Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ПРОЗА
Естен кетпес бейнелер

Блогтар

30.05.2017
7055

Естен кетпес бейнелер

Естен кетпес бейнелер

data-cke-saved-src=/upload/1/2017/05/28/3c0a88752419cf9727682e5f5a40e914.jpgМенің өмірімде өткен айтулы уақиға Уәлиханов ауданы «Советский» орта мектебінің 10-шы сынып оқып жүрген кезінде болды. Жаз айы. Соңғы бітіру емтихандарын тапсырып жүргенмін. Ол кезде нағашым Ақтай Әбілмәжінұлы Советский кеңшарын басқарған беделді директор еді. Анамның інісі Ақтайды жиендері «Ағатай» деп сыйлап өстік. Ағатайым басқарған кеңшар экономикалық көрсеткіштері жағынан республиканың алдыңғы қатарлы шаруашылықтарының бірі еді. Атағы жер жарған шаруашылыққа жер-жерден қонақтар, тәжірибе алмасуға мамандар келіп – кетіп жататын. Ағатайымның бұндай абырой-беделіне мен іштей мақтанушы едім. Нағашым көп сөйлемейтін, тұйық, сөзден гөрі істің адамы болатын. Анда-санда сырлы Сырымбет баурайында өткен балалық шағын сағынышпен еске алып, Кәкімбек Салықов, Шота Уәлихановпен бір сыныпта оқығанын мақтана айтатын. Жаздың тамылжыған маусым айы. Мен кезекті емтиханымды ойдағыдай тапсырып үйге келсем, Сәлимә жеңгем абыр-сабыр болып, ас дайындап жүр екен. Менің келгеніме қуанған ол «кел көмектес, нағашыңа Алматыдан белгілі композитор Шәмші Қалдаяқ пен Көкшенің ақиық ақыны Еркеш Ибраһим қонаққа келіпті. Олар бұрыннан нағашыңмен дос-жар болған адамдар. Қазір нағашың оларды шаруашылықпен таныстырып жүр, кешке жақын келіп үйден дәм татады. Осындай сыйлы адамдарды күтіп, қарсы алу біз үшін үлкен абырой», - деген-ді. Есімдері елге танылған ірі тұлғалармен ағатайымның аралас-құралас дос болғаны мен үшін үлкен қуаныш, әрі мақтаныш еді. Кеш түсе ағамның сүліктей қара «Волгасы» сырғып келіп үйдің жанына тоқтай қалды. Ішінен орта бойлы, мұртын ширата баптаған Шәмші ағай мен оның соңын ала түскен ұзын бойлы, етжеңді, шашын артқа сілке қайырған тәкәпәр жүзді Еркеш ағай көрінді. Амандық-саулықтан кейін, нағашым қонақтарды бастап үйге кірді. Шәмші ағай аңқылдаған ашық, ақжарқын, ал Еркеш ағай тұйықтау, әрбір сөзін салмақтап сөйлейтін адам екен. Ас үстінде Шәмші мен Еркеш ағайлар көңілдене отырып, әңгіменің тиегін ағытты. Біз олардың әрбір сөздерін қызыға тыңдадық. Мен Шәмші ағайдан «Кербез Көкшетауға арнап неге ән шығармайсыз?»,- деп сұрағаным есімде. Сонда ол кісі «қарғам-ай, Көкшетауға арнап өлең шығарғым келмейді дейсің бе, шығарғым келеді. Бірақ Сәкен Сейфулиннен кейін Көкшетауды жырлауға жүрек дауаламайды», - дегені бар еді. Еркеш ағай бізді өз шығармашылығымен таныстырып, соңғы шыққан өлеңдер жинағын нағашыма қолтаңбасымен сыйлады. Шәмші ағайда өзінің жанға жайлы қоңыр даусымен өзінің және халық әндерін домбырамен орындап отырды. Мен де өз кезегім де, соңғы емтиханды тапсырып жатқанымды, журналист мамандығын жақсы көретінімді айттым. Қонақтар ағатайым үйінде төрт күн қонақ болғанда ауыл тұрғындарымен жүздесті, шаруашылықты аралады. Олардың қолдары бос кездерінде жандарына барып, айтқан әңгімелерін тыңдаймын, олардың «ерінбей еңбек ет, іздемпаз бол, сонда ғана қалаған арман-мақсаттарыңа жетесің», - деген ақылман сөздері көкірегімде жатталып қалды. Уақыт қандай жылдам, қонақтар қайтатын уақыт та болды. Оларды шығарып салуға барлық ауыл адамдары келді. Шығарып салушылардың бәрімен қоштасқан соң, Еркеш ағай мені шақырып алып, төс қалтасынан жасыл түсті сия қаламын алып «бауырым, журналистикаға барам деген талабың дұрыс, болашақта қаламың ұшқыр, ойың тұтқыр болсын, мына қаламды саған сыйладым, - деп маған ұсынды. Мен оған шексіз қуандым, енді қалай, есімі елге танылған азаматтың маған сыйлаған қаламы елеулі ескерткіш емес пе! Жоғарғы оқу орнына құжаттарды тапсырып емтиханынан сүрінбей өтіп, оқуға түстім. Әттең ізгі тілекпен сыйлаған Еркеш ағайдың қимас қаламын студенттік кезде жоғалтып алғаныма қазір қатты өкінемін. Ал ағатайымның кітапханасының сөресінде Еркеш Ибраһим мен Шәмші Қалдаяқтың қолтаңбалары қалған кітаптары олардың жарқын бейнелерін қимастықпен еске түсіреді.

 


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: