алатын шоқ секілді шашылып жатқан жоқ, өзара «ауылдары» алыстап, аралары сирексіп қалған. Күл арасынан алынған таңертеңгі шалашоқ секілді біресе соңғы күшін жинай жарқырап көрінген болады да, артынша-ақ күші көпке жетпегендей көмескіленіп кетеді. Тау басына бұлт үйірілсе керек, қара киіздей үйісіп, іштен тына түнеріп тұр...

Казарма жақтан әлдекімнің біреуді атап шақырған даусы естілді. Әдепкіде біз мұны елең ете қойған жоқпыз. Бірақ, әлгі дауыс бірте-бірте біз отырған қалың тоғайға жақындай түсті. Сонда барып әлгі дауыстың:

  • Мұқан, Мұқан – деп мені іздеп жүргенін аңғардым. Байқауымша,топ адам секілді. Ішім қылп ете түсті. Мені іздеп жүргендердің Мәділ, Ерлік, Мұрат секілді «шалдар» екенін де аңғардым. Өткенде Қоянбек ағамыз жігіттердің арасынан қоғамдық тәртіп сақшыларының тобын құрған болатын. Топтың жетекшісі болып Мәділ, орынбасары ретінде Ерлік бекітілген-ді. Міне, енді сол топ бүгінгі жұмысын мені іздеуден бастапты. Олардың түпкі ойлары да қылаң беріп өтті: қыз алдында мені бір масқараламақ қой! Ашуланғаннан болар ернімді қымқырып, жұдырығымды түйіп алдым. Әйтсе де, мұнымды Райханға білдіргім келмей, оны бауырыма қыса түстім.
  • Мадильдиң даусы секилді, - деді ол іздеушілердің дабырына құлағын тосып. Мен үндемедім. «Мүмкін бізді таппай, қайтып кететін болар» деп ойладым. Кенет, бұл топқа  Мартбектің де мүше екендігі ойыма оралып енді соған үміт арттым. «Өтірік іздегенсіп, жігіттерді қайта ертіп кетуге әрекеттенер». Бірақ бұл үмітім есекдәме болып шықты. Іздеушілер тобы алақандай тоғайдың қуыс-қуысын қарап болған соң, енді тура бәйтерекке беттеп келе жатты. Дәл біздің үстімізден түсетіндегі анық еді. Сондықтан Райханың бір өзін бәйтеректің түбінде қалдырып, іздеушілердің алдынан шықтым. Мені байқаған Мәділ сағатының жарығын жылтылдатып:
  • Сағат он екіден кетті. Мұнда неғып жүрсің? - деді өтірік білмегенсіп. Сөйтті де, үлкендігін көрсеткісі келгендей қолын бүйіріне таянды. Иә, өзегін қызғаныш отының шоқтай күйдіріп бара жатқандығын анық сездім. Мойнын созып, мен келген тұстан Райханды іздеп тұрғанын аңғартып та алды. Қасындағы ұзын бойлы Ерлік:
  • Райхан қайда? – деп сауалды төтесінен қойды.
  • Оны қайтесіңдер, іздеп жүргендерің мен емес пе? – дедім шыдай алмай. Мәділ миығынан күлді:
  •  Сендерді аңдып жүр екен деп біз туралы жаман ойлап тұрсың ба ? Біз емес сендерді іздеп жүрген, Қоянбек ағай іздеп жатыр. Екеуіңді қаңғып жүрген осы ауылдан балдары таяқтап кетсе қайтпексіңдер, а? - ол төбемнен төне түсті, – егер казармаға қайтпасаң онда деканға жазып берем, оқудан шығасың! – Мұны естігенде ауыздығын шайнап жуасыған асаудай жүнім жығылып қалды. Әйтсе де, онымды білдірмей, намысқа тырысып:
  • Қолыңнан келетіні сол болса жазып бер, шықсам шығып-ақ кетейін, - дедім жерге бір түкіріп. Әрине, қызбалыққа салынғанымды сезіндім. Дегенмен, енді орыстар айтпақшы, «Поезд ушел...», бәрі де кеш. «Айтылған сөз – атылған оқ» деген осы болар. Өзіме де керегі осы. Анам ұрысқанда айтатын мендей сыйымсыз, тоңмойын кімге керек дейсің. Бір сәт көңілім босағандай болды. Көзіме моншақтап ыстық жас та келгендей еді. Бірақ түн қараңғылығынан  мұны өзімнен басқа ешкім де аңғара қоймады.
  • Райхан қайда, шақыр. Маринамен бірге қайтсын, -деді Ерлік өзінен әудем жерде тұрған орыс қызын нұсқап, - әйтпесе бір өзі қайта алмай қалады. – Оның бұл сөзі көкейге қонымды еді. Өйткені, беймезгіл уақытта топ жігіттің арасында көзге шыққан сүйелдей болып оның қайта алмайтындығы шындық. Сондықтан, мен бәйтерек түбіндегі Райханды ертіп әкеліп, құрбысы Маринаның жанына қостым. Екеуі қолтықтасып, әлденені күбір-сыбыр сөйлескен қалыптары біз тұрған тоғайдан алыстап бара жатты.
  • «Шалдармен» бір жұдырықтасу болатындығын ішім сезіп тұр. Тіпті соған жақындап та қалған-ды, тек Мартбек араша түсті. Соның арқасында бір-біріне айбат шегіп, бірақ тіс батыруға бата алмаған көкжалдар секілді егеспен тарастық. Бірақ бұл мәселе бүгін «бейбіт түрде» шешілгенімен, соңында батпандай зіл қалып бара жатты. Егер Мартбек болмағанда «жауларымның» мені бас-көз демей төпелеп кетуі де ғажап емес-ті. Сондықтан бізге, мектепті бітіре салып оқуға түскендерге, қалай болғанда да ұйымдасу қажет екендігін түсіндім.

Казармаға Мартбекпен бірге қайттым...

Осы оқиғадан кейін Райхан екеуміздің махаббатымыз жұрттың бәріне жария болды. Олар енді менімен амандасқанда ашықтан ашық Райханның амандығын, онымен амандасқанда менің амандығымды сұрастыратын болды.

 

                                               ***

 

  Кешегі оқиға ертеңіне Қоянбек ағайымыздың құлағына жетті. Асхананың алдында білегімнен ұстап алып:

  • Кешегің не жүріс? – деді. Мен үндемедім. Ақталғым да келмеді. Азарлығы оқудан шығарар.
  • Байқа, бала! – Бұлшық етімді мытып-мытып, «бара бер» дегендей ишарат білдірді. 

Ішке кіргеннен кейін жанарым кіреукеленіп, көңілім босады. Тұңғыш рет өзімді жат жұртта қалып кеткендей сезініп, тезірек Райханға жеткім келді. Соны құшақтап бауырыма қыссам көңілдегі кірбің кетердей көрінді. Оған қайдан, ол асхананы өткізуге дайындап жатыр. Жандарын салып жұмыс істеп жүргені терезеден байқалады...

Көптен бері ойыма алғаш рет ауыл оралды. Біртүрлі ыстық өлкемді қатты сағынғандаймын. Күн көзі қазір шекеден шаншылып, шақырайып тұрған болар. Көз алдыма мені көршінің қызымен бірге қызыл «Икарусьқа» мінгізіп, өздері бір орындарында томаға-тұйық тұрып қалған қарапайым әке-шешем елестеді. Бұл олардың мені астанаға аттандырып салған кездері еді. Алғаш рет әке-шешесіз алыс сапарға шыққаным да осы болатын. Онда да күн ыстық-ты. Жұмсақ автобустың шаң басқан артқы терезесінен төскейге жарыса өрмелеген ауыл үйлері біртін-біртін алыстап, қалып бара жатты. Ал әке-шешем көрінбей кеткенде көзіме жас ұялады. Онда да дәл қазіргідей көңілім әлдебір қимастықтан босаған-ды... Астанада оқиды деп үміт артқан баласы енді оқудан шыққалы тұр. Масқара! Мұндағылардың айтысына қарағанда факультетіміздің деканы кешегідей тәртіпсіздікті кешірмейтін секілді.

Көкейге бір үміт, бір күдік ұялады. Көп ұзамай, бізді алып кетуге доңғалақтары маймиған бес-алты «майтабан» сары автобустар келді. Райханның тобы ең бірінші автобусқа отырды. Автобусқа мініп бара жатқан оның құлындай щағын, ойнақы мүсінін көргенде жүрек тамырым шымырлап өтті. Көпке дейін сол абтобусқа қимастықпен қарап, көңілім құлази берді. Біздің автобустағылар шырқап ән салысты. Бірақ ешбір ән жүрегімді жұбата алмады.

 Орнынан қинала қозғалған автобус бізге қимастай болған «Бірлік» ауылын, әлі де сабақтары көгеріп тұрған помидор жүйектерін артқа қалдырып, астанаға қарай бет түзеді.

 Деміне ызғар араласа бастаған күзгі қоңыр самал автобуспен жарыса жөнелді...

 

  •  

 

Тақыр бас, бірақ сол тақыр басын әлдеқайдан қуалап әкелген бес-алты түп шашымен жауып, онысын тарағымен тарап қойған деканымыз қара қазандай қарнын біресе оңға, біресе солға қозғап, бізге жатақханадан орын бөлуде. Құрбақанікіндей тұтаса біткен ақжем мойыны жиі-жиі бүлкілдейді. «Осы факультеттің аузына алар құдайы, шатасқанда танитын тәңірісі мен боламын» дегенді төрдегі тапалтаң кісі қимылымен аңғартады. Болар-болмас нәрсеге әлдекім табанынан  қытықтағандай «ха-ха-халап», жіпсік көзінен су аққанша күледі. Содан кейін ырғалып-жырғалып, костюмінің, шалбарының қалталарын сипалап беторамалын іздейді. Беторамалын тауып алып, оның  бір шетін сұқ саусағына ілген қалпы май сүрткендей көзін ұзақ шұқылайды. Әбден айызы қанған кезде беторамалымен айқыш-ұйқыш аузын сипалап, қайтадан бір қалтасына сүңгіте салады.

      Бүгінгі жұмысын деканымыз оңды-солды, жайғап отыр. Бір топ студенттерге стипендия белгілесе, керісінше жатақханадан орын бермейді. Екіншілеріне осы жағдайды керісінше қайталайды. Журналдағы менің  фамилиям жақындаған сайын жүрегім тоқтап қала жаздап отыр.  ағай өткендегі «қылмысымды» бұл кісіге жеткізіп үлгерген болар. Сондықтан менің жақсылық күтуім аспандағы айға қол созғанмен бірдей шығар. Оқудан шығатынымды қазір айтса керек». Ішкі ойым осылайша алай-дүлей құйынға оранып тұр. Алдыңғы қатарда деканның шашпауын көтеріп отырған Мәділ мен Ерлікке ызалана қараймын. «Осындай жарамсақ, жәдігөйлерден қашан құтылар екенбіз».

Ыңыранған деканымыз бір мезгілде журналдағы менің  ежіктеп оқи бастады:

  • Қи-сым—баев... Бар ма ондай бізде? - Мен сенімсіздеу түрде  орнымнан тұрдым.
  • Кім-әй, Қисымбаев деген? - Ең артқы орындықтан көтерілген кішкентай бойымды декан көрмеді ме, қайдам, қайталап айқайлады. Мен жөткірініп столдың шетінен қолымды бекемдене ұстап:
  • М-м-мен, ағай, - дедім.
  • Әй, сен бе, қаттырақ айтсаңшы фамилияңды?
  • Қи-сым-баев.
  • Ә-ә-ә, Қисымбаев де, фамилияң бар болсын. Бірақ, фамилиясы  Қисымбаев болғанымен, өзі қисық емес қой деймін, бет терісі дұрыс секілді ғой, - деканымыз ауыр қарнын әзер қозғап Қоянбекке қарады. Ол кісінің басшы алдында қашанда «мақұл, мақұл, сіздікі дұрыс» деп бас шұлғып тұратын «жақсы» қасиеті бар еді. Бұл жолы да сонысын қайталады:
  • Иә, помидор жинауда басқаларға үлгі болды. Өзі орта мектепті де мақтау қағазына бітірген. - Қоянбек ағай неге екені белгісіз, жымындап қойды. Дегенмен, әлдебір күш ішімнен бұлқынып шыққандай, маңдайым шып-шып  терледі. Қуаныштан болар жүрегім ат шабысындай дүрсілдеп ала жөнелді. Жүгіріп барып, Қоянбек ағайдың бетінен сүйіп алғым келді.
  •  Бұ балаға жатақхана береміз бе, жоқ, стипендия береміз бе, а? - Декан мақтаның үсгінде отырғандай былқ-сылқ етіп оң жағындағы орындық арқалығына шынтақтай қисайды. Бұл -  ойланған сыңайы. Маған бәрібір еді. Екі қолымды біресе қалтама салып, біресе шығарып, біресе бүйірімді  таянып тұрдым. Мұны деканның жіпсік жанарының шалып қалуы мұң екен, шекесі бұрыш-бұрыш болып, қыртыстанып шыға келді.
  • Әй, Қисымбаев, не, мақтауымыз өтіп кетті ме? Қисаймай түзу тұр, әкеңнің үйінде тұрған жоқсың. Қарай гөр мұны, – деп кішкентай баланың қолындай нәзік саусақтарымен үстелді бір қойды.
  • Әй, әке-шешең бар ма?
  • Бар.

Ойыққа түсіп кеткендей денем мұздап сала берді. Кінәлі оқушыдай көзім жыпылықтап Қоянбек ағайға қарадым. Ол кісі жаңа бұйрық күткендей деканның аузып бағып отыр. Менің бүкіл тағдырым қайтадан төрдегі деканның уысына түскендей болды. Аудиторияда өлі тыныштық орнады.

-Жарайд, – деп әлден уақытта декан алдындағы ұзын-сонар тізімге көз салды, - бұ балаға стипендия жоқ. Жатақхана берейік. Отыр!-  Сылқ етіп отыра кеттім. Не қуанарымды, не жыларымды білмедім.

Мәділ мен Ерлік өзара әлденені сыбырласқан қалыптары маған қарасты.  Оқуда қалғанымның өзі бір той еді. Сондықтан болар, аудиториядан мұртымнан күле шықтым. Мұрат досым жымыңдап келіп, қолымды қатты-қысты. Тау самалы ескендей тынысым кеңіп, зеңгір көкке көз тіктім. Бүгінгі күн тым өзгеше еді.

Дегенмен ҚазМУ қалашығының төрінен қоныс тепкен жатақханамызды көргенде алып-ұшқан көңіл құсы су сепкендей басылып қалды. Бес қабатты студенттер үйіндегі жөндеу жұмыстары әлі жүріп жатыр екен. Сондықтан жатақхананың айналасы да, іші де астан-кестең. Бірінің «аяғы», бірінің «белі» сынған орындықтар мен үстелдер жатақхананың балконында жалқау баланың заттарынша шашылып жатыр. Мұздағы ойық секілді шытынап, кейбірі күлпаршасы шыға қираған әйнектер... Ызғырық аралас жел ашық-шашық бөлмелерді еркін аралап, өзімен бірге буда-буда қағаздарды сыртқа қуалауда. Қағаздар әралуан. Оның бірі «Саяси экономия», «Ғылыми коммунизм» деген қызыл бояулы тақырыптармен басталатын студенттердің лекция дәптерлері болса, екіншілері ауылға жазылған хаттар. Ауада қалықтап, аяқ астына түскенде аяныш сезімі ұялап, ішің мұздап кеткендей болады.

Бұл өңірде бұрын-соңды жаз айы болмағандай. Жаңа әзірде ғана себелеп  өткен суық жаңбыр бойыңды қариды. Лай аралас тоғытылған қара су жылғаны қуалап барып, тас арыққа құйылуда. Таздың шашындай әр жерде бір селдіреген шіліктер ызғарға тоңғандай дір-дір етіп, үрпиісіп тұр.

Күдік пен үрей билеген бойымызды әзер игеріп, имене басып ішке ендік.  Сыртқы қос қабат есіктен өте бере көргеніміз дәл маңдай алдымызда «мені көрдің бе?» дегендей дөңкиіп жатқан қоқсық болды. Мұнда да ыбырсыған  қағаз, бұрыш-бұрышты еркін иеленген темір-терсек. Әлдеқайдан газдың иісі сезіледі. Бір кездері қабырғаларға ою-өрнек салынса керек, олар кесіртке терісіндей сыпырылып көшіп кетіпті. Оң жақ дәліз бойынан кішкентай бұйра шаш бала секектеп жүгіріп өтіп еді, артынша-ақ еріншектене тозаң көтерілді.

Еріксіз түшкіріп, жанарымыз жасаурап сала берді. Іштей: «Жатақхана дегеніміз осы екен ғой. Мұнда бақандай бес жыл бойы қалай тұрар екенбіз?» деген ой  қаңтардағы аяздай денемізді қарып өтті. Өз басым «мұндай қоқым-соқымның арасында тұрғанша ауылға қайтып-ақ кетсем ба екен?» деп те ойладым. Бірақ, сана түкпірін жалған намыс қаумалады: «Мүмкін бұл уақытша ғана қиындық болар!» .

Аяғымызды қай бағытқа бұрарымызды білмей, зоопарктегі аңдардай аңтарылып тұрғанымызда  сықыр етіп сол жақ бүйірдегі көкшіл есік ашылды. Одан шыққан бұйра шаш, көзілдірікті, жұқалтаң, аққұба келген жігіт бізді көрісімен екі езуі жайлауға кетіп, жерден жеті қоян тапқандай қуанып сала берді.

  • Бірінші курссыңдар ма? – деді жіңішке де қуақы тілмен. Арамыздағы бой жағынан көк тірейтін жамбылдық Бақытжан:
  • Иә, бірінші курспыз, - деп жауап берді. Оның жауабын елең қылған бұйра шаш болмады, «бері жүріңдер» дегенді ишарамен білдіріп, шаң қонақтаған баспалдақтармен жоғары бастай жөнелді. «Бұл кім, бізді қайтпек?» дегенді үнсіз білдіріп, Мұрат маған, мен оған ернімізді шығардық. Үшінші қабатқа шыққаннан кейін әлгі жігіт оң жақ қанаттағы бөлмеге бұрылды. Маңдайына «308» деген жазуы бар бармақтай қаңылтыр ілінгендігі әзер-әзер көзге шалынады. Ол да бізге мұртынан күліп түрғандай. Бөлме іші... ауылдағы мал қамайтың қора секілді ойран-асыр. Асау айғырды құрықтай алмай қораға қамағанда осындай із қалушы еді, ойыма еріксіз сол жағдай оралды. Бір айырмашылығы, мұнда терезе әйнектері бүтін екен.
  • Сендердің бөлмелерін осы болад. Комендант осыны белгіледі, бірінші курстың бәріне үшінші қабаттан беріледі. Қазір бөлмелереріңді жинаңдар, сәлден кейін «субботникке» шығыңдар. - Осыны пысықтап айтқаннан кейін ол ылдым-жылдым шығып кетті.

Бақытжан шыдамады білем:

  • Өзіңіз кім боласыз? - деп сұрап қалды. Төбелес осы жерден шығып кетер ме екен деп ішіміз мұздап сала берді. Жоқ, бұйра шаш жігіт бұған шамдана қоймады. Жайдарлылығын таныта мырс етті де:
  • Студсоветпін, - деді. Оның кім екенін нақты түсінбесек те, әйтеуір бір шолақ белсенді екендігін сездік.

Ыбырсыған бөлмені жинауға қолымыз жүрмеді. Мұрат сол жақтағы, мен оң жақтағы кереуеттерге сылқ-сылқ отырыса кетістік. Бақытжан бойын көрсеткісі келгендей сорайып терезенің алдына келді. Күздің қыз етегіндей қысқа күні қымқырылып, бірте-бірте қоюлана бастады. Үрейлі жатақханадағы алғашқы түн басталып келе жатты. Іштей қорқынышымыз да жоқ емес. Ауылда жүргенде «Жатақханаға жаңадан келгендерді жоғарғы курстың жігіттері әлімжеттік жасап, ұрып-соғып кететін көрінеді» дегенді жиі еститінбіз. Сол ойыма түскенде бойым тоңазып кетті. Күзгі желдің әсерінен ағаштар шайқалып, саусақша тарамдалған бармақбас бұталар бұлғалаңдап келіп терезе әйнегін сырт-сырт шертіп өтеді. Әншейінде қызықты болып көрінетін бұл көрініс тап қазір тосындау, суық.

  • Егер бөтен балалар бірімізге тиіссе, қалғандарымыз қарап тұрмайық, - деді Бақытжан. Оның сөзін қүптағанымызды білдіріп, Мұрат екеуміз құнжыңдап бас изестік. Бірақ іштей: «Мұрат екеуіміздің бойымыз мынау, шынашақтай ғана, кімге әліміз келер екен. Көк тіреген Бақытжаның да жеме- жемге келгенде бостау. Қалай болар екен?» - деп ойлап, аяқ-қолымды бауырыма жиып алдым. Бөлмеде үш кереует. Көрпе-төсек атымен жоқ. Мұнда қалай ұйықтап шығатындығымызды бір құдайдың өзі білсін.

Осылай, суға түскен тауықтай үрпиісіп отырғанымызда әлдебір қыздардың күміс күлкілері дәліз бойын күмбірлетіп сала берді. Ә дегеннен еріп кетпей, елп ете түспей, әуелі құлағымызды қайшыластық Көңілді күлкінің соңы жылы-жұмсақ әңгімеге ұласты. Бақытжан жылдамдық танытты. Мысық табандап барып есік жақтауынан сығалады  Дымымызды құртып ұзақ тұрды. Мұрат шыдамады, еденде жатқан  ұзын таяқшаны алып, Бақытжанды құйрығынан түртіп жіберді. Ол қыбыжың етті де, жалт бұрылып жұдырығын түйді:

  • Тс-с, орыс группасының қыздары әңгіме айтып тұр! - Мұның тым-тырыс тұрып қалуы бөтен әңгімені тыңдап тұрғандығынан екендігі мәлім болды. «Тыңдаса, тыңдасын» дегендей, біз де іштен тына қалдық. Әрі отырдық, бері отырдық, Бақытжанның бері бұрылуын күтіп ішіміз пысты. Мұрат бағанағы таяғын екінші рет қолына ала бергені сол еді, Бақытжан жүгіріп жетті. Тосын оқиға еститіндей біз де ентелесе қалдық. «Ал, айт» дегенді жанарымызбен аңғартып, Бақытжанға қарасқанымызда, ол иығын көтерді. Ештеңені білмеймін дегені.
  • Өй, сен өзі не істеп тұрдың бағаналы бері, – дедім мен ренішімді білдіріп.
  • Вот чудак! – деді Мұрат та басын шайқап, ана қалқан құлақтарыңды кесіп тастай салу керек қой сенің. -  Істің насырға шауып бара жатқанын сезе қойған Бақытжан жүзін маған аударды да:
  • Саған бірдеме айтайын ба? – деді. «Айта ғой енді, тезірек» дегенді қимылыммен аңғарттым.
  • Дәлізде Райхандар тұр! - Бақытжаннын мына сөзінен жүрегім жарылып кете жаздады. Қалай жүгіре басып дәлізге шыга келгенімді өзім де сезбедім. Шынында, күлімдеген көп қыздың ортасында гүлдей жайнап Райхан тұр. Мені байқаған ол да әңгімесін  доғара қойды. Қыздар тына қалды. Барлығы да айтулы оқиғаға куә болатындай тым-тырыс. Бір мезетте Райханның маған қарай құсша ұшқанын байқамай да қалдым. Келген бойда мені қолымнан ұстай алды.
  •  Қай бөлмеге келдіңдер? - болды бірінші тіл қатқаны.
  • 308-ге.
  • Ал біз 306-дамыз, арамыз жап-жақын екен ғой. Қасыңда кімдер бар?
  • Бақытжан мен Мұрат.
  • Ал менің жанымда Марина мен Нургулка. Тамақ ішкілерің келе ме?- Айналайын әдемі қыздан, сол кезде бір айналып едім. Құлазыған көңілге шиқылдап-шұрылдаған қарын қамы қосылып, мазамыз әбден- ақ қашып отыр еді. Тамақ жайын естігенде Бақытжан мен Мұрат та жымыңдасып қалды.

   Осы күннен бастап Райхан екеуміздің жұрт көзінше жұбымыз жазылмайтын болды. Бойынан үрей шақыра көрінген жатақхана енді, керісінше, жылы ұямызға айналды. Ал менің әдемі қызбен астана төрінде қолтықтаса қыдыруым талай жанарларға қызғаныш құртын түсіргені анық-тын. Автобусқа мінгенде әдемі қызға орын ұсынған жігіттер лажсыздан менің бетіме жалтақтай қарап маған да ысырылып жол беретін-ді. «Мынадай әдемі қыздың жанында жүрген қандай бақытты адам едің, бауырым» дегенді қызғаныш пен құмарлық қатар ұялаған көздерінен аңғаратынмын.

 

***

 

Өзіме әбден таныс болған 306-бөлменің сырлы есігін баяу ғана тықылдатуым мұң екен, арғы жағынан аққу қанатындай сусып басқан дыбыс естілді. Лезде есік ашылып, жібектей жұмсақ балғын білектер мойныма орала кетті. Әлдебір «духидың» тәтті иісі танау қытықтап, бозбала жүрегін беймәлім ұжмақ әлеміне алып бара жатты.

  • Мен сені  қатты сағындым, Муқан – ол құлағымның түбінен баяу  сыбырлап, мойнымнан «шөп» еткізіп сүйіп те алды. Төбедегі төс түйістіріп тұрған қос электр лампысы екі жастың осы бір «ұрлықы» ісін қызғанып кеткендей қылмаң ете түсті.
  • Бір-бірімізді көрмегелі бір-ақ күн болған жоқ па? - деп мен оны еркелете арқасынан сипадым.
  • Мен де сені сағындым. – Өрт-жалындай ыстық лебімен бет-жүзімді шарпып өтті. «Ыстық құшақ, бақыт құшағы әрдәйім де осылай үзілмей, жібектей жұмсақ жолмен жалғасын таба берсе екен» деп тіледім іштей. Еліктің лағындай ғана қыз, титімдей жүрегі мен деп соққан сыршыл да сыншыл қыз менің ендігі өмірімнің жалғасындай болып көрінді. Кешегі түнгі оқиғадан кейін арамызды алтын арқаудай жалғастырып тұрған, нәзік бір сезім жібі үзіліп түскендей болып елестеген де еді. Өкініштен өз жанымды мүжгілегенім де рас-ты. Бірақ, енді оған еш өкінбейтін де сияқтымын. Ағысқа қарсы жүзумен бара бар кешегі ісім екеуіміздің көзге көрінбес сан- қилы сезімізді тіптен де жақындастырып, бір кемеге салып жібергендей.
  • Сен мені алдап кетпейсің, ғой, ә? - Сәбилік үнмен үрейлене сауал тастап  еді, даусы дірілдеп естілді. Денем от табы қайтқан табадағы майдай тоңазып басылды. .
  • Жоқ, олай деме сен, - деп қалай айтқанымды өзім де аңғара алмадым.

Әдемі қыздың қызыл шырайлы әдемі жүзін бойлап әдемі күлкі жүгірді. Әдемі, көздері, бұрынғыдан да әдеміленіп кеткендей болды. Жұмсақ алақандарымен ойнақылана бетімді басты.

.- Сен әлі сәбисің, Райхан. - Менің бұл сөзіме ол жұмсақ жымиып;

  • Мендей сәбиді сүйген сен де сәбисің, - деді. Қос анары дір-дір етіп құшақтай алды.

Оңаша бөлмеде түрлі-түрлі оңаша сырлар шертілді. Райхан Есік қаласында өткізген бейкүнә балалық шақтың қызықты хикаяларын еске алды. Бұған дейін білмей жүріппін, әдемі қыздың. парашют спортынан  үшінші разряды бар екен. Қазір мұнымен айналысуды .қойып кетпті. Мамасы рұқсат етпейді. Бәсе, деймін іштей, Райханның .ширақ та сүйкімді жүрісі оның  жай қыз еместігін аңғартушы еді.

...Әдемі қыз бір сәт мұңая қалды. Моншақтай моп-мөлдір қос жанары кереуеттің аяғына қадальшты.. Әлгіңде ғана ышқынған  ыстық демі басылып, беймәлім сезім іштей тұншықтырып отырғандай. Көжектей бүріскен оның мына түрін аяп та кеттім.

-Не болды саған, - дедім шыдай алмай. Әдемі қызда үн жоқ. Тек енді ғана тынысы ашылғандай, арқасүйер адамын жаңа қөргендей маған жаудырай қарады. Кенет көз ілеспес жылдамдықпен мойнымнан құшақтай алды да, жылап жіберді. Мен аң-таң күйде не істерімді білмей тұрып қалдым. Әлден уақытта ол өзін мазалаған жайды там-тұмдап жеткізе бастады.

-Екеуміз секілді мамам мен папам да бірге жүріпті. Менің папам қазақ, мамам уйгурка. Бір-бірлерін  шын сүйіпті. Олар да он жеті жаста екен. Көп үзамай папам әскерге аттанады. Екі жыл бойы мамам мен папам хат жазысып, хабарласып тұрыпты. Папам әскерден келген соң мамам екеуі отау құрған. Бірақ сол бірінші түннен бастап екеуінің арасы жақсы болмапты. Сол мәселе әлі күнге дейін жалғасып келеді. Папам анамды кінәлайды. «Мен әскерде жүргенде сен басқа біреумен қыдырдың» деп. Осының әсерінен болса керек, папам кейде «зарплатасын» үйге әкелмейді. Мамамды мазалайтыны да осы нәрсе. Менің апта сайын үйге баратындығым да сондықтан. – Ол осыны тас жұтқандай тұтығып әзер айтқан соң тағы да мұңайып қалды. Бойжеткен қыздың осылайша жылауын, шынымды айтсам алғаш рет көруім. Өзімнің де көңілім босағандай болды.

Шыны ұстағандай абайлап, оны қойныма тартып жұбатқан қалпы  кірпігіміз айқасып, ұйқы патшалығына сапар шегіп кете барыппыз...

Таңертең біреу бүйірімнен түртті. Әдемі қыздың жүзі әлем-тапырық.

  • Сабақтан қалдық!- болды оның асып-сасып жүріп айтқан сөзі. Сағатыма қарадым. Инелік қанатындай қалт-қүлт еткен сағат тілі таңғы сегізге таяп қалыпты.
  • Мүмкін үлгерерміз. Тезірек шығайық, – деп асығыс-үсігіс киіне бастадым. Бірақ, амал не, сағаттың нәзік тілі бізді мазақ қылғандай алға «адымдай» басып, сегізден асып бара жатты.
  • Қалып қойдық. Енді асықпаса да болады, - деді Райхан, - сағат онда екінші пара басталады. Енді соған кешікпей барайық. - Жүзіміз тез арада жадырап сала берді. Ақ тамағы бүлкілдеп, сәбилік күлкімен шықылықтаған әдемі қыз да құшағыма қарсылықсыз құлай берді...

Махаббат құшағында мас болған екі жас сағат онда болатын екінші лекциядан да қалып қойды. Түске таяу есік тықылдады. Келген жан досым Мұрат екен. Қасында майға піскен бауырсақтай топ-томпақ өзбекстандық Ағирасы бар.

  • Ғашықтарға, ұйқыбас ғашықтарға сәлем! - деп екеуі де жымиып тұр. Мұраттың көптен бері Ағираға барып жүргенін білетін едім, енді міне, екеуі қозыдай жараса қалыпты. Мұрат факультеттегі бүгінгі жаңалықтарды айта бастады. Кураторымыз Ләтипа есімді әдеміше келген апай еді. Мені сұраған мезетте Мұрат: «Мұқанның тісі ауырып қалды» деп бір өтірікті қонжита салыпты. Апайымыз да асып-саспай: онда ертең «справкісін» алып келсін» деген көрінеді. Мұны естігеннен кейін оны қайдан табамын деп уайымға түстім. Бірақ осы жерде маған көмектескен әдемі қыз болды.

-Қайратты білесің ғой, - деді ол маған сүзіле қарап.

-Иә, - дедім мен, өзіме таныс жігітті есіме түсіріп:

-Білсең, сол жігітте «студполиклиниканың» бланкілері бар. Мөр басылған. Тек бір аурудың атын жазып, толтыру қажет. Ол өзі Сәулешкаға талай мәрте толтырып берді. Егер мен өтінсем, саған да жазады. - Райханның бұл сөзіне қуана-қуана келісімімді бердім.

Кешкі мезгілде анықтама қағазын алу үшін Райхан төменгі қабатта тұратын әлгі жігітке кетті. Мен бөлмеде жалғыз қала бердім. Жалғыздықтан болар адам басын сан-мың ой шарлап өтеді екен. Райханды өзге жаннан қызғанатындығымды енді ғана сезіне бастағандаймын. Көз алдыма Қайрат есімді жоғарғы курста оқитын әлгі жігіт елестеді. Оның ылдым-жылдым қимылы, би кезінде ерсі қылықтар жасап секіретіндігі жанымды мазалай түсті. Бесінші қабаттың балконына отырып алып бар даусымен «Любимая моя, любимая» әнін айтқанда оған қызықпайтын қыз болмайтын. Бір мезгілде Райханның кеткеніне көп уақыт өткендей де болып көрінді. Әрі-беріден соң «Райхан мен Қайраттың арасында мен білмейтін бір байланыстың болуы мүмкін-ау» деген суық ой санамды шарпып өтті. Сол-сол екен, бұдан әріге шыдай алмай, орнымнан атып тұрдым. Жел қуған қаңбақтай жүгіре басып астыңғы қабатқа түстім. Қайрат тұратын бөлменің есігіне келгенде өз-өзімнен іштей іркіліп қалдым. Әлдебір сезім аяғымды тұсаулап қойғандай. «Мүмкін ол анықтама қағазын әлі жаздырып бола алмай жатқан шығар, қазір, сәл күте тұрсам шығып қалар» деп іштей өзімді алдаусыратып қойдым. Екі қолымды қалтама салып, аяғымды әлкес-шәлкес басып дәлізде біраз жүрдім. Сырт-сырт еткен сағат тілі уақыт шіркінді алға қарай жетелеп  барады. Әдемі қызым әлі жоқ. Енді жүрегіме шыңдап күдік ұялады. Аяғымды батыл басып, Қайраттың есігіне қалқан құлағымды тостым. Жым-жырт. Ештеңе естілмейді. Кенет бөлме ішінен әлдекімдер ұрлана сыбырласқандай болды. Жүрегім алқына соғып, демалысым жиіліп кетті. Осының әсері болса керек, есікті қалай жұлқылап ашқанымды өзім де сезбей қалдым. Бөлмеде Райханды қосқанда үщ адам бар екен. Төргі орындықта әлденені жазып отырған Қайрат маған бұрыла қарады. Бұл мезетте Райхан жүзі қызарған Мартбектің шекесін нәзік саусақтарымен ұстап тұр екен. Мұны көргенде төбе шашым тік тұрды. Асып-сасқан Мартбектің жанары Райханға қадалды. Ал Райхан болса қолын жып еткізіп жинап алған қалпы маған қарай ұмтылды. Мен бұдан әріге шыдап тұра алмадым, есікті тарс еткізіп жаптым да, жүгіре басып өз бөлмеме тарттым. Бөлмеге кірер-кірместен артымша-ақ құстай ұшып Райхан да жетті.

  • Муқан тоқта, міне справка. Мартбек ауырып отыр екен. Мен жәй ғана температурасын тексердім, - деп Райхан жалынғандай екі қолын жайды. Онымен тәжікелесіп, сөйлесіп тұруды артық санадым. Оның үстіне, әлгі бөлмедегі Қайраттың жымысқы жанары көз алдымнан кетпей қойды. Райханды көргенде-ақ бар ашуым басқа теуіп, көз алдым тұманданып сала берді. Қалай қолымды көтеріп, оны шапалақпен салып қалғанымды өзім де аңғармай қалдым. Ол мұны әсте күтпесе керек, шапалақ тиген бетін аз-кем ұстап тұрды да, лып етіп орнынан тұрған қалпы менен алыстап кетіп бара жатты...

Сол бір күн көпке дейін есімнен шықпай жүрді. Тіпті өкініштен бармағымды шайнаған кездерім де аз болмады. «Кім біледі, орыс мінезді болғасын, олар мұндайға басқаша қарайтын шығар» деп те ойладым. Соңғы ой ұшқыны мазалаған сайын қатты қиналып жүрдім.

 Оқу корпусында екеуміз бір-бірімізді сырттай бақылап жүрдік. Мені көрген сәтте басқа жігіттің жанына тұра қалып, әдейі байқамағандай сыңай танытатын сәттері де аз болмады. Әрине, бұл жағынан мен де кенде қалып көрген жоқпын. Ол жақындай берсе болғаны өзімізбен бірге оқитын Жұлдызға бір нәрсені сұраған болып «жабыса» қаламын. Биік өкшелі туфлиін шамадан тыс қаттырақ тықылдатқан қалпы ол жанымыздан өте шығады. Оның ашуланып  бара жатқанын анық сеземін. Содан кейін-ақ ішкі жан сарайымның бір көтеріліп қалатынын қайтерсең. Мүмкін, осылайша кек қайтарғандықтан болар. Дегенмен, көп ұзамай-ақ оның әдепкі момақан бейнесі көңіліме қайта оралып, сағына бастаймын. Адамның көңілі дегенді қойсаңызшы.

 Алғашқыда: «Мүмкін екі-үш күннен кейін қайта табысармыз» деген ойымның болғаны да шындық, «Адам баласы болған соң ашуланады, ашуы тарқаған соң қайта достасады» деп апам жиі айтып отырушы еді. Осы ойдың құшағымен жатақхананың төртінші қабатындағы оқу бөлмесіне беттедім. Айтпақшы, баяғы «студсовет» Жарылқап әдемі қызға қоғамдық жұмыс жүктеп, ол енді оқу бөлмесінің меңгерушісі болып тағайындалған еді. Оның бар жұмысы оқу бөлмесін уақтылы ашу, ондағы оқу құралдарының жоғалып кетпеуін бақылау болатын. Әдетте, оқу бөлмесіне сессия кезінде болмаса, жай кездері студенттер көп бара қоймайтын. Мүмкін Райханмен қайта түсінісудің сәті енді түсер деген оймен оқу бөлмесінің есігін аштым. Қаперімді бәлендей бөтен ой жоқ. Ішіне кіріп бардым. Кенет сасқанымнан қалт тұра қалдым. Электр шамдары жамырай сәуле шашқан тып-тыныш бөлмеде ішінде Райхан мен... Мартбек отыр. Екеуінің алдында екі кітап. Кітаптарын шұқшия оқуға тырысқандарымен көңілдері әлдеқайда қалықтап жүргендіктері түрлерінен байқалып тұр. Қызба мінезді емеспін бе, әп-сәтте ашуым шапшып басыма шықты. Бірақ бұларға не істерсің? Райхан мені көріп аң-таң кейіпте Мартбекке бір, маған бір қарап тұрып қалды. Бұрынғы күдігім енді тіпті ұлғая түсті. Мартбек екеуінің арасында әлдебір байланыстың орнағанына еш күмәнім қалмады. Мен кіріп барғанда Мартбек те әлденеден қысылып, қипақтап қалғандай болды. Екі бетінің қызарыңқырап басылғанын да байқап қалдым. Сұсты жанарымды екеуіне төге бір қарадым да, бұрылып шыға бердім. Бойды көрнеген ашу-ызаның әсерінен болар, есікті сілкіп жаптым. Сөтсем есіктің кілті сыртында тұр екен. Еш ойланбастан кілтті екі бұрап, есікті құлыптап кеттім. Есіктен ұзай бергенде арғы жағынан орындықтарды қаға-соға Мартбектің жүгіріп келе жатқаны естілді. Ал текпешекпен жайбарақат қана төмен түсіп бара жатқанымда ол екеуінің қосарлана, «Мұқан, есікті аш, мұның не?» деп жатқандарын анық естідім. «Бұл болмасаң күл болсын» дедім де естімеген сыңай танытып жүгіре жөнелдім...

 

                                                       ***

 

Сызат түскен жердің бүтінделуі әдетте, қиындау келеді. Райхан екеуміздің арамызға түскен сызат та күннен-күнге ұлғая берді. Дегенмен өмірде түскен сызатты бүтіндейтін, жан жарасын емдейтін сәттер болады. Бағыма қарай, сондай сәттің біріне мен де қол жеткіздім...

Бірінші курс студенттерінің бәріне жатақхана комендаты үшінші қабаттан орын бөлген-ді. Өзім бір курста оқитын Жұлдыз есімді қарағандылық құрбым 303-шы бөлмені иемденген. Ал, Райхандар болса, соған барар жолдағы 306-шы бөлмеде тұрады. Лекцияның жайын сұрастырып Жұлдыздарға күнде қонаққа барып қайтамын. Сонда әрдайым өзімше Райханның бөлмесін бақылап қоямын...

Кешкі ақшам мезгілі. Өзіме әбден таныс болған 306-бөлменің жанынан күндегіше өтіп бара жатқанмын. Сөйтсем, бұл жолы бөлме есігі жартылай ашық тұр екен. Бөлме іші у-шу. Әп-сәтте арқам мұздап, басыма суық ой ұялай қалды. Ішкі жақтан қыздардың орысша-қазақша арқын-жарқын сөйлескен дауыстары, жігіттердің де қағытқан күлкілері естіліп тұр. Әлдебір құмарлықтан болар, еріксіз есік саңылауынан сығалай бастадым. Иә, шынында да іште екі қыз, екі жігіт жүр. Жігіттердің біреуі электр шамын жөндеумен әуре. Екіншісі оған көмектескен сыңай танытып, орындығын ұстап тұр. Ал бөлме қыздарының әңгімелері олармен жарасып кеткенге ұқсайды. Өздері көңілді. Әсіресе Райханның екі езуі екі құлағында. Күлген кезде қызыл шырайлы жүзінің тіптен ажарланып кететіндігін көптен бері енді аңғарып тұрғандаймын. Сондықтан да болса керек есік саңылауына «жабысқан» қалпым үн-түнсіз тұрып қалыппын. Мені ең алғаш болып Райхан байқады. Сол мезетте-ақ ол есікті айқара ашты. Сөйтті де балғын білектерімен мойныма оратыла кетті. Не істерімді білмей қаздиып тұрып қалыппын. Амалсыздан қолым оның беліне қарай жылжыды...

 

***

 

  • Заходите! – Маринаның жіңішке даусынан селк ете қалдық. Ол бізге күлімсірей қарап тұр. Әрине, қос ғашықтың қайта табысқанына ол да қуанатын секілді.
  • Шай ішіңдер! – Бұл Нұргүлдің даусы. Оның даусы осылай салқындау естілгенімен, соңында ешқандай да зіл болмайды. Қайта, керісінше, кісі көңілін қимастай қайырымдылық нышаны тұнып тұрады. Қарақаттай мөлдір жанарының өзі-ақ қандай адам екендігін аңғартатындай. Міне, бұлар Райханның бір бөлмелес, әрі жіктері ажырамас құрбылары. Біздің бүгінгі табысуымызға бұлардың ықпалы аз болмаған-ды. Сондықтан мен де оларға өзімнің ақ жүрегімнен шыққан ыстық лебімізді білдіріп жаттым.

Ішкі ендік. Бөлме іші гауһар шашылғандай жайнап кетіпті. Бір электр шамы жанбай қалған екен, әлгі келген электрші жігіттер жөндеп қойыпты.

  • Сен болғанда ғой бұл шамды әлдеқашан-ақ жөндеп берер едің, ал біз болсақ электрикті үш күн бойы шақыртып, бүгін зорға ертіп әкелдік,- дейді Нұргүл мені бұрынғы әдетінше бүйірімнен нұқып қалып. Бүйірім сона шағып алғандай бұлғаң ете түсіп, қайта түзеліп отырдым. Паравозша буы бұқыраған ыстық шәйнекті Марина баппен көтеріп ортаға келді. Райханның өзін де, оның құрбыларын да біртүрлі сағынып қалыппын. Барлыға да сөйлеспеген бірнеше күннің ішінде аққу балапандарынша сұңғақтана түлеп, әсемденіп кеткендей...

Нұргүл жанындағы Маринаға елеусіздеу қарады да, оған көзін қысып қалды. Мінезі аңғалдау Марина болса ішіп отырған шайына шашалып қала жаздады. Сонда да, болса маған білдірмегенсіді. Қолындағы кесесін үстел үстіне қойып, аз-кем ортақ әңгімеге қатысқан болып отырды да:

  • Қой, біз тұрайық. Баратын жеріміз болып тұр, – деп екеуі сыпайылықпен жылжи берді.

Бір бөлме екеуімізге еркін тиді

  • Өткен жолы  қатты ренжідің бе?- Осылай айта бастағаным сол еді, Райхан жұқалтаң алақандарымен аузымды басты. «Бұл тақырыпты қозғамашы»  дегенін айқын түсіндім. Шашымды иіскеп, басымды кеудесіне тосты. Бәрін де ыммен ұққандаймын. Мен деп соққан жас жүректің дүрсілі құлағымның түбінен естіліп жатты...

 

                                                          ***

 

Түсім бе десем, өңім екен. Оң жақ құлағымның түбін әлдебір нәрсе қайта-қайта жыбырлата берді. Амалсыздан ояндым. Сөйтсем таң атып, терезеден бозамық сәуле құйылып тұр. Мені оятқан Райхан екен. Қайдан тауып алғанын кім білсін, қолында тауықтың ақүрпек қауырсыны. Бағаналы бері құлағымның түбінен қытықтап отырғаны сол екен. Орнымнан шапшаң қозғалып, оны құшақтай алдым.

-Лекциядан тағы да қалып қойыппыз –деді ол сыбырлап, - бұдан гөрі  ұрысып қалғанымыз жақсы еді! - Екеуміз де қосыла күлдік.

Үй шаруасына ептілігін көрсеткен Райхан әп-сәтте бөлме ішін жайнатып жіберді. Көп ұзамай-ақ танауынан әндете буы бұрқыраған ыстық шай келді. Гүлді дастархан бетіне сарыдомалақ бауырсақтар шашылып, тәтті-пәтті қойылды. Алыстағы ауылдан қоржынын арқалап анам келгендей мен бір жасап қалдым. Зымыраған уақыт-ай, ауылдан шыққалы бері осылайша  ыстық шай ішпеппін ғой. Айтпақшы, шай дегеніміз бір бөлек, Райханның майыса отырып айтқан әңгімесіне не жетсін!

  • Мен жоқ кезде не туарлы ойладын? – Оның мына сұрағына не жауап айтарымды білмей сасыңқырып қалдым. Шынында мен не ойладым?
  • Сенен басқа кімді ойлаушы едім? – дедім оны алдаусырата.
  • Ал мен сені ұмытқан жоқпын, - деген ол үстел тартпасынан айшықты жазуы бар жұқалтаң кітапты ұсынды. Пушкиннің қазақша аудармасы екен. Мүқабасының бірінші бетіне: «Мұкан сені Жаңа жылмен құттықтаймыз! Райхан, Ерлан Диля, 1985 жыл» деп жазылыпты. Жазуды қазақшалап Райханның жазғандығы көрініп тұр. «Мұқан» дегендегі  «Қ» әрпінің құйрығы түсіп қалыпты. Мырс еттім. Кітаптың өзінен-ақ әдемі қыз себетін жұпар иісті иіссу лебі аңқып  тұрғандай. Ол ерекелей  келіп құшақтай алды.
  • Жазғаным қате емес пе? – деді сосын сыбырлай, - сен үшін қазақша үйреніп жүрмін. Әйтпесе, ертең Шымкентке барғанда қиын болады.
  • Жоқ. Қазақша қатесіз жазыпсың. Жақсы сөйлеп жүрсің. Жаман келін болмайтын секілдісің.

Осы мезетте бөлме есігі ақырындап ашыла берді. Арғы жағынан қара мұрты енді тебіндей бастаған жігіт кіріп келе жатты. Жүрегім мұздап сала берді. Жалт етіп Райханға бұрылдым. Оның ойында түк жоқ. Қараторы жігітті көрсе сала жүгіріп алдынан шықты. Еміреніп бетінен сүйді.

  • Ерлан, хал калай? – деп жік-жікпіріне түсіп, одан хал-жағдай сұрастырып жатыр. Енді жонарқам тоңази бастады. «Менімен араздасқан  сәтте тауып үлгерген жігіті болар» деп ойладым іштей. Осы кезде Райхан әлгі жігітті ертіп келіп:
  • Мұқан, танысып қой, бұл менің інім. Аты – Ерлан, – деді. Мұны естігенде ептеп ыңғайсызданып қалдым.

А дегенде жүрегі көрінетін Ерланның ақ жарқын мінезі кім-кімге де ұнаса керек-ті. Екеуміз ҚазМУ қалашығында жарыса сырғанақ тепкенде оның қос езуінен күлкі айырылмады. Екеуміз әп-сәтте бірге туған бауырлардай өзара тіл табыса кеттік. Бұған Райханның аса қатты қуанғаны сонша Ерланға байқатпай ғана көшенің қақ ортасында тұрып бетімнен шөп еткізіп сүйіп алды.

 

  •  

 

-Ертен бізге алғашқы емтихан. Мен «құлайтын» шығармын. – Дауыл алдындағы гүлдей қауқарсыз күйге енген ол тұнжырып қалды.

-Олай ойлама. Ештеңе ойламасаң өтіп кетесің. Емтихан қай сабақтан болады?

  1.  

-Не, ағылшынша білмеймісің? Мәселен, мен «айлавию», «сенкю» деген сөздерді бұрыннан білемін.

Ол күлкісін көмейінен қайырып, жұмсақ жымиды. Қарлығаш қанатындай қияқ қастары енді болмаса секіріп түсердей үлбіреп басылды. Былбыраған шиедей қып-қызыл топ-томпақ еріндері қуанышты да, қиналысты да бөліспейтіндей. Сол бәз-баяғы қалпы. Дәл жанымда атақты суретші Рафаэльдің «Мадоннасына» пара-пар картина тұрғандай мен оған тамсана қарап қалыппын. Ойға шомдым: «Осыншама сұлулықты иемденген пендеде не арман болады екен? Ал осындай сұлулық иесінің жанында жүрген мына мендей пақырды ше... «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» демекші мен Райханның қадірін біліп жүрмін бе осы?». Соңғы ой санамды инемен шабақтағандай түршіктіріп жіберді.

-Емтиханды беске тапсыруыңа тілектеспін! - Менің бұл сөзіме ол үндемеді. Көңілінде ауыр қорғасын жатқандай қинала күрсінді. Әлдебір айтылмаған сыр бар секілді. Мұны тымық күнгі бұлттай суық тартқан қабағынан, әншейінде жасырынбақ ойнағандай жымыңдап тұратын жанарының күрт солғындауынан аңғардым.

  • Бекмырза емтиханнан өткізбеймін депті, – қарақат жанарынан шөкімдей ыстық тамшы ыршып түсті. Денем мұздап кеткендей болды. Бекмырза деп отырғаны ағылшын тілі пәнінің оқытушысы. Шет тілдер институтын былтыр ғана аяқтаған мұрты едірейген тапалтақ жігіт. Маған соның өлімтік іздегендей тіміскіленіп жүретін жүрісі ұнамайтын. Райхан сәби алақандарымен  жанарын сүртіп әңгімесін жалғады:
  • Екеуміздің әрдайым бірге жүретіндігімізді көріп қалыпты. Сені сұрады кім деп? Содан кейін-ақ оның маған деген көзқарасы өзгерді. Әдейілеп үйіп-төгіп қиын тапсырмалар береді. Онысын орындау мүмкін емес. - Қос қолын ерніне тигізіп мұңайып қалды. Менің жұдырығым түйіліп барып жазылды. Үндемедім. Ішімде сақырлап бір қазан су қайнап жатқандай болды.
  •  

                                               ***

 

Райханның айтқаны келді. Ағылшыннан «құлап» шықты. Бұдан кейін Бекмырзаның тамыр-таныстарын іздеп зыр жүгіруім мағынасыз аяқталды.

  • Не үшін «құладым», түсінбеймін! – Әдемі қыз тілін тістеп егіле жылады. Ағылшынша бір ауыз сөйлей білмейтіндер де өтті ғой. Мамам английскиден сабақ береді мектепте. Мен «разговорный» білемін ғой! – Райханның мына сөзінен кейін қабағым қарс жабылды. «Тым сұлулықтың да адамға пайдасынан гөрі зияны көп болады екен-ау» деп ойладым. Райханды емтиханнан әдейі «құлатқан» Бекмырзаның көкейін не тесіп бара жатқанын айтпай ұқтым.
  • Үйдегілерге не айтам енді? – Оның қауқарсыз үнінен менің де көңілім босап сала бергендей болды. Көз алдыма Ерлік пен Мәділдің  тістерін ақсита күлетін  бейнелері елестеді. Мұны естісе олардың бір айызы қанатыны анық.

Әдемі қызды аялап қана құшағыма қыстым. Ол егіл-тегіл жылап жатты. Бәріне өзімді кінәлі санағандай шарасыз күйге түстім. Егер мен оның  жігіті болмағанда, кім біледі, мүмкін ол емтиханнан өтіп кетер ме еді?..

Студенттер майданына пара-пар болған қысқы сессия да сырғып өте шықты. Көп ұзамай деканат жанындағы тақтаға емтиханға «қарыз» болған студенттердің тізімі ілінді. Бар-жоғы бес-алты студенттің арасында Райханның да фамилиясы жүр. Мұны көру екеуімізге де ауыр тиді. Сол күні Райханның бөлмесінде жарық та жанбады. Нұргүл мен Марина сессия аяқталып, каникуль басталысымен бірі Талдықорғанға, бірі Жезқазғанға тартып отырды. Үйлерінен алғаш рет ұзап шығуы, сағыныш деген қоя ма? 

-Сен қандай бақыттысың! – Әдемі қыз ақырындап ғана шашымнан сипады. Нені меңзеп тұрғанын бірден ұқтым. Иә, мен де қысқы сессияны ойдағыдай тапсырдым. Үштік жоқ, яғни енді стипендия болады деген сөз.  

Студенттер азайып, жатақхана іші біртүрлі құлазып қалғандай. Тырс еткен дыбыс үңгірге түскен тастай жаңғырығып естіледі. Кетік баланың тісіндей болып, бірен-саран бөлмелерден ғана жарық көрінеді. Түннің бір уағына дейін толастамайтын азан-қазан тіршілікке үйренгендіктен болар, жатақхананың мына кейпі көңіліңе әлдебір сағынышы сыздаған мазасыздықты ұялататындай .

-Мен бәрібір айтпаймын – деді Райхан кенеттен дауыстап.

-Нені? –Құлағымды қайшылап елңдей қалдым.

-Құлағанымды. – Абайлап ғана қолынан қыстым. Мұз қарығандай суық боп сезілді!

Ертеңіне жолға шықтым. Әдемі қыз көпке дейін вокзал басында үн-түнсіз қол бұлғап тұрды.

 

  •  

 

Қанша тырысқанымызбен әдемі қыздың жағдайы оң жамбасына аунамады. Деканат та бар мүмкіндігін қарастырып қайта тапсыруға жағдай жасағанымен, Бекмырза сіресті де қалды. Иә, әдемі қызды ол өзіне осындай жолмен бағындырғысы келгендігін айтпай ұқтым. Біз де мүмкіндігінше бұл емтиханнан өтуге тырысып бақтық. Бірақ, «қырсыққанда қымырын іриді» деген осындайда айтылса керек-ті. Ойламаған жерден Мұрат екеумізге әскери комиссариаттан шақырту қағазы келді. Мұрат бұған жымың-жымың етіп қуанып жүр.

-Күзде Думан мен Дидарды әкетіп еді, енді біз де барамыз. Бізден кейін Мартбек, Аманкелді, Мақсат, Женяларды әкететін шығар! – деп қояды. Енді мүмкіндігінше жазғы сессияны мерзімінен бұрын тапсырып кетуге тырыстық. Дегенмен, осы мезгілде бұрынғы деканымыз қызметінен түсіп, жаңа басшы тағайындалып жатты. Қабағына мұз қатқандай жадырауды білмейтін жаңа декан біздің ұсынысымызды қолдамады.

-Жазғы сессия әлі басталған жоқ. Әскерден келген соң тапсырасыңдар! – деді үстелді тоқ еткізіп.

.. .Әскергеи кететінімді естіген Райханда жан қалмады.

-Кеше ғана түсіндім. Осында сен үшін ғана жүр екенмін! –Көптен бері алғаш рет жас балаша еркеледі,- Сен мейірімдісің. Қолыңнан келгенше көмектестің. Мені ойлап уайымдама. Екі жыл лезде өте шығады.

Өз басым әскерге баратындығыма қуана қоймадым. Мен үшін жерұйық осында еді. Студенттік той-думанның уыз дәмін басқаға айырбастағым да жоқ. Бірақ қолдан келер не шара!

Әскерге кететін күн жақындаған сайын екеуміздің жұбымыз жазылмады.

-Бүгін бірге қалаға шығалық,- деді Райхан. Қыс өтіп астана қайтадан жасыл желек тағына бастаған шақ-ты. Қала көшелері құмырсқа илеуінше құж-құж қайнаған көлік. Ары-бері тынбай зымырауда. Райхан екеуміз  Көктөбеге шықтық. Қала үстін ауыр да салыңқы көкпеңбек түтін басқан. Үп еткен самал соқса ғой, шіркін! Сонадайдан маңғаздана көп қабатты «Қазақстан» қонақ үйі бой көрсетеді. Мұны студенттер «басына тәж киген ару» деп атайды. Шынында солай.

-Ұмытпай хат жаз. Формада түскен суретіңді жібер. – Демін ішіне тартып тына қалған көгілдір аспан біздің әрбір сөзімізді тыңдап тұрғандай.

  • Өзің де ұмытпа, Райхан. Байқа, күтем деген уәденді ұмытпа!- Әзілдей айтсам да астары, зілді шықты. 
  • - Мынау саған. – Райхан діріл қаққан қолымен әлденені ұстата берді. Асықпай ашып көрсем, кестелі орамал екен. Мұны қай уақытта кестелеп үлгергеніне таңқалдым. Ән салғым келді:

Балауса қыз едің бі-ір кезде,

Шашыңа ақ бантик байлаған.

Өзгеріп кетіпсің бұл күнде,

Көркіңе көз тастап ойланам... – Райхан да ыңылдап қосылғандай болды.

        - Менің папамның ең жақсы көретін әні. Жүз грамм ұрттаса осыны айтады... – деп ол күлімсіреді, - между прочим сенің жақсы даусың бар, Мұқан.

Ертесіне әскерге аттандық. Райхан ыңырана қозғалған автобусқа көпке дейін қол бұлғап тұрды. Оның жүзін жуа сырғыған тамшыларын жалғыз мен емес жанымдағы жігіттер де байқапты. Еліктің лағындай елгезек те нәзік  қыздың көңіл-күйі бұларды да бей-жай қалдырмапты. Олар көпке дейін маған қызыға да қызғана көз тастап келе жатты.

Автобус тақтайдай тегіс жолға түсіп, ызғыта зымыраған сайын гуілдеген мотор үні көңілге қайдағы мен жайдағыны түсіріп, мұңға батырды. Тағдыр шіркін мені қимас жаннан жұлқи ажыратып, көз көрмеген, құлақ естімеген басқа әлемге әкетіп бара жатқандай. Әдемі қыз, бал татыған күндер енді бірте-бірте сағымға айналатындығын ұқтым. Кірпігімнен ыстық тамшы ыршып түсті. Артыма бұрылып, қала жаққа қарағым келіп еді, бірақ оған дәтім жетпеді. Қолдан келер не қайран, амалсыз бетімді басып, сол күндерге ойша оралуға тырыстым. Бірақ, қолымды ып-ыстық жас жуып сала берді.

«Әдемі қыз, енді қашан, қай жерде, қалай кездесер екенбіз?!».

 

  •  

... Плац ортасына салмақты да зілді, сом аяқтарын тарс-тұрс басып полктың штаб бастығы подполковник Давлетшин шықты да, барлығыңқы даусымен 1-ші Мамыр мерекесіне ораай шығарылған полк командирінің бұйрығын дауыстап оқыды:

  • За образцовое выполнение войнского долга и ревностное отношение к службе сержанту Кисымбаеву предоставить краткосрочный отпуск!
  • Служу Советскому Союзу! – деп айтуым мұң екен, жан-жағымда тұрған жауынгерлер қолдарын ұсынып құттықтай бастады. Әскерге келгеніме бір жыл толыпты. Тау қопарғандай талай-талай қиындықтарды бастан өткердік. Оның қайсыбірін айтып тауысарсың. Балтық жағалауындағы Клайпеда қаласында жүргеніммен, сонау шалғайда сені сағына да сарғая күткен сүйген жанның бар екендігін ойлағанда қиындық дегенің шекілдеуік шаққандай ғана болады екен. Енді міне, сол әдемі қызды бір жылдан кейін көрудің сәті түсіп тұр. «Ол қалай өзгерді екен. Танымай қалмасам жарар еді». Апыл-ғұпыл жиналып, сағыныш жетегіме жолға шықтым...
  •  

Автобекет басында айтақырға түскендей аңырып ұзақ тұрдым. Бүгін келетінімді айтып, жеделхат салғам-ды, алмаған ғой. Әне-міне келіп қалардай көрініп, қылаң еткен адамға көз тігемін. Сүт пісірімдей уақыт өткен соң қолымдағы мекен-жай бойынша «Горький» көшесі қайдасың деп, Райханның үйін іздеуге көштім. Бірақ үмітім алдамапты, Есік өзеніндегі көпірден өте бергенім сол еді, арғы жағынан таныс бейне, таныс жүріс көзіме шалынды. Райхан! Жүрегім кеудемнен шығып кетердей тарс-тұрс етті. Жылтырақ түймелі қара дипломаттың қолымнан қалай түсіп кеткенін аңдамадым. Ол жеңілтек жүгіріп жеткен бойда:

-Мұ-қа-аң, - деп айтуға шамасы келіп, бұрыңғыдай балғын білектерімен мойнымнан құшақтай алды. Өзім тосырқап қалған таныс леп бойымды баурай жөнелді. Жұп-жұмсақ ыстық жүзі пеш қызуындай бетімді күйдіріп барады. Құлыншақтай құлдыраңдаған дене пішімі жыл ішінде-ақ толысып үлгеріпті. Иіссу аңқыған қолаң шашы танауымды қытықтады.

- Сені сондай сағынып кеттім, Мұқан, - оның күбірлей сөйлеген даусы құмығып естілді. Қуаныштан толқып тұрғанын бірден түсіндім. Менде үн жоқ. Сөйлер сөзімді де ұмытып қалғандаймын. Осынау бір кездесуден жан-жүрегім езіліп бара жатқандай.

- Мен де сені сағындым, Райхан! – Қызыл алмадай алабұртқан бетіне тура қарап, қолын ұстадым.

-Ой, қолым, - деп ол тез тартып алды, - ауыртып жібердің!

-Жоға, ауыртайын дегенім жоқ еді, жай ғана ұстағаным ғой, - дедім ақталғандай болып.

-Жай ұстағаның осы болса, қолың темірдей боп кетіпті,- ол әдепкіде бояу жағылғандай қызарып, артынша-ақ көгере бастаған білегіне қарады. Күштілігімді сезініп, оны бауырыма қаттырақ қыстым.

Көпір жиегіндегі әлдебір «мүгедек» орындыққа отыра кетіп, екеуміз таласа-тармаса әңгімелесе жөнелдік.

Айтылар әңгіме де, жалықтырмас жаңалықтар да көп еді. Ең алдымен Райхан мұңдана отырып, өзінің ҚазМУ-ден қалай шыққанын екжей-текжейлі баяндады. Баяғы Бекмырза сол сірескен күйі иілмей кетіпті. Оқудан жалғыз Райхан емес, онымен бірге Нұргүл де шығып қалыпты. Бұдан кейін екі қыз бұл туралы үйлеріне айтпастан жұмыс іздеген көрінеді. Ә дегенде оңтайлы жұмыс қайдан табыла қойсын. Амал жоқ, хатшы қыздарды даярлайтын қысқа мерзімді курсқа келеді. Екі-үш айда оны аяқтап, мамандық бойынша әне-міне жұмысқа кіреміз деп отырғанда 1986 жылдың атақты желтоқсан оқиғасы тұтанып сала береді. Сонау Талдықорғаннан Нүргүлдің мамасы, ал Райханды папасы іздеп келіп, алып кетеді. Оның студенттік жылдар тарихы осылай аяқталыпты. Әрине қуанарлықтай жағдай емес. Бірақ та әдемі қызбен дәл бүгінгі кездескенім өмірімдегі елеулі оқиғаға пара-пар еді.

- Ой, сенің хатың біздің үйде қандай көп, - деді ол кенеттен жымиып, - бір сандық толуға жақындап қалды. Ал меніке ше?

- Сенің хатың да аз емес! – Дипломатымды ашып қолтаңбасы маржандай

әріптермен тізілген хаттарды көрсеттім. Жұмсақ жымиып, көзі күлімдеп сала берді.

- Енді ешқайда кетпеші, - әлдене айтқысы келгендей оқталып еді, аяқ астынан айнып қалғандай болды. Әңгімені басқа тақырыпқа бұрды.

- Мен бағана келетін едім, оған... үйдегілер жібермеді. Олар «телеграмманы» алып, сенің келетініңді біліп қойыпты. Жалпы мамам қатал болып кетті, - жыламсырғандай қабағын бұртитып, жанарын төмен салды, - армияны бітіріп тезірек келші.

- Сосын? – Менің бұл сұрағыма жауап болмады. Қыз сыры тұнған тұңғиық қарақат көздерін төңкере қарады. Қуғын көрген көжектей қойныма тығыла түсті.

Тап іргемізде әзәзіл күлкісімен сыңғырлап Есік өзенін күліп жатты. Алатаудың найза шыңдарына шаншылған қара бауыр бұлттар әлдебір дауылдың лебін сездіргендей бара-бара түнере түсті.

Көктемгі жайма-шуақ болғанымен тоңып кеттік.

 

  •  

 

Күнді күнге жалғап жүргенде екінші жыл да өте шықты. Рас, бұл жылы Райханға хат аздау жазылды. Бәлкім жалқаулығымнан болар. Дегенмен үйге қайтатын уақытты тағатсыздана күтіп жүрдім. Райхан да жиі-жиі түсіме кіретінді шығарды. Түсімде ол әрдайым әлдекіммен қыдырып жүреді. Бірнеше мәрте жүрегім алқына шошып оянғаным есімде.

Мен демалысқа барып-қайтқан соң Райханның өмірінде елең етерлік өзгерістер өтті. Ол қаладағы шет тілдері институтына оқуға түсті. Қазір студент. Мамасы секілді болашақ ағылшын тілінің маманы атанбақ.

Көп ұзамай-ақ, мені әскерден босату туралы полк командирінің бұйрығы шықты. Сол күні-ақ «Қош бол, әскер» деп елге тартып отырдым.

Алматыда мені жайсыз хабар күтіп тұрғанын қайдан білейін. Ұшақтан түскен бойда шет тілдер институтының жатақханасына жеттім. Осындағы жүз он бірінші бөлмеде Райхан тұруға тиіс-ті. Жүрегім толқи есік қақтым. Көпке дейін тықыр еткен дыбыс болмады. «Мүмкін оқу корпусына кеткен болар» деп ойлап, дәліздегі терезе жақтауына жақындай бергенім сол еді, кілттері сықырлап әлгі есік ашылды. Сағыныштын әсерінен асау жүрек дүрсілдеп сала берді. Есікке жүгіріп жеттім. Бірақ, шашы қобырап, өзі манаурап тұрған орыс қызын көргеннен-ақ көңілім су сепкендей басылды.

- Кого искали? – деп ол ұйқысын бөлгенімді жақтырмай дүрсе қоя берді. Сасып қалдым.

- Райхан?

- Балабанова что ли, ее давно отчислили за неуспеваемость.

- А сейчас где она?

- Не знаю... – Бояуы баттастырыла жағылған «кәрі» есік тарс жабылды. Біреу маңдайыма балғамен соққандай тұрып қалдым.

«Мұнысын маған айтпағаны қалай?» деген ой жанымды мазалай берді.

...Телефон тұтқасына жақындай берген қолымды тартып алдым. Райханның үйіне телефон соғуға дәтім жетпеді. Дегенмен, сағыныш дерті меңдеген сайын тамақтан да қала бастадым. Енді шыдамым жетпеді. Телефон нөмерін ызалана тере бастадым. Бағыма қарай, телефон тұтқасын Ерлан көтерді.

- Сенбісің, Мұқан, - ол менің даусымды бірден қапысыз таныды,- Райханды өзіміз де таба алмай отырмыз. Бір айға жақындап қалды. Сен де білмеймісің оның қайда екенін? – Даусынан айрықша таңданыс нышаны сезілді, - егер көрсең айтшы, оқудан шығып қалғанына мамам ұрыспайды, үйге келсін!

- Жарайды!- Телефон тұтқасы қолымнан сылқ етіп түсіп кетті. Көңілім одан бетер мазасыздана түсті. ҚазМУ қалашығына келіп, бұдан екі жылғы бұрынғы жазғы сессия сынақтарын әуперіммен көңілсіз тапсырып жаттым.

- Түнімен дайындалып көз ілмегендікі болар, келесі сынақ емтиханын тапсырып келіп шаңқай түс кезінде ұйқыға бас қойған болатынмын. Әлдекім ақырын ғана басымнан сипады. Қолын қағып жібердім. Қалжыңқой жігіттер болар деп ойлағам-ды. Әлгі қол ақырын ғана тамағымнан сипады. Көп ұзамай бетімді күйдірердей ыстық леп жақындай  түсіп, ернімді шөп еткізді. Көзім шайдай ашылды. Төсегімнің басында күлімдеп Райхан тұр.

  • - Рай-хан! – дедім бар даусыммен. Қапсыра құшақтай алдым Арада бес минут та өтпелі.Ол мазасыздана бастады.
  • Жатақхананың жанында папам күтіп тұр, машинамен. Қазылған арықтан өте алмадым. Мені үйге алып кетпекші. Бағана кетіп қалатын едік. «Маринада құжаттарым қалып қалды» деген соң папам амалсыздан осында бұрылды. Бұл жай, сені көрсем деген сылтауым еді.
  • Әскерден келгеніңде өткенде есітгем.
  • Өзің қайдасын? Мен сені іздедім ғой!
  • Ол ұзақәңгіме Мұқан. Қазір менің кетуім керек. Әйтпесе папам келіп қалады. Менің үйге барғым келмейді.
  • Енді қайда барасың?
  • Осындағы бір квартираға, снимать етіп жатырмын.
  • Мен де барайын! –Бұл ұсынысыма ол аздап тосылыңқырап қалды да, артынша-ақ онда тезірек киін – деді.

Жау тылындағы партизандар секілді жатақханадан сытылып шықтық.

ҚазМУ қалашығының саябағын қиып өтіп, Тимирязев көшесіне келдік. Ұзамай жол бойына тоқтаған жеңіл мәшинеге отырып, қоршаған «қауіп- қатерден» біржолата құтылдық.

  • Ағылшын тілін оқу қиынға соқты - Райхан ересек адамдар секілді ағынан жарылды, – ҚазМУ-дегідей емес, мұнда оқу жүйесі қиындау екен. Сен келерден бір ай бұрын оқудан шықтым. Қазір мына жердегі бір кемпірдің үйінде тұрып жатырмын. Баласы тастап кетіпті, мені қасына серік қып алды.
  • Енді не істемек ойың бар ?- Бұл сауалғаи ол көп ойланбады. Скоро ҚазМУ-дың философиясына тапсырам.

Менде ақыл айтатындай шама жоқ еді. Не болса да ақырын күтуге тырыстық. Күнден осы көше бойындағы орындықта кездесуге келістік.

  • Хозяйкаға көрінбей-ақ қой, – деді Райхан, - ол бөтен адаамдарды ұнатпайды.

 

  •  

 

Жазғы сесиямды сәтті тапсырдым. Соңғы емтиханын шыққан соң әуежай маңындағы көлге шомылуға бардық. Көл беті тып-тымық. Көлбеңдеген күн сәулесі көз қариды. Айналадағы шоқ-шоқ ағаштар көлге түсіп кетредей төне қалыпты.

  • -Көптеген бері демалып тұрғаным осы шығар, - шашын ақырындап сиапп, еркін тыныстады, – маманың мінезі өте ауыр. Қазір барғаныммен тыныштық бермес. Әрі уақыт өтсін.
  • Меніңше үйге барғаның дұрыс, Райхан, –дедім салмақтай сөйлеп,- қанша дегенмен ата-анаң ғой.

Су салқындау екен. Бір-екі сүңгіген соң қалаға қайттық. Райханды пәтеріне дейін шығарып салғым келді. Әдепкіде ол әжептәуір қарсылық танытты. Бірақ, мен ырықтап қоймаған соң көнуге мәжбүр болды. Ойымда дәнеңе жоқ, оның пәтеріне шейін жақындап бардым. Қимастықпен бетінен бір сүйіп, енді қоштаса берген мезгілде үйден ұзын бойлы қара жігіт шыға келді. Ол да таң-тамаша болып бізге қарады. Ал Райхан болса, көзі шарасынан шыға не істерін білмей сасқалақтап қалды да, бетін басқан қалпы теріс айналып кетті.

  • Сен кімсің ?- қара жігіт дүрсе қоя берді.
  • Өзің кім боласың?
  • Мен Райханның күйеуімін.

Мына сөзді естігенде есімнен танып қала жаздадым. Түк түсінбеген қалыпта Райханға бұрыла бергенім сол еді, ол үйге қарай жүгіре жөнелді. Әлгі жігіт екеуіміз енді болмағанда үлкен айқасқа шыққалы тұр едік, пәтер иесі келіп араша түсті.

  • Біреудің  әйелінде нең бар, қалқам Жөніңмен жүрсейші. Ол екеуі тату- тәтті тұрып жатыр. Басқа қыздар да жетелді ғой. Бар, бара ғой, қалқам, әйтпесе мелиса шақырам, – кемпір осыны айтып, пәтерші жігітті жетелеп үйіне кетті. Маңдайымның алдынан тарс етіп қақпа жабылды.

Тұла бойым қалшылдап қақпа сыртында ұзақ тұрдым Бұл менің өңім емес түсім секілді. Қас қарайды.

Үйден ешкім де шықпады.

Арада бір аптадай уақыт өткен соң Райханнан хат алдым:

«Саған айтуға батпадым, Мұқан. Тағдырдың маған ұсынған жолы осы секілді. Әрі папам да, мамам да Алматы облысына тұрмысқа шыққанымды қалаушы еді. Болаттың ата-анасы үйге барып, құда түсті.

Болатпен ниститутта бірге оқыдым. Оқудан шығып қалғанымда ол өзі тұрған пәтерге орналыстырды. Әдепкіде оны аса ұнатпасам да мен байғұста басқа баратын жер қалмады. Сен әскердесің. Мені дұрыс түсін. Райхан».

Көзімді жұмдым. Ащы жуа жегендей ыстық жас жүзімді жуып кетті. Айлы түнде, адасып бара жатқандай күй кештім.

«Бақытты бол»! дедім  күбірлеп. Менде басқа қандай тілек болсын...

 

  •  

 

... Көш керуендей тізіле көптеген жылдар өтті. Бәрін де ұмытуға тырыстым. Отбасын құрдым. Әйтсе де, алғашқы сәби махаббатын сыйлаған Райханды ұмыту мүмкін емес екен. Көңіл толқыса оның нәзік даусымен әуелете айтатын «Ақ бантик» әні оралады.

Әдемі қыз. Ол туралы хабарды оқтын-оқтын болса да естіп тұратынмын. Болатпен ұзақ тұрмыс құра алмапты. Алты жасар баласымен әкесінің қолында тұрып жатыр деп есіттім бір рет. Одан кейін... қайғылы хабар жетті... Тіпті айтуға ауыз да бармайды екен, әйелі қайтыс болған әлдебір егде жастағы кісіге ұзатылыпты. Әрине, өз ықтиярымен емес. Мамасы осылай ұйғарыпты. Бірақ бұл оқиғаның арты мәңгілік орны толмас қайғыға ұласады деп кім ойлаған. Ол кенеттен тоққа түсіп, қайтыс болыпты...

Оның қыз күніндегі, сол бір әдемі қыз қалпындағы суретін әрдайым аялап ұстай бергім келеді. Топырағың торқа болсын, Райхан!

Осы жазбамды саған арнадым. Сен енді мәңгілік өмір сүресің!..

 

  

 

 


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: