Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ФОЛЬКЛОР
БАЛШЫҚАЙ БАТЫР

Блогтар

22.05.2017
6339

БАЛШЫҚАЙ БАТЫР

БАЛШЫҚАЙ БАТЫР

Баяғыда Балшықай деген атамыз болыпты. Батырлығына тапқырлығы сай керемет адам болған екен дейді. Мынау іргелес жатқан Қалмақ деген елге талай рет тісі батып, сан дүркін ақымақ қылып, әбден өзіне өшіктірген сыңайлы. Бірде жанынан қалмайтын жолдасы екеуі тағы да соларды торуылдапты. Жүк артқан түйе жетектеген бір аттылы қалмақ келе жатады.

-         Қазір мынаның түйесін жүгімен қосып тартып алам – дейді атамыз.

Жолдасы қорқақтап: - Қой тапа-тал түсте бір пәлеге ұрынып жүрерміз – деп азар да безер болады.

-         Саспа, ұрып-соқпай-ақ олжалы боламыз – деп Балшекең бұқпантайлап

жүгіре жөнеледі. Былай таман шыққан соң бір көлшіктің жағасына барып тыр-жалаңаш шешініп, өзі балшыққа жылтыраған екі көзі қалғанша аунайды да түйелінің соңынан ілеседі. Бір төбені аса берген кезде, түйенің бұйдасын кесіп жіберіп, өз аузына тістеп, келесі еңіске дейін қалмақтың соңынан еріп отырады. Түйе әудем жерде қалды-ау деген кезде Балшекең тартынады. Қалмақ түйеге не болды деп артына бұрылса, шәйтан құсаған қап-қара бір пәлекет бұйданы тістеп тартынып тұр. Бұны  көрген ана сорлы зәр-иманы ұшып, қалмақша ойбайлап, атын борбайлатып қаша жөнеледі.

Тағы бірде әлгі жолдасы екеуі сол жолдың бойында отырса керек. Ешкі жетектеген бір қалмақ кетіп бара жатады. «Қазір мынаның ешкісін алып қалам» – дейді атамыз.

-         Қалмақтың бәрі жынды емес шығар, өзі жаяу көрінеді.

-         Саспа достым, қара да тұр. – деп атамыз тағы да бұқпантайлап жүгіріп,

қалмақтың алдын орағытып барып, бір етігін шешіп жолға тастайды да бұғынып тосып жатады. Ешкі жетектеген қалмақ еш алаңсыз «қалмақша» әндетіп, өтіп бара жатып жол жиегінде жатқан етікті көреді. Сыңарсыз жалғыз етікті неғыламын дегендей ишарат білдіріп, алмай өте береді. Балшекең анау өтіп кеткен соң етігін қайта киіп алып, тағы алдын орайды. Бұл жолы екінші сыңарын шешіп қояды. Сөйтіп әндеткен қалмақтың алдынан тағы бір етік ұшырайды. Анау қолына ұстап көріп, мана алмай кеткен етіктің сыңары екенін білгенде, екі көзі жайнап салады. Ешкіні жол жиегіндегі бір бұтаға байлап, қасына олжа етіктің сыңарын жасырып, кері -қарай ұшады...

Әбден есесі кеткен қалмақтар бір күні Балшықай атамызды қолға түсіреді. Бір ғажабы, соншалықты зобалаң көрсетіп жүрген батырдың шынашақтай ғана бойы оларды таң қалдырады. Тіпті, оны Балшықай батыр деуге ауыздары бармай, әрі-сәрі болады. Осыны аңғарған атамыз да жорта жынды бола қалады. Олардың көзінше құрт-құмырсқа, қоңызды қаршылдата шайнап, бура боп аузынан жын шашып, зәр имандарын ұшырады. Екі ойлы болғандар да күдіктен арылып, есі ауған мүскін деп қоя беруге келіседі. Осы көріністі сырттай бақылап жүрген қалмақтың бір ақылды да әрлі қызы Балшықай батырды таниды. Сонымен түннің бір айсызында екеуі бір жүйрікке мінгесіп, тартып отырады...   

Атамыз туралы ел аузында осындай бір-жар мысал-аңыз қалыпты. Бір ғажабы осындай небір қитұрқы қылықтар жасап ел аузына іліккен атамыздың аты қалмай, артында бір өлкеге атау болып, Былқылдақ деген бәйбішесінің аты сақталыпты.

 


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: