Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ПРОЗА
ПИЯЗ ҰРЛАНҒАН ТҮНДЕ

Блогтар

26.07.2017
5467

ПИЯЗ ҰРЛАНҒАН ТҮНДЕ

Біз он бір адам едік. Далада жатқанда сол он бір адамның өзі де бір қауым ел болады екен. Әсіресе түнгі мезгілде. Әрқайсысымыздың еншімізде бір-бір гектар жер бар. Көктемнен бері пияз егушілердің санатына қосылдым да, даланың, пияздың, дихандардың өмірімен таныс бола бастадым. Пияз егіп дихан атанамын деген ой түсіме де кірмеген еді. Өткен жылы мектепті бітіргеннен кейін ешқайда оқуға бармай, ауылда бос жүрген соң әкем мені осындай жұмысқа салып қойған-ды. Бұл көктем кезі болатын.

 

Пияз егушілердің жас шамалары әрқалай. Мектепті енді ғана тәмамдағандықтан, арендаторлардың ішіндегі ең жасы мен болатынмын. Менен төрт-бес жас үлкен Қамбар дейтін жігіт бар еді. Менен гөрі қағылез, епті, өткірлеу. Әңгімеміз бірден жараса кетті. Ол да мен де футбол тамашалайтын болғаннан соң ба...

 

Осы, сен неге оқуға түспедің? Сенің орныңда болғанымда Алматыға ма, Шымкентке ме құритын ем. Сен осы айтысатын едің ғой, иә? деп сұрайды менен.

 

Иә.

 

Онда неғып жүрсің мына жерде кетпен ұстап? Кетсей оқуға.

 

Оқуды қайтем? Маған осылай далада жүрген ұнайды.

 

Мына жауапқа Қамбар күйіп кетеді. Сөйтеді де жәйлап өз ақылын айта бастайды.

 

Мықтыбек, дейді, дауыс мәнерін ақыл айтатын адамның дауыс ырғағына ауыстырып. — Сен қазір жассың. Саған қазір бәрі де, пияз да, мал баққан да, тіпті бездельник болған да қызық. Бірақ оқитын кезің. Ертең өкінесің. Мына пиязды сат та, ақшасына оқуға кет.

 

Ол да қатырады. Күздігүні қайдағы оқу? Дегенмен кейбір ақылдарының жаны бар. Мені ақымақ санап отырғаны айдан анық. Ақымақ емей ше? Мектепті үздікке бітіріп, мынадай өнерім бола тұра оқуға бармай, лай кешіп, пиязбен «сырласып», пиязбен «пияз болып» жүрісім мынау. Орыстардың бір мәтелі бар, «Біз ақылды баяу қабылдаймыз, үлкендердің 15 жасымызда айтқан ақылын 30-ға келгенде ғана әзер түсінеміз» дейтін. Рас...

 

Қамбардың өзі оқымаған. Басынан өткен соң айтып та жатқан шығар, мені кейін сан соғып жүрмесін деп.

 

Жақсы көретін қызың бар ма? дейді енді бірде. Жерге қараймын. Үй мен егістіктің арасынан шықпайтын жігітте қандай қыз болушы еді?..

 

Пиязды сәуірдің басында егіп тастайсың да, қыркүйекте жинап бітесің. Бұл «құрғыр» қуырдақ жеген адам секілді суға тоймайтын көкөніс екен. Еге салып суарасың. Қылтиса суарасың. Көшеті түгел шықпай қалса суарасың. Күзге дейін 15 мәрте су айдаған шығармын. Қайта-қайта суара берген соң, арамшөптер құтырына түседі. Оны қайта-қайта қолмен жұлып әлекке түсесің. Әйтпесе қауқиып өсіп алады да, сенің төбесінен тартып өсіре алмай жатқан, «аялап, әлпештеген» пиязыңның жерден алатын қорегіне ортақтасып, әлімжеттік танытып, пиязды өсірмей қояды. Қысқасы, пиязды күннің көзінен таса етпей өсірмесең, не кеш піседі, не болмаса өнімді аз береді. Бір гектар жердің шөбін қолмен жұлып шығуды елестетіп көріңізші. Дихандардың арасында «Пияз пісіру — инемен құдық қазғандай» деген мәтел бар. Себебі, пиязды ешқандай техника араластырмай, тек қолыңмен пісіресің.

 

 

 

Тамыз айы жақындағаннан пияз түйней бастайды. Міне, осы кезден бастап басына шартақ құрып қарауылдамасаң, ұрылар сағындырмай-ақ пайда болады. Далада жатқаннан рахат не бар дейсің, кезектесіп қарауылдаймыз, немесе үшеу-төртеу боп та жата береміз. Пияз жұлынып, қырмандар үйіле бастаған шақта жұмыс тіпті бастан асып кетеді де, түнде қарауылдауға да мұршаң келмей тырп етпей ұйықтайтын күндер болады. Бір күні түнде шартағымда ұйықтап жатсам, біреу оятады. Қарасам, жас бала.

 

— Кімсің сен? — деймін, орнымнан атып тұрып.

 

— Сізді Қамбар шақырып жатыр.

 

— Аааа, қазір барамын.

 

Мына, жеті түнде шақырып жатқаны несі? Әлде ауылдағы бөтелкелес достары кеп қалды ма екен. Оның бөтелкелес достары көп. Жартылықтарын қолтықтап келеді де тұрады. «Закуске» деген мұнда жетеді. Пияздан бөлек, помидор да, қияр да жеткілікті. Бұл жақты ауылдың адамдары «берекелі жұмақ» санайды да, тыныш жер деп көбіне осында келіп, масайып жүреді.

 

Ай сүттей жарық болатын. Қамбардың қасына ешнәрсеге соқтықпай, сүрінбей тез жетіп бардым. Әйтпесе қараңғыда егістіктің ішінде жүру оңай емес. Жетіп барсам, екі-үш бөтен жігітпен шарапты ортаға қойып, әңгімеден жіберіп жатыр екен. Мен амандасқаннан:

 

— Оооо, Мықты інім, кел, — деп дауыс беріп қойды. Ана жігіттер шынымен бөтен екен. Біреуі:

 

— Бұл мықты жігіт кім болды екен? — деп сұрады. Мақтағанды қатырып, қосып айтып, асырып тастайтын Қамбар екпіндеп тұрып таныстырып жатыр.

 

— Мұқа, — дейді маған. — Мына жігіттер менің достарым. Алматыда бірге жүргенбіз, көрші ауылдан, танысып қой.

 

Таныстым. Біреуінің аты есімде қалыпты — Данияр. Қалғандарын есімде жоқ.

 

Олар әңгімеден жіберіп жатты. Мен рұқсат сұрап ем, жібермеді. «Шаруа бар» деп. Ішкеннің ішкенмен әңгімесі жарасады. Мыналардың әңгімесі бір-бірінен асып түсіп жатты. Жастық шақтары, Алматы, ол жақтағы кейбір ортақ достарын айтты ма, мен болсам Қамбардың шартағында қисайып жатып көзім ілініп кетіпті...

 

Қанша уақыт көз ілгенімді білмеймін, Қамбар:

 

— Мұқа тұр, — деп жұлқылағанда бірден оянып кеттім. Мен ұйқымды қимай:

 

Оу, не болды? деймін жата бергім келіп.

 

Тұр, пияз қаптасып жіберші маған. Ана жігіттерге үш қап пияз сатамын.

 

Салқын түнде ұйқыдан тұрып ондай шаруаға кімнің барғысы келеді дейсің:

 

— Өздерің қаптай беріңдерші, бармаймын... — деп қоямын. Қамбар тыңдаушы ма еді, тағы қайталайды.

 

Бардық. Анықтап қарасам, Қамбардың жері емес сияқты. Қамбардың қасындағы Жеңістің жері. Мәссаған, мынау біреудің пиязын біреуге сатайын деп жүр ме?

 

— Оу, мынау сенің пиязың емес қой?

 

— Үндеме Мұқа, — деді Қамбар.

 

— Сен сонда, біреудің пиязын ұрламақсың ба? Мынау ұят қой?

 

Қамбар маған қарады. Мұндайды күтпеген болуы керек, шамасы.

 

— Мәке, — деді. — Сенің шаруаң қанша, давай, тез қаптасып жібер, біреу келіп қалмай жатып бітірейік.

 

Мен міз бақпадым.

 

— Қамбар, сенің осындайың бар ма не?

 

Қамбар шынымен маған таңдана қарады. Қарады да, жаңағы лыпылдап жатқан көңіл-күйін сабырлыға алмастыра салды.

 

— Мықтыбек, сөзді көбейтпе. Сенің пиязыңа тиіспесем болды емес пе? Жеңіске жаның ашып бара ма? Жоқ, сен ешкімнің ештеңесін алмайтын коммунистсің бе?

 

Ар жағынан «бөтендердің» бірі сөзге араласты.

 

— Қамбар, мен саған айттым ғой, сол баланы шақырмай-ақ қой деп. Енді неғып тұрсың, беретін пиязыңды тез бер, кімдікінен болса да. Кетейік.

 

Ананыкі міндет сияқты. Досын іздегіш болса пияздың шөбін жұлып, қол көмек керек боп қиналып жүргенде келмей ме, пияз піскенде емес. Қайдам, бұлардың достықтары шамалы сияқты екен. Басыма осы ой сап ете қалуы мұң екен, ол доссымағы маған бірден ұнамай қалды. Өзім ұнатпайтын адамның қоржынына мен пияз салып беруім керек екен. Хех...

 

— Қамбар, — дедім. — Кімнің пиязын сатсаң оның пиязын сат, мені араластырма, мен кеттім.

 

Әлгі міндетсінгіш соңымнан тіл қатты.

 

Мәке, тоқта, деді. Тоқтадым. Не айтар екен?

 

Мәке, еркекпіз ғой. Мына әңгіме жайлы тіс жармайсыз ғой, иә? Әбидә болмасын.

 

Біреудің үш қап пиязына бола «еркектігінен» айрылғысы кеп, ерігіп жүрген адамға ұқсатқан сияқты. Уайымы күшті екен, қанша міндетсінсе де.

 

Жарайды. Қам жеме!

 

Кетіп қалдым.

 

 

 

Таңертең жанымдағы алқапта пияз еккен Серік деген кісінің баласы келіп:

 

Сізді Жеңіс атам шақырып жатыр, деді. Есіме түнгі оқиға сап ете қалды. Пиязы ұрланған Жеңіс мені неге іздеді екен? Әлде менің аяқ киімімнің ізін танып қойыпты ма? Жеңістің қасына жеткенше осы осы ойлар мені айналдырды. Сөз жоқ, қазір ұрланған пияз әңгіме болады. Жаңылыспаған екенмін. Жеңіс және үш-төрт кісі түндегі пияз ұрланған қырманның жанында тұр екен. «Мхмм»...

 

Амандасқаннан соң Жеңіс төтесінен тартты.

 

Мықтыбекжан-ау, ұйықтай бермей пиязды қарауылдасаң қайтеді? Поляны ұры басып кетіпті ғой. Сен бар деп үйде уайымсыз жатсам...

 

Қапелімде не дерімді де білмей қалдым. Масқара боп, пиязының қолды болғанын менен көріп жатпаса де.

 

Жеңіс жерде шашылып жатқан ірілі-ұсақты сарғайған пияздарды қырманға тастады да «Кем дегенде үш-төрт қап ұрланған» деп өз-өзіне сөйлеп қойды. Ала жаздай істеген бейнетіне іші ашып та жатқан болар, жасы 50-ден асқан кісіні аяп та кеттім. «Ай, Қамбар-ай» деп қоямын. Тығырыққа тірелу деген осы болар. Мен болсам, кімнің ұрлағанын білемін. Айтсам ғой, Жеңіс Қамбар аямайды. Үш қап пиязға бола сотталып кетуі де мүмкін...

 

Түнде бір өзің қалыпсың ғой осында.

 

Иә.

 

Селк ете қалдым. Мынау менен көрейін деп отырғаннан сау ма? Түнде Қамбар да қалған сияқты еді ғой.

 

Жеңіс менің ойымды оқып қойғандай:

 

Мықтыбек, мен сені ұры дегелі жатқан жоқпын. Тек, далада қарауылдаған соң әр заманда даусыңды шығарып айғайлап қоюың керек еді. Сонда адам бар екен деп ешкім жоламас па еді.

 

— Жәке, қатты шаршаппын...

 

Сөзге Милан деген кісі араласты.

 

— Жәке, негізінде, пиязды бұлай дап-дайын етіп айдалаға үйіп қойып, үйде қамсыз ұйықтағаныңыз дұрыс болмапты. Бүгіннен бастап қаруылдамасаңыз ұрланғаны ұрланған. Мықтыбектің жалғыз өзі он бір гектар жердің қай бұрышын қарауылдайды? Күнімен тынбаған соң шаршайды, түн болған соң ұйықтау керек дегендей...

 

Мәке, мен де соны айтып жатырмын ғой. Мықтыбек қайдан білсін, жап-жас бала. Менің күдіктеніп отырғаным, ұры арамызда. Менің бетін шөппен жауып тастап, жасырып қойған қырманымды жеті қараңғы түнде басқалар қайдан тауып алсын...

 

 

 

Ұрлыққа куә болғаны құрысын, Жеңістің қасынан кетіп, шартаққа барғанымда да біліп тұрып айтпағаным өзегіме қадалды да тұрды. Ала жаздай дос ретінде сыйласып, шүйіркелесіп, айдалада, аңызақта жарты шәйнек шәйді бөлісіп ішкен Қамбарды үш қап пиязға бола басын бәлеге байлауға дәтім бармады. Ана пейілімен менімен бұдан былай дос та бола алмайтын шығар, дегенмен сол өткен күндеріміз үшін бір жолға «көрмеген» болуға бел шешім қабылдадым.

 

Қамбар сол күні мүлдем көрінбеді.

 

Ертеңіне түнде шартақта ұйықтап жатқанымда біреу түртіп оятты, қарасам Қамбар.

 

— Мықа, айып етпе, пияз қаптасып жіберші.

 

«Тағы да ұрлайсың ба? Ұят емес пе?» дегелі тұрдым да, себебін біліп алайыншы деп артын бақтым.

 

— Жәйша?

 

— Біздің пияздан үш қап пияз қаптап, Жеңістікіне қосып қояйық. Өткенде ана бәлелер ішіп отырып миымды ашытып, мені азғырған еді, мен де не істеп қойғанымды кейін түсіндім...

 

Орнымнан атып тұрдым.

 

— Кеттік!


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: