Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ПРОЗА
ҚҰДАЛЫҚҚА САЯХАТ

Блогтар

25.09.2017
6854

ҚҰДАЛЫҚҚА САЯХАТ

ҚҰДАЛЫҚҚА САЯХАТ

(Әзіл әңгіме)

Қоғалыға қыз беріп, тойға аттандық. Діттеген уақытымызда сырнайлатып, жалаулатып, желбіреніп жетіп те бардық. Құдалардың аты-жөндерін де мекен-жайларын да сұрамаппыз. «Ауыл іші - ел ғой...не бопты, жарық күнде адасып». Айтқандай-ақ, елді мекенге енді кіргенде  алдымызды арқан керген бала-шаға бөгеді. Жоралғысын беріп, тойшылардың үйіне жөнедік. Құшақ жайып қарсы алды. Аман-саулық сұрасқан соң, жөнге көштік.

-         Күйеу бала көрінбейді ғой, қарсы алам деп еді?

-         Қарсы алғаны несі? Күйеу бала өз балдарың емес пе?!

-         Жоға!.. Біз қыз беріп отырмыз...

-         Жоға боса, жоға! Қызды біз беріп отырмыз!..

Бұндай масқараны кім көрген, көсіліп төрде отырған сияқты едік, ит қосып қуғаннан жаман күйді бастан кешіп, даладан бір-ақ шықтық. Шатасып басқа тойға түсіп кетіппіз. Енді қай үйде құда тосып отыр деп сұрастырып, тағы жөнедік. Арқан керген бала-шаға, жөн-жоралғы... Ағызып есік алдарына бардық. Жапырыла шығып қарсы алды, сүйісіп жатырмыз... Бұ жолы сенімдірекпіз. Сонда да сақтықта қорлық жоқ дегендей төрге өрлемей тұрып:  

 -    Біздің қызымыз қайда? – дедік.

-         Бақлима! Келінді шақыршы!..

Алдымызда сәлем салып, бір шынашақтай қыз  тұра қалды. Тағы «Не болдымға» жолыққанымызды аңғарып, ләм-мим деместен кері шегіндік. «Құдалар» аң-таң болып, олар қалды.

Енді көшедегі елден тағы сұрауға көштік. Ауыл шетінде тағы біреулер құда тосып жатыр екен. Бұл жолы ақылды болып, алдымен жансыз салдық, «Нендей той, әсіресе келіндерінің есімі кім» деген сияқты жай-жапсарды білу үшін. Абыройымыз тағы айрандай төгіледі екен, бүйтпегенде.

Күн батып, көз байлана бастады. Көшедегі ел ауылымызда енді өзге той жоқ деді. Үш мәшина жұрт қаңтарылып, қайда барарымызды білмей аңтарылдық. Ол кезде қазіргідей қалта телефоны жоқ. Жүйкелері түгесілген әйел жұрты еркектеріне шапты. Өстіп дай-дай болып отырғанда тұсымыздан теңселіп біреу өтіп бара жатып, қайта бұрылды. Қолындағы арқанын көрсетіп: «Жоралғысын бермесеңдер, өткізбеймін!» деді. Мас немені тыңдаған ешкім жоқ. Кінәліні өз арамыздан іздеп қызыл кеңірдекпіз. Анау құлашына арқанын керіп әлі тұр. Ішіміздегі шыжбалақ біреу сыртқа шығып, әлгімен тіресіп біраз тұрды да шәпкісін аспанға атып, қайта жүгірді.   

-         Құданың біреуі осы екен! Бұлар соноу таңертеңнен жол тосумен

болыпты... бізді көріпті, бірақ басқа біреулер алып кеткен соң, ары қарай отыра-отыра үміттері үзіліп, енді тарасыпты.

Сонымен түн ортасына таман әлгі ауылдан оншақты шақырым жердегі бір бөлімшеде тұратын құданың үйіне де жеттік. Талай ел тарап кетіпті. Қалғандарымен қаужаңдасып таңды  атырдық. Басында уайым болған жағдайымызға енді күлісіп, құда-құдағидың жекжаттары таң ата қайта жиналып, той көрігі қайта қызды.


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: