Басты бет
/
Блогтар
/
ӨЗ ОЙЫМ
/
Бірімғазы Бейбіт Оралұлы 71 жаста

Бірімғазы Бейбіт Оралұлы 71 жаста

01.06.2026 163

Жеті жасынан осы жеткен жасына дейін жеті нотаны жетелеп, заманның ырғағынан қалмай келе жатқан осы бір айрықша тұлғаның өмірбаянына тәнті болып, қызығушылығым арта түсті. Ол адам Жем өзенінің бойында дүниеге келіп, өнерге құштар отбасында тәрбиеленіп, өнегелі өмірге құлаш ұрып, бойындағы қазақи қанмен берілген қабілеті ерте танылған менің құрдас-замандасым екен. Бет әлпеті жас көрінгендіктен, осы күнге дейін оның жеткен жасы туралы мәліметтерге мән бермеппін.

Ал өзім - Аралдың тумасымын (Өзім туралы қысқаша мәлімет қоса беріліп отыр). Теңіздің толқындары, оның аппақ құмды жағалауы мен үшін өте ыстық. Айтып отырған құрдасым Бейбіт Оралұлы Жемнің бойын, ауылының тынысын сағынатын адам. Аралда толқын болса, Жем өзенінде ағыс. Бірде қатты, бірде жай. Айнала ну тоғайлары бар. Мұғалжар таулары бар. Есімін еш марапатсыз ақ айтуға болады. «Замандасың болмаса тойға барма деген». Мен өзім құрдастарыма сырттай таңырқап, іш тартып жүретін адаммын.

Әңгіменің желісін Ақұштап Бақтыгереева, Шөмішбай Сариев сынды екі ақынмен байланыстырып ойымды жалғастырайын. Биыл туғанына 80 жыл болған менің жерлесім Шөмішбай Сариев (1946-2021) 1946 жылы 15 сәуірде Қызылорда облысы, Арал ауданы, Шөміш стансасында туған. Қамбаш орта мектебін бітірісімен, Қазалы аудандық «Ленин туы» және Арал аудандық «Толқын» газеттерінде қызмет атқарған. 1971 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген. Фр.Кафка атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты (2003). «Тарлан» сыйлығының иегері (2004). Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Өлмейтін өлеңдері бар адамды «марқұм» демей-ақ қояйын. Аралдың арғымақ ақыны. Ағамыз теңізге бойласа кемедей көрінетін, жағаға шықса жорғадай желетін, көкке өрлесе пырақтай қалықтайтын жаны көркем пәк сезімдердің механизімін шебер меңгерген адам. Бейбіт Оралұлы мен Шөмішбай Сариев екеуі толғанып, тебіреніп жасаған әні «Боз жорға». Шын жорғаның сыны, қасиеті үстінде отырған адам су құйылған кесені ұстап отырса төгілмейді деген әңгімелер бар. Басқа ұлт өкілдерінің бұл әнді қаншалықты білетінін тұжырымдай алмаймын. Бірақ «нәтім қазақ» деген барша жұртшылыққа таныс. Бұл әнде қазақ халқының арманы, сұлулық туралы түсінігі, іңкәр сезімі, кең даланың байтақтығы екі ғана шумақтың ішіне ұялай алған. Ал музыка жасаған адам осы дүниенің бәрін дыбыстардың көркем ырғағымен шебер суреттеген.

Ақұштап Бақтыгереева (1944 жылы 23 тамызда Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Ақжайықта туған - жайықтың ақ шағаласы атанған ақын қызы. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2012). "Алаш" Халықаралық әдеби сыйлығының иегері. Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы (2017), Құрмет орденінің иегері (2005).Даласын, жайқалған жағасын шарлап өскен ақын.

 

Шынында менің композитор Бейбіт Оралұлымен жеке таныстығым жоқ. Бейбіт Оралұлы мен Ақұштап Бақтыгереева шығармашылығының ортақ туындысы «Алғашқы көктем». Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Бұл нағыз музыка мен поэзияның үндескен мезеттері дегім келеді. Бұл ән шырқалған әзірде мен орнымда отыра алмаймын, отырсам да алғашқы махаббаттың тылсым әлемін аралап қайтқандай боламын. ҒауҺар Қаспақованың орындауы, даусы, музыка бірін-бірі аңсап, асқақтап тауып алған мотивтер, каденциялар тәрізді. Осы әнді опера әншілерінің орындауы қаншалықты орынды болар екен. Ән үлкен, салмақты сахналарға сұранып тұрғандай.

Сұрақ. Композитордың музыкасын жалаңаш қалдырғанның өзінде алғашқы көктем, махаббат туралы дүние екені көрініп тұр. Ал ақын апамыздың поэзиясы тек қана осы әнді қалаймын деп тұрғандай. Менің Қазақстан азаматы ретіндегі ұсынысым «Алғашқы көктем» әні опера әншілерінің репертуарларына қосылсын.

Қысқасы, Бейбіт Оралұлы, Ақұштап Бақтыгереева, Шөмішбай Сариев үшеуі де судың толқыны, ағысы, жағасы, туған жері туралы толғамдары терең адамдар. Осы жерде бір табиғи заңдылық бар деп есептеймін.

Маңайыңнан өте шыққан әсем жорға желісінің сипаты сұлу бойжеткенді қиялдарға жетелейтін, жас жігітті қаһармандыққа ұмтылдыратын көрініс.

Мемлекетіміздің рәмізі елтаңбамыздың екі қанатындағы 2 пырақты елестетін музыкалық шығарма бар ма? деп сұрау салынса осы «Боз жорға» әнін ұсынып, «Алғашқы көктем» әнін махаббаттың рәміз-балладасы дер едім.

Бейбіт Оралұлы бүгін 71 жаста. Жиырмасыншы ғасырдың соңғы ширегінде қазақ эстрадасының заманауи іргетасын құйған, жиырма бірінші ғасырда қабырғасын қалауды жалғастырған жасампаз тұлғалардың бірі. Әндерін түгел шолып шығудың орнына, әдейі осы екі әніне ғана тоқтадым.

Композитордың философиясын басқа әндерінен қазбалаған жоқпын. Осы екі әнінің өзі Бейбіт Оралұлының қаншалықты талант иесі екендігін көрсетіп тұрғандай. Әннің басталуынан соңына дейін көкейіңдегі сахнада бейне бір спектакль қойылымы жасалғандай болады. 

Әрбір бүгінгі заманауи композиторлардың өзіндік қолтаңбасы бар делік. Дегенмен Бейбіт Оралұлының теңізі сүңгісең тұңғиық терең, аспаны ғарыштай биік, туған жері, ауылы сағыныштың сауығы сайраң салған шағын планета.

Бейбіт Оралұлы! «Толқынды толқын қуады, толқынды толқын жуады, толқыннан толқын туады» демекші, Сіз жетпістен кейінгі алғашқы бесжылдықта шығармашылықтың шабытты науқандарын атқарып, иншалла, сексен жастың қарсаңындағы бесжылдықта әндеріңізді әлемнің асқақ сахналарынан тамашалап, көркем көңілмен тоқсанға қарай толымды толғаныстарыңызбен бағыт алуыңызды тілеймін. Өте тәтті, көркем де пәк сезімдер кез келген адамды тебіреніске бөлейді. Бірақ сондай күй кешкен сәттерді жеті нотаға орналастыру үшін әсем әуенның инженері болу керек. Сондай маман қатарына әріптесіңіз Кеңес Дүйсекееевті қояр едім. Әндеріңіз өзіңіздің есіміңізге сай «бейбіт» күннің сахнасында сән-салтанат құра берсін! Жаны жайсаң жасампаз құрдасым,71 жасыңыз құтты болсын!

 

 Бейбіт Оралұлына /Арнау/

 

Құрдасым, алған биік асуларың,

Еңбегіңмен елге сыйлы болып кеткен.

Шұғылалы шуақ пен шашу шашып,

Құтты болсын жетпіс бірің,  келіп жеткен!

 

Танытып еңбегіңмен сан қырынды,

Халқыңа тарту еттің ән-нұрыңды.

Бөленіп құрметіне қазағыңның,

Арнадың талантың мен тағдырыңды.

 

Жұлдызы боп қазақтың аспандағы,

Орны толмас әндермен оттай жандың.  

Жете бер жастан-жасқа, тоқталмағың,

Орындалсын аңсаған, отты арманың!

 

Мерекелік сәлеммен,

Әбдіғали Анарұлы Қоянбай

Корабел, зейнеткер

01.06.2026

Алматы

 

 

 

 

Пікір қалдыру: