Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ПРОЗА
Сенімен ғана бақыттымын

Блогтар

29.06.2017
6952

Сенімен ғана бақыттымын

Арсен бозбала кезін қимастықпен сағынып, жиі еске алатын. Ағаштар бүр жарып төңірек жаңара бастағанда жастық шағы көз алдынан тіріліп, тізбектеліп өте беретіні бар:

- Ол отпускасының бастапқы күндерін ұйқымен өткізген. Екі-үш күн демалып тыңайған соң табиғат аясына серуенге шықты. Қалың қайыңды орман арасына орналасқан ауылының жасыл желекке бөленген кең көшелерін аралай жүріп «Тереңкөлдің» жағасына жетті. Далада үп еткен жел жоқ. Содан ба, ылғи толқыны жағаға ұрып жататын көл бүгін моп-момақан. Көл жақтан жасыл желекке бөленген ауылы әсем көрінеді екен, ғажайып көрініске сүйсіне қараған Арсен:

- Әттең, бір өкініштісі біздің жаққа көктем кеш келіп, көңілді жабырқататыны бар, содан ба біз көктемді асыға тосатынымыз. Әлде бұл аңсау жүрегіміз аяздардан мұз болып, көңіл күйіміз жоғалып, өміріміз қыраулана бастағаннан ба екен?!. Мүмкін көктем мезгілінде далаға шығып, күн шуағыннан жанымызды серпілтер, жүрегімізді сезімге бөлер, өмірімізге әдемі өзгерістер әкелер сәттерді күткеннен шығар. Содан болар көктем айын махабат мезгілі деп айтуымыз..., - деген қалың оймен келе жатып аялдама жанында тұрған қызға көзі түсті.

Үстіне омырауы жабық, алқызыл түсті көйлек киген, қос бұрымды, қасы-көзі қиылған аққұба өңді сұлу қыз сұңғақ денесін шалқайта ұстап, қалың ойда тұр екен. Ауылда бұрын көрмеген «Жұмбақ қыз», әлде тылсымнан түскен «Періште қыз ба» деп Арсен оған таңырқай қарады. Қыздың мұңайып тұрған келбеті оның ішкі жан әлемінің толғанысын байқатқандай. Мүмкін «Жұмбақ қыз» өткен күндер елесіне беріліп, біреулерді ойлап тұр ма, енді оны өзі ғана біледі.

Арсен оның қыр мұрнына, тұңғиық жанарына, ал қызыл ерніне, одан кейін назарын сәл төмен түсіріп, аққу мойыны мен кеудесіндегі қос алмасынан көзін алмай қарап:

– Кешіріңіз «Жұмбақ қыз» нені уайымдап тұрсыз, жүзіңізден тек мұңды ғана көріп тұрмын, – деді Арсен. Ойға шомған қыз қарсы алдында ғайыптан пайда болған сымбатты жігітті көріп, абдырап қалды да бойын тез жиып:

– Кеш жарық! Иә, өзімді қалай жазғырарымды білмей тұрғаным. Бұл диплом алған қуаныштың салдары болар автобекеттен ауылға барамын деп, басқа бағытқа жүретін автобусқа отырғанымды аңғармаппын. Енді міне танымайтын, білмейтін ауылға келіп «барар жер, басар тауым» болмай тұрғаны! Әке-шешем де, мені асыға тосып отырған шығар!?. Ал мен болсам?!!. Әйткенмен «Қырықтың бірі Қызыр дейді» мүмкін Қызырым шығарсыз менің сәлемімді үйіме жеткізсеңіз, - деді «Жұмбақ қыз» жігітке үміттене қарап.

– Иә, Қызырыңмын, тек ауылыңызды айтсаңыз болды? Сонда да, осындай әдемі қыздың тал түсте адасуы жігіттер үшін таптырмас олжа екен, сондықтан әулиелігімді ысыра тұрып, сізді алып қашсам қайтеді, - деді мәз болған Арсен.

– Келбетіңіз зиялы адамға ұқсайды, әзіліңіз болар. Мен Уәлиханов ауданы Қаратал ауылының тумасымын, ал қазір тұрған жерім Айыртау ауданы Қаратал ауылы, енді ойлап қараңызшы қандай ағаттық жасағанымды, — деді қыз қамығып. Арсен оның сөздерін ой елегінен өткізіп:

– Атыңыз кім, менің нысыпым Арсен.

– Өте жақсы, менің есімім Гүлбаһрам.

– Гүлбаһрам - Гүлбаһром! – деп қыз есімі анасының есіміне ұқсағанына тамсанып бірнеше рет қайталады. Бір сәтке мұңайған қызды ұмытқандай болды. Көңілі жадырап сала берді. Бірақ, есін тез жиып, жабырқап тұрған бойжеткенге назар аударып:

- Иә, ауылдың аттары ұқсас, бірақ бұл сіз танымайтын ел. Мен Қызырың болайын, үйіме жүріңіз. Ұялмаңыз. Автобус ауылға сирек қатынайды, қонақ боласыз. Сосын үй ішіңізбен хабарласамыз.

- «Қызға қырық үйден тыю» деп тәрбие көріп өскен қыз едім десем де «Басқа түссе баспақшыл» дейді. «Көлденең көк аттының соңынан еріп келген қандай қыз?!.» деп анаңыз кеиісе де, сіздің ұсынысыңызға көнемін, мен де басқа амал жоқ сияқты, өйткені сіздің зиялығыңызға сенемін, - деді Гүлбаһрам.

- О, не дегеніңіз, менің анам дүниедегі ең мейірімді адамдардың бірі. Ал, қарындастарым қазақы тәрбиенің нәрін алып бойжетіп келе жатқан жандар. Үйге жүріңіз, мен де тек жанашырлық, достық ой, - деп Арсен Гүлбаһрамдың қолынан ұстап өзіне тартып еді, бойжеткен Арсеннің ыңғайына көнді. Арсен Гүлбаһрамның қолын уысынан шығармай үйіне қарай бет алған.

Ұлымен қол ұстасып келген қызды көріп анасы қуанып кетті. Енді қайтсін көптен бері баласын үйлендіре алмай жүрген ананың тілегі аяқ астынан қабыл болды деген осы. Ол қыздың бетінен: «Келінім» деп сүйіп жатты. Арсен не дерін білмей абдырап: «Апа-ау, басқаша ойлап қалма, қыздың есімі сізге ұқсас Гүлбаһрам, біздің ауылға адасып келген. Ол ауылда ешкімді танымайтын болған соң, оны үйге ертіп келдім», - дегенге: «дұрыс істегенсің» деп анасы одан сайын қызды мейірлене құшақтап жатты. Гүлбаһрам ана сөзінен ұялса да, оның сөзін риясыз қабылдап, осы үйге келін болып түсуге кет әрі емес екенін байқатып алды. Арсенге де қыздың биязы мінезі, әсем көркі ұнап қалды.

Кеш түсісімен Арсен Гүлбаһрамды ауыл көрінісімен таныстырайын деп көшеге алып шыққан. Ал, Гүлбаһрам болса ойға шомған, мүмкін үйі-іші еске түсіп кетті ме, ол енді өзіне ғана аян. Тіпті Арсеннің қасында бар-жоғын да ұмытып кеткендей.

– Сіз ылғи осылай үндемей серуен құрасыз ба? – деп сұрады Арсен қыздың ойын бөліп.

– Шынымды айтсам көптен бері серуенге шыққаным осы. Бойжеткен кезде, құрбыларыммен бірге айлы аспан астында сырласатынбыз. Кейде рауандап атқан таңды да қарсы алған сәттер болатын. Ондайда әжем «Періштем, дала кезуіңді қашан қоясың? - деп еркелететін, - Шіркін - ай, сол кез сағыныш болып қалады деп кім ойлаған?

– Шынында, әжеңіз сіздің періште екеніңізді білген екен, - деп Арсен қулана жымиып, - дегенмен Қыз Жібек сіздің көлеңкеңізде қалады екен.

  • Сіз мені тым дәріптеп жібердіңіз, сізді де бірінші көргенде Төлегеннің өзі болмаса да, көзі ғой деп ойлап едім, - деді қыздың жүзі алабұртып.

Осылай әңгімелері жарасып кетті. Ауыл табиғатына сүйсінген Гүлбаһрам «ауылың жұмақ жерде орналасқан екен» дегенде, Арсен:

- Иә, менің туған жерім – төсінде қайыңы мен жусаны жайқала өскен жазиралы жұмақ өлке. Осы қайыңды өлкенің «Тереңкөл» жағасында «Қаратал» ауылым орналасқан. Бұл өңір түгін тартсаң майы шығатын, шыбығын ексең шынары шығатын құнарлы қара топырақты өңір. Ал жусаны сіңген жұпар ауасы жанға дауа, зәмзәм су бойға дауа деп анам үнемі айтып отырады. Сұлулықтың, адалдықтың символы аққу құс «Тереңкөлімнің» айдынына жылда қонады. «Аққу киелі құс, ол тек киелі жерді ғана мекен етеді» дейді анам.

Бір кезде ауыл мектебі сегіз жылдық болды, сол сегізінші класстың соңғы емтиханында туған жерге деген сезiмiмдi өлең жолымен өргенім бар. Әлемде Қараталдай қайыңды өлке, әлемде «Тереңкөлдей» үлкен көл жоқ деп сипаттағаным есімде. Сол кезде маған, шынында да, солай көрiнген. Ауылдан алысқа ұзап шықпаған баламын басқа орманды да, басқа көлдi де көрмеген едiм.

Кейiн есейген соң бiлдiк те, көрдiк те, Қараталдың қайыңды орманын бәлен есе орап алатындай ормандар бар екенін «Тереңкөлден» әлдеқайда байтақ, о шетi мен бұ шетiне көз жетпейтiн шалқар көлдер де көп екенін көрдік.

Сонда да туған жерiмнiң қайыңды орманы қай қиырда жүрсем де көзiме сол баяғы бала кезiмдегiдей шетсіз –шексіз, айдыны шалқар көл болып елестейдi де тұрады. Туған жерім – алтын бесiгім. Ол мені әлдилейдi, тербетедi. Қиялымды ұштайды. Ал, мұның сыры туған жерге деген ыстық махабатымда болса керек.

Гүлбаһрам бұған жымия қарап:

  • Ақынжанды адам деп ойлап едім ойымның дәл келгенін қарашы.
  • Иә, ауылым туралы айта бастасам арқам қозып ауылымды жұмаққа теңгеретін әдетім бар, мүмкін бұл елін сүйген әр адамға тән қасиет шығар, - деді Арсен.

Арсен Гүлбаһраммен әңгімелесе жүріп, оның жанының тазалығына, ойының тереңдігіне сүйсінді «бұл періште бағыма қонар құс болсын», - деп Арсен іштей қалап еді. Бірақ, Гүлбаһрамға сезімін жеткізуге батылы бармай кейінге қалдырған Арсен, ертеңіне ұйқыдан кеш тұрған.

Далаға шыққан беті сол еді, анасының «ибалы, инабатты қыз еді» деп сөйлеп жүргенін естіді.

Арсен:

- Апа, не деп кеттіңіз? - дегенге.

- Алланың қалауымен босаға аттаған қыз саған қарайлай - қарайлай автобусқа отырып кете барды. Сен ұйықтап жатырсың. Ұйықтай берсең бұл өмірде соқа басың ғана өтетін шығар, - деп сөйлеп жатқан анасын жүре тыңдап, аялдама жаққа қарай жүгіре жөнелді.

Аялдамада тұрған кісілерден автобустың қалаға баяғыда кеткенін естігенде, өзегін ащы өкініш өрттеп кеткендей болды. Салы суға кетіп, үйге қайта оралды. Қарындасы «Гүлбаһрам, сен туралы сұраумен болды, тегі сені ұнатып қалған сияқты. Автобустың келе жатқанын көріп, сенімен сөйлескісі келіп еді ұйқыңды қыймады ма, саған мына хатты тастап кетті», - деп Арсеннің жанын одан сайын күйзелтті.

Ол жанталасып қыздың хатын оқи бастады «Арсен, сен хатымды оқып жатқанда мүмкін мен ауылға жетіп қалармын, кім білсін, ұйқың қатты көрінді. Қонақ аз отырып, көп сынайды демей ме, шынында сен келбетіңмен, ақжарқын мінезіңмен маған қатты ұнадың. Әттең, саған деген ыстық сезімімді өзіммен бірге қайта алып кетіп бара жатқанына өкінемін!

Бүгінгі күнге дейін оқу деп жүріп ойын-күлкіге әуес болған жан емен. Өйткені менің мақсатым ата – анамның маған үкілеп артқан үміттерін ақтау еді. Анам «адамды бір көргеннен ұнатсаң, сол сезім сені ешқашан алдамайды» дейтін. Расында сіз маған бір көргеннен ұнадыңыз, әттең сізден батыл сөздер тосып едім, бірақ та... «Қыз жолы жіңішке» ойымдағыны айта алмай кетіп барамын?!. Әсілі, сіздің ауылға тап болуым, сенімен кездесуім менің маңдайыма тағдырдың жазған жазуы шығар. Кім білсін?!.

Р/s. Автобус келе жатқанын көріп, үйіңізде жата беруге ұялдым! Сізге айтпай кетіп бара жатқаныма ренжімеңіз, ұйқыңызды қыймадым. Аман болсақ, әлі талай жүздесерміз. Періштеңіз! Мекен –жайым төменде көрсетілген», - деп жазған Гүлбаһрамның хатын оқыған Арсеннің көкіреген өкініш кернеп үнсіз отырып қалды, бірақ «Періштеңіз!» деген хат жолы оның жүрегіне үміт отын ұялатып еді.

 

Арсен Гүлбаһрамнан хатына жауап алды. Гүлбаһрам хатында: «Ауылда мектепке мұғалім болып орналастым. Бәрі жақсы. Үйіңде сенің жазған эссе, новелаларыңды оқып, қатты әсер алдым, келешекте айтулы қаламгер болуыңа тілектеспін.

Ауылыңнан кетерде рауандап атқан таңмен сені көріп қаламын ба деп жанарыммен жаутаңдап үйіңнің жанынан сені іздедім. Ұятты қойып, үйіңе қайтып та келгім келген. Бірақ бейғам ұйқыңның тыныштығын бұзғым келмеді... Сонда да үмітімді үзгім келмей сені көріп қалармын деп үй жағыңа жалтақ-жалтақ қарап автобусқа міне бергенім де есімде...

«Қаратал» кеші соншалық әдемі болғанымен, маған соншалық мұң қалдыратынын білмеппін... Өзің тұратын ауылдың жусан сіңген жұпар ауасын жұтып қайтқанымды бойыма қуат еттім...

Үйге келгеннен кейін де, сені қимай, жүрегім сенің жаныңда жүргендей әсерде болдым» депті.

«Бір көргеннен ғашық болу сезімі тек махабат дастандарында ғана болады деп ойлаушы едім, бекер екен, ғашық болған жүрек кеудеме симай, өзегімді өртеп сезімімді қайнатып барады. Сондықтан Гүлбаһрам, астаң - кестең ойларым «өмірде сенімен бірге болсам дейді, бұл ойымды құп көрсең жауабыңды тосамын», - деген Арсен Гүлбаһрамға жазған хатында.

Содан міне аттай бір ай өтті. Гүлбаһрамнан жауап жоқ. Арсен оның хатын асыға тосумен әрбір таңды асыға тосатын. Шыдамы жетпей жұмысынан сұранып, анасының ақ батасымен Гүлбаһрамның үйіне баруға жиналды.

Жолға жыйналып жатқанда, пошташы қыз Гүлбаһрамның хатын әкеліп берген. Қуанған ол хатты асығыс оқи бастады.

«Сәлем Арсен! Менің хатымды тағатсыздана тосып жүрген шығарсың, бірақ кешір. Бәрі ойламаған жерден болды. Ауданға жиналысқа бара жатқанда көлігіміз апатқа ұшырап, соның салдарынан аяғым сал болып, мүгедектер арбасына таңылдым. Бұл жағдайды саған айтуға дәтім бармады, екінші жағынан мені ұмытарсың деп те ойладым. Бірақ сенің жазған хатыңды анам әкеліп берген соң жағдайымды айтып, жолыңды тап дегім келеді. Өйткені, сен менімен бақытты бола алмайсың!!!

Дегенмен өмірімдегі есте қалар сәтім сенімен кездескен уақытым екен. Екеуміз кездескен көктем мезгілі кешегі көрген түс сияқты күн сайын менен алыстап бара жатыр, ал сол түстің ішінде сені көргеніме шүкіршілік етемін.!!! Енді сені тек өткен күндер елесінен іздейтініме ғана өкінемін! Хош - сау бол?!.

P/s: Бірақ Арсен, сен мені жалғыз деп ойлама. Арманым, үмітім бар. Олар менімен бірге» деп жазыпты.

Хат қолынан түсіп, есеңгіреп қалды. «Жоқ, бұл жағдай мені мойыта алмас» деп тас түйін бір шешімге келген-ді.


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: