Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ФОЛЬКЛОР
М.Әуезов Манас жайында

Блогтар

26.03.2019
8311

М.Әуезов Манас жайында

М.Әуезов Манас жайында

 

 

М.Әуезов Семейдегі семинария студенті болмай тұрып-ақ бала кезінен  ауыз әдебиеті үлгілерімен ерте таныс болады. Оның әралуан көркемдігі мен әргі тарихтан келе жатқан халықтық сипатын жақын тартады. Ауыз әдебиетін ауыл әңгімелерінен бала күнде естіп өскен ұғымтал бала кейін олардың кейбірін жазып алып жариялаумен айналысады. Оқушы кездің өзінде-ақ  үлкендермен әңгімелескен кезде ескіліктің бағалы сөз өнеріне жақын нұсқаларын жадына тоқып жазып алып жүрген.

 

М.Әуезов халық ауыз әдебиетінің озық үлгілерін жақсы білумен бірге олардың әдеби тұрғыдан талдап, жіктеп, оқушыға ғылым тұрғысынан жан-жақты талдап беру мақсатын білімі толысқан шақта кейінгі мақалаларында қолға алды. Ел аузынан жазып, жинап алған дүниенің біразын «Таң» журналына жариялайды. Ескілік әдебиетін жинаушыларға арнап, ел ішінде айтылып жүрген тарихи сөздер, шешендік айтыстар, аңыз, ертегілер, салт өлеңдерді хатқа түсіріп баспа орындарына жіберуді, бұл жөнінен көзі қарақты адамдармен байланыс жасап тұруды ескертеді.

 

Ел есінде ұмытылмай жүрген бұрынғы сөздерді хатқа түсіру тарих үшін өте маңызды екенін біліп, қолы қалт еткенде әдебиеттің дамуына әсер ететін пайдалы сөздерді  ұмытылып кетпей тұрғанда жазып алуды мақсат еткен. Жас талапкер ел өткенінің барша тарихы мен салт-санасы ауыз әдебиетінде екенін ерте білді. Елдік салт-сананы ұмыттырмай оның бұрынғы сәулетті шақтарын, дәстүрге лайық күйлерін сақтай алған әдебиет үлгілерін жазып алу тарихқа қосылған үлес, оған жанашырлық, өткенді қайта оятуға деген ізгі талап екенін ескілік үлгілерін жинаушыларға арналған мақаласында тарата түсіндіреді.     

 

Сол уақытта осы істердің ұйытқысы болған Семейдегі географиялық қоғамның мүшесі бола жүріп, қоғам жанынан құрылған «Талап» ұйымының жиындарына білдірген пікір кеңейте түсіп, сол өңірдегі әдебиет жинаушылар жұмысына араласушыларға бұл жұмыстағы назар аударарлық нәрселерді айта жүреді. Мұндай шаралар тек Семей өңірінде ғана емес, Жетісу, Қостанай, Орал өңірлерінде де, қазақ жерінің барлық аймақтарында жүргізілгені мәлім. Әдебиет жинаушылардың аталған ұйымдарына фольклор зерттеушілер, ақын-жазушылар, тарихшылар, қоғам қайраткерлері басшылық етіп кеңінен араласады. Жер-жерге, шет аймақтарға фольклор жинаушылар экспедиясы шығарылады. Бұл істің басы-қасында атақты алаш қайраткерлері жүргені мәлім.

 

М.Әуезовтің осындай экспедиция құрамында Жетісу жерін аралауы, онда Б. Сүлеев, І.Жансүгіров  сияқты қаламгерлермен танысуы оның шығармашылық қызметіне орасан көп пайдасын тигізді. Жазушы өзінің «Автобиография» атты еңбегінде 1922 жылы күзде Ташкентте болғанын, одан арада біраз жыл салып 1928 жылы тағы да осы қалаға қызметке келіп оқуын жалғастырғанын айтқан.

 

«Осенью 1922 г. я поступил вольнослушателем в Средне-Азиатский Гос. Университет в Ташкенте.

 

Пробыв год в Ташкенте, осенью 1923 г. Я перевелся на учебу в Ленинградский Государственный университет на филологическое отделение,–деп жазған. Осы бір жыл уақытта жазушы Ташкентте де өзінің Семейде бастаған жұмыстарын одан ары жалғастырады. «Талап» сияқты ұйымның қызметі мұнда да жан-жақты қызу жүргізіледі. Сол кездегі білімі бар таңдаулы мамандар жиналған ірі қалада бұл салаға қызмет қылған оқығандар қатары молая түседі. Жазушы өзінің 1958 жылғы өмірбаянында жоғарыдағы деректерді  былайша толықтыра түседі.

 

«Окончив его в 1928 году, я перевелся в Ташкент, в Среднеазиатский госуниверситет аспирантом востфака. До 1930г. проходил там аспирантуру, специализируясь по литературам народов Средней Азий.

 

За годы в университете (в Ленинграде) и аспирантуре я вел исследование истории казахской литературы и впервые в 1927 году, как итог моих педагогических, журналистических, критико-исследовательских работ вышел в обьеме 18 печ. листов первый научно-исследовательский труд «Казах адебиети» ( «История казахской литературы»),–деп жазған.

 

Осы деректер көрсеткендей М.Әуезов өмірбаянының Ташкент, Семей, Ленинград кезеңдерінде әдебиет тарихымен түбегейлі айналысуы оқумен, қоғамдық қызметпен, ғылыми ізденіспен бірге қат-қабат ұштасып жатқанын көруге болады. Оқу орындарында Орта Азия халықтарының тарихы мен мәдениетіне ерекше қызығушылық танытқан жас ғалым көп ұзамай Шығыс халықтарының әдебиетімен терең байланысып жатқан түркі әдебиетінің тарихына қаныға түседі.

 

М.Әуезов «Манас» эпосына осы мезгілде көңіл айдара бастаған. Қырғыз халқының батырлық эпосы түркі халықтары әдебиетін зерттеуші ғалымдарды ертеден қызықтырған. Көптеген Шығыстанушы ғалымдар оған ертеден назар аударғаны мәлім. Алғашқы нұсқасының бірін ғалым Шоқан Уәлиханов жазып алып жариялаған қырғыз эпосы көлемі жағынан әлем әдебиетіндегі ең ірі эпостың бірі. Оны зерттеуге орыстың, шетел ғалымдарының көбі ынта қояды. Алайда эпостың тарихи негізін, оның салт-дәстүріндегі, ішкі мазмұнындағы көптеген ерекшеліктерді тани отырып ашуға мүмкіндіктері жете бермеген. Оның басты себебінің бірі эпостың қырғыз тілінде болуы, басқа тілдерге аударылмауы, бұрын ешкімге көп белгісіз халықтың тарихы мен салтын басқа жұртшылықтың жете білмеуі оны бөгетсіз анық тануға кедергілер келтіреді.

 

«Манас» жайында әр түрлі деректі жазып алып, блокнотына оған қатысты пікірлерді жеке топтап жүргізіп отыруы ғалымның бұл еңбекті ұзақ уақыт, әрі жан-жақты қарастырғанын білдіреді. М.Әуезовтің «Манас» жайындағы алғашқы еңбектері жұртшылық алдындағы лекция түрінде, журналистік жазба, конспект түрінде болған. Патшалық Ресей кезінде бұратана халықтар есебіндегі қырғыз, қазақ халықтарының мәдениеті мен салт-дәстүрлері, ежелгі әдебиеті жайында орыс, шетел зерттеушілеріне сүйене отырып сөз қозғау мүмкін болды. Сол себепті ежелгі халық тарихын толғай шерткен «Манас» жайында кеңірек жазуға ескішіл, түрікшіл деп аталған қаламгер үшін де қиындық тудыратыны сөзсіз еді.

 

Соған қарамастан әр кезде «Манас» туралы ғалым пікірі өте жоғары болған. М.Әуезовтің эпос жайындағы ойлары көлемді зерттеуі «Киргизский героический эпос–«Манас» атты көлемді зерттеу мақаласында көрініс тапты. Онда ғалым қырғыз эпосының көркемдік ерекшеліктері мен тарихи негіздері, оны кейінге жеткізіп айтушылар мен жырдың құрылысы, халық тарихын жеткізудегі эпостың өн бойында сақтап келе жатқан оқиғалардың салттық, тұрмыстық, тілдік, мәдени құндылықтары жөнінде кеңіте баяндаған.

 

Мақала көлемі жүз бетке жуық. Эпос қырғыз халқының ғана емес күллі түркі халықтарының ғасырлар бойғы өмір тіршілігінен, салт-дәстүрі мен мәдени, рухани, әскери, шаруашылық тынысынан энциклопедиялық мол мәліметтер береді. Эпостың тілдік, стильдік, танымдық, тәрбиелік жағын ғалым кеңінен ашып көрсеткен.

 

«Манас» эпосын қарастыру барысында М.Әуезовтің көптеген жылдар бойы қалай еңбек еткенін жазушының жұбайы В.Н.Әуезова былай сипаттап жазған.

 

«С этого времени и началось знакомство и дальнейшая многолетняя работа Мухтара над киргизским эпосом «Манас». В 1936 году осенью за нами из Фрунзе прислали машину, устроили нас на правительственной даче в горах, Мухтар получил полный текст «Манаса» по записям, сделанным со слов манасчи Сагимбая Оразбакова. Изучая  этот первый, записанный в полном обьеме вариант «Манаса», Мухтар указывал мне отрывки, необходимые ему для дальнейшей работы, и я, не зная киргизского языка, добросовестно переписала для него чуть ли не всего «Манаса». Эти тетради, переписанные моей рукой, сохранились в архиве Мухтара и находятся сейчас а Доме-музее»,–деп еске алады.

 

«Манас» эпосындағы суреттелген оқиғалардың іздері тарихта болған жайттар негізінде жазылғанына көптеген ғалымдар түрлі деректер келтіре отырып қарастырады. М.Әуезов те батырлық эпостағы қаһармандар мен белгілі кейпкерлерді бұрынғы дәуірлерде болған оқиғаларға қатысушы, ел басқарған, қатар өмір сүрген халықтар өміріне әсер етуші тұлғалар ретінде қарайды. Эпоста суреттелген қаһарманның Күлтегін, Тоныкөк  жазба ескерткіштерінде аталып жүргеніне мысалдар келтіреді.

 

Тоныкөк жазбаларындағы мынадай дерекке назар аударады.

 

«Когда Кюльтегину была двадцать шесть лет, мы предприняли поход на киргизов. Продолжив дорогу через снег глубиной с копье и поднявшись на кегменскую чернь, мы разбили киргизский народ, когда он спал, с их каганом мы сразились в черни Сунга. Культегин сел на белого жеребца из Байырку, бросился в атаку, одного мужа (война) он поразил стрелой, двух мужей заколол (копьем), одного после другого. При этой атаке он погубил белого жеребца из Байырку, сломал ему бедро. Киргизского кагана мы убили и племенной союз взяли»,– деп мысал келтіреді. Мұндай оқиғалардың туу себебін академик Ә.Марғұлан тарихи жағдайлардың әсерімен көрші халықтардың арасында орын алған деп есептейді.

 

«Манас» эпосы тек ежелгі қырғыз халқының өмірін ғана емес, сол дәуірде өмір сүрген түркі халықтарының да тіршілігін терең көрсеткен сирек кездесетін теңдесі жоқ әдеби мұра екенін М.Әуезов зерттеу мақаласында дәлелді түрде оқушыға айқын көрсетіп берген. Мақаланы жазу барысында ғалым орыс, шығыс, еуропа ғалымдарының еңбектерін жан-жақты қарастыра келіп, олармен терезесі тең, терең ғылыми мағынасы жоғары дерлік құнды зерттеу жазу барысында көптеген тың, жаңаша ойлар қалдырған.

 

«Манас» тәрізді көлемі зор, халықтық шығармаға ресми, партиялық көзқарас әрдайым бірдей болмаған. Эпосты ескінің сарқыншағы, бұрынғы ескіні суреттейтін кертартпа, феодалдық-патриархалдық көзқарас тудырушы зиянды мұра деп қарайтын көзқарас та партияның ескілікпен күрес туралы қаулысына орай 1950-жылдары қайта өрши түсті. Бұл кезде одақ көлемінде осы қаулыға ілінген бірталай ақын-жазушы, зерттеушілер ұзақ мерзімге бас еркінен айрылған болатын. Бірталай әдеби мұраларға тыйым салынған.

 

Осындай күн «Манасқа» да туды. «Қызыл Қырғызстан», «Советская Киргизия» газеттерінде тартысты дискуссия жүрді. «Манас–халыққа жат шығарма» деген көзқараста бірнеше ай жүргізілген таласқа бірталай белгілі ғалымдар, партия қайраткерлері, саясатшылар қатысты. 1952 жылы маусым айында Фрунзе қаласында «Манас» эпосында талқылауға арналған арнайы ғылыми конференция өтті. Осы кеңесте негізгі баяндама жасаған мәскеулік ғалым, профессор А.К.Боровков та «Манасты» халыққа жат, қарсы бағыттағы шығарма деп бағалады. Бұдан кейінгі баяндамашылар да осы ізбен партиялық тапсырманы орындау үшін халықтық шығарманы зиянды деп танытуға күш салады.

 

«Манас» эпосының құнды, ерекше көркем, әлемдік әдебиеттегі асыл мұра екенін осы жиынға сырттай қатысушы болып келген М.Әуезов шығып жан-жақты дәлелдер келтіреді. Талқыланып отырған мәселенің қалай халықтық мәселеге айналғаны туралы кеңінен сөз сөйлейді. Ғылыми терең, дәлелді пікірлермен көпшілікті эпостың шын мәніндегі халықтық шығарма екеніне иландырған осы сөзден кейін жиын ахуалы өзгеріп, тоң боп қатқан сіреспе пікір біртіндеп ери бастайды. Сол кездің күрделі саяси жағдайына қарамастан сынға алынып, қайшыға түскелі тұрған ғасырлық эпосты маңызды құндылық ретінде дәлелдеген ғалым өзінің тарихты терең білетін азаматтық қасиетімен ерекше көзге түсті. М.Әуезовтің сөзінен кейін конференция бағыты біртіндеп өзгеріп, «Манас» халықтық шығарма деп танылды.

 

М.Әуезов қырғыз эпосын ғана емес, Орта Азия халықтарының әдебиетін зерттеуші ретінде көрші ел жазушылары туралы көптеген зерттеу еңбектер қалдырған. Соның ішінде жас қаламгер Ш.Айтматов шығармаларына алғысөз жазып, одақтық басылымдарда сәт сапар берді. Қырғыз әдебиетінің классигі М.Әуезовтің екі елдің әдебиеттер достығына сіңірген еңбегін зор бағалап, оның мұрасын қырғыз эпосы «Манаспен» бірге әлемнің қай түкпіріне барса да асыл қазына ретінде мақтан тұтып жүретінін айтқан.
                                                                                                

 

2016 жыл.
 
 
  


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: