Блогтар
ОЙ ТАМШЫЛАР
ДОСТЫҚ ТУРАЛЫ
Бәз біреулер: Дос жоқ қазір! немесе Достардан айырылдық деп жатады. Ең алдымен сол Дос деген атаудың мән-мағынасына үңілген абзал болар. Достық – адамдардың бір-біріне адал, қалтқысыз сеніп, бір мүдделі, ортақ көзқараста болатын қасиеті. Достық өзара жауапкершілік пен қамқорлықтың, рухани жақындықтың белгісі. Нағыз достық кісіге шабыт беріп, өмірде кездесетін түрлі сәтсіздіктерге мойымауға, басқа түскен қайғы мен қиыншылықты бірге көтеруге жәрдемдеседі. делінген екен бір түсініктемеде. Осындай қадамға өзің әзір болмай тұрып, оны өзгеден қалау мүмкін бе! Біздің санамыздан бозбала шақтағы үлпек сезімның қылаңы еш кетпейтін тәрізді. Шынайы Достық дегеніміз сол ерте көктемдегі ғұмыры қысқа әдемі қанатты көбелектерге ұқсайды. Рас, ол кезде бір-біріміз үшін жан беруге де дайын едік. Бірде біліп, бірде білмей талай қиянаттар жасалып жатса, енді бір кезекте жаныңдағы жақын дегеннің өзі әдейілеп асты арамдағандай, сезім тұнығын алалап кетеді... Жалпы Дос жоқ деп айтар кездің де өз межесі бар сияқты, есейдің, төселдің, тітіркендің... Сен іздеген Достық сезім ол да өзің сияқты сол өткелдерден өтті, өзгерді, өлі тері жамылды... Ендігі сенің қайраның бұйыртса Жолдас, не Замандас, қала берді Көзкөрген ғана...
* * * * *
Бір таныстың қарасы - мың тобырдан көзге ыстық...
Мың ауыз сөздің ақтауын - ақылды айтар қабақпен...
АЗАМАТТЫҚ ТУРАЛЫ
Дүниеге келген әр адам баласы: Жаратушының қиған нәсібіне өзгелерден еш кемдігі жоқ құқыққа ие. Солай бола тұрып: арамыздағы біреуді артық туғызып, енді біріміз кемшіліктен көз ашпай жатады. Артық туу: білімнен сусындаған асқан ақыл, өзегі адамгершілік пен парасат болса – талас жоқ. Бүгінгінің артық туғандары осы биіктен көрініп жүр ме және сол тұғырға лайық па? Адамның сырт қауашағы ғана бағалау тәсіліне айналған сыңайлы. Бай-бақуаттылықты дүниемен өлшеу өріс алған заманда, сенің ішкі жан-дүниеңнің байлығы: таза ойың мен пиғылың, ар-намысың, мөлдір махаббатың, сағыныш-үмітің таразы басына салуға келе ме?
Жұпыны киім киіп, жұтаң тамақ ішіп, жүдеу тұрмыс кешіп жүрген адамға ұқсағың келіп, қызығуға болама: «Шіркін, керемет намысшыл, махаббаты мен пиғылы шыныдай таза, ары үшін жанын беруге әзір!!!» деп...
* * * * *
Ең азаптысы Ар соты болғаны да. Ес біліп, етек жинағаннан бергі істеген іс-қылығыңды түгелімен тізіп берсе, қандайлық пәкпін деген пендеңнің көз алдына көк шыбын үймелері даусыз. Жан шыбын болып кеудеден Нұр қуып ұшып кетсе, көрге түскен боқ денеде қандай қасиет қалды? Оны сасымасын деп терең қазып көметініміз де содан шығар.
Ар сотының бірі - сені көлденең тастап, жаназаңды шығарғандағы үстіңнен төнген жамағат көздерінің бағасы да болар. Өлгеннің соңынан жаман айтпас деген көңілжықпастықпен Жақсы адам! дегенді сығымдарсың кейде...
* * * * *
Соноу жаугершілік заманда суыт аттанып бара жатқан аға: «Қатын жолда, бала белде, бауыр табылмас!» деген көрінеді. Бүгінгі көңіл орныққан бейбіт заманда солардың барлығынан қымбат - боқ дүние болып бара жатқаны жанды аздырады. Тегі, жоғалту дегеніміз – күнде тосу дер едім. Өмірдің ең бір ащы шындығы – бүгінгі бардың аяқ-асты қайта көре алмас өкінішке айналуы. Адамның қолынан талай іс келер, тіпті кейбір шаруаларыңды Жаратуышының өзі де қиыстырып ыңғайын табар. Жоғалған, өлген малдың көзі қажет емес, саны қажет болса, өткен адамның көзін ғана іздейсің. Үй ішінен мола қазып, топырағын құшақтап аңыраған ана, қымбатынан қапыда айырылып, дала кезіп кеткен қияли соның куәсі болар.
Қандай тілек тілеп, дұға оқысақ та қадірлі жандар бір-бірінен еріксіз ажырап жата берер. Тек бар қолдан келері: артынан жеңілдігін бергей деген жалынышты тілеу, қайта оянбайтын үміт, еш амал құра алмас шарасыздық, өзіңнің түкке тұрғысыздығыңды аңғартатын топырақтығыңды ашына түйсіну ғана.
* * * * *
Принцип - бірде ұстап, бірде тастай салатын көсеу емес... Егер отың маздап жансын десең, қажет болса жалаң қолыңмен де шоқ көсерсің... Сонда көресің, көсеу ұстамағанның қандай екенін...
* * * * *
Мәселе біреудің ақылын тыңдау да емес, оны өз ақылыңмен салыстыра білуің де...
* * * * *
Соғыстың да өз мәдениеті бар, сол сияқты төбелестің де... тек көшеде шаш жұлысқан қар әйелдерде ғана мәдениет жұрдай...
Кейде: Мен бетке айтқышпын! деп әлдекім даурығады. Бірақ мәселе бет-жүз демей, жұлысқа ұқсаған пікір айтуда емес, оны көрінген есуас та айта алады. Айтты, сол жерде қалды... Бастысы - жанына жеткізіп, көзінен жас шықса селдей ағызып, әлі де үміт бар болса үйірге оралардай ниетпен жөнге шақыра білу... Егер ештеңе өнбесі аңғарылса көңілден де өмірден де аластап, Ота жасау ғана қисынды амал болар...
* * * * *
Тегі адамның сену-сенбеуі өз еркінде дейміз. Десек те кейбіреу көзі көріп, қолымен ұстап тұрғанға да: Бәрібір сенбеймін!!! деп кері кетеді. Бұларға ем жоқ. Ал енді біреу бәрінен секем алып, өз көлеңкесін біреудікі екен деп осқырынып жүреді. Оған ем табылуы мүмкін...
Енді біреу елдің әр сөзіне имандай ұйып, бас шұлғыумен өтеді. Бейбақ ай..
Келесі біреу өз пікірі болмаған соң, беделдінің сөзін өсиеттеп, елді үйретіп, талай биікке де көтеріледі. Бедел ауысса, ол да ауысады...
* * * * *
Ақыл айтқан Үлкен адамға жарасады... Және Жастар да Үлкен адамдарды сол үшін жаратылған деп ойлайды... Тек, бір әттегенайы: ақыл айтқан үлкен адамның Үлкендік таныта алмай жататындығы
* * * * *
Сүйкімділік пен Сүйкімсіздік туралы не дер едік... Олар қабаттасып жүретін қылықтар ма, әлде біреу өмірбақи сүйкімді немесе сүйкімсіз бола ма?.. Әсіресе қайсысынан абай болу керек?.. Бүгін сүйкімді, ертең сүйкімсіз болуға бола ма... Жалпы әркім өзінің қандай адам екенін аңғара ала ма?.. Әлде, әдеттегідей сыңаржақты пікір жеңіп кете бере ме... Сүйкімді болу деген - әдемі шырайға еніп , екі езуді күніге бойы елжірету ғана ма... Сүйкімсіздік - ұры иттің қылығындай сұғанақтық па?..
Неде болса, бәрінен де абыройлысы жасандылықтан ада болу сияқты. Өмірді үлкен сахна дегенімізбен, ел саған көрермен емес, сондықтан өнерпаздың рөлін ойнаймын деп өзіңді жоғалтуға жолықпайық...
* * * * *
Егер сенің сілтегеніңнің барлығы нысанаға дөп тигіш болып, оған көпшілік разылықтан мақтап, мадақтай бастаса, оларға қосылып лепірме, онан да ойлан: Неге бұлай? деп...
* * * * *
Адамдар әлдекімдердің атақ-мансаптарын, барлық-байлықтарын дәріптеп, ауыздарының суы құрып жатады. Талай нәрсе, мысалы: сұлулық, сұрықсыздық, кемтарлық сияқты қасиеттер де ешкімнің қалауына сай қалыптаспас. Сондықтан Мен неге мықтының яки сұлудың орнында емеспін?! деп тарыққанның орнына Жаңа ғана апаттан жан тәсілім еткеннің немесе ғаріптіктен азап шеккен бір жанның орнында болмағаныма шүкір! деп осы күніңе тәуба салғаның - өз болашағыңа астамшылығы жоқ жол ашқанмен бірдей-ау, сірә...
* * * * *
Тегі, бетке ұстары жоқ кейбіреулер жасын көлденең тартып, кісіні де кішіні де силатқысы келеді... Жүзге жетсең де ол сенің жетістігің емес... Ол - Алланың рахымы немесе сені қаперден шығарып алған салғырттығы...
* * * * *
Сенікі сандырақ, менікін айтсаңшы! немесе Жоқ, олай емес, былай... деген сияқты көңіл қалдыратын дүңк етпені уәж деп айтуға болмас. Тегі пікір сайыстың мақсаты әр түрлі жолмен келіп, бір ортақ мүддеге түйісу емес пе. Ал біздің пікір алмасуымыз ережесіз жекпе-жекке айналып кететін тәрізді. Қолы жетсе мониторды тесіп, тұмсықтан бір ұруға тайынбайды. Мәдениеті төмен сөзден тоқтамға келтірер ой тумас. Керісінше өшігуге апарады. Жоқ жерден Ата жауыңды табасың.
Адамның қабаған иттен айырмашылығы шынжырға байланбағаны ғана ма?!
* * * * *
Біз, яғни пенде баласы білмейтін небір тылсым бар екені мәлім. Соның бірі ара қашықтық. Егер екі адам арасында бір қатынас туындаса ол ешқандай межені шек көрмей, өзіндік ниетімен алға ұмтылып, табысуды қалайды. Ол табысуды тек дене жақындыққа сайыуға болмайды. Себебі, бастапқыда айтып кеткен тылсым деген құпия – әрқашан да ара қашықтықты үзіп, өзің қалаған жанды қасыңнан табылдырады. Егер оны өзіңе айналдырады десе де артық емес. Осыдан барып өзіңнен сол жанды танып, қайран қаласың!
* * * * *
Адам - түбін қазса пенде. Ол кемшілікті Жаратушы одан күткен жоқ. Адам азды. Егер біз Жаратушыға тіке ұқсасақ - бір-бір әлемнің билеушісі болар ма едік. Асқан тазалықты Атамыз қаламады. Сондықтан біз осындаймыз... Тіпті кінә тағуға да болмайды, бізге. Себебі, біз мәңгілікті қаламадық...
* * * * *
Батыр мен батыр тірессе - сауыт-сайман сайлығы, адам мен адам жүздессе - рухының байлығы, біреудің асып тасқаны - біреудің болар шайлығы...
* * * * *
Бұл дүниені Жалған деп бекер айтпаған. Түбінде бір түгесілер дәм мен күннен тұратын алдамшы жарық. Сол жарықтың төңірегінде «жындыкөбелекше» шыр айналған пенде. Иә, пенде деп тегін айтып отырған жоқпыз. Себебі пенде ғана дүниенің заттық құндылығын бағалайды. Ол нәпсі сынды аз да болса ләззат шектірер жарқыл-жұрқыл сәттің құрбаны. Фортуна деген бір мықты бар. Ол еш дайындығы жоқ, тіпті құдайдың өзі қаламайтын кейбір жанға мүмкіндік береді. Мүмкіндік деген болдым-біттім емес, мүмкіндік – төбесіне көтергеннің сенімін ақтау. Сенің әр ісің ел көзінде, өзгені арзан санау - өзіңді арзан қылықтарға итермелейді. Егер сен жұртыңа қымбат жан болсаң сенің ізің қалған топырақты халқың сүюге бар. Сондықтан жүрген жеріңе теріс ниет қалдырмай, өсиет етерлік көрініс тастай біл, қарағым!