Блогтар
Беу, қазақтың Байыт ақыны!
Әр ақын – қайталанбас құбылыс. Ол Құдай берген дарынды жүрегінен шығарып, қалың жұртшылыққа беретін мырза һәм адамзаттың асылы. Ақын ой толғаушы, не нәрсені де тереңінен көріп отыратын сұңғыла адам. Ол керемет суреткер, шешен. Ақын адам сөздің құдыретіне сенеді.
Дегенмен шын ақандықтың рахатынан азабы мол. Себебі ақын өзі тектес болып жаратылған жан иелерінің ұсақ пендешілігін, надандық әрекеттерін, құйтырқылықпен жасайтын қулық-сұмдықтарын, ал ең бастысы, адам ретіндегі әлсіздіктері мен имансыздықтарын көріп, жаны соның азабын шегеді. Адамдарды сондай кемістіктерден арашалау үшін жыр жазады. Қоғамдағы әттеген-ай дейтіндей олқылықтарға күйінеді, оны бетке басып жырлап өтеді.
Бірақ ақынның бәрі бірдей өнердің ақ жолына адал бола бермейтіні тағы бар. Өзінің жолында өнердің пірінен алшақтап, мал-мүліктің ізіне түсіп жатқандарды да көреміз кейде. Ондай ақындар көп демесек те аракідік кездесіп жатады. Мысалы, өз бетінше бір-екі кітап бастырса, бір-екі мақтау-мадақтау мақала жарияласа өкіметке тыныштық бермейтін сұраншақ ақын-жазушылар да бар. Солар ақыры сарай ақынына айналып, шын шығарма жазудан мүлде алыс қалып жүр. Сыбаға жеп, сый-сияпат иесі болып, кейбірі тіпті мұқтаж болмағанына қарамай, өкіметтің баспанасын алып жатыр. Атақ пен марапат та соларға тиесілі. Егер мерейтойы мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарының тарапынан ескерілмей қалса асылып өліп қалатындай күйге түсетін де осылай қолға жаман үйретілген ақындар ғой.
Ондайларға қарағанда шын мәніндегі ақындарымыз әлдеқайда көп, Құдайға шүкір. Әр өңірде жырлары жасындай жарқылдап, аспандай күркіреп тұрған ақындарымыз бар. Жүректен шыққан жырды елдің игілігі үшін жақсы бейілмен, ізет-құрметпен, асыл ниетпен жазып ұсынған ақындарды халық қастерлейді. Сондай ғажап ақындарымыз аз да емес, олар халықтың жырға деген сүйіспеншілігінен өзге марапатты қажет те етпейді. Жалғыз ғана мұраттары – жырларының қалың елді жақсылыққа бастауы.
Міне, осындай ақындарды қастерлей бергің, қайта айналып келіп оқи бергің келіп тұрады. Себебі олардың жырлары рухыңды асқақтатып, жүрегіңді тулатады, санаңды жаңғыртады. Талант-талғамы ерекше ақын азамат Байыт Қабанұлы жайлы өзімнің көңілге түйгендерімді сіздермен бөліссем деген ниетпен қолға қалам едім, қадірлі көпшілік.
Өз басым Байыт Қабанұлын теңіздей терең ақын ретінде ұғынып жүрмін. Оның әрбір өлеңі ғибратқа толы, жаныңды толқытып, өзіңді өрге қарай сүйреп отырады. Кейбір өлеңдері өзінің үнімен және тартымдылығымен жан-дүниеңді байытады, жүрегіңе қуат береді. Ұлт болып сақталу, жаһандануымен жылтыраған аумалы-төкпелі мына заманда қазақтың дәстүрлі тіршілігінен көз жазып қалмау сынды ең өзекті тақырыптарға жазылған өлеңдері алпыс екі тамырыңды бойлай қуалаған қаныңның ағысын шапшаңдатады.
Аяғын қапқанға қалдырған көкбөрі ұлиды
Ақынның жанын шырқыратып, көңілін алай-дүлей алаң етіп жүрген жайттардың бірі – қазақ болмысының адам танымастай өзгеріске ұшырап бара жатқандығы. Қазақтың пірі де, тұғыры да домбыра болса, сол қасиетті домбыраның көңілі құлазиды. Ақынның өзі көш іздеп боздаған сұр атан болып домбыраны жұбатқысы келеді, домбыраның жүрегін жылытпаққа ұмтылады. «Беу, қара домбырам!» өлеңінен қазақтың қазақылығы кеміп бара жатқанын көреміз, сол үшін айнала-төңіректің боз-бораны шығып, қозы маңырап, ешкіні қасқыр жеп, сәби жылап, айғыр тықыршық атады. Өлеңнің өн бойынан сіз домбыраның күмбірлеген қоңыр дауысын естіп отырасыз. Сенбесеңіз оқып көріңіз:
Беу, қара домбырам, мен сені не қылсам жұбатам,
Күндіз де, түнде де көш іздеп боздады сұр атан.
Қасыңа бармасам мөлдіреп қарайсың,
Ал егер қолыма ұстасам көл көсір жылатам.
Беу, қара домбырам, мен сені не қылсам жұбатам?
Шектерің дауыл боп бұрқырап, дала боп аңырап,
Бұзау бол мөңіреп, қозы боп жамырап,
Енесін қасқырға жегізген ақ лақ,
Жанымды жыртады тоқтаусыз маңырып.
Панасыз жас сәби жылайды аязға қалтырап,
Күйеуі кеше өлген жас қатын күлімдеп
әркімге қарайды сырғасы жарқылдап...
Ақ түтек боранда жалбырап жалы мен құйрығы,
Қара айғыр үйрін айналып тықыршық атады арқырап.
Беу, қара домбырам, неқылсам жүрегің жылиды,
Неқылсам жарыққа кенелтем түңіліксіз шым үйді?..
Амалсыз тиянақ болар деп қажыған жанымды кеудеңе тіресем,
Көкірек ішіңнен аяғын қапқанға қалдырған көкбөрі ұлиды.
Беу, қара домбырам, неқылсам жүрегің жылиды?
... «Көкірек ішіңнен аяғын қапқанға қалдырған көкбөрі ұлиды». Көрмеген құқайы қалмаған қазақтың ендігі жерде қазақылықтан кетіп бара жатқанын осыдан артық айтып жеткізу мүмкін бе?
Осы өлең жан-жақты жетілген поэзия деп айта аламын. Өзі домбыраға арналып қана қоймаған, сонымен қатар оның музыкалығы аса жоғары. Өлеңнің әрбір сөзі домбыраның үнімен бірге естіліп тұр. Өлеңнің әрбір жолында бір-бір бай сурет жатыр. Домбыраны қазақ деп қарасақ, расында оның жұбана алмайтындай жағдайы бар. Мұндағы домбыра – деталь. Әрі қарай тағы үңілер болсақ, аяғын қапқанға қалдырған көк бөрі де қазақ. Ол да деталь ішіндегі деталь. Жұбана алмай аңыраған домбыра да, қапқанға тістелген аяғын қыршып үзіп қаны сызаттап шолтаңдап бара жатқан көк бөрі де қазақтың бүгінгі ахуалын көрсетіп тұр. Қазақ жерге кіріп жоқ болып бара жатқан жоқ, ол тірі. Бірақ рухы солыңқы, жүрек соғысы әлсіз, бабалардан жеткен дәстүрлі, жарасымды тұрмыс- тіршілігіміз сағымға айналып барады. Көк бөрі қазақтың нешеме аласапырандарды бастан кешіріп, қынадай қырылып, бөтеннің қапқанына түсіп, осы күнге құр сүлдері жеткен жаралы кейпін көрсетеді осы өлеңде.
Қасиетті домбыра жайлы айта кетерлік тағы бір жайт бар. Байыт Қабанұлы өзінің берген сұхбаттарының бірінде қазақ болмысы туралы және домбыра қазақтың ажырамас бөлігі екені жайлы әдемі айтыпты. Сұхбаттан үзіп-үзіп айтсақ, ол мынадай: «Қазақ деген өзіне тән тарихы бар, тілі, діні бар, әдебиет, мәдениеті бар, үлкенді үлкен, кішіні кіші дей білетін тәрбиелі, тәртіпті ұл-қыз ұрпағы бар, қуаныш-шаттығынан шері мен мұңы басым, қасіретті көп тартқан қайсар да қадірменді халық. Қызы қылықты, ұлы білікті, қарт қариялары алтын сандақ шежіре, шешен, үлгі алатын жақсысы, жиіркенетін жаманы бар, көсілуге жарайтын ордасы, өшіруге жарайтын түрмесі бар, аты бар, хаты бар, әні бар, сәні бар, жауы бар, досы бар ел сықылды ел. Ең қысқаша жауап қайтарғанда осылай. Әйтпесе қазақ туралы әңгіме бір жолғы сұхбат тұрмақ бір кітапқа симайтын ұзақ әңгіме». «Қазақ терең де ұлы теңіз. Мен соның жалғыз тамшысы ғанамын. Мақтанды демеңіз, қазақ шешендігімен сынға түссе адамзат әлемінде алдыңғы қатардан табылады». «Қазақтың мен барлық жақсылығымен мақтанам. Әсіресе жеті жастағы баласы да жеті атасын білетіндігімен мақтанам. Қазақ деген ақылы асқақ халықтын ақыны болғандығым үшін мақтанам. Жаным санаған сол халқымның жамандығын көрсем қалай ғана күйінбеске. Сіз мазақтамай-ақ қойыңыз, мен сол халқымның болымсыз жамандығын көрсем еңкілдеп тұрып жылаймын. Жалғыз мен ғана емес, барша ақындар халқы сондай». «Екі қазақтың бірі домбыра тартады. Мен де соның бірімін. Ал домбыраға келсек, ол деген мәңгілік өлмейтін жанды да жалынды мұра. Қазақты қазақ еткен домбыра. Келешекте де солай болмақ. Қазақтың кім екенін басқадан емес, тек домбырадан сұрау керек».
Байыт Қабанұлының барлық өлеңдері мен прозалық дүниелеріне бір мақаланың ішінде кеңінен тоқталу мүмкін емес. Оның шығармашылығы жайлы толғаныстар, талдаулар екі-үш кітапқа да сыймайды. Сондықтан қолға түскен кейбір өлеңдеріне ғана шама-шарқымша сипаттама беріп өтейін.
Жүрегі қазақ деп соғады
Байыт ақын өнердегі сертке берік адам. Ол ақандықты қастерлейді, оған өзі шексіз адал. Ақынның өнерге адалдық ұстанымын біз мынадай жолдарынан аңғарамыз:
Мен қазақпын әлмисақтан қазақ деген атым бар,
Талғамы бар адам болса
тәтті жырды ағызамын таңдайға сап татыңдар.
Қазақ деген ұлы елімнің қуанышын, қайғысын,
Барша әлемге бүтінімен жеткізбесем
ақын болып не қыламын, атыңдар.
... Ол қазақ, әрі қазақтың толық ақыны. Ол тиіп-қашып жазатын жарты ақын бола алмайды. Одан гөрі атып тастай салыңдар дейді. Сондықтан да Байыт ақынның поэзиясы жанып тұрған отпен тең, өлеңдері асау:
Өрт тіледі көкейім,
Өр кезімде өртенейін, өртке құмар өр халықты
өртеп-өртеп өтейін.
Арқан, құрық салынбаған
асау, тағы, жыртқыш, көкжал өлеңіммен, сөзіммен
Айналасы жалғыз тұтам мына әлемді
астаң-кестең етейін.
... Байыт Қабанұлының басты арманы – қазақтың амандығы. Барша қазақ бір болса екен, шашырап жүрмесе екен, оладың тұрмыс-тіршілігінен атадәстүрлеріміз бен ән-жырларымыз кетпесе екен деп армандайды ақын. Сол үшін де қазақ бірлігі, жарасымды ағайынгершілігі, шаңырақтың шырқы мен мән-мазмұны, аталы сөздің парқы жоғалмай, осылар халқымыздың мәңгі серігіне айналса екен деп аңсайды. Замандастарымызды қазақтың біртұтас ел болуды мұрат етуге шақырады.
Білесің бе, Алтай қайда, Қобда қайда, Арқа қайда, Жем қайда,
Ата бабаң басы қайда, сен қайдасың, мен қайда.
Атажұртың жерің қайда, еңіреген ерің қайда, ел қайда,
Бас ауыртып көрдің бе сен ондайға, - деп жырлайды ол.
... Қазақ аса ауыр тағдырды бастан кешірген халық. Тарихтан алар сабағы да мол. Бірақ та қазақ әлі күнге дейін есін жия алмай келеді. Жоғалтқанын қайтарудың орнына заман ағымымен бірге ағып, ұйыққа тартылған желкенсіз қайыққа ұқсап немесе суырған желден ықтасын таппай дөңгелене жөнеп бара жатқан қаңбақша берекесіздікпен кетіп бара жатыр. Халық арасында азғындар көбейді, қулық-сұмдық пен жағымпаздық жайлаған қоғамда жастар өсіп келеді. Осы жайттарды өлеңіне арқау еткен ақынның кейбіреулерге жаға бермеуі де мүмкін. Бірақ ақындықтың пірі мен сертіне берік Байыт ақын ондай майда сөзге алаңдамайды, ол халық үшін ірі сөзді айтып-айтып тастап отырады.
Қайран да менің қазағым
Қауырсын алдым қармадым,
Қанатты қақтым самғадым,
Қазақтың жоқтап заңғарын,
Қайғырып қақсап зарладым.
Қасыма ешкім келмеді,
Келсе де қайыр бермеді.
Таңымды таңға жалғадым,
Басына түстім балғаның.
Сараң да сараң дүние – ай,
Ештеме таба алдмадым.
Қайран да менің Қазағым,
Табылар ме екен талғамың,
Арылар ме екен зардабың.
Шалғыңды қиса шарықтап,
Тамырыңды үзсе талып қап,
Жаныңа тисе жанып қап,
Жалын боп жандың шалықтап.
Арыңа тисе қылыш боп,
Құйылған бейне құрыш боп,
Көтердің басты анықтап.
Панасыз қыздай жан ықтап,
Паналай жүріп парықтап,
Үзіліп кетпей ұмтылып,
Бүгінге жеттің арықтап.
Қайран да менің Қазағым,
Қай тағдыр қашан жарытпақ,
Бағыңды қашан дарытпақ.
Туғанда қазақ көш дедің,
Өлгенде қазақ көш дедің,
Көштің де жүрдің ескермей,
Табаныңды тас тескенін.
Жауға да кетті төстегің,
Суға да кетті ескегің,
Иір да қиыр тағдыр-ай,
Оюы сынды кестенің.
Елім - айласа естегі үн,
Сексенге келген шалың да,
Көргем жоқ белін шешкенін.
Қара таудан көш келсе,
Беліне қанжар байлады,
Бесікте жатқан бестегің.
Қайран да менің Қазағым,
Өспедің бірақ өспедің.
Өшпедің бірақ өшпедің.
Немесе:
Ақынның «Оспан батырдың ақыры» атты тамаша поэмасында батырдың ажалды қасқая қарсы алып тұрып айтқан өсиетін былай деп аяқталған:
Сәлем деңдер отқа жанбас, суға батпас
ҚАЗАҚ деген қайсар елдің ұрқына,
Барша әлемге тарасаң да ту тігіңдер
ата бабаң аруағын тастап кеткен жұртына.
Бір тамшы су тимесе де таңдайыңа,
бір тілім нан жұқпаса да ұртыңа:
У ТИМЕСІН ҰЛТЫҢА!..
У ТИМЕСІН ҰЛТЫҢА!!.
У ТИМЕСІН ҰЛТЫҢА!!!
... Ақынның мұраты адал жыр жазу, елді жақсылыққа бастау деп жоғарыда айттық. Ендеше Байыт Қабанұлы өзінің ақындыққа адал жанының қандай екенін де асыл сөздерімен білдіріпті. Ол былай деп толғайды:
Қуанамын анашымның ақ сүтімен
өн бойыма тараған нұр шым-шымдап,
Бақыты бар әз халқымның жүрегіне
арайлы нұр, жылу болып құйылды.
Немесе:
Байлық мені ал деп еді,
мәнсәп мені ал деп еді алмадым.
Алар едім байлықты да, мәнсәпты да,
«Орынына өлеңіңді бер» - деді,
Ал өлеңсіз өтер күнді Итке бердім,
Таңдамадым, қарғадым.
Немесе:
Жыр жазып өтем
сенімің халқым ақталсын,
Келмеске кетсем
кейінгі ұрпақ мақтансын.
БАБИДЫҢ ҰЛЫ жыр қашап өткен
бұл елден,
ҚАБАННЫҢ ҰЛЫ
қырыз боп қалай аттансын.
Немесе:
Барша әлемге тарап кеткен бар қазаққа
дауысымды жеткізбекке ән салам.
Ақындық әкенің қоңыр даусынан қонған
Байыт Қабанұлы балауса махаббат, туған жер, ата-ана, бауыр, замандас тақырыптарына да кеңінен қалам тартып жүрген ақын. Оның бойына ақындық қасиет сәби кезінен қалыптаса бастаса керек. Жастайынан жетім қалып, тағдырдың ащы-тұщысын ерте татып жетілген әкесі өзінің бастан кешкен қиындықтары мен өмірден түйген ойларын өлеңдетіп айтып отырады екен. Бала Байыт жас сәби кезінде әкесінің өмірдастанын тыңдап ұйықтап, тыңдап оянатын болыпты. Мейірбан анасы да балаларын жастайынан көңіл тазалығы мен жүрек адалдығына және әсемдік атаулыға баулып өсірген екен. Көпті көрген ата-ананың осындай қасиеттері баланың сезімін оятып, айналадағы ертегідей дүниенің боуяларын қанық күйінде қабылдауына септік болған сияқты. Ақынның қалыптасуы оның жанындағы осындай әсерлерден бастау алған болар.
Әкесінің домбырасы мен өлеңдерінің үні құлағына сіңіп өскен бала хат танып, мектепте оқып жүргенінде жыр-дастандарды оқитын болыпты. Ал 13 жасында ол мектепке жаңадан қызметке орналасқан 20 жастағы кітапханашы қызға құлай ғашық болады. Жүрегі тек сол қыз деп соғып, жаны күндіз-түні ғашықтық жалынына лаулап жанады. Кейін ақын бұл ғашықтық хикаясы жайлы «Алғашқы махаббат» деген поэма жазыпты. Онда мынадай жолдар бар:
Кітәпхана жабылады
ол түседі жұмыстан,
Мен артынан еремін де
сығалаймын бұрыштан.
Мүсіндей боп көрінеді ешбір мінсіз
құя салған құрыштан,
Ертеңгілік жұмыс қайта басталғанша
мен айрылам тыныштан.
Мен өзімше ғашығымды
«жеткізіп сап» көзіммен,
Жатағыма ораламын
толқыған бір сезіммен.
Асыққанда таңы құрғыр атпайды ғой
көз ілмен,
Таң атса да сабақ бітпей
таусыламын төзімнен.
Сабақтан соң тағат таппай
кітәпхана барамын,
Кеше алып оқымаған
кітәбімді айырбастап аламын.
Қыз күледі, жымяды
шытпайды еш қабағын,
Он үшімде
жиырмаға ғашық болған баламын.
... Ғашық бала сонда алғаш рет сезімін хат арқылы білдірген. Кітапханашы қыз ақылды екен, жас баланың үлкен махаббатын түсінген. Сондықтан байбалам салмай, онымен жол үстінде кездесіп, әлі жас бала екенін ұқтырып, екеуі түсініскен. Ал араға пәленбай жыл салып, екеуі жолғып та қалады. Ондағы эпизод та сондай әсерлі етіп суреттелген екен поэмада. Жалпы, сезімнің бойға сыймай асып-тасуы, сұлулыққа құмарлық сияқты қасиеттердің адамда жастай көрініс беруі оның болашақ ақын екенінен хабар білдіретіні рас қой. Сондықтан Байыт Қабанұлы жастайынан ақын жүректі бала болып өскен. Оның ертеректе жазылған махаббат туралы өлеңдерін оқу да бір ғанибет.
Балалықтың бал дәмінен
басым еді жігіттіктің қарқыны,
Қыз қылықтың қызу өрті
аластады, шарпыды.
Айналсоқтап кетпей қойды төзімімді сарқыды,
Сенің елпек қызығыңа
Менің тентек бұзықтығым балқыды.
Немесе:
Кез қылсаң жанның мұндай қыз баласын,
Ер тұрмақ ескен желден қызғанасың.
Сәл ғана алыстасаң шырқың кетіп,
Жанына айналсоқтап жүз барасың.
Келбеті кедей жанды бай қылады,
Құдай да тік қараудан қаймығады.
Өлерде өң бетіне қарап өлсең,
Өлім де өз нарқынан айрылады.
... Бұдан Байыт ақынның өлеңдері о бастан-ақ образға бай екенін байқаймыз. Қыздың нәзік, ерке қылығына бозбаланың тентектігі балқитыны немесе қыздың сұлулығына Құдайдың да тік қарауға қаймығатыны, жүзіне анықтап бір қараған адамның өлсе де арманы жоқ екені қандай саф таза әрі ерекше образдар! Яғни ақын поэзиясының бастамасының өзі өте мықты болғанын көреміз.
Ал оның поэзиясындағы ана тақырыбы өте заңғар талғаммен қастерлеп жазылады. Ананы ақын дүниедегі ең асылға теңейді.
Құдіретті Құдай дағы
мәңгі өшпейтін өр өсімдік екпейді,
Өртке оранған өмір гүлі талай солып,
талай рет көктейді.
Дүниеде күннен жарық,
судан таза, жерден байтақ еш нәрсе жоқ.
Бірақта –
Шеше сенің ұрпағыңа деген ұлы мейріміңе
олар дағы жетпейді.
Немесе:
Құдайдан да құдіретті, батырдан да батылды,
Періште анам бауырыңа бастың үнем
дұшпанды да, ағайынды, жақынды.
Мына әлемде теңдесі жоқ әйел көп ғой.
әйтседе,
Әйелсің сен
әлемдегі ең бір сұлу, шебер я ақылды.
Немесе:
Ақыл ойдан алыс ада
алаңғасар күн кешіп,
Үйге кірмей дала кезіп ойын баққан кезімде:
Менің ерке қылығымның
барлығына мақтанып,
Мәз болушы ең
ішіңдегі арманыңды ақтарып.
«БАСЫ АУЫРЫП ТҰР ШЕШЕҢНІҢ,
КЕЛ ҚҰЛЫНЫМ ИІСКЕЙІН» –
деп құшақтап иіскеп, сүйіп:
«ТӘУІР БОЛЫП ҚАЛДЫМ» – деуші ең
шаттанып.
О ғажайып арда шағым –
балалығым, тазалығым өркенді,
Опасы жоқ уақыттың
дауылына өртенді ғой өртенді.
Сен ауырып қалсаң болды
ойынымды тастай салып жедел жәрдем орнына,
«ШЕШЕ МЕНІ СҮЙІҢІЗ» – деп
төсеуші едім маңдайымды, желкемді.
... Байыт Қабанұлы өз жырларында ер азаматтардың болашақ ұрпақ үшін жауапкершілігін еске салып отырады. Ұрпақтың ұлтжанды болып өсіп-жетілуін, тіршілікте әкелердің салып кеткен ақ жолынан ауытқымауын, дәстүрлі өмірден алшақтап кетпеуін ойлап, соған алаңдайды. Сол жағдаймен ол ағаларға былай деп базына айтады:
Қолдан келер ештемем жоқ бостан босқа шарқ ұрамын, жылаймын.
Арттан ерген ұл-қыздарың аты сұлу болса дағы заты қазақ болмай тұр,
Не қыламын айтыңдаршы
сендер барда кімге барып, кімнен көмек сұраймын,
Ағалар – ай, інің ем ғой мойныңа мініп өскен кешегі,
Ұғасың ба, осы шақта ел жеріңнің маңдайдағы қасіреті бес елі.
Сендер сөйтіп жатып алсаң кейінгінің үміт, үні өшеді ғой өшеді,
Ел тағдырын онда кімдер шешеді?
Ағалар – ай, байлық қана деп көрсеңдер мына өмірдің бастауын,
Қалай ғана адаспасын артыңдағы жас қауым.
Сүйсеңдерші бауырыңды, ауылыңды, үлкен үйдің қара нанды астауын,
Інілерге сүйгізсеңші туған жердің ұра-жыра, тас-тауын.
Ағалар – ай, саған қарап өсіп келе жатыр ұрпақ
кейінгі жас тентек күн,
Мәнін айтып берсеңдерші
кешегі әжем айтатұғын ертектің.
Бабалардан өздеріңе келіп жеткен салт пен дәстүр,
әңгіме, аңыз, дастандар,
Сендерменен тамам болып қала ма деп
зар жыладым, жер тептім.
... Байыт Қабанұлының шығармашылығы жайлы жаза берсек, қаламымыз алға тартып жүре береді. Ақынның көптеген өлеңдері мен поэмаларына арқау болған тақырыптардың бәрі де қазақ үшін өмірлік маңызды, олар жарқылдап тұрған өшпес-өлмес жарқын жырлар. Оның прозалық көркем дүниелерінің өзі бір төбе байлық. Әңгімелерінен қазақ тұрмыс-тіршілігінің, мінезі мен асқақ мұраттарының иісі аңқып тұрады. Ең бастысы, Байыт Қабанұлы не жазса да жан-тәнімен, жүрек қуатын сарқа отырып жазады. Өйткені ақын өзінің шығармаларын сүйікті қазақ ұлтына бағыштап отыр. Қаламгерлік өнердің арына берік, ісіне адал адам жүректен тебіреніп шыққан дүниені елге жан-жақты бүтіндеп, Күн мен Айдың нұрындай нәрлі етіп беруді өзінің асыл мұраты санайды. Өлеңдерінен кең даланың үні, ат тұяғының дүбірі құлаққа келіп тұрады. Ендеше, осындай асыл ақынымыздың шығармалары облыс-облысқа, ауыл-ауылға насихатталып, кітаптарының елмен қауыша беруін тілейік, қадірменді ағайын.