Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ПРОЗА
Отбасы (әңгіме)

Блогтар

25.10.2017
11896

Отбасы (әңгіме)

Отбасы (әңгіме)

 

ОТБАСЫ

(әңгіме)

 

Қаладағы темір жол вокзалынан інісі Асқарды әскерге шығарып салған Құрбан осында тұратын, көптен бері кездеспеген досы Берікке жолыға кетуді жөн көріп, оның үйіне телефон соқты. Досының қалаға келгенін үлкен жаңалық ретінде қабылдаған Берік мұны ертіп кететін болды.

Құрбан қалаға өте сирек келетіндіктен, айналасына таңырқай қарайды. Жанынан ары-бері өтіп жатқан қыз-келіншектерге де ұрлана көз тастайды... Бір кезде ту сыртынан «Оу, Құрбан» – деген таныс үн шықты да артынша әлгі дауыстың иесі бұны құшақтай алды...

Екеуі вокзалдан шығып, қарсы беттегі көшенің бойынан такси тоқтатпақшы болды. Қалаға әбден бойы үйреніп қалған Берік аяғын ширақ басып, еркін келеді. Құрбан болса, әлденеден қысылатын сияқты. Үстіндегі киімі ескі және қазіргі үлгіде болмағандықтан көшедегілер түгілі Беріктің өзінен қысылып, өзін қорашсынып қояды.

Таксиші қас пен көздің арасында Беріктің үйінің тура алдына келіп тоқтады.

– Міне, біздің үй осы.

– Сатып алдың ба?

– Иә, әрең дегенде қолымыз жетті ғой. Тұрғанымызға төрт-бес ай болып қалды. Осы уақытқа дейін әркімнің есігінің алдында күн көрдік. Өзіңнің жеке баспанаң болғанына не жетсін.

Ауылдағыдай жер әлемді қоршап алу қайда, аула тым тар екен. Берік есікті қағып еді, арғы жақтан Күлпаш есікті ашты. Құрбан Беріктің келіншегін бір-екі рет көргені болмаса, жіті танымайды. Күлпаш Құрбан жайлы Беріктен көп естігендіктен қысылмай, «Құрбан, Құрбан деуші едің, жолықтыңдар ма, әйтеуір» – деп әзілге жеңдіре күйеуінің досымен жылы амандасты. Құрбан аяқ киімін шешіп жатып үйіне көрімдік беру керектігі есіне түсті-дағы ақшасын ойша бір санап алды. Бір нәрсесі болар деп тәуекелге салып, қаржысының жартысын бере салмақ болды. Бірақ ертеңгі жолкіре жайы тұқыртып, райынан еріксіз қайтты.

Беріктің досы келеді деп ас қамымен жүгіріп жүрген Күлпаш төргі бөлмеге дастарханды келістіре әзірлепті. Құрбан мына дастарханның жайылысына, Күлпаштың зырыл қағуына қарағанда, басқа да күтіп отырған қонақтары бар шығар деп топшылады.

– Құрбан, сен отыра бер, мен қазір он-он бес минуттың ішінде бір жерге барып келе қояйын. Әй, Күлпаш шай алып кел, мына, Құрбан кұрдасың сенімен оңашада шай ішемін дейді.

– Қазір, қазір.

Берік үйден шығып кетті. Қайда кеткені белгісіз, сірә ішімдік алып келуге кеткен болар. Құрбан дастархан басында жалғыз қалды. Асханадан Күлпаштың ыдыс-аяқты тықырлатқан дыбысы еміс-еміс естіледі. Көрші бөлмеде кішкене нәрестенің жылаған дауысы шықты. Мамасы дастархан мәзірін бүлдіреді деп Құрбан отырған бөлмеге әдейі кіргізбеген болу керек.

Үй-іші жинақы, қабырғаға ілінген кілем, әсем гарнитур, диван, креслолар, еденге төселген қып-қызыл палас, терезеде тұтылған перделер, есік жақтағы бұрышқа қойылған теледидар, бәрі-бәрі бөлмеге сән беріп, өз орындарына рет-ретімен орналасқан. Япырмау, кеше ғана өзіммен бірге жүрген Берік те өзінше отау құрып, дүние-мүлік жинап, жұрт қатарына қосылып қалыпты-ау. Әйелі бар, баласы бар, үйі бар, тып-тыныш өмір сүріп жатыр. Қандай бақытты! Ал мен ше? Құрбан жабырқап қалды. «Ал мен ше?» деген сұрақты өзіне-өзі қойып алып, жауабы белгілі болған соң үн-түнсіз тына қалды.

Бөлмеге қолында буы бұрқырап қайнаған шәугімі бар Күлпаш кірді де:

– Күтіп қалдыңыз ба, қазір шай демдеп жіберейін, нан ауыз тиіп отырыңыз, – деді-дағы, іле әзілдеп. – Немене құрдасыңыздың үйіне құдалыққа келгендей сыпайы болып қалдыңыз ғой. Әлде қалаға келген соң не бір сұлуларды көріп, есіңіз кете соларды ойлап отырсыз ба?

Құрбан да әзілге қара жаяу еместін. Құрбанның санасында: «Мынаны қарашы, отыз беске келгенше үйленбей жүргенімді бетіме салық қылып әзілдеп отырғанын. Бұрын-соңды бір-екі көргенім болмаса, бұлай ашық жарқын екенін білмеппін, құрдасыңның әйелі томсырайып немесе өзіңе кекірейіп отырса ол да қиын ғой. Шіркін менің де әйелім...» дегендей ой қылаң беріп өтті.

– Көшеде көрген қыздардың сұлулығы сізден асып кете алмағандығына іштей таңырқап отырмын.

– О, онда мені ауылыңызға алып қашсаңызшы, тіпті қызық болар еді... Сізге ескерте кетейін. Менің «сіз» дегенім жарасады, ал сіз маған «сіз» демей-ақ қойыңыз, өйткені жаңа танысып, білісіп отырған жоқпыз ғой. Оның үстіне Берікпен тай-құлындай тебісіп бірге өскендігіңізді, онымен жұбын жазбай бірге жүрген кезіңізді, бәрін естігенмін. Сондықтан, етене, бір-бірімізді жақсы білетін адамдарша сөйлесіп кете берейік. Бұған қарсы болмассыз.

– Әрине, қарсы емеспін. Бірақ Беріктің көзінше «сен» деп, оңашада «сіз» деп жүре берейін, – деп Құрбан кеңк-кеңк күліп алды.

Қолында екі шөлмек ішімдігі бар Берік үйге кірді де:

– Күтіп қалдың ба? Бағана жолай мына құрғырды ала келмеппін, дүкендердің бәрі жабылып қалыпты. Біраз сандалып әрең таптым, – деп Құрбанның тізесіне қолын тірей жанына келіп отырды. – Күлпаш тамағың пісті ме, тез әкел, оған дейін біз мынадан жайлап ұрттап отырайық.

Құрдастар дастархан басында өткен-кеткенді, оны-мұны сөз етісумен түннің бір уағына дейін отырды да дем алуға бет алды. Құрбан сыпайылық сақтап, ащы суды тартыныңқырап ішті. Екі шөлмектің біреуін тауысып, екіншісін мойнынан сәл түсірді де қалғанын ішпей қоя салды. Сол ішкен ащы судың өзі ағзаларына әжептәуір әсер етті, бірақ екеуі де сыр бермеді. Күлпаш төсекті Берік пен Құрбанға қатар салып берді де, өзі баласын көтеріп басқа бөлмеге кетті. Оңаша қалған құрдастардың әңгімесі қайта жалғасып, ақырында сөз ырғағы Құрбанның бойдақтығына келіп тірелді. Бірінші сөзді Берік бастады.

– Бұл не жүріс? Осының мәнісін түсіндірші.

– Дұрыс айтасың. Үйлену керек. Мен сорлы бас құрағысы келмей жүр дейсің бе? Шынымды айтсам сөз байласқан ешкімім жоқ. Өзімнің ынжықтығымнан ғой, осы уақытқа дейін жүре беріппін. Бір-екі қыз кездесіп еді, оларды апам жақтырмай, райымнан қайтарып тастады. Бәрі де өзімнен, жастық шақ мәңгілік басымда дәурен құрып тұра беретіндей көрінді ғой. Өмірді өтпестей көрген сорлы басым отыз беске қалай келіп қалғанымды білмей қалыппын. Сенен жасыратын не сыр бар? Мүмкіндік болса әйелді қыздай алған дұрыс қой. Бірақ маған қазір бәрібір. Күйеуден шыққан келіншек болса да бас қосуға әзірмін. Тек, өмірді түсінетін, әр нәрсенің қадірін білетін, мінезі жайлы болса, сол жетеді. Бұған сенің көзқарасың қалай?

– Оны өзің біл. Сенікі де бір жағынан дұрыс. Біз былай етелік, ертең жексенбі, сондықтан екеуміз көшеге шығайық, сені керемет сұлу бір келіншекпен таныстырайын. Ол – дүкенде сатушы. Мінезі жұмсақ, биязы жан. Күйеуі ауырып қайтыс болды да, төркініне қайтып келген. Екі жасар баласы бар. Мен оны жақсы білемін. Күлпаштың бөлесі. Түсіндің бе? Өзіңе көрсетемін. Сөйлесесің, ұнатсаң өз қамыңды істей бер, келістік пе? Егер оған тұрақтамасаң, тағы да қарастырармыз. Айтпақшы, ауылдағы Күлпән мен Үржанға неге сөз салмадың. Менсінбейді деп ойлайсың ба?..

– Ой, сен де айтады екенсің, олардың мекен жайына бағыталған сөз көп қой. Арттарынан әбден сөз ерген, оларға жолап не керек?

– Жарайды, сонымен ертең қаласың ғой?

– Көреміз.

– Ой, не көретіні бар, асығыс болсаң, түстен кейінгі автобусқа шыға саласың, біз онымен түске дейін-ақ жолығып қоямыз. Маған сенбейсің ғой ә? Мен табаныңа шөңге кірсін демеймін.

– Берік, ақыры айтып қалдың ғой, сол келіншектің тап қазір суреті болса маған көрсетші.

– Қазір көрсетейін, – деп Берік сөреде тұрған альбом ішінен суретті тапты да оны Құрбанға ұстатты.

Бір топ қыз-келіншек түскен суретке қараған Құрбан шыдамсызданып:

– Мынаның ішіндегі қайсысы, – деп Берікке жақындады.

– Міне, бірінші қатардан солдан оңға санағанда екінші тұрған келіншек.

Келіншек тым ажарлы екен. Қап-қара көздері, сәл қырлау келген мұрыны өзіне жарасып-ақ тұр. Тек шашын қысқалау етіп қырыққаны жігітке ұнай қоймады. Құрбан жансыз бейнеге ұзақ қарады. Суреттегі басқа қыз-келіншектердің ешқайсысы одан сұлу емес пе қалай?..

– Не болды? Егер ұнамаса, ешқандай да ару сенің сезіміңді селт еткізбес.

– Мен соның түр-түсіне шай құйып ішеді дейсің бе? Сұлулығына бойындағы қасиеттері сәйкес келсе болды да. Аты кім?

– Ұлбике. Жұрттың бәрі Оля дейді.

– Олясы құрысын, Ұлбикесі дұрыс емес пе?

– Қалай атасаң олай ата, ертең барамыз ғой? – деп Берік Құрбанға сұраулы пішінмен күле қарады. Құрбанның бет пішіні күлімдеп, екі көзі жайнап кетті. Оның жауабы айтпаса да түсінікті болды.

Берік алаңсыз қорылға басты. Электр жарығы сөндірілмеген. Құрбанның көзі әлі сол суретте. Ұйқы қашқан. Суретті кеудесіне қалай басып алғанын өзі де аңғармай қалды. Дереу өзінен өзі қысылып, суретті столдың үстіне қойды.

Құрбанға таң атпайтындай көрінді. Қыстың түні тым ұзақ болғанына налып, төсекте дөңбекшумен болды.

Құрбан таң атар атпастан ерте тұрып алды. Мұның қыбырлап киініп жатқанынан Берік те оянып кетті.

– Қалай, жақсы демалып тұрдың ба? Әлде Ұлбикені елестетіп түнімен ұйықтай алмай шықтың ба? – деп Берік сөйлей жүре киіне бастады.

– Қыз ойлаумен осы уақытқа дейін қаншама түндерім ұйқысыз өтті емес пе? Бірақ адамның еті де үйреніп кетеді екен, қолыңнан ештеңе келмеген соң қор-қор етіп ұйқыға бас қоясың.

– Дегенмен, көзің кіртиіп кетіпті, түнімен ұйықтамағансың-ау деймін, – деп Берік жымия күлді.

– Қайта бүгін жақсы ұйықтадым. Көзімнің кіртиіп тұрғаны түндегі ішкен арақтың әсері шығар, – деп Құрбан да есесін жібермей жатыр, – Берік, ақыры оған баратын болсам үсті-басымды реттейін. Мына түрімнен адам түгіл ит шошып кетер. Шашымды қысқартып берші.

– Қазір бәрін қатырамыз, шашыңды реттеп, үстіңе иіс су себеміз. Менің киілмеген костюм-шалбарым бар, соны киіп, жалт-жұлт етіп шыға келесің. Содан кейін саған қай сұлу қарсылық білдіреді екенін көреміз.

Таңғы шайдан кейін екеуі «ұрын» баруға әбден әзірленді. Әрнәрсеге қолының ебі бар Берік құрдасының шашын келістіре қысқартып берді. Бидай өңді, қыр мұрынды, жалпы келбетінің кескіні келісті, ұзын бойлы Құрбан үстіне дене бітімі өзімен шамалас Беріктің су жаңа костюм-шалбарын, ұзын пальтосын, басына ондатр құлақшынын киіп, мойнына қызыл жолақты шарфын таққанда жұтынып шыға келді. Айна алдына қайта-қайта барғыштап жүріп ол: «Түу, «адам көркі — шүберек» деген рас екен-ау, ә? Қалай байқамағанмын. Бар тапқан табысыма арақ ішіп жүре беріппін ғой. Қап осыдан...», – деп ойлады.

Екеуі көшеге шықты.

– Берік деймін, тыңдашы, оған нендей себеп айтып барамыз? Бір«вечер» болса мейлі екен, ертіп барайық деп келдік дейтін, не болмаса...

– Туу, сенің де дегбірің қашып бітті ғой, әбден қоянжүрек болып қалғансың ғой, сен үндемей жүре бер, өзің бір танысып алған соң, әрі қарай мені де керек етпессің. Немене сен үшін ертіп баратын тек «вечер» керек пе? Театр бар, ресторан бар, кафе бар одан несін қорқасың. Осы жерге келгенде Құрбанның маңдайынан ыстық тер бұр ете қалды. Оны жеңімен бір сүрті де:

– Ойбай қалтамда көк тиын ақшам жоқ, ондай жерге қалай алып бармақпын? – деді.

– Ол жағын уайымдама, – деп Берік Құрбанға мың теңгеліктен он данасын ұсынды. Құрбан не аларын, не алмасын білмей сасып қалды.

– Мәссаған, он мың теңге!

– Ала бер деймін.

– Керегі жоқ, өзімде де бар.

– Ал деген соң ал, бір-бірімізге осындайда көмектесе алмасақ, несіне доспыз.

Құрбан еріксіз ақшаға қолын созды. Құрбан: «Айналайын Берігім-ай, бұл жақсылығыңды еш ұмытпаспын!» деп айқайлап жіберуге шақ қалды. Құрбанның көз жанары іштей айтылған сөздерді жаңғыртып тұрғандай.

Екі құрдас Ұлбикенің жұмыс орны – қала орталығындағы үлкен азық-түлік дүкеніне келді. Құрбан дүкенге кірген бетте кешегі суреттен көрген келіншекті дүкен ішіндегі сатушы қыз-келіншектердің арасынан бірден таныды. Берік сатушылардың бәрін бес саусағындай білетін болып шықты. Өзін еркін ұстап, әрқайсысымен әзілдесіп Ұлбике тұрған жерге қарай жүрді. Құрбан не істерін білмей дүкеннің төбесін тіреп тұрған ұстындай дәл ортада состиып қалды.

– Ұлбике, қалай жұмысың жүріп жатыр ма?

– Жаман емес, өзің қалайсың, Күлпаштың хал-жағдайы жақсы ма?

– Шүкір.

– Немене, дүкенге таң атпай жетіп келіпсің, бір нәрсе керек болып, Күлпаш қуып жібергеннен сау ма?

– О, жетпей жатқан нәрсе көп қой, бірақ сауда жасауға келген жоқпын, ауылдан досым келіп еді, соны қыдыртуға шыққанмын. Құреке, бері кел Ұлбикенің саудасын жүргізейік. Құрбан дәл ортада қақшиып тұрып қалғанын енді сезгендей жан-жағына алақ-жұлақ қарап алды да, Берікке қарай жүрді. Екі көзі Ұлбикеде.

– Бұл жігіт менің тай-құлындай тебісіп, бірге өскен ауылдағы жолдасым, танысып қойыңдар, – деп Берік Ұлбикеге қарады.

– Ұлбике.

– Құрбан. Жігіттің үні тамағына қылтық тұрып қалғандай зорға шықты. Екеуі бір-біріне қол созып еді, Құрбанның әлеуетті қолы келіншектің үлбіреген ақ мақтадай саусақтарын көміп қалды. Жігіттің екі тізесі дірілдеп, оны ешкімге байқатқысы келмей, сатушының алдындағы үстелге бір санын тіреп тұрды.

– Ұлбике, жұмыстан соң бізбен бірге қыдыруға қалай қарайсың? Күлпаш та «үйде қамалып отыра беремін бе, мен де бір көңіл көтеріп қыдырайыншы», деп миымды ашытып болды. Құрбан да ауылдан келіп қалған екен. Екі бөле, екі дос болып жақсылап бір бас қосайықшы, жарай ма? – деп Берік жадырай сөйледі.

– Ұлбике Беріктің сөзінен нені меңзеп тұрғанын анық біліп тұр. Бұл екеуі жетемін дегенше, Күлпаш оған мән-жайдың бәрін телефон арқылы түсіндіріп қойған-ды.

– Күлпаштың нәрестесі бар емес пе, оны кімге тастамақ?

– Ой, сол да сөз болып па, үш-төрт сағатқа көршінің үйіне қалдыра тұрады.

– Мейлі, несі бар, қыдырайық, – деп Ұлбике өзіне ынтық жігітке ұрлана көз тастады.

– Онда кешке үйіңнен ертіп кетеміз, келістік пе?

– Келістік.

 

******

Түнгі сағат онның шамасында төртеуі мейрамханадан көңілді шықты. Құрбан тұйықтығынан арылып, әбден ашылып алған. Әзіл-шыны аралас түрлі әңгімелерді айтып, жанындағы үшеудің ішек-сілесін қатырды. Ұлбике де сөзге келгенде қара жаяу емес екен, ешкімге есесін жіберер түрі жоқ. Кенет не мақсатпен бас қосқандары естеріне түскендей, төртеуі де үнсіз қалды. Бірін-бірі іштей түсініскендей Күлпаш пен Берік Құрбан мен Ұлбикені бөлек тастап, олардан ұзай берді. Олардың ишаратын түсіне қойған Құрбан Ұлбикені ыңғайына көндіріп, жүрісін баяулата, әлгі екеуінің өздерінен ұзай түсуін күтіп келеді.

Міне, екеуі оңаша қалды. «Сөзді немен бастасам екен? Осындайда ауызға сөз де түспей қалады». Екеуі де әбден тығырыққа тірелді. Осы әлетте Ұлбикенің тротуар үстіндегі оймақтай жылтыр мұзды баса бергенде аяғы тайып кетті. Құрбан сүйеп қалмағанда шалқасынан түсері анық еді. Арадағы ыңғайсыздықтан осы бір тосын қимыл құтқарып жібергендй болды.

– Сірә, сіздің тұсауыңызды кеспеген-ау деймін,  қап-қара жолдың үстінде құлай жаздадыңыз.

– Кеспесе кеспеген шығар, өйткені ылғи да өстіп сүрінемін де жүремін. Бірақ, әйтеуір әлдебір себептермен жығылмай-ақ келемін. Айтпақшы, менің үйім, міне, жақын қалды, ары қарай өзім-ақ барамын. Беріктерді қуып жетіңіз, әйтпесе далада қалып қоярсыз.

– О не дегеніңіз, Берік барда қам жемеймін. Менің бір түн далада қалып кетуім сізді үйіңізге дейін жеткізіп салуымның қасында түк те емес.

– Олай болса өзіңіз біліңіз, тек сіздің халіңізді ойлап жатқаным ғой.

Екеуі төрт қабатты үйдің жанына келіп тоқтады.

– Міне, біздің үй осы. Бірінші подъезден кіремін де кетемін.

– Кіресіз де кетесіз, ал мен өз жөніммен... Бәлкім, біраз әңгімелесуге уақыт табарсыз?

– Мәселен, қандай тақырыпта?

– Сіздің қалауыңызбен, егер сіз ұнатсаңыз, махаббат туралы. Ең қызық тақырып осы емес пе? Әлде сауда туралы айтамыз ба?

– О, одан да бұл тақырыпты «Махаббат пен сауда» десек тіпті қатып кетер еді. Дегенмен, қоштасқанымыз дұрыс болар, үйде балам бар еді, сіңілімнің мазасын алып жатқан болуы керек. Ренжімеңіз. Сау болып тұрыңыз.

Ол қолын ұсынды. Құрбан да нәзік саусақтарды қыса ұстап, Ұлбикеге тесіле қарап қалды. Ұлбике де жанарын тіке ұстап, қолын өзіне тарта берді. «Жіберіңізші... қолыңыз батып барады... жіберіңіз деймін», деп келіншек екі қолымен жігіттің кеудесінен әлсіз итере берді. Ер құшағын сағынып жүрген жас келіншектің әлсіз қарсылығы жігітке құшақтай түс, аймалай түс дегендей. Жігіттің де тас мүсіндей денесі жас келіншектің ыстық демімен елжірей еріп, ерекше бір ләззатқа бөленеді. Осы бір жігіт тарапынан болған батыл қимыл екеуінің арасын тым жақындатып жіберді. Олар үйдің жанындағы орындыққа келіп жайғасты.

«Масқарай! Маған не болған? Жеңілтек жезөкшелерше жаңа таныса салып жігіттің құшағына бірден құлай кеткенім қалай? Ол мені жүргіш біреу екен деп отырған шығар, ұяттағы-ай!» – деп келіншектің екі беті ду ете қалды. Жігіт те өз ойымен әуре. «Осы мен де қызықпын, бір ұзын етектіге жақындай бергенімде ол бірден көне кетсе «ой, жеңілтек біреу екен ғой», деп одан ат-тонымды ала қашамын, егер көнбей, қылымсып, өзге мінез көрсетсе, бұлқан-талқан болып, қолымды бір сілтеп жүре беремін. Міне, қарашы Ұлбикеге қатысты да сондай көзқарасым жылт еткен сияқты», – деген жігіт көңіліндегі сүреңсіз ойлардан арылғысы келгендей, келіншекті құшағына қысып аймалай берді.

– Ұлбике тыңдашы осы бір ләззатты түнімізді аяқсыз қалдырмасақ деймін. Мен сізді алғаш рет суреттен көргенде-ақ шын ниетіммен ұнатып, дұрысы сүйіп қалдым... Сурет жай ғана жансыз бейне ғой, ал нағыз өзіңізді көргенде қандай күйде болғанымды сізге ауызбен айтып жеткізе алмаспын. Бұны біз бір көргеннен құлай сүю дейміз бе, әлде жай әншейін қызығушылық дейміз бе? Меніңше шынайы сүйіспеншілік тәрізді.

– Жоқ, бұған келіспеймін, бір көргеннен бір-біріне құлай кететін адамдар сүю дегенді ұнату, жақсы көру сезімдерімен шатастырып алатындар. Сүйемін дейсіз, осы жерде мені де өзіңізді де алдап тұрсыз. Әрине, кінәламаймын, бірақ, көп жайды байқамайтындайсыз. Осы аңғармаушылық талайларға опық жегізген. Екі жас бір-бірін ұнатып қалды дейік, бұл сезімді шын сүю деп түсінеді. Мүлде олай емес. Ұнату, жақсы көру деген мен сүюдің ішкі мәні өзара сәйкесе бермейді. Қос жүрек бір-бірінің жан сарайларындағы жағымды-жағымсыз көріністерді жүре ұғынып, ішкі толғаныстары мен сезім ырғақтарын ортақ дүниеміз деп таныса, міне осы кезде ғана сүю деген әсем сезімге даңғыл жол ашылады. Бұлай болмайынша шынайы сүйіспеншілік салтанат құра алмайды. Міне, біздер, адамдар осыған мән бермейміз. Алғашқы қызығушылық бір көргеннен ұнатып қалумен ұштасқанның өзінде оның баянды болуы екі талай. Өйткені, ұнатушылық сүйіспеншілікке бастар алғашқы баспалдақ. Ал, осы сатыдан нағыз сүйіспеншілікке ұмтылған махаббат өз көкжиегіне көтеріле алмай қалуы мүмкін ғой. Сүю деген сөз ол жеке дара, ешқандай жамандықпен ұштасып жатпауы керек... Мен көп сөйлеп кеттім-ау деймін, кешіріңіз.

– Жо-жоқ. Олай демеңіз. Қайта сөйлей түсіңіз... Жігіт сөзін қайта жалғай бергенде келіншектің көңілі босап, кемсеңдеп қалғанын байқап қалды. Іле келіншектің көзінде іркілген жас ай сәулесімен мөлдірей көрінді де, жігіттің жан сарайына тамшылады.

– Ұлбике, сіздің жылғаныңыз қалай?

– Жо-жоқ, жай әншейін... Бір нәрсе есіме түсіп..., – деп келіншек жігіттің төсіне басын сүйей берді.

Екеуі де терең күрсінді. Осы әлетте олардың бойларында ыстық сезімнен гөрі ұзақ жылдар бойы кездеспеген екі бауырдың – аға мен қарындастың сағыныш сезіміндей өзгеше толқу қылаң бергендей еді.

Түннің бір уағы. Құрбан Ұлбикемен қоштасты. Көңілі шат-шадыман. Ерекше бір күй көңілін әлдилейді. Ол келесі бұрылыста өзін күтіп тұрған Беріктерді де ұмытып кеткен. Бар есіл-дерті... «Менің асыл жарым осы болатынын бір Құдай бұйырған шығар. Енді одан айырылмау керек. Қалайда, қалайда».

Оның ойын «Оу, Құрбан» деген Беріктің дауысы бөліп жіберді.

– Соңыңнан біреу-міреу қуып келе жатқан жоқ па? Тым асығыссың ғой.

– Кім қуады дейсің, сен күтіп қалды ма деп асығып келе жатырмын.

– Күлпаш қайда кеткен?

– Оны үйге қайтарғанмын. Тым кешіктің ғой, дұрыстап сөйлесе алдың ба?

– Сөйлестік...

– Байқап тұрмын, Ұлбике көңіліңнен шыққан секілді. Олай болса, араға күн салмай, екі-үш күн үзбей кездесіп тұр, одан арғысын өзің көре жатарсың. Біз де қарап қалмаспыз.

 

******

Құрбан автобустан түскен бетте үйіне жетуге асықты... Сәлден кейін анадайдан көрінген өзінің қоржын тамы көзіне оттай басылды. Ауылдан көп ұзап шықпағандықтан ба, мекенін сағынып қалыпты. Арада өткен азғана уақытта төңіректе көптеген өзгеріс болып қалғандай, айналасына байыппен қарап қояды.

«Байғұс апам жалғызсырап, мені күтумен, елеңдеп, жолға қараумен отыр ғой. Қолдағы бес-он тұяқ уақ малдарға қараймын деп-ақ діңкесі құрыған болуы керек». Үйінің мұржасынан түтін будақтайды. «Айналайын апатайым! Сен болмасаң мына қара шаңырақта не береке болар дейсің. Даладан шаршап-шалдығып келгенде, өз қолыңмен берген ыстық шайың, жайған дастарханың, тырнақтап жинаған құрт, майың, «Құрбантай іше ғой, жей ғой» деген жылы сөзің шаршағаныңды басып, көңіліңді сергітіп тастайды емес пе? Осы уақытқа дейін «келінімнің қолынан шай ішіп отырар ма едім, шіркін» деген арманыңды орындай алмай келемін. Кешір! Әкем ерте қайтыс болып кетті... Тоғыз перзент сүйіп, соның жетеуін жер қойнына ертерек тапсырған апам Алла бұйыртқан екі ұлын жанына серік етіп, шаңырақтың отын өшірмей, біз қуансақ қуанып, біз мұңайсақ мұңайып, Құдайдың жаратқанына шүкіршілік етіп, уақыт сарынына ілесіп өмір сүріп келеді. Інім де үкімет тарапынан берілген көмекті пайдаланып, әскерден алып қалайық дегенге көнбей, қырсығып «әскерге кетемін» деп қоймады. Оның кеткені де апама оңай дейсің бе?»

Ол үйіне енгенде, дәлізде бұрқылдап қайнап жатқан көженің жағымды иісі мұрынын қытықтап, сырттағы суықты ұмыттырып жіберді. Суыққа домбыққан қолын пеш қабырғасына басты. Дәліздегі аяқ дыбысын естіп, апасы да есіктен басын қылтитып қарады да іле дәлізге шықты.

– Апа, аман-есенсіз бе?

– Шүкір, өз жағдайың қалай, Асқаржанды шығарып салдың ба? Жыламай-сықтамай кетіп бара жатыр ма әйтеуір, үстіндегі киімі де жұқалау еді, – деп кемсеңдеп қалды.

– Түу, апа, әскерге баруға өзі құштар болған жоқ па? Ертең-ақ сарт етіп жетіп келеді, уайымдап сонша не болды?

– Е, шырағым, «даладағы май ішеді, үйдегі қан ішеді» демей ме? Қой, үйге кір, тоңып қалған шығарсың... Жолкіреңе ақшаң жетті ме? Зейнетақыны да дер кезінде ала алмай қалдық қой.

– Жетті апа, жетті. Балаңызды әндетіп тұрып шығарып салдық. Жанындағылардың ең ұзыны сол, ешкімге дес бере қоймас.

– Ауылда өскен аңқау ғой, қаланың бәлелері түтіп жейтін шығар. Қырсыққанда ауылдан жалғыз өзі кеткенін қарашы. Қой, ыстық-ыстық шай ішіп ал, тамақ та қазір дайын болады, айтпақшы, ертең ана тоқал ешкіні сойып, Құран оқытып жіберейік. Өзі де қысыр шығар, іші жинақы көрінеді.

– Қысыр емес болатын. Анада іш тастап кеткен. Оны сізге айтпаған екенмін ғой. Одан да мүйізді ала ешкіні сояйық, бәріне қырғидай тиіп болды.

– Тоқал ешкіні соя бер.

– Жарайды.

Ертесіне өз әулетіне қарасты барлық туыстарына ас берді де, қонақтарды шығарып салып, апасы екеуі оңаша қалды. Екеуі екі жерде үнсіз отыр. Апасы терең күрсінді. Құрбан шалқасынан түсіп көзін бір нүктеге қадаған күйі әрнәрсені ойлаумен жатыр. Анда-санда шешесіне көз тастап қояды. «Әңгімені неден бастасам екен. Апам анда-санда қыңқылдап «неге үйленбейсің?» деп мазаны алушы еді. Міне, қарашы сол мазалаған сәт енді керек болып отыр. Айтпақшы үйленемін деймін, үйде көк тиын ақша жоқ. Аздаған тиын-тебенді кеше жараттық, бәлкім апамның тығып жүргені бар шығар. Болмаса ше? Егер болса, қай күні қаржыдан қысылғанда шығаратын еді ғой. Дегенмен, өмір бойы күткен өз үйінің ұлы тойына сақтағаны бар шығар».

Ол айналасына самарқау көз тастады. Уақтылы әктелмеген қабырғалар ыстан көрінбейді. Үй ішінің мүліктері де тым жұпыны, әбден ескірген. Төбеде бірді-екілі шылау тербеледі. Кісі күтетін бөлме де тым жүдеу. Құрбан: «Басқалар зәулім-зәулім үй салып, астарына қос-қос машина мініп жатқанда, бізде ең болмаса теледидар да жоқ. Тек бұрыннан келе жатқан жалғыз радио ғана бар. Ол да сөйлемейді... Тапқанымды біреу арқамнан қақса, сонымен бірге ішіп-жеп жүре беріппін-ау. Үйім бар екен-ау, мен де алға қарай ұмтылайын, тұрмысымызды түзейін деген ой осы уақытқа дейін санама кіріп шықты ма? Өзіммен бірге өскен құрбыларым кім, мен кіммін? Бәрі де үйлі-баранды, бір-бір ошақ түтетіп отыр. Сонда олардан менің қай жерім кем? Олардың менен несі артық? Ай-ай, мисыздығым-ай. Бірақ әлі де кеш емес. Бәрі де Құдайдың бұйрығы шығар... Күлкім келеді, күт бұйрықты, күт. Осылай жатып ал да күте бер». Ол ызаланып жұдырығымен текемет шаңын бұрқ еткізіп қойып қалды. Баласын ұйықтап жатыр екен деп ойлаған анасы: «Ей, Құрбан, не болды, жайсыз түс көріп жатырсың ба?» – деп күйбелектей сөйледі. «Жоқ апа, мына қолым ұйып қалыпты, соны қимылдатқан түрім ғой», – деп анасының сұрағын елемегенсіді.

Құрбан қанша оқталса да анасына ішкі сырын айтуға ыңғайсызданды. «Егер үйленемін десем, апам қуана-қуана келіспей ме? Бірақ болашақ келінінің бұрын да тұрмысқа шығып, есік көрген жан екенін естігенде қандай күйде болмақ? Жоқ апам бәрін түсінеді. Менің апам ондай адам емес. Оның үстіне баласының да біраз жасқа келіп қалғанын ескерер. Былайғы жұрт не десе о десін, айтып, айтып қояр. Тек қана өзіме, өзімнің көңіліме ұнап, дәм-тұзымыз жарасып, шат-шадыман күндерді бастан өткізсем болғаны да».

Оның көңілін үй-ішіндегі жұпыны көрініс қайта тұқыртып тастады. Үй-ішіне көз тастаған сайын екі өкпесін қаражат жайы қысып жібереді.

 

******

Тау етегіне орналасқан шағын ауылда қандай жаңалық болсын, кім келіп кім кетіп жатқаны болсын, бәрі-бәрі ауылдың әрбір адамына белгілі. Сол сияқты Құрбанның да үйленетіндігі, оның баласы бар келіншекпен бас қосатындығы, ол келіншек Сәлімнің Берігінің әйелі – Күлпаштың бөлесі екендігі әлдеқашан ауылға тарап кеткен. Біреулер «Е, қашанғы жүрсін, жөн» десе, біреулер, «Ойбай не дейсің, Құрбан артынан ерген баласы бар қатын алады екен», – деп кекеткендері де болды.

Ымырт үйіріліп қалған. Қыстың тоқты тоймас қысқа күні ысырылып, түн мезгіліне орын бере бастады. Кейде шабаланып, кейде самарқау үрген иттердің дауысы кешкі ауаны тілгілей бір-біріне ұласады...

Ағайын, көрші-қолаң бәрі жиналып Құрбанның үйінде келіннің түсуін күтіп отыр. Бәрі де үлкен жолдың бойына көз тігеді. Жарық көрінсе болды, жиналған жұрт даурығып қалады. Әлгі жарық бұл ауылға соқпай өте шыққанда «Ой өтіп кетті, олар емес екен» деген сөздерді бірінен соң бірі қайталай айтып сабасына түсе қояды.

«Әне бір көзі жанған машина келе жатыр. Солар ғой. Құрмаштың жигулиімен кеткен. Оның бір-ақ көзі жанатын. Солар, солар». Әлгі жарық ауылға бұрылды.

Дөтілдетіп сигналды аямай беріп келе жатқан жеңіл машина ә дегенше үйдің алдына келіп тоқтады. Орамал алып жүгірген әйелдер келіннің бетінен кезек-кезек сүйіп, екі қолтығынан демеп, «Шырағым, табалдырықтан оң аяғыңмен атта, оң аяғыңмен атта» деп ішке алып кіріп кетті. Құрбанның шешесі Күләй күйбелектеп жүр. «Есік көрген, беті ашылып қойған» келінді де осылай қарсы ала ма екен?» деп күңкілдегендер де, «бұл Күләй апаның көптен күткен қызықшылығы» деп, осылай қарсы алғанды құптағандар да табылды...

 

******

Құрбан келім-кетімді кісілерді шығарып салып, қайын жұртының да есігін көріп келді. Ұлбикенің соңынан еріп келген кішкентайына Күләй да бірден бауыр басып, көптен бері сәби иісін аңсап жүргендіктен бе, өгей бала екен деп жатырқаған жоқ.

Ұлбике келгелі үйдің іші де көңілденіп, отбасы мүлде басқаша күй кешіп жатты. Кемпір байғұс немересін бауырына басып, күндіз-түні жанынан тастамай алып жүреді. Ұлбике бұған іштей риза.

«Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан» деген рас екен-ау. Ұлбике келгелі қара шаңырақ бір көтеріліп қалды. Арақтың соңына ілесіп, ауылды адақтап кететін Құрбан да бұл жаман әдеттен тыйылып, мектепке қоймашы болып жұмысқа тұрып алды.

Уақыт ойдағыдай өтіп жатты. Бірақ, мына бір оқиға жаңадан құрылған отаудың шаңырағын сынаққа алып, Құрбан мен Ұлбикені әжептәуір есеңгіретіп жібергендей болды. Оқиға былай болып еді...

– Құреке, оу-у, Құреке, – деп айғайлаған дауыс бұны артына жалт қаратты. Анау бұған қарай асығып келеді. Кім бұл? Шырамытып барып таныды. «Тілеу ғой. Бұл неғып жүр?» Бұл оған қарсы жүрді.

– Тілеу, ассалаумағалейкум.

– Уаалейкумассалам. Туу, немене құлағыңызды бітеп алғансыз ба? Айқайлап келемін, айқайлап келемін, қарайтын түріңіз жоқ. Жарайды, сізге жолығайын дегенмін, анау күні ініңіз әскерге кетерде менен бір қой алып, керегіне жаратқан. Өзіңіз де білетін шығарсыз? Соны сұрай келіп едім. Әзір қоя тұруға болатын еді, бірақ қойдың басы кеміп етіп, әркімнен алашағымды жинап, орнын толтырсам деп едім.

– Қойыңды қайтарамын, тек екі-үш апта шыдай тұр. Үйде қазір тігерге тұяқ қалмады.

– Әйтеуір, кешіктірмеңіз. Мен де жетісіп жүрген жоқпын.

– Білемін ғой, ренжіме. Бәрін де түсінемін. Үйге жүр, әбден тоңып қалыпсыз. Жеңешеңнің шай-пәйін ішейік...

Тілеу Құрбанмен ілесіп үйге келді. Екеуі шай үстінде әрненің басын шалып ұзақ отырды. Тілеудің сыбағасы ретінде тойдан қалған бірер шөлмек ашылып, ащы су көмейге құйылған. Тілеу қызара бөртіп, әжептеуір масайып қалды. Бір-екі шөлмекке сыр бере қоймайтын ірі денелі Тілеу лепіріп отыр. Құрбан араққа жеңілдеу болатын, екінші шөлмекті тауыспай жатып-ақ, әл-дәрмені құрып сөйлеуге шамасы келмей қалды. Құрбанның мас болып қалғанын көрген Тілеу мұнда отыра беруді жөн көрмей, қалған арақты қырлы стақанға толтыра құйып, сіміріп алды да кетуге ыңғайланды. Тонын киіп алған ол құлақшынын таппай, теңселіп тұрғанда бөлмеге Ұлбике кірді.

– Жеңеше, жаңа осы жерде құлақшынымды тастап едім, қайда құрығанын...

–Қазір... Құрбанның астына бастырылып қалған шығар. Міне, мұнда жатыр екен, – деп Ұлбике құлақшынды Тілеуге ұсынды. Тілеу құлақшынды ала бергенде Ұлбикенің ұсынып тұрған қолына қолы тиіп кетті. Сол бір елеусіз секундтарда қанына арақтың күші әжептәуір сіңген алпамсадай Тілеуді түрлі сезімдер билеп, жанарын Ұлбикеге қадаған күйі тұрып қалды. Ұлбике бұрын соңды көрмеген қонағының тосын әрекетінен сескеніп, бойын жинап алды да тысқа шығып кетті.

Тілеу Құрбанды оятып көріп еді, ол тұра қоймады. «Ұйқы мен араққа әбден шырмалған ғой» деп сыртқа беттеді. Аула тым-тырыс. Есік алдында орналасқан асхананың кішкене терезесінен жарық сәулесі жылтырайды. Ол сол терезеден ішке үңілді. Асханада жанында үйілген кір киімдерді жуып Ұлбике отыр. Тілеу терезеден үңіліп аз-кем аялдады. Пешті аямай жаққаннан әбден ысыған бөлмеде Ұлбике желең көйлекпен ісіне беріле кіріскен. Төсін керген қос анары мен жұп-жұмыр ақ балтыры Тілеудің масаң көңілін тіпті желіктіріп жіберді. Тілеуді мына көрініс арам ойға жетеледі. «Кедергі болар ешкім жоқ, енесі немересін жетектеп көрші ауылға қыдырып кеткен. Құрбан болса анау...» деп арам ойының қамауынан шыға алмаған Тілеу терезеге қайта үңілді. Сол баяғы көрініс. Терезе буланып әбден терши бастады. Енді сәл тұрса бөлме іші көрінбей қалатындай. Ол өзін-өзі ұстауға шамасы келмеді. Есікті жұлқи ашып, ішке енгенде, Ұлбике селк ете қалып орнынан ұшып тұрды. Арада бір-екі ауыз сөз де айтылмады. Тілеу Ұлбикені алпамыстай денесіне қысып алды. Ұлбикенің айқайлауға да шамасы келмеді. Өйткені Тілеудің күректей қолы келіншектің аузын басып үлгерген. Көздері қанталаған Тілеу Ұлбикені кір-қоңның үстіне өзімен бірге ала құлады. Қанша қарсыласса да Ұлбике түк өндіре алар емес. Анау әп-сәтте дәрменсіз келіншекті жартылай жалаңаштап та үлгерді. Әбден шаршаған Ұлбике лажсыздан оның дегеніне көне берді...

Құрбан аз-кем мызғып алған соң, біреу түртіп оятып жібергендей көзін ашты. Бөлме іші тым-тырыс әрі көңілсіз. Жаюлы дастарханның үстінде үш бос шөлмек, кеседегі ішілмеген шай, темекінің шашылған күлі, бәрі-бәрі үй-ішіндегі келеңсіз көрініске себепші болып тұрғандай. Басы айналып орнынан әзер тұрды. Не түс екенін, не кеш екенін айыра алмаған күйі сыртқа шықты. Аяғын тәлтіректеп басып үйдің батыс жағына келіп отырды. Таза ауаға шыққан ол тынысы ашылып, едәуір жеңілдеп қалды. Осы кезде асхананың есігі айқара ашылды да іштен сыртқы киімін қолына ұстаған Тілеудің шыққанын көрді. Анау мұны байқаған жоқ. Асығыс түрде ауладан шығып кетті. Құрбан бір сұмдықтың болғанын сезгендей, орнынан тұра беріп еді, аяғының астындағы діңгекке сүрініп кетіп, етпетінен құлап түсті. Есін жиып, қайта орнынан тұра беріп еді, басы айналып қайтадан екі қолымен жер тіреп отырып қалды. Құрбан «Япыр-ау маған не болған?.. Жаңағы анық Тілеу ғой. Ол асханада не істеп жүр? Өзі суық қолдау еді, бір нәрсені жымқырып кетіп жүрмесе болғаны. Ұрласа ұрласын, Ұлбике қайда екен?.. Асханада болса... Туу не ойлап кеттім?» деп өзіне-өзі сұрақ қойып отырғанда бұның күдікті ойын растағандай асханадан Ұлбике да шығып келе жатты.

Жоқ, Құрбан ашуға бойын билететін жігіт емес. Алайда, «Мұндайда бойыңа ашу келмесе несіне адам болып жүрсің?» деп өзін-өзі қайрағандай болды. Бірақ санасына кіріп шыққан сан қилы ойлар оны тежей берді. «Тілеудің соңынан жүгіріп барып, жағасына жармаса кетуге болады, бірақ мен одан не ұтамын?.. Байбалам салып, ауылды дүрліктіргеніммен соңында ел-жұртқа өзім масқара болып, құры босқа әркімнің өсегіне ілініп, қатынына ие бола алмаған ынжық атанып кетпеймін бе? Ұлбикеге не болған, шынымен ол соның еркіне көнгені ме, бәлкім амалының жоқтығынан... Тұра-тұр...».

Ол орнынан абайлап тұрды да асхананың терезесіне келді. Іштегі жуылмаған кір киімдер үйіліп жатыр. Бірден таныды, әне Тілеудің құлақшыны. Ол терезеден кейін шегініп кетті. Енді үйдің терезесінен ішке үңіліп еді, салынған төсектің бір шетінде бүк түсіп Ұлбике жатыр екен. Ол Құрбанға жылап жатқандай көрінді. Мастығынан арылмаған Құрбан оны тым аяп, жұбатқысы келді, бірақ көңілінде ұялаған бөтен бір сезім оның жанына баруға кедергі болып тұрды. Іштегі ыза, қанға сіңген арақ Құрбанға даладағы аязды елетер емес.

Бұл үйге кіргенде Ұлбике де басын жастықтан көтерді. Жанарынан жас байқалмады. Ұлбикенің жанары Құрбанға қарауға шыдамай тайқып шыға келді де, іле екі бетінің ұшы қызарып, бейберекет күй кешті. Ол «Бәрін менімен Тілеуден басқа ешкім білмейді» дегендей үнсіз қалды...

Келіншегін күнде еркелетіп, құшағына қысып жататын Құрбан бүгін сұлық түсе жатып алды. «Осы бір бәлені сезіп қалған жоқ па?» деп Ұлбике де өз ойымен әуре. «Бәрін ашық айтып берсем бе екен? Жо-жоқ болмайды, бір нәрсеге ұрынып қалса қайтемін. Одан да тып-тыныш, іш-пыстаным ішімде жарылып жүре берейін. Болар іс болды. Егер Құрбан мұның бірін сезіп қойған болса ше? Сезбеген шығар. Егер сезсе, бұлай шәлиіп жатып алмас еді. «Ұры іші қуыс» деген осы да. Өзімнен өзім қуыстанып не керегі бар?» деп іштей ойлаған Ұлбике өз-өзін жұбатты да күйеуінің мойынынан екі қолымен құшақтап, төсін төсіне тигізе аймалай берді. Құрбан әйелінің әрекетіне көңіл бөлер емес. Дегенмен, жас келіншектің ыстық тәні мен ыстық демі Құрбанның жүрегіндегі қара түнек сезімді ысырып-ақ тастады...

Ұлбике ерте тұрды. Құрбан әйелінің орнын сипап көріп еді төсек салқын тартып қалыпты. Ол жылы орынды қимай жата берді. Кенет түндегі оқиға есіне түсіп кетті де жүрегі дүрсілдеп, іші күйіп, дегбірі қашты. Сырт жақтан апасының дауысы естілді. «Таңертеңгі автобуспен келген екен ғой. Қой, жата бергенім болмас, үй-ішілік оны-мұны тірліктерді істеп тастайын» деп тысқа шықты. Қыс ауасы қытымырланып беті-қолыңды шымырлатады. Жер бетін жұқалай көмкерген қар күн сәулесімен жылтырайды.

Құрбанның қолы ешнәрсеге барар емес. Ұлбикенің шайға шақырғанына да мойын бұрған жоқ. Ол қораның күн шуақ бетіне шығып алып ойға берілді. «Тәңірім-ай! Бұзамын десең демде екен ғой. Бір-ақ түнде шақшадай басымды шарадай еттің-ау».

Құрбанның өз көңілін басқа жаққа аударайыншы деген ниетінен түк шыққан жоқ, өйткені, оның көз алдында Тілеу мен Ұлбике елес болып кетпей қойды. Бірақ тосын, әрі шұғыл шешім кабылдайын, бөтен мінез көрсетейін деген ой сана-сезімінен аулақ жатты. Оның мұндай шешім қабылдауға жібермей тұрған, иығынан мықтап басқан «зіл» бар еді. Ол «зіл» — анасы болатын. Анасы үшін Құрбан қандай ауыр жүк болса да көтеруге, төзуге әзір. «Ол байғұстың қартайғанда көрген қызығының шырқын бұзып, ендігі кәрі қойдың жасындай қалған өмірін өксітіп, қара шаңырақтың берекесін қашыруға тиісті емеспін. Бәлкім менің өмірім соңына дейін осындай азаптармен өтер. Мүмкін бұлай болмас та. «Астындағы атыңа, қойыныңдағы қатыныңа сенбе». Бұл мақалды да бір бейбақ басына таяқ болып тиген кезде налып отырып шығарған болуы керек. Мақал-мәтелдер қайбір жетіскеннен айтылады дейсің, тіпті олардың бізге дейін өз күшін жоймай сол қалпында жетуі, әрбір адамның қиналғанда тіліне тиек етіп, қайталап, жаңғыртып отырғандығынан өшпей келе жатқан болар. Мақал-мәтелдер – адамзат тағдырының шынайы көрінісі ғой».

Құрбан өз үйіне кібіртіктей басып кірді. Ешнәрсеге зауқы болмағандықтан, төрге төселген көрпешеге шалқасынан сұлқ түсіп жата кетті. Олақ қатынның жинаған үйіндей айпан-тойпан болған ішкі әлемінің мазалауынан құтылудың есебін таба алмай шарасыздық танытты.

Осылайша Құрбан үш күн бойы ешқайда шықпай үйінде жатты да қойды. Мектеп директорына қатты ауырып жатқандығын әлдекім арқылы ескерте салды. Күйеуінің томаға тұйық болып алғанын анық аңғарып жүрген Ұлбике «осы бір нәрсені сезген-ау» деп қатты дегбірі қашып жүрді. Құрбан ішкі күдігін, Ұлбике әлгі түнгі оқиғаны жайып салғысы келіп, қаншама оқталды. Бірақ бұған екеуінің де батылдары бара қоймады.

Құрбан Ұлбикенің өзінен нәрестелі болуын күтіп жүрген. Кейде перзентті болудың жауапкершілігін іштей сезініп, шексіз қиялға берілетін. Ұлбике де осы бір көңілсіз күндерден құтқаратын сол бір пәк нәрестенің дүниеге келуін асыға күткені сонша, күннің батысы, таңның атысы күн санап, сағат санап зарығады. Осы бір көңілсіздік тек қана Құрбанды емес, бүкіл шаңырақ мүшелерін сыртқы ортадан бөліп тастады. Анасының көңілінде қандайда бір қаяу болмаса да, келін мен баланың тым өзгеріп кеткенін түсіне алмай еңсесі езіліп бітті. Қайсы бір күні сөзге тартып сырласқысы келіп, бірде-екілі әңгімені қозғап көріп еді екеуі де шешіліп ештеңе айта қойған жоқ, тек тақырыпты басқа жакқа бұрып кете берді. Әрине, өзара түсінікті бір арнаға тоғыстыру оңай емес қой. Өйткені түсінік деген ағып жатқан арық емес, реті келген жаққа бұра салатын, ол деген ақырет. Бір-бірімен іштей ұғыса білетін, лайым түсінісуге құмар адамдар әлбетте салмақты, биязы, әрнәрсеге байыппен қарап, істің артын бағатын жандар ғой. Міне, мұндай адамдар өмірде көп опық жей бермейді және өз уақыттарын ұшқалақ, жеңілтек адамдарға қарағанда тиімдірек пайдалана біледі. Қандай бақытты жандар десеңізші!

Құрбан өзін қанша көңілді ұстаймын десе де әлдебір күш ырқына жібере қоймады. Әйеліне еркелеп, өгей баласы Мұратты бауырына басып, ермек етіп ойнатса да бұл әрекеттерінің бәрі жасанды екендігі көрініп тұрды. Жасандылықты жастайынан жақтырмайтын Құрбан өз өмірі үшін, қара шаңырағы үшін оған қалайда бой алдырудың қажет екенін терең түсінді...

 

******

Күйеуінің кейінгі уақыттарда тым ашық жарқын болып кеткендігіне разы болған Ұлбике ертелі кеш тыным көрмей енесінің, күйеуінің қас қабағын бағып, күнделікті тірлікке шабыттана кіріскен. Жаңа ғана пошташы әскердегі қайнысы Асқардың жолдаған хатын әкеліп бергенде қуанғанынан үйге жүгіріп кіріп, енесінен сүйінші сұрап, қуанышты дауыспен хатты оқып берген. Баласынан көптен бері хат келмей жүргендіктен сары уайымға салынып болдырған анасы келінін мейірлене иіскеп, Жаратқан жаппарына шүкіршілік етіп, көз жасын бір сығып алды.

Әрине, Ұлбике қайнысынан хат келгеніне ғана емес, енесін бір қуантып, көңілін аулап, уайымын басып, үлкен адамның ризашылығын алғанына сондай разы еді. Оқып болған хатты ұқыппен конвертке салып, енді күйеуінің алдынан еркелеп шығып, хатты табыс етпекші. Ұлбике Құрбанның жолына қайта-қайта көз тастап тықырши күтті. Ұлбикенің бұл әрекеті шаңырақ татулығын нығарлай түсіп, жаңадан құрылған отаудың берекесін келтіре, айрандай ұйыту пейілінен туындаған еді.

Ұлбике күйеуін ақ көңілді, адамгершілігі мол асыл қасиеттерге толы жан деп ұғатын. Ол сондықтан да Құрбанды қатты қадірлейтін. Енесі болса, өз шешесіндей болып кеткен. Өзінің артынан еріп келген Мұрат әжесінсіз бір сәт те байыз тауып отыра алмайтын болған.

Ұлбике баянды жалғасқан өмірін бір-ақ сәтте қыл үстінде қылтылдатып қойған сол бір қарғыс атқыр түнгі оқиғаға, оның басты кейіпкері Тілеуге қарғыс айту арқылы өзін жеңілдеткендей болып жүрді. Сол бір абыройсыз көрініс көз алдына елестеген сайын Ұлбикенің екі беті дуылдап, қызарып кететін-ді...

Осылайша күндер өтіп жатты. Бірде мына жағдаят бұл отбасын әбігерлендірген әлгі сынақтың аяқталғанын сездіргендей болды.

Ұлбике тыстан үйге кіргенде енесі ескі нымшасын иығына іліп, далаға шыққалы жатыр екен.

Ұлбике:

– Қайда барасыз?

– Мен Дәу көкеңнің үйіне барып келейін. Кеше айтамын деп ұмытып кетіппін, оның әлгі үлкен баласы Тілеу жол апатына ұшырапты. Соның хабарын біліп келейін. Ағайын ғой, бармасам ұят болар. Шайыңды келгеннен соң-ақ ішермін, – деді.

– Жарайды. Туу, апатайым-ай сол бір ескі нымшаңызды тастасаңызшы. Басқасы жоқ па еді сонша? Жаңасын киіп алыңыз. Мен қазір әкеліп берейін.

– Қоя бер, көрші-қолаң, ауыл аймақтың ішінде осы да жетеді.

– Жо-жоқ, ки деген соң киіп алыңыз, – деп Ұлбике әп-сәтте енесіне жаңа нымшаны ұстата берді.

Енесі келініне күлімсірей қарап нымшасын ауыстырып киді.

– Міне, көрдіңіз бе 16 жасар қыздай болып шыға келдіңіз, – деп Ұлбике сыпайы езу тартты.

– Қанша жерден мұздай киіндірсең де енді бізге 16 жас қайда, – деп кемпір бұрылып жүре берді. Енесінің соңынан қарап тұрған Ұлбике өмірдің зейнетінен гөрі бейнетін көп көрген аяулы жанның қадір-қасиетін баз біреулер секілді, өмірден озғаннан кейін емес көзінің тірісінде түсінуге тырысып жүргені үшін өзді өзіне разы болды. Әр нәрсенің қадірін дер кезінде білмеген адам өз өмірінде көп нәрсені өкінішпен отырып еске алатындығын Ұлбике есінен әсте шығарған емес.

Ұлбике самаурынның түтінін будақтата бергенде Құрбан да төбе көрсетті. Халатының қалтасындағы бүктеулі хатты Құрбанға анадайдан көрсетіп қарсы жүрді де, іле Асқардан хат келгенін айтып үлгерді. Екеуі иық тіресіп үйге кірісімен дәлізде тұрып хатты жарыса оқып шығып, ішкі үйге кірді.

– Айтпақшы апама оқып бердің бе?

– Иә, сол заматта оқып бергенмін.

– Немене апам мен Мұрат көрінбейді ғой. Бір жаққа кетіп пе еді?

– Иә, – деп Ұлбике кібіртіктеп қалды да Тілеу деген есімді атамай-ақ қойғысы келіп. – Дәу көкенің үйіне кеткен.

– Е-е, айтпақшы Тілеу жол апатына душар болды деп жатыр еді, соның жай-жапсарын білуге кеткен екен ғой, – деп Құрбан Ұлбикеден көзін тайдырып әкетті.

Ерлі-зайыпты екеуі осылайша сұхбаттасып тұрғанда есіктен асығыс кіріп келген қатқан қарадомалақ бала ентігін баса алмай Тілеудің қазасын жеткізді. Құрбан мен Ұлбике дүдәмал күйде тұрып қалды. Осы сәтте екеуінің де санасына өткен оқиға еріксіз оралды. Бір-біріне ештеңе сездірмеуге әрекеттенсе де, жүрек шіркін барлық сырды іштей ұғындырды. Олардың көкіректерінде «барлық бәле-жала өзімен кетсін» деген пиғыл сайрап тұрды...

 

******

– Ұлбике деймін, Ұлбике, Берік отбасымен келіпті, мен барып амандасып келе қояйын, сен дастархан мәзірін даярлай бер, жарай ма?

– Рас па, оларды да көрмегелі қай заман, түу басым ауырып, көзім қарауытып кетті ғой. Ұлбике екі қолымен басын сығымдай ұстап отыра кетті.

– Не болып қалды, тыныштық па, қай жерің ауырып тұр, – деп Құрбан келіншегін сүйей берді.

Ұлбике тізесін әзер дегенде тіктеп әрі жымиып:

– Құрбан, жақында біздің үйде үлкен той болады, – деген сөзді әзер айтты.     

Құрбан нәресте иісі аңқыған келіншегін құшақтап, маңдайынан сүйе берді. Қас пен көздің арасында болған бақытты минуттар көңілдеріндегі барлық қайғы мен қасіретті, мұң-наланы жуып-шайып кетті. Екеуінің де санасында: «Егер де өміріміздің соңына дейін осылай түсінісіп өтер болсақ, біз алмайтын асу, біз шықпайтын шың болмайды» деген шабытты да, тасқынды ойлар бір-бірімен ұшан-теңіз жалғасып жатты.

 

Жолдыбай БАЗАР

 

2000 жыл


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: