Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

Блогтар

22.05.2017
8154

БОЗ МҰНАР

БОЗ МҰНАР

Алғашында демім тарылып, ауа жетпей тұншыққанымды анық білемін. Жүрегім қысылған сәтте қолымдағы күрекке сүйеніп, жүрелей отыра кеткен едім. Жандалбаспен қалтамдағы дәріні алмақ болып іздеп едім, қырсық қылғанда ол үйде қалыпты. Төңірегімде пенде баласы көрінбеді. Ышқына орнымнан тұрып, күрекке демеліп, арлы-берлі жүрген елдің бірі кездесер деген үмітпен қара жолға қарай беттедім. Кеудем тұтасқан шоқ тәрізді сәт сайын күйіп, өртеніп барады. Адам баласының шынайы шөлдегені қандай болатынын осы жолы анық сезіндім. Шіркін-ай, бойымды билеп бара жатқан сол ғажайып тәтті шөл - өмірге деген құштарлық па, сірә?! Оның жалыны тек бір тамшы су ерніме тамса болды сөнетіндей көрінді. Бірақ, еш үміт күттірмейтін, кенезені кептірген бір жан түршіктірер жабайы, әлдеқайда ала қашатындай үрейлі шөл есімді ауыстырып барады... 

Аяқ-қолымнан әл кетіп, төмен қарай құлдырадым. Көзімді ашсам біреу басымды тізесіне сүйеп, қарысқан жағымды ашуға тырысып, аузыма бірнәрсе салмақ болып әрекеттенуде. Маған енді ешнәрсенің көмегі  тимесі анық, өйткені тым кеш-тін. Осы күйге өзімді жеткізбеу де өз қолымда еді, бірақ сол мүмкіндікті пайдаланбадым, біле тұра көрсоқыр адамша жар жақты бетке алып жүре бердім.  Бұл есімді жиғаным маған берген соңғы мүмкіндік болар сірә, соңғы рет жарық жалғанға көз сал деген болар, Жаратушым.  Амал не, пенделігім оянып, ешнәрсе көзіме оттай басылмады. Расымен, бәрін де қиып, өзге бір өң-түсі, бағыт-бағдары, оралары жоқ бейтаныс тұсқа кетіп барам ба...

Кенет, ұйықша тартқан боз мұнардың кіреукесін сөгіп, әкемнің бейнесі көз алдыма келді. Әкем жасы ұлғайған адам еді. Мен есімді білгелі ол сондай үлкен адам кейпінде болатын және оның ақ шалған сақал-мұрты да әлі есімде, кеше ғана көріскендей жүзі анық жайнап тұр. Ол сырт көзге қатал көрінгенмен, білетін адамға өте мейірбан, кішіпейіл еді. Бірақ оның бұл қасиетін тек етене араласқан бір-жар  адам ғана білетін-ді.  Өйткені ол көпшілік арасында тым сирек болып, өзінің қандай адам екенін таныта алмады. Жастық шағы жетімдікпен өтіп, қу дүниеге кіріптар болып, ешқашан әлдегімдердей көсіліп те көрмепті. Тапқан таянғаны екі қолындағы саусағы сияқты әрқашан да өз жанында жүрді. Барының басы өскеннің орнына саусақтары кесіліп, не болмаса сынып қалғандай оның жолын қашанда тапшылық торуылдады. Мен оның кенезесі кеуіп, әбден шөлдеген кезде көрген жалғыз перзенті едім. Ол мен туғанда жүрегі жарылардай қуанған шығар, бәлкім. Бірақ ол жайлы ешқашан әңгіме көтерілген емес. Жәй ғана «Сен туған соң, немесе, сен тумай тұрғанда» деген сияқты мерзімді ғана анықтайтын мардымсыз ауыз-екі сөздердің аракідік айтылып қалғаны болмаса. Әкеме қарағанда анам көпшіл еді. Мал соңында жүрген шалының барлық жауапкершілігін анам көтерді. Үйдің де, түздің де шаруасын шешіп, ер мен ерше, әйелмен әйелше сөйлесе білді. Төс қалтасындағы партбилетін екінші жүрегіндей қастерлеп, өле-өлгенше жанында ұстап өтті.  

Күллі ғұмырлары қара еңбектің тепкісінде болған ата-анамды жаным аши еске алушы едім, бұрын. Бірақ, келе-келе менің тірлігім де солардікіне ұқсап бара жатқанын байқадым. Алдыңғы арба салған ізден алшақтау ойыма да келмепті. Орта мектепті де толық бітіре алмадым, мал соңында қиналып жүрген әкеме жаным ашып, тоғызыншы сыныптан соң оқу-тоқумен біржола ат құйрығын кесістім. Білімсіз қалғаныма еш өкінбедім, керісінше кермек дәмді, ащы тері тіл үйірген қара еңбектің ғажайыбы мені ұйықша тартып, балауса бұлшық еттерім ерте сіңірленіп, келе-келе шаршап-шалдығу дегеннің не екенін ұмыта бастадым. Ел қол-аяқтарын созып ауыр еңбектен соң тынығып жатса, менің бойымдағы қуат тыныштық бермей, бір сәт қол қусырып бос отыра алмадым. Түк жасамадым дегенде ұсақ-түйек отын бұтағанды дамыл орнына санайтынмын. Қой қырқу науқаны кезінде: әдетте түскі ас таяғанда қырықтықшылар толық демалсын деп электр қуатын жалпылай өшіріп тастайтын-ды. Сондай бір жолы, қырқып жатқан қойымның жарты жүні қалып қалды. Қойды аудара салып, жарты жүнін сыпырып алып қоя беруге болар еді, бірақ ондайға мен ешқашан аш қалсамда бара алмаспын. Осындай кездейсоқ жағдайларға арнап алған, қатырғы қағазға оралған үш-төрт ұстараның дүзі төсқалтамда жүретін-ді. Ел-жұрт жуынып-шәйініп, дастархан басына енді отыра бастағанда мен де жарты қойдың жүнін сырылдатып тастап жандарынан табылам. Түскі үзлістен соң әлдекімдер шала қырыққан қойларын таба алмай әлекке түсіп жатқанда мен таза қойдан  бастап, кейбіреулер сияқты бір қойды қырқа сала шіреніп темекі шекпей, жұмыс аяғына дейін бел жазу деген жоқ. Темекі мен демалысқа ұзақ түн алдыда тосып тұр емес пе...

Маған бақыт силаған алғашқы қуанышты шақтың бірі - Айтолқын деген көрші ауылдың қызына қатты ынтық болғаным. Ол ерте піскен жеміс сияқты өз жасынан ілгері есейген, сақа қыз еді. Жасымыз тете болғанымен, ол - мен секілді бала махаббаттың буына мастанатын шақтан әлдеқашан өтіп кеткен көрінеді. Мен жетектеп апарғым келген өңір - оған еш қызық емес екенін аңғардым, бірақ ол мені баласынып сезімімді мазақ етпеді, ешқандай тәлпіш қылық талап етіп, немесе оны өзі де көрсетпеді. Сандығының кілтін әсіресе менен құпия сақтаған жұмбақ жан болып, ол жадымда қалды.  Мүмкін Айтолқын екеуміз мәңгілік те болар ма едік, егер мен әкемнің қасына мал бағуға кетпегенімде...

Өмірдегі көрген қуаныштарым сірә бейне таспадай, жадымда жаңылмастай жазылып қалған-ды. Енді сол көріністер рет-ретінен шатасып, жұмарланған тұтас көрініске айналып барады. Бала-шағам; малым; талдан өріп қоршаған дуалым; кіршіктей іртігі жоқ сылаққа арналған май батпақ; ұңғыларынан түтін аралас ауа әндетіп моржасына ұмтылған, бес-жеті құдықты пештер; пішені қайқайтып тиелген ат арбаның сықыры; бір қараңғы, бір жарық таң алдындағы елең-алаң; төбе құйқаны жібітіп төмен құйылған, жотаға ақ сор болып қатқан тұзды тер; ішкен сайын тәбетің ашыла түсетін сүт қатқан қошқыл шәй; жаңа жыртылған бақшадағы қара топырақ исі... Көз алдыма елестеген осы көріністердің барлығы да жаныма өте жақын, барша өміріме өң берген қимас тәтті сәттер екенін тұла бойыммен түйсіндім. Тегі бұл жарық жалғандағы қалт еткен тірі сәтіңнің барлығы да қадірлі екен-ау!? Осылардың ішінен бұрынғыдай ұзын арқан, кең тұсау ғұмыр кешіп жүргендегідей іріктеп ешқайсысын бөле алмадым. Байырғы іріктелген әрлі сәттерім шәйға салған шекердей күллі өткерген өміріммен араласып, оның бетін көмкерген өрнекке айналып кетті.  Алпыс жылғы ғұмырым енді қарасаңыз жұдырықтай ғана болып, бір демнің ішіне сиып барады. Аяқ-асты осындай күйге түсетінімді болжамағандықтан, жасалмай қалған қыруар шаруаларым енді сол демнің сыртында қалатын болды-ау!  Бастаған жұмысын аяқсыз қалдырып көрмеген адам үшін бұл келеңсіз жәйт екен. Өмірге деген менің ынтызарлығым - тек тірі жүруді ғана мақсат еткен жеке бастың іштарлығы емес, таң қараңғысынан сонау қас қарайғанға дейінгі аралықты толтыратын сарқылмас, күйбіңді еңбектің қызығы еді. Сол қызықты қимай дер кезінде ем-дом да алмадым, егер мен күнделікті тұрмысымнан қалт етіп бір сәтке қол үзсем, әбден қалыптасқан арадағы байланысы божырап, неше жылдар бойы қалап келе жатқан берекемнің шырқы бұзылар деп шошитынмын. Науқаспын деп төсек тартып жатып қалудан, ешнәрсеге шамам келмей жұмыстан қалып, қол қусырып отырудан қорықтым. Еңбек еткен адамға ешқандай дерт жоламайды деп сендім. Акула деген теңіз жыртқышы бір сәт қимылсыз қалса өліп кетеді деп естіген едім, менің де тірлігім сол тектес болған сияқты. Бір сәт бос отыру деген мен үшін нағыз қияметтей көрінді. Өз шаруамнан артылып жатсам ауылдастарымның бұйымтайын реттесуге әрдайым дайын тұрдым. Мен қалаған пештің жылуы да елдің айтуынша өзгеше болатын, әлдекімнің шатырын жапсам да басқаларға ұқсамайтын өз қолтаңбамды қалтыруға тырысатынмын. Не жасасам да менің қолымның ізін барша жұрт бір көргеннен айырушы еді: «Бұл – Бәкеңнің жасағаны ғой!» деп. Енді қарашы, сол талмастай көрінген қол-аяқ жансызданып, бөтен біреудікіндей менің ырқыма бағынбай барады. Осыдан бір ай бұрын үйдегілер мені жетектегендей, зорлықпен облыстағы үлкен дәрігер алдына апарып еді.

-         Ағасы, мынандай көнтері алақанды ешқашан көрмеппін, бұндай

жағдайға түсіру үшін неше жыл күн-түн демей тас уқалау керек қой! – деп ол жағасын ұстаған-ды. Дәрігерсіз-ақ жүрегімнің сыр беріп жүргенін өзім де білетінмін, неше қабат кеудеме от қарығандай болып көзім қарауытты, бірақ дабыра қылып үй-ішімнің берекесін алғым келмеді. Қысып-қысып қояр дедім. «Ең болмаса оншақты күн жатып ем алып, тынығыңыз» деген дәрігердің кеңесіне құлақ аспадым, үйдегі аяқсыз қалған қу шаруалар көз алдыма көлденеңдеп тұрып алды. Ертең-бүгін көктем де шығайын деп тұр. Есі дұрыс адам осындай кезде өліп қалып жатпаса, ауруды сылтау қылуға қалай дәті барады. Дәрі-дәрмегін үйде жүріп-ақ уақытында қабылдармын, шаршасам шаршаған да шығармын, аракідік дем алып ұйқыны қандырсам, жастайымнан жабысқан дерт емес қой, жазылып та кетермін...

...Езуіне келіп, ернін жібітуге шамасы келмей іркілген бір тамшы жас - сәлден соң сарқылатын соңғы сәулесін күнмен таластыра жарқылдатады. Оның алдын осы жасқа дейін беймәлім етіп, бүркеп келген боз мұнар тәрізді перде, айқара ашылды. Қара жолдың жиегінде қайыспас қара нарға теңелген азамат жатыр..

Топырласқандардың біреуі оны кеше көрсе, енді бірі осы ертеңгілік қана сәлемдескенін айтып, бір-бірінен «шүйінші» сұрасқандай оза даурығады. Іштерін үрейлі тітіреніш билеп, бұндай күйден өзінің аулақ екеніне шүкіршілік еткендері де бар. Бәрінің бастарына келер жағдай екенін өзара ауызша ғана айтқандары болмаса, бірақ оған пәлендей мойынсұнып жатқан ешкім жоқ. Былай шыға күнделікті тірліктің жетегіне еріп, жарық жалғанның қызық-шыжығына қайта оралуда... 


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: