Блогтар
Оңаша ойлар
Иә, жазушылық жеке адамның рухани ізденісінен туады. Оқырманға арнап әлдебір көркем шығарма жазған адам еріксіз ізденіс жолына түседі. Оның басқа өнерден артықшылығы да осы жеке бастың біліміне, ізденісі мен талантына байланған меншіктілігінде. Демек жазушы, өзі жасаған рухани қазынаға қожайын, меншік иесі. Біз көп уақыт талант көзі халықта, жазушы ел үшін еңбек етуі тиіс деген партиялық сарында келдік. Ол сарын өшті. Осы күні әркім өзінше жазып жүр. Отыз жыл өтті. Бір кезде жұртқа жалпақ жол болған таптаурын әдіс былай қалды. Бірақ әдебиеттегі жолымыз әлі ашылып кете қойған жоқ. Оған басты себеп әлі ескі ойлаудан арылмауымыз. Ескі қоғамнан қалған кедей боп, мұқтаж күйде өмір сүру салтымыз.
Жазушы тұрмысқа, қоғамға, түрлі басшылықтың қолдауына, кітап шығаруға, оны таратуға мұқтаж. Бізде жазумен байыған қаламгер жоқтың қасы. Кез-келгені әлдебір басшыны мақтап, министрге барып, ақша аудартып жорнал шығарып, театрға барып белгілі тұлғаның мерейтойына арналған пьесаға тапсырыс алып жүреді. Мұның бәрі мұқтаждықтан, мәжбүрліктен. Суреткердің өз көңілінен, өмір жолынан, қиялы мен ізденісінен шыққан көркем шығарманы жазу дегеніміз кәдімгідей алыстағы сағымдай болып қалғаны шындыққа келе бастайды. Бізде шынайы шығармашылық бостандықта өмір сүре алатын жазушылар санаулы ғана. Олардың өзі қоғам қазанында қайнап, іштей дағдарыста жүр.
***
Қазір жазушылардың көбі сәбет кезінде тыйым болды дейді. Жаза алмадық. Мұрша бермеді дейді. Қазір еркіндік деп бәрін өзімізге беріп қойғанда да ештеңе жаза алмай отырмыз. Бұл сонда не?!! Рухани тоқырау ма, өзіңді өзің алдау ма?!! Бұрын солай еді, көп нәрсені айтуға тыйым салды. Қазір де солай, айтылмайтын, баруға, жазуға болмайтын жабық мәселелер жетіп артылады. Соны ойлап кібіртіктейді, жүйрікпін дегендер ойда жоқ жерден сүрінеді. Көрінбейтін, айтылмайтын, әлденеден таяқ жеп жүреді. Мұның атын адам еркіндігіне жасалған шектеу дейді. Мұндай шектеулердің аяқ алғысыз көптігі, бәйгеге түспек түгілі, күнбе-күнгі өмірдің қалтарысында, айбалта ұстап алдыңнан шығып тұратыны өтірік емес.
***
Ақын-жазушылар өздеріне топырақтан үйіп, биік қылып қоғам мен ортаға қорған соғып алған. Оның ішіндегілер ылғи таланттылар емес. Ебін тауып ортаға еніп алған, кейі еті тірі пысық, жағымпаз, қулығына құрық бойламайтын екі жүзді сумақайлар. Бірді-бірге соғып, кәзит бетінде ізденгіш көрініп, адалдық жөнінде пәлсапа соғып ой, пәлі-ай, дегізіп жүретін сезеген сүмелектер. Олар былайғы өмірде кәдімгі елді алдап сан соқтырып кететін алаяқтардан еш айырмасы жоқ. Алаяқ ғалым, әбиірсіз сыншы, атаққұмыр жазушы, арызқой ақын, бәлеқор жорналыс, жемқор жүгенсіз дегендер айнала күпінің битіндей өріп жүр.
***
Қазақ өлеңінің сорын қайнатып жүрген нәрсе--құр мақтан. Оны күйлеген, дарақы, даңғой, ақынсымақтар. Көрінген жерде төсін ұрып, төсегін былғап, күштіге жағынып, осалға қыр көрсететін көкірек керген өтірік көсемдер. Кәзит бетін бермейтін мақтанға толы мәйегі жоқ мақаласымақтар.
***
«Сәбетский» жүріс моды болған заманда әбден танылып қалғандар, сол модысын әлі тастамай киіп алады. Бойына жарасып тұрмаса да әртісше әлем-жәлем боянып, көсіп сөйлеп, көпіре бөсіп көпшіліктің алдында елдің көзіне түсіп жүрмін деген ойды басынан әлі шығара алмай жүр.
***
Кітап шығару деген тынған сияқты. Әдебиет қалың оқырман үшін арналмаған. Оны тек санаулы оқырмандар ғана оқиды деген оғаш түсінік те қалыптасып қалған сияқты. Бізді ешкім түсінбейді деп «солшыл», «оңшыл» боп жүретіндер цирктің клоундары тәрізді кәзит бетін, оқырман ойын түрлі қойылыммен «өрнектеп» тұратын қилы әбестіктерге де үйреніп алдық.
***
Өзіне-өзі ат қойып, айдар тағып, жақ-жақ, топ-топ боп жүретін «шағала» әдебиетшілер қатары азаю орнына көбейе түсуі қынжылтады. Жай ғана ізденістен туған болымсыз нәрсені керемет қып көрсетіп, соны біліп тудырып жүрген өздері ғана ақылды деп санайтын топшыл, жікшілдерді қалай атауға болатынына жай адамның сөзі де, басы да жете қоймайтындай. Сәбет кезінде, байшыл, тапшыл, жолбике дегендер болушы еді. Мұның бәрі білім мен мәдениеттің кемдігінен, жастар тәрбиесінің осалдығынан шығар.
***
Әдебиетте жақсы ақын, суреткер жазушы болып өмір сүру деген өте қиын, бабы кедейлікке түсіп қап, байекеңе жағудан да күрделі шаруа. Бізде тек талант, талант, талант деп қана отыратындар соның не нәрсе екенін білмейді. «Таланттың» көптігінен бүгінде аяқ алып жүру мүмкін болмай барады. Сол орашолақ, білімсіз, мәдени дәрежесі төмен, орнын таппаған «таланттардың» бабы турасында сыншылар бірдеңе айтпайтыны олардың әдебиетке жаны ашитынына күмән туғызады.