Онжылдық 2-3 тарау

27.07.2026 19
2-тарау
Сәрсенбінің салқын таңында, GTS Bank-тың орталық филиалының директоры Эльмира Сәлімқызы әдеттегідей таңғы жеті жарымда ғимарат табалдырығын аттады. Еңселі кіреберістің маңдайшасында «“GTS Bank” Акционерлік Қоғамы» деген үлкен әріптермен жазылған маңдайша көз тартады. Филиалдың ресми ашылуына әлі бір жарым сағат уақыт бар еді. Ішкі тәртіпке әбден төселген кіреберістегі күзетші оның қарасы көрінгеннен-ақ сарт еткізіп бойын түзеп, тас-түйін тік тұра қалды:— Қайырлы таң, Эльмира Сәлімқызы! — деді ол дауысын нық шығарып. Ол сыпайы ғана басын изеп, ернін әнтек жыбырлатып амандасты да, автоматты түрде ашылған есікке қарай суыт аяңдап, банктің тылсым әлеміне еніп кетті. Ауқымды операциялық залда шамдардың жартысы ғана жанып, іші көлегейленіп тұр. Жарық пен көлеңкенің осы бір жұмбақ аралығында тазалаушы әйел өз әлеміне сондай терең батқан. Ол айналасында не болып, кім өтіп жатқанын мүлде сезбейтіндей, швабрасын еденге бірқалыпты ысқылап, үнсіз жұмысына кіріскен. Тып-тыныш дәліздер мен бос кабинеттер жақтан жаңа қағаздар мен кеңсе техникасының өзіндік салқын лебі сезіледі. Директор ханым салмақты әйнек есікті ашып, үлкен залға қадам басты. Дәл қазір бұл жер құлаққа ұрған танадай жым-жырт. Алайда, тағы бір-екі сағаттан соң бұл кеңістік қозғалысқа еніп, мұнда елуден астам қызметкер өз орындарына жайғасады. Олардың басым көпшілігі — көздері жалындаған жас жігіттер мен қыз-келіншектер. Ресми костюм киіп, галстук таққан ұқыпты ер азаматтар мен үстіне сырбаз да әдемі көйлектер киген сәнді бикештер жұмыс орнын жандандырмақ. Үлкен залдың бір жағында, орталық залдан бөлінген банк лауазымды тұлғаларының жұмыс бөлмелері тізіліп тұр. Әр есіктің маңдайшасында «Операциялық басқарма бастығы», «Касса меңгерушісі» деген сияқты лауазымдар жазылған жез тақтайшалар жарқырайды. Ал залдың қарама-қарсы бетінде, сыртқы жағында қалың әйнекпен қоршалған ұзыннан-ұзақ касса терезелері орналасқан. Көп ұзамай бұл терезелердің алдында сапырылысқан халық пен ақшаның үлкен ағыны басталады.
«Қай елдің банкі болса да, иісі бірдей болады екен-ау...» — деген ой Эльмира Сәлімқызының санасында Берлинге жасаған іссапарында сақтап қалған естелігі еді. Расында да, дүниенің қай бұрышында болсын, ақшаның иісі өзгермейді. Ол — билік пен суық есептің иісі.
Касса бөлімінің бастығы Қадыров оны баспалдақтың тұсында қуып жетті. Бойы аласа, еңгезердей денелі, бурыл мұрты мұқият тегістелген бұл адам — банктің тірі тарихы еді. Зейнетке шығуына екі жылға да жетпейтін уақыт қалғанын ол да, директор да іштей жақсы білетін. Қадыровтың әрбір басқан қадамынан, иығының сәл еңкіш тартқанынан шексіз шаршағандық есіп тұрды. Бұл — жұмыстан ойша әлдеқашан кетіп қалған, бірақ өтінішін ақ қағазға жазуға әлі батылы бармаған адамның созылмалы шаршауы еді.
— Қайырлы таң, — деді ол қарлыққан дауыспен.
— Қайырлы таң, Мәулен Саматұлы.
Екеуі қара-жасыл, жұмсақ кілем төселген баспалдақпен төменге, құпиясы көп ақша сақтайтын бас қоймаға қарай түсіп келе жатты. Осы бір сәттерде Эльмира Сәлімқызының есіне өткен күндер еріксіз оралатын. Бұрын касса бөлімдерінде күзетшілер ғана емес, қарапайым қызметкерлер де револьвер ұстайтын. Заман сондай қатал әрі аласапыран еді... Компьютер деген дүние екінің бірінің түсіне де кірмейтін. Құжаттардың көбі жазу машинкасының тасырлаған дыбысымен, көміртегі қағазы арқылы әзер терілетін. Ал тоқсандық есептер қала ішінде шеттері әбден сөгілген, ескі қатпар папкалармен қолдан-қолға тасылатын. Қарап тұрса, бұл бар-жоғы бес-алты жыл бұрынғы ғана көрініс.
Бірақ қазір бәрі мүлдем басқаша. Төбеден үнсіз үңілген қырағы бейнекамералар. Зәулім серверлер бөлмесі. Ең озық технологиясымен жасалған, қателікті кешірмейтін компьютерлік бағдарлама. Көз ілмейтін банкоматтар мен суық төлем терминалдары...
Технология күн санап жаңарып келеді. «Бірақ адамдардың табиғаты өзгерген жоқ», — деп ойлады Эльмира Сәлімқызы қойманың суық лебі ескен ауыр темір есігіне жақындап келе жатып. Бұған оның еш күмәні жоқ еді. Көп ұзамай-ақ жаңағы үлкен залға жалынды жас жігіттер мен қыз-келіншектер ағылып келеді. Олар компьютер мониторларының алдына жайғасып, пернетақтаны жылдам шықылдата бастайды. Алайда, осы заманауи экрандардың арғы жағында дәл баяғы, өткен ғасырда жазу машинкалары мен ағаш шоттардың алдында телміріп отырған қызметкерлердің басынан кешкен сезімдері мен қызу қанды өмірі қайталанбақ. Сол баяғы мансап жолындағы бәсекелестік, алғашқы табыстың қуанышы мен жіберілген қателіктің күйініші, жұмыс арасындағы жасырын көзқарастар мен алғашқы махаббат ұшқыны... Тек құралдар ғана өзгерді — баяғы сия тартқан қағаздардың орнын электронды пошта, ал шот тастарының тықылдаған дыбысын компьютерлік кодтар алмастырды. Бірақ адам баласының жетістікке деген құштарлығы, қорқынышы мен үміті сол қалпында қалды. Осы бір ұлы сабақтастықты ойлағанда, Эльмира Сәлімқызының жүзінде сәл ғана жылылық орнады.
Қойманың қалың, брондалған ауыр есігінің алдына келгенде Эльмира Сәлімқызы кілт тоқтады. Оның ұқыпты саусақтары электронды панельдегі өз кодын дәлдікпен терді. Металл бетіндегі кішкентай жасыл шам «рұқсат» дегендей бір рет жыпылық етті. Осыдан кейін ғана Қадыров алға шығып, екінші кодты енгізді. Тек өзіне ғана тиесілі, құпия код.
Бұл кодты Эльмира Сәлімқызы білмейтін. Ал Эльмираның комбинациясын Қадыров ешқашан көрген емес. Жүйенің темірдей қатал заңы солай құрылған. Миллиондаған салымшылардың сенімі мен қазынасын көздің қарашығындай сақтау үшін бекітілген бұл тәртіптен ешкім де, тіпті банк директорының өзі де айналып өте алмайтын. Панель ішіндегі ауыр құлыптар тізбегі бір-бірінен ажырап, ішкі тетік суық дыбыспен «сырт» ете қалды.
Ауыр есік баяу ашылды. Іштен тұншыққан салқын ауамен бірге, металл мен жаңа басылған қағаз ақшаның өзіндік өткір иісі аңқыды. Бұл — жер бетіндегі басқа ештеңемен шатастыруға келмейтін, тек таңдаулылар ғана иіскей алатын билік пен байлықтың ерекше лебі еді.
Арада бірнеше минут өтпей-ақ, қойманың басқа қызметкерлері де келе бастады. Олар — жылдар бойы сыналған, құпия сақтауға серт берген, жүйкесі темірдей мықты, тәжірибелі мамандар еді. Ешқандай артық сөзсіз, әбден қалыптасқан автоматты қимылмен орындарына жайғасып, күнделікті жұмыстарына кірісті.
Бұл орталық қойма тек осы бас ғимаратқа ғана қызмет көрсетпейтін. Дәл осы жер — алып шаһардың бүкіл қаржы тамыры соғып тұрған жүрегі еді. Күн сайын таңертең осы сұр қабырғалардың арасынан қаланың түкпір-түкпіріндегі ондаған бөлімшелер мен айырбастау пункттеріне миллиондаған қаржы жөнелтілетін. Бұл тас қабырғалар күн сайын адам баласының түсіне де кірмейтін қисапсыз байлықтың үнсіз ағып өткеніне куә болып тұрды.
Азамат Отарбаев банк ғимаратына сағат сегіздер шамасында кірді. Жас, мінсіз әрі өте ұқыпты. Мойнындағы қымбат галстугында бірде-бір әжім, ал классикалық аяқкиімінде сәл де болсын шаң жұғыны байқалмайды — айнадай жарқырап тұр. Эльмира Сәлімқызы оның бойындағы бір ерекше қасиетті бағзыдан бері байқап жүретін. Бірақ соған дәл тауып ат қоя алмай дал болатын. Бұл жай ғана жастық өршілдік немесе мансапқорлық емес еді. Басқаша нәрсе. Төңіректегі жұрттың бәрі абыр-сабыр болып, үрейге бой алдырған қысылтаяң сәтте де салқынқандылық пен мызғымас сабыр сақтай білу қабілеті. Мәулен Қадыров зейнетке шыққан күні оның босайтын креслосына кімнің жайғасатыны қазірдің өзінде ешкімге құпия емес-ті.
— Қайырлы таң, Эльмира Сәлімқызы, — деді Азамат нық дауыспен.
— Қайырлы таң, Азамат. Бас кеңседен шұғыл өтінімдер келіп түсті. Бүгін инкассацияның бес түрлі бағыты бойынша жұмыс істейміз.
— Жақсы. 
— Ұйымдастырыңыз.
— Бәрі дайын болады, — ол мұны жымиып та, немесе дауысына ерекше аптығыс енгізіп те айтқан жоқ. Тек бұлжымас фактіні жеткізгендей салқын әрі сенімді тіл қатты.
Дәл осы уақытта, сағат тілі сегізге санаулы минуттар қалғанын көрсеткенде, Айсұлу банктің зәулім әйнек есіктерінің алдына аптыға жетті. Иығынан сырғып бара жатқан сөмкесінің бауын асығыс түзеді де, мөлдір әйнектен шағылысқан өз бейнесіне еріксіз көз тастады. Үстіндегі өзіне сәл үлкендеу соғып, иығы салбырап тұрған арзанқол қара пиджак... Таңертең ғана әзер жинаған шашының арасынан тағы да суырылып шығып кеткен бірер қыңыр тал шаш... Түнде ұйқысы қанбағандықтан, көзінің астына түскен күңгірт көлеңкелер...
Ол терең дем алып, ішке қарай қадам басты. Осы бір алпауыт қаржы ордасында жаңа жұмысқа тұрғанына небәрі үшінші ай ғана толған еді. Туған ауылы Нарынқолдан үлкен үмітпен аттанғанына бес жыл өтіпті. Одан кейін қатал шаһардағы толассыз университет жылдары, содан соң табан тоздырып жұмыс іздеген ауыр күндер артта қалды. Енді, міне, ол осы бір суық та тылсым ортаға сіңіп кетуге тырысып бағуда.
Алматы. Адамдары сапырылысқан алып мегаполис. Мұнда әркім сені іштей бағалап үлгереді. Балалық шағы өткен, жұрты жайбарақат, бәрі бір-бірін танитын туған ауылы бұл жерге мүлдем ұқсамайды. Қалада уақыт тығыз, сөз қысқа. Айсұлу бұл қарбалас ырғаққа әлі бой үйрете алмай жүрсе де, қаланың сиқырына арбалып, оны жақсы көріп үлгерді.
Ол өз кассасының ауыр есігін ашып, ішкі жарықты жақты. Жұмыс үстелінің үстіндегі құжаттар мен мөрлерді белгіленген тәртіппен мұқият реттеп қойды. Күнделікті күйбең тірлік пен толассыз клиенттер ағыны басталар алдындағы осы бірнеше минуттық сиқырлы тыныштықтың қадірін ол осы жұмысқа тұрғалы бері тез түсінген еді.
Азамат, әдеттегідей, есік алдында ешқандай дыбыссыз, білдіртпей пайда болды. Оның суық та салмақты жанары қыздың қимылын бағып тұрғандай екен.
— Бүгін бас қоймаға түсесің, — деді ол төтесінен. — Инкассаторларға жөнелтілетін ірі көлемдегі ақшаны дайындауға көмектесесің.
Айсұлудың қолындағы қағаздары бір сәт кілт кідіріп қалды. Оның бойын билеген ішкі сескеністі Азамат бірден аңғарды. Ол үнсіздіктің өзін оқи алатын, айналасындағы ештеңені қалт жібермейтін қырағы еді.
— Алғашында бәріне де қорқынышты болады, — деді Азамат, дауысын сәл бәсеңдетіп. — Қорықпа, мен бармын. Мен сенің жаныңда боламын.
Мұндай сөздерді басқа біреу айтса, тәкаппарлық немесе жоғарыдан төмен қарағансып, аяушылық танытқандай естілер еді. Ал Азаматтың аузынан шыққанда, бұл сөздер Айсұлудың жүрегіне жылы тиді, тіпті үлкен мақтау сияқты қабылданды. Қыз иығын тіктеп, өзін жинақтауға тырысты:
— Тырысып көремін.
— Жүр.
Екеуі баспалдақпен төменге қарай аяңдады. Олар төмендеген сайын дәліздегі ауа да қатайып, салқындай берді. Мұнда тіршілік нышаны мүлдем сезілмейтін. Көз алдарынан қатар-қатар тізілген қалың, брондалған есіктер, төбеден үнсіз үңілген қырағы бейнекамералар мен қаруланған суық жүзді күзетшілер өтіп жатты. Осының бәрін тек ерекше, құлаққа ұрғандай салмақты тыныштық қана біріктіріп тұрған еді.
Айсұлу бұл суық қойманың табалдырығын аттаған сайын, жүрегі оғаш бір сезімнен мұздап сала беретін. Бұл кәдімгі қорқыныш емес еді. Одан гөрі әлдеқайда салмақты, адамды тұңғиығына тартып кететін беймәлім әрі ауыр құдіретке тым жақын тұрғандай үрейлі сезім.
Қойманың темір есігінің алдында оларды арбаға сүйенген кезекші қызметкер күтіп алды. Темір арбаның үстінде мөрмен бекітілген, сырты жылтыр полиэтиленмен қапталған қалың ақша бумалары сіресіп жатыр. Қызметкер құжаттарды әрпіне дейін үңіле тексеріп, журналға шиырып қол қойды да, қағаздарды Азаматқа ұсынды. Азамат ұзын-сонар цифрларға қырандай көз жүгіртіп шығып, үнсіз ғана басын изеді:
— Жүрейік.
Екеуі ауыр арбаны итеріп, инкассация бөлмесіне қарай беттеді. Арбаның кішкентай доңғалақтары едендегі гранит плиткалардың жігіне соғылып, тас қойманың ішін жаңғырықтыра мазасыз тықырлайды. Айсұлу сол бір бумаларға еріксіз көз тастады. Сырттай қарағанда, жай ғана бояулы қағаздар. Бірақ осы кіп-кішкентай бір ғана буманың ішінде әкесінің маңдай терімен, бүкіл ғұмырын сарп етіп табатын табысынан да көп байлық тұншығып жатқанын ойлағанда, бойын түршігу билейтін.
Жұмыс қайнап кетті. Сөйлесуге уақыт жоқ. Азамат құжаттарды парақтап, қажетті сомаларды бөліп үлгерсе, Айсұлу банкноттарды санау машинасыан өткізіп, қайта санап, арнайы инкассаторлық сөмкелерге тығыздап салып жатты. Әр сөмкенің өз құпия мөрі, өзіндік нөмірі мен қатал биркасы бар. Әрбір тиын екі мәрте, мұқият тексерілетін. Айсұлудың саусақтары уақыт өткен сайын сенімдірек қимылдай бастады, бірақ «сәл қателесем, бәрі бітеді» деген суық қорқыныш жойылған жоқ — ол тек жүрегінің ең түкпіріне тығылып, үнсіз бұғып жатты.
— Өзің қай жақтың қызысың? — деп сұрады Азамат кенеттен, жанарын қағаздан алмай жатып. Дауысының кенет шыққаны сонша, бөлмедегі тыныштық шірт үзілгендей болды.
— Нарынқолданмын, — деді Айсұлу дауысын нық шығаруға тырысып.
— Ә-ә...
Бөлмеге қайтадан банктің ресми үнсіздігі орнады. Сәлден соң Азаматтың дауысынан білінер-білінбес жылылық ескендей болды, бірақ Айсұлу сол жылылыққа иек артып, бойын үйретіп үлгерместен, ол қайтадан ғайып болды.
— Алматыға үйрену қиын болды ма?
— Біраз... — деп қысқа қайырды қыз, өткен күндердің қиындығы есіне түсіп.
— Бәріне де оңай соқпайды, — Азамат тағы да баяғы салқын, кәсіби кейпіне енді. Ол сағатына қарап алып, сөзін төтесінен қойды: — Инкассаторлар қазір есік алдында болады. Бәрі дайын ба? Күзетті күттіріп қоюға хақымыз жоқ.
Олар арада бірнеше минут өткенде жетті. Есіктен бірінші болып инкассация тобының жетекшісі Асқар Сәрсенов енді. Бойы ұзын, еңгезердей денелі, шашы әскери үлгіде қысқа қиылған бұл адамның жанарында дүниедегі ешқандай нәрсеге таңғалмайтын, талайды көрген көне жауынгердің суық сабыры бар еді. Оның соңынан Руслан Жуков кірді. Кең иықты, ақсары келген Руслан топ ішіндегі ең көп сөйлейтіні болса керек. Бірақ оның бұл қалжың аралас көп сөзінің тасасында айналадағы әрбір ұсақ-түйекті қалт жібермей бағып тұратын қырағы, аңдаусызда атылатын жыртқыштың сақтығы жататын. Ең соңында топтың ең жасы әрі ең үндемесі — Тимур Байсейітов көрінді.
— Охо, қараңдаршы, жаңадан келген қыз бүгін де бәрінен бұрын тас-түйін дайын отыр ғой! — деді Руслан табалдырықтан аттай бере, бөлмедегі суық тынысты сәл де болсын жылытқысы келгендей.
Айсұлу сәл қысылып, сыпайы ғана жымиды.
— Қыздың мазасын алмашы, Руслан, — деді Азамат құжаттардан басын көтермей, ресми үнмен.
— Несі бар? Жұмыс — қатал, тәртіп — ауыр. Үйрене берсін, — Руслан иығын қиқаң еткізді.
Тимур үнсіз ғана бұрыштағы терезе жанына барып, шылым тұтатты. Оның көк түтіні бөлме ауасына баяу жайыла бастады. Ал Асқар әлдеқашан құжаттарды тексеруге кірісіп кеткен еді. Ол бар назарын қағазға аударып, жылдар бойы қалыптасқан үйреншікті, артық қозғалыссыз, өте дәл қимылмен жұмыс істеп тұрды. Инкассаторлар үшін бұл процесс әбден жаттанды болғаны сонша, олар мұның бәрін ұйқылы-ояу жүріп те атқара алатындай көрінетін. Мөрлерді қарады. Пломбалардың нөмірлерін жіпке тізгендей санады. Ілеспе құжаттарға қол қойды.
Сөмкелердің ішіндегі қыруар ақша оларды қызықтырмайтын да, толқытпайтын да. Ақшаның тиын-тебеніне дейін түгелдігі үшін кассирлер жауап береді. Ал оны аман-есен межелі жерге жеткізу — бұлардың міндеті. Әркімнің өз соқпағы, өз жұмысы бар. Кәдімгі жұмыс күнінің үйреншікті басы.
Ауыр, брондалған ақша сөмкелерін иықтарына асып, сыртқа қарай беттегенде, Руслан Асқардың иығынан қағып, кешегі футбол матчы туралы қызу әңгімелеп бара жатты. Тимур темекісінің тұқылын сөндіріп, олардың соңынан үнсіз ерді.
Кәдімгі таң. Кәдімгі жұмыс күні. Олардың ешқайсысы, тіпті қырағы Асқардың өзі де, соңғы бірнеше аптадан бері өздерінің әрбір басқан қадамын, жүретін бағыттары мен уақыттарын тасада тұрған суық, бөтен жанар қалт жібермей, бақылап жүргенін сезбеген де еді...
 
3-тарау
Сол күні таңертең, сағат тоғыздар шамасында, GTS Bank-тың орталық филиалының маңына шаң басқан күміс түсті «Мазда» келіп тоқтады.
Тұрақ түннен бері тұрған көліктерге толы еді.
«Мазда» солардың арасына сіңіп кетті.
Басқалар сияқты. Көзге түспейтін көліктердің бірі.
Тізгінде Моңғол отырды. Қасында — Кондрат.
Екеуі де үнсіз банктің ауласынан шығатын қақпаға қарап отырды.
Шынын айтқанда, қарайтындай ештеңе жоқ еді. Бетон қоршаудың үстіне тікенек сым тартылған. Ақ түсті маңдайшадағы үлкен GTS Bank деген жазу.
Ерекше ештеңе жоқ. Жай ғана банк.
Үнсіздікті бірінші болып Кондрат бұзды.
— Меніңше, әлгі миллион ақыры біздің қолға түсетін сияқты, — деді ол. — Бәрін де ойдағыдай жоспарлапсың.
Моңғол бірден жауап берген жоқ.
Аузындағы темекіні алып, бірнеше секунд қызарып жанып тұрған ұшына қарап отырды.
— Жоспар жаман емес, — деді ақыры.
Сәл кідірді.
— Бірақ адамдардың жүйкесі сыр берсе, кез келген жоспарды құртып алуға болады.
Ол Кондратқа көз тастады.
— Қайран мен Гипа мазалап жүр, — деді. — Қан төгілуі мүмкін. Ал олар мұндайға үйренбеген. Жүйкелері сыр беріп кетуі ықтимал.
Кондрат иығын қиқаң еткізді.
— Оларды тізгіндеу — біздің жұмыс- деп Кондрат біраз үнсіз отырды да, сөзін жалғастырды.— Ең бастысы, өзіміз абыржып қалмайық. Ол кенет көзін сығырайта қарады.
— Қара.
Банктің қақпасынан инкассаторлардың көлігі баяу шығып келе жатты.
Екеуі де еріксіз алға еңкейе түсті.
Алдыңғы әйнектен үшеуі анық көрініп тұр.
Тізгінде Руслан. Өзін еркін ұстайды. Қолдары әдеттегідей өз орнында. Мұны көптен бері ойланбай істеп үйренген адамның қимылы. Қасында Асқар отыр.
Тіп-тік. Жинақы. Үнемі жағдайды бақылауда ұстауға дағдыланған адамның кейпі. Артта Тимур.
Отырған күйінің өзінде серіппедей ширығып тұрғандай көрінетін.
Үшеуі де жеңіл қозғалады. Өз ісін білетін адамдар.
Моңғол көлікті оталдырып жіберді.
— Кеттік.
«Мазда» араға екі көлік салып, соңдарынан ерді. Таңғы Алматы да оянып келе жатты. Көшелердегі көлік барған сайын көбейіп барады.
Автобустар. Таксилер. Ескі «Аудилер».
Инкассаторлардың көлігі солардың арасында еш асықпай, бірқалыпты жылжып келеді. Кондрат көзін одан алмай отырды.
Жүрегі де әдеттегіден жиірек соғып тұр. Сырттай қарағанда инкассаторлардың көлігі дөңгелекке орнатылған темір сейфке ұқсайтын.
Бұзып өте алмайсың. Бөтен. Қауіпті.
— Мықты жігіттер екен, — деп күбірледі Кондрат — Қорқаққа ұқсамайды. Істің беталысына көз салсақ анау үшеуін жайына қалдыра алмайтын сияқтымыз. Өз еріктерімен беріле қоймас. Оның үстіне кейін бүкіл қала біздің түрімізді білетін болады.
Моңғол басын сәл ғана изеді.
— Солай болуы мүмкін.
Аз ғана үнсіздік орнады.
— Бірақ әзірге мұны басқаларға айтудың қажеті жоқ. Өздері де онсыз жүйкелері жұқарып жүр.
Моңғол үндемеді.
Кондрат тер басқан алақандарын спорттық шалбарына сүртті.
— Егер жолымыз болмаса, құрыдық деген сөз.
— Миллион долларды ұмытпа.
Моңғолдың дауысы сабырлы шықты.
Тіпті бейқам сияқты.
Бірақ Кондрат оны жақсы білетін.
Сол сабырдың астарында темірдей қаттылық жататын.
— Мен қырық екідемін. Бірақ мына қырық екі жас оңай келген жоқ. Өмірімнің үштен бірі түрмеде өтті. Қалған өмірім де еркіндікке қатты ұқсап қойған жоқ. Сондықтан осы ақшаға жету жолында жан аяр жайым жоқ.
Біраз уақыт алдында кетіп бара жатқан көліктен көз жазбай қарап отырды.
Сосын ойын қайта жалғады.
— Ақшаң болмаса, сені адам құрлы көрмейді. Шаң сияқтысың.
Ал екі жүз мың доллар болса, басқа әңгіме.
Өмірді жаңадан бастайсың.
— Айтшы маған, — деді Моңғол бәсең дауыспен, өз-өзімен сөйлесіп отырғандай. — Сен Ауғанстанда болдың. Қазір соны кім еске алып жүр?
Кондрат иығын көтерді.
— Білмеймін...
— Міне, көрдің бе.
Моңғол саусағымен кеудесін түртіп қойды.
— Медаль берді. Алғыс айтты. Сосын ше?
Кондрат мысқылдай жымиды. Бірақ күлкісінде қуаныш жоқ еді.
— Елге қайттық. Сөйтсек, ешкімге керегіміз жоқ екен.
— Дәл солай – деп Моңғол басын изеді. Тіріміз бе, өліп қалдық па — бәрінің түкіргені бар. Ал ақша болса, әңгіме басқа, ішкеніміз алдымызда, ішпегеніміз артымызда болады.
Ол Кондратқа бұрылып қарады.
— Мен не болса да адам боламын!
Бірнеше секунд көліктің қозғалтқышы мен таңғы қаланың гуілінен басқа дыбыс естілмеді. Моңғол жаңа темекі тұтатты.
Дайындыққа ақша керек. Көлік керек. Қару керек. Рация керек.
Кем дегенде бес мың көк қағаз.
Кондрат басын изеді.
— Мен кеше осыны ойлап жатыр едім.
Тәшкент көшесіндегі тәулік бойы істейтін дүкен бар ғой.
Соны қағып кетуге болады.
Моңғол жақтырмағандай қабағын түйді.
— Жоқ. Ол жақта шу көп.
Біраз үнсіз отырды.
Сосын темекісінен бір тартып алды.
— Ақсайда бір айырбастау орны бар.
Көптен бері бақылап жүрмін. Кісі қарасы үзілмейді.
Ақшасы да жаман емес. Оның үстіне ана екеуін де сынап көреміз.
Кондрат күмәндана қарады.
— Айырбастау орындары қазір бұрынғыдай емес.
Дабыл түймесі бар. Камерасы бар.
— Одан қорқып отырғаным жоқ, — деді Моңғол.
Дауысы баяғыдай сабырлы.
— Есесіне балаларды сынап көреміз.
Кондрат темекісінен бір тартып алды.
— Ал көліктер ше?
— «Газельді» Мамырдағы автобазадан аламыз.
Бір жерді байқап қойдым. Күзетшілері де сергек емес.
Қалған екі көлікті өздерің табасыңдар.
Гипа оларды адам танымайтындай етіп өзгертіп береді.
Аз уақыт үнсіздік орнады.
Моңғол тағы бір тал темекі тұтатып, Кондратқа жанарын қадала қарады. Көк түтінмен бірге шыққан сөздері салмақты естілді:
— Ақша қолға тиген соң, біздің басты міндет — оны уыстан шығармау. Менің түйгенім — банк те, полиция да біздің бұл қайсарлығымызды кешірмейді. Бізді құрықтау үшін барын салары анық. Сондықтан уақытша тасаға тығылып, тыныш жатамыз. Шу басылсын. Содан кейін әркім өз жөнімен кетеді. Кондрат, сен бар ғой, бір сұлу қыз жаныңнан өтсе артынан жүгіресің. Іс біткенше оныңды қой, ұқтың ба? Кейін «айтпады» деме...
Кондрат болса, шашын бір сипап тастап, жымысқылана жымиды. Сосын басын шайқап:
— Бұл бұйрығыңның орындалуы екіталай болар... Жуықта ғана бір сұлуды жолықтырып едім, — деді.
Моңғол басын оған қарай баяу бұрды.
— Жетер, — деді ол.
Кондраттың күлкісі солғын тарта бастады.
Моңғол даусын көтерген жоқ.
Бірақ Кондрат ішкі түйсігімен бұл жерде сөзге келмеген дұрыс екенін сезді
— Мен жай ғана...- Ол сөзін аяқтай алмады.
Моңғол оның білегінен шап беріп ұстай алды.
Жұқа саусақтары темір қысқыштай қыса түсті.
Кондрат еріксіз селк етіп қалды.
Моңғолдың қара көздері сабырлы көрінгенімен, өңменнен өтетін.
Мұндай көзқарас ештеңеден тайынбайтын адамдарда ғана болады.
— Мен қалжыңдап отырған жоқпын, — деді ол жай ғана. — Мұндай мүмкіндік адамға бір-ақ рет келеді....
Кондрат амалсыз жымиып қойды.
— Жарайды. Түсіндім.
Моңғол оның білегін тағы бірнеше секунд жібермей ұстап отырды.
Ақыры қолын босатты. Көзін қайтадан алдындағы көлікке тікті
Инкассаторлардың көлігі таңғы Алматы көшелерімен еш асықпай келе жатты. Бәрі әдеттегідей. Кәдімгі жұмыс күні. Кәдімгі сәрсенбі.

Пікір қалдыру: