Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
СҰХБАТ
Философ Ғарифолла ЕСIМ: «Коррупция — нәпсiнiң тойымсыздығы»

Блогтар

25.10.2017
7204

Философ Ғарифолла ЕСIМ: «Коррупция — нәпсiнiң тойымсыздығы»

Философ Ғарифолла ЕСIМ: «Коррупция — нәпсiнiң тойымсыздығы»

 

 

Философия өткеннiң ғана емес, болашақтың да ғылымы

 

Қалай ойлайсыз, асқан жоғары шапшаңдықпен дамып жатқан заман талабына сай  философия да өзгердi ме, жоқ әлде баяғы сол «өмiрдi тек түсiндiрушi ғылым»күйiнде қалып қойды ма?

—Философия жайлы сөз адам пайда болып, өз қолы өз аузына жеткелi берi айтылып келедi. Ол кейде шуағы мол нұрлы дүние болып көрiнедi, ал кейбiр қоғамдық құрылымдар тұсында фиолософияны тұншықтыруға бағытталған әрекеттер де байқалады. Кейде оны құрал ретiнде, дiннiң құралы, ия болмаса саясаттың құралы ретiнде пайдаланғысы келгендер де табылады. Тiптi болмаса бiр мемлекеттiң, белгiлi бiр топтардың мүддесiн қорғайтын, соған қызмет ететiн құрал ретiнде пайдаланғысы келедi. Бұл бұрыннан келе жатқан үрдiс, алда да осындай әрекеттер қайталана беретiн болады. Мысалы, кешегi кеңес дәуiрiнде коммунистiк партия философияны өзiне саяси құрал етiп пайдаланды және өте тиiмдi  пайдаланды. Философияның идеологияға қызмет етуiне мейлiнше жағдай жасалды. Әне, сол кезде қалыптасып қалған философияға деген көзқарас бүгiн де жұрттың санасында. Және ол көзқарас дұрыс та. Бiз философияны идеологиялық қабыршақтардан тазалап, аршып ала алдық па? Философияны Сократ пен Платоннан бастап Аристотель, Фараби, Ибн-Сина, Абайлар қалай түсiндi? Мiне, оның осы таза мәнiн бiз ашып бере алмағандықтан философия туралы әртүрлi жағымсыз пiкiрлер орын алып келедi. Жоқ, олай емес, философия дегенiмiз адамзаттың ақыл-санасының тамаша бiр көрiнiсi! Философияның өмiрдегi орнына, бағытына жеке дара тұлғалар, қоғамдық ағымдар қарсы болуы мүмкiн, бiрақ одан философияның маңызы төмендемейдi.

—Философияның адамзат өмiрiне әсерi қандай?

—Иә, ендi осы сұраққа келейiк.  Мен оған метафора арқылы жауап берейiн. Ауаның, күннiң,  жаңбырдың, т.б. табиғи құбылыстардың адам өмiрiне әсерi қандай? Ағып жатқан өзен дұрыс ағып жатыр ма, жоқ әлде терiс ағып жатыр ма? Мiне, философия да сол секiлдi. Адам болғаннан кейiн адамның ойы болады. Философия — адам туралы ой. Адам ойының да түрлi деңгейi болады: тұрмыстық  деңгейдегi ой, одан жоғары деңгейдегi, одан да жоғары деңгейдегi, хакiмдiк деңгейдегi, яғни Абай, Фарабилердiң деңгейiндегi ой болады. Ой болған жерде философия өрiс табады.

Философияның түр-түрi бар. Ол бiр ғана түрде тұрмайды. Бiз маркстiк-лениндiк философияны оқыдық та, философия деген осы деп ойладық қой. Батыста прагматизмнен бастап неше түрлi «измдер» оқытылады. Шығыстағы кезiнде имам Рушди мен имам Ғазали арасындағы ғылыми айтыс осы философияның мәнiн ашуға арналған айтыс қой. Оның тарамдары көп. Ол тұрмыстың ең бiр қарапайым деген мәселесiнен бастап ең жоғары Жаратушы жайлы сұраққа дейiн, бүкiл әлем кеңiстiгi, ол әлем мен адам арасындағы байланыс, адамның әлемдегi орны жайлы, адамзат қайдан келдi, қайда барады сықылды «неге?» деген сұрақтарға философия үнемi жауап iздейдi. Жауап iздеу барысында ол дiни философия да болып кетедi, саяси философия да болып кетедi, әлеуметтiк философия да болып кетедi. Ол құлпырып отырады.

Бастапқы сұрақты нақтыласақ. Өткен ғасырдың басындағы екi дүние қақтығысы кезiнде көптеген ғалымдар, Маяковский секiлдi ақын-жазушылар футуризммен көп шұғылданды. Бiз қазiр де дамудың ерекше сатысында тұрмыз. Қазақтың табиғатына үйлесе қоюы қиын қоғам құрып жатырмыз. Қиналып, құлап-тұрып үйрену үстiндемiз. Осы жерде философия болашағымыз жайлы, тәуелсiздiк дәуiрiнде қалай дамуымыз жайлы ғылыми болжам  жасай ала ма?

—Өте жақсы сұрақ, айтайын. Иә, футурология болашақ жайлы ғылым. Бiз тоқсаныншы жылдардың аяғында осы тақырыпқа зиялы қауыммен пiкiрсайыс өткiзгенбiз. Мен сiзге мынаны айтқым келедi: болашақтың қандай болатынын айту үшiн арысы өткен құбылысқа, берiсi оқиғаға талдау жасап, оқиғаның пайда болуына нендей күштер ықпал жасады, ол қандай жағдайда туындады, оның дәл солай өрбуiне қай нәрсе қандай мөлшерде әсер еттi, соны анықтап алатын болсаңыз, сонда бүгiннен шығарып болашақты айта аласыз. Мен де осындай негiзге сүйенiп болашақты болжай аламын. Менiкi бiрақ сәуегейлiк емес, балгердiң, жұлдызшының жорамалы емес. Олардың көпшiлiгi бос сөз, құр долбар.

 

Бiз қазақ бола алмай жатырмыз

 

Мен ғылыми негiзде болжам жасауға мiндеттiмiз деп те ойлаймын. Осы тұста аса маңызды елiмiздiң ұлттық идеясы қандай болуы керек деген сұрақ туындайды.

 —Иә, бұл өте үлкен мәселе. Жақында Президентiмiз Нұрсұлтан Назарбаев Түркiстанға барғанда бiр жiгiт осы жайлы сұрақ қойғанда ол кiсi «ұлттық идея дегенiмiз тәуелсiздiгiмiздi нығайту емес пе» дедi. Осы жауап маған қатты ұнады. Мен сiзге айтайын, ұлттық идеяның астарында қат-қабат мәселелер бар. Бiр сөзбен айта салу қиындау. Бiздiң қоғам жайында бiр сөзбен ұлттық идея нақ мынау десеңiз оныңыз бәрiн қамтымауы мүмкiн. Қамтыған күнде де бәрiне бiрдей сiңбеуi мүмкiн.

—Бiр мысал айтыңызшы.

—Айтайын. Бiзде «қазақстандық ұлт» деген идея шықты. Ол сiңбедi! Сiңбейдi де!

—Дегенмен, сiңетiн идеялар да болады ғой?

—Жалпы тұрғыдан алғанда болады. Және ол сiңетiн болуы үшiн мәселенi қалай қоюымыз, неден бастауымыз керек? Егемен Қазақстан — бұл қазақтың елi, қазақтың жерi. Олай айт, бұлай айт, саясатқа салып айт, басқа қылып айт, шындығы осы, ақиқаты осы. Қазақтың ата қонысы бұл! Осыны бiзбен бiрге тұрып жатқан басқа халықтардың өкiлдерiнiң бәрi бiледi. Мiне, осы «бiледiге» бiз идея құруымыз керек? Құрғанда қандай идея құруымыз керек? Бiздiң ең басты мәселемiз — төлқұжатында қазақ болып жазылып, қазақ атанып жүргендердiң бәрiнiң шын мәнiнде қазақ болуы! Бiз қазақ бола алмай жатырмыз! Барлық мәселе осында! Қазақ дегенiмiз туыстықтың формуласы десек, сол дәрежеге жете алсақ, сонда ғана бiз қазақ еместердi де құшағымызға ала кетемiз. Өзiнiң қазақ екенiн толық сезiне бiлген адамның бойында биiк парасат пайда болады, азаматтық борыш сезiмi пайда болады. Бiрақ, бiз қазақ бола алмай жатырмыз! Бiз «ана жақтың адамдары, ана рудың, ана жүздiң адамдары»  деймiз.  Мен «Туысқандық философиясы» деген мақала жаздым және онда бiр-ақ сөз айттым: бiз бәрiмiз, арғындар, наймандар, адайлар, төрелер, қожалар, бәрiмiз қазақпыз десем, бiр қап хат алдым. Қожа ағайындар жазады: «бiз — қожамыз!» дейдi... Айналайын-ау, кiм қарсы сенiң қожа болғаныңа? Бола бер, бiрақ, сен бәрiнен бұрын қазақсың ғой? Басқа ұлттың өкiлi «кiмсiң» деп сұрағанда сен қазақпын деп жауап бересiң ғой?! «Қожамын» демейсiң ғой? Бiз сонау 1456 жылы-ақ қазақ болып қойғанбыз! Қазақ деген туыстардың, бауырлардың елiмiз! Бәрiмiз туысқанбыз. Бiздiң туысқандығымыз мемлекеттiк негiздегi туысқандық. Ойда — қаңлы, қырда — дулат, далада — адай мен арғын, төре  мен қожа бәрiмiз қазақ болып туыстық қой сол кезде!

Нағыз бiрiншi қазағыңыз Керей мен Жәнiбек! Қазаққа кiрмей қалған наймандар басқа халық болып кеттi, кiрмей қалған қоңыраттар басқа халық болып кеттi, кiрмей қалған үйсiндер басқа халық болып кеттi. Ал, кiргенiнiң бәрi қазақ деген бiр халыққа айналды. Олардың бәрi бұрыннан да туыс тайпалар едi. Сол туыстықтың жаңа мемлекет құрған кезде жаңа формуласы табылды, оның аты «қазақ» болды. Содан кейiн ендi 1991 жылы барып бiз тағы жаңғырдық, тағы жаңардық – егемен ел болдық. Туыстығымыз ендi тағы бiр сатыға, сапасы жоғары сатыға көтерiлуi керек. Ал, бiздiң мектептерде мұғалiмдер оқушылардың  руын сұрайтын көрiнедi. Бiз руды жетi атаны, өзiңнiң тегiңдi, тамырыңды бiлу мәселесiмен шатастырмауымыз қажет. Жетi атамызды бәрiмiз түгел бiлуге тиiспiз. Бала өзiнiң руын емес, қазақ екенiн бiлiп, қазақ екенiне мақтанып өсуi шарт! Осы қарапайым ұғымды тұрмысымызға енгiзуiмiз сондай қиын болып отыр, мен сiзге айтайын, сондай қиын болып отыр! Соның салдарынан қазақтың жауы бүгiн қазақ болып отыр. Бүгiн бiздiң ең басты мәселемiз осы! Өзiмiздi толыққанды қазақ деп сезiнудi санамызға сiңiру – ұлттық идеяның басты шарты.

Бiз осылайша бiртұтас халыққа айналсақ елiмiздегi өзге ұлттардың өкiлдерi бiзге қызығып қарайтын болады. «Мынау қандай жақсы, бәрi бiр-бiрiмен  тату, бәрi туыс, керемет халық! Бұл халықпен араласуға, бiрге тұруға болады, нағыз өркениеттi халық қой мынау» дейтiн болады.

-Тату отбасы секiлдi тату ұлтпен де араласуға жұрт құштар келедi дейсiз ғой?

-Иә, иә. Ал, бiз керiсiнше, дай-дай болып өз-өзiмiзбен айтысып жатсақ, ауылдық деңгейден, яғни рулық деңгейден көтерiле алмай жатсақ өркениеттiң көшiнен қалып қоямыз. Осыны ойлайтын кез жеттi. Әлемде екi мыңға тарта халық бар да, екi жүзге тарта ғана мемлекет бар. Сол мемлекетi бар халықтың iшiнде, Құдайға шүкiр, бiз де бармыз. Ата-бабаларымыз өз үлесiне тиген осыншама кең-байтақ жердi не үшiн мыңдаған жылдар бойы қызғыштай қорып келдi? Ұрпағым өссiн деп ұстап келдi ғой. Ендi осы жерге келешекте де ие болып қалу үшiн бiзге қандай сана керек?  «Бiз – қазақпыз!» деген ғана сана керек!

-Не iстеу керегiн айттыңыз. Идеяны жүзеге асырудың жолын да айта кетсеңiзшi.

-Ең алдымен тәрбиенi мектепте, мұғалiмдерден бастауға тиiспiз. Ру деген нәрсенi ауызға алып қажетi жоқ. Қараңызшы, бiздiң оқулықтарымызға шейiн қазақтың үш биiн жазса Үйсiн Төле би, Алшын Әйтеке би деп руын қосып жазады. «Руын көрсетпей жазыңдаршы» деймiн, ешнәрсе шықпайды. Неменеге қайталай беремiз, бiзге бүгiн қажетi осы ма едi?

Екiншi мәселенi айтайын мен сiзге. Бiз батырларымыздың пәлен жылдығын тойлап жатамыз. Тоқсаныншы жылдардың басында ол тiптi ерекше болды. Осындайда «неге тойлай беремiз, не деген қаптап кеткен батыр» деген күңкiл сөздер естiлiп жатады. Барынша қате пiкiр бұл! Бұндай ұлан-ғайыр өлкенi батырларымыз көп болмаса сақтап қала алмас едiк. Сақтап қалғандар кiмдер? Батырлар! Олардың бәрi әлi түгенделген жоқ. Бiздiң тойлап жүргендерiмiз жай батырлар емес – қолбасшылар. Бүгiнгi тiлмен айтқанда дивизияның, армияның қолбасшылары. Олардан басқа ауылдың, аймақтың батырлары бар ғой. Олардың қаншасы кеудесiн оққа төседi! Жанын-тәнiн салып қорғады елiн. Солардың мүмкiндiгiнше бәрiн анықтауымыз қажет. Олардың жолынан ештеңенi аямауымыз қажет. Кесенелерiн жаңғыртып, ескiлерiн жаңартып, батырлар жырын барынша кең насихаттау, оқыту бүгiнгi бiздiң сол жанын қиған батырлар алдындағы өтелмес борышымыз. Патриоттық, отаншылдық тәрбие дегенiмiз, елдiң рухын көтеретiн ұран дегенiмiз осы.

-Едiл-Жайықтың бойынан Әбiлхайыр ханның жасағымен келген бiздiң жетiншi атамыз Сүтемген Жаңаарқада қайтыс болған екен. Қаза табарының алдында түсiне аян берiп, «менi Түркiстанға апарып қойыңдар» дептi. Әзiрет-Сұлтан кесенесiне жерленiптi.

-Менiң айтып отырғаным да осындай батырлар. Тек ендi бiзге тойлардың тұжырымдамасын жасайтын уақыт жеттi. Кеше Райымбек батырдың 300 жылдық мерейтойы атап өтiлдi. Райымбек дегенiмiз бүкiл қазақтың әрi батыры, әрi әулиесi. Бүкiл қазақтың! Күре жолдың бойында бүгiн де бәрiмiздi әруағымен желеп-жебеп жатыр. Ендi осы тойды да бүкiлқазақтың тойы етiп жасауымыз керек едi ғой. Бұрынғы қазақтың үш жүздiң баласына сауын айтатыны секiлдi төрт тараптың бәрiнен шақырсақ келмес пе едi? Келер едi, қазiр Құдайға шүкiр, оған халықтың жағдайы бар. Әншiсiмен, ақынымен, игi жақсыларымен дуылдатып келсе, солардың бәрiнiң басы қосылғанының өзi қазақтың қазақ болу идеясына қызмет етедi ғой. Сол тойда айтылатын биiк-биiк сөздер болады ғой, ол сөздер ұлттық парасат-мерейдi жаңа биiкке көтередi ғой. Сонда бiз қазақ болып жаралғанымызға, арамыздан осындай ұлы адамдар шыққанына масаттанбаймыз ба?

Бiз болсақ мұндай тойларды жырып алып бiр ғана облыстың көлемiнде өткiземiз. Махамбеттiң тойына бүкiл қазақ қатысты. Райымбектiң тойына қатыса алмады. Өкiнiштi-ақ. Өйткенi мұндай тойлар елдiкке бастауы керек. Райымбек соғысып жүргенде «мен тек Албанның жерiн аман алып қалайын» деген жоқ қой. Ол бүкiл қазақтың жерi үшiн соғысты. Барлық батырларымыз да солай. Ол кезде адамның атына руының аты қосақтала айтылса әлгi адамның қай жақтан екенiн бiлу үшiн айтылған, ру ол кезде мекен-жайдың рөлiн атқарған. Хандарымызды да дұрыс түсiндiруiмiз керек. Орыстiлдi қазақтардан немесе орыстардан қай ханымызды бiлетiнiн сұраңызшы, бәрi Абылайдан басқа ханды бiлмейдi. Рас, Абылай өте қасиеттi адам, еңбегi өлшеусiз, бiрақ ол кез қазақ хандығының тәуелсiздiктен айрыла бастаған кезi ғой. Ал, қазақтың алтын ғасырдағы хандары қайда? Есiм ханға, Қасым ханға, Хақназар ханға, тiптi Керей мен Жәнiбекке ескерткiш бар ма бiзде?  Қазақтың сол кездегi ұлттық идеясының тарихи формасын — Жерұйықты ашқан адам – Асан-Қайғы. Мемлекет болу үшiн ең басты, ең бiрiншi шарт – Жер. Асан Қайғы сол жердi анықтап бердi, ол жерiмiз бүгiнгi Қазақстан. Бiреулер Жерұйық  деген утопия дейдi. Бос сөз. Рас, Асан Қайғы тауып берген жердiң бiразынан бiз айрылып қалдық, дегенмен, сол кездегi жерiмiздiң 80 пайызында бүгiн де отырмыз. Жерұйық – Қазақстан. Жерұйық дегенiмiз жерге ұю деген сөз, ал, жерге ұю мемлекет болу деген сөз. Сол жерлерге ұйып, үшғасырдан аса ғажап мемлекет болып тұрдық. Содан кейiн отаршылдық заманына тап келдiк. Ендi, тәуелсiздiк қайтадан қолға тигенде, 14 жылдан берi халқымыздың ең бiрiншi идеологы Асан Қайғыға да ескерткiш қоя алмай жүрмiз. Соған өремiз жетпей келедi. Бұған бiздiң егемендiк дәуiрiнде қазақтың ұлттық тарихын басынан емес, аяғынан бастап оқытуымыз себеп болды.

-Қазақ болып бiрiге бастауымызға кедергi болып отырған бүгiнгi нәрсе не?

-Иә, бүгiнгi үлкен мәселенiң бiрi, қайдан келгенiн қайдам, бiзде қазiр қазақ болып бiрiккеннен гөрi одан бөлiнгендi жақсы көретiн адамдар пайда болды. Оларды бұрын«нигилистер» дейтiн. Ол қазақша сөйлеп, қазақша домбыра тартып, қазақша ән салып тұрып-ақ қазақтан қашқақтайды. «Менiң руым мынадай, бiз ондаймыз, бiз мұндаймыз» деген сөз айтады. Олардың iшiнде мүйiзi қарағайдай академиктерiмiз жүр! Жоқ, айналайын, сен осындай дәрежеге жеткен екенсiң, соңыңнан бүкiл қазақ еретiндей сөз айт. Руыңның емес, халқыңның ұлы бол. Күш бүгiн қазақта. Болашақ та қазақтың қолында. Сын да қазақтың мойнында. Мемлекет қазақтiкi болмай басқаның қолында кететiн болса, онда оған кiнәлi тек қана қазақтың өзi болмақ! Басқа ешкiм кiнәлi емес! Әрбiр мемлекет өз ойынын ойнайды, өз ойындағысын iстегiсi келедi. Ресей өз ойынын ойнайды, Америка өз ойынын ойнайды, Қытай өз ойынын ойнайды.

-Және оларға сендер неге бұлай етесiңдер деуге бiздiң хақымыз жоқ.

-Ешқандай да! Тiптi жанымыздағы өзбек ағайынымыз бен бiрге туған қырғыз туысымыз да өз ойынын ойнайды. Әркiм өз мүддесiн ойлағаны үшiн кiнәлi бола алмайды. Бiз де өз елiмiз бар да, ақылды, тiптi данышпан президентiмiз бар да, бәрi өзiмiзде бола тұрып, ары қарай алға баса алмасақ, кiнәлi тек өзiмiз.

 

Дiн ұлттық негiзден басталып, нарыққа да бейiмделгенi жөн

 

— Осы алға басудың, бiрiгудiң бiр факторы дiн емес пе? Ұлт дiни тұрғыдан бөлiндi дегенше оны трагедия күтiп тұрады емес пе?

— Мен өзiм дiн жолына түсiп, бес уақыт намазымды бұзбай жүрмiн дей алмаймын. Бiрақ, пайғамбарымыздың хадисiнде «мұсылман деп ең әуелi жұртқа жақсылық жасайтын адамды айтамыз» деген сөздер бар. Шамамның келгенiнше мен де адамдарға жақсылық жасауға  тырысып бағамын. Сондықтан өзiмнiң ниетiм дұрыс деп бiлемiн, ниетiм дұрыс болғандықтан өзiмдi мұсылманмын деп санаймын.

Бiз ғалымбыз, сол себептi де бұл мәселеге кеңiрек қараймыз. Дiн деген адам мен бүкiл әлемнiң тұтастығы туралы сана деп бiлемiн мен. Бiрақ, Шәкәрiм атамыз айтқандай «әрбiр дiнде шешу бар, әрбiр дiнде кешу бар, бiрақ шын дiндi көрмедiм» деп, дiннiң тарау-тарау түрлерi көп. Ол дұрыс та шығар, ақиқатқа бастайтын жол бiреу ғана болмайды ғой. Бiз өзiмiз дәстүрлi мұсылманбыз.

— Дегенмен, тым дiндар халық емеспiз.

—Ендi, ол жағын өлшеген ешкiм жоқ. Яссауидiң сопылық бағытын ұстанғанбыз. Сопылық дәстүр бiздiң өмiрiмiзге, өнерiмiзге, әдебиетiмiзге, дүниетанымымызға, тiлiмiзге мықтап енген. Мен сiзге айтайын, бiздiң лексикамыздағы көп сөздер дiни философиядан кiрген сөздер. Сол жағынан келiп бiз еркiндеумiз. Бiз исламды либералдық мәнiнде қабылдағанбыз. Ортодоксальдық мәнiнде емес.Егемендiк келiп, есiк ашып едiк, сыртта тұрған көп дiн iшке кiрiп кеттi.

— Әрине, есiктi айқара ашып тастасақ кiм кiрмейдi!

— Ендi, «ашық есiк» саясатын ұстанған соң кiредi ғой... Бiрақ, сол енген адамдармен бiздiң сөйлесу деңгейiмiз қандай? Мiне, проблема осында. Келгендердiң бiразы бiзге ұстаз бола кеттi. Бiз шәкiрт бола қалдық. Бiз шәкiрт болып әбден үйренiп қалған халықпыз, тағы да сол әдетiмiзден танбадық. Мен келгендердiң бәрiн түгендеп кiргiзуiмiз керек едi дегiм келедi... Бұл кемшiлiктiң негiзiнде 70 жыл бойғы атеистiк сана жатты. Бүгiн жасы жетпiстiң айналасындағы адамдарымыздың денi атеистер. Олар балаларын да солай тәрбиеледi. Сондықтан бiздегi бос жатқан жерге шетелдiк түрлi дiни ағымдардың ұрығы өсiп шыға келдi. Ал, әлгi атеистерiмiздiң бәрi ислам сондай бiр артта қалған, ешкiмге керегi жоқ, кертартпа дiн деген терiс көзқарастағылар. Үкiметтiң басында отырғандардың көбi де әлi дәл осы көзқараста. Бұл – бiр проблема.

Ендi исламның өзiнiң iшiндегi проблемаға келейiк. Оның iшiнде екi бағыт бар. Бiрiншiсi арабтардан келген, әулиеге барма, Яссауиды мойындама, дiнде ұлт жоқ деген бағыт. Мен бұл бағытты мүлде қабылдай алмаймын, ол бұрыс бағыт.

Осыған қарсы екiншi бағыт қалыптасты, анау арабтардiкi мүлдем қате, бiз тек Яссауидiң жолына, сопылық жолға түсемiз деген бағыт. Шындық – ортада. Осы екi бағытты ортаға, келiсiмге шақыру керек.

— Келiсiмге келмесе ше?

— Келмесе – қиын. Өте қиын! Өйткенi, бiз мұсылманбыз, бiрақ бiз алдымен қазақпыз, мұсылмандығымыз да қазақи табиғатымыздың негiзiнде қалыптасқан. Осы бағытты ұстанбасақ бiз өркениеттi дiн жасай алмаймыз. Ислам деген ғылым, ол - өркениеттiң өлшемi. Ислам надандардың дiнi емес, оқымыстылардың дiнi. Бiзде болса бiр кiтапты ақырына дейiн оқымаса да басына сәлде орап, исламды кәсiпке айналдырып алғандар жүр. Басқа кәсiптi жарытпағандар жүр. Ауыр да болса шындық осы. Бiз исламға рухани кiрден тазару үшiн барсақ, олар исламға кiрiп бұрынғы кiрiне кiр қосып жүр. Қажылықты серуеннiң бiр түрiне, пайда табудың түрiне айналдырып жүргендер де солар. Қажылыққа адам ең соңынан, барлық алдын-ала дайындықтан, рухани тазарудан өткен соң ғана баратын болуы тиiс. 

Тағы бiр мәселе. Ислам және нарық. Мешiттiң сыртында нарық тұр. Мешiттiң iшiндегi уағыз саған, сенiң бала-шағаңа тамақ пен киiм болмайды ғой. Демек, нарық пен исламның ортасында көпiр тұрмай ислам өркендемейдi. Нарығыңыз да дәл сондай.

— Нақты ұсынысыңыз бар ма?

— Бар. Мен мешiттердiң жанында неге базар болмасқа деп ойлаймын.

— Немесе мешiттi базардың жанынан неге  салмасқа?

— Мүмкiн, солай болуы да. Мешiттiң жанындағы базардың сатушылары басқа жердегi базарға қарағанда таза, адал болар едi, таразыдан жемес едi деп ойлаймын. Ол базарда пiсiп жатқан тамақ та таза болар едi-ау деп ойлаймын.

Қайдам, Алматыдағы Орталық мешiт көк базардың дәл түбiнде ғой, бiрақ оның сатушылардың тазалығына қаншалықты ықпалы бар екенiн...

— Екiншiден, мешiттердiң жанында кәсiби оқу мекемелерi мен кәсiпорындар салынса. Сонда дәретi бар, мешiтте бесiн намазын оқып келген адамдар қандай тамаша өнiмдер шығарар едi! Осындай мекемелер мен мешiттердiң арасында байланыс орнатылса, мешiт шамасы жеткенiнше ондай кәсiпорындарды қамқорлығына алса. Сондай бiлiм алған, өз қолымен кiшкентай болса да өнiм шығара алатын адам мешiттiң жанында қайыр сұрап отырмас едi, жұмыс iстеп нанын табар едi. Өстiп-өстiп мешiт те нарық заманына бейiмделуi керек. Саудада шайтан жүредi екен десек, ешнәрсенi оңына қарай өзгерте алмаймыз. Пайғамбарымыздың өзi сауда iстеген. Саудадағы шайтанды азайту керек. Осы мәселенi ақырын-ақырын қолға ала бастасақ. Мешiттердi көп салып жатырмыз, ендi сол мешiттердiң  төңiрегiн немен толтырамыз, сол мәселе менi қатты ойландырады. Мешiттiң iшiндегi мәселе онша қатты ойландыра қоймайды.

— Негiзiнде ойлантуға тиiс қой сiздi, өйткенi мешiттi салып тастаймыз, ал оған баратын адам көп емес.

— Оның себебi мешiт, дiн мемлекеттен бөлек деген ұғымда жатыр. Мемлекеттен бөлек болғанмен, мешiт қоғамнан бөлек емес.

—Ендеше осы ажыратып қарау мүмкiн емес нәрсенi бiз неге мойындамаймыз?

— Оған бiздiң санамыз әлi жетпей жатыр. Азаматтық қоғам деймiз, бейүкiметтiк ұйым деймiз, соның бәрi осы дiнде. Мешiттегiлер де тек уағыз айтуын бiледi, бұл дүниенiң iсiне араласпаймыз дейдi. Жоқ, мемлекеттiң iсiне араласпасаң араласпа, ал қоғамның iсiне аралас. Мемлекет өз iсiн өзi бiлсiн, министрi бар, әкiмi бар, басқаратын салаларын басқара берсiн. Мемлекет пен қоғамды бөлiп қарастыру керек. Мешiт – қоғам. Күш – қоғамда. Қоғамның мәселесiн мешiт қолға алмағанда кiм қолға алады? Баланың тууынан адамның өлiмiне дейiн барлық өмiрi қоғамда. Осы мәселеге арнайы дайындық керек. Менiң өзiм дiнтану сабағында оны айтып жүрмiн. Мемлекетке қарап отырмай, мысалы менiң өзiм бастай бергенiм жөн. Дiни адамдарды да дайындауға тиiспiз.

— Мектептерде де Ресейдегiдей дiнтануды кiргiзсек дұрыс болар едi.

— Оны бiз қолға алып, «Дiнтану» деген кiтап жазып, бастап та жатырмыз. Бiрақ, үкiметтегiлердiң көзқарасы әлi де керi тартып отырғанын айттым ғой, кедергi осы болып тұр.

 

Ниет пен қабiлет Құдайдан, қалғаны өзiмiзден

 

— Оған дейiн бiз әрқайсысымыз өзiмiздi тазартудан бастағанымыз жөн дедiк. Соның iшiнде нәпсiнi шектен шықса заңмен тыямыз дейсiз сiз. Мен салт-дәстүрмен тыйған жөн деймiн. Қайсымыздiкi дұрыс?

— Иә, заңға бiржолата сүйене берген керi нәтижелерге апарып соғатыны рас. Ал, нәпсiнi түгелдей тыю негiзiнен мүмкiн емес нәрсе. Мүмкiн емес! Түгел тыйсаң адам емес перiштеге айналып кетесiң. Перiштеге бастық болсам, киiм кисем, үйленсем, бала сүйсем деген сезiм жат. Адам перiштеден артық. Өйткенi онда рухани және заттық екi табиғат бар. Осы нәпсiнiң арқасында адам алдына үйiм болса, мәшинем болса, көп әйелдерiм, көп бала-шағам болса, өзiм үлкен бастық болсам деген арман-мақсат қойып, соған жетудiң жолдарын қарастырады.

— Мәселе шектен шығып кетуде болып тұр ғой.

—Нәпсiнi шектен шығармаудың сопылық үғымда қанағат, тәубе, ризық, шүкiршiлiк деген секiлдi ұғымдары бар. Нәпсiнi тыямын деген адамдар болған. Олар әр дiнде әртүрлi аталады. Бiрақ, нәпсiнi мүлдем тыйып тастау дегеннiң өзi Жаратушыға деген қарсылық. Өйткенi, Жаратушы саған iш, же, үйлен, көбей деп мүмкiндiк бердi. Сен одан қашасың. Абай бұны сынаған.

Мәселенiң екiншi жағына, көзтоймастыққа келсек оны тоқтататын күш — дiн. Бiрақ, бұл сөздi сiз қазiргi байып алған немесе баю үстiндегi адамға айтсаңыз олар сiздi ұқпайды. Бұндай сөздi бiз мектептен бастауымыз шарт. «Баланы — жастан», баланың бойына ондай ұғымды мектеп арқылы кiшкентай кезден сiңiрiп тастау керек. Араб елдерiнде зекет берiледi. Бiзде салық төленедi, оны байлар төлемеуге тырысады, салық инспекциясы да аздап оларға «көмектеседi».

 Адамдар дiн жолында жүрмесе де таза болуы мүмкiн. Мен осыған байланысты адам дүниесiнiң 7 жүйесiн қарастырдым. Тән жүйесi, жан жүйесi, нәпсi жүйесi, сана жүйесi, ар жүйесi, рух жүйесi, көңiл жүйесi. Осының iшiнен «ар жүйесi» дегенiмiз не? «Ненi сүйдiм, неден күйдiм, қазiр соның ары бiр-ақ құдай» дейдi ғой Абай Лермонтовты аударғанда.«За что любил, за что страдал, тому судья лишь бог да совесть» деген өлең жолдары.Сонда адам мен Құдайдың арасында ар тұрады. Ары бар адам артық кетпейдi. Арсыздар Абай айтқан пысықтар.

Осы жерде адамның жаратылысы жайлы өте маңызды сұрақ  туады. Ақ пен қара секiлдi  адам баласы да о бастан адал немесе арам болып жаратылады. Бiрақ сол арам адам ұмтыла, талпына келе кейде көп, кейде аздап болса да адалға ауысады. Ал, сiз олай емес, тiптi әу баста зұлым болып жаратылғанға бiлiм беру де қауiптi дейсiз. Қателесiп отырған жоқсыз ба?

—Мен былай ойлаймын. Ниет имманенттiк, туабiттi қасиет. Ниетi қара адамды сен олай ет, былай ет, ол әрекетiңнен ешнәрсе шықпайды. Әрине, қара ниет болғанмен ол да адам, онда да ар бар. Ол ар оянуы да мүмкiн, оянбауы да мүмкiн. Туабiттi ниет дегенмен негiз ғой. Мысалы, Шыңғысхан секiлдi адамдар солай болып туылады. Неге? Менiң ойымша Жаратушы адамдарды сынау үшiн жер бетiне Шыңғысхандарды жiбередi. Егер оларды Жаратушы өзi осылай адамзатты сынау үшiн жiберген болса, онда бұл адамдардың кiнәсi неде? Бұл ауыр мәселе. Кейде ешқандай да бiр тәрбиеге көнбейтiн жандар болады. Немесе бiр ата-анадан ала да, құла да туады.

Бұл да адам жаратылысындағы шектен шығушылықтың бiр түрi ғой. Менiң айтып отырғаным тақуа, әулиелер мен зұлымдардың ортасындағы қалың көпшiлiк.

—Әрине, көпшiлiк қауым бiлiмге, тәрбиеге көнедi. Халық көнедi. Абайдың «адам мiнезiн өзгертуге болмайды деген жанның тiлiн кесер едiм» деген атақты сөзi осы қалың бұқараға арнап айтылған. Ал, әлгi үздiктер, данышпандар, iзгiлiк тәрiздi зұлымдықтың да данышпандары бар емес пе, олар сол күйiнше кетедi.Оларды арнайы жiбередi-ау деп ойлаймын, басқа жауап жоқ. 

 —«Адам бол» дейтiн барлығын, бiр ауыз сөзге сыйғызып» деп Қадыр ақын айтқандай, бiзге ата-анамыз адам бол дейдi, бiз де соған ұмтыламыз, жақсы адам болғымыз келедi. Бiрақ, қанша ұқсап баққанмен басқа бiр жақсыға жете алмаймыз, ол адамдай ақылды бола алмаймыз. Жақсы адам болу үшiн, ақылды адам болу үшiн не iстеу керек, жас ұрпаққа қандай ақыл-кеңес берер едiңiз?

—Бiз адам болуға тырысқанда iшiмiздегi адамшылықты сыртқа шығаруға тырысамыз. Сыртқа шығару оңай емес, оған талай күш-энергия керек. Осы жерде бiзге адам бойына ниет секiлдi ол да туа бiтетiн қабiлетiмiз көмекке келедi. Ниет пен қабiлет Құдайдан, қалғаны өзiмiзден. Осы жақсы адам болу жолында жоғарыда айтылған нәпсiңдi тыя бiлу, оны меңгере бiлу — мәдениетiмiздiң өлшемi. Арлылықтың өлшемi. Мұсылмандықтың өлшемi. Меңгеруiмiз осы қасиеттерiмiзге сын! Коррупция, яғни сыбайлас жемқорлық дегенiмiз бұл нәпсiнiң тойымсыздығы... 

 

Өмiрзақ АҚЖIГIТ,«ЕВРАЗИЯ-KZ».

 

Бөлісу:      
Пікір қалдыру: