Блогтар
Өмір ағашы
ӨМІР АҒАШЫ
Қазақтың кең байтақ жерінде аңызға айналмаған тұс тіпті аз, бәрі де қастерлі өлке, қасиетті мекен.
Н.Назарбаев
1
Тұман басқан ылғалды салқын түндердің бірінде лашықтың есігі жер сыза ашылып, сақалы ұзын зор тұлғаның көлеңкесі көрінді.
Ошақта сөне бастаған емен шоқтарының әлсіз қызғылт сәулесі күтпеген түнгі қонақтың кескінін зорайта түскендей. Оның бар кейпінен бір жұмбақ сыр байқалады.
Қария лашықтың төр жағында отырған отбасының қасына барып жайғасты.
Арша ұйықтап жатқан болып әкесі мен бейтаныс адамның әңгімесіне құлақ тікті.
Естігенінен Аршаның әсерленгені сонша, денесі бір ысып, бір суыды, ұшып тұрып түнгі қонаққа қарағысы келсе де өзін өзі шақ тежеп жатты. Ол егер менің ояу жатқанымды білсе, олар әңгімені доғарады деп қорықты.
– Сол зәулім ағашты қалайда табу керек, - деп әр сөзін нықтай сөйледі келген қарт. – Жалғыз үміт сонда. Әйтпеген күнде бүкіл тайпаға жойылып кету қаупі төніп тұр! – Одан әрі бейтаныс қария алыстағы таңғажайып бәйтерек туралы, оның адам жанын алып қалатын сиқырлы күші, алайда оны табу қиянның қияметі екенін бір сарынды жай дауыспен ұзақ баяндады.
Аршаның кеудесінен жүрегі шығып кете жаздады. «Міне, міне енді мен Наризаны құтқарамын!» деп қуанғаннан айқайлап жіберуге шақ қалды. Ол үстіндегі қой терісінен иленген жамылғысын тұмшалай тәтті қиялға шомып, ұйықтап кетті.
* * *
Оянса, тұман сейіліп қалыпты, мұнар бұлттар арасынан күн сығалап, төңірек нұрға бөленіп тұр. Арша жүгіріп, Наризаның қасына барды. Бір аптадан бері төсек тартып жатқан қарындасының қолынан ұстап, бетіне үңілді. Күнде көзін ашып ағасына әлсіз езу тартатын ол бүгін көзін ашпай сұлық жатыр. Қасында қолынан тастамайтын қуыршағы да елеусіз қалғандай. Анасы шиден өріп ішіне саз толтырып жасап берген. Нариза небары алты жаста, Аршаның одан төрт жас үлкендігі бар.
Жұмбақ ақсақал түнмен бірге ғайып болыпты. Түнгі оқиға әсерінен әлі де арыла қоймаған бала «мүмкін түсіме енген болар» деп жауап іздегендей айналасына қарады. Әкесі жақын маңда көрінбейді. Шешесінің ошақты тұтатумен әлек болуына қарағанда, сірә, ол басқалармен аңға кеткен болуы керек. Кішкентай екі егіз бауыры лашықтың көлеңкесінде ойнап отыр.
Тағы да түнде естіген сөздерді есіне алды. Жұмбақ қария. Ол кім? Ол айтқан бәйтерек шынымен бар ма екен? Оның қандай сиқыры бар? Оны қалай табуға болады? Оған баратын жолды кім біледі? Осындай сан түрлі сауалдар оның кішкене жүрегін аяусыз тілгілеп, бітпес жан жарасына айналды. Арша түнде жасықтық көрсетіп, қариямен сөйлесе алмай қалғанына өкінді.
Уақыт болса аяусыз алға жылжып барады. Енді қарекет жасайтын сәт туды деп түйді ол. Алайда ішкі бір дауыс «Тоқтай тұр, оқиғаның алдын орама! Көп кешікпей реті келеді» дегендей болады. Оның мойынсұнбасқа амалы қалмады.
Арада тағы бір апта өтті. Наризаның беті бері қарамады, күннен-күнге әлсірей берді. Ол ол ма! Бір қоныс тайпаға ойрандай тиген белгісіз індет күн сайын ондаған адамды ажал атты ауылға алып кетіп жатты. Арша әр түн сайын жұмбақ қария тағы да келер деп күтті. Одан жұмбақ бәйтерек туралы сұрап білгісі келді. Бірақ ол келмеді. Әкесі де ол оқиға туралы тіс жарған жоқ. Алайда бала жүрегі әкесін бір ойдың қатты мазалап жүргенін сезді.
Біздің күндеріміз. Орта Азия. Қазақстан.
Шалғай ауылдағы мектептердің бірінде екі бала сөйлесіп отыр.
– Астананы көру – арманым. Білесің бе, Әлібек, біздің Президентіміз қайда тұрады?
– Әрине білем, Мирас, ол Астанада тұрады, күнде телевизордан көрсетеді ғой.
– Мен Астанаға барсам, оны арнайы барып көремін.
– Ия деген-ай! – Әлібек ішін басып күле жөнелді. – Сені онда кім кіргізеді, ақымақ!
Мирас шамданып қалды.
– Мейлі кіргізбей-ақ қойсын! Оның есесіне мен Бәйтеректі көремін! Оның төбесіндегі алтын жұмыртқаны қолыма ұстаймын!
Әлібек енді оған қолын шошайтып сықылықтап күлді.
– Хи-хи-хи-хи! Мирас, қандай аңқаусың! Оны ұстауға сенің бойың да, құшағың да жетпейді! Өткенде Тарих апай айтты емес пе Бәйтеректің биіктігі жүз метрге жуықтайды, ал алтын жұмыртқа символ ретінде қойылған деп. Тек ертегіде ғана ол Самұрық құстың жұмыртқасы.
– Қандай ертегіде?
– «Ер Төстікті» оқыдың ба?
– Ия оқыдым, бірақ ұмытып қалдым, - деп өтірік айта салды Мирас өзінің білмейтіндігінен ұялып.
– Ал мен Астанаға барсам, - деді Әлібек көзін жұмып, аспанға армандай қарап, - онда Назарбаевтың оң қолының таңбасы бар, оған қолын қойып тілек айтсаң орындалады дейді. Мүмкін мен де болашақта ол сияқты Президент болармын.
– Ал мен анамның сауығып кетуін жүз рет, мың рет тілер едім! – деп мұңая жауап берді Мирас. Дәл осы сәтте оның жүрегінде қуаныш үміті жағылғандай болды. «Шынымен де ең биік жерден анама денсаулық сұрасам аспандағы Жаратушы мені еститін шығар» деп ойлады ол.
Осы күннен бастап Мирас өзінің бұл шешімін бір минут та естен шығарған жоқ.
3
Арша зәулім теректің ұшар басында тұр. Ағаштың биіктігі сонша, айнала жүзген ақ ұлпа бұлттардан жер көрінбейді. Осындай әсем көрініске таңғала қарап алға қадам жасаған Арша төмен қарай құлдырай жөнелді. Ұшып келеді. Бір кезде қойдың биязы жүніндей жұп-жұмсақ бір кілемнің үстінде жүзіп бара жатқанын сезді. Қараса, аппақ бұлттың үстіне қоныпты. Төменде - буырқанған сарқырама.
Ақ бу сейіліп, айналаға көзі үйренген Арша жалғыз емес екенін байқады. Бұлттың үстінде олардың үйінде болған ақ сақалды қария отыр. Арша қуанғаннан атып тұрып, оның қасына жақындай беріп еді, әлгі шал ғайып болды. «Көк Тәңірі сені таңдады. Тайпаның тағдыры сенің қолыңда. Сені қиын жол күтіп тұр! Дайындал!» деген оның даусы Аршаның құлағында көпке дейін жаңғырып тұрды. Оларды ап-анық естігені соншалық – ұйқысынан күрт оянып кетті.
Індет сумаңдаған суық қолын бұл отбасына да сұққан тәрізді. Әкесі бүгін үшінші күн төсегінен тұрған жоқ. Аршаның оянғанын көріп, ол ұлын өзіне шақырды.
– Балам, - деді ол әлсіз дауыспен, - мен сапарға шығуға тиіс едім, бірақ жоғарғы күштер оны хош көрмеген сыңайлы. Олар сені таңдапты. Сені жаратқан тәңірі өзіңе үлкен аманат артыпты о баста. Енді міне, сол аманатты орындайтын күн туды. Егер індетті тоқтатпасақ, тайпамыз жер бетінен жым-жылас жоғалады. Бұның қаншалықты қасірет әкелетінін өзің де сезесің ғой, ұлым. Бізді тумаған ұрпақтарымыз ешқашан кешірмейді. Адамзаттық рухымыз да, тіліміз де, дініміз де із-түссіз құрдымға кетеді. Талай мыңжылдықтар өтер, тайпамыздан талай ұрпақ өсіп-өнер. Бірақ ол үшін бүгін біз басымызды қатерге тігуіміз керек. Тайпамыздың тағдыры мына сенің қарындасың мен менің жағдайым сияқты қыл үстінде тұр. Мен кетсем, тайпаның ендігі көсемі болуға сен лайықсың. Мен сені бұл іске кішкентайыңнан баулыдым. Енді міне, балғын болсаң да құдырет иелерінің таңдауы саған түсіпті. Бұл сапар қауіпті екенін білемін, бірақ халық үшін басты қатерге тігу - қасиетті борыш. Қайда барып, не іздейтінің жолда белгілі болады. Талай қиындықты бастан кешіресің, бірақ жол табасың. Артыңа жалтақтамай аттан, балам! Алдыңнан Тәңірі жарылқасын!
Арша осы сәтті күткендей үй ішімен тез қоштасты. Наризаның қасына барып, бетінен сүйді. «Сәл шыда, мен көп кешікпей ораламын» деп сыбырлады. Бойында әлдебір шешімділік пайда болды. Өзін тез есейіп кеткендей сезінді. Бір кәдеге асар деп әкесі екеуі аңға алатын садақты алды жебесімен. Лашықтан сәл ұзай бергені сол еді, аяғы жерден ажырап, өзін бір тылсым күштің алып бара жатқанын сезді. Ар жағында не болғаны есінде жоқ.
Мирас дүниеге келгеннен соң анасы Күлпаш бір созылмалы науқасқа ұшырады. Алғашында дәрігерлер оның бойынан ауыр дертті таба алмады. Әйелдің өзі де кішкентай сәбиінің қамымен ауруға онша мән бермей жүре берді. Уақыт өте келе анасы науқасын ауырсына бастады. Бертін келе төсек тартып жатып қалды. Отбасының берекесі бұзылды. Бұл аз болғандай қиын сәтте әкесінің отбасын тастап кетуі Мирастың жүрегіне жазылмас жара салды. Бірақ қанша қиын болса да тірі адам тірілігін жасайды ғой. Күндіз ол мектепке кеткенде көрші Жібек апай келіп анасын қарап тұрады, тамағын береді. Ол Мирастың тура әжесіндей болып кетті.
Міне, бүгін де Мирас мектептен келе сала анасының халін сұрап бетінен сүйді. Оған бүгін алған бағаларын көрсетті. Содан соң асүйде жүрген Жібектің қасына барды.
– Жібек апа, - деді ол қуанышын жасыра алмай, - мен мамамды қалай сауықтырудың жолын таптым! – осылай деп Мирас өзіне ұсынылған айранды бір-ақ сімірді.
– Шын айтасың ба, Мирасжан? Тезірек айтшы төзімімді тауыспай! Біздің ауылға үлкен доғдырлар келейін деп жатыр ма?
– Жоқ, апа! Мен Бәйтерекке барамын! Онда Назарбаевтың қолы салынған, соған қолымды қойып, мамама денсаулық бер деп сұраймын! Содан соң мамам жазылады! – деп ентіге хабарлады Мирас.
– Тоқта, тоқта! Қайдағы қол? Қайда салынған? Түк түсінсем бұйырмасын! Аптықпай түсіндірсеңші дұрыстап!
Мирас оған бүгін Әлібекпен арада болған әңгімені айтып берді.
– Ал Әлібек Назарбаев сияқты Президент болғысы келеді. Соны сұрамақшы. Ал менің бәрінен де кымбат, ең көкейтесті арманым – анашым құлантаза сауығып, менің қасымда жайраңдап жүрсе... - Мирастың даусы дірілдеп кетті.
– Әрине сауығып кетеді! Сәбидің тілегі қабыл болады дейді ғой. Қамықпа, көр де тұр, анаң тұрып кетеді! Күлпаш екеуміз сенің тойыңда қыдырамыз әлі! – Жібек Мирасты бауырына тартып, басынан сипады.
5
Қанша уақыт өткені белгісіз, Арша есін жинап, көзін ашты. Су ішкісі келді. Аузы кеуіп қалған. Әлдеқайдан судың сылдыраған дыбысы естіледі. Алыстан биік тау көрінеді. «Мен қайдамын?» деп дауыстап сұрады. Ешкім жауап берген жоқ.
Жақын маңайда өзен де, көл де көрінбейді. Сонда су сылдыры қайдан естіліп тұр? Әлде таудағы сарқыраманың үні ме?
Арша әкесі екеуінің балық аулаймыз деп сарқыраманың ағынына шақ төтеп бергенін еске алды. Әкем қандай халде екен? Нариза тірі болса жарар еді. Оларды ойлағанда жүрегі езіле жаздады. «Мен қалай да киелі Бәйтеректі табуым керек! Оларды құтқаруым керек!».
Кенеттен естілген дүрсіл Аршаның ойын бөліп жіберді. Қараса баласын ерткен киіктің соңынан бір алып азулы аң қуып барады екен. Енді болмағанда жас киіктің санына азуын батыратын түрі бар. Арша көп ойланбай садақты тартып жіберді. Аң омақаса құлап бір аунап түсті. Қайта тұрып, қайта құлады. Құлап жатқан құбыжықтың қасына келген Арша аң-таң қалды – бұрын-соңды мұндай үлкен аңды көрмепті. Бұрылып жүре бергені сол еді, жаңа ғана өзі құтқарған ана киік оның алдынан шығып, адамша тіл қатты: «Рахмет саған, қайырымды жігіт! Сен мені және менің баламды өлімнен құтқардың! Біз саған мәңгі қарыздармыз. Менің де саған көмегім тиер. Менің бір мүйізімді ал. Мен қажет болсам мүйізге үрсең болғаны! Мен құйындай ұшып жетемін. Ал қазір үстіме отыр, мен сені мөлдір бұлаққа апарайын». Қуанып кеткен Арша киікке мініп жорта жөнелді. Бұлақтан әбден шөлі қанып, демалған ол әрі қарай жолға шықты.
Күн жүріп, түн жүріп азар дегенде бір қырдың баурайына жетеді. Жатып көзі іліне бергені сол еді, бір аянышты дауыс естілді. Қараса, бір алып қаршыға жерді қанатымен сабалап ұша алмай отыр екен. Тасқа құлап қанатын жаралап алыпты. Арша оның қанатын түзеп, орнына салып, көтеріп ұшырып жіберді. Ақ қанатты қаршыға Аршаның үстінде біраз уақыт айналып жүрді де, қалықтай ұшып биіктей берді. Оған қызыға қараған Арша «шіркін-ай, менің құс сияқты қанатым болса, тауды да, мұхитты да, орманды да ұшып өтер едім» деп армандады.
Алыстан жарқыраған үлкен дария көрінді. Арша ана жолы түн ішінде бейтаныс ақсақалдан естіген әңгімені еске алды. Ол айтқан зәулім бәйтерек Әлем деп аталатын үлкен өзеннің жағасында демеп пе еді. Мына үлкен дариядан өтіп арғы жағаға шықсам мүмкін Бәйтерек тұрған шығар!
Осындай ой оған күш беріп алға итермеледі. Оның үстіне судың беті толқып, иірімдер пайда бола бастады. «Жел тұрып кетпей ана бетке өтіп алайын» деп ойлады Арша.
Өзеннің ұшы-қиыры көрінбей көкжиекке тірелетінін Арша жағадан ұзап кеткесін ғана байқады. Кейін қайтуға енді кеш. Ол не де болса алға жылжуға бел байлады. Біршама уақыттан соң әбден қалжырап шаршағанын сезді. Күші кетіп, әлсірей бастады. Бірақ қайсар бала жүзуін тоқтатқан жоқ. Ол бір сәт аяғының қатты ауырып кеткенін сезінді – тура біреу өткір тісін батырғандай. Одан әрі қараңғы түнекке бойлай берді.
Биыл көктемде Мирас он екіге толды. Өз қатарына қарағанда тіршілік қамына ерте кірісіп, тағдыр тауқыметіне көнбістікпен мойынсұнғанымен, кейде бала қиялы шарықтап оны басқа бір бақытты әлемге жетелейді. Ол сап-сау, қуанышты анасы екеуі әсем қалаларға саяхаттап жүргенін елестетеді. Ал ол болса осы бақытты шақтарды өзі ылғи да қызығатын Әлібектікіндей ұялы телефонға суретке түсіретін болады. Қанша дегенмен баланың аты бала ғой. Мектепте басқа балалар ұялы телефондарын жарқылдатып, бірін-бірі суретке түсіріп, сэлфи жасап, мәре-сәре боп жатқанда ол өзін бар жаңалықтан құр қалған мақұрым сезінетін кездері болады. Әйтсе де Мирас өзі үшін өмірде қандай құндылықтардың басым екенін баяғыда-ақ айқындап қойған. Ол анасының сырқатынан айығып кетуі үшін бәріне әзір. Компьютер, ұялы телефон, планшет, ғаламтор сияқты қазіргі балалардың бесіктен белі шықпай жатып сүйікті ермегіне айналған дүниялардан Мирас егер де анасының денсаулығы үшін бас тарту қажет болса оп-оңай келісер еді. Қазір оларсыз да өмір сүріп жатыр ғой! Бұдан әрі де өмір сүреді. Болашақта онда қалаған нәрсесінің бәрі болады! Мирас бұған сенімді. Ал қазір оның басты міндеті лайықты білім алу, анасына қолғанат болу. Міне, бүгін де ол басым уақытын анасына арнады. Оның дәрісін беріп, емдерін жасады. Әдеттегіше, дөңгелекті креслосына отырғызып, таза ауаға шығарды. Жібек апасы дайындап кеткен тағамды жылытып, қасықпен ішкізді. Енді ол анасына ерекше ұнайтын рәсімге кірісті: анасының ұзын шашын тарап, бұрым етіп өріп желкесіне жинап берді. Оның езу тартқанын көріп, көңілі марқайып қалды. «Аллаһ қосса сенің езуіңнен күлкі кетпейтін уақыт келеді. Оны тек мен және Жібек апа ғана біледі» деп ішінен қулана күлімсіреп қойды.
Сабағын оқып болғанша түннің бірталай уақыты болды. Мирас анасының жамылғысын түзеп, оған қайырлы түн тіледі. Ертеңгі күннен жақсылық күткен жеткіншек алаңсыз ұйқыға кетті.
Арша аяғының қатты солқылдап ауырғанынан есін жиды. Шетсіз-шексіз созылған айдын көлдің жағасында жатыр. Оң жақ тізесінің астында терең жарақат бар екенін байқады, одан тоқтамай қан ағып тұр. Қолымен басып еді, уысы сәтте қанға толып кетті.
Кенет Арша өзіне біреудің қадала қарап тұрғанын сезінді. Айналаға көз салды – ешкім көрінбейді. Бір аяғына сүйеніп тұра бергені сол еді, дәл қасында тік тұрған жыланның басын көрді. Жылан адамша тіл қатты.
– Түнде сені мына дарияның ішінен су астындағы балық патшалығының сарбаздары алып шықты. Алайда сені су ішінде жалмауыз сиқыршының улы тікенек жыланы тістеп үлгеріпті. Уды умен қайтармаса болмайды. Қане, мен аяғыңа шипалы уымды шашайын.
Арша сүйектен өтетін қатты ауыруға тістене шыдап бақты. Есесіне кішкенеден соң аяғының қаны тиылып, ісігі басыла бастады. Сәл уақыттан соң аяғындағы жарақаттан із де қалған жоқ. Арша жыланға ризалығын білдіргісі келіп аузын аша бергені сол еді, ол тоқтай тұр дегендей ізет білдірді.
– Сенің неге келе жатқаныңды мен білемін, - деді жылан жұмсақ әйел даусымен. – Менің атым Има. Мен де бұрын адам болғанмын, жақсылық іздеп шыққан жолым болмады. Жауыз Айдаһар мені жыланға айналдырды. Оның сиқырының күші аузындағы алтын тісінде. Сол тісті оның аузынан суырып алғанда ғана оның күші әлсірейді, оның бұған дейінгі қорқынышты сиқырларының бәрі жойылады, мен де бұрынғы адам қалпына түсемін. Тек сол алтын тісті оның сиқырына ұшырағандар өз көзімен көруі керек. Сондықтан да мен сенімен әрі қарай барамын. Сен іздеген Бәйтерекке дейін алыс қалған жоқ. Оны үшбасты жауыз Айдаһар күзетеді. Сондықтан саған жалғыз бару қауіпті.
– Мен Айдаһармен күш сынасуға әзірмін! Сен мені осы жерден күт! Мен үшін қауіпке бас тікпе!
– Мені өзіңмен алғаныңа өкінбейсің! – деді Има. – Жауыздыққа қарсы бірігіп күш көрсетпей болмайды. Қара түнекті сейілтудің жолы – бірлікте!
Жылан жорғалап отырып, Аршаны бір үңгірге алып келді. Онда денесі адам болғанмен басының орнында бір үлкен көз ғана бар алып отыр екен.
– Бұл жеті қабат жер астындағыны, алты қабат аспанның ар жағындағыны көретін Қырағы, - деді Има. - Қазір ол бізге бәрін айтып береді.
Қырағы биік жерге шығып, төрт бағытқа қарап болған соң былай деп тіл қатты.
– Зәулім Бәйтерек жеті күндік жерде тұр. Оның тамыры жер астында, діңі – жер бетінде, ал жапырақтары аспан әлемінде орналасқан. Ағаштың әрбір жапырағында жер бетінде тіршілік ететін әрбір адамның бейнесі салынған. Әр адам киелі теректің жапырағы жарылғанда өмірге келіп, жапырағы жайқалып өскенде есейіп, кемеліне келіп, жапырағы мезгілсіз сарғайса, қайғы-қасіретке тап болады, жапырағы солса қартайып, жапырағы үзіліп, жерге түскенде, қазаға ұшырайды. Енді жеті күннен соң кейбір сарғайған жапырақтар түседі, онымен бірге адамдардың да өмірі үзіледі. Егер барып үлгерсеңдер, оларды түсуден сақтап қалуға болады. Сарғайған жапыраққа тіршілік демін беру үшін оны адам үрлеп жіберсе болғаны. Жапырақ қайта жасыл түске енеді. Алайда сендерді онда жауыз Айдаһардан басқа тағы да бір қара күш - Мыстан кемпір күтіп отыр. Ол үзіліп түскен жапырақтардағы адамдардың жанымен қоректенеді. Сондықтан да ол жапырақтарды құтқаруға қарсы өзінің барлық әккілігін салуы мүмкін. Қазір Айдаһар ұйқыда, ол жеті күннен кейін оянады. Бірақ Мыстан кемпір ешқашан ұйықтамайды.
Арша мен Има дамылсыз жүріп, жеті күн дегенде көгалы барқыттай жұмсақ бір жазық жерге келіп жетті. Олардың алдында атқан таңның арайлы сәулесіне шомылған биіктігіне көз жетпейтін зәулім бәйтерек тұрды.
8
Сабақтан соң сынып жетекшісі Зәуреш апай бірнеше баланың сабақтан кейін қалуын сұрады. Ішінде Мирас та бар. Басқа сыныптардан да бар, барлығы 20 шақты бала жиналыпты.
– Жақында каникул басталады. Қандай жоспарларыңыз бар? – деп сұрады сынып жетекшісі.
Әркім әрқалай жауап беріп жатыр. Көпшілігі ата-анасына үй шаруашылығында қолғабыс жасайтындарын айтты. Тыңдап болған соң Зәуреш апай оларды неге жинағанын түсіндірді. Оны естігенде Мирас өз құлағына өзі сенбей, өңім бе, түсім бе деп ойлады. Бірақ сынып жетекшісі алдамайды гой! Қуанғаннан не істерін білмей тұрып кете жаздады. «Осы жақында ғана бұл туралы армандап едім, Жаратушы менің тілегімді естіп те қалған ба» деп ойлады жүрек дүрсілін баса алмай.
– Астанаға сендерді апарып келу маған жүктелді, онда тәртіп сақтап жүруге уәде бересіңдер ғой? – деді сынып жетекшісі.
Барлығы қосылып «иә» деп жауап берді. Әсіресе, Мирастың даусы қатты шықты.
Қуаныштан қанат біткен секілді Мирас аяғы жерге тимей үйге қарай ұша жөнелді. Есіктен айқайлай кірді.
– Мама! Жібек апа! Мен Астанаға баратын болдым! Бәйтеректі көретін болдым!
– Оны кім айтты, Мирасжан? Сенің жалғыз өзіңді кім жібереді? – Жібек апа қолын алжапқышына сүртіп, ас үйден шықты.
– Мен жалғыз емеспін! Біздің мектептен жиырма бала баратын болдық. Зәуреш апай алып барады!
Жібек кешкісін Мирастың сынып жетекшісіне қоңырау шалып, барлық мән-жайды естіп білді. Бұл сапар Президенттің тапсырмасы бойынша әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балаларына көмек ретінде ұйымдастырылып жатқан шара екен. «Бала жүрегі сезімтал деген, мүмкін бұның бір шарапаты тиер» деп түйді ол.
9
Жаратылыстың мынадай ғажап туындысын көргенде Арша өзі жүріп өткен азапты жолды мүлде ұмытып кеткендей болды. «Міне, арман еткен зәулім бәйтеректі таптым! Оның бар екеніне енді көзім жетті!» деп қуана ойлады ол. Ойына Қырағы айтқан сөздер оралды. Асығу керек!
Има да оның ойын тап басқандай:
- Енді бірнеше сағаттан соң Айдаһар оянады. Онда бізге ағашқа шығу қиын болады. Тез баруымыз қажет, - деп асықтыра бастады.
Дәл осы сәтте Арша Има екеуінің ойлары жиі тоғысатынын байқады. Сырты суық болғанмен оның жүрегінде ерекше бір жылылық барын іштей сезді. «Жылан болмастан бұрын қандай болды екен? Мүмкін сұлу ару болған шығар» деп ойлады ол. Оны осындай күйге түсірген жауыз Айдаһарға деген өшпенділігі күшейе түсті.
Ағашқа жақын келгенде олар оның бұтақтарынан тырс-тырс етіп су тамшылары ағып тұрғанын көрді. Татып қарап еді – ап-ащы екен. «Бұл не?» деп сұрады Арша. Осы кезде бәрін көріп жүретін сауысқан ұшып келе қалды.
– Бұл Бәйтеректің көз жасы, - деді ол. – Бүгін сарғайған жапырақтар жерге түсетін күн. Сол жапырақтарда жаны орналасқан адамдардың өмірі үзіледі. Оларды қимай Бәйтерек жылап тұр.
Аршаның бойы мұздап сала берді. Мүмкін сарғайған жапырақтардың ішінде әкесі мен Наризаның да жапырағы бар шығар! Қырағының айтқаны тағы да ойына оралды. Айдаһар оянбай тұрғанда қимылдап қалу керек!
Ол жан-жағына қарап Иманы таба алмады. Осы кезде ағаш бұтақтары сілкіне бастады. Сарғайған жапырақтар жерге ұшып түсіп жатыр. Арша дереу жоғарыға өрмеледі. Бәйтеректің ұшар басын жете бергенде басына тиген бұтақтың ауыр соққысынан төменге құлдырай жөнелді, бірақ дер кезінде бір бұтақтан ұстап үлгерді.
– Һии-һи-һи и и и! Қараңдар! Тағы біреуді ажал айдап кепті бұл жерге! Мен адам жанына тоймаймын! Кел, келе ғой! Һии-һи-һи и и и! – жоғарыға қарап Арша ұзын тісі иегіне жететін Мыстан кемпірді көрді. Ол тағы да ағашты сілки бастады. – Көрдің бе?! Ана түсіп жатқан жапырақтардағы жандардың бәрі менің жаныма қосылып, күш беріп жатыр! Сенің менімен егесуге күшің жетпейді! Тірі тұрғанда тайып тұр бұл жерден!
Арша әр түскен жапырақпен бірге оның жүрегінің бір бөлшегі үзіліп түсіп жатқандай күй кешті. Оның бойын өшпенділіктің кернегені сонша - өзіне ерекше күш біткенін сезінді. Арыстандай ақырып, жолбарыстай жұлқынып секіріп кеп қалғанда су етіп ұшып барып Мыстан кемпір отырған бұтаққа топ ете түсті. Арпалыс басталды. Арша енді күш ала беріп еді, о ғажап! Жаңа ғана отырған Мыстан кемпірдің орнында басына алтын тәжі киген сұлулығына көз тоймайтын хан қызы пайда бола қапты! Бірақ қу мыстанның айласын сезе қойған Арша оның басындағы алтын тәжді алып лақтырып жіберді. Сол-ақ екен, шашы дудырап, көзі қанға толған Мыстан кемпір өзінің алғашқы кейпіне енді! Енді оның күші бұрынғыдан да өршіп кетті. Оның қолында өзі қозғалатын сиқырлы қылыш пайда болды. Ол қылышты Аршаның басына енді көтере бергенде қайдан түскені белгісіз бір жылан мыстанның мойнына орала кетті. Қылғынып қырылдай бастаған Мыстанның қолынан сиқырлы қылышы түсіп кетті. Оны Арша дер кезінде ұстап үлгерді. Мыстанның жансыз денесінен жылжып түскен жылан жұмсақ дауыспен тіл қатты:
– Айттым ғой, мені қасыңа ертсең, өкінбейсін деп! -
Сол кезде барып Арша өзін өлімнен алып қалған Има екенін көріп қуанып кетті. Сөйтсе, Има Аршаның соңынан көрінбей ағашқа өрмелей беріпті.
Енді Арша өзінің осында келген басты мақсатын орындауға мүмкіндік алды. Ол жанталасып қарындасы мен әкесінің жаны салынған жапырақты іздей бастады. Бұтақтан бұтаққа секіріп, сансыз жапырақтың ішінен оларды іздеуге көп уақытын жұмсады. Кенет... сарғайып үзілгелі тұрған жапырақтан Наризаның бейнесін көрді. Қуанғаннан жүрегі дүрсілдей соқты. Жапыраққа үрлеп қалып еді, көгеріп шыға келді. «Мен оны құтқардым!» деп айқайлап жіберді ол. Одан соң Арша өз тайпасының өлім аузында жатқан көптеген адамдарын жапырақтардан тауып, оларға тіршілік демін берді. Өкінішке орай, әкесінің жапырағын таба алмады. Сірә, оның жанын Мыстан кемпір жұтып үлгерген болу керек.
Өстіп жабығып отырғанда ол Иманың үрейлі даусын естіді. Төмен қараса, ұйқысынан оянған үш басты тажал Айдаһар Бәйтеректің басындағы ұяға жорғалап барады екен. Алып құбыжықтың тегеурінінен ағаш шайқалып, ұядағы балапандар шырыл қақты.
– Эй, Айдаһар! – деп дауыстады Арша. – Өжет болсаң менімен айқасқа шық! Жеңсең, балапандар сенікі!
– Жарайды, - деп келісті Айдаһар. – Егер жеңілсең, мен сені балапандармен қоса жұтамын!
Айқас басталды. Айдаһардың әр тырнағы өткір қылыштай – тиген жерін орып кетеді. Арша Мыстан кемпірдің сиқырлы қылышымен оның бастарын бірнеше рет шапты, алайда орнына жаңа бастар өсе берді. Қанша сілтегенмен Айдаһардың денесіне қылыш дарымай қойды. Арша қалжырап жеңіліп бара жатқанын сезді. Осы кезде Има ұяның қасына барып балапандарды шулата бастады. Балапандарды басқа жыланның жейін деп жатқанын көрген Айдаһар Аршаны тастай салып, ұяға ұмтылды. Осы кезде сауысқан ұшып келіп, Аршаға Мыстан кемпірдің қылышының сиқырлы сөзін айтады. «Осы сөзді айтсаң қылышқа жан бітіп, өзі қозғалады» дейді ол.
Ұяға жеткен Айдаһар Иманы бүріп алып, бұйым құрлы көрмей енді жұтқалы жатқанда Арша сиқырлы сөзді айтып, Мыстан кемпірдің қылышын оған лақтырып келіп жібереді. Қылыш Айдаһардың үш басын бірдей шауып түсіреді. Сиқырлы сөздің күші әсер етіп, олардың орнына жаңа бастар өспейді. Арша Айдаһардың ортаңғы басының ішінен алтын тісті суырып алып, Имаға көрсетеді. Дәл осыны күткендей Има сол жерде ай десе аузы, күн десе көзі бар сұлу бойжеткенге айналады.
Осы кезде құйын тұрып, ағаштың басы шайқала бастайды. Бұл балапандарына асыққан алып құстың қанатының желі екен. Құс ұясына келіп қонып, бөтен иісті сезеді. «Бұл не қылған иіс?» деп сұрайды ол балапандарынан. Балапандары бір-бірімен жарыса өздерін Айдаһар жыланнан кімнің қорғап қалғанын айтады. Сонда алып құс Аршаға: «Сен менің балапандарымды құтқарып қалдың! Не айтсаң да орындаймын!» дейді.
Арша одан өзі батып кетуге шақ қалған Әлем атты дария өзеннен арғы бетке өткізіп тастауды өтінеді.
Ендігі сәтте жауыздықпен күресте жеңіп шыққан екі жас алып құстың қанатына мініп, көкке самғап бара жатты.
Астанаға жеткенше поезд талай қаладан өтті. Ауылдан ешқайда шығып көрмеген Мирас әр қалаға жақындаған сайын алыстан зәулім үйлерді көріп, «мынау Астана емес пе?» деп сұрай берді. Жолдағы екі күннің ішінде Зәуреш апай балаларға Астана туралы көптеген қызықты әңгімелер айтты. Мирас әлдебір түйсікпен өзінің болашағы осы қаламен тығыз байланысты екенін сезді. «Мектеп бітірген соң міндетті түрде Астанада оқитын боламын» деп шешті ол. Дәл қазір осындай ой келгеніне өзі де таңданып қалды.
Оларды үлкен автобус күтіп алып, қонақ үйге алып келді. Зәуреш апай балаларды қайта-қайта санап, рұқсатсыз ешқайда кетпеулерін қатаң ескертті.
Мирастың ауылдағы көршісі Айдар екеуінің кереуеті қатар кеп қапты. Айдар одан бір сынып жоғары оқиды. Ата-анасы апаттан қаза болған. Әжесімен тұрады. Оның да Астанаға бірінші келуі.
Терезеден түнгі Астанаға құмарлана қараған Мирас ұйқыға кеткен ауылдастарына қарап төсегіне жатты.
* * *
Ертесіне балалар мінген автобус қалаға экскурсияға аттанды. Мирас көшедегі машиналардың көптігіне таң қалды. «Бұлардың бәрі қайда бара жатыр екен» деп ойлады. Балалар болса даурығып, «Ананы көрдің бе? Мына жаққа қара!» деп терезеден бір-біріне көрсетіп, ауыздары жабылар емес. Автобус пирамида тәрізді жасалған биік ғимараттың қасына келіп тоқтады.
– Бұл Бейбітшілік және келісім сарайы, - деді Зәуреш апай.
Олар ғимарат ішін ұзақ аралады. Бұрын-соңды мұндай әсем жабдықталған үйді көрмепті. Бұған дейін ауылдағы клубты әдемі деп есептеп келген Мирас үшін бұл көп нәрсенің бетін ашқандай болды. Әсіресе, көк аспан аясында бейнеленген ақ көгершіндер оған қатты ұнады.
Міне, енді Мирас өзі қанша күн, қанша түн армандаған «Бәйтерек» ескерткішінің ішіне кірді. Жүрдек лифт оларды ең жоғарыда орналасқан алтын түсті әйнек шарға бір-ақ көтерді. Залдың қақ ортасында үстел үстінде тұрған қолдың таңбасы Мирастың көзіне оттай басылды. Жүрегі дүрсілдей соғып кетті. Өзі үшін үлкен бір жауапты сәттің туғанын сезді. «Шынымен де енді менің тілегім қабыл бола ма» деп сасқалақтап жан-жағына қарады. Бұл сияқты қолын қоюға ұмтылып жатқан ешкім көрінбейді. Бәрі жоғарыдан ашылған қала көрінісінен көз алар емес. Шынында да бұл жерден бүкіл қала алақандағыдай көрінеді екен!
Мирас үстелге жақындап келіп, Президент қолының таңбасына қолын қойды. Ерекше толқып, көзін жұмды. Ойын жинақтап алған соң күбірлеп тілегін айта бастады. Үш рет қайталады. Содан соң өзінің жаңа ғана істеген өміріндегі ең маңызды ісінің нәтижесін күткендей айналаға құлақ тікті.
Қонақ үйге келген соң күні бойы көргендерінен ұмытылмас әсер алған балалар бірін-бірі бастырмалатып, тынышталар емес. Айдар екеуінің әңгімесі де Астананың таңғажайып ескерткіштері туралы болды.
– Әттеген-ай! – деді Айдар жеңіл күрсініп, - осы тамашалардың бәрін суретке түсіріп алатын ұялы телефон болса ғой, барғасын әжеме көрсететін!
Мирас шаршағанын енді сезді. Ол бүгін өзі ойлаған маңызды істі тындырғанына көңілі марқайып, алаңсыз ұйқыға кетті. Ол ертеңгі күні өзін қандай оқиғаның күтіп тұрғанын сезген жоқ.
11
Алып құс дария өзеннен самғап өтіп, жағаға қонды. Арша мен Има жерге түсіп, онымен қимай қоштасты. Алда ұзақ та қауіпті жол тұр. Арша өзінің Бәйтеректі іздеп қандай азапты жолдан өткенін еске алды. Бірақ ұлы мақсат жолында өмірін тәуекелге тіккеніне әсте өкінген жоқ. Ең бастысы, тайпаны жойылып кетуден сақтап қалды, әкесінің сенімін ақтады. Әкесі туралы ойлағанда жүрегі езіліп сала берді. Бірақ бойын тез жинап алды. «Қазір мені әкем көрсе, ез болма деп ұрысар еді. Ол жүктеген аманатты орындадым. Енді оның ісін одан әрі жалғастырамын» деп түйді ойын.
Арша мен Има ай жүріп, жыл жүріп, бір биік таудың баурайына тоқтайды. Әрі қарай кететін жолдың бәрі тауға барып тіреледі, одан өткен жолаушы ғана жолын жалғастыра алады.
Арша тауға көз жіберді. Оның биіктігі сонша, ұшар басы бұлтқа барып тіреледі екен. Оның алдында тағы бір үлкен кедергі тұрды. Талай сын жігерін мұқалтпай, қайта болаттай қайрап шыңдай түскен жас жігіт бұл сынақтан да өтетінініе кәміл сенімді еді. Осы сенімділік оны әрі қарай жетеледі.
Тауға көтерілген сайын тұман қоюланып, ауа салқындай түскен. Жолдың ұшы-қиыры көрінетін емес, ал күш болса, таусылып барады. Алайда бар күшін жинап алға жылжыды. Артына қарап еді Има көрінбейді. Жанұшырып кейін жүгірді. Шатқалға ілініп қалыпты. Енді-енді құлағалы тұр! Сәл қозғалса екеуі бірдей құрдымға кетеді! Не істеу керек? Арша көкке қолын жайып «О, Тәңірім! Көмектесе гөр!» деуі мұң екен, тап анадағы өзі түсінде көргендей бұлттан өрілген ақ ұлпа кілем Арша мен Иманың астына жайыла қалды! Онда дәл сол өзі көрген жұмбақ ақсақал отыр. Арша оған тіл қатқысы келіп еді, қария үнсіз ғайып болды. Осы кезден бастап Арша оның өзін сақтап жүретін періште екенін түсінді.
Кешікпей тау шатқалдары күн шапағына бөленді. Бұлт ыдырап, қос жолаушы жаяулап жалпылап ілгері жылжыды.
12
Бүгін балалар қаланы жаяу аралады. Есілдің жағалауы қандай әсем! Қайда қарасаң да гүлмен безендірілген алаңдар, демалатын скамейкалар, шамдар, субүріккіштер. Аққайыңдардың арасынан аттракциондар мен мұндалап шақырады. Балмұздақтың қаншама түрі бар дейсің – сарысы керек пе, қызылы керек пе, көгі керек пе!
– Айдар, сен қайсысын аласың? Мен қызылын алам, одан құлпынай иісі шығып тұр.
– Ал мен сарысын алам, апельсинді ұнатамын! – деді Айдар тәтті стаканға үйіп салынған балмұздақты алып жатып.
Зәуреш апай балаларды жинап жолға қарай алып жүрді. Машиналар легі бірінен соң бірі ағылып жатыр. Олар жолақпен белгіленген жүргіншілер өтетін жерге келді. Белгі тұрғанына қарамастан кейбір машиналар жылдамдығын баяулататын емес. «Жылдам жүріп келе жатқанда машина тез тоқтай алмайтынын жүргізушілер білмей ме екен? Тез жүре алмайтын адамдар қалай өтеді екен» деп ойлады Мирас.
– Бір-біріңнен ұстап, тезірек өтіңдер! – деді Зәуреш апай барлығына естірте.
Олар жолдан жылдам өте бастады. Жолдың ортасына жете бергенде кенеттен қарсы келе жатқан топтың ішінен кішкентай қыз суырылып алға жүгіріп шығып, кішкентай күшіктің соңынан жүгіре жөнелді. Одан әрі бәрі көзді ашып-жұмғанша болды. Балалардың алдында келе жатқан Мирас ойланбастан кішкентай қызды қолынан жұлқи тартып, кейін итеріп үлгерді. Күрт тоқтаған дөңгелектердің шықырлаған даусы естілді. Содан соң не болғаны Мирастың есінде жоқ.
* * *
Алыстан таныс дауысты естігендей болды. Аяғын қозғағысы келіп еді, тас салғандай ауырлықты сезінді. Басы ауыратын секілді. Сәл қозғалып еді, жүрегі лоқсығандай болды. «Мен қайда жатырмын?» деп ойлады ол. Қанша тырысса да есіне түсіре алмады.
– Көзін ашты! Мирас көзін ашты! Дәрігерді шақырыңдаршы! – Зәуреш апайының даусы бірден танып, қуанып кетті.
Ақ халат киген жылы жүзді ер адам оған еңкейіп басын ұстады. – Халің қалай, батырым? Жейде ішінде туған екенсің! Жарақатың ауыр емес, бірақ бірнеше күн емделуге тура келеді, - деді ол.
Ол Зәуреш апайға қарады. Мирастың көзқарасынан не айтайын дегенін бірден түсінген әйел оған бәрін түсіндіріп айтуды жөн көрді. Сынып жетекшісі қиындықты көп көрген Мирастың айтқанды түсінетін ұғымтал бала екенін әуелден білетін.
– Сен нағыз жігітке тән ерлік істедің! – деді Зәуреш апай оның басынан сипап. – Сен болмағанда кішкентай қыздың тірі қалуы екіталай еді. Сен өз басыңды қауіпке тігіп, оны ажалдан алып қалдың! Барлығы сенің өжеттігіңе таң қалып жатыр. Айдар және басқа да балалар сыртта келіп отыр. Саған кіргілері келген, бірақ дәрігерлер рұқсат етпеді. Ештеңені уайымдама! Жатып емдел. Дәрігерлер миың шайқалған, кеудең мен аяғың қатты соғылған деп отыр. Әлі-ақ шауып кетесің! – осыны айтып ол кетуге жиналды. Мирас ауруханада қалғысы келмей Зәуреш апаймен бірге кетіп қалғысы келді, басқа балалармен тағы да Астананың көшелерін тамашалап қыдырғысы келді. Бірақ үндеген жоқ.
Біраздан соң төсекте жата бергісі келмей тұруға бел буды. Басын сәл көтере беріп еді, көз алды қарауытып, айналаның бәрі шайқалып кеткендей болды. Қабырғалары кеудесін қысып, дем алғанда ауыратынын байқады. «Дәрігердің айтқаны дұрыс екен. Емделу қажет сияқты» деп шешті ол.
Мирастың төсегінен тұрғанын байқаған мейірбике жүгіріп келіп, «саған тұруға болмайды, төсегіңе бәрін әкеліп береміз» деп ескертті.
Бөтен жерде, бөтен адамдардың арасында күтпеген жағдайға тап болған Мирас не ойларын білмеді. Бір жағынан адам өмірін құтқарып қалғанына қуанса, екінші жағынан басқа балалармен бірге ауылға, анасына қайта алмайтынына жабықты. «Ең бастысы, Бәйтерекке барып, өз тілегімді айтып үлгердім ғой. Енді жайбарақат емделіп алуға да болады» деп жұбатты өзін.
Сәлден соң мейірбике қайта оралып, оған кісілер келіп тұрғанын айтты.
Таныс емес қалада кім болуы мүмкін деп таңдана күткен Мирас оның кереуетіне жақындап келіп, күлімсірей қараған ақсары келіншек пен төрт-бестер шамасындағы қызды көрді. Қыздың қолында кішкентай күшігі бар.
13
Талай түн мен күнді өткізіп, арып-шарып төмен түскен Арша мен Има енді алдарында жаңа кедергі тұрғанын көреді. Толқындары буырқанған теңіздің ұшы-қиыры көрінбейді. Оны жүзіп өту мүмкін емес! Арша ана жолғы Әлем дария өзенінде өзі бастан кешкен хикаяны еске алды. Онда Аршаны жер асты балық патшалығының сарбаздары құтқарды. Соның өзінде жалмауыз сиқыршының улы тікенек жыланы оны шағып үлгерді. Сонда Има болмағанда Аршаны кім құтқарар еді? Ал мына теңіздің қойнауы қандай қатерді ішіне бүгіп тұрғанын кім білсін? Оған түсу өлімге тура жол емес пе?
Оның бұл ойын тағы да Има оқып қойғандай: - Сенің не ойлап тұрғаныңды білем. Бұл теңізге түсу өте қауіпті! Сен өз өміріңді тәуекелге байлай отырып, мені бір емес үш рет өлімнен құтқардың. Мен саған қарыздармын. Енді мен сені жоғалтқым келмейді. Менің де сен үшін өмірімді тәуекелге байлауға рұқсат ет! – деді ол. – Мен қанша дегенмен бұрын жылан болдым ғой. Судың ішіндегі қара түнек күштерге қарсы менің уым бар. Мен теңіздің түбіне түсіп барлайын. Мүмкін балық патшалығын табармын. Егер он күннен соң оралмасам, күдеріңді үз.
Осыны айтты да Има жауап күтпестен буырқанған теңізге қойып кетті. Арша Иманы ұстап үлгермегеніне қатты күйінді. Енді күтпеске амалы қалмады.
Бір күн өтті, екі күн өтті, үш күн өтті. Има қайтып оралмады. Бесінші күн дегенде Арша теңізге бойлай кіріп, толқындармен алысып, жағадан алыстай берді.
14
Мирас Астанадан сауығып оралды. Ауруханадан шыққан соң ол арнайы салтанатты жиында болып, өзі сияқты басқа да ерлік жасаған жандармен Астана әкімінің қолынан арнаулы сыйлық пен грамота алған болатын.
Оның ерлігі туралы хабар ауылға лезде тарап кеткен. Көрген жерде үлкен-кіші бірдей оған бұрылып қарап, құдды бір киножұлдызды көргендей болады. Өзіне деген қарым-қатынастың бұлай өзгеруі оны өзімшіл етіп жіберген жоқ. Ол ақжарқын, кішіпейіл қалпында қалды.
Жалпы Астана сапары Мирастың өміріне көп өзгеріс әкелді. Соншама маңызды оқиғаларға толы осы бір қысқа кезең жас жеткіншектің санасын да айтарлықтай өзгертті. Ол тағдыр тауқыметіне бұрынғыдай емес, неғұрлым байыпты қарайтын болды.
Оны бір сатыға есейткен Астанаға алғашқы сапар уақытпен бірте-бірте көмескілене берді. Ол тек өзі құтқарған Әмина атты кішкентай қыз туралы ұмытқан жоқ. Ол ауруханада жатқан айға жуық ішінде ол анасымен Мирасқа жиі келіп, онымен ұзақ уақыт өткізетін. Мирас тіпті оған бауыр басып кеткенін сезді.
15
Арша теңіз түбін кезіп, оныншы күн дегенде бір әлсіз дыбысты естіді. Жақындай келе аяқ-қолды шырмап алатын шиеленіскен қалың торға кезікті. Оны дәу қара өрмекші күзетеді екен. Торға тағы біреудің іліккенін көрген өрмекші сояудай аяқтарын кезек қимылдатып жетіп келді. Арша торға шырмалып қозғалыссыз жатқан Иманы көрді. Өжет жігіт сиқырлы қылышты суырып алды да өзінің айналасына өрмек құра бастаған жауыз жәндікті бар пәрменімен бір соқты. Шырмалған торды қиып, Иманы босатып алды.
Су бетіне шыққаннан соң, олар аспан жүзінде қалықтаған алып қаршығаны көрді. Ол біресе төмендеп, біресе жоғарылап, теңіз үстінен әлденені іздегендей болады. Арша ақ қанатты қаршығаны жазбай таныды.
Енді біраздан соң қаршығаның қанатына жайғасқан екі жас көкке қалықтай көтеріліп, көкжиекке бағыт алып бара жатты.
ЭПИЛОГ
Арша оттан да, судан да бірге өтіп, сын шақта адалдығын дәлелдеген Иманы өзіне жар етіп алады. Ақ қанатты қаршыға Айдаһардың алтын тісін көргеннен соң жас жігітке айналып, Наризаға үйленеді.
Тайпаның аман қалған тұрғындары Аршаны өздерінің көсемі етіп сайлайды. Одан үлкен үрім-бұтақ тарайды.
Біртұтас тайпаны жойылудан сақтап қалған өмір ағашы Бәйтерек кейін осы тайпадан тараған халық мекендейтін мемлекеттің қасиет тұтатын ескерткіші болды деседі.
* * *
Осы уақыт ішінде Мирастың отбасында көп өзгерістер болды. Оларға жаңа пәтер берілді. Ең басты жаңалық - анасы Күлпаш мемлекеттік емдеу квотасы бойынша таңдаулы клиникаларда емделіп, сырқатынан сауығып кетті.
Мирас мектеп бітіріп, Астанадағы өзі қалаған оқу орнына түсті. Ол «Бәйтерек» ескерткішіне жиі барады. Өзінің өміріндегі барлық жақсылықтарды Бәйтерекпен байланыстырады.
Гүлбадан Салқұлова