Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

Блогтар

22.11.2017
8594

Кіндіктамыр

Кіндіктамыр

Кіндік тамыр

/дастан/

 

Бұл күнде қуған да алда, қашқан да алда,

Не істемейді пенделер мастанғанда.

Мен осы бір қауіптен сезіктенгем,

О баста опасыздық басталғанда.

 

Қайран бабам,

Даламның данышпаны,

Ұрпағына өнеге бар ұстамы,

Намыссыздық негізі кіндіктен деп,

Жер – қазыққа байлаған қан ұстамын.

 

Бір бөтен ойларды айтып текті қалам,

Алашұбар үмітпен бетті бағам.

Адамзаттың қазығы – кара жер деп,

Кіндігінен байланған текті бабам.

 

Даланың данышпаны білді нені,

Бұл күнде кіндік сырын кім біледі.

Арулап көмілмеген кіндік-кие,

Адамдық қасиетті бүлдіреді.

 

Білем, мені бұл заман ұға алмайды,

Сатынды ғылымың да құп алмайды.

Кіндік қан топыраққа тамбағандар,

Қадірін қара жердің біле алмайды.

 

Есіл бабам,

Жер үшін дауға келген,

Бір түйір топырағын сауға көрген.

Кіндігі қара жерге байланғандар,

Кіндік тамыр мекенін қорғап өлген.

 

Бір тамшы қанды байлап өтеміне,

Табан ізін қимаған бөтеніне.

Жүрегімен байланған қара жерге,

Әр адам күретамыр мекеніне.

Рухымды, иманымды батыс ұрған,

Далам мен өзенімнің оты сынған.

Адам мен атамекен тағдыры бір,

Тістескен тамырлардай шатысылған.

 

Кіндік тамыр – артық ет емес тегі,

Баяғымнан тарих сыр елестеді.

Хас батырлар шекісіп, бекіскенде,

Қан шығарып, серттескен емес пе еді.

 

Жертекті асылдардың тыңдап үнін,

Аспантекті елімді шын таныдым.

Атажұртпен жүрегі үндескендер,

Кіндігімен жалғаған үн тамырын.

 

Барлық текті, кекті де қан тартады,

Қан ұлы, қан қасірет, қан қаһарлы.

Барлық заңын сыйғызған тартылыстың,

Қан тылсымы мені ылғи таңғалтады.

 

Күннен-күнге зорайып есе кемі,

Жадымыздан шығардық бес енені.

Әу баста топырақтан жаратылған,

Ғарып бас топырақты төсенеді.

 

Ата-анам емес еді осал адам,

Содан ба, бола алмаппыз аса жаман.

Жан анам босанғанда марқұм әкем,

 Кіндік етті көметін босағаға.

 

Бала едік, қызыққыш ек, көп сұрағы,

Сұрап едім, - «Бұл – деді – тек бұлағы,

Қара жерге тамыры байланғандар,

Сол жерге айналсоқтап кеп тұрады.»

 

Адам да, жер де бүгін би құрбаны,

Боз даладан боздайды күй құрбаны,

Жаратылыс бөлшегі – адам пенде,

Тау тағысы болмайды үйдің малы.

Кіндік тамыр – адамның тек байламы,

Қалайша жасырайын кекті айлаңды.

Киелі бір мүшесі адамзаттың,

Бұл күнде елеусіз бір етке айналды.

 

Адам-ғұмыр кіндіктен басталады,

Қалайша жасыра алам масқараны.

Әйелдер босанатын мекемеде,

Кіндік жолдас күресінге тасталады.

 

Білмеймін жылайын ба, күлейін бе,

Кім жауап бере алады үрей үнге.

Тілдерін бір белгісіз сес күрмеген,

Естілер етекте жүр үрей үдеп.

 

Кіндігін қара жерге жалғағандар,

Күретамыр – мекеніне арда жандар.

Бабалардың мұрасы адыра қап,

Жүр бүгін кіндігінен дал болғандар.

 

Мағынасыз тіршілік, өреге кем,

Әулиелік қазақта бөлек екен.

Адамның қай мүшесі болса-дағы,

Қара жермен табысу керек екен.

  

Күн нұрынан нәр алған ата тегім,

Ырым етсе, көл-көсір бата етеді.

Кіндік жолдас не күйге түссе- дағы

Адам тегін сол тартып әкетеді.

 

Пенделік – тылсым сырын біле ала ма,

Мүлт кетпей, мұңымды айтсам, кіналама.

Иттерге кіндіктамыр жем болғандар,

Итке ұқсап ырылдаспай жүре ала ма...

 

Мен осы сәл нәрседен секем етем,

Ниеттен пиғыл басым өте бөтен.

Кіндік жолдас жем болса мысықтарға,

Мысықтың ниеті ауып кетеді екен.

 

Мысықтың тілеуі бар бір есінде,

Бар сондай мысық- миық жүретіндер.

Өз дәретін жасырып, жерге көміп,

Жауырыны жерге тимей жүретіндер.

 

Кіндігін құс жегеннің өгей тегі,

Аузын ашса, көрінбес көмей шегі.

Құс-құзғынға жем болған кіндік жолдас,

Жемтікке әуес құзғынды көбейтеді.

 

Пайдасыз, пұлсүйгішке өгей елі,

Арамза шенеуніктің кедей елі.

Кіндік жолдас жем болса тышқандарға,

Тышқан сынды кеміргіштер көбейеді.

 

Тамырсыз кіндік  - тексіз қуыс қана,

Бір қыз кетіп барады қуыстана.

Кіндіктерін ит тартып кеткеннен бе,

Жатбауыр туғаны мен туысқа да.

 

Қазағым,

Көк бөрісі көк тіреген,

Сол дана бабалардан өткір емен.

Құтты үйге құтты келін құт сияқты,

«Қалжасыз қыз болмасын» - деп тілеген.

 

Бабаларым, тереңнен ойлап қойған,

Ұрпағым өр болсын деп жайлап байлам.

Келіні жүкті бола салысымен,

Әуелден кіндік шеше сайлап қойған.

 

Кіндік шеше құрмет жоқ дара содан,

Кіндік шеше болады жараса адам.

Ең алғаш іңгәлаған нәрестені,

Кім көтерсе, тартады бала соған.

 

Бел ұстап босандырған от ананы,

Ат мініп, тон жамылып, бата алады.

Сәбиді қолына алып, кіндік кескен,

Екінші ана, «кіндік шеше» атанады.

 

Бұл кемдікті кім қалай еселерін,

Айтатын менің бәлкім хош өлеңім.

Кәзіргінің балалары айта алмайды,

Бұл күннің кіндік әке-шешелерін.

 

Бұл күнде кіндік шеше сайланбайды,

Жібек жіппен түйіліп, байланбайды.

Тамыры темірменен қиылғандар,

Құлтемір боп кетерін ойланбайды.

 

О баста құдіреттің байламы шын,

Қайтейін дәтке берік ой намысын.

Дүниеде ең қажетсіз адам болып,

Бүлдірген табиғаттың байланысын.

 

Жер – ана өгейлігін кешіре ме,

Жер сатқанның күнәсін өсіре ме.

«Кіндік қаным тамған жер»- деген сөзді,

Қайран пенде әй, алмас есіне де.

 

Көк базардан көпіртіп күндік нанын,

Түндік таңын білмеймін кімге ұтқанын.

Тойған жерге сатқандар туған жерін,

Қолды етіп алғандар кіндік қанын.

 

Сорақы сайтан ілім бізді құртқан,

Әйтпесе нәр алмап па ек ізгі құттан.

Кіндігінен шыққан қан жерге тамған,

Ыстық не бар дүниеде кіндік жұрттан.

 

Шер ғалам, шерін қалай айта алады,

Бұл ағатты бір тылсым қайтарады.

Егілмеген жасанды гүл сияқты,

Адам-ғұмыр ауада шайқалады.

 

Шықпайды шарқ ұрсам да жан азынам,

Көмейімде барады тоңазып ән.

Дүние тамырының бүлкілін-ай,

Сыз топырақ сыз тартып, тоңазыған.

 

Қадірсіз не нәрсенің ұшы қайғы,

Қазығы жоқ кіндік қан қысырайды.

Бағдарсыз бағытқа бет алған жандар,

Еріксіз сергелдеңге ұшырайды.

 

Жат төлін жер тартпайды қазық іреп,

Тауқымет табанынан тозық үдеп.

Сабылысты сәттерден шаршағанда,

Темірге айналады нәзік жүрек.

 

Бұл күнде ұл да арайлы, қыз арайлы,

Әттең олар қайтеді ызалы ойды.

Кіндіктері жерменен жалғасқандар,

Арқандаулы жылқыдай ұзамайды.

 

Тағдырдың бізге берген сыйын кертіп,

Томағадай түңлікті үйін желпіп.

Кіндігі жер тартқандар азайып тұр,

Таусылмайтын тірліктің күйін шертіп.

 

Отырмын бір белгісіз жыр тербетіп,

Тұрғаны-ай тұғырымды сын тербетіп,

Маң далам табанымның астындағы,

Бесігін тілсіз, үнсіз тұр тербетіп.

 

Кезіп жүр кең даламды бір сабылыс,

Қашан тыным табады құрсақ ұрыс.

Желіп жүрген жандардың жерден бөлек,

Өліп жатыр ішінде бір сағыныш.

 

Ей, Аллам,

Бір ақынның талғамын бер,

Көмескі көрінеді алда күндер.

Адам мен жер жүрегі сөйлесе алмай,

Қашық тартып барады қарға адым жер.

 

Бұл сырды білсем, қалай жата аламын,

Кіндіктен бастау алған «ата заңым.»

Фәниге жаңа келген нәрестенің,

Кіндігін «жолдасы» деп атағаным.

 

Адам мен жер бесіктің жалғасы боп,

Адам мен жаратылыс арнасы көп.

Алланың жасыратын бұл жұмбағы,

Үзілмейді ғұмырының жалғасы боп.

 

Қазағым, бүгініңе керек ақыл,

Қиядан құлдилады неге қадыр.

Тамырынан оталған теректей боп,

Тамырсыз ұрпақ өсіп келе жатыр.

 

Сөзге таңып сиқырлы көп байламды,

Ертеңіме қалдырдым өкпе – айламды.

Сағыныш жібітпеген жіпсіз жүрек,

Жылусыз, мейірімсіз етке айналды.

 

Есімді алып, есердің азғын әні,

Кешегім – бүгінімді жазғырады.

Ит пен құсқа жем болған арам кіндік,

Адамның арын улап, аздырады.

 

Жанымды жай таптырмай ар қасабы,

Мендегі дәт үніне жармасады.

Құдайдың дұғасы бар кіндік тамыр,

Тылсымның азабымен арбасады.

 

Кесілген кіндік тамыр елесінен,

Құдайсыз пенделердің зәресінен.

Тәртіпке сыймайтұғын пенделіктен,

Ей, АЛЛАМ, аластай гөр пәлесінен.

 

Баба мекен, баққа не тең келеді,

Мейірім, рақым бізге ең керегі.

Ұрпағының тамырсыз сиқын танып,

Жер бесігім тынымсыз тербеледі.

 

Мазасыз ақынға тән ей, ар- қайғым,

Күмәні көп осындай кей алғы ойдың.

Төл перзентін бауырына тарта алмаған,

Топырақты кінәлі дей алмаймын.

 

Сайтан-кіндік жалғанып  жын ұшынан,

Тау да, тас та таусылды тынысынан.

Тасжүректің тастанды баласындай,

Табиғат қателесті жынысынан.

 

Бақсы да, жақсы да әуес қайран тылсым,

Ендігі қаһарыңды айлаң білсін.

Кіндігін күнге тосқан қайран қыздар,

Кіндіктің қасиетін қайдан білсін.

 

Бір мезетте оянып ғажаптығым,

Бақтымын. Біреулерге мазақтымын.

Сайтанилық өнерді тез үйреніп,

Кетіп барам, жанымда азапты мұң.

 

АДАМЗАТ,

Адамға тән ойға нарсың,

Өзгелер бізді көріп, ойға қалсын.

Теңіздей сезімдерді ылайламай,

Ей адам, сен де бір сәт ойланарсың....

 

            АЛМАХАН  МҰХАМЕТҚАЛИ ҚЫЗЫ

  Ақын. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.

 

АСТАНА.         

 

 


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: