Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

Блогтар

20.05.2017
5553

ИӘ, ЖАНЫМ

ИӘ, ЖАНЫМ

 

Балқыған қорғасынға ұқсаған қарала су ауыр ағып жатыр. Көпір үстінде екі-үш жас өзара әңгіме-дүкен құрып тұр. Олардан сәл жырақтау еңсесі түсіңкі, егде адам қалқаяды. Бәрі еңкейіп беті бедерленіп, көздің аласындай төңкеріле ойнақшыған өзенге әрекідік көз тастап қояды. Кенет: «Анаң қара! Кісі ағып барады!» деген ащы дауыс шықты. Расында су бетінде аппақ бір нәрсе көлкілдей жайылып, оның ортасынан анда-санда бұлғаған қол көрінетін тәрізді. «Әйел ғой мынау, ақ көйлегін жаба, шашы да жайылып кетіпті!» деді әлдекім. «Құтқармайсыңдар ма!?» деп үшеудің арасындағы қыз жаны шыға шыр ете қалды. Екі жігіт шешіне бастады. Бірақ олар үлгермеді. Тыстау тұрған егде адам бас киімін ғана жерге атып ұрып, өзенге қарғып кеткен-ді. Ол төменге құлдырап бара жатқанда «Сүмбіле туа су суыр» деп қана ойлап үлгірді.

Ол аяқ тірер жерге таяғанша суға батқан адамды қолтығынан демей жүзіп барды. Сосын оны көтеріп жағаға шықты. Үстіндегі киім мен қолындағы адамның салмағын сонда ғана сезді... «Мен не істедім?!» деп сұрады егде адам өзінен. Осы қыздың «ерлігін» жасауға батылы жетпей тұрғаны есіне түсті. Мынау қорғасындай қара суды өзі жамылмақ болып еді ау, мана ғана...

Әйел баланы «Жедел жәрдем»  алып кетті. Әлдекім есіркеп, яки бұның ерлігіне сүйсініс танытқандай ешкім табылмады. Керісінше есі дұрыс емес біреуге қарағандай - жиыла қалған жұрт сескене көз тастайды. Сорғалаған суы соңынан еріп, көпір үстінде жатқан бас киіміне жетті. Еңкейіп алды. Несіне алғанын да түсінбеді. Бұл оған керек те емес еді-ау, осы әлгінде... Секіруге дәті жетпей тұрған қара судан малшынып қалай және не үшін шыққанына өзі таң. Мүмкін сол өзіне қол салған бейшараны құшақтай тереңге тарту керек пе еді... Қисыны келіп тұрған мүмкіндікті бүлдірген адамдай сезініп; «Бекер болды.» деп ол күбір етті де бейтарап жүріп кетті.

Бірер ай өтті. Ол тағы сол көпірге келді. Тура сол тұсқа тұнжырай қарады. Көз алдына шашы жайылып, ағып бара жатқан жанкешті сұлба елестеді. Сондағы қылығы - ана бір беймәлім бейбаққа жасаған қиянаттай көрінді. Оны, өкінбестей шешіп, қиып бара жатқан қараңғы өміріне қайта оралтқаны қиянат емей немене? Өзі де осы қараңғылықтан өзге жарыққа кетуді аңсады емес пе...

Бетін аппақ қар басқан өзен - еш қауіпі жоқ, тегіс жердің беті сияқтанған. Сықырлаған аяқ дыбысы бұның тұсына таяп келіп кідірді. Ол артына бұрылды. Орта бойдан сәл биік, аққұба келген, шаралы жанарынан мұң ұшқындаған келбетті қыз бала бұған күлімсірей қарап тұр.

-  Сізді көп іздедім. Ешкім білмеді. Сосын осы жерден тосып жүрдім. Бір келетін шығар деп...

-  Кешіріңіз... Сіз кім боласыз?

-  Мен өзіңіз құтқарған адаммын...

Тағы бірер ай өтті. Ерлі-зайыпты екеу көпір үстінен өтіп барады. Әйел адам: «Қарамашы ол жаққа!» деп өтінді. «Иә, Жаным!» деп ері қасындағы жарын жаман тұстан көлегейлей өте берді... 


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: