Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ТАРИХ
Біләл Малдыбаев

Блогтар

01.10.2020
10139

Біләл Малдыбаев

Біләл Малдыбаев

data-cke-saved-src=/upload/4533/2020/09/29/b3d593bff58ce238084b7fc39818bba0.png



Өткен ғасырдың 60 жылдары ауыл ортасында айналасы көк желекке бөленген еңселі зәулім екі қабатты ғимарат үй көз тартып тұратын. Әрі-бері өткен жолаушылар сүйсініп өтуші еді.

 

Әкем бұл үйді «Біләл мектебі» дейтін. Ғимараттың төбесі шифермен көмкерілген, ол кезде ауыл үйлерінің төбелерінің дені шыммен жабылатын.

 

Осы мектепте ағам мен әпкелерім оқыды. Бірақ өкінішке қарай аталмыш мектеп 1963 жылы «құлайын» деген желеумен жабылды. Сонымен 1967 жылы 36 бойы жыл бойы алыс - жақын аймақтардың балаларына білім нәрін сепкен мектеп үйі бұзылғанда көкірегіме кептелген өкініш... әлі күнге дейін өзегімді өрттейді. Мектепті бұзған құрылысшылар мектеп құрылысына бір де бір шеге пайдаланбағанын, ағаштары шірімегенін сөз етіп отыратын.  Әкем ондайда: «Әдейі бұздырған ғой, Біләлдің есімін халық жадынан өшіру үшін»,- деген еді. Олай да болуы мүмкін!?.

 

1968 жылы Көкшетау облысының бірінші хатшысы Әуелбеков Еркін ақпан айында ауылға келген. Ауыл ақсақалы Темірхан Жаппаровтың айтуы бойынша Еркін ағаның әкесі Нұржан Әуелбеков соғысқа дейін және соғыс кезінде аталмыш мектептің директоры болып қызмет еткен. Нұржан Әуелбековтың Қараталдағы өмірінің бір көрінісін «Әдебиет порталында» «Қаламның ұшындағы ғұмыр» деген мақаламда жазғанмын.

 

Еркін аға да осы мектепте оқыған. Ат басқан жерін үш басады демей ме ол ауылға келіп өзі оқыған мектептің бұзылып жатқанын көріп ауыл басшыларына «Тым болмаса мектепті мұражай қылып неге сақтамадыңдар» деп кейіпті дейтін әкем.

 

«Біләл мектебінің» түлегі Еркін Әуелбековке ауыл адамдарының риза болатыны құруға жақын тұрған 6 қазақ ауылын біріктіріп «Қаратал» кеңшарын құрып және ауылға жаңа типтегі екі қабатты мектеп үйін салып бергені. Және бұл құрылыс Еркін Әуелбековтың қатаң бақылауында болған.

 

Біләл ағай туралы алғашқы деректерді бала кезімде әкем Байдрахмен мен Мақыш Ерденов ақсақалдан, Біләлдің немере інілерінің аузынан естіп едім. Бертін Темірхан Жаппаров, Бапыш Құрманбайқызы, Ғани Мақымқызы және басқа да ауыл ақсақалдарының Құсайын Темірбеков, Абдолла Темірбеков, Біләл Малдыбаев, Құсайынның шәкірті әрі күйеу баласы Жұмағали Тілеулин және т.б. туралы айтқан естеліктерін көкірекке түйіп өстім.

 

Өзімнің де бала кезімде болған бір уақиға есімде. Түн іші. Бәріміз ұйқыдамыз. Бір кезде есікті жұлқына дүрсілдеткен тарсылдан оянып кеттік. Анам шамды жағып сағатқа қараса уақыт түнгі 4. «Бұл кім болды екен?» деп сыртқа шықты. Біраздан кейін қайтып келіп: «Әй заман өзгерді ғой неге қорқып - үркіп өмір сүреді» деп ұйқыға жатты. Артынан Біләлдің туысымен кездескенде осы оқиғаны еске алып едім, ол кісі: «Балам-ай, Біләл ағам мектеп ашып, бала оқытып, өзінің ізін басар ұстаздарды тәрбиелеген зиялы адам еді. Әттең, заманы солай болды! Ағамның «халық жауы» болғанын естігенде не болғанымызды білмей есеңгіреп қалдық...

 

Өзінің ұсталатынын білді ме бір келгенде үйге екі сандық қолжазбасын сақтауға әкелген болатын, қатты қорқып қалған біз «бір кісінің» жағдай тұрақтанғанша оны сақтай тұрамын деп алып... сол қолжазбалардан көз жазғаныма өкінемін.

 

Хрущевтің «жылмығы» орнаса да, 37жылдың ызғары 70 жылдарға дейін бойымыздан кетпеді ғой. Қорқып - үркіп бетегеден биік жусаннан аласа болып тірлік еттік. Басшы не десе соны істеп күн көрдік. Сен  еске алған күн басшының үйінде қуанышты жағдай болған еді, ол бізді жеті қараңғы түнде ауыл кісілерінен сүйінші сұрауға жіберген. Қорқыныштың ызғары деген осы ғой, бардық. Ал, ағамның мектебі бұзылғанда ер адам болсамда көз жасыма ие бола алмадым. Мектепті ағамның көзіндей көріп жүруші едім! Не керек, заманымызға қарай төселіп бүгінгі күнге жеттік қой» деп ауыр күрсініп еді.

 

Ауылдың кәріқұлақ ақсақалы Айтмағанбет Дауылбаев Біләл ағай өмірін зерттеп газет-журнал беттерінде жариялап отыратын, ауылдағылар ол кісіні «Біләлтанушы» деп таниды.

 

Ал, сөз еткелі отырған Б. Малдыбаевтың өмірбаянына келер болсам, ол 1890 жылы бұрынғы Аманжол, қазіргі Қаратал ауылы Айыртау ауданы СҚО-да дүниеге келді. Біләлдай ірі тұлға дүниеге келген Қаратал өңірінің табиғаты да әсем, оның төсінде қайыңы мен ырғайы, қарағайы мен шыршасы аспанға бойласа, белдеуі жасыл түкке бөленген жазиралы жұмақ өлке. Осы қайыңды өлкенің «Тереңкөл» көлінің жағасында патша заманында «Аманжол» ауылы деп аталған, колхоз ұйымдасқан кезде «Қаратал» ауылы деп аталған ауыл орналасқан, қилы-қилы заман болса да түтіні өшпеген елді мекен. Бұл өңір түгін тартсаң майы шығатын, шыбығын ексең шынары шығатын құнарлы қара топырақты аймақ. Кезінде төскейі малға алқабы дәнге толы бай өлке болатын. Анам ауыл туралы сөз қозғалса «Жусан сіңген жұпар ауасы жанға дауа, суы зәмзәм бойға дауа» деп үнемі айтып отыратын. Киелі құс аққу да «Тереңкөлдің» айдынына жылда қонады. «Аққу - тек киелі жерді ғана мекен етеді» дейді анам. Расында ақсақалдар Үкілі Ыбырай Біләл Малдыбаевтың аймақаралық мектебін 1927 жылы ашқанда «Гәкку» әнімен шашу шашып ашқан екен дейді, содан бері аққу Тереңкөлді мекен етеді екен. Көктем шыға оңтүстіктен келген аққу, қаз, үйрек айдын көлге сән беріп, қыстың алғашқы қары түскенше мекен етіп жылы мекендеріне мамырлап ұшып кететін.

 

Сегізінші класстың соңғы емтиханында туған жерге деген сезiмiмдi өлең жолымен өргенім бар. Әлемде Қараталдай қайыңды өлке, әлемде «Тереңкөлдей» үлкен көл жоқ деп сипаттағаным есімде. Сол кезде маған шынында да, солай көрiнген. Ауылдан алысқа ұзап шықпаған баламын басқа орманды да, басқа көлдi де көрмеген едiм.

 

Кейiн есейген соң Қараталдың қайыңды орманын бәлен есе орап алатындай ормандар бар екенін, «Тереңкөлден» әлдеқайда байтақ, о шетi мен бұ шетiне көз жетпейтiн шалқар көлдер де көп екенін көрдік.

 

Сонда да туған жерiмнiң қайыңды орманы қай қиырда жүрсем де көзiме сол баяғы бала кезiмдегiдей шетсіз –шексіз, айдыны шалқар көл болып елестейдi де тұрады. Туған жерім – алтын бесiгім. Ол мені әлдилейдi, тербетедi. Қиялымды ұштайды. Ал, мұның сыры туған жерге деген ыстық махабатымда болса керек. Ауылға деген махабатым өз өлкемнің тарихын білуге құштарландыратын. Сол қызығушылықтың арқасында ауылдың бай тарихына бойладым...

 

Қаратал орта мектебінің Шахмет Құсайынов атындағы әдеби - өлкетану мұражайында Біләл ағаның Ирмовка орталау мектебінің директоры болып жүргенде жазған өмірбаянының көшірмесі сақтаулы.

 

Б. Малдыбаев өмірбаянында: «1901 жылы әкем мені ауыл молдасы Мұқағали Сәдуақасов деген молдаға оқуға берді. Кейін Имантау ауылында тұратын ұлты татар Шерияздан, Шәкір деген молдалардан дәріс алдым. 1905 жылы Құсайын Темірбековтың мектебін үздік тәмәмдадым.

 

Құсайынның көмегімен Атбасарда, сонсоң Омбыда малдәрігерлік-акушерлік мектебінде оқыдым. 1912 жылы оны үздік стипендиямен бітіріп, қызмет жолымды Атбасар уезіндегі Маринское селосында бастадым да, кейін Көкшетау уезіндегі Кривозер (қазіргі Саумалкөл) селосында жалғастырдым» депті.

 

Ал, Біләлдің өмірбаянында сөз болған Құсайын атамыз революцияға дейін Ресейдің оқу орындарында оқыған санаулы қазақ зиялыларының бірі. Ол кісі Айыртау ауданы Қаратал ауылының тумасы. Атамыз 1884 жылы Омбының әскери-медициналық училищесін тәмәмдап, Көкшетау уезінде дәрігер болып қызмет атқарған. Сол кезде Көкшетау уезі халықтарының арасында «Доктор Құсайын» деген атымен танымал болған тарихи тұлға.

 

«Доктор Құсайын» 1895 жылы Айыртау волосы, Қаратал ауылында орыс мектебін ашып, ауыл балаларын оқуға тартып, ағартушылық қызметі мен дәрігерлік қызметін қатар алып жүрген жан. Оның тәлім алған шәкірттері: Шахмет Құсайынов - драмматург-жазушы, Жұмағали Тілеулин - қоғам қайраткері, Біләл Малдыбаев - қоғам қайраткері, өз баласы Абдолла Темірбеков тұңғыш психолог ғалым.

 

Құсайын Темірбекұлы прогрессивті көзқарастағы орыстың революционер жазушысы Г.Тверитин, Дуров, А.Н.Плещеев, белгілі ғалым Березин, Г.Н. Потанинмен жолдас болып, олардың көзқарастарын қолдауы шәкірттері Жұмағали Тілеулин мен Біләл Малдыбайұлының Алаш Орда партиясының мүшелері болуына ықпал етті деп пайымдаймын.

 

Шәкірті Шахмет Құсайынов революцияға дейінгі Қаратал өңірі туралы «Сырымбет сағасында» деген драматургиялық кітап жазды. Бұл кітаптың өзегіне Құсайын Темірбековтің қызы Райхан Темірбекова мен оның күйеу баласы Жұмағали Тілеулин арасындағы махабат арқау болған. Аталмыш кітапта «Доктор Құсайынның» немере інісі Біләл Малдыбаевтың да бейнесі көрініс тапқан.

 

Б. Малдыбаевтың мамандығы мал дәрігері болғанымен бар саналы ғұмырын халық ағарту саласына арнады. Ауылдың қазыналы қариясы Айтмағанбет Дауылбайұлының айтуы бойынша Біләл ағамыз азамат соғысы жылдарында Көкшетау уезінің жер басқармасында халық ағарту жөніндегі қазақ бөлімшесінің меңгерушісі болып бекіген. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Қазақстан өлкелік партия комитетінің мүшесі Ә. Досовтың шақыруымен жаңадан ұйымдастырылған халық ағарту бөлімінде инспектор болып тағайындалады. 1920 жылы саяси бөлімді басқарады. Бір жылдан кейін уездік қазақ-татар мектептері бойынша нұсқаушы болған. Ал 1924 жылдың басында Айыртау ауданының халық ағарту бөлімінің инспекторы, артынан меңгерушісі болып істейді.

 

1960 жылы ауыл ақсақалы Мақыш Ерденов «Көкшетау правдасы» газетінің тілшісі Жанмолда Молдағанапұлына берген сұхбатында:

 

- Құсайын Темірбековтың шәкірті Б. Малдыбаев 1927 жылы Қаратал ауылында екі қабатты ғимарат үй салып, аймақаралық мектеп ашты. Біләл осы мектептің директор міндетін атқарды. Бұл мектепте ауылдың балалары, көрші, тіпті алыстағы Балуан, Социал, Өрнек ауылдарынан да шәкірттер келіп оқыған», - делінген. Мектептің оқу үрдісі орыс - қазақ тілінде жүргізілді.

 

Мектепті кім салғаны, қалай салынғаны туралы Бапыш Құрманбайқызы әжеміз:

 

- Құрылыс материалдарын Имантау станицасындағы кәмпескеленген кулактың үлкен үйін бұзып, ағаштарын ауыл адамдары арбамен Қараталға тасып жеткізді. Бұл мектепті «Липот екі шаппайды» дейтін Лаврентий Плотников, Казанка деп аталатын орыс селосынан келген орыс шеберлері, ағалары Нұғыман Малдыбаев, Сүлеймен Темірбеков бастаған ауыл адамдары тұрғызды. Ауылдың әйелдері, оның ішінде өзімде мектептің іші-сыртын сылауға ат салыстым. Мектептің 16 бөлмесі болды.

 

1927 жылы тамыз айында Қаратал аймақтық мектебінің ашылу салтанатының құрметіне орай той-думан болып, оған Уақ-Заря, Чапай, Сары - Өзек, Қоскөл, Сырымбет тіпті Балуан, Социал, Өрнек ауылдарының адамдары да келіп қатысты. Тереңкөлді жағалай 9 киіз үй тігілді. Мектептің ашылу салтанатын ақиық ақын Үкілі Ыбырай ән - жырымен ашып еді.

 

Тойды Сулыкөл ауылының азаматы, осы аймақтың болысы Құдабай Шаймергенов, ауылнай Молдағанап Темірбеков басқарып өткізді. Той аяғы 35 шақырымдық, 75 ат қатысқан аламан бәйгеге, балуан күреске, көкпарға, теңге алу тағы да басқа ұлттық ойындарға ұласты. Бұл мектеп Біләлдің басшылығымен салынды, - деген еді.

 

Б. Малдыбаев өзі салдырған мектепте директор болып тұрған кезде оның жолын қуған Нұржан Әуелбеков (Е. Әуелбековтың әкесі), Едірес Жахин, Сейфи Сейітбеков, Молдасын Имантаев, Нұрмұхамбет Рахымов, Асқар Жұмабеков, Мерғасым Салықов сынды ұстаздар Біләлмен бірге еңбек етіп, оның аялы алақанын сезген адамдар қызмет атқарды.

 

Қарт ұстаз А. Дауылбаевтың деректері бойынша Б. Малдыбаев 1929 жылы күзде Қазақстан Халық ағарту бөлімінің шақыруымен сол кездегі астанамыз Қызылорда қаласына келіп, республикалық халық ағарту жүйесінде мектептер ісінің меңгерушісі болып тағайындалады. Сонымен қатар 1920-30 жылдары Ақмола губерниялық кеңестер съезінде, Қызылжар, Алматы қалаларында өткен өзге де алқалы жиындар мен басқосуларға қатысады. Облыстық, республикалық баспасөзде оқу-ағарту мәселелерін қозғайтын толғақты мақалалар жариялайды. Қазақ АССР-і Орталық Атқару Комитеті Көкшетау қалалық кеңесінің мүшесі болып сайланған. Оның ұсынысымен Көкшетауда балалар үйі, Луначарский атындағы қазақ-татар клубы ашылады.

 

Б. Малдыбаев «Алаш Орда» партиясының мүшесі. Ол «Алаш Орда» партиясының мүшелері Мағжан Жұмабаев, Жұмағали Тілеулин, Абдолла Байтасов т.б. дос, пікірлес болған.

 

Бақытжан Қанапияновтың «Ұстаз» кітабында Біләлдің шәкірті Әсия Тілегенова: «Ирмовкада оқығанда (Қатаркөлдің жанындағы село) бұл мектептің директоры Біләл Малдыбаев болды, ол отызыншы жылдары Гомердің «Иллиадасы» мен «Одиссеясын» қазақша аударған» деп еске алған.

 

Біләлдің тұтқындалуы жөнінде ауыл қариясы Қазез Сағындықов: «Біләл ағамыз Степняк қаласында қызмет істеп жүрген кезінде Мағжан Жұмабаев Біләлдің үйінде қонақта болған көрінеді. Мағжан ұсталғаннан кейін көп ұзамай Біләл ағам да ұсталып ауыр жазаға кесілді!» - деді. Ақсақалдан Біләлді кім көрсеткенін білгім келіп еді, қария «өткен істі қозғамай-ақ қояйық» деген соң, одан әрі қазбалаған жоқпын.

 

Ш. Құсайынов атындағы Қаратал орта мектебінің өлкетану мұражайында Шахмет Құсайыновтың суретімен қатар Біләл Малдыбайұлының да суреті ілулі тұр. Бұл суретті сақтаушы Бапыш әже болатын. Әжеміздің айтуы бойынша Біләл әжейдің қайнысы Жаппас Балғожаұлы «халық жауы» деп ату жазаына кесілді (Жаппас аға туралы «Әдебиет порталында - Ағамның атылғанын естіп қатты жыладым»). Әжей Біләл мен Жапппастың суреттерін ешкімге көрсетпей сандықта тығып сақтап, мұражай ұйымдастырған кезде Біләлдің суретін сонда тапсырған екен.

 

Біләл Малдыбаев 1958 жылы 27 желтоқсанда толық ақталды. Ақталғаны туралы анықтама қағаз мектеп мұражайында сақтаулы. Қазір ауылда «Біләл Малдыбаев» атындағы стадион жұмыс жасайды. Қаратал орта мектебі Шахмет Құсайынов атында.

 

Б. Малдыбаев Сталиндік репрессияға ұшырап, хабарсыз кеткенімен ұрпақсыз емес. Отбасы жайын айтар болсақ, артында Қалима деген жұбайы, Шәулетбек, Сұлтанбек, Сейілбек және Қорғанбек деген ұлдары қалған болатын. Біләл репрессияға ұшырағасымен оның отбасы Шымкентке көшіп кетті. Қазір көзі тірі Сұлтанбек пен Қорғанбек қана Шымкент қаласында тұрады.

 

Ал Біләлдің ағасы Нұғыман Малдыбаевтан Мұрат, Сейітбек деген балалары бар. Сейітбек ағаның балалары Қаратал ауылында тұрады.

 

«Тегіңе тартсаң, тегін болмассың» демей ме, Нұғыманның баласы Мұрат, Біләл ағасының жолын қуған ұлағатты ұстаз, екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері еді. Әлі де берері көп ұстаз еді, әттең өмірден ерте озды. Оның қызы Меруерт Халық ағарту ісінің үздігі, Серік, Сәулесі дәрігер.

 

«Біләл мектебінде» Еркін Әуелбеков қоғам қайраткері, Маман Ементаев, Жұмабай Есекеев, Гүлнәр Шәймергенқызы, Төлеген Табылды сынды жазушы-ақындар осы аталмыш мектептің түлектері.

 

Біләл мектебінде 1952-1956 жылдары ұстаздық еткен Жұмағали Тлеулиннің немере қарындасы Ләйлә Сәпиқызы жергілікті «Айыртау таңы» газетіне: «Екі қабатты мектепті осы елдің тумасы Біләл Малдыбаев салдырған екен. Мектеп сол кезде Айыртау өңіріндегі ірі білім ошақтарының бірі болды. Ғимарат өте әсем, класстары жылы, жарық, пионерлер комнатасы, жиналыс өтетін, концерт қоятын үлкен залы болатын,- депті. 


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: