Блогтар
Ауылға оралу.
Қасаболат Айгүл Жапарбекқызы 1986 жылы Жамбыл облысы
Жуалы ауданында дүниеге келген. Тараз Мемлекеттік
педагогикалық институтының түлегі. Педагогика
ғылымдарының магистрі.Студенттерге арналған оқу-
әдістемелік құралы бар. Еңбектері республикалық,
халықаралық жинақтарда жарияланған. Қостанай Мемлекеттік педагогикалық институтының аға оқытушысы
Ауылға оралу.
(Әңгіме)
Сенің сезіміңмен санаңның биігінде түйіссем деген, қаладан оқу бітіріп, ауылға барып қызмет етемін, ақ келін атанып ана боламын деген арманымның көкжиегін өз қолыңмен құрдымға жіберетініңді білсемші... Бар қиындықты бірге көтеріп, қабырғаң болып кеңесіп, жүрек тұсыңнан қорғауыңа алынған, рухымызбен рухымыз табысқан мәңгілік жарыңа айналатынымды туғалы маңдайыма жазылған бағым деп білсемде, ол арманымның күл талқаны шыққанын күн сайын іс-әрекетіңмен дәлелдеп келесің...
Қайта тұрып жүгіру үшін достарың қойған құлаулар мен сүрінулер жол көрсетті. Таласы жоқ шексіз зеңгір көкте қайтадан шарықтауым үшін әрдайым айтатын Ауғузубилә деп бүкіл өмірімді құлдырататын жаттанды жалған сенімдерің алға жетеледі. Ғұмыр-дарияның бұралаңындағы шегі мен шеті жоқ шаттықтарды қарсы алуым үшін жасалған қатыгездіктерің, мәңгілік көктемдерге аттану үшін ұйымдастырған көңілсіз күздерің үшін, өмір бойы баламызға әкенің қадірін арттыруда, аққудың көз жасында қонақтаған алға жетелеуші сенімім барда жүрегімдегі жарық сәуле жетелеушім осындай шешім қабылдауыма жетеледі. Жүрегімдегі үзілгелі тұрған сенімімді қорғау үшін осындай шешім қабылдадым. Сезім таусылып, төзіммен өмір сүру үшін де қолдау керек. Қолдау болмаған жерде ары қарай төмендемегеніміз жөн! Мені іздеме! Қош бол!
Жайна тағдырына өзі шешім шығарып, жылауға дәрмені жетпей состиып отырып қалды.
-Жылайтын менде не қалды? Көз жасымның көліне өзім батып кетермін... Жайна, кешегі көз жасың енді сенің күш-қайратың! Шешім шығардың болды! Артыңа қарайлама! Әйелдің қырық жаны болса, Жайна тұрмысқа шыққалы сол қырық жанның қандай болатынын жан жүрегімен сезінуде. Тұрмысқа шыққанша арқасүйер ер азаматым болады деп сеніп келген ері, отау құрған күні-ақ өзгеріп кеткен еді. Жарқ-жұрқ етіп от ойнайтын көздерімен күйретіп жіберетін, сөздерімен соғыс ашып, тозаққа аттандырардай болып жүретін жұбайы үшін Жайна айтқанына көніп жүретін оңай олжа еді. Жайнаның Марат келмей кетіп қалам деген ойы жүзеге аспай босағадан аттай бергенде:
-Ей, ауғузубилә, не жиналыс мынау? Марат Жайнаны жұлқып жұлқып үйге қайта кіргізді.
- Сен үшін адал өмірімді ешкімге қорлатпай, жүрегіммен намысымды сақтадым. Қазақ қызы деген атқа кір келтірмейін деп, әке шешеме сөз келмесін, барған жерімде абыройлы келін болсам деген адал ниетімнің ешқайсысын сен бағаламадың...
- ауғузубилә ауғузубилә, сен ғана жер бетінде періште екенсің-ғой? Хиджап кимейсің, тәнің тозақтың отыны болады ертең, Барлық қыздар қазір адал, маған міндет емес сенің абыройың. Он екіде бір гүлі ашылмаған қыздар да болған менде.
-Неге сол он екіде бір гүлі ашылмаған қыздарды жұбайлыққа таңдамадың ендеше!
-....
- Мен емізулі баламмен аш отырып, мойныма қарыздарыңды іліп, кридит төлеп отырдым. Сол кезде еркек болып бас көтерсең қайда қалдың?Дамыған елу елі құрысын бүйткен. Балам әкесіз өспесін тірідей жетім болмасын деп үндемеген сайын ойыңа келгенді істедіңғой.
- Мен мемлекеттің жетімге берген садақасындай тиын тебеніне жұмыс істегім келмейд(і), бітті!
- Барлық дәулеті тасыған бизнесмендер кішкентай ғана қаржыдан бастаған. Не басыңды жұмыстеткің келмейді, не дайын жұмысты жасағың келмейтін сорлысың! Он екі мүшесі түгел емес адамдардың өзі еңбек етуге талпынады, өмірдің әр күнін құлшыныспен өткізеді. Олар мүгедек емес, мына сенің он екі мүшең түгел бола тұра жүрегің жоқ мүгедексің!
- Күйеуін жамандаған қатынды лағынет атсын деген!
-Сен бұлай мұсылман болмай-ақ қой, сен қазақ ұстанатын дәстүрлі діннен безбегенде, аяғыңды көкке көтеріп жатпас едің, жұмақтың бір бас есепшісі сияқты сайрайсың. Ақырет болатын болса достарыңды ертіп бара бер жұмағыңа. Соған тілектеспін. Шоқша сақалыңмен, лас тірліктерің жұмаққа жетелер бәлкім!
-Сен қалай қалай жұлқынатын болғансың ей?! Келін болып түскен кезде сызылып, сенен жақсы адам жоқ еді, енді қара сайрауын?!
- Адамның тілін адам шығарады, мен ашынып өз теріме сыймасам, оның барлығына өзің кінәлісің! Мені еркек бастарыңмен өз қарыздарыңды төлеуге мәжбүр еттіңдер! Өз балаңды да аямай, лас тірлігіңе араластырдың! Дүние есігін ашпаған сәбидің жөргек пұлын сендердің қарыздарыңды өтеу үшін төлеп отырып аш отырдым, мен сол сен айтқан садақадай тиын тебенмен сендердің Еркек намыстарыңды абыройларыңды ойлағандықтан қарыздарыңды жаптым!
- Ақша -ақша деп өліп кетермісің, жұмаққа кіру үшін ақшаның керегі жоқ! Көкейіңді ақша тесіп барама?
-Бар мәселе ақшада емес Марат! Мен аш отырып та өмір сүре аламын, қара судың да берекесі бар сен соны үйреттің маған. Барлық мәселе сен өзіңе жауапкершілікті алғың келмейді. Неге үйлендің? Неге әке болғың келді? Неге мені өзіңнің бықсығыңа араластырдың? Халал тірлігіңе өзің сияқты халал қызды таппадың ба? Сен құранның бетін ашпай, ата-бабаңның жазып кеткен ақиқаттарын оқымай, еш болмаса Абайды танымай тұрып, сен Құдайды танимын деп тұрсыңба? Қарызға белшеңнен батып жүріп, елге қиянат жасап жүріп құдайды қалай ауыздарыңа аласыңдар? Өздеріңнің туыстарыңды қарызға тығып бет көрісе алмай жүргендеріңе ширек ғасыр өтті.
-Өсекшісің сен! Сен өсекші! Өсекші жаннатқа кірмейді. Сені де мұғалім дейді. Мемлекеттің ақшасы харам, сен де харамсың ауғузубилә!
- Қарыздарын сұрап келген көрші қолаңнан сен емес мен ұяламын! Өсек болса сол қарыздарын сұрап келген жегжаттар жетіскеннен сұрап жүрген жоқ! Балаларын оқытып, болашағынан үміт күтіп жүргендіктен келіп жүр. Сендер ұқсап жатып ішер жалқау боп жаннат туралы әңгіме айтпайды.
- Сен қоясыңба қоймайсың ба ? Миымды шірітіп бітірдің!
Марат Жайнаны соққының астына алды. Жайнаның көз алдына екеуінің тұрмыс құрар алдындағы армандары кинолентадай сырғып өтіп жатты. Маратттың соққысынан Жайна талып түсті. Бұл бірінші және соңғысы емес еді. Талай рет таяқ жеп, соққыға жығылса да балам әкесіз өспесін деп шыдап баққан. Беті қолының ісініп кеткені соншалық тұруға дәрмені жоқ. Қылуеттің жарығындай іңірден сығалап жарық түсіп тұрды. Адамдар осылай өліп кете береді екен-ау деп ойын жинақтай алмай көзін сығырайтқан еді төсектің астына екі бүктетіліп кіріп кеткен екен. Тұруға шамасы келмей не өңі не түсі екенін ажырата алмай дел сал күйде жатып, баламды нағашыларына қыдыртып жібергенім дұрыс болыпты, еш болмаса бұл сойқанды көрмегені, оныңда жүрегі мұз боп кетер еді, баламды бұл азаптан құтқаруым керек. Мен оның жүрегін сақтауым керек. Бала махаббатқа бөленіп өспесе, әкесінің көргенін қайталайды. Балам кешір мені, мен саған жақсы ана бола алмадым. Көзінен парлап аққан ыстық жас расында Жайнаның күш қайратына ұласқан еді.
Аядай ғана екі бөлмелі пәтерде Жайна мен баласы Арнұрдың жаңа өмірлері басталды. Жаңа өмір парақтарын бастағанымен, өз-өзін төмен санап, болашағын Маратсыз елестете алмаушы еді, сонда да тура жолға түсер деген үмітпен күтіп жүрген. Әйел кез-келген жетістікке қол жеткізе алады, кейбіреулер армандап, өмір бойы тірнектеп жинап баспаналы бола алмай жүрген үйге де әйел жете алады, қажеттілік болсада кейбіреулерге әлі күнге байлық деп қарайтын көлікке де әйел қол жеткізе алады, бақытты болғысы келсе өз бақытын баласынан тауып жұбана алады, осының барлығына сәтсіз некедегі жалқау еркектің Байтал шауып бәйге алмас деген сөздері қамшылау болатынын, ер адам тапқан дүниенің әйелде таба алатыны сәтсіз неке жеткілікті дәлелдеп берді. Расында Жайнаның өмірі оңалып, құстың ұясындай тар болсада, тыныш жайлы үйі болды. Күндіз түні еңбектеніп жүріп машинаны да алды. Шаңырағы шайқалған отбасының Жібегі күндіз түні еңбек етіп амалсыздан Еркекке айналған, еркегі қазаншы болса да жарар еді-ау, ол да болмай жалғыз ұл әке көруге зар болды. Әйел-үйдің шегесі деп айтып кеткен дана халқымыз еркекке де жауапкершілікті жүктегені жасырын емес, алайда өзгеге келгенде сот би, өзіне келгенде адвокат қорғаушы болатын жалғанда ажырасқан отбасында әйелді кіналау әдетке айналған. Көрші қолаңның өсегінен, баласын қорғағысы келді. Ажырасқан әйелдің баласы, тексіз ұл дегізбеуге талпынып, бөтен қалаға көшіп кетті. Жайнада қол жеткізгісі келген дүниенің барлығы болды, бір-ақ оның бойында әйелге тән нәзіктік пен жылулықтың орнын Баламның болашағы үшін деген күйбең тіршілік қажытып, еріксіз қайраттылық ауыстырып, қатыгездендірген еді. Бір қорқынышы бар оны Жайнаның өзі де білмейді. Жүрек түкпірінде Мараттың салған жан жаралары әлі де жазыла қойған жоқ. Көз жастарын көміп тас еткен. Тас сезімді баласы Арнұр ғана жібітеді. Мектептен оралған Арнұрды Жайна дәмді асымен, барлық ынта-шынтасымен дайындалған тағамдарды алдына тосып күтіп жүрген. Үйге кірген Арнұр бөлмесіне кіріп шықпады. Анасы есік тоқылдатып:
-Балам, тамақ ішсеңші,
-Аш емеспін! Жайна бір мәселенің болғанын сезіп, сөйлесуге тырысқанымен одан ешнәрсе шықпады. Мараттан айырылысып кеткелі Арнұрға әкесі туралы сөз қозғамаған, кішкентайынан баласын Қорғаным, Арқасүйерім, Анасының мерейі , Жүрегім деп еркелетіп, солай жауапкершілік жүктейтін. Арнұр әкесін сұраса Сирияға кеткен оралмады деп айтам деп жүрген. Кім Сирияға кетпей жатыр? Отан қорғап шейіт болса жөні бөлек, айдақтаумен сағым қуып кеткені қаншама... Демократия деп еркіндік берілді, алғаш Тәуелсіздік алған жылдары Жайна бала болса да барлығы әлі есінде, елде жаппай жұмыссыздық, бала-шаға қамы деп сонда әке-шешесі тыным таппай қиындық көрсе де алты баланы оқытып, білім беріп жеткізген. Жайнаның балалық шағының бақытты өткені ата-анасының арқасы екенін өзі тұрмыс құрып, балалы болғанда бір-ақ түсінді. Сол кезде бірталай отбасы талай сектанттардың құрығына түсіп, талайы құрбан болған, солардың арбауына түскен өз күйеуі Маратты да баласына адасқан жан ретінде түсіндірем деген Жайнаның қорқынышты ойы алдынан шаққалы тұрғанын ана жүрегі сезді. Соңғы күндері Жайна түнмен дос болды. Күн батса ұйқы жоқ. Арнұр ер жетіп келеді. Мінезі тұйық, сабақ үлгерімі жақсы зерек болғанмен, жаман болсада әкесі жанында қалқайып жүрсе соның өзі жетістік емеспе ед(і)?! Баланың өтпелі кезеңдегі жасы бір сынақ, сол сынақтың күн сайын жақындағанын сезді. Өткен өмірге өкпе артуға құқы жоқ. Шырмалған ойға батып отырған Жайнаны Арнұрдың сөзі бөлді:
-Мама, әдебиеттен үйге жеті атаны жаттап келуге тапсырма берді. Менің тегім қайда? Әкем неге жоқ?
-.....
- Ешқандай бауырым да жоқ, ешқандай туысым да жоқ, көрші әкелер балаларын ертіп қыдырады, мен оларға әрдайым қызығып қарап жүрем, бір күні келіп қалар деп есікке қарайлаймын да жүремін. Неге менің әкем келмейді? Анасының жауабын күтпестен, жас толы жанарын намыстанып көрсеткісі келмеген Арнұр есікті тарс жауып түн ортасы далаға шығып кетті.
Жайнаның алдын ала дайындап жүрген сөзінің берекесі кетті. Ұлының ерте есейетінін бұлай күтпеген. Көз алды тұманданып, жүрек тұсы шаншудай қадалып сұлай түсті...
Жеміс ағаштар бағы жайқалған, кербез қыздың күкісіндей сыңғырлаған бұлақтың басынан су ішіп отырған Жайна таяқ тастам жерден марқұм болған енесін көріп:
-Апа, деп құшақ жайып жүгірген еді, апасы бір қадам артқа жылжыды, қабағы қатулы.
-Апа аманатыңды орындай алмадым, атадан қалған жалғыз тұяқ деп айтушы едіңіз, балаңызды кері қайтара алмадым, адасқан жанға жарық сыйлай алмадым, менің күшім жетпеді. Кінәлімін апа... Қиналған сәттерімде өліп кетсем деуші едім, оңай өлім бұйырмады. Мені өзіңізбен алып кетсеңіз жаспын демеймін апа, бірақ балам әлі кішкентай-ғой...
Жайнаның енесі мейірімді, көпті көрген кісі еді, көрші-қолаң құрметтеп сыйлайтын. Аңыз әңгімелерді айтқанда Жайна балаша елітіп тыңдайтын. Келінінің аяғы ауырлағанын енесі түсінде көріп:
-Атаңның көптен бері ерттелмеген ерін алып тазалап қой деп атаң маған аманат етті, бұйыртса тоғыз ай тоғыз күнде ұлды боласың!- деп жерік асын дайындап, құрсақ тойын өткізіп, бораны ұлып, бет қаратпайтын аязда таудағы жылқышылардан қымыз алып келіп бәйек болатын. Сондағы ененің бар ойы бір әулеттен жалғыз тұяқтың ізбасары аман есен дені сау туылса деген ақ адал ниет еді. Жайнаға мейрім шуағын төгіп жүріп, ер азаматқа бергісіз аманаттарды келініне тапсыратын. Екінші дүниежүзілік соғыста жиырмаға жетер жетпес шағында күйеуін соғысқа жіберіп, жесір атанған енесі Мараттың әкесіз өскенін Сұм соғыстан көретін. Келінін өз қызындай көретін ененің қамқорлығын Жайна әрдайым сезетін. Өткен ғасыр ұлтшылдардың күресі болса біздің ғасыр ұлтсыздармен күрес. Тамыры тереңге жайылған күрестің соңы бізге беймәлім... Енесі сұм соғыстан жесір қалса, Жайна тірідей жесір болып жүрді. Жұмыссыз жүрген күйеуінің тепкісіне шыдап жүре берер ме еді, айырылыспас еді бәлкім, атадан қалған қара шаңырақты белгісіз біреулерге беріп жібермегенде... Сол шаңырақ шолақ балақ, шоқша сақалдылардың жиналыс ордасына айналып, Жайнаны күң ретінде қолшоқпар қылмағанда. Жаным-арымның садағасы -деп білген қазақ қызы үшін одан асқан қорлық жоқ еді. Соңғы қоштасу хаты жазылғаннан кейін жұбайлардың соңғы әңгімесі сол бойда таусылған...
Аппақ бөлме, аппақ жайма төсекте Жайна арқасынан жүк түскендей жеңілденіп оянды. Жаратқанның жаңа өмір сыйлағанына қуанса да, баласы Арнұрға елеңдей берді. Хор қызындай ақ халат киген мейірбике кіріп келгеннен баласын сұраған еді:
-Сізге уайымдауға болмайды, жүрегіңізге салмақ түсірмеңіз енді. Бұндай ғажайып тек кинода болады, сіз бір құдыреттің арқасында аман қалдыңыз. Балаңыз кішкентай болсада нағыз жігіт екен, күндіз түні қасыңызда болды. Қазір ғана дәрігер үйіне жіберді. Сіз оянғанда жаныңызда болмай қалам ба деп қатты уайымдады, Барлығына мен кінәлімін!-деп өзін кінәлаумен болды, деп мейірбике ем домын жасады.
Жайна мен Арнұр ауылдағы қара шаңырақа оралды. Соғыстан кейінгі қаңырап, тастанды үй секілді болып қалған үйге күрделі жөндеу жүргізіп, бағлан қойды сойып, аруақтарға арнап құран бағыштап, құдайы таратты. Көреген қариялар Арнұрға атасының соғыста ерлікпен қаза тапқаны туралы, арғы атасы бір елді аузына қаратқан үлкен би болғаны туралы әңгіме айтып, шаңырақта шат-шадыман береке орнаған күн Арнұрдың барлық сұрақтарына жауап алған мың күнге татитын тәлім-тәрбиесі мол күн болды. Жайнаның қорқынышы сейілді. Ауруханада түсінде қатулы күйінде көрген енесінің бейнесі риза қалыппен бас изеп, қолдап жүргенін жан дүниесімен сезді. Сол күні Арнұрдың атасы еккен алма ағаштардың тасасында тығылып үйді бақылап тұрған кісіні Жайна көрді, бірақ ешқандай көңіл аударған жоқ. Ал Опасызда отан жоқ- адасқан ұл оралмады...