Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
РЕЦЕНЗИЯ
ОРХАН ПАМУК. МЕНІҢ АТЫМ ҚЫРМЫЗЫ

Блогтар

18.07.2017
19016

ОРХАН ПАМУК. МЕНІҢ АТЫМ ҚЫРМЫЗЫ

ОРХАН ПАМУК. МЕНІҢ АТЫМ ҚЫРМЫЗЫ

Маған Орхан Памуктың туындыларынан бұрын аңызы жетті. Алматыда кітап туралы әңгімелесетін досым бар. Сөзден сөз шығып отырып бір күні әңгімеміз Памукке ойысты. Ол Орханның әкесінің жазушы болғысы келіп отбасын Түркияда қалдырып, сол кезде жазушылардың ортасы саналатын Францияға (Париж) кеткенін, ол жақта шығармашыл ортада біраз жүріп, Сартрмен кездескенін, жазғанын, кейін қайтып келгенін әңгімелеп берді. “Орханда әкесінен қалған қара чемодан бар екен. Жазушы оны әлі ашпапты”, - деп сөзін аяқтады, досым. Бұл әңгіме маған қатты әсер етті. “Үлкен жазушы болам” деген әкенің бұлқынысы, тіпті сол арман үшін Түркияны тастап, Францияға кетіп қалуы, кейін ол арманның баласына көшуі, ақыры әке үмітін ақтаған баланың Нобель алуы! Керемет емес пе? Мен осы оқиғаны ести салғанда-ақ Орхан туралы ештеңе оқымай, білмей, жазушының бүкіл жетістігін әкесімен байланыстырдым. Өйткені, сенім деген дүниенің алапат күш екенін білемін. Атақты американдық өнертапқыш Генри Фордтың әйелінің сенімі туралы оқиға естеріңізде шығар?! Генриге ешкім сенбей, көршілері есуас санап, айналасындағылар күлкіге айналдырғанда, әйелінің сарайда жұмыс істеген күйеуінің төбесінде жылдар бойы шам ұстап тұратыны бар еді ғой. Ақыры, әйелінің сол сенімі ақталды. Генри Форд әлем бойынша автомобиль шығаратын зауыттың басшына айналды. Тарихта аты қалды. Ол негізін қалаған компания күні бүгінде жұмыс істейді. 

Жә, Памукке оралайық. Әңгіме сенім туралы еді ғой. Қысқасы, жоғарыдағы оқиғаны досымнан естігеннен кейін бірден Памуктың кітаптарын іздедім. Ғаламтордан бірер кітабын жүктеп алдым. Бірақ алғашында тісім батпады. Сонымен қоя салдым.

Жақында фбдан Памуктың екі романы қазақ тіліне аударылып жатқанын естіп, санадағы баяғы әңгіме қайта жаңғырды. Астанада өткен кітап жәрмеңкесінде кітаптың тұсаукесеріне қатысып, “Менің атым Қырмызыны” аударған журналист Amangeldi Kurmetulyның, “Сезім музейін” аударған ақын Marcan Aiekтің әңгімелерін тыңдадым. Болған соң кітап шыққан баспа “Фолиантқа” келсем, олар “Бар-жоғы алғашқы 10 данасы шығып еді. Таралып кетті”, - деп қарап тұр. Бір күн бұрын келгенімде “тұсаукесерсіз сатпаймыз” деп бермеген, ал бүгін кітап қалмаған. Ішімнің күйгені-ай! Содан не керек, сол жерде Бауыржан Қарағызұлының “Қырмызыны” алғанын байқап қалғанмын, “оқуға беріңіз” деп қолқа салдым. Ол кісіні бір апта күтіп, енді “ал” дегенінде баспадан бір данасы табылып, әрең қолым жеткен кітап еді, бұл. Қиындықпен жеткізген дүниенің дәмі де тәттірек болады ғой. “Менің атым Қырмызы” да сондай тәтті шығарма екен...

Бұл романында Памуктың оқиғаны әр кейіпкердің атынан баяндауы қызық көрінді. “Мен Қарамын”, “Мен Шекуремін”, “Мен ағашпын”, ең аяғы “Мені қанішер дейді” деп қылмыскердің толғанысының өзін өз атынан жеткізуі тың тәсіл әрі оқырманға өзгеше әсер қалдырады екен. Және мұнысының бір оқиғадан бір оқиғаға ым-жымы білінбей жалғасып отыруының өзі керемет дүние.

Жазушы романға эпиграф ретінде Құранның үш аятын алыпты. Осы үш аятты оқы да, романның не туралы екенін біле бер. Алғашқысы – Бақара сүресінің “Сол уақытта біреуді өлтірдіңдер де сол жөнінде таластыңдар. Алла жасырғандарыңды ортаға шығарады” деген 72-аяты. Романның басында бір суретшінің, кейін Жезденің өлтірілуі, роман соңында өлтіруші қылмысының әшкере болуы. Бірақ қылмыскерді анықтауға Памук Қараға оқырманды көмекші етіп бергендей әсер қалдырды. Есім шығып, Көбелектің, Зәйтүннің, Ләйлектің әңгімелеріне “Қайсысы қылмыскер екен?” деп шұқшидым да отырдым ғой. Бұл да болса туындысына ынтықтырып қойған жазушының шеберлігі болса керек. 

Келесісі Фатыр сүресінің: “Соқыр мен көруші тең емес” деп келетін 19-аяты. Бұл аятқа романнан тура мағынасында да, ауыспалысында да мысал табуға болады. Нақышкерлердің таласы... Өзара өнер жарыстыруы... Мұсылмандардың көркемсурет ерекшеліктері... Осман империясы кезіндегі миниатюралар... Суретке тиым салған Ислам діні... Маған ең қызық болғаны да осы жері шығар. Өйткені автордың дінді жақсы білетіні байқалады. Ислам әлемінің үлкен ғалымдарының бірі Ғазалиден мысалдар келтіріп отырады. Әрі романында сенімге байланысты адамның жандүниесінде болатын түрлі талас-тартысты ашық әрі айқын жеткізеді. Итті сөйлетіп, РасулАлланың оны ұнатпауын айта келіп, Кәһф сүресі арқылы өзін ақтап алғысы келуі қандай?! Мүмкін, дінді ұстанып жүрген кей бауырларым, Памуктың өлген кейіпкері “Жәннатты көрмедім” дегені үшін айыптар немесе романдағы Ислам мен христианның қақтығысы үшін сынар. Ал мен Памуктың бұл жазғандарын оқыған адамның миына азық болар дүниелер деп түсіндім.
Эпиграфтағы үшінші аят - “Шығыс, батыс - әр тарап Аллаға тән” деген Бақара сүресінің 115-аяты. Расымен де бұл кітапта Шығыс пен Батыстың өзара таласы бар. Бұл романда Шығыстың небір әдемі қиссалары кездеседі. Романға оны оқырманын жалықтырмай кіріктіріп отыруы да Орхан қаламының жүйріктігі болса керек. Батыс Памуктың осы туындысы арқылы Шығысты белгілі бір деңгейде таныды деп ойлаймын.

Памук – шебер суреткер. Оның Жезденің өлім алдындағы сәтін суреттеуі қандай! Әзірейілдің жанын алуы мен Шайтанның азғыруын қалай сенімді жеткізеді?! Немесе қызыл түстің өзін “Қырмызы, қызыл түс болу қандай ғажап! Мен жайылған жерде көздер бал-бұл жанады, құштарлық күшейіп, қастар керіледі, жүректер тулайды. Маған қараңдар! Тірі болу деген неткен ғажап!” деп суреттеуі ше?! Қысқасы, Памуктың бұл туындысын оқу арқылы сонау XVI ғасырдағы Ыстамбұлға сапар шеккендей, сол заман картиналарын өз көзіммен тамашалағандай болдым.

Кітап туралы айтылар сөз, алынған әсер өте көп. Оның бәрін жаза берсем, тым ұзап кететін түрі бар. Одан да өздеріңізге оқуға кеңес беремін. Өйткені, кітап біткенде Орханмен бұрыннан неге таныспағанмын деп өкіндім. Алла қаласа, оның барлық туындыларын оқып шығамын деген шешім қабылдадым. Сол әсермен кеше Мегадағы “Меломанға” соқсам, екі кітабы ғана тұр екен. Онда да қалтамдағы ақшамның көлеміне қарап біреуін ғана “Мои странные мыслиді” емес, “Рыжеволосая женщинасын” алдым. Әрі қазақшаға аударылған “Сезім музейін” қолға түсіру керек. Айтпақшы, “Қырмызының” аудармасы қатты ұнады. Амангелді ағамыздың тілі жатық әрі түсінікті екен. Риза болдым. Қазақ оқырмандары атынан алғыс айтамын!

Қысқасы, достар! Маған сыйлық істегілеріңіз келсе, Орхан Памуктың менде жоқ кітаптарын сыйлаңыздар)))

#МарфуғаШапиян
#1жылда100кітап
#003кітап
#кітапоқыпжарысайық
#bookisthebestfriend
#кітапtravel
 

Бөлісу:      
Пікір қалдыру: