Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

Блогтар

18.11.2017
7516

Айымгүл

Желді күні сабағынан дір-р-р етіп үзіліп түсіп, көкке ұша жөнелген жап-жасыл жапырақ боп елестейді ол маған.

Жер бетін он тоғыз-ақ жыл мекен еткені болмаса, ол өмірді сүйетін. Менің мұңнан арылмайтын өлеңдерімді оқып отырып: «Осы қызыл-жасыл әлемдегі қоп-қоңыр түсті сен қайдан көріп қала қоясың?» деп кінәлаушы еді.

Жер бетіндегі пенделік пен арамдық-қулық атаулыны жүрегіне жуытпаған күйінде о дүниеге озды ол. Менің аяулы досым Айымгүл...

***

Бізді табыстырған студенттер жатақханасы еді. Төртінші қабаттағы ең шеткі екі бөлмеде «іргеміз жарасқан» көрші болдық. Түнімен сырнайлатып-кернейлетіп, таң ата жастыққа бас қойып, тәтті ұйқының құшағына енді ене бергеніңде, сыңғырлаған бір күлкі құлағыңды қытықтайтын. Көрші бөлменің қабырғасын тесіп өтіп, құлағыңа жеткен күлкінің иесі аздан соң есікті қағатын: «Қызда-ар, тұрыңдар!».

Асылында, тым асығыс, бір нәрсеге үлгере алмай қалатындай шапшаңдатып жүретін жандардың ғұмыры ұзақ болмайды, - дегеннің жаны бар ма, кім біледі? Ол да «оттан көйлек кигендей» бәріне үлгеруге, бәрін тездетіп аяқтауға асығатын. Бір бақытқа жете алмай қалатынын жүрегі сезген шығар...

 

***

Жатақхананың ішін гу-гу әңгіме кезіп кетті: Айымгүл екіқабат екен! Күні – түні жанында жүрген біз ол сөздерге күлдік те қойдық. «Айдан ба, Күннен бе?». Мүмкін балалығымыз шығар, күннен-күнге толысып, іші біліне бастаған құрбымыздың шынымен аяғы ауыр екенін сол кезде қалайша аңғармағанымызды ойласам, өзіме әлі күнге өкпе артамын.

- Қыздар, мен дәрігерге баруым керек секілді. Ішкен-жегенімді құсатын боп жүрмін, әрі ішім де ісіп барады, - деп Айымгүлдің өзі әңгіме бастады бірде.

- Айым, сен тек ренжімеші, әйтпесе сені екіқабат екен дегенді айтып жүрген біз емеспіз, - деп жамырадық та қалдық.

Ол баяғы сол сыңғырлаған күлкісіне салды да: «Кімнен жүкті боламын, ешкімге жақындаған жоқпын ғой» деп үрейлене көз салды бізге. Сол кезде атамның бауыр ауруына шалдығып, ішкенін құсқаны, әрі іші де екіқабат әйелдің ішіндей боп ісіп кеткені есіме түсіп, «Мүмкін сенің бауырың ауырып жүрген шығар. Менің атам да солай ауырған. Сен дәрігерге көрінуің керек» дедім. Жақындарының жанына тек жылылық шашып, үнемі күліп, үнемі әзілдеп жүретін құрбыларын жамандыққа қимады ма, екі бөлмедегі алты қыз бір ауыздан Айымгүлдің бауыры ауырады деп шештік сол күні.

Бірақ ол дәрігерге бармады. Біздің бірге барайық деген ұсынысымызға да үзілді-кесілді қарсы шықты. «Жазғы каникулға да аз уақыт қалды ғой. Біржола демалысқа шыққасын емделермін».

Қай бір еріккенімнен ойлап тапқанымды білмеймін, күнде кешкісін Жайықтың бойында жаяу жүгіретін «жаман» әдетім болды. Және ол жүгірулерге Айымгүлсіз аяқ баспайтынмын. Екеуміз жүгіріп-жүгіріп, әбден қалжырап, Жайық бойын жағалай орналасқан теректердің түбіндегі орындықтарға отыра кететінбіз. «Өлең оқышы» дейтін ол басын маған сүйеп. «Мұңды болса да, сенің өлеңдеріңді жақсы көремін». Онсыз да өз-өзіне сыймай жүрген жанға солай дегесін не жорық, Фариза мен Жұмекеннің, Мұқағали мен Тұманбайлардың өлеңдерін бірінен соң бірін жатқа оқи жөнелетінмін. Өлеңге әбден еніп кеткенде қас қарайып қалғанын енді байқап, орнымнан тұра бергенде көретінім бетін тарам-тарам жас жуып отырған оның бейнесі болатын.

«Мен өліп қалатын сияқтымын», - деп күлімсірейтін сосын. Бетін жуған бұршақтай тамшыларды құлатқан жанарынан өмірге деген құштарлықтың оты шарпып тұратын. «Өліп қалатын сияқтымын. Өзімнен қорықпаймын-ау, інімді қимаймын. Оны қатты жақсы көремін. Менсіз жалғызсырайтын шығар...».

- Сен де қайдағыны айтады екенсің, Айымгүл? Жүр, кеттік, -деп әрі қарай әңгімесін жалғастырмай, жетелей жөнелетінмін.

***

Оның жағдайы көз алдымызда нашарлай берді. Іші өскен үстіне өсіп, қол-аяғы ісіне бастады, қара судан өзге тамақты талғажау етпеді. Бірақ біздің көңілімізге сонда да күдік кірмеді-ау.

Бір демалыста бөлмелес қыздардың бәрі ауылдарына кетті де, Айымгүл екеуміз қалдық. «Бүгін жүгірмей-ақ қоялықшы. Ауырып отырмын» деді ол. «Ішімде бір нәрсе бүлкілдеп барады». Құрсақтағы нәрестеге жан біткесін, қозғалатынын қайдан білейін, «Бауырың ісіп, ішіңе сыймай жатқан шығар» дедім. Ол үнсіз бас изеді. Сол күні екеуміз де көңілсіз болдық.

Бұл Буланованың зарлы әндері сәнде жүрген кез еді. Тым-тырыс қалпымызда Таняның әндерін тыңдап жатып, көзім іліне бергені сол, біреу түртіп оятты. Айымгүл екен. «Саған бірдеңе айтайыншы».

- Не болды, - дедім мен ұйқымнан оятқанын жақтырмай қалып.

- Есіме қайдағы-жайдағылар түсіп отыр.

- Ал...

- Бірде ауылдан келе жатып поездан түсіп, жатақханаға таң алдында жалғыз келуге қорықтым да, ауылдас таныс жігітпен бірге соның үйіне бардым.

(Үні құмығып шықты).

- Енді...

- Әбден жол соғып, қалжырап ұйықтап кеткен екенмін, біреу езіп, жаншып жатқан сияқты сезімнен шошып ояндым. Көзімді ашсам, әлгі үйіне ертіп келген ағам ернімнен қадалып сүйіп жатыр екен. Жанталасқанымды білемін. Жаным қысылып, білегінен тістеп алып едім, көзімнің оты жарқ ете түсті. Оянсам, күн едәуір көтеріліп қалған екен. Қол сөмкемді алдым да, жатақханаға келдім. Содан үш күн бойы қызуым түспей қойды. Ауруымның бәрі сол күннен басталған сияқты.

- Сонда ол сені зорлады ма?

- Білмеймін...

- Айымгүл, біз бәрібір дәрігерге баруымыз керек.

- Ақша жоқ қой. Қазір оларға жолап кетсең, зықыңды шығарады. Мүмкін мен рак па, немене, сондай бір аурумен ауыратын шығармын.

- Қайдағыны айтпашы, ертең ауылға телефон соғып, апамнан атама қандай дәрі бергендерін сұрайын. Бұл осыған дейін ойыма қалай келмеген?

- Жарайды, ұйықтайық.

Көзім жұмылса кәне. Есімді енді біле бастаған кезімде атамның осы бір жаман аурудан қайтыс болғаны есіме түсіп, «Айымгүл де сүйтсе қайтем...» деген жебір ой жаныма маза бермеді.

***

Ертесі сабақтан шыға сала телеграфқа барып, ауылға телефон шалдым.

- Апа, - дедім, - осы атамның бауыры ауырғанда қандай дәрі беріп едіңдер?

- Ол неменеге? Бауырың ауырып жүр ме?

- Жо-о-оқ. Жатақханадағы құрбыма керек.

- Дәрігерге көрінбей ме? Олай жұрт айтқан дәрілерді іше беруге болмайды ғой. Мүмкін ауруы басқа шығар.

- Жоқ деймін, апа. Тап атам секілді ауырып жүр. Құсып және іші өсіп барады. Ішімде бір нәрсе бүлкілдейді дейді.

- Не дейді? Екіқабат боп қалып жүрген жоқ па сорлағанда? Ол қызбен қандай жақындығың бар, жанында жүрсің бе?

- Иә. Міне, қазір де қасымда тұр.

- Қарағым-ау, қандай адамдардан дос болып жүрсің? Сол жатақханаға бекер жатқызған екенбіз сені.

- Туу, апа, қайдағыны айтасың. Аяғы ауыр емес! Тіпті жігіті де жоқ.

- Іші өсіп әрі бүлкілдеп жүрсе, ішкенін құсып жүрсе, ол анық екіқабат!

- Содан басқа не білесің? Дәрігер деген атың бар емес пе? Айтшы, атамның дәрісінің атын.

- Ол қыздың анасы біле ме бұл жайтты?

- Біледі ауырып жүргенін. Аяқтары да ісіп кеткен. Кеше ауылға барғанда анасына спиртпен аяғын сипатыпты.

- О, құдая тоба. Енді қайттік?

- Нені қайтеміз, апа? Айымгүлдің де ауруы жаман ауру ма сонда?

- Жоқ, сол бала бар шығар ішінде.

Дәріден хабары бар деп үміттеніп телефон соғып отырған адамымның екіқабаттан басқа ештеңе айтпағанына жыным келіп, тұтқаны қоя салдым.

- Жарайды, Айымгүл, кеттік. Апам ол дәрінің атын ұмытып қалдым дейді.

Екеуміз Жайықты екі құрлыққа бөліп жатқан көпірдің үстімен жатақханаға жаяулатып келеміз. Жан құрбымды қайдағы бір жүргіш қызға ұқсатып, екіқабат етіп қойған шешеме деген өкпем қара қазандай.

***

- Мен ертең ауылға кетемін. Анама ауруымның асқынып бара жатқанын айтып, ақша сұрамасам болатын емес. Жүріп-тұруым қиындап барады.

Бөлмесіне кіргенде, күнделік жазып отыр екен. Дереу дәптер, қағазын жинап ала қойды.

- Бүгін топтағы қыздарға айтып едім, өлетінім жайлы. Бірі сөмкемді, бірі белдігімді, бірі тонымды сұрап күлкіге айналдырды.

- Айымгүл, сен өлмейсің. Сен әлі жассың. Ағзаң да анау - мынау ауруға төтеп бере алады. Ондай сөздерді айтпашы.

- Өз-өзімді алдағым келмейді. Бір құдірет маған осы сөздерді айтқызатын сияқты. Бүгін университеттегі құрбыларыммен іштей қоштастым. Оларға қызығамын. Олар әлі өмір сүреді. Мен жұмаққа баратын шығармын, иә?

Солай деді де, баяғы сыңғырлаған күлкісіне басты.

- Сен менің күлкімді сағынатын боларсың, - деді сосын. – Жүрші, екеуміз ломбардқа барып қайтайық.

- Онда неге барамыз?

- Мына құлағымдағы алтын сырғаны өткізіп, ақша қылайын. Ауылға баруға жол-пұл керек, ініме спорттық киім алып беремін деп уәде еткенмін. Сосын... кірпігіме жағатын сүрме алайын дегенмін. Ертең көзім жұмылғанда кірпіктерім бетімді жауып жатсын.

(Айтса айтқандай, оның көзі қандай әдемі болса, кірпіктері де сондай ұзын еді. Әрі оны сүрмемен бояп қойғанда, қайқиып, тіпті әдемі көрінетін).

- Сол үшін сырғаңды сатып не қыласың? Мен бере тұрайын, кеше ауылдан ақша келді ғой. Сосын менің сүрмемді ал.

- Шын айтасың ба? – деп қуанып кетті ол. – Алақай, кірпіктерімді уайымдап отыр едім.

Кешкісін оны поездға отырғызып салдық. Жатақханадағы бүкіл киім-кешегін жинап әкетті.

***

Екі күннен соң жанына анасын ертіп, қайта оралды.

- Құрт әкелдім, қыздар. Менің қолымнан ең соңғы рет дәм татып қалыңдар. Біздің бөлмеге шайға келіңдер.

- Ой, осы сенің әзілің қалмайды екен.

Деуін дегенімізбен, бөлмедегі үш қыз кәдімгідей үрпиіп отырмыз. Бір сұмдықтың боларын ішіміз сезетін сияқты. Басымыз салбырап бөлмесіне бардық. Ол ойнап-күліп шай демдеп жүр екен. Әдеттегіден көңілді.

Тамақтанып алған соң, көр-жерді әңгіме қылып біраз отырдық. Группалас екі қызының біріне белдігін, біріне сөмкесін сыйлады.

- Саған сүрмеңді қайтып берейін. Рахмет. Бүгін апама жаңасын алғыздым. Ал, енді басқа беретін ештеңем жоқ,- деді ол күлімсіреген қалпы.

- Айымгүл, маған күнделігіңді қалдыршы, - дедім мен бетіме жасанды күлкі үйіріп. Әйтпесе ішім ұлып отырған. – Ертең өскесін жазушы болғанда сен туралы жазамын ғой. Сол кезде керек болады.

- Жо-оқ, ренжімеші, күнделігімді ауылға апарып өртеп жіберіп едім.

- О-о-ой. Жарайды, дәрігерлер не деді?

- Дәрігерлер өлуіңе бір күн қалды деді.

- Айымгүл......

- Ойнап айтамын, бөтекең ауырады екен, ертең ота жасаймыз деді. Бірнеше сынамалар тапсырдым.

- Сауығып кетуіңе тілектеспіз. Қай ауруханада боласың?

- Қыздар, рахмет сендерге, ауруханаға мені іздеп келмей-ақ қойыңдаршы.

- О неге?

- Сендердің жылағандарыңды сезінгім келмейді.

- Қайдағыны айтасың?

- Облыстық ауруханада болатын шығармын. Бірақ келмей-ақ қойыңдар. Өтінемін. Айдана, сен айтушы едің ғой, өлер алдында бір сөзді айту керек деп. Қалай еді?

- Өлерде емес, ұйықтарда ғой.

- Иә-иә.

- Лә иллаһа ил Алла, Мұхаммед расул Алла.

- Қазір тоқтай тұршы, жазып ала қояйын. Бүгін мешітке барып Құран сүрелері жазылған кітапша сатып алдым. Түнімен соны оқуым керек. Ақыры Алланың алдына баратын болғасын, қамдана бермеске болмайды. Солай...

Сол түні кеш тарадық. Әрі көңілсіз тарадық. Ол біздің жанымызды сергіткісі келіп, қаншама күлдіргі әңгімелер айтқанымен, ішімізді бір бәле тырнап жатты.

Бөлмеге келіп үшеуміз де жыладық. Алладан Айымгүлдің амандығын тіледік.

***

Бірақ пенденің дегені бола беретін бе еді? Ертесі түс әлетінде біздің аппақ, аяулы Айымгүліміздің перзентханада жаны үзіліп кете барғаны жайлы қаралы хабар естідік. «Бәсе, айттық қой екіқабат деп!». Жатақхананың ішін кезген осы бір суық сөз бізге оның өлімінен де ауыр әсер етті.

Баланы өзі босанатын халі болмағасын, дәрігерлер ота жасаған. Сол ота оны оятпаған қалпы жаннат бағына алып кетіпті. Артында ұлы қалыпты, анасы сәбиді алудан бас тартыпты – деген сөздер де желдей есті.

(Айымгүл анық аяғы ауыр екенін білді ме, білмеді ме, білген болса, бізден неге жасырды, ол сол жұмбақ күйінде қалды. Басымыз ауыра қалса, байбаламға салатын ауылдан жаңа шыққан біз үшін екіқабат кезеңнің ерекшеліктері беймәлім еді ол кезде. Жігіттің жанына жоласақ бәлелі боп қалатындай көрінетін үркек киіктей тағы тірлігімізді біз де у да шу қаланың сүргініне салып кеп жібердік. Өмірден асқан ұстаз жоқ. Уақыт сол күндерден, жақын достың жарқын бейнесінен алыстатса да, жүрегіміздің түбінде періште кейіптегі Айымның балаң бейнесі, қоңырау күлкісі сақтаулы. Оны ұмыту тірлікте мүмкін емес).

- Ертең өскесін сол баланы өзім тауып аламын, - дедім мен іштей.

Осы бір ой әлі күн басымнан кетпегенімен, батыл қадамға бәрібір бара алмадым.

- Біреудің кінәсін мойыныңа алып не қыласың? Өз ұлдарыңның амандығын тіле,- дейді құрбыларым.

Қайдан білейін...

Елге барған сайын оның ауылының үстінен жүргенде дұға қып, бет сипамай өтпеймін. Төрт құлақ бейіт боп қана тым-тырыс жатыр, менің аяулы досым...

 

 


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: