Блогтар
Астанадағы кітапхана Наурыз мерекесін 5 күн тойлады
Қазіргі кезде Наурыз мерекесін Қазақстан елі қалай тойлау керек деген әңгіме жиі айтылып жүр. Әсіресе, жаңа жылдың маңыздылығын бірте-бірте әлсіретіп, өзіміздің төл мерекеміз Наурыздың құнын көтеру керек жөніндегі мәселелер көтерілуде.
ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ел-жұрттың назарын аударатындай өз ұсынысын жеткізген болатын. Министр ел арасында Наурыз мерекесінің бұқаралық сипаттан ажырап, сахналық кейіпке ену керек екендігін айтып өтті. Міне, осы игі дәстүрімізді одан әрі жалғастырып, министрдің ұсыныс қолдау мақсатында Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхана ұжымы Наурыз мерекесін бес күн тойлады.
Іс-шараға зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары және елорда қонақтары қатысты. Ұлттық академиялық кітапхананың үнемі жақсылықтың жаршысы болып жүретіні жөнінде бір топ ел ағалары сөз арасында айтып өтті.
Алдан Смайыл, жазушы, публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
Ертеректе біздің ата-әжелеріміз Наурыз мерекесін тойлауды 14-нен бастайтын. Сол күн Көрісу мерекесіне тұспа-тұс келеді. Ескі арабша есептеуі бойынша бірінші күнге тура келәп, яғни, Жаңа жыл басталады. Баяғды үлкен кісілер айтатын: «Қыраттың күнгей жағын қараңдар. Егер қойдың құмалағы қарға батса, онда көктем ерте шығады. Алдағы айлар жайлы болады». Сөйтіп, барлық бала-шаға жүгіріп, қараушы едік. 14 Наурыз күні есіктің алдына ортақ киіз үй тігетін. Сол киіз үй біздің үйде ғана болды. Менің әкем Смайыл қолынан іс кілетін адам еді, марқұм. Сегіз қанат ақ боз үйді өзі қолдан жасайтын. Содан ән айтылып, жырдан шашу шашылып, би билеп, бүкіл ауыл Наурыз мерекесін тойлап кететін.
Белгілі сықақшы Көпен Әмірбек барша жиылған қауымға батасын берді.
Бала кезімізде осы Наурыз мерекесін тойлауда айтатын батасы құлағымда жатталып қалыпты. Сөзімді сол батадан бастасам деп отырмын.
- Ей, жаратқан халқымды даласымен сақта!
- Елімді данасымен сақта!
- Сәбиді анасымен сақта!
- Азаматты санасымен сақта!
- Үйдегіні үйдег сақта!
- Түздегіні түзде сақта!
- Қыдыр қияласын!
- Періште ұяласын!
- Сезімнің пәктігін берсін!
- Көңілдің ақтығын берсін!
- Баланың шаттығын берсін!
- Қыздың қылығын берсін!
- Судың тұнығын берсін!
- Асаудың арынын берсін!
- Түнгі оттың жарығын берсін!
- Асқар таудың паңдығын берсін!
- Бұлбұл құстың таңқылын берсін!
- Лашынның жігерін берсін!
Мерекелік іс-шара Ұлттық академиялық кітапхана жанынан құрылған Балалар кітапханасынан бастау алып, мүмкіндігі шектеулі оқырмандар, қала тұрғындары мен елорда қонақтары арасында түрлі байқаулар ұйымдастырылып, дәстүрлі сахналандырылған көріністермен жалғасты. Атап өтетін болсақ, «Қазақтың салт – дәстүрлері ұлттық құндылық» Қазақстан зиялы қауым өкілдерімен
«Көрісу рәсімі», «Ашамайға мінгізу» сахналастырылған салт-дәстүр көрінісі, «Кел, Әз-Наурыз ортамызға» теартрлық қойылымы, кітапхана жастары қатысуымен Наурыз мерекесіне «Наурыз Думан» концерттік бағдарламасы, «Бабалар өнері ұрпаққа аманат» атты мүмкіндігі шектеулі оқырмандар арасында музыкалық-фольклорлық бағдарлама, «Нұр себеле Ұлыстың Ұлы күні дәстүрлік мерекелік іс-шара, «Наурыз көже» сайысы, «Ұлы дала қызғалдағы» көрмесі, «Армысың, әз Наурыз!» қазақ эстрадасының белгілі қайраткерлері қатысатын концерттік бағдарлама, «Шаңырақ» ансамблінің концерттік бағдарламасы;
«Жүректен жүрекке» – қайырымдылық күні (көпбалалы және жағдайы ауыр отбасыларына қайырымдылық акциясы) – көпбалалы және жағдайы ауыр отбасыларының мекен-жайы бойынша азық-түлік, киім-кешек таратылды.
Сонымен қатар жырдан жыр шашылып, би билеп, әсем әндер кештің көркін қыздыра түсті.