Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ПРОЗА
Батырлар тасын жастанған Ақшәулі

Блогтар

27.06.2018
7810

Батырлар тасын жастанған Ақшәулі

Батырлар тасын жастанған Ақшәулі

                           Батырлар тасын жастанған  Ақшәулі

 

 (Рухани жаңғыру бағдарламасы бойынша 100 киелі мекендер қатарына Аякөз, Ақшәулі де енгізілуі керек).

 

Тауды екіге жарасың,

Тастың қашап арасын.

Кесіп өтіп кезеңді,

Аягөз, қайда барасың?! - деп дүние-әлемге құзар биіктен көз тастап, тереңнен толғаған Дулат Бабатайұлының өзекжарды өлеңіне айналған Аягөз.  «Ақтабан шұбырынды» аталған заманда ел-жұрты «Дарабоз» атандырған Қаракерей Қабанбайдың ізі жатқан, Қанжығалы Бөгембайдың соңынан ерген батырлардың тұяғының дүбірі қалған Аягөз бұл. Қазақтың сөз өнерінің туы тігіліп, сонау Ақтанбердіден бастап, Дулат жырауға дейін, аймағына аяулы болған,  Байғара мен Ақтайлақ билердің шешендік сөздері, олардан тараған атақты Сабырбай, Қуандықтай дүлдүл ақындардың кіндік кескен жері. Тарбағатай сілемдерінің бауырын еміп, көздің аясындай ғана ойлы еңісте тарихтың тамырын тереңіне жіберіп жайылып жатқан жұмбағы мол- Аягөз. Аңызға бергісіз әңгімелерге арқау болған, сан мыңдаған адамның көңіл табы қалған сырлы өлке.

    Аягөз жаққа қарай атбасын бұрарда тарихтан хабары бар кез-келген адамның көкейіне көрік берер ой да осы.

     Бел-белімен, сай-сайымен өрлей түскен таспадай  тас жол Шыңғожаның шетіне келе алдыңнан ол жағы мен бұл жағы ат шаптырым жап-жасыл даламен жалғасады. Үшащы асуын асқан соң-ақ, бас Ақшәуелі биігі «Мен мұңдалап» алдыңда қол бұлғайды да тұрады. Бірін-бірі қуалап, желідей тартылған біркелкі сары жон-жоталар тізбегі қасиетті таудың бауырына тартылған үйір-үйір жылқы тәрізді. Бел-белімен, сай-сайымен өрлей түскен сайын, төрінде шынтақтап жатқан шағын ауыл қазақы сұлулығы мен бекзадалығын жоғалтпаған.

    Жазыққа түскен соң Ақшәулі тіпті әдемі көрінеді. Бейне бір ақ шапанын жамылған әулие қарттай сәлем тілеп, жолаушыны көзінен әсте таса жібермейді. Өйтіп-бүйтіп сүт пісірім уақытта Қызылтасқа атбасын тірегеніңізді байқамай да қаласыз.

   Ақшәулі.  Бұл өңірде біздің бүгінгі ұрпақ біле бермейтін сан құпия жатыр-ау.  Сонау «Қозы Көрпеш- Баян сұлудағы»   Қодар мен Қарабайдың тоқсан мың жылқысын қарауылдайтын биігі де осы мекенде.

   Тазы тау Тарбағатай Белге келді,

   Қатық суы жай төбе жерге келді.

    Басына Ақшәулінің шығып таудың,

    Аягөздің бойынан елді көрді,- деген «Қозы Көрпеш- Баян сұлу» дастанындағы үзінді соның айғағы.

    Халқымыздың етегі жасқа, көзі қанға толғанда да Абылай сияқты қасиетті ханның шатыры тігілген әулие орны осы еді ғой. Атақты Бұқар жырау, Қабанбай, Бөгенбай батырлар сияқты еліміздің игілерінің түн қатып жүріп, тасын жастанған киелі Ақшәулі.  Қалмақ қырылған,  қалмақ қамалған, қалмақ зираттарының ең көп тұсы да осы жер.

    Бертінде қалмақтан босатылған осы өлкені Найманның ең жауынгер рулары мекендепті. Бүгінде өсіп-өрбіп, дәулетіне сәулет, байлығына ырыс қосып жатқан еңбекқор елдің атамекені. Ұлын-ұяға, қызын-қияға қондырып, Мыңбұлақтан аққан мың түрлі бұлақтың бастау көзінен нәр алып жатқан бейқам, берекелі, еңбекқор ел. Жіктеліп, бөлініп, дараланып көрмеген ынтымақтың ошағы. Қайта қысылған шақта бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмылып-ақ кетеді. Баяғыша Мыңбұлақтың бірінші, екінші, үшінші ферманың атауымен қалған біріне-бірі етене жақын үш ауылдың қызығы мен қуанышы да бір.

 Адам көңіліне ұялаған ерекше көріністерден әсер алады. Семейден 350 шақырым жердегі тау сілемдеріне оранып жатқан Ақшәуліні тарихтан кездестіргенім болмаса, көруім бірінші рет. Нағыз «жасыл кілем өрнектеген», «салқын самал баурайлы», елін жері асыраған өлке екен.

  Мені бұл ауылмен қызым Ардақ жалғастырды. Құтты орнын тапқан перзентімнің босағасы бос- Ақшәулінің бауырындағы Мыңбұлақтың Бірінші деп аталатын шағын ауылының мектеп дитекторы Қалибек Нұқұлының шаңырағы. Өмір деген ананың өнегесін алып өскен, адамдықтың ой-парасатына суарылған азаматты көргенде адам мен табиғаттың жаратылысы бір тамырлас, тағдырлас екен-ау деп ұқтым. Ғұмырын ұзтаздыққа арнаған ақынжанды Қалибек адамның арман-тілегін, табиғаттың бояуы мен реңін жүрегінде қорытып тұтастырып жібереді екен.

   Меніңше, ұстаз екі түрлі болады. Біріншісі – ерінбей, жалықпай табандап атқарған еңбекпен келетін ұстаздық. Екіншісі – тумысынан ұстаздық дарыған, қайшылықта тосыннан жол сала білетін табиғи талантты ұстаз. Ақындар сияқты ұстазда да шабыт, шығармашылық болады. Нағыз ұстаз да сол. 1976 жылдан өзі туған атамекенінде ұстаздық еңбек жолын қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беруден бастаған Қалибек Нұқұлы тек ұстаздықпен ғана шекетеліп қалған жоқ. 1986 жылдан бастап мектеп директоры қызметін атқарып келе жатқан ол Ақшәулінің төсін еме жүріп, даланың желін, жүректің шерін, таудың тұманын, көздің мұнарын, күннің нұрын, бұлақтың сырын, адамның достығын, көңілдің хоштығын рухани жанының құнды қазынасына айналдырыпты. Бүгінгі күнге дейінгі отыз жыл ғұмырын ұзтаздыққа арнап, жүрегін шәкіртіне ұсына білетін, ұжымды ұйыта білетін басшы. Әйтпесе, табиғаты жер жәннаты болғанымен, осы күнге дейін телефон желісі тартылмаған, ауыз суы сарқылмаған, заманға сай жол қатынасы қамтылмаған елді-мекенді шашау шығармай, бір үйдің баласындай ынтымақтастырып отырғаны шын азаматтық. Алған атақ, қара басына көрсетілген сый-құрметтен гөрі ел-жұртын көтере сөйлеп, азаматтық борышын, елінің абыройын асырауға бола жасаған еңбегі – жалпақ жұртының жүрегіне жол салғаны. Тауы мұнарлы, күні тұманды таулы өлкенің ауа райы да тосын. Аяқ астынан алай-дүлей дауыл тұрып, сел болып жауып кеткеннен кейін машина дөңгелегімен салынған жол лай-теңіз батпаққа айналып, жеңіл көліктер жүре алмайды. Қыстың аязында сәл бұрқақ жел тұрса, таудан сырғыған қалың қар жолды жауып тастайды. Телефон желісі жоқ, өзімен-өзі жатқан акылдың басы-көзі де Қалибек. Алдына барған мұғалімге қандай проблемалық мәселе болса да көмек беруге әзір Қалибек тек мектептің ғана басшы – жетекші емес, ауылдың алға бастар ақылшы-жетекшісі. Шенеуніктерден алмаған «құрметті азамат» атағын Қалибек өзі туып-өскен атамекен жұртынан баяғыда алған.  Жалпы сұранып алған атақтан елдің өзі құрметтеп берген атақ ғұмырлы.

Үш ауылдың біреуін-біреуіне жалғастырып, ел сөзін сөйлеп, көкейдегі арман-аңсарын жеткізіп, отыз жыл бойы қыстың қақаған аязында, жаздың шіліңгір ыстығында қара жолдың бойында осы Қалибек келе жатады. Жаздың жаңбыры, қыстың бораны жолды жауып тастағанда студенттерді екінші фермаға дейін шанамен жеткізіп, жолды күрекпен ашып жүретін осы Қалибек бастаған ауыл азаматтары. Қызметіне байланысты мектептің шаруасымен Аягөз бен екі ортаға жиі қатынайтын Қалибек ауылдастарының да шаруасын қоса тындыра жүреді.

   Адам қарапайым болған сайын адамгершілігі биіктей түседі екен.

   «Қыстың қаһарында, жаздың жаңбырында жолда қалып қоямын ба» деп қара басын ойламау ерлік деп бағаланбау керек. Адам баласының елін шексіз сүю қажеттігін төлтума осылай көрсетеді. Туған жерді бұдан артық бағалап, сүю мүмкін емес.

    Бірлесіп, біте қайнасып кеткен ауылдың біреуінен-біреуін бөліп алу мүмкін емес. Нағыз «төсекте басы, төскейде малы» бірігіп жатқан ел. Қазақтың шынайы тарихи щежіресінде сақталған жазу-сызуы жоқ елдің әулие қарттары да осында. Шежіреден сыр шертіп, абысын татулығымен ат көбейтіп отырған берекелі аналар да осында. Қой жайып, құйрық жеп, асық ойнап, ат жарыстырып жүрген ауыл балалары да осы жерде. Жазда тау баурайында өсетін дала қарақаты мен бүлдіргенін жеп, қыста тасты жарып шығатын тау суынан қуат алып отырған ел осы тіршіліктеріне дән риза. Шенеуніктерге шағынып, бастықтарға барып көрген емес. Тіршіліктері де ел қатарлы. Баяғыдағы Қарабайдың көп жылқысының тұяғы  қалған жердің малы да құтты, сүтті. Қорада малы, қақпада темір тұлпары бар ел қатарлы өсіп-өніп жатқан шағын  ауыл.

   Қазақты «Даланың философы» деп кеткен америкалық Д.Кенонның пікірін Ақшәуліге келгенде тағы бір мойындайсыз. Бұл ауыл малдың тезегін арнайы  «престеп» шығаратын техника жасап алған. Кәдімгі кірпіш құйғандай етіп, сол бір трактормен бүкіл ауыл тезектерін құйып, жинап алады. Арнайы престен өткен қи сапалы, қызуы мол. Бүкіл ауылға жететін бір трактордың бұл өнімін басқа ауылдан кездестірмедім. Күзгі жиын-терін уақытта бос жүрген бір адам болмайды. Бір үйдің баласындай берекелі азаматтар бірігіп, үй сайын асарлатып шөп түсіріп алады. Ұрлық-қарлық етек алып, ел берекесі кете бастағанда да бұл жақта күндіз-түні есік ілінбейді. Дала қасқыры тартып кеткен мал болмаса, ұрлық жоқ. Тіпті, жолда қалған көліктерге де ешкім тиіспейді.Ұят, ар жоғары дамыған ауылдың мектебінде бұзақы бала тізімі жоқ.

                       

                     Шырт, түкіріп, шетел асқанша...

  Құдандалы болғалы Ақшәуліге атбасын алты рет бұрғанда аңтарыла таңырқағаным да, бірлігі мен берекесі ұйып жатқан елге тамсанғаным да рас. Адамдардың төрт құбыласы сай болып, тұрмысқа қажетті дүниеден қысылмай өз бетімен өмір сүре алатын дәрежеге жеткенде керісінше бірін-бірі керек қылмай, бірін-бірі түртіп, берекелері қаша бастайтыны несі екен?! Қайта суы тасымалы, азық-түлікті сексен шақырымдағы Аягөзден таситын, тағдырлас  ел болған соң ба, топырағының қасиетіне ме, әйтеуір бір үлкен үйдің балалары сияқты, ажырытып болмайды. Бірімен-бірі құндалады, бірімен-бірі ағайын,  нағашы, жезде, бажа. Біте қайнасып кеткен бақытты ел.

         Бақытқа «қайда барасын?» десе, «Бірлігі, берекесі мол елге барам» дейді екен.

         Көп жағдайда бағымызды бағалай алмай жатамыз. Абылайдай ханның шатыры тігіліп, қарауыл қараған Ақшәулі биігі, сұлуларға сырға таққан сандуғашты Сандықтас, жол бойын жетектей созылып жатқан етектей Желдіқара. Мыңбұлақ өңіріндегі аспанға жер сүйгізген күнгейлі Қызылтас. Осылардың ортасын ойып, оймақтай ғана орын алып жатқан шағын ауыл. Сай-сай сайын тасты жарып мөлдіреп ағып жатқан бастау бұлақтар қапыда жанардан тамып түскен жас секілді.

         Шекпен киген шенді шенеуніктеріміз шырт түкіріп, шетел асқанша, туған жердің қадірін сезініп, осындай сұлу төрді іздеп бармай ма?! Әншейінде «ойды орып, қырды қырып» қып-қызыл ақшаға болымсыз нәрселерді сатып алып жатқан байшыкештеріміз осындай игілігі асқан жерден неге бойларын аулақ ұстайды?!  Ғайыптан тайып Ақшәуліге бір рет ат басын бұрып кетсеңіз иланасыз бұған.

         Қанша оспадар болсаң да тілмен айтқысыз тарихы түрінде тұрған  адал табиғаттың алдында еріксіз тізеңіз дірілдейді. Иманы тасыған елдің алдында тұрып, «берекесі бар жерде тағдырдың тауқыметі де білінбейді екен-ау» - деп ойлайсыз. Өңінен жылы нұр төгіліп тұрған елді көріп, мыңдаған адамды бауырына басып, Мыңбұлақтың мыңғырған малынан бағылан астырып, мейманасын тасытырып отырған елге сырттан сөз,  қызғаныш көз тимесе екен деп тіледік. Ертеңге қарайтын ел ағалары, бүгінгісін құр сөзбен емес, ісімен дәлелдеп, үлгі болып отырса ұрпақ ұлысты, өрісті болмай ма?!

         Кезінде Асан қайғының ақ батасын алған Ақшәулі, ауыл үстінде ән әулие қалықтаған Ақшәулі,  қазақтың сөз өнері қонған Ақшәулі биігі биіктен көрінсе екен.  

 

Алмахан Мұхаметқалиқызы

Астана қаласы


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: