Әке (Монолог)

26.06.2026 96

Сенің кеткенің, өзімнің алған әсерім туралы мен бірнеше рет жаздым. Ол бір емес, үш бірдей газет бетіне басылды. Бірақ менің сағынышым сарқылып, жазарым таусылған жоқ. Керісінше, аңсарым ауып, шөлдей беремін, ынтыға беремін. Айналамдағы адамдарға, қоғам мен әлемге қарап, менің талай нәрсені айтқым келеді. Оларға менің басымнан өткенді, өкінішімді қанша сұраса да жалықпай айта берердеймін. Себебі олар қолдарында бар алтынның қадірін білмей жүргендерін түсінбейді. Өз бастарындағы алтын тәжді өздері көрмейді. Бәлкім, біле тұра, сезіне тұра көргілері, сезінгілері келмейтін шығар. О, шамасы, өкпесі қара қазандай қайнап жатқан болар! Кім білсін... Бірақ күндердің күнінде асқар тау шөгіп, бұлақтың суы тартылғанда, менің жанымды қарыған өкініш ызғары, тоңдырған аязы оларды да күйдіреді, жауратады. Мен мұның ақиқат екенін білемін. Олардың көздерінен жас емес, қан тамады. Олар жыламайды, олар зарлайды! Бармақтарын жеп тауысқылары келеді, бірақ олай ете алмайды. Уақытты кері айналдырғысы келеді, бәрін түзегісі келеді, бірақ жол  жоқ.  Олар да мен секілді дәрменсіз. Мен секілді қауқарсыз. Көндігуден басқа шараң жоқ. Жаспен жақының қайтып келмейді, керісінше, сынаққа сабыр ете алмай, мол сауаптан құр алақан қаласың. Әрине, атеист, құдайсыз болмасаң!

Менің өз басымдағы хикаятты жазатыным да, айтатыным да һәм осы жазбаларды жазып отырғаным да  көз тіккен оқырманды сондай алапат қайғы, өкініштен сақтағым келеді. Әрине, әкенің өліміне дайын болу мүмкін емес. Мінсіз перзент те бола алмассың, бірақ шамаң жеткенше қызметін қылып, қолыңнан келгенше қадірлесең, соның өзі аяулы естелік, жаныңа медет болмай ма? Менде жоқ ол мүмкіндік, бәлкім, сізде бар шығар?

Жә, әке, сен мені үлкендер айтпақшы бақылап жүрмісің? Мен туралы ойлауға мұршаң бар ма, ол жағын білмеймін. Сенің барзах әлемінде, өз қияметіңде қандай халде екеніңді де білмеймін. Ол тек құдіретті Құдайға мәлім. Мен сенің перзентің есебінде артыңнан дұға қылудан басқа амалым жоқ.

Есіңде ме, біршама уақыт бұрын сенімен қабір басында тап бір кітаптың немесе киноның кейіпкері ұқсап сөйлескенім? Өзіңе 12 жылдан кейін алғаш рет «әке» дегенімді ести алдың ба? Мен мұны да білмеймін.

Әке, мен көптен ойландым, сараптап-саралай келе осы жолдарды теріп отырмын. Себебі менің осында жазған сөздерім әлдекімнің санасында ой тудырып, жүрегіне жетсе, арманым жоқ! Менің өкінішімді, менің қасіретімді басқалар кешпесе деймін. Оларға мұны айтуды парыз санадым. Сондықтан мен осы бір дүниені бастап отырмын... Әке, мен сені сағындым.......

 

18-05-2026                                                                         Нұрбақыт Мұсатиллаұлы 

Пікір қалдыру: