Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

Блогтар

04.02.2019
12563

Сағыныш

Сағыныш

 

 

Сағыныш...

 

(эссе)

 

...Қоңыр күз аяқталып, қыс басталар шақта жақындады. Біздің ауыл әлі («Үлкен жырғылты») Ноғайты деген жерде күзеуде отыр. Әкем бір отар қойды Нұржақып деген қойшымен бірге бағушы еді. Күзеудегі әр күніміз қызығы мен шұжығы араласқан тәтті күндеріміздің бірі. Кешкі сағат сегіздер шамасында мал өрістен келеді. Ауылдың бала-шағасы, қатын-қалаш, қыз-қырқындары жиналып ешкі саууға шығамыз. Бір отар малдың (500-600 бас) арасынан әркім өздерінің қолдарына түскен шыбыш, туша, ешкілерінің кез келгенін әкеліп шешелерімізге саудырамыз. Сауып болған соң ешкінің емшегіне сиырдың жаңа түскен жапасын жағып жібереміз, ондағы мақсат сасық иістен лақтары еміп қоймасын деген...

 

Күзеудегі әрбір кешіміз осылай у-шумен өтеді. Таң ағара күйкі тірлік жалғасады. Таңнан тұрып орман арасынан отын бұтап, ағаштың шөмшегін тереміз. Түс ауа үйге келіп, бір-екі кесе шайымызды апыл-пұғыл іше салып, жеміс теруге шығамыз. Біздің күзеуде отыратын жеріміз (ноғайты деп қазақша айтамыз, негізінен ногойты, қазақ тіліне аударғанда жыланды деп аталады) жыланы көп жер еді. Ата-аналарымыз жібергілері келмейді. Шулаған көп бала бой бермей қолымызға шелектерімізді алып, тошала, қарақат, қызылқат теруге шығамыз. Ол жердің жемістері кеш піседі. Оның себебі, таулы, орманды әрі теріскей бетте болатындықтан күннің көзі көп түсе бермейтін. Кешке арып-аршап шелегімізді сүйретіп келгенде, үйде үлкен қара қазанда құрт қайнап тұрушы еді... Қолымызға бір-бір қасық алып, дөңгелек пешті айналып тұрып құрттың көбігін жалаймыз. Әжеміздің ыстық құртқа күйесіңдер деген жан айқайын елейтін бала болмайтын. Өйткені, құрттан шығатын майлы көбік сондай тәтті, сондай дәмді болушы еді. Осының бәрі-бәрі балалық шағымның естен кетпес күндері еді... Әлі күнге дейін тай-құлындай асыр салып жүрген жерімді, сайран салған балалық шағымды сағынамын. Су әкелуге иық ағашқа (иін ағаш деп те атайды) екі шелекті іліп алып, бұлақ басына барамыз. Тастың арасынан шығып жатқан таза, мөлдір судың аққанын тамашалап, бетімізді жуып, тастан-тасқа секіріп ойнап жүріп қаламыз. Бір мезгілде ауыл жақтан «ит өліп қалды» деген дауыс естіледі. Ол дауыс су әкелуге кеткен бізді шақыратын дауыс еді. Дауысты ести сала шелектерімізге су толтырамыз. Сөйтіп, қас қарая үйге жетеміз. Қазіргідей комьютер, телевизор, телефон дегенді білмей өстік. Сол кездің балаларының жаны нұрдан жаралған, пәк екен ғой. Дегенмен, ақшам уақытында үйге кіріп қарап отырмаймыз. Әкеміз марқұм «Бозінген» деген ертегі кітап сатып әкеліп берген. Соны үйдегі сегіз бала шамның жарығына үймелеп отырып оқитынбыз. Үлкені дауыстап оқиды, басқалары тыңдайды. Әжеміз адуынды от тілді, орақ ауызды кісі болды. «О, қу топалаң» үймелемей алыс отырыңдар, деп айқайлаушы еді. Өзі бірақ түйір шам.Оның жарығын біз жауып алдық. Сондықтан әжеміздің айқайы елеусіз қалатын. Біз болсақ сәл ғана артқа шегініп отырып, бойымыз жылынып, буын-буынымыз босап, ертегінің аяғын естімей терең ұйқыға кететінбіз.

 

Таңғы сағат бес жарым алтылар шамасында көкемнің өктем даусы бәрімізді шырт ұйқыдан оятатын. Үлкен ағаларымның аттарын атап (Солтанхан, Баймұқан, Қажымұқан) атты әкеліп ерттеңдер деген сөзі таңның атқанын білдіретін. Сондағы олардың жастары он-он бір шамаларында. Қазіргі ол жастағы балалардың өңі түгіл, түсіне кірмейтін жұмыс еді ғой. Әке сөзі заң, әкеге ешкім артық сөз айтпайтын. Орындарынан тұрып әркім өз жұмысына кетеді. Біреуі шідерлеулі тұрған атқа, біреуі жайылымдағы жылқыға, біреуі өріп кеткен малдың артынан, әйтеубір бәрінің істейтін міндеттері бар еді. Биенің таңғы сауыны алты жарымда болатын. Менің жұмысым сабаны пісіп, ішіндегі қымызды ыдыстарға құйып, сабаны босату еді. Менің балалық шағымда доп ойнау емес, қозы жаю, қуыршақ ойнау емес, қой сауу, киноға бару емес, тезек теру болған екен.  Қайта айналып келмейтін, қайран балалық шақ... Қалай өтседе менің балалық шағым, мен үшін қызық. Еске алатын естеліктері көп...


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: