Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

Блогтар

21.09.2017
5850

Мейірім

 Мейірім

               Жұмыс бабымен  шағын ауылдың   уақытша тұрғынына айналдым. Кішкене қалашық  кен орындары жабылғасын,  халқы азайып, ауыл  кейіпіне енген.  Бір кездегі сән-салтанатынан айырылып қалған  қала   егделікке ерте мойынсұнғысы келмейтін  кербездің көңіл-күйіндей  құбылып бағатын. Бір кездері жұрттың назарын аударған әсем қалашық  жарқылдаған сәулетінен айырылған қамкөңілі  басынан өткерген  дәуренін  аңсап ағыл-тегіл жылап та алатындай.Кешегі қалашық, бүгінгі ауыл кейіпіндегі тұрағымның өткені аңыз, бүгіні жабырқау, келешегі әлі бұлыңғырлау  болатын.

Кеншілердің  мекені болған кіп-кішкене қалашық  жып-жинақы қалпымен де қызықтырады.  

Жұмыс орным мен үйімнің арасы онша қашық емес. Кешке жұмыстан қайтып келе жатып үй  жанындағы аялдамада 10-11 жас шамасындағы  қап-қара сүйкімді баланы күнде кездестіремін. Бірде сол баланың  өзге балалармен жұдырықтасып жатқанына тап болдым. Арашалап алдым,  мұрнынан дірдектеп қан ағып тұрса да, тәніне батқан соққыны, ызалы  көз жасын көрсетпеуге тырысатын намысқойлығы байқалады. Мен тұратын пәтерден  сәл әрірек ескі  гараждардың  жанында барак типтегі ескі үйлерде тұрады екен.

 Жанарындағы   жалтылдаған  от  адамдарға деген шексіз құрметінің  белгісіндей .  Аңғалдықты аңғартатын албырт жүзі ыза мен кекке айналып, кішкене жүрегі  қаталдықты көтере алмай  қиналар ма екен деп жүрексіндім.

-Мұрат,олармен неге төбелестің?.

-Әпке,менің  төбелескім келген жоқ. Олар менің анама тіл тигізді. Анамды маскүнем деп ғайбаттады. Олар менен жасы үлкен болса да мен анамды қорғауым керек емес пе?

- Ия,  Мұрат, сен батыр әрі өжет баласың. Бірақ көшеде төбелесіп жүргенін не? Жүре ғой, біздің үйге жүрші. Қорғансыз балақайдың  ерте есеюге деген талпынысын құптағандаймын. Жаныма алып, жүрегіне жылылық ұялатқым келді.  

-Жоқ,жоқ, әпке, қазір анам келіп қалады.

Анаң келсе өзім сені үйіне жеткізіп саламын. Менің ұсынысымды қабыл алып, үйге келді.  

 Кейде қас қарая бастағанда ғана үйге амалсыздан кіріп, анасын ұзақ күтеді қара бала.  Ішімдік ішіп тәлтіректеп келе жатқан анасының алдынан жүгіріп шығып, үйіне  қарай жетелейді. Анасының  айналып-толғанған дауысы жылаңқы  ашщы дауысқа  жалға сып ,алыстай береді. Көрінбей кеткенше қарап тұрамын. Мұраттың  анасы бұл күйге қалай түсті екен? Жәудіреген жас балалар қалай күн кешеді,ертеңі не болады деген сұрақтар жанымды мазалайтын.

Мұраттың  әкесі  қайтыс болғасын, анасы ашщы суға үйір болыпты . Көңіліндегі қайғысын сейілткісі келгендегі тапқан амалы  болса керек. Есесіне  аналаған балаларының жүрегіне  мұң жамап,  қала көшелерінде  тәлтіректей басып,  балаларынын  балалық  базарын  таратып  жүргендей.  Жаутаңкөз балалық шағы   жанымды жабырқататын. Күзде бүрсеңдеп анасын күтіп отыратын қос балақайдың қыста дірдектеген  қалпына жаны ашыған көршілері  балақайларды балалар үйіне өтуіне көмектескен көрінеді.   Балаларымды алып кетті деп қамыққан ана жоқ. Көшеде  масаң қалыпта  тәлтіректеп кетіп бара жатқан ана ,ескі үй ,балалар үйіндегі жәутеңдеген бала болашағы    мені  мазалайтын . 

 Облыс орталығы саналатын қаладағы жоғары оқу орнына  жұмысымды ауыстырдым. Мектептегі өзім жетекшілік ететін сыныптың оқушыларын қимай ұзақ қоштасқам. 

Арада  жеті жыл өте шықты. Баяғы бүлдіршін балалар мектеппен қоштасу кешіне арнайы шақырды. Ұстаз атанған алғашқы сыныбымның  мектеп бітіру салтанатына баруды  жөн санадым.Автобекеттен түскесін өзім  бірнеше жыл бұрын мекен еткен жерді  жаяу аралағым келді.   Ауасын сағындым ба, тыныштығы жанымды  әлдиледі   ме, сонда өткен аяулы күндер естелігі  ме әлдене  жанымды  жылытып барады. Қала орталығындағы саябақты тамашалап келе жатқанымда, кенет алдымда     мүгедектер арбасын сүйретіп бара жатқан  бозбалаға  көзім түсті.  Жақындағанымда  ғана, бір кезде аялдамада тапжылмай анасын күтетін қара баланы тани кеттім.

Мұрат, айналайын , Мұрат !

Жалт қарады да

- әпке, деді таңырқағанын жасыра алмастан. Бала жүзіндегі бір кездегі  қайсарлық бозбала бойына ақыл тоқтатқан сенімділікпен алмасқандай.

 Мүгедектер арбасына таңылған анасы  маған бас изеді де алысқа көз тігіп отыра берді.

-амансыз ба?-  деп кейуанамен амандастым.  Аппақ шашын орамалға жасырып, тілі күрмеліңкіреп,      иегі кемсеңдеп   қарады.  Мүскін мүсіні ,баласы қайда жетелесе де риза пішінде. Ия,ол тағдыры қалай сүйресе де жегіле кеткен    дәрменсіз қалпымен қалқайып қана отырған қауқарсыз  кейіпіне  көп көз тоқтата алмадым.

Өмір сынағына шыдас бермеген қорғансыз жанның қолғанатына айналған Мұраттың жүзі қуаныштан бал-бұл жанады.

Ия.әпке,  анам ғой. Анам  бірден инсульт алып, көшеде құлап қалыпты. Көршілер жедел жәрдем шақырып әйтеуір тірі қалыпты . Сәл кешіксе ,анам қайтыс болып кеткендей екен. Ағам   мектепті, мен 9 сыныпты бітірдім. Ағам дәнекерлеуші болып жұмысқа тұрды. Ағам  екеуміз анамызға кезектесіп қараймыз. Таза ауа  ғой деп саябақты аралатамын. Қолдың айранын  берем,тамақ па тамақты да өзім пісірем. Өзім барлығына да шыдаймын. Анам аман болсын. Анамның жүре алмаса да жанымызда қалқиып  отырғанының  өзі үлкен бақыт қой. Сол үшін бақыттымын .Анасына еркелегендей ме, анасын еркелеткендей   қалыпта  арбадағы кейуананы құшақтай алды. Өзі көре алмаған ,өзі шөлдеген мейірімді  бала өсе келе өз  жан-дүниесінен тауып алып, бәріне үлестіргісі келетін жаймашуақ   көңілімен  мені ғажап мерейлендірді.

-Айналайын,айналайын –дей бердім. Балалықтың базарында асыр салып ойнамаған, бір үйдің тауқыметін  ерте көтерген азаматқа деген ырзашылығымды  жасыра алмастан.

Келешекте  армияға барғысы келетінін, анасын емдететінін, бір мамандықтың иесі атануды армандайтынын аңғартты.

Ерте есейген,тағдырға мойымаған өжет баланының арқасынан қақтым. Аялдамада анасын күтіп отыратын қара бала тағдыр  теперішін   қасқайып көтеріп,ауыртпалығын арбадай дөңгелетіп сүйреп барады.  


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: