Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ПРОЗА
Айғаным білімге қанат жайған күн

Блогтар

30.11.2017
6486

Айғаным білімге қанат жайған күн

Айғаным білімге қанат жайған күн

Айғаным білімге қанат жайған күн

       Ұлттық кітапханаға жұмысқа орналасқан кезім. Студент кезімізде талай есігін ашқан, сессия, семестр кезінде күні бойы отырып, өздігімізден ізденіп, білім қоржынымызды толтыруға мүмкіндік берген қасиетті мекен. Небір атақты ақын-жазушыларымыз аяқ басқан құтты мекен. Осындай қара шаңырақта жұмыс істеу мен үшін үлкен мәртебе. Мені жұмысқа қабылдаған сол кездегі Ұлттық кітапхана директоры Бердіғалиева Роза Аманғалиқызының көмекшісі Күләш Аязбекқызы да бәрін түсінікті тілде айтып өтті. Сол жылы жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 150 жылдық мерекесі республика бойынша кеңінен аталып өтіп жатқан кез.Осы мерекеге орай  мен орналасқан оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Канахина Сағира Төлегенқызының  басшылығымен кітапханада алғаш рет кітапханашылар сайысын өткізу жоспарланды. 10-15 шақты кітапханашы күнделікті Жамбыл атамыздың өмірбаянынан бастап, жырларын, айтыстарын оқып, дайындық үстіндеміз.                                                         

       Сайыс өтетін күн де келіп жетті. Сайысқа қатысушы барлық кітапхана-шылар ұлттық киім киіп, мерекемізге ерекше сән беріп, әр бөлімнің меңгерушілерінен құралған әділқазылар алдында жарысымызды бастап та кеттік. Сайыс 3 бөлімнен тұрды. 1-ші бөлім – Жамбыл атамызға арнап қойылған үлкен тақырыптық көрме. Тіл байлығымызды көрсетіп баяндап шығу. Өзім тіл маманы болғандықтан, оның үстіне сол жылдары айтыс өнері дүрілдеп сахнаға шығып, Мұхамеджан Тазабеков сияқты талантты жастар таныла бастаған кез, жанұямызбен айтыстың жанкүйеріміз. Әдемі әдеби тілмен көрмені баяндап, тыңдарманға жеткіздім. «Көңіл қойып тыңдағандарыңызға рахмет!» - деп демімді алдым. Ду қол шапалақтан көрмені таныстыру сынынан  сүрінбей өткенімді сездім. Екінші бөлім  – Жамбыл шығармасына арналған сұрақтар жазылған билеттерге жауап беру. Дайындалғанымыздың арқасында оған да мүдірмей жауап бердім. Үшінші бөлім – кітапханашы мен оқырман арасындағы кездесетін күтпеген, кикілжің жағдайлар, одан шығудың жолдары, ол да билет түрінде жазылған, өзіңнің жауап, ұсыныстарың. Маған Елбасымыздың жаңадан шыққан «Ғасырлар тоғысында» кітабын оқырманға қысқа түрде таныстырып шығу билеті келді. Ұлттық кітапханаға жаңадан келіп түскен қазақша кітаптардың барлығы біздің бөлім арқылы өтетіндіктен, оның үстіне өзіміз кітапханашы болғандықтан әрі Елбасымыздың туындысы, әрине, бес саусақтай білеміз кітапты. Сайыстың бұл сынынан да ойдағыдай өттім.

       Бәріміз қазылар алқасының шешімін күтудеміз. Жүлделі үш орын. Бірінші орынды Жайнагүл екеуіміз бөлістік. Сөйтіп, кітапханада алғаш ұйымдастырылған сайысымыз көңілден шығып, соңынан мерекелік дастарханда меңгерушіміз Сағира Төлегенқызы сайысқа қатысқан барлық кітапханашы қыздарға рахметін айтып, ризашылығын білдірді. Көрермен ретінде қатысып, сайысты бастан-аяқ бақылаған «Заман-Қазақстан» газетінен келген тілші газетке көлемді мақала жазды.

       Күзге қарай Жамбыл мен қазіргі Достық көшесінің қиылысында Жамбыл атамызға ескерткіш ашу құрметіне қатысуға кітапханадан Маржан екеумізге бару бақыты бұйырды. Ескерткішті ашуға президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы келеді екен. Маржан екеуміз жиналған халықтың алдына таман барып, күтіп тұрмыз. Міне, президентіміз де келді, қасында Сара Алпысқызы және қызы Әлия. Күткен халықпен қол беріп амандасып келе жатыр, мен де қолымды созып үлгердім. Қолынан денеме жылу тарағандай, соншалықты қуатты, жігерлі энергия өн бойымды шарлап өткендей болды. Міне, ел бастаған Елбасымыздың күш-қуаты қандай!!! Қуанышымызда шек жоқ, жұмыстағы қыздарға келіп айтып жатырмыз ғой, Бекжан апай: «патша ғой, патшамыздың желі, ұшқыны ғой саған әсер еткен, бір жақсылық болады, әумин!» - деп бата жасап тастады. Айтқаныңыз келсін!

       Әртүрлі тақырыптағы көрмелер ұйымдастыру, атақты ақын-жазушылар-мен кездесу - кітапхана ішкі өмірінің оқырмандарға көріне бермейтін қымқуат тіршілігі- үлкен өндіріс орнындағы қайнаған еңбектен бір кем емес. Мұхтар Әезовтың 100 жылдығына арналған кітапханашылар сайысы да керемет өтті. «Еңлік-Кебек» спектаклінен шағын қойылым көрсеттік. Мен аяғымның ауырлығына қарамай қатысып, қыздардың қасында болдым. Сайысқа қатысқан барлық кітапханашы қыздар халықаралық Д.Қонаев атындағы қордан сыйақы алдық.«Апай қыз болса, есімін Еңлік қойыңызшы!» - деген қыздардың айтқаны келіп, өмірге үшінші балам, қыз бала келді. Бірақ есімін Айғаным деп апасы қойды. Сөйтіп, мен бала күтіміне байланысты демалысқа шықтым. Иә, «балалы үй-базар» деген рас, «балалар бір-біріне қарап өседі» деген сөздің де жаны бар. Үлкен екі балам, үлкен дегенде, жеті жастағы, мектеп есігін енді ашқан қызым Айгерім мен бес жасар Амангелді арттарынан ерген Айғанымға ерекше ықлас танытып, айналып-толғанып жүр. Мен Айгерімнің мектептегі жиналысына барып келгенше, Айғанымға Амангелді қарайды, қарындасының жаялықтарын шаюды да ұмытпайды. Негізі, бала тәрбиесі толықтай анасының қарауында болғандықтан, аналарға үкімет тарапынан бар жағдай жасалып, жөргекпұлы да тиісінше деңгейде төленсе, кәне. Анда тартсаң анда жетпейді, мында тартсаң мында жетпейді дегендей, сол жылдары кәдімгідей қиыншылықтар болды. Жалғыз біздің отбасымыз емес, жалпы халықтың тұрмысы жүдеу болғаны шындық. «Жығылғанға- жұдырық», жолдасымның жұмыс істеп жүрген құрылыс ұйымы Астананы салуға көшіп кетті де, жұмыссыз қалып, отбасын асыраудың жолын таба білмей, ащы суға беріліп, әлсіздік танытқан, жанұяның берекесін кетірген балаларымның әкесінен ажырасуыма тура келді. Қадіріңді білмеген адамнан дер кезінде кеткенде де дұрыс, негізі. Әке-шешеме, бауырларыма рахмет, балаларым өскенше көмектесіп, тағдырдың маған салған ауыртпалығын аз да болса жеңілдетуге жәрдем бергендеріне.                            Сөйтіп, былдырлап тілі шығып, бәріміздің сүйіктімізге айналған кішкентай қызым Айғанымға кітапханада жұмыс істеп жүргенде, қалай президентімізбен амандасқанымды айтып, сен сол кезде ішімде едің деген сөзім есінде қалған, Елбасымызды теледидирдан көрген сайын «ол-менің папам» деп айтып жүрді. Періште жүрегімен Елбасын өзіне әке ретінде таңдап алды.

       Үш баламмен Қаскелеңдегі ата-анамның үйінде тұрып жатырмыз. Қалаға қатынап жұмыс істеуге алыс болғандықтан, Ұлттық кітапханадан жұмыстан шығып, «Сандуғаш» балабақшасына бала күтімімен демалысқа шыққан келіншектің орнына тәрбиеші болып жұмысқа орналастым. Айша Омарқызы екеуміз бір жарым, екі жастағы балалар тобының тәрбиешісіміз. Айғаным да жанымда. Таңертең, қысты күні күн шайдай ашық, қарлы Алатауымыз көзтартарлықтай көріністе сурет болып өзіне еріксіз баурайды. Бұл көріністен көзалмаған кішкентай Айғаным да «мама тауға барайықшы» дейді. Биікті аңсайды, көргісі келеді. «Құдай бұйырса барамыз, ботам!» -деймін мен. Балаларыма айтқан осы сөздерім қатты естерінде қалыпты, «ылғи сөйтіп айтушы едіңіз» - дейді ғой қазір...

       Айғаным мектепке барады. Елбасымыз оқыған Абай атындағы мектеп. Директоры – Нағима Сағатқызы. Бастауышта білімнің ірге тасы мықты болуы үшін баланың мықты ұстаздан білім алғаны дұрыс. Жарқынайды бәрі мақтайды, мен де Айғанымды Жарқынайдың сыныбына бердім. Қателеспеппіз, Айғаным бастауышта жақсы білім алды. Әрине, өзім де екі ай жұмыстан шығып, мектепке апарып, алып келіп, сабағын қадағалап, қызыммен бірге өзім де оқушы болуыма тура келді. Дегенмен, балалардың ой-өрісі заманына қарай ма деймін, туған күндерінде бір-біріне тілек айтқанда, «айдағаның – джип машина болсын, ақшаң көп болсын» дейді . Міне, елімізге келген нарықтық экономика туғызған осындай ұрпақ өсіп келеді. Бай болсын, әрине, қай ата-ана баласының бай болғанын жек көрсін, тек еліне пайдасы тиетін байлық болса, нұр үстіне нұр!

       Айғаным 5-ші сыныпты Алматыдағы Шона Смаханұлы атындағы №62 мектеп-гимназиясында жалғастырды. Әпкем Шолпанның қызы Гаухар Алтын белгіге бітірген мектеп. Директоры- Атығай Бүркітбайұлы. Бастауышты үздік бітірген қызым, 11 жылдықты қызыл аттестатпен аяқтады. Қазіргі уақытта грантпен Қытай университетінде нанотехнология мамандығында білім алып жатыр. Ақиық ақынымыз Мұқағалиды көрген Оразақын Асқар ақын ағамыз өзінің өлеңдер жинағы кітапшасын «Айғаным, ұнайды маған білімге қанат жайғаның» деген қолтаңбасымен сыйға тартқан еді. Қазақ ырымшыл халықпыз ғой. Қызым Айғанымға тілеген ақын атамыздың айтқаны келсін! Әпкесі мен ағасының арқасында, бәріміздің үмітімізді ақтап, елімізге мықты маман болып оралып, өмірден өз орнын тапсын. Біз саған сенеміз, Айғаным! Білімге жайған қанатың талмасын! Аспан асты елінен еліңе пайдасы тиетін өнер, білімді үйреніп, іске асырсаң анаңның еңбегінің жанғаны!

     

 


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: