Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ПРОЗА
ДЕМЕ ЕШТЕҢЕ!!!

Блогтар

25.05.2017
6244

ДЕМЕ ЕШТЕҢЕ!!!

ДЕМЕ ЕШТЕҢЕ!!!

Күлнәш әпкеміздің дүние салғанына да он шақты жылдан асыпты. Күні кеше ғана жайраңдап ортамызда жүрген сияқты еді. Япырай өмір десеңізші, ойықтан аққан қара судай жылмаңдап өтіп жатыр...

-         Е, о кісі бір қызық адам еді! – деп қойды отырғандардың бірі.

-         Қызығың не? Етегі бар Қожанасыр еді ғой!

-         И-и-и, жарықтық-ай!..

Колхоздың еңбекақы тіркейтін бұғалтірі болып көзі жұмылғанша қызмет етті. Иә, көзі жұмылғанша.  Күлнәш әпке өз көзін өзі жұмбағанда мүмкін әлі күнге арамызда жүрер ме еді. Сұмдық-ай! Кереуеттің басына асылып қалыпты. Сырттай қарасаң арқасын сүйеп, қисайыңқырап отырған адамға ұқсайды. Өз жанын аямай қалай қиды екен деп ел таң қалысты. Өзге біреу сөйтіпті десе, бас шұлғи салуға әзір жұрт Күлнәш әпкенің қазасына аса қайран қалды. Дүниеден таршылық көріп, ары тарт пен бері тарттың азабына шыдамады деуге аузың бармайды. Иә. Тек бір үлкен себеп бар. Ол Күлнәш әпке ащы суға қатты салынып кетті деген ел арасындағы қауесет. Тәйірі, бар адам ішіп-жемей не бопты деп оған да ақтау айтуға болар еді. Сосын кім ішпей жүр дейсің сол иттің сарындысын!?

-         Әлі есімде, - деп бастады тағы бір әйел естелігін: - Сонау жылы түн

ортасына таман біреу есік қақты. Бейсауат жүрген кім десем осы Күлнәш әпкеміз екен. Арқалаған қабы бар. Екі иінінен ентігіп: «Мында ақша. Саған аманат. Уақыты келгенше жасыра тұр.» деді де табалдырық аттамастан жоқ болды. Содан екі-үш ай өткен соң келіп, аманатын алып кетті. Тағы біраздан соң қайта келді. Менің бала-шағама киім-кешек, шәй-шақпұт алып кепті. «Рахмет, саған! Аманатқа қиянат жасамапсың!» деді.

-         Иә, колхозды елу шақты ребизор келіп жан-жақтан қамап тексерген

жылы ғой. Аюбай деген опраблайшы біздің бір қора қойымызды екі-үш күнге санаққа қоса тұруға сұрап алып, ақыры тышқақ лақта ала алмағанбыз.

-         Тексерушілердің алдынан бір отарды орағытып неше қайтара

санатыпты деп естігенбіз. 

-         Е-е, алқып-шалқыған солардың қазір бірде-бірі жоқ. Жандарын жиған-

тергендері де алып қала алмады. Бірі қылтамақтан, бірі тұншықпадан, енді бірі ана Күлнәш құсап асылып өлді.

-         Төу! Қайдағы қырсық сөзді айтпашы... Әркімнің өз ажалы бар да.

Пенде болған соң, пендешілігіңді жасайсың... Өзің етегіңе намаз оқып па едің? Тарттың ғой, бала-бақшаның ескі-құсқысын... Күні бүгінге дейін гүлді орамалдарымен бет сүртіп келесің!

-         Менікі шибұқа ғой!

-         Иә, сенікі расында шибұқа! Өкімет құлаған кездегі хан талапайды

айтсайшы...

-         Құр қалдым деп қайғырып отырсың ба?

-         Жоға... Алла сақтасын, ешкімнің ала жібін аттап көрген емеспін! Бар да

бардай, жоқ та жоқтай жүріп үйренген адаммын!

-         Иә... Аллам нысап берсін де...

-         Бірді айтып, бірге кетіппіз ғой. Әлгі Күлнәш әпкеміздің қызық мінезін

айтамыз деп отырып...         

-         Көрші-қолаң болған өзіңсің, білсең жақсы сен білерсің... айта бер.

-         Ол кісі қонақжай, дастарханы қашанда жаюлы жататын адам еді ғой.

-         Менің естуімше қытымыр, қолы сараң...

-         Е, ол сау кезінде ғой. Аузына бірдеңе тисе одан жомарт жоқ! Үйіндегі

барын арқалатып жібереді. Алмасаң көрместей боп өкпелейді.

-         Естігенбіз, қабырғадағы кілемдерін, өзінің құндыз тонына дейін

үлестіріп жіберетін көрінеді.

-         Жарықтық, ертеңінде көршілерді аралап: «Кеше біздікінде болған

жоқсың ба? Саған ештеңе тарту еткен жоқпын ба?» деп сұрап жүретін-ді. Бастапқыда шын берген екен деп әбден риза боп қалғанбыз. Кейін үлестіргенін қайта жинайтын әдетін білген соң, алғанымызды шырқын шығармай жеке жинап қоятын болдық.

Отырған әйелдер көздерін бір-бір сығымдасып, «е дүние-ай» дегендей өксіктерін жасыра алмады. Күні кеше ғана шаштары желпілдеп жүгіріп жүрген өздері де бала болмап па еді. Қарашы енді, өмір-бақи жас, тіпті қыз болмағандай алжа-алжа әлдекімге ұқсап кеткендерін. Көз алдарына өткендерін елестетсе тек ертеңнен қара кешке дейін бітпейтін ұзақ сонар жұмыс қана келуші еді. Таң бір қараңғы, бір жарықтан қырық-отыз сиырды көрпілдетіп сауып жататын-ды. Еркектерден қалыспай аша көтеріп, малдың шем-шөбін тартысты. Қырық-елу литрлік флягтарды қиналмай тіркемеге лақтырды. Колхоздың бір жұмысы бітсе келесісіне ауыстырылды. Аспан айналып жерге түсер ыстық астында қызылша шөптеді. Бел дегеннің қайда екенін білмеді.          

-         Келінге бірдеме десең, «мен бала көтеруім керек, ауыр жұмыс жасауға

болмайды» дейді. Апырау, біз қалай көтердік, осы? Есіңдеме қыз-ау?!

-         Қайбір есте дейсің... Ұйқылы-ояу өтті ғой, сол бір боз күндер...

-         Алламның берері түгесілмесін де. Ешқашан тіленіп көрмедік,

тіленердей аш-жалаңаш та болмаған сияқтымыз. Біздің жастығымыз - сол заманның көркі боп қалды ғой. Бұлардың заманы да өзінше бір қызық шығар.

-         Иә. Бұл заман да өткеннен соң, таңсық астай сағынтар...

Шәугімдегі шәй суып бара жатты. Өзара әңгіме-дүкен құрған әйелдер тағы біраз отырды. Олар өстіп ара-тұра бас қосуды ғадетке айналдырған-ды. Келелі бір мәселе шешіліп жатпаса да іштегі азын-аулақ сыр ақтарылып, жеңілдеп тарасатын. Әңгіме желісі манағы Күлнәш әпке сияқты тағы біреудің тағыдырын инеге сабақтағандай ойда-жоқта қиыса кететін-ді. Тегі, кісі қалай өлсе де оны айыптауға болмас. Себебі, әркімнің өз ажалы бар. Оның қашан және қалай келетіні де беймәлім. Бір ғана нәрсе аян. «Ешкімнің ала жібін аттамадым» деп ант-су ішкен адамнан шошын. Неге десеңіз, жай адамның қаперіне ондай ой оңайшылықпен келе қоймайды.

-         Қыздар, қайта шәй қояйын...

-         Ойбай, рахмет! Күн кешкіріп барады. Мал-жан... немерелер де апалап

жатқан шығар..      

-         Дүкенге жолдарың түссе біздікіне соғыңдар...

Үй иесі екі құрбысын қақпадан шығарып салды. Ана екеуі көшемен құлдап барады. Біразға дейін үнсіз барып, сосын біреуі артына бір қарап алып, тамағын қырнап қойып сөйледі.

-         Түк көрмегендей боп отырғанын қарашы. Дүкенші болып тұрғанда кісі

менсінбеуші еді. Егер біз болмасақ, кіммен шүйіркелесіп шәй ішер еді?!

-         Соны айтам да... Жеді ғой, жегендейін-ақ! Енді сүттен ақ, судан таза!

-         Біздің қолымызда не болды? Аша мен күректен басқа... Сүрінген

тай да ала алмадық пайымызға. Бас зоотехник Әблітай мен басқарма екеуі ғана колхоздың бәр қызығын көрді!..

-         Желкелерінен шықты ғой! Елден озғаны қайсы?

-         Қыз-ау, оларды қойшы, қазір не боп кеттік? Соны айтсаңшы...

-         Аузыңды жауып жүр, пенсияңнан айырылғың келмесе!

-         Ойбай, мен не деппін сонша?!

-         Деме ештеңе!!!  


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: