Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
Несиенің нәсібі немесе ақшаның азабы

Блогтар

27.10.2017
4830

Несиенің нәсібі немесе ақшаның азабы

Несиенің нәсібі немесе ақшаның азабы

        -Мама-а-а, телефонға шақылып жатыл. Тағы да «кледит» («р» әрпіне тілі келіңкіремейтін қызымыз әркез осылай айтады),-деген Гүлімнің дауысы бүгін де азанмен шықты. Таңсәріден оянатын бес жасар балғынымыз мектепке барады. Ол сабаққа баратын уақытта ылғи да банктен осы үйге қоңырау шалынады. Сондықтан бұл жағдай Гүлімге таңсық емес. Үйреншікті әуен. Бұл әуеннің мәтіні былай болатын.

        Жас та болса да, отбасында болып жатқан «атмосфераны» жіті қадағалап, өзінше пайымдап отыратын бүлдіршініміз әке-шешесінің бұрын қомақты несие алғандығынан  хабардар.  Алғашында мол ақшаны көргенде жанұя мүшелері қуанып төбелері көкке бір елі жетпей қалды. Үйде бұрын-соңды болмаған жиһаздар пайда болып, сондай-ақ, бұл шіркіндердің әрқайсысына ойыншықтар бұйырды. Тіпті, әкелері темір тұлпарды да ерттеп алып еді. Әйтеуір не керек, Қаратаевтар әулеті бір байып қалды.

        Сол  кезде Гүлім: - Әке, бізге соншама кө-ө-өп ақшаны кім белді? Қайдан  алдыңыздал?- деген болатын. Ал әкесі: - Несие алдық, қызым. Несие дегеніміз жеке адамға мемлекет тарапынан берілетін қарыз ақша. Біздер қарызға алдық, сосын қайтарып беру керекпіз, - деп сұрақ қойғыш кішкентай балапанына егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Осылайша бүге-шігесіне дейін түбегейлі айтып бермесе, бұл ханшайымнан құтылмайтындығын бәрі де біледі. Сөйтіп, әке-шешесі тапқан табыстарын бес баланың аузынан жырып, ай сайын  несиелерін жауып отырды. Бір ай, екі ай..., он ай қатарынан уақытылы төлеп келе жатыр еді.... Кенет отағасы жұмыстан қысқарып қалды (қалалық ірі компанияда күзетші болып жасайтұғын). Балабақшада тәрбиеші болып жасайтын аналарының  ақшасы  кредит түгелі балалардың оқуынан, тамағынан ауыспайтын болды. Арнайы мамандығы жоқ, кез-келген жұмыстың басын қайырып жүрген әкелері болса, әлі де тұрақты жұмыстың  ретін таба аламай жүр. Кредитке алған машина болса, ол да тұр, жүрмейді. Бір темір керек дейді, оны жөндеу үшін тағы да ақшаға тіреледі.  Несие болса, төленбей жатыр. Пайыздық өсім күн санап қосылуда. Әркімдерден қарыз да сұрады. Тек ғана анасының табысы қайсысына жетсін? Біреуден қарызға алады, одан алған ақшаны басқа біреуге береді. Анаған да, мынаған да бере-жақ болып, қарызға белшесінен батады. Енді басқа банктен несие алуға бел буып, құжаттарын арқалап, тағы да әр банктің есігін қағады. Ештеңе өнбеді. Кредит белгіленген мерзімге сай төленбегендіктен бұлар «қара тізімге» ілініп кетіпті.  Несиенің нәсібі ғой деп, кезінде көзді жұмып қойып бәрін де алып еді, енді міне, ақшаның азабын тартып отыр. Банк қызмтекерлерінің үй немесе қалта телефонға қоңырау шалғаны былай тұрсын, тіпті тума-туыс, көрші-қолаңдарға да телефон соғатындары бұлардың әбден жүйкесін жұқартты. Әрине, өздері де кінәлі. Көрпелеріңе  қарай көсілу керек еді. Елге қарауға бет жоқ. Кездесіп қалса болғаны:

      - Несиелерінді әлі төлемей жүрсіңдер ме, біздің үйге қайта-қайта қоңырау шалып, мазамызды алып болды, - деп уәждерін де білдіріп кетеді. Ұят-ай, масқара! Ал, мына қорлықты қараңыз, әнеугүні осы үйдің  ортаншы  ұлы көршінің қызын кездесуге шақырайын деп барса, қыздың анасы:

    - Балам, жақсы келдің, мамаңа айта баршы, өткенде алған 30 мың теңгені қайтарсың, хабарласудан қалды ғой өздері, - деп бұл баланы бір ұялтқаны бар. Осыдан кейін Асхаттың қызға бару «операциясы» тоқтатылды.

     Гүлім би үйірмесіне қатысушы еді, дер кезінде ақша төленбегендіктен ол да жайына қалды. Ұғымтал бала оны да түсінді. «Мама, қызым үйілмеге қатыспай қалды деп уайымдамаңыз, мен өскенде енді биші болмаймын, көп ақша шығалушы боламын. Сөйтемін де, кледит төлейміз, әлі ешкімнен ақша сұламаймыз. Бітпейтін ақша болады», - деп балалық көңілмен анасын жұбатып, һәм жылатып алды.

Анасы жыламағанда қайтсін? Ақша құрғырдың жоқтығы алқымын қысып барады. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылып, жоқтықты уайымдап байғұс ана соңғы уақытта жүдеп бітті. Жолдасының көк базарда арба сүйреп тапқан тиын-тебені күнделікті жол ақысынан  артылмады. Мардымсыз ақшаны былай тартты, олай тартты, ақыры жетпеді. Қаптың түбін қырнап қала барды.

      Ата-анасының күн  сайын «уһілеп» күрсініп отырғаны, әрине, балалардың көңілдеріне кірбің түсіретіні анық. Әйтсе де, әке-шешесінің қиналып жүргенін түсінуге тырысады. Әзірге, бұлардың қолдан келетіні тек оқып, білім алу. Шүкір, тәрбиелеп отырған балалары ақылды, білімді болып өсіп келеді. Бесеуінің де арманы - жақсы мамандық алып, қайткен күнде де ақша азабынан құтқару, ата-анасына көмектесу.

      Міне, кезінде темір тұлпарға мініп алып, жүйіткіп жүрген Қаратаевтар әулеті ілініп-салынып көш соңында келеді. Бәлкім, балаларының арманы орындалып, көшті бастар, кім білген?

        Әйткенмен де, бұл «көк қағаз» кімге жеткен?

      Әне, төргі бөлмеде тұрған қара телефон бүгін тағы да азанмен безгек қағып жатыр. Ал, Гүлім болса,«ақша сұлаушылал болал» деп орнынан тұра жөнелді... Үйреншікті көрініс.

 

Самал ЖАМЕТ


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: