Блогтар
Тарихи Хамиди кітабы.
Алғы сөз
Орталық Азияның маңызды стратегиялық бөліктері саналатын Қазақстан мен Шығыс Түркістан – ежелден-ақ саяси қарым-қатынастары және әлеуметтік-экономикалық байланыстары өзара тығыз байланысқан, мәдениеті мен өркениеті ортақ өңір. Осы өңірде орын алған аумалы-төкпелі кезеңдер мен тарихи оқиғалар бағзы заманнан бері бір-бірімен тығыз байланыста дамыған. Осында мекендеген және өздеріне тән жоғары дәрежелі тарихи-мәдени құндылықтарды қалыптастырған байырғы халықтардың діні мен тілі бір, түп-тамыры ортақ. Сондықтан түп-тегі ортақ Орталық Азия елдерінің тарихы, мәдениеті, тілдерінің кейбір тұстарындағы өзіндік ерекшеліктеріне қарамастан, оларды бір-бірінен бөліп қарастыру мүмкін емес.
Жетішаһар – XIX ғ. орта шенінде Жоңғарияның оңтүстігі және Қашғария аумағында (қазіргі Қытай Халық Республикасының Шынжаң-Ұйғыр автономиялы ауданы) ұйғыр халқының және басқа да жергілікті халықтардың Циң патшалығына қарсы ұлт-азаттық көтерілістерінің нәтижесінде пайда болған және 1877 ж. дейінгі кезеңде дәурен сүрген мемлекет. Осы өңірдің тылсым тарихында Жетішаһар да, оны басқарған Мұхаммед Яқупбек Бадәулет те көрнекті де айрықша орынға ие. Қазіргі таңда да 14 жыл өмір сүрген осы мемлекеттің дәуірі Шынжаң тарихында ең сырлы және жұмбағы көп тарихи кезең саналады.
Шет елдерде Жетішаһар тарихына және оның билеушісі Бадәулетке қатысты шығармалар көп жазылған және бұл кезең біршама терең зерттелген. Алайда Қазақтанда осы саладағы зерттеу біршама кейін басталған һәм әлі де кең көлемді зерттеулерді талап етуде. Елімізде осы саладағы белді еңбектерден 1990 ж. Алматыда ұйғыр тілінде басып шығарылған тарихшы Д.Исиевтің «Йәттишәр уйғур дөлити» кітабын және жас тарихшы З.Каримованың «Мұса Сайрамидің «Тарих-и амнийа» шығармасы Шығыс Түркістан халықтары тарихының дереккөзі» атты тақырыпқа жазылған ғылыми-зерттеу еңбегін атауға болады. Жетішаһар және Яқупбек Бадәулеттің билігі жөніндегі қазақ тіліндегі зерттеу материалдары мен арнайы еңбектер тіптен аз. Сондықтан осы кітап Жетішаһардың тарихын біршама жүйелі, терең және жан-жақты таныстыра алады, Шынжаң тарихының осы кезеңіне қызығушылық білдірушілер мен зерттеушілерді қомақты да пайдалы деректермен қамтамасыз етеді, олардың бастапқы зәрулігін қандыра алады деген ой-пікірмен аударылды.
«Тарихи Хамиди» - бүкіл өмірін Кучар, Үштұрфан, Ақсу қалаларында және Бай ауданында өткізген Молла Мұса Сайрамидің шағатай-түрк тілінде (жергілікті түрк тектес халықтардың сөзінше, «молда-дінбасылардың тілінде») жазған 1864-1878 жж. Қашғариядағы аласапыран оқиғалардың жылнамасы. Автор бұл шығармасын өзінің бұдан бұрын жазған «Тарихи Әмини» атты еңбегінің негізінде хижраның 1326 ж. шаууал айының 26-күні, қазіргі жыл санауы бойынша 1908 ж. 10 шілдеде жазып бітірген. Кейбір мәліметтер бойынша, Мұса Сайрами осы шығарманы өз қолымен бес рет көшіріп шыққан. Автор қолжазбаның хижраның 1329 ж. (1911 ж.) өз қолымен көшірген бір нұсқасы ҚХР Қоғамдық ғылымдар академиясының Ұлттарды зерттеу (Этнография) институтында сақталған. Өкінішке орай, бүгінге дейін дереккөздің осы нұсқасы ғана ғылыми айналымда жүр. 1986 ж. шынжаңдық ғалым Әнуар Байтұр осы нұсқаны шағатай-түрк тілінен қазіргі ұйғыр тіліне аударды және баспадан шығарды. 2008 ж. қаңтарда Бейжіңде осы кітап екінші рет басып шығарылды. Қолыңыздағы кітап осы баспа негізінде аударылды.
Кейінгі кезеңдегі ізденулердің нәтижесінде, жапониялық ғалым, шығыс деректерінің жетік білгірі Ясуши Шенминнің мәліметтері бойынша «Тарихи Хамиди» кітабының тағы бір нұсқасы Швециядағы Лунд университетінің кітапханасында сақталғаны мәлім болды. Белгілі шығыстанушы ғалым Гуннар Ярингке бұл нұсқаны ХХ ғ. басында Қашғарияда болған швед миссионерінің баласы Я.Стефан атты адам сыйға тартқан. Қалған көшірмелерінің қайсы жерде сақталғаны беймәлім.
ХІХ ғ. ортасы және ХХ ғ. басы кезеңінде Қашғарияда өмір сүрген белгілі ұйғыр тарихшысы Молла Мұса Сайрамидің «Тарихи Хамиди» жылнама-кітабы Қарахандар мемлекеті, Моғолстан, Яркент хандығы (Саидия мемлекеті) және Жетішаһардың тамаша мәдениет ескерткіштерінің бірі және бірыңғайы болып табылады. Онда Моғолстан/Жетішаһардың Адам мен Нұх-пайғамбардан Циң әулеті осы өңірді бағындырып, өз билігін орнатқанға дейінгі тарихпен бірге, автор көбінде өзі тікелей қатысқан сол заманның төмендегі оқиғаларын кеңінен баяндады:
- 1864 ж. Кучар, Хотан, Қашғар және Яркенттегі ұйғырлар мен дүнгендердің Циң патшалығының үстемдігіне қарсы халық көтерілістері;
- Кучарда жергілікті қожалардың теократтық мемлекетінің қалыптасуы және құлатылуы, Рашиддин-қожаның (хан-қожа) үш жылдық басқаруының баяны;
- Мұхаммед Яқупбек-құсбегінің Қашғарияда пайда болуының тарихы, оның Қоқан хандығы және Бұхара әмірлігіндегі егжей-тегжейлі өмірі мен әрекеттері;
- Бадәулеттің Жетішаһарды билеуі, өз алдына дербес жерлерді бір мемлекетке біріктіруге бағытталған барлық жорықтары, дүнген шапқыншылығына тойтарыс беруі және Үрімші сұлтандығын бағындыруы;
- Хафташаһардың (Жетішаһардың) басқару жүйесінің ішкі құрылысын суреттеуі, Осман империясы, Ресей, Ұлыбритания, Түркістан өлкесі, кашмирлік князьдіктер, қалмақтар секілді төңіректегі елдер және ұлыстармен дипломатиялық байланыстары;
- Бадәулеттің басшылығындағы Жетішаһар/Моғолстанның Осман империясының құрамына кіруі, сол кездегі Мекка мен Мединаның иесі және Дар-ул-Исламның (ислам әлемі) халифтері саналған осман сұлтандары тарапынан сый-тартулар мен ілтипат белгілерін алуы;
- дүнгендердің бүлігі және Үрімші мен Манастың Жетішаһарға екінші рет бағынуы;
- Гансу мен Шэнси өлкелерінің генерал-губернаторы Цзо Цзунтаң қолбасшылығындағы манчжур жазалау корпусының Жетішаһарға жақындауы;
- Яқупбектің сатқын жақын мансаптылар тарапынан улануы және Циң қосындарының Жетішаһардың құлауына жеткізген соғыс қимылдары;
- Мұса Сайрамидің өз түп-тегі және шежіресі жөнінде әңгімелеуі (жаугершілік заманда жоңғарлар Ташкенттің түбіндегі Сайрамда өмір сүрген оның ата-бабасын қолға түсіріп, әуелгіде Тұрфанға, сосын Ақсу уәлиетінің Бай ауданына жер аударған);
- Жетішаһар мемлекетінің шаһарлары, олардың тұрғындары, әлеуметтік-экономикалық ахуалы және қасиетті мазарларының суреттелуі.
Мұса Сайрамидің осы шығармасы Қашғарияның тарихын зерттейтін мамандар, сондай-ақ қазақстандық қалың оқырмандар үшін ерекше қызықты болады деп сенеміз. Бұл кітап қазақ оқырмандарын сол уақыттағы ондаған, тіпті жүздеген тарихи тұлғалар мен қатынасушы кейіпкерлермен, жағрафиялық жерлермен таныстырады. Замандастарымыз үшін әзірге көмескі болып келген шытырман оқиғалар мен әрекет-қимылдарды аша түседі. Осы өңірдің тек ХIХ ғ. ортасын ғана емес, сондай-ақ одан бұрынғы кезеңдердегі жалпы көрінісін беретін әртүрлі оқиғалардың шұбатылған ұзын тізбегі көрсетіледі. Кітапты оқу барысында қазақстандық оқырмандардың көз алдында Жетішаһардың шынайы тарихы және оның билеушісі Мұхаммед Яқупбектің өмірі мен саяси бейнесі біртіндеп ашыла түседі.
Кітап қыпшақ, дулат, найман, барлас және басқа да ру-тайпалар туралы тың деректер береді. Қазақ оқырмандары Жетішаһар мемлекеті орнаған Қашғарияның бүкіл Тұран өңіріндегі түрк халықтарымен тығыз байланыста болғанын көре алады. Жетішаһардың басқару аппаратын және жер-жердегі атқару құрылымдарын жергілікті ұйғыр халқының азаматтарымен қатар, Қоқан мен Хиуа хандықтары, ұлан-ғайыр Қазақ даласы, Бұхара әмірлігі, Ауғанстан, Үндістан, қырғыз бен қалмақ тайпалары және басқа да ел-ұлыстардың мыңдаған азаматтары бірлесіп құрағанына көз жеткізеді.
«Тарихи Хамидиді» аудару барысында шағатай-түрк және ұйғыр тілдеріндегі әуелгі мәтіннің сақталуы ескерілді және осы заманғы қазақ тіліне барынша бейімделді. Сондай-ақ аудару барысында төмендегі жайттерге назар аударылды:
1. Түпнұсқадағы мәтінге толығымен сәйкес болу, аударма мен оның ішіндегі термин-атауларды қазақстандық қалың оқырманға дұрыс жеткізу үшін елімізде қабылданған немесе қолданылатын жазу ережесіне сай көрсетілді.
2. Шығармада әрбір сөйлемде дерлік жиі қайталана беретін және осы арқылы оларды күрделілендіретін кейбір етістіктер, мансап атаулары, адам немесе жер аттары қайта-қайта жазу қажетсіз деп қаралған жерлерде қысқартылды.
3. Кітаптардың кейбір тұстарында Мұса Сайрамидің қытайлар, дүнгендер мен қалмақтарды жек көретін немесе кемсітетін сөздерді қолдануы немесе өз заманындағы саяси жағдайды және Шынжаңдағы халықтардың өзара қарым-қатынастарын суреттеуі, ең алдымен, XIX ғ. 2-жартысы және XX ғ. басында осы өңірде орын алған этно-саяси ахуалға негізделген ұйғыр қоғамының көзқарасы тұрғысынан беріледі немесе сол кездегі қоғамның өкілі болған автордың өзіндік жеке ой-пікірін білдіреді.
4. Оқырмандарға түсінікті болу және жаңылыстырудан сақтандыру үшін түпнұсқа шығарманың әр жерінде әртүрлі әріппен жазылған жер-су мен елді мекендердің аттары, адамның есімдері бірыңғай жүйеге келтіріліп, қазіргі қазақ тілінде қолданыста жүрген атауларға сәйкес аударылды.
5. Шығарманың дәмін келтіретін кейбір көне шағатай-түрк сөздері және қазіргі таңда қазақ тілінде архаизмге айналған сөздер мүмкіндігінше сақтап қалдырылды, олардың қазақ тіліндегі баламасы мен мәні жақшаның ішінде берілді.
6. Тіл мен тарихты зерттеушілерге оңай болу үшін шығарманың тілі, грамматикалық ерекшеліктері және жазу үлгісі негізінен сақталды. Тек кейбір күрделі сөйлемдерге грамматика жағынан бөлек өзгерістер енгізілді.
Қолыңыздағы кітаптың басылуы тек аудармашының жапалы еңбегінің жемісі қана емес, сондай-ақ тарих ғылымындағы жауапты әріптестердің уақытылы кеңестері мен жәрдемінің нәтижесі болып саналады. Аударманы тексеріп, ғылыми кеңес бергендер: ҚР Білім министрлігінің Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Әбусейітова және осы институттың ғылыми қызметкері З.Каримова, кәсіби дінтанушы А.Сапарбаев, Е.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университеттің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, шығыстанушы Ж.Төлебаева және доцент, тарих ғылымдарының докторы М.Әбішева.
Осы аударманың басылып шығарылуы үшін спонсорлық жәрдем көрсеткен «ABS Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Серікжан Байахметовке айрықша алғысымызды білдіреміз.
«Тарихи Хамиди» шығармасы қалың қазақ оқырмандарының көңіл-діліне жаңа білім, мол рухани азық береді деп сенеміз.
Молла Мұса Сайрами және «Тарихи Хамиди»
1
Молла Мұса Сайрами немесе Молла Мұса бинни Молла Айса-қожа Сайрами (1836-1917 жж.) – ұйғыр халқының жаңа дәуірдегі ғалымы және ақыны. Ол бірнеше қымбатты шығармаларды жазу арқылы өз заманының мәдениетіне маңызды үлес қосқан. Төменде ғалымның ғұмыры мен «Тарихи Хамиди» атты еңбегі жөнінде қысқаша баяндалады.
XIX ғ. Шынжаңды мекендеген халықтардың Циң үкіметінің ұлттық жауыздығы мен жергілікті феодалдық езгіге қарсы қозғаған кең көлемді көтерілістердің бірінен соң бірі жеңіліске ұшырауы, ұзаққа созылған бей-берекет жанжалдар және оларға ұласқан шет елдердің шапқыншылықтарына байланысты, жергілікті халық шамамен бір ғасырға жуық ірі аумалы-төкпелі кезеңді басынан кешірді.
XIX ғ. 2-жартысы және XX ғ. басында бірқатар ұйғыр ғалымдары осы ірі қоғамдық аласапыранды суреттейтін көптеген тарихи және әдеби шығармалар жазды. Осы еңбектердің ішінде ақын Арзу Мұхаммедтің «Исламнама», Ғербидің «Әмір Әли», Умидидің «Жәңнама», Мұхаммед Әләмнің «Тарихи Қашһар», Қасым-бектің «Құлжадағы заманның баяны», Мұхаммед Салих Яркендидің «Ғазат әл-Муслимин», Молла Билал бинни Молла Юсуптің «Ғазат дар-мулки Чин», Сеид Мұхаммедтің «Шәрһи шикәстә-нама», Молла Шәкірдің «Зафарнама», Махмуд-шейх Ғербидің «Тарихнама Яқупхан», Құрбансопы Сапарбайдың «Тарихи Бадәулет», сондай-ақ Молла Мұса Сайрамидің «Тарихи Әминийа» және оның түзетіліп, толықтанған нұсқасы «Тарихи Хамиди» сияқты шығармалар бар. Бұлар дәл сол бір ғасырға жуық кезеңде орын алған ірі тарихи оқиғаларды баяндаған маңызды мәдени мұралар деп есептеледі.
Молла Мұса Сайрамидің өз мәліметтеріне және біздің арнайы тексеруімізге негізделгенде, ол хижраның 1252 ж. жамадул-аууал айының 10-күні (1836 ж. 23 тамызда) қазіргі Шынжаң-Ұйғыр автономиялы районының Бай ауданына қарасты Сайрам деген жердегі Анақыз қыстағында (қазіргі Бай ауданындағы Тоқсын ауылы Анақыз кентінің Тоғайла махаллясы) туылған.
Молла Мұса Сайрамидің әкесі Молла Айса-қожа бинни Молла Азизхан-қожа сол кезде Бай ауданында танымал ғылыми және діни өкіл, перзенті Мұсаның (Мусур-ахунның) бала кезінен бастап ғылыми және діни тәрбиесіне өте көп мән берген. Жеті жасынан бастап оны өзі дәріс берген «Сайрам» медресесінде оқытып, бастауыш білім берген және хижраның 1263 ж. шаууал айында (1847 ж. қыркүйекте) Кучар қаласының әйгілі «Сақсақ» медресесіне оқуға жіберген. Осы медресенің басты мударрисі, сол кездегі ұйғыр ғалымы Молла Османахун-халпат Молла Мұсаның әкесімен пікірлес адам еді. Молла Мұса өзінің тырысуы және Молла Османахун-халпаттың үлкен қамқорлығының арқасында Құран, хадистер, тарих, әдебиет, тәқуим (күнтізбе тану), набатат (агробиология), жағрафия ғылымдарын, араб және парсы тілдерін өте жоғары нәтижелермен меңгеріп, тез арада «Молла Мұса», «Бала молда», «Молла Әбжетхан (күнтізбе танушы)» деген аттармен белгілі болған еді. Ол Молла Османахун-халпаттан пәндерді үйренумен бір уақытта, бәлкім, оның халықшыл, отансүйер идеясын да бойына сіңірген болар. Демек, Молла Османахун-халпат жас молданың барлық жағынан өсуіне терең әсер берген. Хижраның 1270 ж. (1854 ж.) Молла Мұса «Сақсақ» медресесін үздік бітіріп, өзінің бастауыш оқу орны «Сайрам» медресесіне мұғалім болып қайтқан. Көп өтпей әкесі Молла Айса-қожа қайтыс болады. Молла Мұса осы медресенің бас мударрисі (мұғалімі) етіп тағайындалумен бір уақытта, бүкіл отбасы мен туған-туыстарының ауыртпалығы толығымен оның арқасына артылады. Бұл шақта оның туған інілері Исламахун, Қасымахун және Хилахун әлі де жас балалар еді.
Хижраның 1281 ж. муһаррам айының 1-күні (1864 ж. 6 маусымда) Кучар ауданында ұйғыр, дүнген диқандары мен қолөнершілерінің Циң үкіметі және жергілікті феодалдардың зұлымдығына қарсы кең көлемді көтерілісі бұрқ етеді. Соңынан Маулана Аршиддин-валиулланың мазарында Құдайға құлшылықпен күн өткізген ислам дінінің «қадирия» ағымындағы сопылардың пірі Рашиддин-қожа хан етіп сайланады. Көтерілісші қосындар жан-жаққа жорық жасап, көтеріліс жалынын одан әрі кеңейте бастайды. Молла Мұса Сайрамидің ұстазы Молла Османахун-халпат батысқа жорыққа аттанған Кучардың көтерілісші қосындарының бас қазысы етіп тағайындалады. Көп өтпей көтерілісшілер Ақсу мен Қашғар аумақтарына қарсы жорығы барысында Сайрамға жақын Қызыл деген жерді иелейді. Бұл кезде Молла Мұса Сайрами көтерілісті өте қызу қолдаумен бірге, өзінің барлық тәлибтерін (оқушыларын), оның ішінде бірнеше жүз сайрамдық жігіттерді Сайрамға ертіп, жергілікті еңбекшілермен бірге көтерілісші қосындарды қарсы алады. Олардың қатарына қосылып, Қызыл, Сайрам, Бай, Яқарық, Арашор және басқа да елді мекендердегі Циң әулетінің мансаптыларына, жергілікті феодалдарына қарсы күреске белсенді түрде қатысады. Оның деректеріне қарағанда, сол кезде бүкіл Бай ауданынан 7 мыңнан артық диқан мен қолөнерші өз еркімен батыс бағытқа аттанған көтерілісшілерге қосылған.
Батыс тарапқа аттанған көтерілісші қосындар бір мәрте ауыр жеңіліске ұшырағаннан кейін, Қараюлғұн, Жам, Ақсу және Үштұрфан сияқты жерлерді иелеп, Қашғар мен Яркент қалаларын алуға шұғыл әзірленеді. Молла Мұса Сайрами бұған белсенді қатысып, осы жорықтағы қосындардың Үштұрфан қаласында тұратын қолбасшыларының бірі Махмудин-қожаның тамғашысы және жалпы істер ашлығы (іс жүзінде есікағасы) секілді маңызды міндеттерді атқарады. Ол кезде Молла Мұса Сайрами өзінің қызмет бабындағы өте зор жауапкершілігі, терең де кең білімділігі, қарым-қатынаста аса қарапайымдылығы, өткір ақылымен бүкіл көтерілісші қосында, сондай-ақ Үштұрфан тұрғындарының арасында үлкен абыройға ие болады. Молла Мұса Сайрами сол кезде енді ғана 28 жастан асқан еді. 1865 ж. Мұхаммед Яқупбек (Бадәулет) Қоқан хандығының жәрдемімен Оңтүстік Шынжаңның батыс бөлігінде шапқыншылығын кеңейтіп жатқан кезде, Үштұрфанның бұрынғы хәкімбегі Тоқтыбек секілді феодалдар онымен ымыраласып, бүлік жасап, көтерілісші қосындарға қарсы тұрады. Осы шақта Молла Мұса Сайрами көтерілісшілердің толық құқықты өкілі ретінде бүлікшілердің «ұясына» кіріп, өз абыройын пайдаланып, оларды бөліп, бүліктің жаншылуына үлкен үлес қосады.
Бірақ, хижраның 1284 ж. муһаррам айында (1867 ж. мамырда) Бадәулет Қашғар, Яркент, Хотан және басқа аймақтарды алғаннан кейін, Ақсу өңіріне кең көлемді шабуыл бастайды. Кучарлық көтерілісшілердің Үштұрфандағы қолбасшылары Бадәулетке соғыспай-ақ беріледі. Өйткені оның алдында кучарлық көтерілісшілер Бадәулетке қарсы екі рет кең көлемді шабуыл кезінде ауыр жеңіліске тап болған. Оның үстіне, осы кез көтерілісшілердің жоғарғы басшылығында ірі жікшілдік пайда болған тұс еді. Сол кезде Молла Мұса Сайрами Үштұрфанда берілген қолбасшылармен бірге Ақсу қаласына әкелінді. Көп ұзамай, Бадәулет үкіметінің Ақсудағы бас зекетшісі Мырза Баба-бек Хисари Молла Мұсаның өткір қабілетін және хатқа шебер адам екендігін байқап, өзіне арнайы мырза (іскер) етіп тағайындайды. Молла Мұса Сайрами бұл міндетін 1877 ж. Циң империясы Бадәулеттің билігін жойып, Оңтүстік Шынжаңды қайтарып алғанға дейін атқарады. Одан кейін Молла Мұса Кучардағы диқандардың көтерілісі және Бадәулет билігі жөнінде бір тарихи шығарма жазу мақсатында батыста Қашғар, шығыста Тұрфанға дейінгі жерлерді бірнеше жыл саяхаттап, маңызды тарихи құжаттарды жинады. Ақырында ол қайтадан Ақсуға оралып, жазушылық және зерттеу істерімен шұғылданады.
Молла Мұса Сайрами Ақсу қаласында жалпы алғанда 40 жылға жақын уақыт шығармашылықпен және зерттеумен айналысады. Осы мезгіл оның өмірінің өте ауыр кезеңі болды, ол кедейлікте ғұмыр кешуге мәжбүр болды. Хижраның 1335 ж. жамадул-аууал айында (1917 ж. наурызда) 81 жасқа толған Молла Мұса Сайрами ауыр дертке шалдығып, елі Сайрамға қайтуды қалап, туған-туыстарына хат жазады. Үлкен інісі Исламахунның баласы Һошурахун-қалпе оны Ақсудан Сайрамға арбамен алып қайтады. Молла Мұса ауыр халде төсек тартып қалған еді. Хижраның 1335 ж. жамадул-аууал айында (1917 ж. сәуірде) осы заманғы ұйғыр ғалымы, тарихшылардың шырағы болған Молла Мұса Сайрами мәңгі ұйқыға кетеді. Сол жылы шаууал айында (маусымда) туған-туыстары мен жерлестері белгілі қашғарлық өрнекші және құрылысшы Юсуп-ұстаны шақырып, қазіргі Анақыз су арнасының бойында Молла Мұсаның биік күмбезді мазарын көтеріп, қасына жүз адамдық мешіт салады. Мазар және мешіт «Мәдениет революциясы» кезеңінде (1967 ж.) толығымен бұзылды.
Молла Мұса Сайрами Ақсуда тұрған кезде бірқатар тарихи және әдеби шығармалар жазды. Оның ішінде біршама атақтылары – «Тазкират ул-Әулия» («Тазкират ул-Әулия фи муқтах ул-Иман», хижраның 1302 ж., яғни 1885 ж. жазылған), «Дәр-баян Асхаб әл-Каһф» («Тазкираи Асхаб әл-Каһф», хижраның 1316 ж., яғни 1898 ж. жазылған), «Тарихи Әминийа» (хижраның 1321 ж. раджаб айының 11 күні, яғни 1903 ж. 2 қазанда аяқталған), «Диуан мәсниви» (хижраның 1325 ж., яғни 1907 ж. жазылған), «Тарихи Хамиди» (хижраның 1326 ж. шауал айының 26 күні, яғни 1908 ж. 10 шілдеде аяқталған), «Саламнама» (хижраның 1334 ж. зулқаида айында, яғни 1916 ж. қыркүйекте аяқталған) және т. б. Қазіргі кезде оның парсы тілінде жазған бірнеше өлеңдері сақталуда. Кейбір мәліметтерге қарағанда, ол «Тазкираи Қожа Афақ» (Аппақ-қожаның ғұмырнамасы), «Фархад пен Шырын» атты тарихи және әдеби шығармаларды жазғаны да мәлім. Алайда оның 1904 ж. Ресейдің Қазан қаласында ресми басылған «Тарихи Әминийа» атты ауқымды тарихи еңбегінен басқа шығармалары әлі де автордың өз қолжазбалары немесе өзгелердің көшірмесі ретінде сақталып қалған.
Жоғарыда сөз етілген «Тазкират ул-Әулия» мен «Дәр баян Асхаб әл-Каһф» атты еңбектерінде негізінен Қашғар, Үштұрфан, Ақсу, Кучар, Корла және Тұрфандағы әулиелер мен мазарлардың тарихына қатысты мәселелер баяндалған. «Тазкират ул-Әулияда» кезінде Шынжаңда кеңінен таралған «Тазкираи Султан Қурмиш» деген шығармадағы ислам дінінің Шынжаңда таралуы, Мұхаммед-әлейһиссаламның күйеу баласы Хазрет Әлидің Үштұрфан мен Ақсу өңірінде «ғазауат» жасауы, бірқатар әулиелердің осында шейіт болуы тәрізді жаңсақ пікірлерге қатты тойтарыс берілген, әсіресе Тұрфандағы «Асхаб әл-Каһф мазары» діни сопылардың ойдан құраған бір жер екендігі баяндалып әшкереленген. Осы екі шығарманың негізгі мазмұны «Тарихи Хамидиде» қысқаша баян етіледі.
«Диуан мәсниви» мен «Саламнама» - автордың әдеби шығармалары. Біріншісі - қоғамдық тұрмыс пен әлеуметтік өндірістің өзара қарым-қатынасы, сондай-ақ адамдық мораль туралы мазмұндардан тұрады. Автор осы екі еңбегінде алдыңғы қатардағы бірнеше пәлсапалық көзқарастарын ортаға қойған. Бұл еңбектерінің мазмұндарымен таныссақ, пәлсапалық дүниетанымында біраз жаңа өзгерістердің пайда болғаны көрінеді. Әсіресе, оның екінші шығармасында 1916 ж. күзде ауыр сырқатқа душар болғанда, өзінің інілері Исламахун, Қасымахун және Хилахундарға жазған «Саламнамасында» өмірінің соңғы шағында біртұтас алдыңғы қатардағы ой-пікірлерге, әдеби салада зор қабілетке ие болғаны көрсетілді.
2
«Тарихи Хамиди» - Молла Мұса Сайрамидің басты тарихи шығармасы. Оны осының алдында жазған «Тарихи Әминийа» атты еңбегінің негізінде, хижраның 1326 ж. шаууал айының 26-күні (1908 ж. 10 шілдеде) жазып бітірген. Автор хижраның 1326 ж. раджаб айының 10-күні (1911 ж. 7 шілдеде) өз қаламымен көшірген бір қолжазбасы қазіргі таңда ҚХР Қоғамдық білімдер академиясының Этнография институтында сақталуда. Кітап крахмалды газет қағазына жазылған, тақырыптары қызыл сиямен, мәтіні қара сиямен жазылған, қамыс қаламмен «хатти нусх» үлгісінде көшірілген. Жалпы саны 399 бет, әрбір парақтың ауқымы 21,5 х 16,5 см, әрбір бетке 15-19 жол жазылған, мәтіннің ауқымы 15,5 х 11 см. Кейбір мәліметтерге негізделсек, автор осы еңбегін өз қолымен бес нұсқа етіп көшіріп таратқан. Сондықтан бұл жұмыс авторды «одан әрі қартайтып, сырқат және әлсіз» халге түсірген.
Автор «Тарихи Хамидиде» бұрынғы «Тарихи Әминийанің» бір кіріспе, екі дастан және бір қорытындыдан тұратын негізгі құрылысы мен жалпы мазмұнын сақтап қалған. Бұл екі шығарманың тақырыптары да толығымен дерлік ұқсас. Бірақ, 1904 ж. «Тарихи Әминийа» Қазан қаласында басылғаннан кейін, автор оның мазмұны жағынан кемшін болғанын, кейбір мәселелердің қате баяндалғанын сезіп, түзету және толықтыру мақсатында аталған «Тарихи Хамидиді» жазып шыққан. Екі еңбектің негізгі айырмашылығы төмендегідей:
1. Соңғы еңбегінде «Тарихи Әминийанің» бастапқы бөлімі өзгертілген. Тіпті бұл кітапты «Тарихи Хамиди» деп ат қоюының бірнеше түрлі себептері баяндалған. Сонымен қатар, «Тарихи Әминийанің» 1-бабы «Шежіредегі екінші адам Нұх-банинулладан бастап қазіргі кездегі Моғолстан елі және Жетішаһарға дейінгі жағдайлар мен оқиғалардың баяны, әрбір тайпаның билеушілері мен өмірбаяндары, Моғолияның жойылуы және еркінен айрылуының себеп-салдары мен мұсылман хандардың ұрпағы, Циң патшасы Жетішаһарды басып алғаны туралы қысқаша жинағы мен егжей-тегжейлі баяны және салыстырылуы» деген бап «Тарихи Хамидиде» екі бапқа бөлініп, «Ұлы падишах, жаһангер Шыңғыс-қағанның моғол хан-сардарлары, Араб пен Ажам, бүкіл Шығыстың хандары ханының жаугершілігі және тыныштандыруы, ұлы дәулет пен ұзақ мерзімді салтанатпен билік еткені, әулет-ұрпақтары, әмірлері мен нояндарының жеке-жеке баяны, сипаттамасы» деген жаңа мазмұн қосылған. Сондай-ақ «Тарихи Әминийа» екінші дастанының 7-бабы «Ауқатты, кең пейілді, құрметті де жоғары мәртебелі ер Мұхаммед Яқупбек-ғазидің Жетішаһар-Моғолстан елін басып алғаны және әділдік-теңдіктің сәтенін (матаны) жайғаны, халифалық Румға елші жіберіп, жарлық пен сый-тарту алғаны, бірнеше оқиғалар мен айлалардың орын алуы жөніндегі баяны» «Тарихи Хамидиде» екі бапқа бөлінген. Оған «Харам мен мұсылмандардың ізгі ниетті әміршісі, халифі Абдулазиз-хан Ескендірге құрмет және бағыныштылық ниетін білдіріп, елші және сыйлықтармен бірге бәйәтнама (бағыну туралы хат) жібергені, халифтің оны өз қамқоры астына алуы туралы жарлық, айрықша сый ретінде мансап пен тәж жолдап, Жетішаһарды өзінің қол астына алуы, Румға бағынуы және басқа да оқиғалардың баяны» деген бөлім қосылған. «Тарихи Хамидидің» қорытынды бөлімінде автордың 1898 ж. жазылған «Дәр-баян Асхаб әл-Каһф» атты еңбегінің негізгі мазмұны берілген.
2. «Тарихи Әминийадағы» маңызды сандық мәліметтер, тіпті елеулі оқиғалардың жылдары, жыл мезгілдері, айлары мен күндері, басты шайқастарға қатысқан қарсы тараптардың қосындарының саны және басқа да сандық деректер «Тарихи Хамидиде» түгелдей өзгертіліп жазылған немесе түзетіліп толықтырылған.
3. «Тарихи Әминийанің» тақырыптары, көптеген мазмұндық тіл-жазу және баяндау стилі «Тарихи Хамидиде» барынша өзгертілген. «Тарихи Әминийадағы» кейбір жырлар мен өлеңдер, мақал-мәтелдер негізінен өзгертіліп жазылған.
«Тарихи Әминийаға» қарағанда, «Тарихи Хамиди» шығармасының мазмұны толық, материалы анағұрлым дұрыс, тілі мен жазуы анағұрлым әдемі, ауқымды, бірақ жақсы көшірілмеген. Мұнда емлелік қателіктер біршама көп кездеседі, тіпті көптеген жерде сөз, сөйлем және атаулар түсіп қалған. Бұл, әлбетте, автордың сол кезде әбден қартаюы, денсаулығының әлсіреуі, сондай-ақ өмірінің соңында осы шығарманы тез аяқтауға асығуымен байланысты.
«Тарихи Хамидидің» әуелгі бөлігінен басқа, Кіріспе бөлімі алты бапқа бөлінген, қолжазба жалпы саны 70 беттен тұрады. Бұған негізінен әлем мен адамзаттың пайда болуы жайындағы діни аңыз-хикаяттар, ежелгі түрк елдері, моңғолдар мен ХІІІ ғ. басындағы Шыңғыс-ханның жорықтары, Шыңғыс әулеті мен ұрпақтарының ахуалы, моңғолдың доғлат тайпасының ХІІІ-XVI ғғ. кезеңінде «Маңлай Сүбе» (Оңтүстік Шынжаң) өңіріндегі іс-әрекеттері, Шағатай әулетінен шыққан Тоғлық Темір-хан және оның ұрпақтары құрған Моғолстан хандығының XIV ғ. бірінші жартысы және XVI ғ. басы арасындағы билігі, XVI ғ. бастап XVII ғғ. екінші жартысына дейін дәурен сүрген Яркент хандығының жағдайы, сопы-тариқатшылардың осы хандықтағы іс-әрекеттері, XVII ғ. 80-жылдарынан кейін таққа отырған Аппақ-қожа мен оның ұрпақтарының XIX ғ. 60-жылдарына дейінгі болған тарихи оқиғалары баяндалған.
«Тарихи Хамидидің» «Әуелгі дастан» бөлімі 16 бапқа бөлінген, түпнұсқасы 75 беттен тұрады. Мұнда негізінен 1864 ж. Кучарда бұрқ еткен диқандар көтерілісінің батыста Яркент, Қашғар, солтүстікте Тянь-Шань таулары, шығыста Құмыл, оңтүстікте Лобнор мен Қарақорым тауларына дейінгі жерлерді бақылауға алуы, көтеріліс басшыларының ахуалы, көтерілісшілердің ұрандары, басты шайқастары, нәтижелері және басқа да оқиғалар баяндалған. Сонымен қатар, сол жылдары бұрқ еткен Хотандағы диқандар көтерілісі (Һәбибуллаханның көтерілісі), Яркенттегі Абдулрахман басшылығындағы диқандар көтерілісі, Қашғардағы Садықбектің жетекшілігіндегі диқандар мен малшылардың көтерілісі, Үрімшідегі Даут-қалпе (Ту-далиң) басшылығындағы дүнгендер көтерілісі, Іле өңіріндегі Мазамзат-бектің жетекшілігіндегі диқандар көтерілісінің ахуалы да қысқаша баяндалған. Әсіресе кучарлық, яркенттік, хотандық көтерілісшілердің Бадәулеттің басқыншылығына қарсы күрестері ерекше және нақтылы суреттелген.
«Тарихи Хамидидің» «Екінші дастан» бөлімі 20 бапқа бөлінген, түпнұсқасы 172 беттен тұрады. Бұл бөлімде негізінен Қоқан хандығының әскери мансаптысы Мұхаммед Яқупбек (Бадәулет) пен Аппақ-қожаның ұрпағы Бұзрықхан-қожаның Қашғар, Яркент, Хотан, Ақсу, Кучар, Корла, Тұрфан және басқа жерлерді басып алғаны; қашғарлық, яркенттік, хотандық, кучарлық, үрімшілік диқандардың көтерілістерін қатаң басып-жаншығаны, Қоқан хандығы, Осман сұлтандығы, Англия және ақ патшалы Ресеймен қарым-қатынастары, олардың әрекеттері мен саясаттары, тіпті Бадәулеттің өлімі айрықша және алғашқы рет баяндалды. Осы бөлімде автордың өз шежіресі, Бадәулет дәуірінде өмір сүрген ғалым-ғұламалар, сондай-ақ Шэнси мен Гансу өлкелеріндегі дүнген көтерілісшілерінің Шынжаңдағы іс-әрекеттері айтылған.
«Тарихи Хамидидің» қорытынды бөлімінің түпнұсқасы 73 бет. Негізінен Қашғар, Яркент, Хотан, Ақсу, Үштұрфан, Кучар, Тұрфан қатарлы жеті шаһар және Лобнор аймағының тарихы, халқы, жағрафиясы, тілі мен әдет-ғұрыптары жөніндегі мәселелер баяндалған. Сонымен бірге, Тұрфандағы «Асхаб әл-Каһф» (Үңгір сахабалары) туралы бірқатар аңыздар және автордың осы тау үңгірі жөніндегі ой-пікірлері сөз етілген.
Жалпы, автор осы шығарманы жазғанда негізінен 1864 ж. Кучардағы диқандар көтерілісі мен Бадәулеттің соғыстарын баяндауды мақсат етіп, бұл жөнінде нақты да кең тоқталған.
3
Молла Мұса Сайрами «Тарихи Хамидиде» тарихшылар көптен бері көңіл бөлген және басты зерттеулерінің тақырыптары болған бірнеше маңызды мәселелерді ортаға қойып, олар жөнінде біршама объективті және дұрыс қорытындылар шығарған.
Біріншіден, автор бұл еңбегінде 1864 ж. бүкіл Шынжаңды шарпыған диқандар көтерілістерін, соның ішінде Кучардағы көтерілісті, Бадәулеттің бұл көтерілістерге қарсы жорықтарын, диқандардың оған қарсы батырлардай күрескені туралы деректерді тұңғыш рет нақты, толық және жүйелі түрде ортаға қойған. Кейінгі кезеңде осы мәселелерді баяндаған қытай тіліндегі «Шынжаңды тыныштандыру естеліктері», «Батысқа сапардың естеліктері», «Шэнси мен Шынжаңның мұсылман қарақшыларын тыныштандырудың естеліктері» және одан бергі заманда жазылған «Батыс өңірді басқарудың тарихы» сияқты шығармалар, сонымен қатар англиялық Димтери Чарльз Болджер жазған «Яқупбектің тарихы», ресейлік А.Куропаткиннің «Қашғария» атты кітаптарының ешқайсысы жоғарыдағы оқиғаларды «Тарихи Хамиди» сияқты нақты да жүйелі түрде баяндамаған. Бұл – Молла Мұса Сайрамидің осы оқиғаларға тікелей қатысуымен және кейін олар жөнінде нақты да жапалы ізденіс, зерттеу жұмыстарын жүргізуімен байланысты. Осы оқиғаларды анықтау мақсатында, автор бір мезгіл Аппақ-қожаның мазары мен «Асхаб әл-Каһфтың» тайқазандарынан тамақтануға мәжбүр болғанын жазады. Сондықтан бұл шығарма қазіргі таңда да ғылыми жағынан біршама құнды.
Екіншіден, автор осы еңбегінде сол кездегі Қытайдағы ұлттардың зынданы болған Циң үкіметінің жауыз да зұлым ұлттық саясаты мен жергілікті ақсүйектердің феодалдық езгісін баса әшкерелеген. Ол осы жауыздықтарға тоқтала отырып: «Жалшылардың алым-салықтары таудай мол болды. Тыныштық сиқырлы құстың жұмыртқасындай да болмады. Бейбітшілік самұрық секілді сиқырлы Кухиқапты отан тұтты (Сиқырлы тауды мекендеді). Ақшалы адамдар қытайларға және ірі бектерге пұл беріп, қамқорлығына өтті. Елдегі күллі ауыртпалықтар ақшасы жоқ бейшара ғаріп-жетімдерге артылды. Олар бұған шыдай алмай, жері, суы, төрт түлік малы және аспап-мүлкін қытайларға кепілге берді. Олар Дәргаһи-Илаһаға (Алла-тағаланың дәргейіне) көз жастарын бағыштап, жылап-зарлаумен болды» деп жазды. «Бектер жақсы қасиеттерді көзге ілмеді және жалшы-бұқараның көз жастарын тыймады, сақтанбады. Обал дегенді есіне де алмады, мансапқа жету және берген ақша-күмісті жинаудан өзге қамы болмады. Көрер көзге «Ұлы патшаға қызмет етіп, әскерлерді күтіп-бағып, жұртты сақтадық» деді, алайда Ұлы патша дәулетінің көк майсасын кесіп-кептірудің себептерін жаратты» деп жазады ол. Демек, автор осы еңбегінде Циң әулетінің билеушілері мен жергілікті феодалдардың өзара ауыз жаласып, байырғы әрбір ұлт пен халыққа көрсеткен бәле-апаттарын аямай паш еткен және бұны сол кезеңдегі шынжаңдық қоғамның түпкілікті қарама-қайшылығы деп қарап, өзі өмір сүрген заман туралы дұрыс қорытынды жасаған. Сонымен бірге, автор толығымен халықшыл ұстанымын танытып, 1864 ж. бүкіл Шынжаң көлемінде қозғалған диқандар көтерілісіне жоғары баға берген. Оның ұлттық және феодалдық езгіге қарсы татымды тұстарын мадақтаған. Ол: «Дәрменсіз бұқараның шыдамы таусылып, өмір бойы ақшасыздық азабынан халықтың көзінен Алланың дәргейіне ағылған тамшы-тамшы, бәлкім дария-дария жастар жан ашуы мен пұл ашуын келтірді. Осы ащы көз жастарының қасіреті мемлекет ағашының тамырына кері әсерін тигізіп, қурауына себеп болды. Қысқа мерзім ішінде күллі қытайлар және жергілікті мансаптылар жойылып, тып-типыл жермен-жексен етілді» деп жазады.
Үшіншіден, автор шығармасында сол реткі диқандар көтерілісінің жеңіліске ұшырауының түпкі себептері жөнінде көптеген жерде егжей-тегжейлі тоқталады және өте объективті қорытынды шығарады. Осы көтерілістердің, оның ішінде Кучардағы көтерілістің жеңілуінің себептерін Бадәулеттің шапқыншы жорықтары мен диқандар басшылық тобындағы ішкі және сыртқы қайшылықтардың кесірімен сабақтастырумен бірге былай деп жазады: «Кучардағы Маулана Аршиддин-валилулланың мазарында шейхтық әуендеу-ыңылдауды өзіне өнер мен құрмет санап, мазардағы баққа сыйған бұл қожалар Жетішаһарға, тіпті бүкіл Моғолстан еліне сыя алмай қалды. Қарабеттік пен ынтымақтары қырқысу мен нәпақаға кіріптар болды. Қарсыласулары мен тапқан нәпақалары бәсекелестік пен араздыққа жол ашты. Осы ағзам бақ-дәулеттің қадірін білмеді және шүкіршілік етпей, күпірлік етіп, ұсақтық және өркөкіректікпен бірге әлек болып, қолынан жіберіп қойды.... Қасиетті мазардың вакуф меншігіне қанағаттанған және ауқатты диқандардың үшір, зекет, ас беру және садақаларымен күн көрген, қасиетті мазарды отан тұтып (мекендеп), боря (қамыс текемет) төселген құжырада ғибадатпен өмір кешкен, бір уыс нан және бір табақ өрік қағына дән-риза болып келгендер енді байлық пен жеңістің ризығы, мейірім және қамқормен бір мезгіл патшалық таққа және билік орынға жайғасты.... Бұл қожалардың әрқайсысы күнбе-күн ертесімен таңғы тамаққа халуа, мейіз, кәмпит, джем, мәйжүн (дәрі қосылған ішімдіктер), шербет, муфәрриһат (қыздырғыш ішімдіктер), қозының жұмсақ етінен жасалған кәуаптар, бәліш, сорпа, тәттілік, бейжіңше шырын тағамдар, алуан-алуан түрлі нәзік азық-түліктер һәм алдында әзір де тік тұрған әсем Һор (Жұмақ) сұлулары бұрынғы күйлерін ұмыттырды. «Өз күшімізбен исламды азат еттік және патшалық таптық, кетпес-жоғалмас дәулетке кенелдік» деп айналасында патшалық жалауларын көтерген патшалармен араласпады және елдеспеді, бәлкім көзге ілмеді». Автор осы мәселелерді сол реткі көтерілістердің жеңілуінің түпкі себебі деп қарап, өзінің бұрынғы ұстанымынан айныған, таптық күрес пен мүддесін нәпсіге сатқан, қалың еңбекшілердің мүддесінен алыстап, қиын күндері сүйеніш болған және жәрдемдескен халықты аяқасты еткен кейбір көтеріліс басшыларына ашу-ызамен қарайды. Автордың осындай идеялық артықшылығы оның замандастары арасында өте аз кездеседі.
Төртіншіден, автор Бадәулет үкіметінің басты мансаптыларының бірі Мырза Баба-бек Хисаридің қол астында 10 жыл мырза болып істегенімен, Яқупбек пен оның билігіне жиіркенішпен қарап, әшкерелейді. Әсіресе, Бадәулеттің жас кезінен айлакер әдістерді үйренгені, оның алдаушылығы, екіжүзділігі, қанқұмарлығы, шексіз де дара билеуге ұмтылуы шығарманың бірнеше жерінде ашық көрсетілді. Ол Бадәулеттің диқандар көтерілістерін қанға батырғанына қатты ашуланады. Оның кейбір шайқастарда жеңілгенін масқаралайды. Оның жаулап алу әрекеттерін Шынжаңдағы диқандар көтерілістерінің жеңіліске ұшырауының басты себебі деп қарайды. Қоқан хандығы, Осман сұлтандығы, Ұлыбритания, патшалық Ресей жаулаушыларымен арадағы қарым-қатынастары, әсіресе оның Жетішаһарды османдықтардың қолына тапсырғанын паш етеді. Жалпы, «Тарихи Хамиди» Шынжаңның сол кезеңдегі тарихын зерттеуде басты да бағалы ғылыми материал болып есептеледі.
«Тарихи Хамиди» бізді қыруар маңызды да сенімді тарихи материалдармен қамтамасыз етсе де, оның мазмұнында біраз «бұлдыр» тұстары да бар:
1. Автор еңбегінде баяндалған барлық оқиғаларға, әсіресе осы тарихи оқиғаларға қатысқан тұлғаларға баға беруде ислам діні тұрғысынан бағалауды негізгі өлшем етіп пайдаланған. Мысалы, Бадәулеттің жауыз билігін әшкерелеумен бірге, оның ислам дінін дамытқанын, әртүрлі мазар-машайықтарды салу, қорғау, исламды қастерлеу жақтарын, тіпті исламды ұстанбайтын ұлттарға деген діни өшпендігін мадақтайды. Кейбір тұста оның әрекеттеріне өте жоғары баға береді. Кейбір оқиғаларды, оның ішінде диқандар көтерілістерін баяндауда түпкі таптық ұғымды діни пердемен бүркемелеп қана қоймай, діни пердені негізгі орынға қойып суреттейді.
2. Автор шығармасының бірқатар жерінде Циң әулетінің жауыз ұлттық саясатын объективті түрде әшкерелесе де, кейбір тұстарда бұл жауыздықты «кәпірлердің мұсылмандарға жасаған зұлымдығы» деп қарап, мұсылмандардың кәпірлерге қарсы көзқарасын және қарсыласуын мадақтайды, құптайды. Тіпті кейбір жерлерде ұлттық өшпендікті білдіретін сөйлемдерді қолданып, ұлттық қайшылықтарды әсіре күшейтіп, кемсітетін сөздермен нақыштайды. Бұл автордың терең діни сенімімен тығыз байланысты және шығарманың жалпы бағалылығына біраз нұқсан келтіреді.
3. Автор бауырлас ұлттар, сондай-ақ Қытайдың ішкі өлкелеріндегі хәнзу және басқа да ұлттар, Қытайды билеген әулеттердің тарихы туралы материалдарды негізінен Құрбанәли Халидбектің «Тауарихи хамаи-шарһи» деген шығармасынан алған. Бұл материалдар негізінен аңыздарға негізделген және сенімсіз.
Жалпы, осы кемшіліктерге қарамай, «Тарихи Хамиди» әлі де маңызды тарихи бағаға ие шығарма болып есептеледі.
Әнуар Байтұр
Бисмиллаһи раһман рахим
(Аса шапағатты және мейірімді Алланың атымен бастаймын)
Әй болмысы қажетті Алла! Шексіз де теңдесі жоқ мақтаулар өзіңе ғана тән, барлық мақлұқтарыңа берілетін мол азық пен жақсылық тек сенде ғана. Сенің ұлылығың жеке-дара. Күллі қасиеттерің пәк және кіршіксіз, мәртебең биік, патшалығың ұлы, аспан мен жер арасындағы барлық мақлұқтар тек сенің қолыңда және қаһарлы үрейің астында. Шынайы патшалық өзіңе ғана тән, мәңгі де бақи Патшасың. Жаратқан мақлұқтардың бәрі де өткінші-дүр.
Егер Алла қаласа, салтанатты тәжді кез келген адамның басына кидіре алады. Қаласа, бұл тәжді одан тартып алады. Қаласа, оны ұлы дәрежеге жеткізе алады немесе аяқ-асты етіп, қор қылады. Қаласа – оны тура жолға бастайды, қаласа – тура жолдан қайтарады. Қаласа – арам адамның дәрежесін мәртебелі етеді, қаласа – мәртебелінің дәрежесін түсіреді. Ол күллі істерде құдіретті және күшті-дүр.
Ей құдіретті Алла! Өзің жаратқан мақлұқтарыңа нені әмір етсең, соны істеуге құдіретің бар. Сенің үкіміңді кешіктіріп орындауға, әміріңді екі етуге болмайды. Мурсал, нәби-анбиә, пайғамбар-әлейһиссаламдарды (оларға Құдайдың мейірімі жаусын) бізге ұлы патша етіп жібердің. Өз кітабыңда (Құранда) олар туралы қисса-хикаяларды сөйледің, бұрынғы заманда өткен халықтар, әділ немесе залым патшалар және сол кезде орын алған оқиғалар жөнінде хабарладың. Бұл – өзің жаратқан мақлұқтарыңа күйініп, олардың осы қисса-хикаяларды естіп, өткен істерден ғибрат алсын және зерттеп, жаттап, есінде сақтасын деген ишарат.
Осы дүниеден кеткен кез келген халайықтың жақсылығы немесе жамандығының бірер із-дерегі мәңгі-бақи сақталып қалады. Тарихи кітаптар дәл осы дүниеден өткен-кеткендердің оқиғаларын және белгі-іздерін реттеп, қайта өңдеп, бар болғаны олардың тұрмысы немесе өмірінен қисса, хабарлар береді.
Салауат пен закият (намаз және зікірмен жасалатын мадақтау) ақырғы пайғамбарға болсын. Ол – осы дүние және ақиреттен құралған екі әлемнің таңдаулысы һәм жақсысы. Алла оны өткен заманның және келешектің айғақшысы мен куәгері етіп жіберген. Оның Ұлы және мүбарак есімі – Мұхаммед саллаллаһу-әлейһиуасаллам1 (Алланың мейірімі мен сәлемдері оған болсын), Алланың пендесі, нәбиі (жіберген пайғамбары) және жақын досы. Оның асыл түп-тегі (нәсілімен емес, бәлкім құрметімен айтылатын түп-тегі) және ұлылығы Хазрет Ибраһим-халилуллаға2 дейін нық жалғасқан. Алла оған патшалық пен пайғамбарлықты, адамдарға араша түсетін ұлы мәртебе мен Мақами-Махмуд3 тәрізді ұлылық пен асқақ дәреже берді. Алла бұрын өткен пайғамбарларға бөліп-бөліп тарту еткен барлық ұлы қасиеттерді тек оған толық жинап берді. Алла өзінің Ұлы аты мен үкімдерін осы адамның есімі және үкімдерімен біріктірді. Сондықтан Алланы ойына алған кісі Мұхаммед-расулулланы да бірге қосып еске түсіреді. Мұхаммед-расулулланың шариғаты қазіргі кезде де құдды өзінің ғұмырындағыдай жүзеге асырылады. Оның шариғатын орындамауға, өзгертуге немесе кешіктіріп жүзеге асыруға болмайды. Өйткені ол ең ұлы қасиет пен биік мәртебенің иесі.
Аса ұлы мақтаулар Мұхаммед-әлейһиссаламның дос-жарандары - әнбиә мен мурсалин-әлейһиссаламдарға, пайғамбардың өз үмбет-ұрпақтарына, пәк әйелдеріне, барлық ұлы сахабаларына болсын. Оның ішінде әшшәрә-мубәшшәрәларға4, Бадр5, Уһуд6, Ақаба7, Суффа8 қауымдарын, барлық сахабаларды және олардың туған-туыстарын, соңынан ергендерді және олардың соңынан ерген разиаллаһу-анһум (Алла оларға риза болғай) халифалар, патшалар, әмірлер, бұрынғы сұлтандар, шариғатты дәріптеген ғұламалар, діндар қазылар, имамдар, қайраткерлер, елді һәм соңынан еруге лайықты болған жақсы пенделердің бәріне Алла рақым еткей және оларға разы болғай. Өйткені бұлардың бәрі Алланың соңынан ерушілер және игі жақсы пенделер еді. Көне заманнан осы уақытқа дейін өткен және бұдан кейін де өтетіндерге, сондай-ақ қияметке дейін алдыңғылардың жолын ұстанып, шын ықыласпен түзу жолмен жүретіндерге Алланың шапағаты көптен көп және мәңгі болғай.
Әммаба’дудан (Аллаға, пайғамбарға және оның үмбеттері мен сахабаларына мақтаулар) соң, беймәлім де елеусіз түкпір-бұрышта мекендеген, белгісіздік көшесінде мәстура (жасырын) ғұмыр кешетін кедей де кемтар, айыптары көп мен Молла Мұса ибни Молла Айса-қожа Сайрамидің қауқарсыздық және пақырлықпен жасаған мәліметім, осы жаһанның игі жақсылары мен ақылдылары, табиғаты мінсіз түзу данышпандар һәм бақытты ғалымдардың күннің нұрындай жарық, ділі мен түзу зейіндеріне жетіп мәлім болсын, Моғолстан елі9 ежелгі заманда мұсылман хандарының билігінен кейін Фағфур Чинге10 тәуелді және бағынышты болып, арада 122 жылдан соң Құдайдың арманы, дара үкім және нәсіппен Жетішаһар-Моғолстан халқының маңдайына ұлы исламның сәулесі түсіп, тас қараңғылықтың бұлттары дәрменсіздік пен жоқшылық пердесінің артына жасырынды. Алдымен Кучар елінде Рашиддин-қожа, Хотанда Молла Һәбибулла-қажы және дүнгендер әрқайсысы өз алдына тәуелсіз билеуші болып, кәпірлерді жеңіп, өз билігін жүргізіп, соғыс пен ғазауатқа кірісіп, өзара таласып-тартысып, дұға-ғибадатпен шұғылданған бір кезеңде, Ферғана уәлиетінен Мұхаммед Якупбек-құсбегі есімді епті батыр, жоғары дәрежелі бір кісі осы өңірлерді тізгіндеді һәм билей бастады. Арада алты жыл өткеннен кейін, хижраның 1286 ж. (1869-1870 жж.) Яқупбектің ақыл-парасаты құлқы-нәпсісін жеңіп, өзін және Жетішаһар халқын жер мен замананың ұлы халифаты – Ұлы Осман мемлекетінің11 қамқоры астына шартсыз өткізді. Осман мемлекетіне бағынуды өзіне абырой санап, құрмет деп біліп, Қази Яқупхан-төре жетекшілігіндегі елшілік арқылы көптеген сый-сияпаттармен бірге, билігін мойындау туралы хат жолдап, өзінің Османияға бағынатынын білдірді. Яқупхан-төре осы құжатты қағандардың қағаны және «Харамаин Шарифтің» (қасиетті екі Харамның) иесі Абдулазиз-хан бинни Абдулмажид-хан12 тұратын жаннаттың ең жоғарғы құрметіне ие астанасына13 жеткізді. Пәләк ашиян (аспандай аса мәртебелі) Абдулазиз-ханның (оның жатқан жері жаннатта болсын) нұрлы да ізгі ой-пікіріне сай келіп, Моғолстан ұлысы мен бұқарасын өзінің жоғары дәрежелі мемлекеттік қорғауы мен қамқорына алып, оларды өз жолына бастап, Мұхаммед Яқупбек аталық-ғазиге (ғазауатшылардың әкесі) «мирахорбаши»14 деген жоғары мансап сыйлады. Мәртебелі де шапағатты мейірімділігімен Османия өз бағыныштыларына сыйлайтын шахтың тәжін және мемлекеттік ту-байрақтарды беру туралы жарлық түсірді.
Нәтижесінде, біздей нөкер, ғұлама, бұқара халық, кемтар қызметкерлер және барлық жетішаһарлықтар Османияның саясы мен қорғауы астында жеті жыл бейқам және тыныш, молшылықта тұрып, әдетіміз бойынша күшті де құдіретті Аллаға дұға-тілектер айтып өмір сүрдік. Дәл осындай кезде сұлтандардың сұлтаны Мұхаммед Мұрат-хан15 сұлтандықтың жеңімпаз тағына отырды. Көп өтпей, ұлы Алланың үмбеттерге түсірген саясы, ірі басшы, Араб16, Ажам17 иеліктерінің патшасы, қасиетті Һарамның қорғаушысы, шарапатты Осман әулетінің гәуһар тәжі болған Абдулхамид-хан18 (Құдай оның мемлекетін мәңгі етсін, жеңіске жақын, бақытқа дос етсін) аса құрметті жеңіс және даңқпен халифаттың тағына нық отырып, тәуелсіз де салтанатты түрде билей бастады. Алайда, Абдулхамид-хан біздей кемтар бұқараға өз назарын салып, тұрмысымызды ауқаттылыққа бастап, елімізде тыныштық пен алаңсыздық және қажетті дәстүр-ережелерді орнатқанша, Мұхаммед Яқупбек-ғази бұл фәни өмірден мәңгілік бақшасына сапар шекті. Осы тұста Фағфур Чиннің мансаптылары келіп, біздей баспанасыз, әлсіз де қуатсыз, нашар да жүдеу бұқараға қайтадан қожайын болды.
Осы оқиғалардың өткеніне енді ғана отыз екі жыл толды. Алайда заманның бірер данасы немесе игі жақсысы, бұл аласапыранмен өткен дәуірдегі жағдайды жазып, бізге бірер естелік немесе мұра қалдыруға ұмтылғандарын білмейміз. Осыдан төрт жүз жыл бұрын «қылыш пен қаламды бірдей ұстаған» аса мәртебелі Мырза Хайдар-гурагани19 Моғолстан елінде билеген хан-патшалардың ахуалын жазған «Тарихи Рашиди» атты шығармадан басқа, бағы заманда орын алған оқиғаларды қисса мен хикая етіп топтап, естелік немесе еңбек қалдыруды мақсат еткен бірер кітапшы яки дана өтпеді.
Сондықтан кейбір көңілі жақын және сенімді достар «Осы өңірде исламды азат етуге себеп болған кучарлық қожалардың ғазауатын, Яқупбек аталық-ғази билігінің басынан бастап құрдымға кеткенге дейінгі оқиғалардың барысын толық баяндайтын деректерді жинақтап, бірер тарихи кітапты жазсаң», «Кітабыңда ғазауат жолында шейіт болғандардың оқиғалары және олардың шаһарларды алу үшін жасаған соғыс-шайқастары ұмытылмасын, аталық-ғазидің қосындарды бастап келуі, жүргізген соғыс-жорықтары мен мемлекетті басқарғанына қатысты мәселелер халайықтың назарынан тыс қалмасын, осы оқиғаларды оқып-білгендер сол оқиғалардың куәгерлері болған сіз бен біз үшін дұға-алғыстарын айтсын» деп өтініш жасады. Олар пайғамбардың «Жақсылықты дәлелдейтіндер сол жақсы істі өзі жасағанға теңеседі» деген қасиетті хадисін мысалға келтіріп, «Сіздің шығармаңыздың берекесі оқырмандардың Сізге және біздей айыпкер күнәһарларға жасаған дұға-алғыстары, есіркеуші және қаһарлы Алланың күнәларімізді ғафу етіп, айыбымызды кешіруге себеп болар еді» деп жамырасты.
Бірақ, мендей бір жәбір-зарлы бейшара осы сиядатпана ғазилердің (жеңімпаз ғазауатшылардың) ахуалы, жеңіскер де сәтті шайқастары, аталық-ғазидің патшалық айбыны мен билігі сияқты мәселелерді жинақ етіп жазуға қалайша батылдығым барады? Мемлекет иелері жөнінде қалай ғана сөз қозғаймын? Мен сияқты аты-жөнсіз бейшара олардай орны мен мәртебесі аспанмен теңескен асыл билеушілердің қисса-дастандарын қандай жолмен және қалай жинақтаймын, қалай олар туралы өз мәртебесіне лайықты тілмен қалам қозғаймын?
Ислам ең бірінші рет азат етілген уақыттан бері осы күндерге дейін қырық жылдан асты. Сол кездегі оқиғаларға қатысқан немесе оларды өз көзімен айқын көргендердің көбісі бақи дүниеге сапар шекті. Сол кездегі оқиғалар мен дүрбелең-шырғалаңдар біртіндеп адамдардың жадынан шығып, ұмыт бола бастады. Осының бәрін қайтадан егжей-тегжейлі тексеріп, қайта реттеп, естелік жазудың өзі мүшкіл де қиын шаруа. «Жақсылардан сұралған кешірім, әлбетте, қабылданады» деген хикметті сөзге сәйкес, өзімнің ізет-құрметімді бірге қосып, сол кездегі оқиғалар туралы сөзімді бастадым. Осы күні тағы бірнеше адал және көне достарым: «Исламның қылышымен кәпірлерді аямай шауып, ғазауат дәрежесі мен мәртебесін көтергендер, Құдай тағаланың ризалығын іздеп, асыл жандарын пида етіп, құрбан болған шейіттер жөнінде бастаған жәдігер есіміңізді мықты ұстап, уақытты қадірлеп тез жалғастырғайсыз, кейінгі ұрпақтар өз сұхбат-кеңестерінде оларды еске алып, шырын сөздермен мақтап-мадақтап, олар үшін дұға-алғыстарға қол жайғанда Сіз де Алла алдында алғыс-марапатқа жетесіз. Оның үстіне, халайыққа да әдемі естеліктер қалдырасыз» деп жігерлендірді және медет берді.
Сондай-ақ осы достарым: «Тарих – өте қажетті ғылым. Ол барлық пәндердің алдыңғы қатарынан орын ала алады. Тарихты оқу және одан хабардар болу – әрбір инсан үшін аса маңызды бір іс. Осы пәнді білетіндер халайықтың алдында ұлық саналып, сұхбат-кеңестерде биік мәртебеге ие бола алады. Тарихты білмегендер немесе одан бейхабар адамдар қаншалықты асқақ та кемелді болғанмен, дана ғалымдардың назарынан және ықыласынан әлі де қашық-тұр. Тарих – пайдасы мол, игілігі көп ғылым. Себебі, адамдардың дәреже-деңгейлері, басынан кешіргендері, туылған немесе қаза болған кездері, түп-тегі, асыл мінез-құлықтары, өмір сүрген мекен-жайлары, өркендеткен шаһарлары мен аймақтары және басқа мәселелерді тек тарих ғылымының жәрдемімен ғана білуге болады» деді.
Олар тағы да: «Егер тарих ғылымы болмаса, бұрынғы заманның ұзақ және тар шарт-жағдайда өмір сүрген халықтың ахуалын білудің мүмкіндігі болмайды. Көне замандағы Хазрет Адам-сафиулладан20 Хазрет Мұхаммед Мұстафа саллаллаһу-әлейһисалламға дейін, сондай-ақ сол кезден бастап біздің дәуірімізге дейінгі аралықта бірқатар әнбиә, мурсалин, мұсылман ғұламалары мен әулиелері, өз күшін дін жолында сарп еткен ұлы машайықтар, Қайсар21, Кисра22, Фағфур Чин, Перғауын23, Намруд24 секілді ұлы мәртебе мен ізгі құрметке ие болған қаған, хан және патшалар, бұлардан өзге Араб пен Ажам билеушілері, асыл дәрежелі мұсылман патшалары мен исламға кірмеген кәпір залымдар өткен еді. Бұлардың кейбіреуі әлемді тәртіпке салып, бұқараны ауқатты тұрмысқа жетектеді. Егер тарих ғылымы болмаған жағдайда, олардың ахуалын, ұстанған жолдары мен ұрандарын, сондай-ақ әртүрлі уақытта болған дүрбелең-оқиғаларды толық білуге болмайтын еді» деді.
Олар: «Араб пен Ажам елдерінің бірқатар тайпалары және топтарының игі жақсылары әртүрлі заманда орын алған оқиғаларды жинақтап, тексеріп, зерттеп, бірнеше шығарманы жазып қалдырды. Кейбіреуі тек қана ұзын да ірі еңбектерді, ал кейбіреуі тек өз қауымы немесе өз елінде өткен патшалардың жағдайын баяндаған қысқа немесе таңдаулы шығармалар жазған еді. Әрине, Сіз бұрынғы заманнан осы кезге дейін жазылған тарихи кітаптарды, оның ішінде түрк пен моғол (моңғол) тарихын көп оқыған, заманның ыстық-суығын өз басыңыздан өткізген, жақсы-жаман істерді көп көріп, тәжірибе жинақтаған, әмірлер, уәзірлер және хәкімдермен сұхбаттас болып, олардың іс-әрекеттері, мінез-құлқы, деңгей-дәрежесін білетін адамсыз. Сондықтан сол замандағы ғажайып оқиғаларды топтастырып, бір тарихи кітап жазып, оны кейінгі ұрпақтарға белгі және естелік етсеңіз. Жасыңыз да жетпістен асты. Сізден бірер еңбектер қалсын...» деп жалынып-жалбарынды.
Мен бауырларымның кітапқа тізілген інжу-маржандай сөздерінен бас тартуды, қорлықтың топырағына тастауды және бұл әңгімелерді аяқсыз қалдыруды қаламай, амалсыздықтан осы үлкен шаруаны кітап етіп шығаруға, сондай-ақ достардың әміріне негізделіп кітапқа кірісіп, өзімді мысқыл оқтардың нысанасына айналдыруға мәжбүр болдым. Егер осы еңбегімде бірер мақсатты немесе мақсатсыз қателіктер мен жаңсақтықтар пайда болса, дос-жарандарым кешірім етектерімен жасырып, жанашырлық бәкісімен түзетіп өзгертсе, әлбетте Ұлы Алланың шапағатты марапаттауы мен халайықтың рақмет-алғысына кенеледі.
Кітабымның бірінші бөлімінде пайдалы тарихи кітаптардан іріктелген мәліметтерді пайдаланып жаздым. Кейінгі бөлімдерін оқиғаларды көрген немесе білгендерден сұрап алып, оларды өңдеу жібімен байлап, баяндау парақтарынан өткіздім. Осы қысқаша тарихи кітапқа «Тарихи Хамиди» деп ат қойдым. Оны бір кіріспе, екі дастан, бір қорытындымен тамамдадым.
Осы кітапты «Тарихи Хамиди» деп атаудың мынадай бірнеше себептері бар:
Біріншіден, Моғолстан елінің биік мәртебелі Осман мемлекетінің халифы, замана мен дүниежүзінің қағаны, хақан ұрпағы және қасиетті Харамаинның (Мекке мен Мединаның) иесі Абдулхамид-хан бинни Абдулмажид-ханға бағыну атағына жету оқиғасын, уақыттың өтуіне қарай орын алған аласапыран немесе жалғаса тізбектелген оқиғалардың кенеттен үзілгені себепті, халық жауыздықты көңілінен аластатқандай, сол кездегі оқиғаларды өз көңіл әйнегінен (есінен) шығармауы, бәлкім осы оқиғалардың бұдан кейін де тарих беттерінде айқын орын алып, ұмытылып қалмауын мүдде-мақсат етіп, бұл кітапты «Тарихи Хамиди» деп атадым.
Тағы бір себеп: бұдан бұрын, яғни хижраның 952 ж. (1545 ж.) әмірлердің әмірі Мырза Хайдар-гурагани бинни Мырза Мұхаммед Хусейн-гурагани да (Алла екеуінің қабірлерін нұрлы еткей) өз заманының ғажайып оқиғалары туралы бір томдық кітап жазып, өз уақытының патшасы, сұлтанның сұлтаны, көркем сөзді және аса мәртебелі Абдурашид-хан25 бинни Сұлтан Саид-ханға26 арнап «Тарихи Рашиди» деп ат қойған еді. Мен де өз дәуіріміздегі мұсылмандардың сүйеніші және қорғаны болған Ұлы Осман мемлекетінің халифы, сұлтандардың үмбеті және қасиетті Харамаиннің иесі Абдулхамид-хан бинни Абдулмажид-ханға бағыштап «Тарихи Хамиди» деп атадым.
Үшіншіден, хадис кітаптарында «Өзі білген білімді ғылым сусындаған адамнан жасырғанның тұла-бойына отты дақтар басу керек» деп көрсетілген. Мұндай үрейден өзімді құтқару мақсатында, мен де бірқатар сөзді әуелі өзім білетін бұрынғы жоғары мәртебелі және Аллаға жақын патшалардың атақ-тектерінен бастап, қайта-қайта қалам қозғадым. Өйткені Моғолстан ұлысы мен халқы хақаннан туылған хақан Абдулхамид-хан бинни Абдулмажид-ханның қамқоры және билігі астына енгені, олардың Ұлы Осман мемлекетінің қарамағындағы азаматтары ретінде есептеліп, кітаптардан орын алғаны, бұл жалған мен мәңгі өмір секілді екі дүниеде мақтаныш етуге тұрарлық абырой болып есептеледі.
«Өз заманының патшаларын білмеген, танымаған кез келген адам өз қырсық-білімсіздігінен ажалға кіріптар болады» деп көрсетілген қасиетті хадисте. Сондықтан барша халық, инсандар мен әлеуметтік топтар өз дәуірінің патшаларын жақсы танып-білуі шарт. Бұл олардың ақирет азабынан құтылуына да жәрдемдеседі. Мен осындай шынайы сенім және мақсатпен осы шығармаға «Тарихи Хамиди» деп ат қойдым.
Тура жолды ұстанған дос-пірәдар бауырларым осы жинаққа назар салғанда, қорлық пен белгісіздікте жүрген мені өздерінің қабыл болатын әсерлі дұғалардан шетте (тысқары) қалдырмас деген үмітпен, олардан дұға мен бата тілеп, шығармама қадам қойып, қалам қозғадым. Аллаһ бұл ісіме мейір-шапағат етіп, мені түзу жолға бастап жәрдемдесуін және осы еңбегімнің табысты болуына оңайлық тудыруын үміт етемін, Оған сенемін.
1
Моғолстан елі немесе Жетішаһардың27
Нұх бинни Адам сани28 дәуірінен біздің заманымызға дейінгі
ахуалдары мен оқиғалардың қиссасы,
осы жерді билеген тайпалар, «Моғолия»29 деп аталуының себептері, мұсылман хандарының әуелгі түп-тегі, Хақани Чиннің30 Жетішаһарды өзіне қаратуының себептері жөнінде қысқаша баян
Құрмет пен даңқтың иесі болған жақын дос-бауырлардың аса сезімтал құлақтарына анық та әшкере болғай, ежелгі заманда және тарихи кітаптарда Жетішаһар «Моғолстан» деп аталған. Көне де сенімді құжаттарда да осы жердің «Моғолияға» кіргені жазылған. Енді «Моғолия» деген сөздің мәні не? Жетішаһар қай кезеңнен бастап ислам дініндегі мемлекетке айналған? Оның патшалары қандай мазхаб пен ұлтқа жатады? Хақани Чиннің осы өңірге қожайын болғанына қанша жыл болды?
Жоғарыдағы мәселелерді егжей-тегжейлі түсіндіру және зерттеу үшін алдымен осы қысқаша жылнамада бұрын өткен тарихшылардың ұрпақтарға сыйға қалдырып кеткен ұлы кітаптарындағы лебіздерді естелік ретінде баяндамай, бастапқы мақсатқа жетуге болмайды. Егер әңгімелеуші сөзін басынан бастамай жатып, бірден сөз аяғына көшсе, тыңдаушы оның басы жоқ сөзіне зейін қоймайды. Сол үшін осы шығармада алдымен «Раузат ас-Сафа»31 (Саф-таза бақ), «Мунтахаб ат-Тауарих»32 (Тарихтардың таңдаулысы), «Тарихи Рашиди» және басқа тарихи кітаптардың мазмұндарынан іріктелген бірқатар мәлімет қысқаша баян етілді.
Әлқисса, өткір көзді халық пен даналарға құпия болып қалмасын, осы тарихты жазудағы бастапқы мақсат – түрк тайпаларының ахуалы, патша мен әмірлері, елді билеп сән-салтанат тапқандар және олардың абыройы мен тамыр-туыстық жағынан шыққан тегі, бұрынғы отандары, барған жерлері мен елдері, салт-дәстүрлері, табыс-ерекшеліктері, сөз-мақалдары туралы баяндау. Бұл оқиғаларды баяндау үшін алдымен Нұх бинни Адамның жағдайын арман-тілек және құттықтаумен бастамай, әсіресе оның ғажайып оқиғаларын, қауымының ахуалын сөз етпей, мақсат пен мүддеге жетуге болмайды.
Нұх-әлейһиссалам 50 жылы кем 1 мың жыл (950 жыл) пайғамбар болып, өз қауымын дінді қабылдауға шақырды. Бірақ оның қауымы жаман жолға түсіп, уағыздарын қажетсінбеді және дұрыс жолға түспеді. «Китаби Мулк әл-Әламда» (Әлем иесінің кітабы Құранда) және араб, ажам халықтарында Құдай қаһарымен оларды жойып, тозаққа тастағаны туралы егжей-тегжейлі мәліметтер мен белгілі риуаяттар сақталған. Сондықтан, олар жөніндегі қиссаларға және Нұх-әлейһиссаламның Сам, Һам есімді екі баласы мен немерелері жайында әдейі тоқталмадым.
Нұх-әлейһиссаламның үшінші баласы Яфестің шығыс пен солтүстік жақтарды мекендеген ұрпақтары Чин, Түрк, Моңғол секілді тайпаларды құрағаны, сондай-ақ бұл жерлердегі өзге қауымдардың бәрін егжей-тегжейлі баяндауды мақсат етсем де, олардың барлығын әңгімелеуге өмірім жетпес деген алаңдаумен тек қана Яфестің перзенті Түрк және оның ұрпақтары, немере-шөберелері, қауым-ағайындарын қысқаша баяндадым. Кез келген инсанның өмірі 80 жасқа жақындағанда, қадамдары қысқарып, кемшіліктері көбейеді екен. Сондықтан төмендегі жазғандарымды қағытып-кекетпеулеріңізді үміт етемін.
Қорытындылап айтқанда, Нұх-әлейһиссалам Аб азабында (топан су) Пәруардігердің (Алла-тағаланың) әмірімен бір кеме жасап, әртүрлі мақлұқтың бір жұбын отырғызып, ең ақыры кемені Жуд тауының33 үстіне алып шықты. Адам-әлейһиссаламның үмбетінен 80 адам сау-саламат аман қалды. Бірақ өзендегі топан су апатының жалғасуынан олар да қырылып, ең соңында Нұх-әлейһиссалам, оның үш баласы және үш әйелі, барлығы жеті адам ғана сау қалады. Жер бетіндегі бүкіл адамзат немесе адамның жынысы дәл сол Нұх-әлейһиссаламның үш ұлынан таралған ұрпақтар. Сол себепті, Нұх-әлейһиссалам «Адам сани» (екінші Адам) деп те аталады. Аңыз-риуаяттарға қарағанда, сол кезде жер бетінде бұлардан басқа тірі адам қалмаған екен.
Нұх-әлейһиссаламның үш баласының аты-жөні: Сам, Һам және Яфес. Олар пайғамбар-мұрсал еді деген аңыздар бар. Сам Нұхтың өзге ұлдарымен салыстырғанда ақылды, дана және парасаттысы еді. Нұх-әлейһиссалам әнбиә-елшіліктің (пайғамбарлықтың) ішкі сырын оған тапсырған. Басқа перзенттеріне оған бағынуды бұйырған еді. Әлемнің ең гүлденген жақсы жерлерін, оның ішінде Руби Мәскунның (жер бетінде адамдар өмір сүретін жақсы бөлігі) ауа райы қоңыржай және таза жерлерін арнайы осы перзентіне берген еді. «Әулие-әнбиә, хукима (философтар), сұлтан мен әмірлер Самның нәсілінен болсын» деп дұға жасаған еді. Сам 500 жыл өмір сүрді. Одан тоғыз перзент дүниеге келеді. Бұлар: Арфахшад, Кюмрис, Асур, Якин, Лаваж, Лад, Айлам, Ладим және Юр. Арфахшад – пайғамбарлардың атасы, Кюмрис - патшалардың атасы еді.
Сам әрбір перзентін жан-жаққа орналасуларын бұйырды. Олардың ұрпақтары он тоғыз тілде сөйлесетін болды және Бабиль34, Йемен35, Хазармут36, Оман37, Ирақаин38, Фарс39 секілді жерлерде тұратын болды. Кейбіреулері, тіпті, жердің шығыс және оңтүстік тараптарына барып, Һам мен Яфестің ұрпақтарымен араласып, жан саны жағынан көбейіп, қала мен ғимараттар салды және өркендетті.
Һам оңтүстік жаққа барып, өзен алаптарында өмір сүретін болды, Алла-тағала оған тоғыз перзент берді. Бұлар: Һинд, Синд, Нубә, Канан, Зандж, Кош, Қибит, Бербе (Бербер), Хабаш. Суданның жұрты, Зангибар, Хабаш пен Үндістанның халықтары Һамның ұрпағы деп есептеледі. Олардың перзенттері 18 тілде сөйлесетін болды. Олар да көптеген шаһарлар мен ғимараттар салды.
Бұдан бұрын Нұх-әлейһиссалам кемесін Жуд тауына сүйреп шығарып, ұлдарына жер бөлген шақта, Яфес әкесінен «Маған дұға үйретсеңіз, мен қалаған уақытта дұға оқу арқылы жаңбыр жаудырайын» деп сұраған еді. Әкесі осыны Алланың дәргейіне жалынып тіледі. Алла оның талабын қабылдап, Жебірейіл-әлейһиссалам арқылы «Исми-ағзам» деген аятты жіберді. Жебірейіл-әлейһиссалам оны тасқа өрнектеп ойып берді. Бұл тасты арабша «хижирилматар» (жаңбыр жаудыратын тас) дейді. Түрктер «яда тасы» немесе «жада тасы» деп атайды.
Яфес жер жүзінің шығыс және солтүстік тараптарындағы Еділ (Волга), Ертіс өзендерінің алаптарына дейінгі жерлерде өмір сүрген. Ол жақсы дәстүр-ережелер орнатты және жер жүзінің шығысындағы Бейжің мемлекетінде бір қала салды. Алла-тағала оған 11 перзент берді. Олар: Чин, Сақлап, Гумади, Түрк, Халаж, Хариз, Рус, Садсан, Ғарба, Рух, Муншаж. Олардың әрбіреуіне өз ұрпақтарынан қыз алып беріп, «Елдеріңді өркениетті және бай етіңдер, Хақ-тағаланың пенделеріне жақсы тәрбие беріңдер. Олар көбейсін» деп өсиет айтып, өмірден өтеді.
Яфестің ұрпақтарына Түрк есімді баласы басшы болды. Ол өте қайратты, ержүрек, өнерлі және ақылды бала еді. Ол жер-жүзін аралап жүріп, бір шағын өзен алабына жетті. Сол жерді «Сайлук» деп атайтын-ды. Ағын сулары мен бұлақтары көп, әдемі сайрайтын әртүрлі құстар мекендеген хош иісті жер еді. Көңіліне жаққан бұл жерді Түрк өзіне мекен етіп алады. Ол алдымен шөп-қамыстардан үй жасап жайғасты. Одан кейін шатыр-үйлерді жасады, малдың терісінен тон, тымақ дайындап киді. Оған өте әділ де асқақтаған патшалық мұраға қалып, Хақ-тағаланың пенделерін өз қамқорына алып, оларды қатты тәрбиеледі және өте жақсы перзенттер сүйді. Ол бір ұлына Фодак деп ат қойды. Фодак аң аулауды тәуір көретін еді. Бір күні жапан далада киік етін кәуап етіп жеп отырғанда, қолындағы бір жапырақ кәуап жерге түсіп кетеді. Фодак оны жерден алып, дереу аузына салады және кәуаптың ләззаттылығын сезеді. Содан бастап тамақты тұзбен жейтін әдетті шығарды. Инсандар бұның алдында мұндай әдетті білмейтін еді.
Яфестің баласы Хариз солтүстік жақтағы мемлекеттерден судың бойына келіп, бұл жерлерді жақтырып, өзіне мекен тұтты. Перзенттерімен бірге түлкі мен сілеусін аулап, терісін киім етіп киетін болды. Хариздің көзі тірі кезінде оның бір баласы өзенге батып өлген еді. Хариз «Судың зидди (қарсыласы) от екен» деп есептеп, мол отын жинап, қауымды дайындап, дабыл мен тамбур секілді музыкалық аспаптарды әзірлеп, әуен-сазбен баласының мәйітін өзеннен сүзіп шығарып, отқа жағады. Мұндай сұм және жаман әдеттер осы кезге дейін кейбір тайпалардың арасында сақталуда. Біреулердің айтуына қарағанда, оның ұрпақтары тау үңгірлерінен әсел тауып алып, халуа жасап шығарған екен.
Күндердің күнінде Яфестің тағы бір баласы Рус Хариздің ел-жұртына жақын көшіп келіп, оған елші жіберіп, өзіне жақынырақ бір жерден орын беруін сұраған екен. Хариз айрықша қуанып, оған таза да жайлы бір мекенді көрсетіп берді. Рустың ұрпақтары сол жерге орналасады.
Яфестің тағы бір перзенті Ғар (Ғарба) Бұлғар деген аумақта орналасты және жақсы ғимараттар салды. Бірақ ол өте қу-айлакер еді және өз ағайыны Түркпен қатты жанжал-соғыстар жүргізетін. Оның себебі, бір күні Яфес бинни Нұх өзенге батып өлген соң, жоғарыда баяндалған «яда тас» Ғар бинни Яфестің қолына түседі. Сол шақта Яфестің барлық балалары «Бұл тасқа менің де хақым бар» деп тұрып алады. Ғар айлакерлігін қолданып, құдды соған ұқсайтын бір тас тауып, айнымайтындай етіп «Исми-ағзам» аятын нақышпен дайындайды. Содан соң «Жеребе жасайық, яда тасы ұтқанға берілсін» дейді. Олар бұған келісіп, жеребе салады. Түрк бинни Яфес ұтады. Ғар «амалсыздан» өзі әзірлеген жалған яда тасты Түркке береді. Соңғысы бұл тастан қанша рет жаңбыр талап етсе де, жауын жаумайды. Ол жалған яда тасты білмей алғандығын және Ғардың айла-қулығын сезіп, әскер жинап, соғысқа әзірленеді һәм жалған тастың орнына нағыз тасты беруді талап етеді. Ғар да үлкен баласы Бюдты әскермен бірге соғысқа аттандырады. Арада болған қатты шайқаста Бюд қаза табады. Түрк жеңіспен оралады. Осыдан бастап, бауырлас-ағайындар арасындағы жанжал-соғыстар мәңгі әдетке айналды.
Яфестің тағы бір баласы Сақлап батыс жақта ғимараттар салып орналасқан және ұрпақтары көбейген еді. Оның әйелі ұл туып жатқанда өліп қалған. Сол шақта оның иті де кенеттен күшіктеген-ді. Сақлап сол ұлын итке еміздіріп өсіргендіктен, ит секілді адамдардың бетін тістейтін болды. Оған бір әйел алып берді және одан туылған баланың атын Сақлап деп атады. Бірталай уақыт өте бере, әлгі баласы перзенттері мен қасындағыларын Рус мекендеген жерге барып, өзіне лайық жерді талап етеді. Рус: «Бұл жер өте тар. Сіздерге кең орын-жай қажет» деп оның өтінішін кері қайтарады. Одан кері қайтқан Сақлап Гумади мен Хариздің жанына барып, оларға да сондай талапты ортаға қояды, бірақ алдыңғыдай жауап алады. Нәтижесінде өзара жанжал-таластар пайда болады. Сақлап жанын сауғалап басқа аумаққа барады. Бұл аумақ 60 дәреже және жеті ықылымның сыртындағы жер еді. Суығы қатты болғандықтан, олар жер астында үй жасайтын.
Яфестің Гумади деген тағы бір баласы сән-салтанатты өмір мен саятшылықты жақсы көретін кісі еді. Ол аң аулап жүріп, кенеттен Бұлғардың маңайында табылған ауасы жылы және таза жерде өмір сүретін болды. Алла-тағала оған екі перзент сыйлады. Біреуіне Бұлғар, екіншісіне Бартас деген есім қойылды. Олар жан-жақта ғимарат салып, түлкі, синжап (сілеусін), самур (құндыз), тақым (құс) аулап, жануарлардың терісінен киім-кешек тігуді ойлап тапты. Содан бері бұл әдіс осы заманға дейін қоғамда сақталуда.
Яфестің Чин деген перзенті өте ақылды, зерек, сақ және батыл кісі болатын. Әкесі қала салып, оны осы баласының атымен Чин деп атайды. Чин мінезі парасатты да өнерлі кісі еді. Ол оймашылық, сурет салу және гүлді киімдерді тігіп-киюді ойлап тапты. Кәсіп еткен жібек шаруашылығын өз перзенттеріне үйретеді. Осы қолөнер қазірге дейін Бейжіңде көптеп таралған. Бұл – Чиннің пәк зейін-пейілді болуының белгісі. Сол шақта Алла Чинге жылы шырайлы, бірақ тентек перзент берді, оның атын Мачин деп атады және үйлі-баранды етті. Мачин де көп перзентті болды. Бір күні әкесімен ақылдасқан ол: «Менің перзенттерім көбейіп кетті, бұл жерге сыймайтын жағдайға жеттім. Егер рұқсат болса, жақын жерде қала салып, тұрақтасам» деді. Чин оның талабына қосылып, бір қала салады және оны Мачиннің есімімен атайды. Сөйтіп, Мачиннің бала-шағасы одан әрі көбейді. Ол балаларына қойдың жүнінен жіп иіріп, киім тігуді, бүркітпен аң аулауды үйретті. Құстардың ішінде «әнқа» деген өте көрікті, жылдам бір құс бар. Бұның қанаттары әшекей бұйымдары ретінде басқа тағылатын. Соғыс кезінде Мачин осы құстың қанаттарын батырлардың сәлде-давулғаларына (дулығаларына) бекітіп, айбынды да жаужүрек кейіпке келуді бұйырды. Қазіргі кезде де осы әдет мансаптылар арасында сақталуда.
Бірде Мачин аңға шығып, бір киікті ұстаған еді. Ол жануардың кіндігінен бір хош иісті қан ағып шықты. Мачин бұл қанды абайлап сақтап қойды. Құрғаған сайын бұл қаннан хош иіс одан әрі шыға берді. Мачин осыдан бастап «Киікті аулаған кез келген кісі оның кіндігін абайласын» деп бұйрық түсірді. Содан бері киіктерді аулайтындар оның кіндігін алып, сақтайтын болды. Бұл «мишки» (құдыр жұпары – дәрінің аты) деп аталып, адамдардың қолында барған сайын көбейді. Осы жайт жылдан-жылға Мачиннің бала-шағасына байлық пен берекет әкелді. Чин мен Мачин тірі кездерінде-ақ олардың ұрпақтары 36 тілде сөйлеп кетті.
Осылай, үш ағайынды Сам, Һам және Яфестің перзенттері мен немерелері 72 тілде сөйлесетін болды, олардың әрқайсысы бір тайпа немесе руға айналды. Осы тайпалар бір-бірімен тілмаш (аудармашы) арқылы сөйлесті. Әрбір тайпа немесе қауым жан-жаққа тарап, өз алдына шаһар-ғимараттар салды. Риуаят-аңыздарға қарағанда, Яжуж бен Мажуж40 деген қауым Яфестің Миншадж есімді баласының ұрпақтары деп баяндалады.
Егер Яфес бинни Нұх-әлейһиссаламның 11 ұлын бір-бірлеп сөз етсек, әңгіме ұзаққа созылып, мына қысқаша тарихтың жүгі ауырлай түседі. Біз олардың ішінде тек Түрктің ұрпақтарын ғана дара егжей-тегжейлі баяндауды мақсат еттік және қалам қозғадық.
Кейбір тарихи кітаптарда Яфес Түркті «Оғлан» деп атағаны және оның Кюмристің41 замандасы болғаны баяндалады. Жалпы алғанда, түрк, моғол (моңғол), татар, қырғыз, қыпшақ, ұйғыр, манчжур, найман, черкес, дациң, дағыстан, торғаут, ноғай, барлас, чорас, жалайыр, дилим, шүршіт, яжуж- мажуж және басқа да мыңдаған ру-тайпалардың шыққан тектері түгелдей Түрк бинни Яфестен бастау алады, содан тарайды.
Жоғарыда баяндағанымыздай, Нұх-әлейһиссаламның үшінші баласы Яфестен Түрк42, одан Әбілға-хан, одан Зипбатуй-хан, одан Күйік-хан, ал одан Аланжа-хан туылған. Бұдан егіз ұл дүниеге келеді. Біріншісіне Моғол, екіншісіне Татар деп ат қойылады. Аланжа-хан ұлы күш-құдіретке, шексіз бақ-дәулетке және есеп-қисапсыз мал-мүлікке ие болып, ұзақ уақыт патшалық құрады. Сол себепті ол дұрыс жолдан адасып, өз ата-бабаларындағы хандар ұстанған бұрынғы діни және ұлттық әдеттерін тастап, жаман жолды бастап, бәрінен бұрын кәпір ширктік (мушриктік) жолымен жүрген хандардың бірі болады. Аланжа-хан өмірінің соңында өзіне бағынышты жерлерді екі ұлына бөліп, олардың арасындағы шекараны белгіледі. Моғол-ханға тиесілі жерлер «Моғолстан», Татар-ханға жақын жерлер «Татарстан» деп аталатын болды. Бұл екеуі өзіне тиесілі жерлердің басшылары болды: сол заманнан қазірге дейін осы жерлер «Моғолстан» мен «Татарстан» деген атпен белгілі. Моғолстанның жері мен шекарасы осы кітаптың қорытынды бөлімінде келтіріледі. Алла оны жазудың орайын берсін, инша’алла!
Аланжа-ханның баласы Моғол-хан, оның баласы Қара-хан, оның баласы Оғыз-хан еді. Қара-хан өз аты-затына сай қара ниетті, мушриктік пен кәпірлік жолын қатты ұстанған, мұсылманды көрсе тірі қоймайтын бір хан еді. Исламға өшпенділігі күшті бұл кәпірден бір бала дүниеге келеді. Ол бет-жүзі айрықша нұрлы ұл еді. Бұл бала үш күнге дейін не анасының, не басқа әйелдердің сүтін аузына алмады. Анасы баланың ахуалына қамығып тұрғанда, түсінде: «Ей ана! Егер мұсылман болсаң сүтіңді емемін, мұсылман болмасаң – ембеймін. Бұл сырымды ешкімге айтпа» деген баласының сөзі аян болды. Ол ұйқыдан тұрған бойда ислам дінін қабылдайды. Бала сүтті емді. Күйеуінің мінез-құлқын білетін анасы бұл ахуалды оған айтпай, өз иманын құпия сақтады. Моғолдардың әдет-ғұрпы бойынша, туылған бала бір жасқа кіргенде жылқы, сиыр, қой сойып, елдің үлкен-кішісін тойға шақырып, есім қою той-мерекесін жасайтын. Сол мезетте ата-анасы тойға дайындалып, қош пейілді де әдемі ұлымызға қандай есім қойсақ деп ақылдасып жатқанда, енді ғана бір жасқа толған ақылды бала «Менің атым Оғыз болсын» деп тіл қатты. Таңырқаған әкесі қуанғанынан Оғыз деп есім қойыпты.
Оғыз кәмелетке толғанда, Қара-хан оған өз інісінің қызын әперді. Оғыз онымен бір жастыққа жатпады, тіпті оған назар да салмай қойды. Бір күні аң аулаудан тағасының (анасының інісі) үйіне келіп түскенде, тағасының қызы «Мен сіздің қызметіңізде болайын» деп өтінді. Оғыз-хан «Егер мұсылман болсаңыз, әйел етіп алайын» деп еді, әлгі қыз мұсылман болды. Екеуі өмір-бақи бірге болуға уәделеседі. Бір күні Оғыз осы сырын анасына айтады. Әкесі де сырдың астарына жетпей келісімін беріп, қызды әперді. Олардың ерлі-зайыпты махаббаты өте терең еді.
Күндердің бірінде Оғыз аңға кеткенде, Қара-хан Оғыздың бәйбішесінен «Ұлым неліктен сізге махаббатын байламады?» деп сұраған. «Оғланыңыз мұсылман дінін қабылдапты, оның тоқалы да мұсылман болыпты. Мен ата-бабамның діні мен ұлттық дәстүрлерден қайтпағандықтан, менімен жұмысы болмады» деп ол жауап қайтарды. Мұны естіп, ашу-ызасы қайнаған Қара-хан Оғызға қарсы әскерлер жібермекші болды. Оғыздың мұсылман әйелі бұны ести сала оған хабар жеткізеді. Ол да қосындарын саптап әзірленеді. Екі арада сұрапыл шайқастар болып, Оғыз жеңіске жетіп, дұшпандарын әкесінің қараргахына (еружайына) жақын бір жерге дейін қуып әкеледі. Сол сәтте барлық әскерге қолбасшылық еткен әкесі соғысқа шығады. Ақыры әкесі мен оның көптеген адамдары жайратылды. Нәтижеде Оғыз толығымен жеңіске жетіп, әкесінің астанасын иелеп, өзінің мұсылмандығын ашық жариялап, еліне молшылық пен әділетті тұрмыс әперді, жақсы тәртіп-қағидалар орнатты. 170 жыл патшалық етіп, Арабстан мен Руби Мәскунның көп бөлігін бағындырды және сол елдерде де бейбіт билігін орнатты. Хақ-тағала оған алты перзент берді. Олардың әрқайсысы тағы төрт баладан туып, жалпы саны 24 перзентті болды. Осымен оның ұрпақтары 24 тармаққа бөлініп, 24 тайпаны құрап, әрбіреуі өз алдына ұйғыр, қаңлы, қай, халаж сияқты бөлек-бөлек аттармен аталатын болды.
Оғыз-хан қосындарымен бірге Арабстан жаққа жорыққа шыққан кезде, оның бір батыры шайқаста қаза табады. Оның екіқабат әйелі туатын уақыты келіп, адамға көрінбейтін бос жер таба алмай, ақыры бір ағаштың кеуегіне (қуысына) тығылып, бір ұл туады. Әділетті Оғыз-хан бұдан хабардар болып, әлгі әйелді баласымен бірге харамға (өз ордасына) алдырып тәрбиелейді. Бала ағаштың ішінде туылғандықтан, оған «Қипчә» деп ат қойылды. Кейін келе, сөздің өзгеруіне қарай «Қипчә» деген атау «Қыпшақ» болып қалыптасты. Осы бала өскен соң, Оғыз-хан оны әскер бастап, Хазар (Каспий) теңізі жаққа аттандырды. Ол сол жерлерді иеленіп, өз мекеніне айналдырды. Қыпшақ тайпасы осы ұлдың ұрпағы деп аңыз етіледі.
Оғыз-хан Күн-хан атты тағы бір ұлын өзіне қаим-мақам (мұрагер) етіп белгілейді. Одан кейін Күн-ханның баласы Ай-хан, оның баласы Жұлдыз-хан, оның баласы Теңіз-хан, оның баласы Меңли-хан, оның баласы Ел-хан бірінен соң бірі патша болады. Кейбір аңыздарға қарағанда, Ел-хан және Фаридун-патшаның43 перзенті Тур44 арасында кейде өзара араздықтар, кейде хат-байланыс пен барыс-келіс болған екен. Бұған қарағанда, Ел-хан Турдың уақытында өмір сүрген және онымен замандас болған.
Моңғол хандарының ұрпақтары арасында сегіз хан өте құдыретті де салтанатты патша болып өтті. Осылардың тоғызыншысына жеткенде, татарлар моңғол хандарын жеңіп, барлық моңғолдарды қырып, үрім-бұтағын жер бетінен толығымен жояды. Тек Ел-ханның баласы Қынан-хан орайын тауып, тағасының баласы Такузбен бірге татарлардың қырғынынан қашып құтылады. Олар қатын, бала-шағалары және бірнеше малшыларымен белгісіз таулардың ішіне кіріп, бейбіт өмір сүрді. Осы таудың тек бір ғана дарбазасынан (қақпасы) басқа шығар жер жоқ еді. Олар дарбазаны берік бекітті және бірнеше мың жыл бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса сол тауды мекендеді. Ұрпақтары да, малдары да айрықша көбейді. Қынанның ұрпақтары «қият», Такуздың үрім-бұтағы «өкүш» деп аталды. Бұлар кейін келе одан әрі көбейіп, бірнеше топ пен тайпаға жіктелді, тауға сыймайтын жағдайға жетті. Олар «Аспан астында мына өңірден басқа жер жоқ және бізден өзге адам немесе тірі мақлұқ жоқ» деп есептейтін, сондай-ақ өз мекенін «Аргинәқун» (Ергенекон) деп атайтын. Күндердің бірінде олар ата-бабасы бекіткен дарбазаны көріп қалып, оны ашады және сыртқа шыға бастады.
Бастапқыда, моғол хандарының сегізі дәулет және ізетте туылып, билеп-төстеген халде аста-төк өмір кешкен. Тоғызыншысына жеткенде, олардың ниеті бұзылады. Сондықтан кейінгілер осы сегіз ханның заманын қасиетті де жайлы деп есептеген. Патшалар арасында ұлы құдірет пен мәртебе иелері өзара тоғыз-тоғыздан сый-сәлем беретін ахуал әдетке айналды. Алайда, олар бір сегізді «бір тоғыз» деп атайтын. Хан мен патшалар, тіпті бұқара халық немесе әйелдер өзара барыс-келісте тек сегіз нанды ғана әкеліп, оларды тоғыз деп есептейтін. Мұндай әдет Моғолстан елінде қазірге дейін жалғасуда.
Ел-ханның ұрпағы Жұлдыз-хан патша болды. Оның екі баласы өзінің көзі тірісінде-ақ өліп кетті. Олардың біреуінен бір ұл, екіншісінен бір қыз дүниеге келген-ді. Бір-бірімен некелестірілген осы екеуінен бір бала дүниеге келеді. Сол кезде Жұлдыз-хан да қайтыс болады. Көп өтпей, оның немере балалары да қайтыс болып, жалғыз ғана қалған Аланқуа есімді бір әйелі Жұлдыз-ханның халқы мен ұлыстарын иелейді. Күйеуі өлгеннен кейін Аланқуа басқа ерге тимеген еді. Бір түні ақ киіз үйдің түңлігінен күн сәулесіндей бір нұр көрінгендей болды. Осы нұр жас жігіттің кейпіне еніп, Аланқуамен һәмбәстәр (бірге) болды. Пайда болған қуаныштан ол екіқабат болады. Мұны естіген мемлекет әркандары (мансаптылары) масқарасын шығаруға кірісті. Сол кезде Аланқуа: «Менің әрекетім кіршіксіз пәк, намысты және шын. Ойнастық пен жаман іс жасамаймын. Киіз үйдің түңлігінен бір нұр еніп, жас жігіттің кейпіне еніп, бірге болды. Содан екіқабат болдым» деп әңгімеледі. Кейбіреулер бұл нұрды Хазрет Әли-керамулла’уажһу және Жебірейіл-әлейһиссалам деп долбарлады. Мұндай сиқыр-кереметке Хақ-тағаланың ғана күш-құдіреті жетеді. Бибі Мариам-разиаллаһу’анһудан (Алла оған риза болсын!) Хазрет Иса-әлейһиссалам да әкесіз туылған. Мұндай ғажап істерді Хақ-тағала оңай жасай алады. Қалаған нәрсені жасайтын және өз еркімен үкім шығаратын белгі жалғыз рақымды Аллаға ғана тән деген пәтуа шығарылған-ды. Кейбіреулер астроном және пәлсапашылардың «Егер күн мен ай Хамал үшбұрышында (григориан жыл есебімен 22 наурыз бен 22 сәуір арасындағы кезең) бір сызыққа тура келіп, алтыншы дәрежеде кездессе, осындай оқиғалар орын алады» деген сөздерді дәлел ретінде келтіріп, Аланқуа хикаясының «шындығын» растап және бекітіп, бірнеше себеп пен ұсынысты ортаға қойды. «Раузат ас-Сафа» атты кітапта да өзгелердің бұл әйелді масқаралап-айыптағандарына негіз болатын бірқатар дәлел-айғақтар келтірілген.
Мендей пақыр көп нұқсанды қалам тербетушінің көңілінде осы аңыздардың теріс мәнінің бет-пердесі ашылып, әшкереленді. Тылсым пердесіне бүркемеленіп, құпия болып келген осы ғажайып аңызды анықтап, шығармамның парақтарына анықтап жазуды мақұл көрдім. Меніңше, бұл аңызды былайша баяндау керек: Аланқуа нәсілінен мұсылмандар жамағатына енген хан-патшалары Тоғлық Темір-хан, Әмір Темір-гурагани және олардың ұрпақтары өздерін ары таза Аланқуаның ұрпақтарымыз деп сипаттайды. Олар «Бұл әйелге адам баласы қол тигізіп көрмеген. Нұрдан ғана екіқабат болып, бірнеше ай тиісті мезгіл өткен соң, Бозанжир-ханды туған. Біз соның ұрпағымыз» деп мақтанады және өздерін текті санайды. Олар көрінген нұрды Хазрет Әли-керамуллаһ пен Жебірейіл-әлейһиссаламның белгісі деп жориды һәм жоғарыдағы аңызға сеніп-сыйынады.
Менің ойымша, бұндай пайдасыз сенім мен хикаялар - көңіл аудармайтын бос сөздердің бір түрі. Оған тіпті сенудің өзі кәпірліктің белгісі. Өйткені, Хазрет Әли-керамулла хижраның 40 ж. (660-661 жж.) қайтыс болған. Тарихи мәліметтерге қарағанда, Аланқуаның уақыты Хазрет Әлиден кейін өткен. Сонымен қатар, ол әйел Қарашаһар өңіріндегі өз қауымы – қалмақтардың басшысы болған-ды. Олар Хақ-тағаланы, пайғамбарды және оның ұлағатты сахабаларын танымаған, бәлкім иман келтірмеген және есімдерін естімеген. Ай мен күнге табынатын, жын-шайтандардың ізіне түсіп, қараңғылық пен түнекте күн кешуге әдеттенген тайпалар еді. Бұлар қалай Алла-тағаланың мұндай шапағатты нұрына ие бола алады?
Белгілі тарихи кітаптар адамдарға моңғол тайпаларының исламның шарапатына ең тұңғыш рет хижраның 600 ж. (1203-1204 жж.) кейін жеткені жөнінде анық мәлімет береді. Сондықтан кітаби қауымға жатпаған (қасиетті кітаптар мен пайғамбарлар жіберілмеген) бір мушрик (дінсіз) әйелдің некесі шариғатқа сәйкес келмейді. Хазрет Әли-керамуллаһ сиқыр-керемет арқылы бұл мушрик әйелді мұсылманға айналдырған соң, онымен жақындасуы мүмкін деп тұспалдағанның өзі Хазрет Әлидің пәктігіне шүбә мен күмән келтіргендік болады. Күмәнмен бірер нәрсеге үкім шығаруға болмайды, сондай-ақ күмәнданудың өзі шариғат бойынша шарт-дәлел де бола алмайды.
Сонымен бірге, Хазрет Әли Ирақтан басқа елдерге бармаған-ды. Бұл «ұлы да асыл азамат өз зиратынан шығып, алдымен нұрға, сосын адамға айналып, кәпір әйелмен жақындасып, бір жастыққа басын қойды» деп айту «танасхия» мен «хулулия»45 ағымдары жақтастарының көзқарасы саналады.
Моңғолдардың сенім-нанымы адамның рухы денеден ажыраған бойда басқа бір денеге енеді дегенге негізделген. Чин халқының бір бөлегі және барлық үнділер де осы нанымның жақтастары. Шииттер46 мен мутасаввифа47 ағымының кейбір сопылары да осы сенімге жақын тұр. Дегенмен, бұндай сенім кәпірліктен басқа ешнәрсе емес.
«Милал уа наһал» (Діндер мен мазхабтар) атты кітаптың авторы Имам Моһаққақ бинни ул-Хазм әл-Захири48 және басқа да ғалымдар өз кітаптарында жоғарыдағы сенімге айрықша қатты тойтарыс берген еді. Еркекпен жақындаспаған әйелдердің бала тууы мүмкін емес. Бұл – жамағат ішінде қабылданбайтын істердің бірі. Бұндай оқиға Мариам бинт Әмран-разиаллаһу’анһудан өзге әйелдерде болмаған. Хазрет Иса-пайғамбар’әлейһиссалам ғана Бибі Мариамнан әкесіз дүниеге келген. Сондықтан мұндай таңғажайып оқиға тек қана Хазрет Иса-әлейһиссаламға ғана тән, одан басқа адамға рұқсат болмаған.
Ислам дінінің кейбір зерттеуші имамдары «Бибі Мариам пайғамбар болған. Егер ол пайғамбар болмағанда Хақ-тағала өзінің ежелгі кітаптарында (Інжіл, Таурат және Құран) бұл жөнінде аян бермес еді» деп баяндайды. Расында да Хазрет Адам-әлейһиссалам Алланың күшті құдіретімен ата-анасыз жаратылған мақлұқ. Хазрет Иса-әлейһиссалам анасынан әкесіз туылды. Осы екеуінен басқа адам немесе ғұмыр иесі ата-анасыз туылуы мүмкін емес. Әлемнің шынайы жаратушысы Алла өзінің шабыттандыруы, медеті және жақсы-жаман істер жөнінде жазылған кітаптары арқылы күш-құдіретін танытып, әлемнің тәртібін бір тәсіл және бір жолмен жүйелі шара ретінде сақтап келді. Сондықтан кез келген дәуір немесе кезеңде Алланың осы шара өлшемдері және тәртібіне сәйкес болмаған, яки түр-түсін өзгерткен бірер қилы оқиғалардың шығуы мүмкін емес. Қысқасы, Алланың үкім-бұйрығысыз жаңа оқиғалардың пайда болуы мүмкін емес. Құран-Кәрімде «Алланың заңында ешқандай өзгерісті таба алмайсың» деген аят осыны дәлелдейді. Аланқуаның хикаясы шариғатқа қарсы ойдан шығарылған негізсіз де мағынасыз әңгіме екендігінде күмән жоқ. Өз сенімін дәлелдеу үшін осы әңгімені аңызға айналдырғандар немесе соған сенушілер кәпір және малғұн-дұр. Өйткені, Хазрет Жебірейіл-әлейһиссаламға әнбиә-мурсалиндерден (уағыз түсірілгендер) басқа адамдарға түсуге тыйым салынған. Сонымен бірге, «Расул Хатәм ул-набиден» (Мұхаммед-әлейһиссаламнан) кейін ешбір адам немесе тірі жан пайғамбарлық деңгейіне жете алмайды. Жоғарыдағы пікір-дәлелдердің өзі Аланқуаның «Киіз үйдің түңлігінен енген нұрдан екіқабат болдым, нәтижесінде Бозанжир-хан туылды» деген сөздерін толығымен негізсіз де пайдасыз қылады.
Моңғолдар зина жасауды (ойнастықты) айыптамайды, бәлкім халал деп есептейді. Олардың әдеті бойынша, күйеуге шығатын қыз немесе келіншекті алдымен некесін қиятын діндар ламасы бір түнге әйел етіп, жанында тұрғызған соң ғана жұбайына тапсырады. Бұл олардың некелесу дәстүрлері болып есептеледі, өйткені моңғолдардың ламасы әйел алмайды деген мәліметтер бар. Тарихи кітаптарда жазылғандай, моңғолдар әкелерінің әйелдеріне де үйленеді. Мысалы, Шыңғыс-хан өлгеннен кейін оның бір әйелін кенже баласы Толуй-хан алған және одан екі ұл тапқан. Оның үстіне, Аланқуа да ойнастықпен екіқабат болғанда, моңғолдар «Әкесі болмаған баланы қалай ғана билеушіміздің қатарында есептейміз?» деп ар-намысқа тырысып, наразы болған. Олар наразылықты басу үшін көптеген айла-шарғыларды қолданып, діни кітаптардағы аяттардан айғақ-дәлелдер іздеп, өздерін осындай намыссыздықтан құтқармақшы болды. Жылнамашылар да өз заманындағы патшалар мен мырзаларға жағымпаздана «Жоғары мәртебелі патшамыз, ұлы анаңыз нұрдан құрсақ көтеріп туған патша-хандардың ұрпағысыз. Сондықтан Сіз барлық жеңімпаз билеушілерден де жоғарысыз, жеңе аласыз» деп қошемет сөздерін жаудырған. Осыдан болар, моңғолдар бұндай аңыздарға көп көңіл бөліп, мақтанып даңдайсиды және де өздерінің шыққан тегін солармен сабақтастырады. Бұның рас немесе жалғаны тек қана барлық істердің ақиқатын білетін Аллаға мәлім.
Енді бастапқы әңгімемізге оралып, бір-бірлеп баяндауды жалғастырайық: Аланқуа үш ұл бала туады. Кенжесін Бозанжир деп атады. Ол қырағы, дана, әділетті және дәулетті патша еді. Көптеген жақсы істерді және қағида-тәртіптерді шығарды. Әмір Абумуслим Марвизимен49 дос болатын деп баяндалады. Екеуі замандас болғаны белгілі. Бозанжир-ханнан Бұқа-хан, одан Домын-хан, одан Қайду-хан, одан Байсинқир-хан, одан Дұмнай-хан туылған. Дұмнай-ханда егіз бала туылды. Біреуіне Қобул, екіншісіне Қачули деп ат қойды. Шыңғыс-ханның ұрпағы Қобул-хан бинни Дұмнай-ханнан, ал Әмір Темір-гураганидің ұрпағы Қачули бинни Дұмнай-ханнан өрбиді.
Қачули түндердің бірінде көрген түсін әкесіне былай баяндайды: «Ағам Қобул-ханның етегінде бір күн пайда болып, аспанның үстіне шығып, бүкіл әлемге жарқылдап, батып кетті. Содан кейін тағы бірнеше күн де бірінен соң бірі жарқырап шығып, бірінен кейін бірі батып кетті. Соңында жұлдызға ұқсаған бір сәуле шыққанда, менің етегімнен шыққан бір күн бүкіл жаһанға нұр шашты да батып кетті. Оның соңынан тағы бірнеше күн шығып, әрбіреуі бір тарапты жарық етті. Осы көрініс ұзақ уақытқа созылды. Оянсам – түсім екен». Әкесі де осыған ұқсас түс көрген еді. Осыны жорытуды ойлаған әкесі мемлекет мансаптыларын және жан-жақтағы даналарды жиып, баласының түсін толығымен баяндайды. Мансаптылар пікір алмасқаннан кейін: «Қобул-ханның ұрпағынан құдіретті патша шығып, бүкіл әлем оған бағынады және мемлекеті асқан-тасқан болады екен. Кейін шыққан күн – оның бала-шағасы. Олар дүниеге келгеннен соң әрқайсысы жан-жақта билеуші болады екен. Одан кейін, осы түсті көрген Қачулидің ұрпағынан бір ұлы ша’ан-шах (шахтардың шахы) өмірге келеді. Оның және ұрпақтарының қадамдарынан әлемнің бет-әлпеті гүлдену мен жасампаздыққа бет бұрады екен» деп жорыды және мақтап-мадақтады данышпандардың бәрі. Хан осы мазмұнда бір хат жазуға жарлық береді. Хатқа «Менен кейін Қобул-ханның ұрпақтары хан болсын, Қачулидің ұрпақтары да уәзірлік дәрежеде билік етсін» сынды бірер жарамды сөздер тізіліп жазылды. Хан бастаған мемлекет мансаптылары өз тамғаларын басқан бұл хат қазынаға қойылды. Осы жарлық хат хандардың қазынасында Сұлтан Абусаид-мырзаның50 заманына дейін сақталды және жергілікті дәстүр бойынша хаттың үкімі орындалып келді. Бұл хат қалмақ-моңғолдардың тілінде «Фарамин» деп аталатын. Кейін Қобул-ханнан Бартан-хан туылды. Оның баласы Сесу-баһадұр (Есукей-батыр), оның баласы Темурчин-баһадұр. Лақап аты Шыңғыс-қаған еді.
2
Моңғол хандарының сардары, Араб пен Ажам елдерінен шығысқа дейінгі жерлердегі хандардың ханы жеңімпаз Шыңғыс-қағанның жеңісті жаугершілігі, билігі, салтанат құрған уақыты, ұрпақтары, әмір-нояндарының дербестігі жөнінде қысқаша естелік
Әдемі тілді және сыпайы сөзді муаррихтер (жылнамашылар), дарынды да абзал авторлар мен шешендер мынаны құштарлықпен баяндайды: Ұлы және шынайы патша – Алла өз ұйғарымы мен жігері бойынша кейде мұсылман-мумин немесе діндарлар кәпір-мушриктерді жеңген, кейде кәпір-мушриктер немесе дінсіздер мұсылман-муваһһидтерді жеңген оқиғаларды таңдап, адамдарға ғибрат үшін хикая етіп, жылнамаларға және шығармаларға жазған екен.
Сол жазбалы құжаттарға қарағанда, Темурчин-баһадұр хижраның 549 ж. (1154 ж.) дүниеге келді. Он екі жасында әкесі о дүниеге аттанды. Содан соң ол анасының тәрбиесінде болып, шығыс және солтүстік жақтардағы шүршіт, найман, Түркістанның ұлықтары Оң-хан, Таян-хан, Гүр-хан, Тоқабек-мекрит (меркіт) секілді мемлекет иелерін бағындырып, қауымдар мен тайпалар, елдер мен аймақтарды иеленді. Сол тұста Темучин-баһадұр 49 жасқа кірді. Мемлекеті айрықша асып-тасыды. Хижраның 598 ж. (1201-1202 жж.) моңғолдар бірігіп, тоғыз паялық (қабатты) тақ дайындап, Темучинді патша ретінде үстіне шығарып, «Шыңғыс-қаған» деп лақап қойды. Бұл моңғолша «хандардың ханы» немесе «шахиншах» (шахтардың шахы) деген сөз. Содан бастап, ол Темучин емес, Шыңғыс-қаған деген атпен әйгілі болады. Кейін келе «қаған» сөзі әдеттегі бастапқы тілден басқаша әуендететін жалпақ тілдегі «хақан» деген сөзге өзгерді. Оның астанасы Қарақорым деген жерде, Керулен өзенінің бойында еді. Қазір бұл жердің анық белгісі мен орны қалмақтардан басқаларға беймәлім.
Сол кездегі Қытайдың51 билеушісі Алтан-ханның52 астанасы Ханбалық еді. Қытай тілінде Ханбалықты «Чжуңду»53 деп атайтын. Осы қаланы астана етіп, мемлекетті билеген хандардың бәрі де Алтан-хан деген атпен аталған еді. Шыңғыс-қаған Ханбалықтағы Алтан-ханға қарсы әскерін бастап, көптеген қалаларын басып алады, ойрандайды. Өйткені Қытай патшалары және моңғол билеушілерінің арасында ежелден өзара араздығы күшті еді. Нәтижеде, Алтан-хан қарсы тұра алмай, достық байланыстарын орнатты. Ол Шыңғыс-қағанның үкім-билігіне бағынып, оған өз қызын ұсынды. Шыңғыс-қаған бұған риза болып, қызды өз әйелдерінің қатарына қосып, оның елін тыныштандырып, өз еліне оралды. Сонымен Шыңғысқа бағынған ұлыстардың шекарасы шығыста Ханбалық, солтүстікте Қазан қалаларына дейін жайылды.
Қазан шаһары «Татар» деп те аталады. Өйткені Шыңғыс-қаған шаһарды басып алғанда, татарлардан алынған әскерлерді шайқасуға жіберген және олардың бір бөлігін сонда қалдырып, отаны етіп берген. Сондықтан бұл жер «Татар» есімімен әйгілі болса керек. Кейінгі заманда Әмір Темір-гурагани осы жерді басып алып, аталмыш татарларды өз еліне зорлықпен көшірді деген аңыздар да бар. Жалпы, Шыңғыс-қаған батыс шекарасы Мысыр, Шам (Сирия), Бағдат (Ирақ), Румға (шығыс жағы - Кіші Азия) дейін, оңтүстік шекарасы Әзірбайжан, Синд өзені, Тибет, Ұйғыр мемлекетіне54 дейінгі ұлыстарды иемденіп, 73 жыл өмір сүріп, 25 жылға дейін Азия құрлығының басым бөлігін тәуелсіз патша ретінде билеген.
Шыңғыс-қаған түсірген ауыр дәрежедегі ойранды суреттеуге қалам дәрменсіз, айтып беруге тіл жетпейді. Қасиетті хадис кітаптарында бұл жөнінде «Қалқан сияқты жалпақ бет-пішінге бір нәрсе жабыстырғандай бір қауым қырғын-жойқын соғыстар шығармағанша қиямет-қайым болмайды» деп алдын-ала көрсетілген еді. Осы сөз моңғол-татар тайпасынан шыққан Шыңғыс-қаған мен Құлағуды меңзейді. Моңғолдардың ислам елдерін жаулауы халиф Муста’симнің55 заманында, яғни хижраның 654 ж. (1256 ж.) аяқталды. Бұл жағдай Шыңғыс-қағанның сахнаға келуі, Құлағудың мұрагерлік етіп шабуылдауы және яжуж-мажуждардың өсек-дақпырты секілді істердің даусыз нәтижесі. Сондай-ақ қасиетті хадистерде «Бинни Қантұраның ұрпағы келгенде ақырзаман болады» деп көрсетілген. Бинни Қантұра Түрктің ұрпағы деп меңзеледі. Қантұра – түрктердің ең ұлық әжесі есептелген әйелдің есімі. «Мәшкиуат Шариф» (Жақсы мен жаманды айырудың өлшемі) деген кітапта «Хиджаз жақтан бір от жанады. Сол кезде дүниежүзінің уақыты аяқталып, Қиямет-қайым болады» деп жазылған. Сонымен бірге «Мирқат» (Өрлеу баспалдақтары) атты кітапта «Осы от алты жүз елу төртіншіде көрініс береді» деп жазылған. Бұл Құлағудың хижраның 654 ж. (1256 ж.) мұсылман елдерді басып алғанын аңғартады. «Басир деген жерде Түйебойнақ атты бір тау бар. Хиджаз жерінен от шығып, сол тау ашық көрінбейінше Қиямет-қайым болмайды» деп түсінік берілген. Бұл – Шыңғыс-қаған мен Құлағудың қырғындау соғыстарын от апатымен астарлау ишараты.
Тарихшылар өз жылнамаларында Шыңғыс-қағанның бәле-апаттары мен ойранын Хазрет Нұх бинни Адам заманындағы топан судан да ауыр еді деп жазады. Себебі, Нұхтың уақытында адамдар аз еді. Ал аталмыш заманға келгенде, адамдар көбейіп, дүние-мүліктер де ерекше асқан әсем көрініс пайда болған-ды. Сонымен бірге, Нұхтың уақытында адамдардың басым бөлігі Алланы бір деп танитын діни сенімнен жұрдай еді. Мына заманға келгенде, адамдардың көбісі мұсылман діндар болып, дінге берілген мужтаһид ғұламалар, құрметке бөленген машайықтар көп еді. Мысалы, Бұхара шаһарында Имам Абухафиз Кубра56 сияқты жүздеген ұлы мужтаһид ғалымдар болған. Хорезмде Шейх Нажмиддин Кубра57 секілді жоғары деңгейге жеткен серкелер бар еді. Оның 60 мыңнан астам шәкірттің баршасы дерлік «сахиби карамат пен далаяттың» (керемет пен дәлел иелері) адамдары еді. Сондықтан бұл мәртебелі тұлғаны «уәли тараш» (ұсталардың иесі) деп атайтын. Ол өзінің бірнеше шәкіртіне рұқсат бере отырып: «Сіздер басқа жерге кетіңдер, өйткені шығыстан бір от жанып келе жатыр. Ол от батысқа дейінгі жерлерді өртейді. Бұл – үлкен аласапыран апаты. Үмбеттер бұндай ірі бәле-апатты қайта көрмес» деген уәжін естіген кейбір мүриттер: «Егер дұға оқысаңыз, келе жатқан апатты кері қайтару мүмкін ғой» деп өтінді. Жоғары мәртебелі шейх «Бұл – дұғамен қайтаруға келмейтін бәле-апат» деп жауап берді. Басқа шаһарларда да оған ұқсаған, мақтап-мадақтауға тұрарлық көптеген құрметті машайықтар, даңқты ғұламалар дұға оқыды. Олардың барлығы да Шыңғыс-қағанның қырып-жоюына ұшырап, шейіттің шербетін ішуге мәжбүр болды.
Дегенмен, ежелгі заманның патшалық заң-қағидаларын патша Жамшид58 ойлап шығарса, пайғамбар Мұхаммед-әлейһиссалам заманынан кейін патшалық рәсімиеттерді, қағидаларды және заң-жасақ жүйесін орнатқан патша – Шыңғыс-қаған. Тарихи кітаптарда оның ұрпақтары бірқатар жасақ, салт-таралғы және заң-ережелерге ерекше көңіл бөліп, қолдануға жарамды «Дәстүр әл-Амал» (саяси бағдарлама) деп санап, ел басқарудың негізгі құжаттары етіп пайдаланғаны баяндалады. Шыңғыс-қағанның тірі кезінде-ақ оның үкім-бұйрықтары бойынша моңғолдардан Қарачар-ноян және мұсылмандардан Махмуд-бек Ялавач59 деген уәзірлері болған еді.
Шыңғыс-қағаннан Жошы-хан, Шағатай-хан, Үгедей-хан, Толуй-хан деген төрт ұл қалды. Шынғыс тірі кезінде мемлекетті төрт баласына ұсынған. Жошы-хан одан алты ай бұрын бұл жаһанмен қоштасты. Одан 18 ұл қалды. Жошы-ханға бүкіл Түркістан мен Дешті-Қыпшақ тәуелді болды. Оның үлкен перзенті Берке-хан әкесінің билігіне мұрагер болды. Шыңғыс-қаған Ирақтан өз еліне қайтқанда, Жошы-хан басқа сый-сияпаттардан бөлек 100 мың жылқыны тарту етті. Әрбір 10 мың аттың түсі біркелкі еді. Ұлы қаған үшінші баласы Үгедей-ханды өзінің тақ мұрагері етіп белгіледі. Барлық бала-немерелерін оның әмір-басқаруына тапсырды. Қарачар-ноянның арнайы файманымен (тоқтамымен) және әдет-ғұрыптар бойынша, ата-бабасынан мұраға қалған жарлық-бұйрықтар мен дәстүрлі хаттар Шағатай-ханға табысталды.
Толуй-ханнан Мэнгу-хан, Құбылай-хан, Құлағу-хан, Артықбұқа-хан есімді төрт ұл қалған еді. Үгедей-хан шексіз әлеммен қоштасқан соң, Шыңғыс-қағанның астанасы Мэнгу-ханның қолына өтті. Ол әрбір 10 адамның екеуін әскерге алып, 120 мың адамдық қосын дайындап, оған Құбылай-ханды қолбасшы етіп, шығыстағы Алтан-хан (Цзин) патшалығына қарсы жорыққа шығу туралы жарлық түсірді. Осы зор қосындарды басқарған Құбылай-хан Алтан-хан еліне баса-көктеп кірді және кей тұста жеңіске жетіп, кей тұста жеңіліске ұшырап, ақыры жауды толығымен жеңді.
Чин патшасының «Каңчжаң» (Патшалар тарихы) деген жылнамасына негізделсек, қытай халқы өз тарихын Фуң ұрпағынан бастайды. Фуңның ұрпағы Тайхуфус есімді бір кісінің билік еткен заманы Хазрет Адам-әлейһиссаламнан 2700 жыл кейін және пайғамбардың хижра жасаған жылынан (622 ж.) 3400 жыл бұрын болған секілді. Фуң атты адам біздің тарихымыздағы Фодак болуы мүмкін. Фодак – Түрктің баласы, ал ол Яфестің баласы деп баяндалады. Осыған орай, Фуң мен Фодак бір адамның әртүрлі екі тілдегі есімі болу керек.
Қытайлардың жаралуы сол Тайхуфус-Фодактың ұрпақтарынан басталған деген пікір бар. Олардың мемлекеті бір тайпадан басқа тайпаға ауысқан күйі жалпы саны 25 әулеттің уысында болып келген. Әрине, биыл, яғни хижраның 1325 ж. (1907 ж.) дейінгі аралықта шамамен 4800 жыл бойы барлығы 254 адам билеп-төстепті. Олардың жылнамаларында Хазрет Адам-әлейһиссалам «Ловаң» («лао ваң») деп жазылады және «Қазір қытай халқы Ловаңның дін-шариғатына құлшылық етеді, басқа діндерді қабылдамаған» деп өз дініне берік сенуде. Жорамалдауымызша, олар Яфес бинни Нұх-нәбиулланы Тайхуфус деп атауы мүмкін. Сондықтан олар оны Фу-ваң деп атайды және өз тарихын содан өрбітіп, 25 әулетке бағыныпты. Әрбір әулеттен тағы 20-30 адам, кейде 5-6 адам ел басқарыпты. Кейбір тайпалар орта есеппен 700-800 жыл, кейбірі 200-300 жыл, кейбірі 20-30 жыл шамасында билік құрған. Мысалы, 22-әулеттегі Цзуң Салистің (Цзуң ІІІ) ұрпағы патша Тайцзуң Шеңди 17 жыл ел басқарды. Ол Аббасия халифатының билеушісі Қадырбилламен60 замандас еді. Осы әулеттің 18 адамы елді 321 жыл билеген. Ең соңында Чжувади Шеңди-хуаңди таққа отырғанына екі жыл толғанда, моңғол ханы Құбылай бинни Толуй-хан бинни Шыңғыс-хан көп қосындармен Бейжіңге шабуыл жасап, толығымен жеңіп басып алды. Патша Чжувади Шеңди Құбылай-ханға тойтарыс бере алмай, бір жерге жасырынды. Кейін ол өзін өзі өлтірді.
Бейжіңдіктер Құбылай-ханды «Ай-ваң» деп атады. Ол 23-әулетті құрып, Бейжіңді астана етіп, 15 жыл биледі61, әділетті істер жасады және Қытайдың барлық өлкелерін жаулап, өзінің билігін орнатты. Оның ұрпақтары «Ай-ваңның ұрпағы» деп аталды. Осымен Ай-ваңның ұрпағынан тоғыз адам 88 жыл хан болып өтті.
24-әулетке келгенде, Миң әулетінің өкілі Тайцзуң-хуаңди бас көтеріп, патша болды. Оның нағыз күшейген уақыты Әмір Темір-гурагани62 мемлекетінің орта кезеңіне сәйкес келеді. Осы тұқымның 17 адамы 270 жыл бойы ел басқарды. Бірақ олар моңғол хандарына бас иіп қызмет ететін. Нәтижесінде моңғолдар мен татарлар ынтымақтасып, Бейжің шаһарын басып алып, моңғолдың ұрпағы және манчжур нәсілінен шыққан Шунжи бинни Тайцзуң деген адамға салтанат тәжін кигізіп, таққа отырғызды. Қазіргі уақытқа дейінгі патшалардың барлығы осы тұқымға жатады. Бұл әулет «Да Циң» деп аталды. Қытайлардың «Каңчжаң» жылнамасында 25-әулетті орнатқан Да Циң мемлекетінің билеуші ұрпағы Шунжиден басталып, осы ғасырдағы Каңшуй (Каңси) патшаға дейінгі аралықта тоғыз адам 262 жыл билегені жөнінде мәліметтер бар. Шәуешектік Молла Құрбанәли-қажы әпенді олардың тарихын, қай ұлт пен дінге жататынын Қытайдың тарихын жақсы білетін данышпан қытайлық дінбасыларынан сұрап һәм аударып, Ловаң бинни Хазрет бинни Нұх заманынан қазіргі кезге дейінгі тұлғаларды және олар билеген мемлекеттерді баяндап, осы 25 әулеттің қандай патшасы қанша уақыт билік құрғанын, олардың билігі қай уақытта басталғанын, ел басқарған мерзімі Адам-әлейһиссаламнан қанша мың жылдан кейін болғанын және Мұхаммед Мұстафаның хижрасынан қанша мың жыл бұрын немесе кейін өткені, дүниежүзіне жіберілген пайғамбарлардың әрқайсысы қандай патшалармен замандас және қатарлас болғаны, қай патша қайсы ханның басқарған кезеңіне сәйкес келгенін тексеріп, Бейжіңнің және исламның тарихтарын салыстырып, ұзақ уақыт күш сала зерттеудің нәтижесінде бір жинақ кітап жазған еді63. Мен пақыр осы қаламгердің «Рақым» аталған кітабынан таңдаған бірқатар сөйлемдерін кітабыма кіргіздім.
Енді әуелгі әңгімемізге оралайық. Мэнгу-қаған Құбылай-ханды шығысқа жолға салғаннан кейін, өз бауыры Құлағу-ханды 120 мың адамдық ақаусыз қаруланған қосындардың қолбасшысы етіп тағайындап, батыстағы Аббасия халифатына64 қарсы жорыққа аттану туралы жарлық береді. Құлағу-хан Мауреннахр65, Хорасан66 және басқа да жерлерді басып алып, малахидилер (хақиқи дін жолынан безгендер) мемлекеті – Қахистандағы67 Рукниддин-хоршахты68 бағындырып, Ирақ пен арабтарға қарсы жорық жасады. Сол кезде Маулана Насириддин Туси69 деген бір ғалым бар еді. Құлағу оны қызметке алып, «Зиджу-Илхания» (Илхания күнтізбесін есептеу орны) деп аталған рәсәт (обсерватория) салғызды. Құлағу осы ғалымға көптеген қаржылай көмек берді. Әртүрлі қалалардың молда, игі жақсылар, ғұламалар және сәуегейлерін қасына жиып, қайырымдылық көрсетіп, қаржы беретін. Сондай-ақ нисаралық (несториан) және Фағфур Чиннің даналарын алдырып, Фурқани Мәжид пен Інжілді, Бейжің халқы пайғамбар деп құлшылық ететін Шакимуни (Шакьямуни) жөнінде жазылған «Шиңвуя» атты атақты кітапты моңғол тіліне аудартты. Құлағу ислам дініне сеніп, игілігін көрмегенімен, біраз пайдалы істерді жасады.
Жалпы, Құлағу-хан бинни Толуй-хан бинни Шыңғыс-қағанның даңқты да ержүрек істері көп. Бұл жерде тек Моғолстан хандарын ғана айтуды мақсат еткендіктен, Құлағу-хан мен Құбылай-ханның қисса-дастандарына егжей-тегжейлі тоқталмаймыз. Құлағу-хан Ирақтағы Бағдадты иеленіп, Аббасия халифатының 36-халифы Муста’сим мен оның екі баласының ауыздарына ерітілген алтын мен күмісті құйып өлтірді. Нәтижеде 522 жыл билік еткен Аббасия мемлекетінің салтанаты және сән-сәулетін толығымен шаң-тозаңға айналдырып, тас-талқанын шығарды, талан-тараж етті. Бұдан артық жауыздық жасау мүмкін емес еді. Олардың құпия және ашық мүлігі мен қазынасын, елі мен мемлекетін иеленіп билігін орнатты. Бұл оқиғалар хижраның 656 ж. (1258 ж.) орын алды. Құлағу-хан жан-жақта қалған аббасилердің бәрін тауып, түгел қырғындады. Оның алдында Аббасия халифтары өз әулетінің бірнеше мың өкілдерін билікке таласады немесе зиян келтіреді деген желеумен зындан-түрмелерге тастаған еді. Бәлкім, олардың біразы зынданда туылып, сол жерде өсіп-өнген. Құлағу-хан бұлардың бәрін қырып-жойды. Ол Арабстанның Мысыр, Шам, Халеб секілді жерлері мен қалаларының басым бөлігін өзіне бағындырып, өз жеріне айналдарған соң, Әзірбайжанға жорық жасады. Иранның аумағын орталық етіп, тоғыз жыл билеп-төстеп, сонда қайтыс болды.
Құлағу-хан өлгеннен соң, оның баласы Абақа-хан таққа отырды. Одан соң Абақа-ханның баласы Арғун-хан таққа шықты. Одан кейін Ахмет-хан бинни Құлағу-хан билік етті. Ол – мұсылман, тақуалы және діндар адам болатын, үш жылдан кейін «балаи-әлемге ұшып кетті» (қайтыс болды). Одан соң Канжату бинни Құлағу-хан таққа шықты. Исламның атақ-даңқы тағы да дамыды. Сосын Байду-хан бинни Тарағай бинни Құлағу-хан таққа мінді. Ол әлі ислам дініне кірмеген-ді. Сол шақта Герат қаласының билеушісі Әмір Норуз бинни Арғун бинни Ақаның70 (Абақаның) қолдауымен Ғазан-хан бинни Арғун-хан хан етіп көтерілді. Ол ислам дінін қабылдады. Оның пешенесіне исламның нұр-шұғыласы төгілді. Одан кейін баласы Олжайту-сұлтан Мұхаммед Худабанда хан болды. Сосын оның баласы Сұлтан Саидғазы-баһадұрхан тақта 18 жыл отырып, хижраның 736 ж. (1335-1336 жж.) әлем-хакиданнан (әлемнің бет-жүзінен) о дүниенің раяз-жауданына (асыл жаннат бақшасына) өтті. Оның мұрагер етіп қалдыратындай оғланы болмады. Сол себепті жан-жақтағы елдерге жөнелтілген мансаптылар өз бетімен кетіп, бір-бірінің әмір-пәрменіне бағынбай, өз алдына мүлки-тауаип (жеке-дара мемлекет) болды.
Жалпы әңгіменің қорытындысы, Шыңғыс-қаған Қытайдың шығыс жағындағы Ханбалықтан, батыста Мысыр мен Шам, солтүстікте Қазан қаласы, оңтүстікте Синд өзені, Тибет, Ұйғыр еліне дейінгі жерлерді өзіне қаратқан-ды. Оның ұрпағы Жаһан Темірханға дейінгі аралықта 25 адам осы өңірлердегі мемлекеттерді 148 жыл билеп-төстеді. Оның ішінде Шыңғыс-қағанның өзінен бастап әулетінің тоғыз ханы 95 жыл кәпірлікте тұрды, ислам дінін қабылдамай, моңғол-қалмақтардың жасақ жүйесін сақтап, уәли және мутәуәли ірі қалаларды болып биледі. Бұдан кейінгілер Мұхаммед-әлейһиссаламның «Адамға сұхбат әсер етеді» деген ұлы хадисі бойынша, мұсылмандықты қабылдау шарапатына ие болып, үкімдері мен жарлықтарын мұсылмандардың нұрлы шариғаты мен гүлдей ұлттық бұйрықтарына сәйкестіре билік етті. Кейін келе нояндар, әмірлер және уәзірлер әр жерде өздерінің жеке-дара ұлыстарын орнатты. Шейх Абуисхақ Парсы елін, Әлмузафар Хорасанды, Әмір Чопан бинни Әмір Төлек Тұран, Сулдуз, Рум, Дамаск (Шам) жерлерін, Әмір Хасан Бұзрық бинни Әмрақ-Бұқа бинни Әмір Илкани-баһадұр Ирақ пен Бағдадты басқарды. Илкани71 патшаларының ұрпақтары олармен тығыз байланысты. Осы әмірлердің өздері де моңғол нәсіліне және қалмақ тайпасына жататын. Олар мұсылмандық діндарлығы, шариғатшылығы, ынсаптылығы және әділдігімен тарихта аттары шыққан еді.
Моңғол сұлтандары аталмыш елдерді 200 жылға жуық уақыт тәуелсіз патшалық құрып, жеке-дара биледі. Бұдан кейін осы елдерде Шыңғыс әулетінің билігі аяқталды. Шыңғыс-қаған мен Құлағу-ханның қырғыны мен ойранынан өлген адамдардың санына ғайып (шексіздік) пен осы дүниені білетін Алладан басқа ешбір ақылдының ой-қиялы және сәуегей көріпкелдердің тұспалы жетпейді. Егер бірер адам осы ахуалды білуді қаласа «Тарихи Раузат ас-Сафа» кітабын оқысын. Алайда Шыңғыс әулетінің Моғолстандағы билігі Тоғлық Темір-ханның72 ұрпақтары Исмаил-хан73 және Мұхаммед Имин-ханның74 замандарына дейін, яғни хижраның 1120 ж. (1708 ж.) дейін жалғасты75. Содан соң олардың осындағы билігі де аяқталды. Дегенмен, Дешті-Қыпшақ, Түркістан және Ресейдің көптеген болыстары, сондай-ақ қалмақтарға, Фағфур Чинге тәуелді әйел билеушілер мен ваң (князь) болған жоғары мәртебелі әмірлер Шыңғыстың ұрпағы деп көрсетіледі.
Қисса-хикаяларға негізделсек, хижраның 736 ж. (1335-1336 жж.) Сұлтан Саид-баһадұрхан ғази76 қайтыс болды. Сол жылы Әмір Темір-гурагани туылды. Ол хижраның 771 ж. (1369-1370 жж.) Балх қаласында салтанатпен таққа отырды. Мауреннахр, Иран, Тұран, Парсы, Бағдат, Рум, Мысыр, Шам, Дамаск, Хамс, Баальбек, Анатолия, Исфаханға дейінгі аумақтарды, оңтүстік шекарасы Үндістан, солтүстік шекарасы Түркістан мен Қазан шаһарларына дейінгі көп өлкелерді бағындырып, жергілікті елдердің өз алдына дербес болған билеушілерін жойып, бәрін бір орталыққа немесе бір диуанға (билікке) тәуелді етті.
Әмір Темір-гураганидің бастапқы тегі Шыңғыс-қағанның ата-бабасы немесе қалмақтар әулетімен бір еді. Оның әкесі Әмір Тарағай, оның әкесі Әмір Токәл, оның әкесі Әмір Ілінгіз-ноян, оның әкесі Әмір Ичіл-баһадұр, оның әкесі Әмір Қарачар-ноян, оның әкесі Әмір Соғунчин-баһадұр, оның әкесі барлас Әмір Ирумчин-баһадұр, оның әкесі Қачули-баһадұр, оның әкесі Дұмнай-хан еді. Әмір Темірдің сегізінші атасы мен Шыңғыс-қағанның төртінші атасы аға-іні ағайындылар еді. Фарамин үкімі бойынша, хандық Қобул-ханға, уәзірлік Қачулиға тигендіктен, Әмір Темір әртүрлі патшалық мәртебелерге ие болса да, ханға уәзірлік немесе қызметкерлік, нөкерлік «жаракада» (дәрежесінде) тұратын. Фарамин үкімдеріне басқалай өзгерту кіргізілмейтін. Аталған жүйе бірнеше ұрпақ бойы сақталды, өздеріне хан немесе патша деп лақап қоя алмады. Әмір Темірдің астанасы Самарқан шаһары еді.
Әмір Темір-гурагани 90 мың әскермен Дешті-Қыпшақ билеушісі Тоқтамыс-ханға77 қарсы жорыққа аттанып, соғыс пен жаугершілікті бастады. Ол Тоқтамысты бір жерге қуып барды. Тамыз айында осы аймақта күн отырып, шапақ жоғалғанша ерте таң ататын. Имамаин78 мазхабының ережесі бойынша онда құптан намазын оқымаса да болатын. Әмір Темір осы аймақты да жаулап алған-ды. Кейін Дамаск, Шам, Исфахан және басқа да жерлерді иеленіп, қынадай қыруға және айтып тауыса алмайтын талан-таражға жол берді. Бұдан соң Үндістанның қалаларын да өзіне қаратты. Өзіне бағынған елдерді 36 жыл билеп, өзін жеңіскер және даңқты деп санаған барлық патшалар мен әмірлерді жеңіп шықты. Тарихи кітаптарда Әмір Темір «А’лим» (әбжетше жыл есептеу әдісі бойынша 71 жасқа сәйкес келеді) жасына жетіп, хижраның 807 ж. (1404-1405 жж.) қайтыс болды және Самарқан шаһарында жерленді деп жазылды. Мәліметтерге негізделгенде, Мұхаммед-әлейһиссалам пайғамбари-ақырзаманнан (заманның ақырғы пайғамбарынан) бастап осы уақытқа дейін моңғол хандары арасында Әмір Темірдей мұсылман діндар, ұлы да ірі патша болмаған. Ол аса батыр, күрескер, қаһары қатты, ашушаң патша еді. Әмір Темір батылдық пен тапқырлықты бірдей қолданған билеуші болатын. Ол қайтыс болғанда ұлы да асыл Хазрет Бахауддин Нақшбандидің79 тынысынан «Темір өлді һәм өз иманын да бірге әкетті» деген дауыс шыққан еді. Әулиелер сөзі Құдайдың сөзі-дүр. Әмір Темірдің құтты заманында Әмір Саидәли бинни Мұхаммед Әл-Хамадани80, Бахауддин Нақшбанди, Қожа Хафиз Ширази81, Әлламә Тафтазани82 және Мирсаид Шариф Әлламә Журжани83 қатарлы игі жақсылар, ғұламалар мен аса құрметті машайықтар көп еді деген мәліметтер бар.
Алайда Дамаск, Шам, Рум, бүкіл Арабстан, Бағдад, Халеб елдерінің ұлы ғұламалары, араб тарихшылары (Алла олардың сырларын пәк етсін) «Тарихи Имам Гардизи»84, «Тарихи Әлламә ибн Халдун»85, «Тарихи Ибн Арабшах»86, «Тарихи Бухари»87 және басқа да араб тіліндегі тарихи кітаптарда Әмір Темірді ислам дүниесі мен елдерінен тыс қалдырып, оны шиит немесе кәпір деп үкім шығарады. Себебі, Әмір Темірдің барлық соғыстары ислам елдерінде жүргізілді, негізінен осы аумақтардың ғұламаларын қырып-жойған еді. Осы жағдай оның залымдар ішінде ең жаман залым және пасықтар арасындағы ең жаман пасық болмысын суреттейтін дәлел-сипат есептеледі. Ол Шамды бағындырып, Дамаск шаһарын қоршауға алып, қырып-жоя бастаған сәтте «Әрбір әскер екі мұсылманның басын кесіп әкеліп, менің көз алдымнан өтсін» деп жарлық етеді және осы қаланы өте ауыр сипатта ойрандап, талқандайды. Жергілікті мұсылмандардың бастарынан 124 «кәлла мұнара» (адам бастарынан салынған мұнара) салғызды. Әрбір мұнара 9 мың адамның басынан жасалды. Одан кейін Румға қарасты Анатолияны басып алып, патша Йылдырым Баязидті88 жығып, өз атына ақша соқтырып, өз атына құтба (жұма намазының алдында оқылатын уағыз-дұға) оқытты. Содан соң Исфаханның барлық ерлері мен әйелдерін, тіпті жасы мен кәрісін түгел өлтіруге жарлық берді. Есеп-қисапсыз кіршіксіз пәк қыздар мен балалар, жас-кәрілер оның тығ саясатынан өтті (жазаланды).
Заманының ардақты бір адамы Әмір Темірге жақын әмірдің алдына барып: «Жоғары мәртебелі падишахтан соны үміт етеміз - жас балалар ешбір істен бейхабар ғой. Бейкүнәларға патшалық ілтипат пен мейіріміңізді көрсетуді өтінеміз. Осыны жеткізуді сұраймыз» деп жалбарынды. Екі арада дәнекерлік жасаған бұл әмір сыпайы да шырын сөздермен «Жас балалардың қаны бекерге ағызылмасын» деген өтінішті жеткізді. Бірақ Әмір Темір бұған ілтипат етпеді. Патшадан шын пейілмен үміт күткен мыңдаған кіршіксіз пәк қыздар мен бозбалаларды қырып-жою жөнінде топталып тұрған әскерлеріне жарлық берді. Сөйтіп, кінәсіз жас балалардың бәрі де ат тұяғының астында көз жұмды. Мұхаммед-әлейһиссаламның хадистерін баяндайтын алты кітапта «Түрк тайпаларының көздері кішкентай, мұрындары жалпақ, бет-жүзі кең табақтай және екі бетіне бір нәрсе жабыстырып қойғандай үлкен болады» деп жазылған еді. Мұндай ұқсату моңғол билеушілері мен қауым-тайпаларының пішініне сәйкес келеді. Бұл сөз Расулулла-керім’саллаллаһу-уәссаламның кереметтерінен-дүр. Құран-Кәрімдегі: «Пайғамбар жалған сөйлемейді. Алладан түсірілген уахиді жеткізеді» деген аятында Расули-акрам (пайғамбар) сөздерінің растығы туралы хабарлаған. Ешбір патша Шыңғыс-хан, Құлағу-хан және Әмір Темірдей ислам әлемін жанжал-соғыспен ойрандамаған еді. Соңғысы Шам мен Дамаскіні қоршауға алып, тұрғындарын қырып-жоюға бекінді. «Хәсну-Хусейн» атты кітаптың авторы Имам Жәзири89 жасырын бір жерге қашып, аталмыш кітабын жазды және жоғары мәртебелі Саид әл-Мурсалиннен (Мұхаммед-пайғамбар) медет пен үміт күткен халде хадистерде келтірілген дұғаларды оқумен шұғылданды. Дамаскінің барлық мұсылмандары қала қақпаларын тастармен нық бекітіп, зар илеумен болды. «Хәсну-Хусейндегі» деректерге қарағанда, сол кезде Имам Жәзири түсінде Алланың Ұлы елшісі, мұсылмандардың баспанасы Мұхаммед-саллаллаһу’вәссаламды көріп, «Йә Расулуллаһ, дұшпандар бізді жеңді ғой, үмбеттерің үшін дұға оқымаймысыз?» деп жалбарынғанда, пайғамбарымыз екі қолын қолтықтарындағы ақ денесі көрінгенше өте биік көтеріп, дұға оқыды. Дұшпандар үш күн өтпестен Шамның қоршауын тастап қашты. Мұсылмандар арасында шат-шадымандық орын алды.
Әллама Сиюти90 деген ғалым «Әмір Темірдің бұл істері, ислам дініне жасаған дұшпандығының дәлелі мен белгісі. Егер ондай болмағанда, пайғамбар қолдарын көтеріп, осы тайпаларға дұға жасамаған болар еді. Өйткені шариғатта мұсылманның зиян шегуі үшін дұға оқу дұрыс емес еді» деп айта келе, «Хижраның 808 ж. (1405-1406 жж.) ислам дініне опасыздық етуші Темір-ляң (ақсақ) өлді, жаһаннамға (тозаққа) кетті және ақиреті жаман болды» деп баяндайды. Мауреннахрдың 400 әйгілі ғұламалары да осы деректерге қосылады деген сөздер де бар. Бұның шын немесе жалғандығы тек шынайы білімнің иесі Алланың өзіне ғана мәлім. Алла оны өз Ілми-Қәдимімен (Құран) біле алады.
«Мунтахаб ат-тауарих» кітабындағы деректерге қарағанда, Әмір Темір хижраның 771 ж. (1369-1370 жж.) салтанатты таққа шыққан. Оның ұрпақтарынан 18 адам кезінде өзі жаулап алған елдерді 160 жылдай билеген. Сосын бұл әулет құрдымға кетті. Темірдің ұрпақтарынан кейін осы аумақты өзбек тайпасына және Жошының нәсіл-тегіне жататын Мұхаммед Шайбани-хан91 билей бастады.
Енді өзбек Шайбаниді баяндайтын болсақ, Шыңғыс-қағанның тұңғыш баласы Жошы-ханның 10 ұлы бар еді. Алтыншы баласының аты Шайбан еді. Шайбанның төртінші немересіне «Өзбек» деп ат қойылды. Ол кәмелетке толып, дәулет пен өкіметке жетіп, Ферғана уәлиеті мен Мауреннахрды жаулап билік құрды. Мұсылманшылық, момындық, ар-ұждан, әділдік, халықшыл жақтарынан оған ешкім тең келмейтін еді. Ол 54 жыл ел басқарды. Қалың бұқара игілікке кенеліп, тыныштық орнағандықтан ел ішінде «өзбек» деген атау мәңгі-бақи сақталып қалды. Алайда Мұхаммед-хан Шайбан бинни Жошы-ханның тұқымы болғандықтан өзіне Шайбани деген лақап есім қойды. Барлық өзбектер жоғарыда көрсетілген Өзбек-ханға бағынышты ру-тайпалардан шыққаны себепті, «Өзбек қауымы» деген атпен аталғаны жөнінде мәліметтер бар.
Әмір Темір-гурагани билеген кезде төрт перзент сүйген еді. Бірінші баласының есімі Жаһангир-мырза еді. Ол әкесі таққа отырған жылы қаза тапты. Екінші баласы Омаршейх-баһадұрдың еншісіне Парсы елі берілген еді. Ол да Әмір Темірдің тірі кезінде бір ұрыста оқ тиіп өлген еді. Үшінші баласы Мираншах-мырзаға Ирақи Ажам92, Ирақи Араб93 және Шамға дейінгі өңір берілген еді. Төртінші баласы Шахрух-мырзаға Хорасан аумағы тиесілі болды. Әкесі басып алған елдерге әкесінің атынан алты жыл және өзі жеке-дара 42 жыл патша болып, әділ саясат жүргізді, ғұламалар және игі жақсыларға ізет-құрмет көрсетіп өтті. Одан соң Шахрухтың орнын баласы Ұлықбек басып, Самарқанды астана тұтты. Себебі әкесі тірі кезінде ол осы шаһардың әкімі еді. Патшалар арасында Мырза Ұлықбектей молда, асыл текті және ғұлама адам болмаған. Ол «Жами ур-Румуз» кітабының авторы Маулана Шамшиддин Мұхаммедпен94 сабақтас еді деген әңгімелер бар. Ұлықбек барлық пәндерге көңіл бөлетін және бірдей шұғылданатын толық білімді ғалым еді. Сансыз муһандис (геометрия), ахтартану (астрология) ғалымдары мен кітап жазушыларды жинап, аспанда кезіп жүрген сәйаралардың (планеталардың) пішіні, жоғары-төмен әрекеттері, үлкен-кішілігі, жақсылық белгілері, жаман сағаттары секілді мәселелерді әбден түсіндіруге, жетік зерттеуге, егжей-тегжейлі тексеруге және шешуге шақырып, рәсәт (обсерватория) салғызды. Оған «Зиджу Гурагани» (Гурагани күнтізбеханасы) деп атады. Сонда істейтін ғалымдарға есеп-қисапсыз қаражат-ақы бөлді һәм сыйлықтар сыйлады.
Мырза Ұлықбек орнына баласы Абдулатиф-мырзаны қойып, мемлекет және билік істерімен Ираққа аттанды және бұл жорығы екі жылда аяқталды. Осы мезгіл ішінде Абдулатиф-мырза мемлекеттің байлығы, билігі және абыройын иеленуге ниеттеніп, биліктің мас буы оның демін бұзып, әкесінен тақты тартып алып, өз алдына дара патша болуға асықты. Дайындаған ләшкерлері әкесін алдынан тосқауылдап, жанжал-шайқасты бастады. Нәтижесінде әкесін жеңіп, қапасқа (түрмеге) тастады. Мырза Ұлықбектің әскерлерін, ашық және құпия қазына-байлықтарын иемденген ол: «Шариғаттың түзу үкімдерінен жасырын әрекет етпеймін. Шариғат қағидаларына жауыздық жасамаймын, бұзбаймын. Әкем мен балам шариғат қағидаларын бұзса, араға түспеймін» деп жариялап, өз үкімін әйгіледі.
Осы кезде Аббас есімді бір адам «Ұлықбек менің кінәсіз әкемді себеп-сылтаусыз өлтірген еді» деп арызданды. Абдулатиф-мырза бұл істі шариғаттың шешуіне бұйырып, әкесінің кегін қайтаруға лайық деген пәтуа (діни шешім) алып, оның мазмұнын Ұлықбекке естіртті және «Әкеңнің кегін алғын» деп Аббасқа бұйырды. Бір түні ол Ұлықбекті құпиялы жерге апарып өлтірді. Тарихшылар өз жылнамаларында бұны «Аббас өлтірген» деп жазады. Алты ай өткен соң, Абдулатиф-мырза өз жақтастарының қолынан өлді.
Мырза Ұлықбектің заманында Уаис-ханның95 баласы Юнус-хан деген адам соғыста қолға түсіп, Шираз шаһарына мүсәпірлік күн кешуге жөнелтілген еді. Ол Ширазда ғылыми кәсіптермен айналысып, кәмелетке жеткенде «ұста Юнус» деген атпен атағы шықты. Арада отыз жыл өткеннен кейін, яғни Сұлтан Абусаид-мырза96 бинни Сұлтан Мұхаммед-мырза бинни Мираншах-мырза бинни Әмір Темірдің заманына келгенде, Сұлтан Абусаид Ширазға адам жөнелтіп, Юнус-ханды алдырып, Самарқан шаһарындағы «Бағи Заған» (Қарғалар бағы) атты жерде таққа отырғызып, көп сөздерді араға салады. «Мені қызметкер және нөкер қатарында көрмей, дос деп білгін. Өзіңізді қара халықтың көшесінен алып шығып, өз еліңізге хан етіп жібердім. Сондықтан бізге қарсы әскер тартпайсыз» деп моғол қауымынан қару-жарақ, ат-көлікпен түгел қаруланған 12 мың ләшкерді қасына қосып, Моғолстанға қарай жолға салды. Ол Юнус-ханды шығарып салғанда: «Мен де өз алдыма бір падишах, бабам Әмір Темір-гураганидың заманында да бір ханды мырза-қамауда ұстап, оның азық-түлігі мен киім-кешектерін дайындаған. Жарлықтарына да «Пәлен ханның жарлығы, Әмір Темірдің сөзі» деп жазған екен. Егер олай жасамаса, мемлекет оған бағынбайды екен» деп ескертті. Іс жүзінде, осындай ахуал дәл Сұлтан Абусаид-мырзаның заманына дейін салт-дәстүр болып келді. Нәтижеде Сұлтан Абусаид-мырза Юнус-ханмен достық қарым-қатынас орнатты. Юнус-хан да адамгершілігін көрсетіп, өзінің бір қызын Сұлтан Абусаид-мырзаның баласы Омаршейх-мырзаға әқидә етті (ұзатты). Бұл екеуінен Захириддин Мұхаммед Бабыр-шах туылды. Бабыр-шахтың оқиғаларын кейін баяндауым мүмкін.
Сұлтан Абусаид-мырза өжет, қайырымды және жомарт патша еді. Оның қайырымдылығының қандай дәрежеге жеткенін кейбіреулердің әлемге бір кадхуданы (жеке-дара билеушіні) көпсінгендей, «Жер бетіндегі барлық елдерге екі патшаның қажеті жоқ, тек Сұлтан Абусаид-мырзадай жалғыз ғана патша болса» деген пікір білдіргендерінен көруге болады. Ол Темір мемлекетінің тағында 16 жыл отырып ел басқарды. Одан соң баласы Омаршейх-мырза Ферғана уәлиеті мен Мауреннахрды басқаруды қанағат етіп, 27 жыл билік етті. Одан кейін тақ оның інісі Мұхаммед-мырзаға мұраға өтті. Екі жылдан кейін өзбек тайпалары Ферғана уәлиеті мен Мауреннахрды жаулады.
Сұлтан Абусаид-мырзаның заманында Сұлтан Хусейн-мырза бинни Мырза Байқара бинни Омаршейх-баһадур бинни Әмір Темір-гурагани Хорасанның әкімі еді. Темір мемлекетінің тағын Сұлтан Хусейн-мырзаға беру ұйғарылды және ол Герат қаласын астана етті. Ирақ, Ажам, Исфахан, Фарс, Әзірбайжан сияқты елдердегі 444 қаланы Сұлтан Абусаид-мырзаның атынан сегіз жыл және өзі жеке-дара 38 жыл басқарды. Оның кезінде бірқатар тамаша жазушылар, ғұламалар, ақындар бірлесіп өмір сүрген еді. Маулана Хусейн Уаиз Кашфи97, Маулана Мойниддин98, Маулави Жами99 секілді хақиқи ғұламалар есепсіз көп болатын. Оларды мадақтауға және бейнелеуге тіл жетпес. Хусейн-мырза 72 жыл өмір сүрді, хижраның 912 ж. (1507-1508 жж.) мына дүниеден о дүниеге ұшып кетті. Тарихшылар «Хорасан» (әбжетше есептеу бойынша хижраның 912 ж.) деген сөзді арнайы ол қайтыс болған жылға еліктеп жазады екен.
Одан қалған 11 ұлдарының арасында Бадиуззаман және Мырза Мухсин деген екеуі бірге қосылып ел басқарды. «Қарама-қарсы екі нәрсе бір орында тұра алмайды» деген сияқты, олардың қос билігі де бұзылды. Әмірлері де екі жікке бөлінді. Осы жағдай мемлекеттік заң-ережелер мен дәстүр-тәртіптің босаңсуына әкелді және аласапыран туғызды. Нәтижеде Жошы-ханнан тараған хан тұқымы, Өзбек-ханның ұрпағы Мұхаммедшах Бахт-хан немесе Шахибек-хан деген әртүрлі лақап есімдермен атанған және әуелгіде Мұхаммед-хан Шайбани бинни Шахибәдах бинни Әбілхайыр-хан бинни Тоқтамыс-хан деген есіммен белгілі болған адам Хорасанды басып алып, ондағы мемлекетті талқандады. Өзбекия және Дешт-Қыпшақ елінің қазына-байлығын, әскерлерін, жерін, сондай-ақ мәлика қыздарын, арлы да кіршіксіз таза шахзадаларын, Темір мемлекетінің бесіктегі келіншек-ханымдарын, өз заманының бойжеткен сұлуларын, жаһанның ары таза ер-әйелдерін иемденді. Өзбектер мен қыпшақтар олардың нұрлы жүздеріндегі ниет пен намыс пердесін жыртып тастап, шариғатқа қайшы түрлі жаман істерге жол берді. Бұны суреттеуге қалам қауқарсыз, тіл жетпес.
Сұлтан Хусейн-мырзаның ұлдары жандарын сақтау үшін өз ұлыстарын паналады. Олардың әйелдері, қыздары, перзенттері және бауырларының көп бөлігі өзбектердің қолына олжа болып түсті. Теріс жүретін бұл жазмыш тағдыр олардан жалт бұрылып, арқасын көрсетті. Бұдан 12 жылдан кейін Мұхаммед-хан Шайбани сефевилік100 қызылбас Исмаил-шахтың қолынан өлтірілді. Қызылбастар Хорасанды иемденді. Кучам-хан бинни Махмут-хан бинни Әбілхайыр-хан101 Мауреннахрды қанағат тұтып, билік етті. Оның орнына Убайдулла-хан, Абдулазиз-хан, Абдулла-хан, Хайдар Мұхаммед-хан, Имамқули-хан, оның баласы Мұхаммед-хан және басқа да билеушілер Бұхара, Самарқан, Үргеніш шаһарларын кезектесіп басқарып өтті.
Сол уақытта Захириддин Мұхаммед Бабыр бинни Омаршейх-баһадур бинни Сұлтан Абусаид-мырза бинни Сұлтан Мұхаммед-мырза бинни Мираншах-мырза бинни Әмір Темір Мауреннахр мен Ферғана уәлиетінде тұрақтай алмай, Исмаил Сефевиді паналады. Ол қызылбастардың медет-жәрдемімен жоғарыдағы ұлыстарды қайтадан иемденді. Алайда сол жерлерде тағы да тұрақтай алмай, Қабул мен Ғазнауилерге102 баса-көктеп, Дели қаласына дейін иеленген аймақты 32 жыл биледі. Ол хижраның 905 ж. (1499-1500 жж.) таққа отырып, хижраның 937 жылы (1530-1531 жж.) қайтыс болған еді. Одан соң баласы Хумаюн патша тағына отырып, Үндістанның көптеген қалаларын бағындырды. Оның ұрпақтары Акбар-шах, Аламгир-патша, Аураңзип-патшадан бастап, Ахметшах-патшаға дейінгі аралықта 17 билеуші бұл елді 560 жыл басқарып өтті. Хижраның 1262 ж. (1846 ж.) олардың мемлекетінің шырағы өшті. Бұл жоғары мәртебелі патшалардың көптеген жақсы істері естелік болып қалды. Алла олардың жақсы аттарын «инқирази әлемге» (әлемнің ақырғы мезетіне, соңына) дейін берік те ұзақ сақтағай! Әумин!
Бабыр-патшаның ұрпақтары Жәміш-би мен Нарбота-би Ферғана уәлиетін билеп, атамирас елін өзбектерден тартып алып, Қоқан шаһарын астана етіп, мемлекетін гүлдену және молшылыққа жеткізді. Олардың ұрпағы Мәлла-хан және Худаяр-хан осы уәлиетті хижраның 1286 ж. (1869-1870 жж.) дейін биледі. Содан кейін Ферғана Ресейдің құрамына өтті. Қасиетті Харамға (Қағбаға) қажылыққа баруды армандаған Худаяр-хан пенделігін Қабул шаһарында аяқтады (қайтыс болды). Оның ұрпағы Мұзафар-хан бинни Мұхаммед Әли-хан Яқупбек аталық-ғазидің бұйрығы бойынша Корла шаһарында өлтірілді. Олардан кейін осы әулеттен бас көтеріп шыққандары онша анық емес (Алла оларды өзіне жақындатқай). Қалдысын (қалғанын) Құдай өзі жақсы біледі.
Қалам тізгінінің жылдам қозғалуы және көркем жазулардың еріксіз алға жүруінен шах-патша деген қос есіммен даңқы шыққандар Иран, Тұран, Ирақи Ажам (Парсы Ирақ) мен Ирақи Араб (арабтардың Ирақы), Үндістан, Арабстан, Түркістан қатарлы жерлердің ірі қалаларын ұзақ уақыт тәуелсіз билеген және қожайын болған моңғол қауым-тайпалары мен олардың ұрпақтары жөнінде аз-тола қисса, ғажап хикаялар кітабымыз кіріспесінің тотиязына (шырын сөз жіптеріне) тізілуін лайық және жөн көріп, мазмұндарын қысқаша ғана баяндадық. Осы мәселелерді егжей-тегжейлі білуді қалайтындар «Раузат ас-Сафа» мен «Тарихи Рашиди» секілді кітаптарды оқысын.
Біздің мақсатымыз – Моғолстанды билеп-төстеген хан, патша, қадірлі әмірлерді баяндау. Сондықтан қаламның әсем тізгіні осы елде өткен ұлықтардың қисса-дастандарын әңгімелеу жағына ойысып, бастапқы мақсатымызға қадам басты.
Жоғарыда Шыңғыс-қаған кезінде бүкіл мемлекетті төрт баласына бөліп берді деген едік. Шыңғыс-қаған екінші баласы Шағатай-ханға Әмудария өзенінің шығыс жағындағы Мауреннахр, Ферғана уәлиеті, Моғолия, татарлар елі, ұйғырлар ұлысы және ежелгі найман тайпасына тәуелді жерлерді үлестіріп берген-ді. Шағатай-хан да өз кезегінде осы елдерді әмірлеріне бөліп берді. Оның ішінде доғлат тайпасынан Бабдаған-доғлатқа Маңлай-Сүбені сыйға тартумен бірге үш мансапты мұра ету құқығын берді. «Маңлай Сүбе» деген сөз моңғол тілінде «күн тарап» (шығыс тарап) деген мәнді білдіреді. Аталған ұлыстың шығыс шекарасын Бағраш көлі мен Корла, солтүстікте Мұзтағ таулары, батыста Алай таулары және Катта-дауан асуы, оңтүстікте Ләликан, Бадахшан және Қараңғытау (Қарақорым) таулары құрайды. Бабдағанның ұрпақтары сыйға берілген осы ұлысты ұзақ уақыт бойы билеп өтті. «Доғлат» сөзі моңғол тілінде «шойнақ», «ақсақ» деген мағынада. Өйткені Шыңғыс-қағанның үшінші атасы Қобул-ханның сегіз баласы болған еді. Алтыншы баласы Болжар ақсақ болған. Сондықтан оған «доғлат» деп лақап ат қойылған екен. Доғлат тайпасы оның ұрпақ-тұқымы саналады.
3
Әмир-ул’әмраи (әмірлердің әмірі) Әмір Худайдад бинни Әмір Булачи-доғлаттың қисса мен оқиғалары және тағдыры, перзенттері мен немерелерінің және басқа да мырзалар, бектердің Жетішаһардағы билігі және ақиреті
Қасиеті мінсіз жарандардың, зейіні дұрыс пірәдарлардың (бауырлардың) нәзік мінездері жарқын болсын, Бабдағанның немерелері Әмір Түлек-доғлат Кашғардың, ал Әмір Булачи-доғлат Ақсудың билеушілері еді. Ол кезде Шыңғыс-қағанның алтыншы немересі Есенбұға-хан тақта отырған. Оның екі әйелінің үлкені бедеу, ал тоқалы ханнан екіқабат еді. Күндердің бірінде Есенбұға-хан ауға (аң аулауға) немесе жауға (соғысқа) кетіп, сонда ұзақ мерзім жүріпті. Сол мезетте дохтиви тайпасының Ширауыл деген бас әмірі ханмен көрісу үшін 90 тарту-таралғымен келіпті-де, ханды біраз уақыт күткен бойы тұрып қалады. Хан сонда да келмепті. Күндесінің екіқабат болғанын сезген ханның бәйбішесі отағасының келмегенін пайдаланып, қызғаныштан тоқалды Ширауылға ұсынды һәм жолға салды. Моғолдардың қағида-дәстүрлеріне сәйкес, бәйбіше қаласа тоқалды үйде қалдыратын, қаласа – басқа еркекке бере салатын.
Бір күні хан аң аулаудан немесе жорықтан оралып, кіші әйелі Меңлікті іздеп: «Қайда кетті?» деп сұрағанда, бәйбішесі «Дохтиви Ширауыл сый-тарту әкелген екен. Меңлікті соған сыйлап, шығарып салдым» деп жауап берді. Хан «Меңлік менен екіқабат еді. Дұрыс болмапты» деді. Артық сөйлемеді. Ханда бала болмаған. Көп өтпей, хан бұл жаһанмен қоштасты. Нәтижеде моғол қауымы хансыз қалды. Шағатай мен Толуйдың ұрпақтары өзара қырқысып, бір-бірінен бөлініп кеткен еді. Ақсу шаһарындағы Әмір Булачи доғлат тайпасының әмірлерін жинап: «Хан ұрпағынан біреуді тауып, оның қол астында болайық. Ханның тұқымы болмаса, халықта игілік, елде тыныштық болуы екіталай» деген. Әлгілер: «Есенбұға-ханның әйелі Меңлік екіқабат болатын. Ол Ширауылға сыйға берілген. Егер ол ұл бала туса, әкеліп хан көтерейік» деп кеңес береді. «Ширауылдың мекенжайы алыс. Барғанға азық-түлік жетпейді. Баруға мүмкіндік те жоқ» деді Әмір Булачи. Оның Тастемір-мырза есімді бір үзеңгілесі: «Азық-түліктің жетпейтіні рас. Дегенмен, маған 300 лағы бар ешкі тауып берілсе, солардың өзін және сүтін азық етіп барсам, ханды тауып әкелемін» деді. Барлығы бұған қосылып, ол сұраған ешкілерді лақтарымен бірге тауып берді. Бұларды азықтанған ол ақыры бір ешкі қалғанда Ширауылдың мекен-жайына жетті-де, сылтауын тауып Меңлікпен көрісті және оған барлық ахуалды толық баяндады. Тексеріп қараса, Меңлік ханнан ұл көтеріп, оның есімін Тоғлық Темір қойыпты. Сондай-ақ Ширауылдан да ұл тауып, оған Оңча Мүлік деп ат қойыпты. Мырза Тастемір осында біраз күн тұрған соң, ебін тауып Тоғлық Темірді алып қашты. Бірталай уақыттан кейін Мұзарт асуына келгенде, хан ойнап жүріп терең орға түсіп кетті. Тастемір бұдан бейхабар еді. Ол ханды іздеп, сергелдеңге түсіп, есі шығып тұрғанда, басшысы Бекчәк атанған жеті саудагер жетіп келді. Олар ханды сайдан алып шыққан екен. Кейін келе бұлар хас бектер қатарынан орын алды. Басқаларға да дәрежелеріне қарай мансап берілді. Тастемір-мырза жоғары мәртебелі ханды Ақсуға алып келді һәм Әмір Булачиге тапсырды.
Сол кезде хан 14-15 жаста еді. Ұлыстың бектерін дайындаған Әмір Булачи сәтті мезгілде оны таққа шығарды. Хан Әмір Булачиді жоғарыдағы қызметі үшін бектер бегі етіп тағайындады. Оның ата-бабасынан мирас болған үш мансапқа тағы үш мансап қосып, қолына жарлық пен тамға, өзіне аса биік орын берді. Бірнеше күннен соң Әмір Булачи жоғары әлемге самғады. Хан оның мансабын баласы Әмір Худайдадқа беріп, оны «жайсаң» (зайсан), яғни әмірлердің әмірі етіп тағайындады. Бұл – өзбек тілінде «бектер бегі», қырғыз бен қазақ тілдерінде «елбегі» немесе «ұлысбегі», арабша «әмир әл-жәйш» (әскери қолбасшы) деген сөз.
Әмір Булачи бір әкеден туылған Әмір Түлек, Әмір Булачи, Әмір Қамариддин, Әмір Шамсуддин есімді төрт ағайындының бірі еді. Сол кезде Әмір Қамариддин: «Ағамның баласы жеті жаста, әлі кішкентай. Бұл мансапқа мен лайық едім. Ағамның осы мансабын маған бергін, сонда шындық (әділдік) өз орнына келер еді» деп арызданды. Хан: «Әкесі үшін баласы жасайды» деп ілтипатпен жарлық етті және «Әмір Булачидің бұрынғы қызметтерін есімде тұтып, Әмір Худайдад жас болса да, ата-бабасының мансабын өзіне бердім» деп қайталай үкім шығарды. Әмір Қамариддин бұған ешнәрсе жауап қайтармағанмен, жүрегінде өшпенділік пайда болып, мінезі өзгерді. Көп өтпей хан қайтыс болып, күнәларды кешіруші қадірлі Алланың мейіріміне бөленді.
Әмір Қамариддин осы сәтті қызу күткен еді. Ол қарсыласудың дабылын ашық қақты және 18 шахзада мен бірнеше бас әмірді мерт қылды, ханның елін, бүкіл қазынасын, құрал-жабдықтарын иемденді. Оның билеген кезеңі 12 жылдан соң аяқталды. Әмір Қамариддин Әмір Темір-гураганимен замандас еді. Олардың арасында болған жалпы саны жеті сұрапыл қақтығыстың барысында көптеген адамның қаны төгілді. Ақыры Әмір Қамариддин тең келе алмай, бір жазиралы далаға қашады, оның өлігі де табылмайды. Егер кімде-кім бұл қиссаны көңілде тоқығанды қаласа, әлбетте «Раузат ас-Сафа» кітабына назар салсын.
Әлқисса, мәғфур-рәхмәтлик (күнәлары кешірілген) хан о дүниеге сапар шеккеннен кейін, оның Қызырқожа-ханнан басқа баласы аман қалмаған еді. Алайда ол әрең-әрең екі жасқа толған өте кішкентай сәби еді. Әмір Худайдадтың Мір-аға есімді сап келіскен, айрықша жігерлі және ақылды анасы «Ханның тұқымы үзіліп қалмасын» деп, Қызырқожа-ханды өзі қосқан он адамымен бірге қашырды. Әлгі адамдар ханды бір мезгіл Алай тауларында, біраз уақыт Бадахшан, Сарыкөл жазираларында және Лоп, Черчен аудандарының бүрген тоғайларында жасырып күн өткізді. Қамариддин оларды тінтіп, іздестіріп таба алмады. Қамариддин ғайып болғаннан кейін, Әмір Худайдад Қызырқожа-ханды тауып, ата-бабаларының тағына отырғызды. Хан да оның бұл қызметін ескеріп, тағы үш мансап сыйлады, сөйтіп барлығы тоғыз жеңілдікке ие болды. Оның Шерәли-ханға103 бір рет қызмет көрсеткені үшін тағы үш жеңілдік сыйлады. Осылай Әмір Худайдад барлығы 12 жеңілдік пен құқыққа ие болды.
Бұл 12 мансап төмендегідей:
- Жайсаң (зайсан), әмірлердің әмірі;
- Маңлай-Сүбенің билеушісі;
3. Жарлық-бұйрықтарға ұлы хандардың мөр-тамғасы басылудан басқа, Әмір Худайдадтың мөрін бірге қосып басу, бұлай болмаған жағдайда жарлықтар мойындалмау;
- Ханға бір садақ аралықта жақын отыру;
5. Ханға шай мен қымыз құюға екі махрам (жақын қызметші нөкер) тағайындалса, Әмір Худайдадқа бір қызметші нөкерді шай мен қымыз құю үшін бекіту;
- Тоғыз күнәсі болмайынша, жазаға кеспеу;
7. Тоғыз күнә жасаса және оларды өзі мойындаған жағдайда, қызыл киіздің үстіне отырғызып, сұрағанын орындау;
8. Егер дүре соғуға лайық болған тағдырда, бүктемелі орындыққа төселген қызыл киіздің үстіне отырғызып дүре соғу;
- Тоғыз күнә жасалмайынша өлім жазасына кеспеу;
10. Өлімге кесілген жағдайда, оны таяқпен, қылышпен немесе дарға асу арқылы қарапайым адамдардың қолымен өлтірмеу;
11. Өлім жазасына кесілсе, адамсыз жерде асау тай-жылқылармен сүйретіп өлтіру;
12. Жанын жандайшап аруаққа тапсырған соң, хан бастаған елдің күллі мансаптылары аза тұтып, жылап-сықтап, денесін бірге көтерісіп жерлеу.
Күнәлар оған дарымаған болуы керек. Бұл тек хандықтың салауаты мен абырой-беделін ғана бейнелейді.
Жалпы айтқанда, асыл текті әмірлердің ұрпақтары хандардың алдында жоғарыдағыдай ізет пен құрмет, биік дәреже-мәртебемен күн кешкен еді. Әмір Худайдад 97 жасқа кірген және 90 жыл билік еткен. Ол: «Жеті ханды өз қолыммен көтеріп, таққа отырғыздым» деп әңгімелейтін. Өмірінің соңында жүрегінің қабаттарында Мекке-муаззамаға махаббат және Медина-мунаууараға құштарлық буырқанып таси бастады. Ол ханнан қажылыққа баруға рұқсат сұрады, бірақ ешқандай жауап ала алмады. Содан ол «Ханнан рұқсат болмады. Басқа шара қолданып, мұратыма жетпесем болмас» деген сөзді көңіліне бүкті.
Бұл уақытта Ферғана уәлиеті, Мауреннахр, Хорасан, Фарс, Ирақ, Әзірбайжан және басқа да елдер Мырза Ұлықбек-гураганидің әмір-пәрменінде болатын. Моғолстанды жаулау ниеті оның жүрегінде тасқа қашалған өрнектей ойылған еді. Алайда ол бұны іске асыруға уақыт пен орай таба алмай келген. Әмір Худайдад Мырза Ұлықбекке жіберген жаушы арқылы «Мырза! Ташкенттен төрт-бес бекет жердегі Моғолстан тарапына машақатты қадам қойыңыз. Мен Моғолстанды Мырза Ұлықбекке тәуелді етіп берейін...» деп хабар береді. Мырза Ұлықбек бұл қуанышты хабарды ести сала Самарқаннан Ташкентке аттанып, әскерлерін алға бастады. Моғолия да Қызырқожа-хан басшылығында, ішінде Әмір Худайдад та бар, әскер бастап Ташкентке қарай шықты. Ақыры өзен-дариядай ағылған екі қанқұмар қосындар арасында бір бекеттен аз аралық қалғанда, Әмір Худайдад: «Мырза Ұлықбектің алдына өзім барып, оның райын қайтарайын. Бекерге қан төгілмесін...» деп ханнан өтінеді. Хан бұған келісіп, Әмір Худайдадты Мырза Ұлықбекке жібереді. Екеуі кездескенде: «Әй мырза! Мақсат орындалды. Енді өз ордаңызға қайтыңыз. Мен шара қолданып, оны осында алып келген едім. Өздері бұл жерге келмейінше менің мақсат-ниетім орындалмайтын еді» деп барлық шындықты түгел суреттеп берді. Мырза Ұлықбек күлімдеп, жақсы сыңай танытып, Фирдаус жаннатына ұқсаған өз ордасы Самарқанға қайтты. Ал Әмір Худайдад Қызырқожа-ханның билігінен және жерінен сытылып шықты.
Мырза Ұлықбек-гурагани Әмір Худайдадтың атақ-абыройын ескеріп, біраз қадам жулавида (аттың жанында жаяу) жүріп және қолтығынан демеп, аттан түсіріп, көптеген ізет пен құрмет көрсетті. Ол Әмір Худайдадты өзінен жоғары жерге отырғызып, өзінің қадамын одан ілгері қоймады және бірнеше күн оның қызметінде болып, өкімет-билік істері жөнінде көп сұрақ қойды. Ол алдымен Шыңғыс-қағанның заң-ережелері, ясақ-дәстүрлері, жарғы-төрелігі жөнінде сауал сұрағанда, Әмір Худайдад: «Әлһамдулилла уа әлмина, ислам дінінің шарапатына ие болғаннан кейін, хандардың заң-қағидаларымен ісім болмады» деп жауап қайтарды. Мырза Ұлықбек бұндай сауал қойғанына айрықша қысылып, опық жеді, тіпті өмір бойы қиналып өтті және көп ғибрат алды. Өйткені ол барлық ғылымдарды шебер меңгерген және жетік білген адам еді. Өзара меймандостық пен тарту-таралғы қағидалары жасалған соң, Ұлықбек өз адамдарын Әмір Худайдадтың қызметіне қосып, қажылыққа шығарып салды.
«Тарихи Рашиди» кітабының мағлұматтарына қарағанда, Әмір Худайдад Мекке-муаззамада қажылықтың барлық тиісті рукн-шарттарын толық орындап, Медине-мунаууарада Мұхаммед Ән’хазреттің қабірін зиярат етті. Тәубе-кешірім сұрап, құдайдан жалбарынып тұрғанда ауруға душар болды және осы қараңғы топырақтан ақирет бақшасына жөнелді. Сол түні Медине-мунаууара ұлығының түсіне Ән’хазрет-саллаллаһу-әлейһиуассалам кірді. Түсінде «Түркістан тараптан бір қалаулы құлым мені іздеп қайтыс болды. Оны Аббастың аяқ жағында жерлеңдер» деп асатаяқпен бір жерді сызып көрсеткендігі аян болды. Қала хәкімі ұйқыдан тұра сала Аббас-разиаллаһу’анһудың қабіріне барса, асатаяқпен сызылған жер өте анық көрініп жатты. «Бұл ғажап та бақытты мәрда (адам) кім болды екен?» деп қажыларды сұрастырып тексерсе, Әмір Худайдадтан өзге қажы қайтыс болмаған екен. Ол қағида бойынша сүннет-ғұсыл құйылып, ишарат етілген жерге жерленеді.
Сол жылы Қожа Әбунасыр Мұхаммед Парса-қуддуссира әл-Ғазиз104 де Меккені тауап етуге барған еді. Оның бір мүриті (шәкірті) «Әмір Худайдадтың моласына «Хазза қәбрә Әмір Худайдад Түркістани» (бұл түркістандық Әмір Худайдадтың қабірі) деген сөздің тасқа ойылғанын өз көзіммен анық көрдім» деп әңгімелеген екен. Қожа Әбунасыр Мұхаммед Парсаның қажылық кезінде қайтыс болған уақыты хижраның 822 ж. зулһиджа айының 29-күніне (1420 ж. 16 қаңтар) сәйкес келеді. Бәлкім, Әмір Худайдад та дәл осы жылы дүние салуы мүмкін.
Әмір Худайдадтан кейін оның немересі Сеидәли бинни Сеидахмет-мырза әмірлер әмірі болып, ата-бабаларынан мұраға қалған мансаптар бойынша Жетішаһарды басқарып өтті. Одан соң үлкен баласы Сансыз-мырза елді сегіз жыл басқарды. Содан соң кенже баласы Хайдар Мухаммед-мырза билеуші болды. Достмухаммед-ханның105 қызы Жимак-ағича Сансыз-мырзамен некелескен еді. Олардан Әбубәкрі-мырза мен Омар-мырза атты екі ұл бала дүниеге келді. Сансыз-мырза қайтыс болғаннан кейін әйелін «жеңге» деп Хайдар Мухаммед-мырза әйелдікке алды. Одан да Мухаммед Хусейн-мырза және Мухаммед Сейіт-мырза есімді екі бала туылды. Мухаммед Хусейн-мырза Жетішаһардың билігін меңсінбей, Ташкенттегі Юнус-ханның баласы Махмут-ханның қызметінде болды. Ол Махмут-ханның жарлығымен тоғыз жыл Ұратөбе қаласын биледі. Махмут-хан бір әпкесін Мухаммед Хусейн-мырзаға қосу арқылы оны гурагани (ханның күйеу баласы) атағымен ұлықтады. Олардан Ұратөбеде Мырза Хайдар-доглат туылды. Бірақ заманның ағысы және кейбір келіспеушіліктер себепті, осы қалада тұрақтай алмаған ол баласы Мырза Хайдарды ертіп, Герат қаласындағы Сұлтан Хусейн Байқара-мырзаның қызметіне өтеді.
Герат қаласында Әмір Бұрындық есімді бір беделді кәрі әмір бар еді. Сұлтан Хусейн-мырза оны Мұхаммед Хусейн-гураганиді қарсы алуға жіберді және тиісті мекенжайға түсірді, сұлтанмен қалай көрісуді кеңесті. Әмір Бұрындық: «Қалай болғанмен олжап (хан-патшалар қолдарын бастарына дейін жеткізіп көрісу әдеті) көріскен жақсы болады» деді. Мұхаммед Хусейн-мырза бұған келіспеді. Өйткені, ол доғлат тайпасынан, ал Сұлтан Хусейн-мырза барлас тайпасынан еді. Доғлат тайпасының мәртебе-дәрежесі барлас тайпасынан бірнеше есе артық болатын. Ақыры олар көрісетін болды. Сұлтан Хусейн-мырза: «Ата-бабамыздың дәстүр-рәсімиеттері жоғалмасын, Мұхаммед Хусейн-мырза маған олжаппен көріспесе де, мен олжап көрісемін» деп тағзым білдірді. Екеуі де тең дәрежеде олжап бойынша көрісті, бір-бірінен ізет-құрметін асырды. Дегенмен, сол уақыт Сұлтан Хусейн-мырзаның өмірі бата бастаған, ұлдарының қарсылық әрекеттері шырқау шегіне жеткен, барлық жерде өсек-өтіріктер қаулаған кезең еді. Сол себепті, Мұхаммед Хусейн-мырза осында тұруды қаламай, Харамаин-Шерифинді зиярат етуге (қасиетті Мекке мен Мединеге қажылыққа) шықты. Перзенті Хайдар-мырза бұл кезде сегіз жаста еді. Әкесі оны Маулана Мұхаммед-қазының қызметіне қалдырды. Маулана Мұхаммед-қазы Ар’раһима-қожа – Қожа Ахрар-уалилулланың106 мүриті Махдуми Ағзамның107 пірлерінің бірі болатын.
Кейінірек, Сұлтан Саид-хан бинни Ахмет-хан108 тұсында Мырза Хайдар-гурагани Яркент шаһарында 22 жыл әмірлер әмірі болып тұрды. Тибет, Болор секілді елдерге әскер бастап, көптеген қалаларын басып алып, көптеген адамдарды ислам діні зумрасына (қауымына) кіргізіп, Алланың бірлігіне сенетін мұсылмандық жолына түсуді уағыздады. Алайда, заманның төңкерілуіне (өзгеруіне) байланысты, ол Қабулға барып, Бабыр-патшаның қызметіне кірді. Бабыр мен Мырза Хайдар-гураганидің аналары Юнус-ханның апалы-сіңлілі қыздары еді. Бабырдың әмірімен Кашмирге жөнелтілген Мырза Хайдар бұл елді төрт жыл басқарып, көптеген игі істерді жүзеге асырды. Үндістанның көптеген қалаларын бағындырды. Ақыры сән-салтанатты тастаған ол өмірін ғибадатқа сарп етті. Ол Кашмирде «Тарихи Рашиди» кітабын жазып, жинақ жасадым» деп әңгімелейді. Хандардың қыздары Әмір Худайдадтың ұрпақтарына «кофу» (некелесуге тұратын теңдесі) болады екен. Сол себептен олар ханның күйеу баласы атанып, «гурагани» дәрежесі беріледі екен. «Гурагани» сөзі моңғол тілінде «дамади падишах» немесе «ханның күйеу баласы» деген мәнді білдіреді. Сондай-ақ осы мырзалардың қыздары да ханзадаларға «кофу» болады екен.
Сансыз-мырзаның баласы Мырза Әбубәкрі де, Жетішаһарда мырзалар тұқымының басқа өкілдері де бәрі өз шежіресін Әмір Худайдад бинни Әмір Булачиден шығарып таратады. Мырза Ахмет-ваңбегім де өз түп-тегін Мырза Әбубәкріден өрбітеді. Осы сөзді егжей-тегжейлі және ұзақ баяндаудағы мақсат пен талап – Шағатай-хан бинни Шыңғыс-хан заманынан Сұлтан Саид-хан билікке келген кезеңге дейін өткен 300 жылдан астам уақытта Бабдаған-доғлаттың ұрпағы һәм немерелері Әмір Худайдад бинни Әмір Булачи ұрпақтан-ұрпаққа, заманнан заманға, атадан балаға Жетішаһардың билеушілері болып, биік мәртебені ұстап келді. Осы ахуал ең соңында Мырза Әбубәкрінің тұсына келгенде аяқталды. Одан соң Мырза Әбубәкрінің досының баласы Мырза Хайдар-гураганидің ұсынуы және кеңесімен Сұлтан Саид-хан Жетішаһардың уәлиі және басқарушысы болды. Доғлаттар Исмаил-хан мен Мұхаммед Имин-ханның заманына дейінгі 200 жылдан көбірек уақыт бойы әмірлердің әмірі және уәзір дәрежесіндегі билеуші болып өтіпті. Тіпті олардың билігі Хақани Чин Жетішаһарды жаулағанға дейін жүргізілді.
Мырза Ахмет-ваңбегімнің ата-бабасы да Мырза Әбубәкріден өрбиді деп әңгімеленуде. Бірақ қайсы жолмен одан өрбігені мен байғұсқа беймәлім. Риуаяттардың мазмұнына қарағанда, олардың Жетішаһардағы билігі хижраның 1326 ж. (1909 ж.) дейін жүргізілген екен. Олардың ұрпағы Мырза Хади-байсабек Яркентті басқарыпты. Одан соң оның баласы Мырза Осман-байсабек Қашғарды басқарыпты. Маулана Мұхаммед Садық Қашғаридің109 «Зубдат әл-Масаил» (Таңдалған мәселелер) атты кітабын аталмыш Мырза Осман-байсабекке бағыштап жазған екен. Одан кейін баласы Мырза Исхақ-бек «ваң» мансабына жетіп, Қашғарды басқарды. Одан соң баласы Мырза Ахмет-ваңбегім 28 жыл бойы Ақсудың хәкімі болды, сегіз жыл Яркентті басқарды. Бұхарлық Молла Абдулкерім-дамулла «Ақаид» (Сенімдер) деген кітапты оған арнап түрк тіліне аударды және оны мол тәрип-тәвсифтермен (түсініктеме-сипаттамалармен) толтырды.
Дәулетті, бақытты, зерек, қырағы Мырза Ахмет-ваңбегім биліктің заң-қағидалары мен халықсүйерлікке жол бастайтын дәстүрлерді бір сөз және қос қолмен нық ұстанатын кісі еді. Пейілі, моральдық қасиеті мен халықшылдығы бұрын дәурен сүрген патшалардың рәсім-әдеттеріне, мінез-құлқына өте ұқсайтын. Бір қарағанда ол Чиң патшасына бағынса да, іс жүзінде өз алдына билеуші және жеке-дара хәкім еді. Әртүрлі мәселе-дәстүрлерді ақ та асқақ шариғаттың өлшеміне салып, шариғаттың нәзік те түзу жолын ұстанған имамдардың пәтуасын алып, сол пәтуалар бойынша өз үкімін жүргізетін, жүзеге асыратын. Қасиетті шариғаттың үкімдерін қатаң атқарып, Алланың шариғат арқылы белгілеген шекара-сызығынан шықпай, өз билігін осы шекара-сызық бойынша амал-мақәм (орта) дәрежесінде орнатқан еді. Ақсүйектер мен амбандар бастаған манчжур мансаптыларының барлығы одан ерекше абай болып, мол ізет-құрметпен қарым-қатынас жасайтын. Арақ-шарап, бәң (наша), боза және басқа да шариғат тарапынан тыйым салынған жарамсыз істерден өзін аулақ ұстап сақтанатын. Сол себепті, бұқара халық немесе қуатты да беделді бектер мен бекзадалар да бұндай тыйым салынған ішімдіктерді жасырын да, ашық та тұтынбайтын. Жарым түнде көздері ұйқыға бармай, жалма-жан орнынан тұрып, тахарат (дәрет) алып, ғибадатханаларда тахажжуд (түнгі) намазын ада етіп, ишан-хазреттерден алған тәлім-міндеттер бойынша дұға оқумен шұғылданатын. Ғибадатханасында бір жапырақ бойрадан басқа төсеніш киіз-көрпе де жоқ еді. Үйдің төбесіне байлаулы бір қара арқанға асынып, дұға-ғибадаттар жасайтын. Намаздың уақыты келгенде мешітке барып, әр намазын кем дегенде 50-60 адаммен бірге жамағат болып ең алдымен оқып шығатын. Өмірінде жамағатпен бірге оқитын намаздарды ешқашан тастаған емес. Әдет бойынша, әр айдың бесінші және он бесінші күні шаңтаң мен шаң ямулға (манчжурдың ресми мекемелеріне) барғанда, «чжуңи» (қытайлық мансаптының киімі) және аяқ киім киіп шығатын. Басқа кезде ылғи сәлде, перижә секілді шариғатқа үйлесетін киім-кешек киетін және өзгелерден де осыны талап ететін. Ғұламалар, ишандар, оқымыстыларға сенім-ықыласы мол, көңілі мен қарым-қатынасы жылы еді. Сондықтан Кашмир, Бадахшан, Үндістан, Бұхара және Түркістан секілді жан-жақтағы елдердің хазрет-ишандары ваңбегімнің әркелкі нығметтері, сый-сияпаты, жақсылығы, атақ-даңқын естіп, осында бірнеше күн аялдап, игілік пен пайдаға кенеліп, ваңбегімнің дұға-дәулетін тілеп, туып өскен отандарына қайтатын. Ваңбегім бастаған бірқатар сенім-ықыласы пәк мүрит-шәкірттер де шын ықыласпен игіліктенетін, пайда алып қалатын. Бұлар да қадирия110, нақшбандия секілді тариқат-ағымдарға мүше болып енген-ді. Ваңбегім молдалар, игі жақсылар, пәрхизкарларды (тақуалыларды) шақырып, әр дүйсенбі және бейсенбі күндері сопылар жамағатының ғибадат қағидалары бойынша Калам-Шарифті (Құран-Кәрімнің өзге атауы) хатма (Хатім-Құран) етіп оқытатын. Осы ізгі қарилардің барша қажеттіктері өтеліп, тарту-таралғылар берілетін. Бұдан басқа, оның ленгір-рабат (керуен-сарайлар), медреселер және мешіттерге бағыштаған ас беруі, қамқорлықтары мен садақалары көп еді. Ол осы садақа-ас берулердің қаражатын толығымен өз ата-бабасынан мұраға қалған жерлердің өнімдері және басқа да үй жануарлары есебінен сарп ететін. Соңғы жылдары Әмір Худайдад-әлейһу’рахим және әл-Ғуфранның (Құдайдың мейірімі мен кешірімі жаусын) әулет-ұрпақтары ішінде ваңбегімдей ізгілікті, шариғатты жақсы білетін ғұлама дос, көпшіл ұлық болмаған еді. Құдайдың пенделеріне жасаған жақсылығы, нәтижелері, әсер-ықпалы қазірге дейін халайық арасында мәшһүр. Сенім-ықыластың пәктігі және берекеттің арқасында ол ғұмырының соңында шахадат дәреже-мәртебесін тапты. Мұсылман ғұламалары оны «саңлақ шейіт» деп үкім шығарып, ғұсыл құймастан нақақ төгілген қанымен қоса, жаназа намазын оқып жерледі (ислам дінінде шейіттердің мәйіттері ғұсыл құйылмай қанды киімдерімен бірге көміледі). Одан соң баласы Мырза Хамут-бегім «ваң» мансабында Ақсу мен Хотан қалаларының хәкімі болып дүниеден өтті. Онан соң баласы Мырза Махмут-бегім ата мұрасы «ваң» мансабын атқарып, дәулет пен ізеттің арқасында «ваң-қожам» деген атпен даңқы шықты.
Сөздің асылы, моңғол хандарының ішіндегі шоқтығы Шыңғыс-қаған Жетішаһарды хижраның 616 ж. (1219 ж.) жаулап алды. Содан бері осы елге басқалардың жаулаушы қадамдары жасалмаған екен. Алайда Әмір Темір-гурагани Ирақ жаққа әскер бастап шыққанда, бір немересі Сұлтан Мұхаммедті астанасы Самарқанға және бір немересі Ескендір-сұлтан бинни Омаршайх-баһадұрды Әндіжанға хәкім етіп кеткен. Ескендір-сұлтан әлі 13 жастағы өспірім болғандықтан, әмірлері «Саятқа (аңға) шығамыз» деп оны алып шығады һәм Қашғарды басып алады. Сосын олар Яркентті бағындырды және сол жерден Сарықамыс, Калпин, Заликөл секілді аймақтарды басып алды. Одан кейін Ақсу шаһарын 40 күн қоршауда ұстап, талан-тараж етті. Сосын Бай ауданы арқылы жүріп өтіп, Кучарды басып алып, халқын бәле-азапқа душар етті. Осы жерден олар Таум арқылы Хотанды жаулап, біраз күн аялдап, бірнеше «тоғыз» бойжеткенді Әндіжанға әкетеді. Соның екі «тоғызын» Әмір Темірге, бір «тоғыз» қызды Сұлтан Мұхаммед-мырзаға тарту етіпті. Алайда, осы елге рұқсатсыз жорық жасағанына шамданған Әмір Темір 28 әмірді жазалады, Ескендір-сұлтанды мырза-қамауға алды. Аталмыш оқиғалар «Раузат ас-Cафа» кітабында баяндалған. Алайда Сарықамыс, Каллин, Заликөл, Таум деген жерлер қазіргі қайсы мекеннің және аймақтың аты болғаны беймәлім. Ескендір-сұлтанның келіп кеткен уақыты бір жылдан көбірек болуы керек. Одан соң Жетішаһардың билігі қайтадан Әмір Худайдадтың немерелеріне өткен.
Бұдан соң Әмір Темір-гураганидің немересі Мырза Ұлықбек Қашғардың ұлығы Әмір Худайдадтың немересі Қарақұл Ахмет-мырзаға қапа болған екен. Ол әскер аттандырып жаулаған Қашғарды төрт жыл басқарып, өз үкімдерін жүзеге асырып, осында өз билігін жүргізген екен. Мұхаммед Яқупбек аталық-ғазиден басқа Мауреннахр, Ферғана уәлиеті немесе Арабстан ұлықтарының Жетішаһарды басып алып, бір жыл немесе алты ай көлемінде билегені туралы ешбір тарихи кітапта көрсетілмеді және мәлімделмеді. Ал моңғол тайпаларының Арабстанның шаһарларын сан рет жаулап, жүздеген жыл билеп, өз отанына айналдырғаны туралы барлық жылнамаларда айқын баяндалған (Құдай бәрінен көп білуші).
4
Моғолстанның патшасы Тоғлық Темір-ханның (Алла оның жатқан орнын нұрлы жаннатқа жайғастырсын) есілзада тұқымы, әрбір ұрпақ-немерелерінің әңгімесі және сандары, олардың бастапқы және ақырғы оқиғаларының баяны
Тарихты білетіндердің нәзік, келіскен өлшемді мінездерінен, сондай-ақ сөзі әдемі ділмарлардың терең зейіндерінен жасырын да беймәлім қалмасын, Тоғлық Темір-хан – Есенбұға-ханның баласы, Есенбұға-хан – Дауачинчән-ханның баласы, Дауачинчән-хан - Бурақ-ханның баласы. Бурақ-хан Сұлтан Ғиясиддин деген есіммен әйгілі болған мұсылман діндар адам еді. Ол Сиссуқараның баласы, Сиссуқара – Мамукайдың баласы, Мамукай – Шыңғыс-қағанның баласы Шағатай-ханның перзенті еді.
Тоғлық Темір-хан 15 жасқа толғанда, Әмір Булачи-доғлаттың жәрдемімен Ақсуда хандық тағына отырды. Бұл туралы жоғарыда тоқталған едік. Ол 24 жас шамасында Маулана Аршиддин-валиулланың (оның сыры пәк және мүбарак болсын!) қолында ислам дінінің шаттық-шарапатына ие болды. Әңгімесін кейін айтамыз, инша’алла (Алла сабырлыларға жақын!).
Сол заманда Мауреннахрдың шаһарлары берекесіз өктемдік жағдайға тап болған еді. Тоғлық Темір екі рет әскер бастап Құндыз аймағына дейінгі жерлерге өз билігін жайып қайтты. Әмір Темір-гурагани Шахрисабз қаласының хәкімі еді. Алдынан шығып, қарсы алған ол Тоғлық Темірге қыруар сыйлық-сәлемдемелер ұсынды. Фарамин дәстүрі бойынша, ата-бабасынан мұраға қалған уәзір мансабына лайық болды. Оған ілтипат көрсетіліп, Самарқандағы үлкен баласы Ілиясқожаның қызметіне қойып, өзі астанасы Алмалыққа оралды. Көп ұзамай, Ілиясқожа-хан о дүниелік болды. Тоғлық Темір-хан да бұл мехнат пен менмендік жаһаннан көшіп, жаннат сарайының шаттығын құшты. Сол тұста ол 34 жаста еді, Іледе жерленді. Жаһан халықтарын от-жалынның азабына салған осы оқиға хижраның 766 ж. (1364-1365 жж.) орын алған. Халық арасында, әсіресе Алмалық қаласы және төңірегіндегі жерлерде сол уақыттан бастап ислам дінінің шарапаты айқын жайылды.
Алайда Жетішаһар, оның ішінде Қашғардың ахуалына келсек, хижраның 332 ж. (943-944 жж.) жоғары мәртебелі Ән’хазрет-салаллаһу-әлейһи’уассаламның белгі беруімен Абунасыр Самани111 Қашғарға келді. Сол кезде шаһарда Бұғра хандарының тұқымы саналған Харун-бұғрахан112 үкім жүргізген (билеп-төстеген) мезгіл екен. Оның баласы Сұлтан Сатұқ 13 жаста еді. Ол Алланың бастауымен және медет беруімен дұрыс жолға түсірген Абунасыр Саманидің көмегімен мұсылман қауымының мүшесі болды. Сұлтан Сатұқтың дәлелдерінің нәтижесінде Жетішаһар елі мұсылманға айналып, барлық қалаларында мұсылмандық анық жарқ етті. Күллі жерлердегі билік те оған тиесілі болды. Тек Хотанның ұлығы ғана оған бағынбай, хижраның 372 ж. (982-983 жж.) әрең дегенде ислам дінінің шарапатына жетті. Сол уақыттан бастап, бәлкім бұдан бұрын да Жетішаһардың билігі бұғрахандарға тиесілі екен. Шыңғыс-қағанның заманына дейін билеген оларды Афрасиаб113 ұрпақтары еді деген риуаяттар бар. Қазір Сұлтан Сатұқ-бұғраханның мазары Артуш елді мекенінде тұр.
Енді қайтадан бастапқы сөзімізге келсек, Тоғлық Темір-ханнан кейін баласы Қызырқожа ата мұрасы бойынша астананы иеленді. Ол шариғатшыл, кіршіксіз таза, тегеурінді және батырлықта теңдесі болмаған адам еді. Халықтың рақатын ойлайтын және көпшілдікте ешкім тең келмейтін. Әмір Темірмен достық қатынас орнатып, өз қызы Түкел-бегімді оған әйелдікке беріп, «гурагани» дәрежесімен көтермеледі. Ел-жұртты тыныштандырып, Бейжің114 тарапқа ғазауатқа аттанды. Сол тұста Тұрфан, Қарақожа және Құмыл тұрғындары дін исламға әлі кіре қоймаған еді. Аталған аймақтар Қызырқожаның қолымен ислам дінінің шарапатына қолы жетті. «Бейжіңнің» көп қалаларын басып алып, ақыры шахадат шербетін ішті (қаза тапты). Мәйіті Ямши деген жерге қойылды. Содан соң оның баласы Шамижаһан-хан таққа отырды. Одан соң баласы Мұхаммед-хан таққа шықты. Ол осы шақта Мырза Ұлықбек рәсәт (обсерватория) байлағанын есітіп, Артуштың жоғары жағында Тасрабат керуен-сарайын салды. Ол мұсылман, момын діндар кісі еді және дүниеден жастай озды. Әкесінің аяқ жағында жерленді. Одан соң Шерали-хан таққа шықты. Ол қалмақтарға қарсы көптеген ғазауаттар жүргізіп, ақыры осы дүниемен қоштасты. Бұдан соң оның баласы Уайс-хан таққа отырды. Оның баласы Юнус-хан 13 жаста, әлі кішкентай еді. Уайс-ханның әмірлері Ирзан-байрин мен Мирак-түркмен 30 мың әскермен бірге баланы алып қашып, Самарқандағы Мырза Ұлықбекке қарсы шапқыншылық жасайды. Арада көптеген қатты шайқастар болды. Ақыры Мырза Ұлықбек жеңіске жетіп, Ирзан-байрин мен Мирак-түркменді 30 мың әскерімен бірге қолға түсіріп, олжалап, біразын жазалады. Юнус-хан Гераттағы әкесі Шахрух-мырзаның қасына жөнелтілді және сол жақтан тағы Шираз қаласындағы Маулана Шарафиддин Әл-Йездиге115 тапсырылды. Бұл жөнінде жоғарыда айтылған еді.
Юнус-хан ғұлама, молда және діндар кісі еді. Хан-патшалар арасында Мырза Ұлықбектен кейін Юнус-хан секілді ғұлама, рақымшыл билеуші болмаған деп айтылады. Оның астанасы Ташкент еді. Қожа Ахрар-валиулланың шәкірті еді. Сол кездерде бетімен кеткен кейбір жүгенсіз аламандар Моғолияның тұрғындарын алып қашып, жер-жерде сатады екен. Жоғары мәртебелі Ахрар-валиулла: «Момын да мұсылман патша өз діндестерін сатпасын және сатып алмасын» деп шариғат әмірі бойынша елдің ұлықтарына ұқтыру айтып, осы келеңсіз ахуалды қатаң шектейтін хат жолдады. Содан бастап бұқараны сату және сатып алу істері тыйылды.
Юнус-хан Ташкентте қайтыс болды, одан кейін үлкен баласы Махмуд-хан таққа отырды және 12 жыл хандықты басқарды. Ол өзбек тұқымынан шыққан Шахибек-ханмен (Мұхаммед Шайбани-хан) соғысқан еді. Жеңіске жеткен Шахибек-хан оны бес баласымен бірге шейіт қылды. Олар Ходжент шаһарындағы Шейх Муслихиддин Ширазидің116 аяқ жағында жерленді. Содан кейін кенжесі Ахмет-хан таққа отырды. Қалмақтар оны «Алаша-хан» деп атайтын. Ол Ташкентте тұра алмай, Қашғардағы Мырза Әбубәкріні шабуылдады, алайда соғыста жеңе алмай Ақсуға шегінді. «Әскер жинап, көктемде жолға шығып, Қашғарды алсақ» деп әзірленіп тұрғанда, ажалы орайын бермей Ақсуда жанын қиды. Ақсуға жетіп келген Мырза Әбубәкрі «Ахмет-ханға жақтасты» деген желеумен халықты қырып-жойып, талан-таражға салып, аман қалғандарын алты шаһарға көшіріп, тарқатып жіберді. Сол себепті Ақсу шаһары 16 жыл ойран болып, жапалақтардың ұясы, жын-перілердің мекеніне айналды. Жұрт Ахмет-ханның зиратын «Алтун» деп атады. Өйткені моғолдар хандардың өліктеріне ізет білдіріп «Алтун» деп атайды екен. Тіпті хандар мен хәкімдердің бұйрықтары, естелік хаттары да «алтун нышан», «алтун дәстәк» деп аталатын. Ахмет-ханның тағасы Есенбұға-ханның алтын жабылған қабірі де осы жерге қойылған, екі ханның қабірі бір жерде еді. Шахбаз-қожа қайтыс болғанда, Қожа Исхақ-валиулла117 «Оны хандардың аяқ жағына жерлеңдер» деп әмір берген екен. Мүрит-шәкірттері «Ханның жоғары жағында жерлесек ше?» деп сұрағанда, ол «Қожа Шахбаздың басы ханның көкірегімен тең болсын, өйткені хандардың құрметі үлкен» деген екен. Нәтижеде Қожа Исхақ-валиулланың ілтипатымен Қожа Шахбаздың қабірі дәл сол әдіспен жасалған екен.
Ахмет-ханнан 18 ұл қалады. Үлкен баласы Мансур-хан Құмылдан Қорлаға дейінгі жерлерді иемденді. Кіші баласы Сұлтан Саид-хан Қабулда Бабыр-шахтың жанында еді. Ол бірнеше адамымен бірге Әндіжан шаһарын уысына түсіріп, осы жерде үш жыл билік етті. Бұдан соң «Жетішаһарға барсақ жақсы болар ма екен» деп кеңесіп, доғлат, дохтиви, барлас, чорас секілді тоғыз ру-тайпаның 4 мың белді баһадұр-қаһармандарымен бірге Қашғарға топ етіп түседі. Бұл - Әмір Худайдадтың немересі Мырза Әбубәкрі Қашғар мен Жетішаһардың билеушісі болғанына 48 жыл толған мезгіл еді. Екеуінің арасындағы қиян-кескі шайқасу-қырқысудың барысында Мырза Әбубәкрі тойтарыс бере алмай, Бадахшан тауына қашып, ғайып болды. Жетішаһардың тақ-салтанаты Сұлтан Саид-ханға өтті.
Мырза Әбубәкрінің жасырын және ашық қазыналары, құрал-жабдығы, төрт түлік малдары және меншікті бау-бақтары шамадан тыс асып-тасқан еді. Халыққа жасаған жәбір-зұлымдығы бұдан да қанқұйлы болатын. Сәл ғана айып-кінәсі білінген адамды өлім жазасына кесіп, барлық мал-мүлкін қазынасына тәркілейтін еді. Оның туыс-жұрағатын шақырып алып, «Мына адам, сенің ағайының, пәлен жаман істер жасады» деп жала жауып, бәрін түгелдей тонап алатын. Ешбір тарихи кітапта Мырза Әбубәкрідей залым билеуші болғаны жөнінде мағлұмат жоқ. Егер кімде-кім қызығушылық танытып, Мырза Әбубәкрі туралы білгісі келсе, «Тарихи Рашиди» кітабына назар салсын.
Жетішаһар дәл осындай жағдайда Сұлтан Саид-ханның уысына түсті. Барша қалалардың, мейлі ақсулық немесе өзге қалалардың тілек білдірген ерікті адамдарын Ақсу шаһарына көшіріп жайғастырды және осы жерді жандандырды. Осы себепті, Ақсудың тұрғындары арасында бірлік-ынтымақ жоқ. Өйткені олар жоғарыдағыдай бытыраңқы және бәтуасыз адамдардан топтасқан-ды. Сұлтан Саид-хан Мырза Әбубәкрінің қазына-байлығын әскерлеріне бөліп берді. Барлық адам дүние-мүлікке кенелді. «Тарихи Рашидидің» авторы марқұм Мырза Хайдар-гурагани (Құдай оның жатқан жерін нұрландырсын!) өз еңбегінде: «Ол кезде мен 16-17 жаста едім. Ақша мен дүниеге онша әуесім жоқ еді. Соның өзінде үлестіру барысында маған нақ мүліктен басқа 17 мың қой тиді. Дегенмен дүние-мүлікке әуес адамдарға қаншалықты тигенін және соғыста тәркіленген олжа-малдың қаншалық көп болғанын осыдан мөлшерлеп білуге болады» деп жазған еді.
Сұлтан Саид-хан (Алла оның күнәларын кешіргей!) мұсылмандардың күйзелгенін және шаңырақтары ортасына түскенін көріп, әскерлерінің дүние-мүлікке қажетінен артық малынғанын сезіп, Жетішаһар халқының 10 жыл төлейтін бажы-қаражатын кешірді және «10 жыл бойы халықтан бір нәрсе де алмаңдар, салық салмаңдар. Қалың бұқара да ешнәрсе төлемесін, бермесін» деген бұрын-соңды болмаған, әлемді тәнті еткен жарлық жариялады. Бес жылға дейін әскерлердің ахуалы жақсы болған. Алайда кейін келе олар күйзеліс пен ойранға бет бұрды. Тіпті, қарыз алып күн көруге мәжбүр болды. Олар алтыншы жылды да осылай өткізді, бірақ жұртшылыққа бірдеме деуге беттей алмады. Хан өз жарлығынан қайтпады. Ақыры мемлекет қайраткерлері кеңесе отырып: «Жаһан пана (Жаһанның панасы), Жетішаһарға бақара (сиыр) жылы келген едік, қазір жылқы жылы кіріп, біз келгелі 10 жыл болды. Халықтан бажы-қаражат алсақ, тиісті жарлық болар ма екен?» деп төрт жылды шегеріп, алты жылды 10 жыл деп есептеп ханға мәлімдеді. Хан бұған келісіп, тиісті жарлық шығарды. Шариғатқа сай салық алынды, жарлық-бұйрықтарға да пәлен жылы деп жазылды. Бұқара халық та сол жыл санауды есепке алды. Жетішаһардың жыл есебі өзге елдерден төрт жыл ілгері болуының себебі де дәл осында. Ал тарихи жыл санауы ұқсас. Сұлтан Саид-хан хандықты 22 жыл басқарды. Хижраның 939 ж. (1532-1533 жж.) 49 жасында дүние салды һәм Яркент шаһарында жерленді.
Одан соң баласы Абдурашид-хан таққа отырды. Ол батырлықта теңі болмаған, жомарттығы мен пәктігі асқақтаған патша болды. Молда, изгі-ізетті, шайыр, парсы және түрк тілдеріндегі өлеңдерді жатқа айтатын. Музыка саласында Фисағорустан (Пифагор)118 кейінгі екінші орында еді. «Ишрәт Ангиз» (Шаттық қозғаушы) деген мұқам құрастырды. Оның заманында уәлиет (Ферғана) жақтан Қожа Мұхаммед Шариф Бұзрұқуар119 (Алла оның сырын пәк және мүбарак етсін!) келді. Сұлтан Абдурашид-хан онымен ерік-жігер мен сенімін байласып, біраз жақсы істерді жүзеге асырды. Мырза Хайдар-гурагани бинни Мырза Мұхаммед Хусейн-гурагани жоғары мәртебелі Абдурашид-ханның даңқты есіміне бағыштап жазған шежірені «Тарихи Рашиди» деп атады. Абдурашид-хан 49 жыл өмір сүрді. 27 жыл хандықты басқарды. Хижраның 969 ж. (1561-1562 жж.) қайтыс болып, Яркентте жерленді. Одан кейін баласы Абдулкарим-хан таққа отырды. Елді әділеттікпен гүлдендірді, зұлымдықты жойды. Жаман адамдардың күл-талқанын шығарды және «Абдулкарим Әділ» атанып, беделге ие болды. Ол 33 жыл ел биледі. Хижраның 1000 ж. (1591-1592 жж.) қайтыс болып, Яркентте жерленді. Оның бір інісі Сопы-сұлтан Қашғарда хәкім еді. Тағы бір інісі Мұхаммед-сұлтан Ақсу шаһарының хәкімі еді. Оны Ақсудан Яркентке алып келіп хан көтерді. Ол әрі патша, әрі дәруіш адам еді. Хан болғанына сегіз жыл толғанда уәлиет тараптан (Ферғанадан) муршидтіктің хақиқи мұрагері және лайықтысы Қожа Исхақ бинни Махдуми Ағзам (Алла оның сырын пәк және мүбарак етсін!) келді. Мұхаммед-сұлтан оған өз тағдыр-сенімін тапсырып, көптеген жақсы істер жасағаны туралы егжей-тегжейлі баяндасақ әңгімеміз мақсатымыздан алыстайды. Мұхаммед-сұлтан 70 жыл өмір сүріп, 18 жыл хандықты басқарды. Одан соң баласы Зияиддин Ахмет хандықты басқарды. Үш жыл өткенде өз адамдары Барчуқта (қазіргі Маралбаши ауданы) оны шейіт қылғандықтан, «Шейіт-хан» деп аты шықты. Одан кейін хан етіп көтерілген баласы Абдулатиф-сұлтан хандықты 12 жыл билеп-төстеді, 26 жасында қаза тапты. Одан соң Полат-хан мен Махмуд-хан өз кезегімен хан болып, өзара қақтығыстарды бастады.
Әлқисса, бұдан кейін Абдурашид-ханның тоғызыншы баласы Абдулрахим-хан Мансур-ханның дәстүрі бойынша Құмылдан Корлаға дейінгі жерлердің ханы болды. Хандық Абдулрахим-ханның бірінші баласы Абдулла-ханға тиіп, тақ-салтанатты иеленді. Ол хижраның 1048 ж. (1638-1639 жж.) ата-бабасының астанасына орналасқаннан бастап 32 жыл ел басқарды. Абдулла-хан ержүрек-батырлықта теңдесі жоқ, қамқорлық пен жомарттық жағынан қолы кең патша еді. Сонымен бірге, ол рақымсыз, қатыгез, пейілі жаман, тоңмойын, кекшіл және күдікшіл адам болатын. Бұрынғы хандардан қалған сенімді, жақсы ниетті, мемлекетшіл бекзада мен мырзалардан, тіпті өзіне бас игендерден де күмәнданып, оларды елден қудалады. Кейбіреуін өлтірді. Тіпті өз інілері Исмаил-сұлтан мен Ибраһим-сұлтанды да қуды. Бір інісін өлтіртті. Ешкімге сенбеді. Өз перзенттерінен де күмәнданды. Әкенің мінезінен перзенттерінің де көңілдері жай таппады. Қысқасы, хан еліне қырғыздарды хәкім етіп тағайындады: Қойсары-би Кашғарда, Олжатай-би Ақсуда, Қожаяр-би Кучарда, Алтықұртқа-би Үштұрфанда, Черики-би (Черикчи-би) Бугурда, Аллаяр-би бинни Сатым-би Хотанда хәкімдер етіп қойылды. Мансаптың көбісі қырғыздарға берілді. Ақыры қырғыздардан және елінен күмәнданып, нақақ қан төккендіктен, өз жаны тыныш таппай, амалсыз «Мекке-муаззамаға барамын» деп қоштасып, сапарға аттанды. Елді баласы Йолбарс-ханға тапсырды. Осылай хижраның 1080 ж. (1669-1670 жж.) Моғолияның астанасы Йолбарс-ханның қолына өтті. Бірнеше жылдан соң бұл да бір жақты (қайтыс) болды. Одан соң немере інісі Исмаил-хан бинни Абдулрахим-хан таққа отырды. Ол халыққа әділет нұрын шашты. Бүкіл қоғамның көңілі жайланып, тұрмыс-тіршілігі асқақтады.
Осы ханның заманында уәлиет жақтан (Ферғанадан) Махдуми Ағзамның перзенті Қожа Юсуп, немересі Қожа Хидаятулла (Қожа Аппақ есімімен белгілі) деген екі адам Қашғар шаһарына келді120. Исмаил-хан Қожа Юсупке өз абырой-жігерін тапсырды. Бір сылтаудың нәтижесінде сеидтер арасында және шәкірттердің ішінде, елдің ортасында қарама-қайшылықтар мен қақтығыстар пайда болды. Жоғары мәртебелі Сеид Махдуми Ағзамнан (нағыз аты-жөні Қожа Мұхаммед Хожеки, Алла оның сырын пәк және мүбарак етсін!) төрт ұл қалған еді: Қожа Калан, Қожа Мұхаммед Имин, Қожа Дости және Қожа Исхақ.
Қожа Исхақтың анасы кезінде Қашғардың ардақты ұлықтарының бірі болған Сұлтан Сатуқ-бұғрахан ғазидің ұрпағы еді және Махдуми Ағзамның жұбайларының арасындағы ең жас, жақсылығы мол, асқан кемелді әйел болатын. Жетішаһар жеріне алдымен Исхақ-валиулла қадам басқан. Сол кез хандық тағында Мұхаммед-хан отырған мезгіл еді. Ол Қожа Исхаққа шәкірт болып, мәртебе-кемелге қол жеткізді. Сондықтан оның халқы да Қожа Исхаққа мүрит-шәкірт болып келген еді. Қожа Исхақтан кейін олар оның ұрпақтарына мүрит болды. Ел Қожа Исхақтың немерелері Шұғайыб-қожа мен Даниал-қожаны пір тұтқан кезде хандықты билеу кезегі Исмаил-ханға келген екен.
Сол күндері уәлиет жақтан Мұхаммед Имин-қожаның перзенті Қожа Юсуп, немересі Қожа Аппақ екеуі Қашғарға келді. Исмаил-хан: «Қожа Шұғайыб пен Қожа Даниал бұл екі пірзадамыз әлі жас және кішкентай. Юсуп-қожаның жасы үлкен екен. Бәрің де бір ағаштың үрім-бұтақтары һәм жемістері екенсіз» деп Юсуп-қожаға көңілі ауды. Әлгі екі қожазадалар: «Әй хан, ата-бабаларың біздің ата-бабамызға мүрит-мухлис болып келді. Енді бізді тастап, Қожа Юсуп ағамызды пір деп мойындадыңыз ба?» деп ханға өкпесін бірдірді. «Пірзадаларымыз көңілге алып ренжімес пе екен деп ойлағанмын. Өздерің бізге басшы, бәріміз де әруаһи-хазреттерге (хазреттердің рухтарына) таважжуһ жасайық (истихара етейік). Істі одан болған ризашылыққа қарап жүргізейік» деп ұсыныс қойды хан. Түнде Исмаил-хан түс көрді: бір үлкен түйе екі тайлақты қуыпты. Екі тайлақ кенеттен артқа бұрылып, бура түйемен алыса кетті. Нәтижеде бура түйе жалтарып қашыпты. Исмаил-хан оянып кетті. Қожа Юсуп бастаған қожазадаларға мурақәбә (рухани тауажжуһ) ғибадаты кезінде осындай оқиға орын алған. Бұл жерде тұруды қаламаған Қожа Юсуп өз ұлымен бірге Қашғарға кетті және көп өтпей оның рухи құстары мәңгілік дүниесіне ұшты. Ол Қашғарда жерленді. Қожа Аппақ та осы шаһарда тұрақтай алмай, сапар шегуді жөн көріп, Ілеге кетті.
Бұл кезде Іле аймағында чорас тайпасынан шыққан қонтайжы121 атты бір ойрат мұнафиқ (дінсіз) күллі қалмақтарға, одан қалса Хақани Чиннің кейбір аудандарынан Түркістанға дейінгі жерлерде өз үкімін (билігін) жүргізетін және «төре» деген атақпен құдды хан-патшалардай дербес билейтін. Ол Жетішаһарды бағындыру үшін әрдайым тістерін қайрап, аранын ашқан еді. Дәл осы жағдайда Қожа Аппақ қонтайжының алдына барып: «Маған чериктер (әскерлер) берсеңіз, сізге Алтышаһарды бағындырып, қол астыңызға өткізсем» деген мазмұнда өтініш білдірді. Қонтайжы дән-риза болып, оған біраз чериктерді ілестірді. Аппақ-қожа қалмақ қонтайжы мушриктің (Құдайға серік қосушы күнәкар) ниет-жәрдемімен Жетішаһарды бағындырып, Исмаил-ханды отбасы мүшелерімен қоса Ілеге көшірді. Бұл хижраның 1022 ж. (1613 ж.) еді122.
Аппақ-қожа Жетішаһарды иемденіп, билеп-төстеді. Қалмақтардың Ғалдан-Церен123 деген адамына да үлкен мансап беріп, біраз қалмақты Жетішаһардың істерін басқаруда сүйеніші және жәрдемшісі етіп қойды. Қалған қалмақтар Ілеге қайтатын болды. Олардың құр қол қайтуын қаламай, жер-жерлерден мақта-маталарды жиғызды һәм оларға жете-жеткенше сыйға тартты. Бұл кездерде Жетішаһарда ақшаның орнына мата-торқаны пайдаланатын. Қалмақтар жыл сайын маталарды дәмететін. Бермеске болмайтын. Осындай салық-төлемнің көлемі жылдан-жылға көбейді. Бұндай жаман, ыңғайсыз ауыртпалықтар мұсылмандардың иығына ауыр түсетін.
Ей қадірменді жарандар! Сол заманның жолбасшы және жетекші сеидтері өзінің билігі үшін дінсіз мушриктердің қызметін қажетсініп, ислами патшалар мен мұсылмандардың үстіне кәпірлерді отырғызумен бірге, зұлматты да қанқұйлы істер жаратып, мұсылмандардың ақшасы мен дүние-мүліктерін кәпірлерге әперіп, бес күндік жалған өмірде даңдайсып өтіпті. Қара халық бектерді, тілмаштарды, мансаптыларды жаман деп күмәнданып қаралауға аузын қалайша ашсын?! Хақ-тағала олардың ынсап-ықыласын тазаласын және асырсын, әумин!
Қысқасы, бұндай жаман істер хижраның 1281 ж. (1864-1865 жж.) дейін, яғни Рашиддин-қожаның заманына дейін жалғасты, жүзеге асырылды. Қожа Аппақ бірнеше жыл билік етіп, бұл жалғанмен қоштасты. Одан соң баласы Ахмет-қожа оның орнын басқан билеуші болды. Сол кезде бас көтерген Исмаил-ханның інісі Мұхаммед Имин-хан Ахмет-қожамен одақтасып, қонтайжыға бағынудан бас тартқан билеуші болды. Қонтайжы чериктерін аттандырып, Жетішаһарды екінші рет бағындырды және Ахмет-қожаны Ілеге әкетті. Өз мемлекетінде тұра алмаған Мұхаммед Имин-хан Алай тауларына қарай босты һәм сондағы қырғыздардың қолынан шейіт болды.
Бұдан соң Жетішаһардың өкімет-билігі Қожа Исхақ-валиулланың немересі Қожа Даниалға тапсырылды. Ол қалмақтармен бірігіп ел басқаратын болды. Қожа Даниал дүние салған соң, таққа отырған баласы Қожа Абдулланың заманы өте тәуір болды. Дәл сол тұста «Саяр Шариф»124 кітабы Қожа Абдулланың бастауымен түрк тіліне аударылды. Одан соң оның баласы Қожа Яқуп таққа отырды және «Қожа Жаһан» деген лақап атпен танымал болды. Оның бір інісі Қожа Юсуп Қашғардың хәкімі етіп тағайындалды. Тағы бір інілері Қожа Хамуш Ақсуда, Қожа Абайдулла Хотанда хәкім етіп қойылды. Қалмақтар осы қожалардың бір-бір баласын Іледе барымтай (аманат, кепілдік) етіп ұстаған. Қожалар жылына бір-екі рет Ілеге тарту-таралғы әкеліп, төреге тағзым етіп көрініп, жауабын күтіп, әрқайсысы өз мекен-жайларына оралатын.
Қожа Юсуп көңілі ашық, өте мәрт адам еді. Іледегі қонтайжының алдына мол сыйлықтармен барған ол айла-шарғыларын асырып, қожалардың ұрпағын сұрап алып, шұғыл түрде еліне аттанды. Ол Мұзарт асуына жете бергенде, опық жеген төре әуелгі жарлығынан айнып, «Қожалар қайтарылсын» деп адам жібереді. Қожалар қуғыншыларға бағынбай, өткелді аман-есен өтіп, Ақсу шаһарына келеді-де, болған оқиғаны өзге шаһарларға хабарлайды. «Әрбіреуің өз қалаларыңдағы қалмақ жексұрындарды пәк жерімізден қуып, мойындарын ислам қылышының жүзімен аямай шабыңдар» деп хат жолдады. Хат жете салысымен ел барлық «қара хандарды» үй-іштерімен қоса қырыпты. Ол кезде қалмақтарды «қара хан», мұсылмандарды «ақ хан» деп атайды екен. Сонымен шаһарлардағы кәпірлерді жойып, олардың билігін аударып тастап, шарапатты исламды қайтадан жария етті. Қонтайжы өш алуға әзірленемін дегенше, қаратүнек патшалығына қоныс тебеді.
Қонтайжының орнына баласы Дауачи төре болды. Оның тоқалынан бір баласы бар еді, жамағаты мен ел-ұлысы көп еді. Сол баласын төре етіп қоюға әрекеттенгенде, кенеттен ішкі қақтығыстар пайда болады. Мемлекет мансаптылары екі жікке бөлініп, қалмақтардың арасында атыс-шабыс басталды. Олардың ішінде Әмірсана есімді бір танымал қалмақ батыры бар еді. Орайын тауып Хақани Чиннің қызметіне кірген ол патшаға: «Моғолстан елін Ұлы патшаға тәуелді етіп беремін. Маған әскери жәрдем беріңіз» деп жалбарынған соң, боғдыхан қуана чериктерін қосты. Ол Іленің шекарасына жетіп келді. Дауачи оған қарсы тұра алмай, мүмкіндігі барынша қазыналарын артып, бірге тұз-дәмді бөліскен бірқатар сенімді адамдарды ілестіріп қашты. Қайда баратынын білмеген ол ақыры бұрынғы қонтайжы Үштұрфан шаһарының хәкімі етіп белгілеген Хожесі-бек деген бір сыйлы адамның уәдесіне сеніп, соған үмітін бағыштап, шаһарына келді. Хожесі-бек оның алдынан шығып, ізет-құрмет көрсеткеннен кейін өз ордасына түсірді. Жер-жерлерге тарқатылған және шашыраңқы орналастырылған Дауачидың 300 нөкеріне де жақсы сый-сияпат көрсетілді, қонақасы берілді.
Хожесі-бек айла-шарғысы асып-тасқан адам еді. Төрені ордасында, ал оның адамдарын жайғасқан жерлерінде байлап-матап, қазына байлықтарын иемденді. Сол тұста Ілеге қытайлық қосындардың келгендігі аян болған-ды. Ол «Мына кәпірді келмек болған кәпірге сый ретінде апарсам, одан да жақсы іс шығып қалар» деген байламға келіп, өзіне Дауачиды жетектеп жолға шықты. Ол Текесте қытайлық қосындардың қолбасшысымен кездесті және оқиғаны жайлап баяндады. Қытайлық қолбасшы: «Ей Хожесі-бек, бұл төрелер Ұлы патшаның басты дұшпаны болатын. Қолайлы уақытта алып келіпсіз. Енді оны Ұлы патшаға апарыңыз және өзіңізді де көрсетіп қайтыңыз» деп арнайы жеделхат жазып, адамдарын қосып, Бейжіңге аттандырды. Хожесі-бектің осы қызметі көңіліне жаққандықтан, патша оған «ваң» мансабын беру туралы жарлық шығарды. Өлең:
Ұстады Дауачиді тарту еткен Хожесі,
Ондай іс жасағанға бұдан соң қажет лауазым.
Содан соң Хожесі-бектің баласы Қадыр-бек «ваң» мансабын алды. Чиң патшасы алдында «жуңтаң» уәзірлері деңгейінде ізет-құрметпен өмірін өткізді және хас уәзірлер қатарынан орын алды. Одан кейін Кучи-бек есімімен әйгілі болған баласы Абдулмумин-бек «ваң» мансабын алды. Ол патшаның баласымен апиынға кіріптар болып, лайықсыз істерге жол бергені үшін патша оған ренжіп, мансабынан айырып, ақысын қазынаның пайдасына тәркіледі және «Лифаяға» (Лифаюанға) тапсырды. Сөйтіп, ежелден бері «Ливаян» (Лифанюан) ереже-рәсімиеттері бойынша төрт есе көтерілген Хожесі-ваңның лауазымдық ақысының 4/3 бөлігі қазынаға қойылып, бір бөлігі ғана мұрагері Абдулрахман-бекке жарлықпен бекітілген екен.
«Ваң» мансабын алған Абдулрахман-бек Яркентті басқарды һәм көптеген игі істер жасады. Бұл кісінің сенім-ықыласы таза, көрсеткен сый-сияпаты мен иһсаны (жақсылығы) көп еді. Бірде ол ғавсия125 сопылар ағымындағы бір ишанға қайыр-садақа ретінде 111 жамбы берген екен. Басқалардың көрсетуінше, ол Яркентте хәкім болған кезде ірі көлемді тергеу жүргізіліп, ямулға (ұлықтар кеңсесіне) амбандар, қытайлық мансаптылар, бектер, ахундар секілді барлық басшылар жиналыпты. Сол күндері ауа райы ерекше суық, күн далва мезгіліне кірген және қыстың сұрапыл қарлы борандары, бәһимән айының (шәмсия күнтізбесі бойынша қараша айы) қатты желдері тұрған уақыт еді. Әлгі ұлық-амбандар тергеу орнына шыға алмай, кідіріп тұрғанда, Хаман медресесінен ешбір шықпайтын, ілім үйренумен шұғылданып, зейін-ықыласы өлең жазуға тартып, өлең-ғазалдар шығарып жүрген Мұхаммед Нияз-ахун деген кісі тергеуді тамашалап көңіл ашуға келген еді. Оны көріп қалып, қасына шақырған ваң-бегім «Сіз медреседе жатқан тәліп болсаңыз, мына жерге не үшін келдіңіз?» деп сұрақ қойды. Сосын келемеждеген үнмен жұмсақтап: «Сізді тәуір өлең айтады деп естідім. Қане, мына қара суық туралы бір нәрсе айтыңыз» деп мейірбандықпен өтінгенде, Мұхаммед Нияз-ахун ешбір мүдірмей төмендегі шумақты оқиды:
Мұздады қолында кашемир, каңкира пеште қытай,
Бек дірілдеп, ахун мұздады, кейде тоңды....
Ол осы екпінмен он шақты бәйітті бірінен соң бірін тоқтамай айтқан екен. Бек ерекше қуанып, мақтау айтып: «Менің тұлпарыма мінгізіңдер» деп атын сыйлайды. Аттың үстіндегі ер-тоқым, ноқта-жүген және жабу-құйысқаны бүтін, «ваң» мансабының дәреже-мәртебесіне лайықты еді. Сәйгүлікке мінген ақын медресеге оралып, ат пен ер-тоқымын өз бағасына сатып, іліммен шұғылдана беріпті. Ваң-бегімнің осындай жақсы бейнесі және беделі жөніндегі мақтау-мадақтаулар көп еді.
Абдулрахман-бектен кейін «ваң» мансабын алған Мұхаммед Ғазиз-бек Хотанды басқарады. Жоғарыда айтылған Молла Мұхаммед Нияз-ахун (Оған Алланың рақметі жаусын!) «Тарихи Рашиди» шежіресін осы ваң-бекке бағыштап түрк тіліне аударып, көптеген ақыл-қасиеттерді баяндаған. Бұл ваң-бектен Мұхаммедимин-бек және Абдуаһап-бек деген екі ұл бала қалады. Біріншісі «ваң» мансабында қызмет атқарды. Оның баласы болмағандықтан, мансап Абдуаһап-ваңбектің перзенті Абдулқадыр-бекке мирасқа өтеді. Ол Ваң-қожа есімімен белгілі.
Әлқисса, Әмірсана Хақани Чиннің мүддесі және жәрдемімен Іле аумағын жаулап алды. Хақанның мансаптылары Қалмақстан елінің әскери және әкімшілік билігін түгел Әмірсананың еркіне тапсырды. Олар әсіресе Жетішаһарды бағындыруға қамдана бастады. Іле өңірінде Қожа Аппақтың ұрпағы Қожа Бұрханиддин деген «ақтаулықтардың» ірі көсемі саналған бір сеид бар еді. «Ақтаулықтар» тобы Қожа Исхақтың немерелері билеп-төстеген кезеңде «қаратаулықтардың» зиянкестігі мен келемеждеуінен жәбір көргендерін ұмыта қоймаған. Сондықтан Әмірсана «Сеид Бұрханиддинді басшы етіп, Жетішаһарға аттандырсақ, бұл ел қолға оңай түсер....» деп кеңесіп, оны көптеген қосындармен жолға салды. Ол Ақсуға келе салысымен, «ақтаулықтар» оны қарсы алып, шаһарды өткізіп берді. Олар осы жерден өтіп, Үштұрфан шаһарын иемденді.
Бұл ахуалдан хабардар болған Қожа Юсуп Қашғардағы баласы Қожа Сыдықтың жетекшілігіндегі әскерлерді шығарды. Үштұрфанда көптеген сойқан ұрыстар болды. Нәтижеде мұсылман қосындары өз ішінен астан-кестен болып, Қашғарға қарай бет алды. Қожа Юсуптың денсаулығы нашар еді. Әскерлер жеткенше оның рухының тоты-құсы бұл тар тордан әлами-балаға (жоғарғы әлемге) ұшып кетті. Кәпірлер олардың соңына түсіп, Қашғарды алды. Одан кейін аттың басын Яркентке бұрды. Мұнда да біраз жеңіс пен жеңілістер белең берді. Қожа Жаһан соғысып жүріп шегінді. Соңынан жіберілген адамдар оны ұстап алып, отбасысы һәм бала-шағасымен қоса шейіт қылды. Кері аяңдайтын жазмыштың өрімі Қожа Исхақ-валиулланың ұрпақтарына небір дүрбелең мен өкінішті оқиғаларды келтіргенін баяндауға қос тілді қалам және ақыл дәрменсіз. Содан соң Хотан да бағындырылды.
Хижраның 1252 ж. (1836-1837 жж.) Алтышаһардың өкіметі Бұрханиддин-қожаға тапсырылды126. Қытайлық және қалмақ қосындары өз мекендеріне қайта кетіп, азғантай бөлігі осында қалатын болды. Іледегі қытайлық әскерлер де өз еліне оралып, бір бөлігі ғана тұрмақшы болды. Осылай елде тыныштық пайда болды. Сол тұста мемлекет пен билікке деген астамшылық Әмірсананың демін бұзды. Жақсылық жасағанға шүкір етпеген ол Іледегі бейжіңдіктерді түгел қырып салып, өз алдына төре билігін жүргізе бастады. Алтышаһардағы Бұрханиддин-қожа бұдан хабардар болып, бағыныштылық белдігін нисиян (өтіну) текшесіне салып, тәуелсіз патша болуды көздеп, бағыныштылық жібін үзіп, өзгеден ұлық болып, өз-өзін «Хан-қожа» деп атады, жарлық пен бұйрықтарына да осы лақап атын жазды.
Осы ахуалды естіген Қытайдың патшасы екінші рет қосындар аттандыру туралы жарлық түсірді. Чериктер (әскерлер) Іле өңірінде Әмірсанамен қиян-кескі ұрыстар жүргізді. Қарсы тұра алмаған қалмақ төресі Сібірге қашты және сол жақта дүние салды.
Хақани Чин және моңғол-қалмақтар арасында ежелден бері соғыс-қақтығыстар мен өшпенділік болып тұратын. Хақани Чин Іленің халқын қасап қырғын қылды. Біраз адам жандарын құтқармақ болып, қыпшақ пен қырғыздардың арасына кетті. Іле аумағы тәртіпке салынғаннан кейін, 2 мың черик Кучар шаһарына жөнелтілді. Қашғар, Яркент, Хотан шаһарларынан жиналған хан-қожаның 10 мың әскері Ақсу арқылы Кучарға жетіп, бейжіңдіктердің (манчжурлардың) жолын бөгеді. Іледен шыққан 2 мың черик күтпеген жерден аспаннан түскендей сау етіп жетіп келді. Арада сұрапыл ұрыс-шайқастар болды. Аз болған бейжіңдіктер тойтарыс бере алмай тұрғанда, тағы 10 мың манчжур әскері Тұрфан жолымен Кучар шаһарына жетіп келді. Ақыры, кескілескен шайқастарда олар жеңіске жетті. Мұсылман әскерлері зиян шегіп, Бұрханиддинхан-қожа қарсы тұра алмай Мұқыр жолындағы бүрген тоғайлардың арасымен Яркентке қарай қашты. Кучарды басып алған бейжіңдіктер көп адамды қырып-жойды. Сосын Ақсуды бағындырып, айрықша тез қарқынмен Яркентке барды. Хан-қожа көп шайқасып, тағы да қарсы тұра алмай, Хотан жаққа қашты. Кәпірлер Хотанға тартты. Хан-қожа мұнда да тойтарыс бере алмай, Бадахшанға бет алды. Қытайлық әскерлердің қолбасшысы бұдан хабардар болып, Бадахшанның ұлығына хат жазды. Шыққан түп-тегі нашар, бұзық бірнеше адам хан-қожаның басын кесіп әкеліп, мансаптыларға табыстады. Мансаптылар оны темір торға салып, Бейжіңдегі патшаның алдына апарды және шаһар-қалаларда жұртшылыққа тамаша етіп, масқаралады.
Жетішаһар тыныштандырылған соң, 40 мың черикті жайғастыру жөнінде үкім шығарылды. Іле аймағын жаулаған кезде 1 миллионнан артық адамның жаны алынған еді. Көптеген адам жан-жаққа қашып, Іле ойпатында тірі жан азайып қалған-ды. Сондықтан Алтышаһардан Ілеге қайтадан адам көшіріліп жайғастырылды. Бұлар әртүрлі шаһар және кенттерден әкелінгендіктен, «таранчи» деген атпен белгілі болды. Бұларды да азсынған Чиң патшасы Бейжің жақтан сансыз адамды (сібе мен солаң ұлттары) осы жерге көшіріп орналастырды.
Атап өтуді қажет ететін жайт: осы реткі аласапыраннан кейін, Іле халқы Хақани Чинге бағынудан бас тартқан соң, аймақты Ресей басып алған еді. Бейжіңдіктер қайта келгенде, ілеліктер қорыққанынан Ресейді паналап, түгел орыстардың қол астына көшіп кетті. Іле өңірі тағы да бос қалды. Сондықтан алтышаһарлықтар, оның ішінде қашғарлықтар өз еркімен мұнда көшіп, егіншілікпен айналысып, бұл аумақты тағы да гүлдендірді.
Әй замандастар! Сол кезеңдегі халықтың көңіл-пейіліне сын көзбен қараңыз: күллі мұсылман бір дін, бір мазхабта болса да, екі топқа немесе бірнеше жамағатқа бөлінді. Бір-бірін қызғанды және араздасты. Әрбір жамағат бір сеидтің басшылығын мойындап, басқа сеидті қабылдамады, оған өштесті. «Ақтаулық» немесе «қаратаулық» деп өздеріне ат қойып, ажал мен әбігершілікке салынып, береке-бірліктен жұрдай болып, ел-жұртын алдымен қалмақтарға, сосын қытайларға бодан етіп беріпті. Тіпті бұндай сенім мен орынсыз істерді өздеріне лайықты санап, осы істердің жаманы мен сұмдығын айыра алмады. Қырсық, опасыз және қу-алаяқ сопылар өз әрекеттерінен еш қымсынбады, намыстанбады. Алайда, кейбір махдумзадалардың (Махдуми Ағзамның ұрпақтары) бастапқы қасиет-табиғатында бір-біріне дұшпандығы немесе өшпенділігі жоқ болатын. Аталған жөнсіздіктер олардың жарымес және ақылдары кем мүрит-шәкірттерінің сұрқиялығынан пайда болуы мүмкін. Сондықтан бұл асыл текті тұлғалардың бәрін бірыңғай көріп, кекшілдік пен өшпенділік көрсетпеу керек. Әлбетте, мұнафиқтық жасамағандарды сұмпайылық етті деп айту дұрыс болмас. Қайта ондай кінә тағу адамды Алланың азабына кіріптар етеді. Қасиетті хадистерде де «Құдайдан дініміздің бұзылуынан пана тілейміз» деген сөз бар.
Аппақ-қожаның ұрпағы Бұрханиддин-қожа шейіт болған соң, оның баласы Қожа Салих, біреулердің мәліметі бойынша сондай-ақ Самсақ-қожа деп те аталған, Ферғана уәлиетіне қашқан еді. Әкесінің кегін қайтаруға ұмтылған ол бірнеше рет Қашғарға келген. Бірақ мұратына жете алмай, кері қайтқан. Оның перзенті Қожа Жаһангірхан-төре бірдеме етіп мұрат-мақсатқа жетеді. Ол туралы әңгіменің кезегі кейінірек келеді. Әндіжан жақтан қожалар келсе, «ақтаулықтардың» жаһан күні шыққандай қуаныштары қойнына сыймай кететін. «Қаратаулықтар» Бейжіңдегі қожаларға сыйлықтар жолдап, медет тілейтін. Ондағы қожалардан естелік ретінде көк шай мен қалта-қалта сыйлықтар келетін. Жұрт бұны «тәбәрік шай» деп айрықша қастерлеп, мән беретін. Осы оқиғаларды кейін Үштұрфан туралы әңгімемізде баяндаймыз, инша’алла (Алла сабыр етушілерге жақын!). Демек, «ақтаулықтар» мен «қаратаулықтар» сол заманда да бір-біріне қарсы болатын. Бұл екі ағымның өкілдері Қашғарда өте көп. Екеуінің де сенім-нанымдары қате және түкке тұрғысыз. Өлең:
Шукурулла фариғ олдум мен қара, ақ таулардың,
Неліктен жемісін жеймін шариғат бағының?
Әлқисса, хандар дәулетінің шырағы өшкен, қалмақтардың көмегімен қожалар дәулетінің шырағы жанған кезеңнен бастап, осы қожалар бірде тариқаттың зікір-пікірімен ғибадат етіп, Алладан медет тілеумен шұғылданса, бірде ішіп-жеу, өлең-саз және шай ішіп ойын-сауық жасап, нәпсіқұмарлыққа берілгені себепті, бұқара халықтың жағдайынан мүлдем бейхабар болатын. Сондықтан кейбір шағыстырушы-арандатушы өсекшілер және іші тар, шайтан кейпіндегі адамдар оларға жақындасып, өздерін өте ықыласты көрсетіп, сыртқа шыққанда әрқайсысы құдды қойға шапқан аш бөрідей бұқараның дүние-мүлкіне, тіпті олардың жан-имандарына айрықша жауыздық көрсете бастады. Бұл топтар «ушшақ» деп аталды. Ата-бабаларынан бастап жайнамаздан бас көтермей, сәжде-ғибадатпен өмірін өткізген қожалар ел басқару ісінен және саясаттың мән-жайынан мүлдем хабарсыз еді. Сондықтан қалың бұқараның ахуалы құлдырау мен ойрандалуға бет бұрды. Тіпті үйлерінде демала алмаған және тұра алмаған олар жыңғыл мен елсіз жазираларға қашып, күндерін өткізетін жағдайға жетті. Түнде үйлеріне жасырын келіп, тапқан-таянғандарын тамақ етіп жеп, қазан-табақтарын сақтай алмай бұлақ пен шұңқырларға тастап, кісі көзіне көрінбей жандарын сақтайтын болды. Жұртты басқару істерінен сабыр-тақаты таусылып, одан әрі шыдауға дәрмендері қалмады.
Дәл осы жағдайда алысты көре білген және бұрын дәулет пен мансапқа ие болған, алайда кейін қорлық көріп, елеусіз қалып, қара халықтың көшесіне түскен және қарадан да төмен һәм қадірсіз халге жеткен бірнеше бұрынғы бектердің ұрпақтары өзара кеңес құрды. «Ежелден ел басқарған ұлықтар шет жақтағы түкпірлерде отыратын болды, түкпір-бұрыштарда отырғандар ұлық болды. Бұқара халық мазасыз және сергелдең күйге түсті. Мәслихаттың ең жақсысы: біз, бірнеше адам, хақанға (патшаға) қызмет етейік, дат-арыздарымызды айтып, чериктер сұрайық. Егер черик берсе, біз сол ықылымға бағынып, алыс-жақындағы дұшпандардан құтылайық. Бір ықылымға бағынбай еліміз гүлденбейді, бала-шағаларымыз тыныш та аман-есен бола алмайды» деген шешімге келіп, «кебістерін теріс киген» алты-жеті ақсүйек жолға шығады. Бірер уақыттан соң қарауылшыларға кезікті. Қарауылдағылар оларды бір бекеттен екінші бекетке алып жүріп, Фағфур Чиннің патшасымен кездестірді. Патша бұлардың ұсынысын мақұлдап, көптеген чериктер қосып берді. Олар қайтқаннан кейін, Жетішаһар соғыс-шайқассыз Хақани Чиннің құрамына кірді. Патша осы алты адамның әрқайсысына «ваң», «гуң», «байси», «байли» секілді үлкен мансаптар беріп, әрбірінің қызметіне бірнеше үйлік адам бекітіп, әр жылы қазынадан күміс, лауазым мен жалақы беретін болып, әртүрлі шаһардың хәкімі етіп тағайындады. Ілгеріде патша осы өлкеде тұрақты билік еткен шақта, аталған бектердің ата-бабаларынан басқа бөтен адамдардың Жетішаһардың хәкімдігіне тағайындалу орайы кемде-кем еді.
Осындай бақ-дәулетке кенелген алты кісінің бірі Мырза Хади-байсибек екен. Оның әңгімесі жоғарыда баяндалды. Енді біреуі Черикчи-бек, бұл адамға да «байси» лауазымы нәсіп болған. Оның Сетивалди-бек және Ақ-бек деген екі баласы бар еді. «Байси» мансабына жеткен Сетивалди-бек Яркентті басқарды. Сосын оның баласы Мұхаммед Абдулла-бек осы мансапқа жетіп, Ақсу мен Яркентті басқарыпты. Оның немересі Мұхаммед Мұса-байсибек Ақсу өңіріндегі Ақяр деген жерде тұрды және ата-бабасының мансабына қолы жетпеген екен. Ақ-бек Іле, Ақсу және Яркенттің хәкімі болып, ел басқарыпты. Содан кейін баласы Мұхаммед Юсуп-бегім алдымен Іле өңірінің, сосын Яркенттің, ақырында Сайрамның хәкімі болып дүние салыпты. Баласы Мұхаммед Абдулла-бек «ишикаға» (есік-ағасы) мансабымен өтті. Оның ұрпағы өте көп. Мансап пен дәулетке қолы жеткендердің тағы біреуі – Бай ауданынан шыққан кедей Мұхаммед-гуң. Ол басында Қашғарды, сосын Үштұрфанды басқарып, дүниеден озыпты. Баласы Ибраһим-бек «гуң» болып, Үштұрфанды басқарыпты. Содан соң «гуң» мансабы інісі Мұхаммед Мұса-бекке өтіпті. Кейін осы мансапқа жеткен баласы Мұхаммед Талип-бек Шаярды (қазіргі Шахияр ауданы) басқарды. Сосын баласы Ахметбек «гуң» болды. Одан соң баласы Мұхаммед Садықбек осы мансапты атқарып, ізет пен құрметке бөленді. Қалғандардың ұрпағы және атақ-даңқы анық та мәлім болмағандықтан, бұл жерде баяндалмады.
Осы алты бектің суреттерін салғызып, Ушшақталда үлкен пұтхана салдырған хақан: «Бектерді Жетішаһардың иелері және күзетшілері етіп, шен-шекпен бердім. Бұдан кейін Жетішаһарға барған мансаптылар осы бектерге жолықсын» деп жарлық берген екен (Аузы тасқа, балшық пен топыраққа толсын!). Осы пұттар ислам азат болғанға дейін бар еді. Бейжіңнен бұл араға келген әрбір мансапты немесе маймайчи (саудагер) осы пұтхана орналасқан жерге жете бергенде, аттан түсіп, осында қонып, өз әдет-рәсімиеті бойынша қағаздар жағып, бірнеше мәрте бас иіп, тоңқайып, суреттер мен пұттардан медет-жәрдем тілеп өтіп кететін. Егер олай жасамаса, кінәға батады екен. Бұл пұтхананы «Ұлы үй» деп атайтын. Осы бектердің ұрпақтары да «Біздер Ұлы үй адамдарының ұрпағымыз» деп тасып мақтанады екен.
Ислам діні азат болғаннан кейін, бұл пұтханалар қиратылды. Бектер қайтадан бұқара халықтың көшесіне кіріп кетті. 14 жылдан кейін хақанның қауымы тағы да ата-жұртымызға малик (қожайын) болды. Фағфур Чин патшасынан: «Менің ата-бабаларыма қызмет көрсеткен адамдар бар еді. Өздері немесе ұрпақтары қалды ма? Сұрастырып, тексеріп біліңдер» деген жарлық келді. Бектердің ұрпақтары да бұрынғы патшалардың жарлықтарын, құжаттарын және негіз бола алатын хаттарын сақтап келген екен. Олар сол құжаттарды көрсетіп, ата-бабаларынан мирас болған мансаптарын алды. Олардың бірнеше ұрпағы жүздеген жыл бойы Ұлы хақанға (Циң патшасына) бірер қызмет еткені анық болмаса да, бұрынғы патшалар белгілеген жалақыны жыл сайын алады екен. Әр үш жылда бір рет патшаның алдына барып, тағзым етеді. Олардың перзент-немерелері де ғасырдан-ғасырға тыныш-аман және алаңсыз жүріп, белгіленген жалақы мен «тарханбегі» лауазымын алып, ізет пен дәулетке кенелді. Бір рет көрсетілген қызметтің арқасында бұндай мансап-дәрежеге жетуден Фағфур Чиннің ұлылығы мен айбындылығын шамалап көруге болады.
Әй, Малик әл-Мүлік (Әлемнің иесі)! Хақиқи патшалық саған ғана тән. Нағыз патша тек өзіңсің. Пенделеріңнің 50-60 жыл ішінде жасаған пендешілік қызметін ұлы дәргейіңде бір рет болса да қабылдап, хош иісті жұмағыңнан орын беріп, жамал-жүзіңді көру бақытына жеткізіп, олардың күнәларін басынан аяғына дейін кешірімді қаламыңмен сызу Сенің құдыретті де кемелді күшің үшін ешнәрсе де емес. Сен пенделеріңе мейірімділік пен шапағат көрсете аласың, ұлылық жасай аласың. Ей рақым етушілердің ішіндегі рақымдысы және ұлылардың ұлысы, Йа’ар-Раһимә әр-Рахман. Әумин!
5
Қожа Жаһангірхан-төренің Жетішаһарға басып кіру оқиғасы, Мұхаммед Әли-ханның Қашғарға келуі, Қашғардың алынуы, қыруар қара чериктердің Жетішаһарды екінші рет жаулап алуы, Жаһангірхан-төремді ұстап Бейжіңге әкетуі және көп мұсылмандардың олжаланып, Қытай мемлекетіне әкетілуі, Мұхаммед Әли-хан (Алла оның күнәсін кешіргей!) Фағфур Чинге елші жіберіп тұтқын мұсылмандарды сұрап алуы секілді оқиғалардың баяны
Риуаят асар (аңыздарды жазушылар) және нақилан ахбарлардың (нақыл етіп хабарлаушылар) бірінің соң бірі келтірген аңыз-ақпараттарынан мәлім болғаны: хижраның 1239 ж. (1823-1824 жж.) Мұхаммед Әли-хан бинни Омар-хан бинни Шерәли-хан (Алла оның күнәларын кешіріп, рақым етсін!) Қоқан уәлиеті және Ферғана халқының билеушісі болып отырды. Хижраның 1244 ж. (1828-1829 жж.) Қожа Жаһангірхан-төре Қоқанда қашғарлық діндестердің біразын топтап, Ферғана уәлиетінен Моғолстан шаһарларының бірі Қашғарға қашып шықты. Ол осы шаһардың төңірегіндегі жерлерді өзіне бағындырып, қаланың қытайлық бөлігін алуға қызу дайындық жүргізген күндері Мұхаммед Әли-хан қайрат тамырлары қайнап, әскерлерін жиып, өз мемлекетінің мансаптыларына төмендегідей ақыл айтады: «Әлемнің иесі Хақ-тағала патшалықты бізге сыйлапты. Егер біз солқылдақтық, босаңдық пен надандықты өзімізге қажет және лайықты көрсек, билік пен патшалық өз билеушісі мен жамағаттың тұғырынан алыстайды. Бір бұзық қожа бірнеше содыр және бетімен кеткендерді жиып, Қашғар шаһарын қоршауға алып, уәлиеттерге ие болуды дәметіп, хандықтың дабылын қағып, өзіне мемлекет құруды жөн көріпті. Әлбетте, олардың осы ісіне жол қоюға болмайды. Бұлар шаһарды алған жағдайда, қытайлардың жылдар бойы жинаған қазына-байлықтары жүгенсіздердің қолдарына түсіп, текке кетеді. Хақани Чин үлкен әрі зор патшалық-тұр. Егер Бейжіңнен тағы кәпірлер келіп, жаулап алса, олардың қазынаны тағы да сарп етуден басқа лажы қалмайды. Егер кәпірлер жеңіске жетіп, тағы да бүлікші әскерлердің астан-кестенін шығарса, мұсылман уәлиеттердің қазыналары сарқылуы ықтимал. Сонымен бірге, Жаһангір-төре елді басқаруға дәрменсіз болып, қытайлық чериктер бұл өлкені қайта иемденсе, Жаһангір-қожа амалсыздан біздің жерге қашып келеді. Сөйтіп қытайлардың сөздері бізге тақалады, қарым-қатынастар бұзылады. Енді ең жақсы кеңес – біз Қашғарға барайық. Шаһар қолымызға түссе тіпті жақсы. Ондай болмағанның өзінде, ғазауаттың сауабы бәрібір бізге нәсіп болады». Сөйтіп, Қоқан ханы 3 мың әскермен Қашғарға келді. Жаһангірхан-төре бірталай адамымен алдынан шығып, бір-бірімен ат үстінде амандасып, патшаларға тән құрмет-тағзымдарды орындап, Мұхаммед Әли-ханды бір үлкен қора-жайға орналастырды.
Қашғардың қытайлық бекінісі мұсылмандар тұратын шаһардың ортасында болатын. Келесі күні Жаһангірхан-төре құрмет және әдеп-сыпайылықпен жоғары мәртебелі ханнан қоршаудағы бекіністі шабуылдау соғыс қимылдарын басқаруды өтініп, өз адамдарын қайтарды. Ханның бұйрығымен Қоқан әскерлері ашық та сұрапыл қоршау қимылдарына өтті. Қытайлық қала қорғанының түбіне оқ-дәрі қойылды, үңгір қазылды һәм жарылды. Қорғанның бір жағы көкке ұшып, жер бетіне шаң-тозаң шашырап, жарық күн қараңғы түнге айналды. Сол тұста жеңімпаз әскерлер түнгі көбелектердей қамалға атылды. «Мұсылмандар қорғанның жарылған жерінен шабуылға өтер ме екен» деп пайымдаған кәпірлер тесілген жерді бөгеп, шайқасқа кірісті және қала ішінен топ-зеңбіректер мен жазайылдардан (сол заманда қолданылған от шашатын қару) оқ атты. Сыртта тұрған мұсылмандар да зеңбіректерден қайтарма оқ жаудырды. Екі тарап араласып-құраласып, қоян-қолтық айқаса кетті. Мұсылмандар саты қойып, бекіністің барлық қабырғаларына дарваздардай (арқан үстімен жүретін ойыншылардай) шығып соғысты. Бірақ кәпірлер күш көрсетіп, мұсылмандарды үш рет бекіністің үстінен айдап түсірді. Төртінші күні шейіттердің көптігі, жаралылардың молдығынан бекініске шығатын жолдар бітеліп қалды. Бұны көрген хан-ғази Мұхаммед Әли-ханның жүрегі ауырып, жылап-еңіреп, өліктерді алдыртты және Хазрет Аппақ-қожа мазарының айналасына жерледі. Ол жаралыларды емдеуге жарлық берді-де, амалсыздан қоршауды тастады. Хан бір апта дем алғаннан кейін Жаһангірхан-төреге дұға оқып, батасын берді һәм Қоқанға қайтты.
Қиын істердің қақпасын ашушы Алланың жәрдемімен бір айдан соң қытайлардың бекінісі алынды. Жаһангірхан-төре жеңіс-хатын жазып, жоғары мәртебелі Мұхаммед Әли-ханға шайқас туралы қуанышты хабарды жеткізу үшін өзінің сенімді қызметкерлерін мол сый-сәлемдемелермен Қоқанға жөнелтті. Бұдан соң ол Қашғар, Йеңиһисар, Маралбаши, Яркент секілді жерлерді иемденді, Хотанды қоршауға алды. Алайда осы қоршау аяқталмай тұрып және әскерлерінің алдыңғы шебі Ақсуға екі таш жерге жақындап, біразы өзеннен өтіп, «Келесі күні шаһарды азат етеміз» деп бейқам жатқан кезде, қытайлық чериктердің де Ақсуға келгені белгілі болды. Чериктер шаһардан шығып, зор күшпен шабуылға өтті. Жаһангірхан-төренің әскерлері артқа бұрылып қашты. Қара чериктер қуған бойы Қашғар, Йеңиһисар, Яркентті де жаулап алды.
Қытайлық чериктердің көптігін біреулер 20 түмен, енді біреулер 10 түмен еді деп әңгімелейді. Ол кезде Фағфур Чиннің тағында Даоваң (Даогуаң) деген патша отырған екен. Бұл дәулетті билеушінің сол заманда өте қуатты болғаны соншалық, ешбір жақтан дұшпанның кері ықпалы жетпейтін. Чериктер қару-жарақ пен есеп-қисапсыз соғыс құралдарынан басқа, 200 арбаға жегілген түйе мен қойлардың қи-тезектерін майға қуырып жеткен екен. «Чериктер жол бойы қар мен жаңбыр астында қалып, тамақ істейтін отын таппаған күндері әлгі қи-тезектерді отынның орнына пайдаланып, тамақ жесін» деген жарлық жарияланған-ды. Тезектің алды Қарашаһарға, аяқ жағы Тұрфанға жете берген күндері жоғарыда баяндалған жерлердің басып алынғаны туралы хабар келген. Осы себепті, қи-тезектер қайтадан кері жөнелтілген екен. Демек, чериктердің көптігін және патшаның күш-қуатының қаншалық зор болғанын осыдан көріп білгейсіз. Қытайлар да Жаһангірхан-төренің ірілігін мойындап «Жаһангір дуң тан, ди дуң тан» (Жаһангір қозғалса, жер де дірілдеп-қимылдайды) деген екен.
Енді бастапқы әңгімемізге келейік. Қытайлық чериктердің қолбасшысы Ай-цзяңцзюн127 деген біреу екен. Кучарлық Мырза Осман-байсибектің екінші баласы Мырза Исхақ-бек әскер бастап Қашғарға барыпты. Ол Жаһангірхан-төренің соңынан қуып, Алай деген жерге (қазіргі Қырғызстанның Алай таулары) барғанда, амалы таусылған төре: «Ей Исхақ-бек, үмітсіз қалма. Мені байлап, қытайлардың ұлығына алып бар» деді. Бек: «Олай істей алмаймын» деп кешірім-құрметпен сөз қозғап, «Тақсыр» деп тұрып алады. Жаһангірхан-төре құтты орамалдарымен өз қолын өзі байлап: «Енді орамалдың ұшынан ұстап, алып бар» деген. Бек әмірін екі етпей, жоғары мәртебелі хан-төрені қытайлардың қолбасшысына алып барған екен. Ай-цзяңцзюн: «Ұлы патшаның дұшпанын Исхақ-бек ұстады» деп мәлімдеп, «Әй Исхақ-бек, енді қожаны Бейжіңге өзіңіз апарып, Ұлы патшаға қызметіңізді мәлімдеп қайтыңыз» деп біраз адам қосып, Бейжіңге аттандырды. Ол Жаһангірхан-төреге айрықша ізет-құрмет көрсетіп, жақсы сөздер айтқан күйі астанаға жеткізіпті. Бұны көрген патша оны тергеуге алып, шейіт етті дейді кейбіреулер. Енді біреулер «Патша оны көрмеді. Бәлкім, бір жасырын жерге келгенде өз ажалымен өлді» дейді. Әлбетте, жауапкершілік әңгімелеушінің өзінде.
Чиң мансаптылары Жетішаһарда Жаһангірхан-төрені қолдаған немесе оған қызмет еткен адамдарды іздестірді һәм өлтірді, олардың малдары мен жерін олжалады. 10 мыңнан астам қыз-бойжеткендер мен сәби-бүлдіршіндер тұтқындалып, ар жақтағы Ланчжоу өлкесіне, бері жақтағы Іле мен Шәуешекке дейін әкетіліп, қытайларға қызмет көрсету үшін үлестірілді. Мұхаммед Әли-хан (Алла оның жатқан жерін нұрға бөлеп, күнәларын кешіргей!) бұл ақпаратты естіп: «Бұған біз себепші болыппыз» деп мыңбасы Әлім-байваччаға біраз адамдарды ілестіріп, Хақани Чинге арналған мол сый-сәлемдемелер мен ресми хатты тапсырып, бірнеше міндет жүктеп, жолға салды. Арыз хатында «...Мәселе сол, бұлардың арасында патшаға дұшпан болғандар жоқ еді. Нәресте балалар мен қорғансыз әйелдердің қолынан ешбір жамандық көрілмеген болар. Патшадан күнәһарлардың күнәларын тілеймін. Тағы бір мәселе: Жетішаһардағы әндіжандықтарға бір ақсақал тағайындасам. Келіп қалған жаман адамдар жөнінде хабар алып, тұтқындаған соң маған өткізсе. Олардың жазасын мен берсем. Бұдан кейін патшаның көңілін ренжітетін істер болмасын» деген мазмұндағы бірқатар келіскен сөздерді жазып, елшілерді жолға салған екен. Елшілер ерекше ізет-құрметпен астанаға жетіп барыпты. Хақан ұсыныс-хатпен танысып, ізгілікке қанағаттанып, бекеттен бекетке дейін барша тұтқындарға көлік ат пен азық-түлік дайындап, отандарына қайтарыпты.
Дегенмен, арада төрт жыл өтіпті. Қытайлар тұтқындардың біразын қолды етіп, балалы-перзентті болған екен. Оларды бала-шағаларымен бірге қайтарған шақта, мұндай сорлы мүсәпірліктен құтылып, өз мекен-жайына оралғанына қуанып, үлкен-кішісі мұңды да қайғылы әуенмен дауыстап «Назугум! Вай-вай, назугум!» деп ғазал-өлеңдер шығарыпты. Үлкен жолдармен өткен кезде, алыс жерлерден оларды көруге келген халайық мұң-зарларын тыңдап, сабыр қыла алмай бірге жылап-күңіренген екен. «Назугум» (Нәзігім) ғазалының әуені қазірге дейін ел арасында шырқалуда. Осымен қатар, Жетішаһарда әндіжандық аталғанның бәрін ақсақалға бағындыру туралы жарлық шыққан. Бұл да қазірге дейін бар.
Мұхаммед Әли-хан (Алла оның күнәларын кешіргей!) ақыры осы пайдасы жоқ әлемнен қуаныш сарайына көшті128, оның өлімінен кейін Худаяр-хан таққа отырды. Біраз уақыттан соң, одан теріс айналған аламаншылар ағасы Мәлла-ханды хан көтерді. Худаяр-хан Бұхараны паналады. Молла Әлімқұл-қырғыздың өсек-желегімен Мәлла-хан шейіт болды. Ол әрең дегенде төрт жыл билік етіпті. Сол тұста Ташкенттің хәкімі Қанағатшах-ғази деген тәжіктің ақыл беруімен Бұхарадан әкелінген Худаяр-хан тағы да хан атанды. Алайда ақылсыз Молла Әлімқұл-қырғыз өз қарамағында топталған бірнеше жікшіл қыпшақтар мен қырғыздар арқылы көптеген содыр-тентектерді жиып, өкімет басына жетуді ойлап, Худаяр-ханға қарсы ашық дабыл қағады. Ферғана уәлиетінің мемлекеттік шарапаты күннен-күнге осалдана бастайды.
Хижраның 1278 ж. (1861-1862 жж.) Худаяр-хан екінші рет таққа отырды. Осы аралықта Уәлихан-төре Қашғар шаһарын қоршауға алып, маңайындағы қыстақ пен кенттерді бағындырып, көптеген пасық, бұзық және жауыз жәбірлеушілерді өлтіріп, өліктерін ит пен қарға-құзғындарға тастайды. Кәпірлер мен жаман пасықтардың, мұсылмандар арасындағы еркек пен әйел зинақорлардың шабылған бастарын топырақпен араластырып, төрт «каллә мұнарасын» тұрғызыпты. Мұнаралардың биіктігі 12 гәз ( 1 гәз = 0,71 м) болған дейді. Алайда Уәлихан-төренің өзі наша шегуден, ұятсыз істер жасаудан және қан төгуден ешбір тартынбады. Күндердің бірінде далалық бір кәрі кемпір тоқаш нан және қатық-қаймақтарын алып, төренің ордасына еніпті. Жасауылбасы: «Ей ана, не тілегіңіз бар?» деп сұрағанда, ол: «Қожадан иман тілеп келдім. Бұдан басқа тілегім жоқ» депті. Жасауылбасы: «Ей ана, Әндіжаннан әкелген имандарымызды адамдарға түгелдей сыйға тартып үлестірдік. Қожада да, бізде де иман қалмады. Әндіжаннан иман әкелу үшін сан мәрте ат шаптырдық. Иман келгенде мен хабарын берейін. Сол кезде иманды алып кетерсіз» деп өз уақытына сай және естияр ақылдыларша әжептәуір жақсы жауап беріпті.
Мынадай тағы бір риуаят бар: бір күні шахкер (қылыш жасайтын) ұста бір қылыш дайындап, «Төремнің алдына барып, дұғасын алып, бір зиярат етіп келсем» деген арман-ниетпен қасына ерткен 17-18 жастағы жалғыз баласымен бірге төренің құзырына келіпті. Төре: «Әй ұста, мына қылышың өткір ме?» деп сұраған. Ұста: «Бек жақсы кеседі» деп жауап беріпті. Төре: «Әй бала, маған жақын кел» деген екен. Бала жақындағаны сол екен, қылышпен желкесін шапқанда басы жерге домалап түсіпті. Төре: «Кеседі екен. Ұстаға шапан әкеліңдер» деп бір шыт шапан сыйлап шығарып салыпты. Жылап-еңіреген ұста баласының өлігін көтерген бойы үйіне кетіпті.
Кейін тағы да қара чериктер келді. Төре төтеп бере алмай қашты. Көптеген жазықсыз қандар төгіліп, мыңдаған адам қасап-қырғынға ұшырады. Бұдан соң келген Каттахан-төре мен Кичикхан-төре де Қашғардың бекінісін үш ай бойы қоршап, мақсаттарына жете алмай, өз ел-жұртына қайтты. Бұлардың қисса-хикаяларын егжей-тегжейлі баяндасам, оқырмандар мен тыңдармандарды әуреге салып, әңгіменің түпкі мақсатынан алысқа ауытқимын деген жорамалмен қаламның сәнді жазуының тізгінін қажетті арнаға қойдым. Олар туралы қисса-хикаялардан қайттым. Алланың құдыретімен сөзімді аяқтадым.
6
Чиң патшасының әуелгі кезде мұсылман болғаны, дүнген халқының Бейжің мемлекетінде тұрақтауы, олар мен қытайлардың арасында егес-жанжалдардың пайда болуы және Хақани Чин мемлекетін әлсіретіп бұзуы секілді оқиғалардың басынан аяғына дейінгі егжей-тегжейлі баяны
Сөзі шын қиссашылар мен парасатты пірәдарлардың қисса- әңгімелерінен алынған мәліметтерге сәйкес, хижраның 1281 ж., яғни жылан жылы муһаррам айының 1-күні (1864 ж. 6 маусымда) немесе Жәузаның (Арандиз немесе Гизәк жұлдызы) соңғы сенбісіне қараған түні Кучар шаһарының дүнгендері Машур-ахун, Малуң Шамшиддин-қалпенің басшылығында шаһардағы «Вайшаң» базарын өртеп, мансаптылар, чериктер және саудагерлерді өлтіріп, патшаға бағынудан бас тартты. Дүнгендердің бас көтеруінің себеп-кілтипанын баяндауым қажет. Бұл жөнінде әртүрлі адамдар түрлі себеп пен фактілерді көрсетіп әңгімелейді. Бірінің сөзі басқа біреуінің әңгімесімен қиыспайды. Нақыл келтірушілердің аузынан шыққан түрлі дүдәмал әңгімелерді осы парақ-беттерге түсіру лайық және қажет болса да, ақылға қонымды хикаяларға ғана негізделуді дұрыс санап, ішіндегі кейбір аңыздарды ғана қысқаша және аздап баян еттім.
Осы оқиғалар жөніндегі әңгімелерге қарағанда, бастапқыда Фағфур Чин мемлекетінде бір әділетті және бұқараның қамын жейтін Таваң-хан129 деген патша болған екен. Ол бір түні түсінде өз сарайында пайда болған аждаһаның бағанға шырмалған күйде өзін арбағанын көріпті. Сол мезетте жасыл шапан киген және басына ақ нәрсе ораған айбынды адам таяғымен аждаһаны ұрыпты. Аждаһа екіге айрылып өліпті. Патша қорыққанынан ұйқыдан оянып, уәзір, әмір және түстерді жоритын муәбирлерін шақырып, көрген түсін жорытты. Дана муәбирлер: «Қазіргі кезде құбыла жақта сондай пішінді бір адам пайда болып, пайғамбарлық етуде-міш. Бәлкім, сол кісіні көрген шығарсыз» деп мәлімдеді. Патша: «Сол адамды тауып әкелсін» деп жарлық етті. Уәзірлері: «Олай болса сыйлық-сәлемдемелерді әзірлеп жіберейік» деп шай, шыны, тауарды дайындап, сенімді адамдардың ішінен қабілетті біреуін жетекші етіп жолға салды. Ол қалаларды кезіп, ақыры әлгі пішіндес адамға – заманның соңғы пайғамбарына кездесіп, жағдайды тәптіштеп мәлімдеді, әкелген сыйлықтарды алдына жайып тарту етті. Пайғамбар қуанып дұға оқыды. Өйткені шай, шыны, тауарлар барлық елдерде бағалы болатын.
Бірнеше күн өткенде пайғамбар елшіге хат ұстатып: «Енді сізге қайтуға рұқсат» деп жауабын айтты. Елші: «Мен өзіңізді шақыру үшін келген едім» деп әдеп сақтап тұрды. Пайғамбар: «Мына хатты жеткіз. Ұлығыңыз өз қолымен ашсын, бөгде адам ашпасын. Мен де сол уақытта келермін» деді. Елші жолға шығып, біраз уақыттан соң бір жерге келеді. Шайтанның азғыруымен хатты ашады. Хаттың ішінен бір адам шығып кеткендей көрінеді. Елші өкінгенмен, бұдан пайда шықпады. Хатты бәз баяғы қалпындай жапсырып, патшаға апарып, бүкіл жағдайды хабарлады. Патша хатты ашып көрді. Хаттың мәтіні бейжіңше (қытайша) жазылған екен. Таңырқап: «Бұл хатты кім жазды?» деп сұрағанда, елші «Мен білмеймін» деп жауап қайтарды. Себебі, ол бастапқы оқиғаны көрмеген де, білмеген де еді. Патша: «Хатты кім ашты? Егер шыныңды айтсаң, күнәңді кешіремін. Жалған айтсаң – тірі қалдырмаспын» деп жауапқа тартқанда, өтірік айта алмаған елші барша уақиғаны мәлімдейді. Әділдікті жақтайтын патша оның күнәсін кешіріп: «Кешірілген күнәңді жуып-шаю үшін екінші рет барып, оны және хатын әкелесің» деп бұйырды.
Елші бірталай уақыт жол жүріп, «мың бір» (өте көп) жапа-қиыншылықпен бұл берекелі адамның отанына барды. Пайғамбар оны көре салып: «Шайтанға еріп өзіңе де, ұлығыңа да бәле таптың. Хатты ашпа демеп пе едім?» деп Уаққас, Ас, Аккаш деген үш сахабаға жеті адам қосып, елшімен бірге сапарға аттандырды. Жол кезе отырып, Жайюан (Цзяюйгуан) елді мекеніне жақындағанда, сахабаның біреуі қайтыс болды және сонда жерленді. Қазіргі Бугур ауданындағы Аккаш мазарын біреулер сол кісінің қабірі дейді. Жайюаннан өткеннен кейін тағы бір сахаба қайтыс болды. Оның мазары «Уаққас-ата» деген атпен белгілі. Елші қалған сегіз адаммен бірге патша тұрған шаһарға жақындағанда, патша оларды күтіп алуға адам жіберді. Өзі де шығып, ізет-құрмет рәсімиеттерін атқарғаннан кейін астанаға жайғастырды. Патша: «Түсімде көрген адам келмепті» деп көңілі босайды. Алайда ол дінді қабылдайтын шақта уәзірлерімен ақылдасады. 12 уәзірі бар еді. Кейбірі онымен келісті, кейбірі келіспеді. Дегенмен, патша уәзірлерінен құпия түрде ислам дінінің шарапатына ие болды деген әңгімелер бар.
Осы сегіз адам Бейжің халқының тілін білмейтін. Бейжіңдіктер де олардың тілін ұқпайтын. Сондықтан олар өте мүшкіл жағдайда қалды. Патша «Мұсылмандар бұл жерде жалғызсырап қалды. Олармен сөйлесіп, мұңдас серік болатын адам табыңдар» деп жарлық береді. Сенімді адамы 80 үйлі бұқараны Самарқан мемлекетіне алып барды. Оларды Самарқанның 40 адамына ауыстырып әкелді. Мұсылмандардың жалпы саны 48 адамға жетті. Дүнгендердің «Біз Самарқаннан боламыз» деуінің себебі осыдан болса керек. Ал Самарқан билеушісі әлгі 80 үйлік адамға кең жер мен жайлауларды көрсетіп берді. Олар осында орын теуіп мекендеді, ұрпақтары да көбейді. «қытай қыпшақ» деген тайпа осылардан шықты деген аңыз-хикаялар келтірілуде.
Алайда кейбір сенімді тарихи кітаптардағы мәліметтерге қарағанда, заманның ақырғы пайғамбарының кезінде самарқандықтар ислам дінін әлі де қабылдай қоймаған еді. Сол кітаптарда сондай-ақ «Бейжің бірер намә (ресми хат) жазды немесе сол тараптан елшілер келді» деген сөз де келтірілмейді. Дегенмен, соңғы пайғамбардың заманында мінез-құлқы пайғамбардай ізгі дәрежеге жеткен, шариғатты сүйетін бірер керемет иесі өмір сүрген болар. Дүнгендер бұны білмей, осы оқиғаны ақырғы пайғамбардың дәуірінде болған іс деп, өздерінің шежіресін сол адаммен байланыстырса керек. «Барлық дүнгендер сол 48 мұсылманның ұрпағы-дұр» деген әңгіме-сөздер бар. Шаһарлардағы қытайлар дұрыс жолды тауып, дүнгендердің дін-мазхабын өз еркімен қабылдап, мұсылман болыпты. Дүнгендердің арасынан өз діні мен ұлтын тастаған кәпір және діннен безгендер шықпапты. Олар осылай барған сайын көбейіпті деп әңгіме етіледі.
Күндердің бірінде түзу жолды ұстанып, ислам дінінің шарапатына бөленген патша өз еліне: «Ислам дінін қабылдаған әрбір адам тархан (еркін) болады және аман-саулығы (қауіпсіздігі) қамтамасыз етіледі. Егер ата-бабасының салт-дәстүрінен шықпаймыз десе, еркі өздерінде» деп жарлық түсірді. Хақани Чиннің ежелден келе жатқан салты бойынша, бұқара халықтың қандай дін-мазхабқа кірсе де, ешкімнің жұмысы болмаған екен. Діндестерін өзге дін немесе ағымды қабылдауға насихаттамайтын және шақырмайтын. Кез келген адам өз діні мен ұлтына бекем болғанды игілікті іс деп санайтын. Патша мусафир болып келген мұсылмандарды жақын тартып, олардың Бейжіңде тұрақтауы үшін әрқилы сылтау-себептерді тауып, өз жол-жорасы бойынша «чаңшила», яғни ойын-сауық өткізбекші болды. «Ер мен әйел, жас пен кәрінің бәрі осы ойын-тамашаға жиналсын. Егер ойын-сауыққа келген жас келіншектер немесе бойжеткендер мұсылмандарға жақса – мен оларды қосамын. Олардың күйеуі немесе перзенттері болғанына да қарамаймын, мән бермеймін» деп жарлық түсірді. Мұсылмандар көңілі қалағандарын алып қалды, патшаның жарлығымен оларды шариғати-мустафавия (пайғамбардың шариғаты) қағидасына сәйкес, әйел етті және үй-жайлы болды. Бұлар «туңгани» деп аталды. Алайда олардың басқа да қоғамдық орындарда некелі әйелдер мен қыз балаларды тартып алуы жұрттың көңілін суытты. Халық оларды «сохой хуэй» (бетсіз) деп атады. Қытайлар мен дүнгендер жанжалдасса, қытайлар оларға «сохой хуэй» деп ұрысады екен. Бірақ патша 50 қытайды бір дүнгенмен тең көретін. Дүнгендерді 50 күнә жасамайынша жазаламайтын. Демек, дүнгендер осы секілді бірқатар істің барысында қорғалғандықтан, көңілдері асқақтап, қытайларды көзге ілмейтін болды. Шариғаттың досы болған патша бірнеше жыл өткен соң, бақи дүниеге ұшып кетті. Оның орнын баласы басты. Бірнеше ұрпақ ауысқаннан кейін қытайлар түзу жолдан тайқып, өз діндеріне ауысты деп әңгімеленуде. Уаққас-баба да мәңгіліктің бағына аброймен кетті130. Хикаялардың айтуынша, оның мазары қазіргі кезде де атақты.
Дүнгендер осылай бірнеше ғасыр және жүздеген жыл еркін тұрды. Ақырында олар Шинанфу131 деген қалада медресеге ұқсайтын бір ханақа салып, патшадан сұрап алған біраз шөлейт жерге су жүргізді. Алған өнімін ханақаның вакуфы (меншігі) етіп пайдаланып, медреседе тұратын оқушылар мен әләм-ахундарды тәрбиелеп келген екен. Бір күні вакуфтық астыққа қытайлардың шошқасы кіріп кетіпті. Бірнеше рет айдап жіберген соң, аралықта дау-жанжалдар шығыпты. Ақыры астықты қырманға жинап жатқан кезде шошқалар үйіліп тұрған бидайды тағы таптап, жеп кетіпті. Дүнгендер доңыздың иесімен жанжалдасып, бір-бірін сабапты. Әлгі қытайға басқа қытайлар, ал дүнгендерге медресенің оқушылары жақтасты. Шаһардың ұлығы жанжалдың ұлғайғанын естіген соң, дауды бәсеңдету үшін өзінің басшылығына хат жазып: «Дүнгендер бұл меншікті жерді біраз жылдан бері егіп, өнімін алды. Енді бұл жерді хитта (мемлекет) меншігіне тапсырып, жерді сатып, ақшасын қазынаға өткізейік» деп мәлімдеп, ақыры келісімін алыпты. Жерді сату жөнінде шешім қабылдап, өлшеу үшін адам шығарып, нарқын анықтап жатқанда, медреседегі молдалар мен дүнгендер шу көтеріп, жер сатуға келген қызметкерлерді ұрып, шаһарға қуыпты. Бұлар қалаға кіре сала қақпаны тас жауып, соғыс қимылдарына кірісіпті. Сан жағынан басым түскен дүнгендер өз ішінен Ма Халуң132 атты пір-ғұламаны хан етіп көтеріп, Чиңжуфу133 деген үлкен бекініс салып, ханды салтанатты таққа отырғызыпты.
Осы тұста Хақани Чинге тәуелді бірнеше аумаққа әнглис (ағылшын) христиандары баса-көктеп, Бирма деген уәлиетті 72 ірі қаласымен қоса басып алыпты. Біраз қаланы қиратты және ойрандады. Сондай-ақ, бір жақтан У Суңкуй немесе Чән Моза134 бастаған топтар билікке таласты. Енді бір жақтан дүнгендердің бүлігі шықты. Нәтижеде дүнгендер Чиңжуфуда тұра алмай, шет аймаққа кетуге әрекеттеніп, батыс жаққа бет алыпты. Бұдан хабардар болған патша осы уәлиеттердің басшыларына: «Дүнгендер бағынудан бас тартты. Олар үгіт-насихат пен уәделерімізді тыңдамай, өз айыптарынан қорқып, мазасы кетіп, батыс тарапқа бет бұрыпты. Олар сол жерлерге бара қалса, сондағы дүнгендер жар болып, жәрдемдесіп, ұсақ бұқараға лаң салуы ықтимал. Осы жарлықты оқи салысымен кез келген қалада дүнгендерді түп-тамырымен жойып, нәтижесін маған – Ұлы патшаға жеткізіңдер» деп жарлық беріпті.
Осы жарлық Іле-цзяңцзюнге (Іле аймағындағы әскери губернатор) де келген екен. Ол аң-таң болып: «Дүнгендер саны көп халық. Олардың пейілдері де басқаша. Егер олар осы ахуалды сезіп қалса, біз кешкі тамақты жегенше, бұл халық таңертеңгі тамағын жейтін болады. Ішкі өлкелерден дүнгендердің келуіне әлі біраз уақыт бар. Оған дейін осындағы дүнгендерге сыпайы сөзбен үгіт-насихат жасап, сенімдерін мықтап қойсақ, бұлар да тынышталып, өз кәсіп-өнерлерімен шұғылданып, көніп жүре береді» деп біраз дүнгенді ант-иманға келтіріп, насихаттайды. Бірақ дүнгендер тынышталмай, түнде ұйықтай алмай, мешіт пен мазарларда түнеп, құрбан шалды. Бір айда бір рет те дәрет алмайтындар да күніне бірнеше рет ғұсыл-дәрет құйынатын болды. Алаңдаушылықтары күннен-күнге күшейді. Олардың пиғылын сезген және өз-өзінен секемденген Іле-цзяңцзюн бұрынғы сертінен тайып, патшаның жарлығын іске асырды. Ол барлық қалаларға өз үкімін шығарып: «Пәлен күні, пәлен сағатта дүнгендерді қырып-жойыңдар» деген хат жолдады. Үрімшіде қытайлардың арасында Со-далое135 деген бір дүнген мансапты болатын. Баласы бір пошта бекетінде сие (хат байланысын басқаратын мансапты, хатшы) екен. Осы сие қырғындау туралы жарлықты біліп қойып, әкесіне жеткізіпті. Әкесі басқа шаһарлардағы дүнген ұлықтарына жағдайды аңғартып хат жазыпты һәм Іле-цзяңцзюн хатының көшірмесін қоса ілестіріпті. Со-далоеның хаты жеткен бойда Кучардың дүнгендері бір түннің ішінде бұзылып, «Вайшаң» базарын өртеп, кездескен қытайларды өлтіріп, үзілді-кесілді түрде әмір-пәрменнен шығыпты. Әлі бола қоймаған күнә үшін жауапкершілік артқанды ешбір дін-мазхаб құптамайды. Сондықтан бұлар өз іс-әрекеттері үшін жазасын тартты.
Өзіміздің қиссамызға оралайық. Дүнгендер мен мұсылмандардың (ұйғырлардың) бас көтеруінің тағы бір себебі бар еді. Фағфур Чин чериктерін аттандырып, Жетішаһарды алғашқы рет бағындырған кезде патша ілтипат танытып: «Олардың көнекөз жылнамашы мен даналарынан мұсылман бұқараның ежелден бері қандай қағида-рәсімиеттерді ұстанып, қандай істермен шұғылданғанын сұрап біліп, хабарын маған айтыңдар» деп жарлық еткен екен. Мансаптылар елдің дана игі жақсыларын жиып, патшаның жарлығын ұқтырған сәтте олар: «Біз мұсылманбыз. Құдауанда-Кәрім (Алла-тағала) бізге бес парыз бен мұсылмандықты бұйырған. Осы бес парызымызды орындап келдік» деп жауап беріпті. Бұл мәлімет патшаға жеткізілді. Сонда ол: «Ондай болса, мен де бұқарама бес түрлі істі бұйырдым. Яғни, олар егетін астықтан дәйәк (1/10 қаражат) берсін, керуен-сарайларда қызмет етіп, бекеттен бекетке дейін арыз-хат жеткізсін және халықтың хал-жағдайынан хабардар етсін. Бұрынғы әдет-салтымыз бойынша мата, боз, кездеме төлесін. Осы бес алым-салықты жүктедім. Бұдан артық нәрсе берілмесін және алынбасын. Белгіленген салықты кем және артық төлемей, өз істерімен тыныш шұғылдана берсін» деп жарлық түсіріпті. Мансаптыларға да жағдайына қарай күміс ақша, жер және адамдарды әзірлеп, жалақы белгілеп, бүкіл елге дәстүр-амал және ережелерді бекітті. Мансаптылар ұзақ уақытқа дейін осы жарлықты қатаң ұстанып, кем немесе зияда етпей (асырмай) іс жүргізді.
Алайда уақыт өткен сайын мансаптылар осы жарлықтарға шектен асқан әртүрлі белгілемелерді қосып, әртүрлі жаман ереже-дәстүрлерді шығарды, жәбірлеу мен жауыздықты күшейтті. Бұған шыдамаған бұқара халық амбан, далое және хәкімдерге ахуалдарын айтып, арызданды. Мысалы, Ақсу аймағының Бай ауданында Айса Гунбәз, Мұхаммед Әли-бұғра деген адамдар бастаған халық: «Патша бізге ереже етіп бекіткен бес түрлі салықты береміз. Мансаптылар бұдан артық алмасын және бермесін деген жарлық берілген, сондай-ақ қытайлық ұлықтар мен жергілікті басшыларға да жалақы белгіленген еді. «Мансаптыларым жалақысын жаратып, ұсақ бұқараның хабарын тыныштықпен жеткізсін (басқарсын)» деп жарлық берген. Алайда Ұлы патша артық салықтарды бергенімізді білмейді. Бұл алым-салықтар патшаның қазынасына да түспейді. Біз Ұлы патшаның айтқанынан шықпаймыз, бірақ белгіленген бес түрлі салықтан артық беруге дәрменсізбіз» деп шағымданды. Бірақ, осы бес салықты үздіксіз төлеуге шыдамаған ахуалда тағы біраз уақыт өтті. Қытайлық және жергілікті мансаптылар бірдеме деп жауап берместен шарасыздық танытты. Ақыры өзара кеңескен бектер мен тілмаштар: «Бірнеше адам патшаға бағынудан бас тартып, «бағи-тағи» (тәртіпсіз) болып, сойыл-шоқпар көтеріп бүлік шығарды» деп амбанға арызданды. Мансаптылар да ешнәрсені білмегенсіп, бектердің арызын есепке алып, чериктерді аттандырды және наразылық білдіргендерді ұстап әкелді. Айса Гунбәз бастаған 17 адам дарға асылды. Біразы қатаң қамауға алынды. Біразын тамға тірідей асып құртты. Біразын сусыз және аш қалдырып, әкті «суық айран» етіп ішкізіпті. Оны ішкендер сол жерде тырп етпей қатып тынды. Бұларды мансаптыларға «Ауру-сырқаудан өлді» деп мәлімдеді және көміп тастады.
Кучар жұртшылығы да бұндай шамадан асқан алым-салыққа шыдай алмай, Мұхаммед Әли-шейх пен Молла Мұса-имамның жетекшілігінде топ-топ болып жиналды һәм мансаптыларға арыз-хат табыстады. Мансаптылар тыңдамайын десе, әлгі арыздар заң бойынша шындық еді. Сондықтан олар бұқараның даты мен ахуалын қарастырғандай болып, шектен шықпауды уәде етті, соған сендірді және райын қайтарды. Халық мансаптылардың пейіліне қарап, көңілдері тыншымай, мазарларда қонып, құрбандық шалды және Хатім-Құран оқып, зікір-ғибадат жасады. Осыған орай, бектер оларды «сопылар» деп атады және «Бірнеше адам Ұлы патшамен дұшпандасып, бағынудан бас тартты, қарсылық көрсетті» деп амбанға мәлімдеді. Осыны сылтауратқан олар чериктерді алдыртып, Мұхаммед Әли-шейх пен Ибраһим-арбапбек бастаған он шақты адамды шауып өлтірді. Біразының желке сіңірлерін кесіп, мүгедек қылды. Илим-көкбасы (мираб), Тәләй-көкбасы, Тохти-көкбасы жетекшілігіндегі 40 шақты адамды ауыр кісенмен кісендеп, дэңзыға (түрмеге) тастады.
Басқа шаһарлардың тұрғындары да Яркенттегі амбанға және Іледегі цзяңцзюнге арыз-даттарын ұсынды. Соңғылары осы арыздарды өз жеріндегі жергілікті ұлықтарға қайтарды. Ұлықтар: «Сен маған арызданбастан, өзге шаһардың амбанына шағымданғаның не?!» деп азапқа салды, қысым көрсетті және басып-жаншыды. Қалың бұқараның жақсы немесе жаман арыз-даттарына құлақ түру, рақым-қайырым жасау – ел басқаратын ұлықтардың міндетті борышы мен парызы. Бірақ олар олай жасамады. Халықтың арыздарына құлақ түрмеді, бәлкім жойып отырды. Егер патша арызданушылардың ақиқатын білген болса, қытайлық және жергілікті мансаптылар лауазымдарынан босатылып қана қоймай, жан-тәні мен дүние-мүлкінен оңай айрылған болар еді. Өз мансабын, жалақысын және жанын сақтауға ұмтылған мансаптылар ақиқат жазылған арыздарды «жалған», ал жалған арыздарды «шын» етіп, патшаға мәлімдеді және мұсылмандар қанының төгілуіне жол берді. Тіпті олардың өзі Ұлы патшаның жарлығын аяқ-асты етіп, ежелден бері келе жатқан «даоли» (мораль) мен заң-ережелерді бұзып, берген серттерінен айнып, белгіленген жалақыға қанағаттанбады һәм тәртіпті бұзу арқылы халықтың дүние-мүлкіне қол ұзартып, шамадан тыс жауыздықтарын асырды. Сондай-ақ өздерінің орынсыз мақсат-әрекеттерін бұқараға таңып, жала жапты және қаралады. Анығында жүгенсіздікті өздері бастап, патшаның жазалаушы қылышына лайықты болды. Халық ата-бабасының заманынан бері үстінен билік еткен ұлық-мансаптыларға жаза тарысын аямай шашты (Құдай оларға пана болғай!). Қалай болғанмен, жоғарыда көрсетілген ғазауатшы адамдарды ғази және шейіт демеуге тағы қандай себеп болуы мүмкін?
Әлемнің иесі Хақ-тағала өзінің пәрменімен ұлыққа айналдырған және жоғары мәртебелі мансап беріп, биіктен орын берген асыл патшалар мен оларға бағынышты нөкерлерді жазалады. Оларға бағынудан бас тарту ешбір мазхаб пен қауымдардың салтында дұрыс саналмайды да, үйлеспейді де. Әлемдегі сиқырлы да тылсым сырлар, бүкіл жауыздық пен қорлықтар, мақлұқтардың жаман пейілі һәм орынсыз сұм ниеттері тек жаһанның данасы Алланың өзіне ғана аян (Құдай ақиқатты және нәзік сырларды бәрінен бек білуші-дүр).
Сөздің қысқасы, бұқараның үстіндегі ұлықтар азаматтардың арыз-даттарын тыңдамады, елемеді. Бұндай ұлы бақ-дәулетке шүкір етпестен сұмдық жасағандары үшін өздерінің олжа-табысынан айрылуға, тіпті патшаның дәулетті абыройының төгілуіне себепші болды. Халық бұндай езгіге төзе алмай, құдіретті де хақиқи Аллаға жалынып, көз жастарын төгіп, жылап-сықтады. «Бәрінің хал-жағдайын білетін биік те құдіретті Алланың қасиетті дәргейінен қандай бұйрық келер екен?» деп тұрғанда, жазықсыз жазаланған адамдардың қаны елдің ішін одан әрі лаулаттты. Мансаптылардың бұқараға көрсеткен зұлым-жауыздықтары қайтарма жауап ретінде өздеріне қайтты. Кучардағы дүнгендер құдды аспаннан түскен бәле және Алла жіберген қаза іспетті бір түннің ішінде буырқанып, кәпірлердің бастарына апат болып түсті. Әлгі Тәләй-көкбасы секілді 40 шақты адам түрмеде жатқанына екі жылдан асқан еді. Түрмені құлатқан дүнгендер тұтқын-кінәлілерді босатты. Дүнгендер мен мұсылмандар одақтасты және қытайларды жазалады. Бұл оқиғаны кейінірек айтамыз (Алла сабыр етушілерге жақын-дұр). Инша’алла.
Бұдан 14 жыл өтіп кетті. Мансаптылар бұқараның хал-жағдайын патшаға шынайы мәлімдеп тұрды. Ал патша халықтың кінәларын кешірім қаламымен сызып, елдің көңілін сұрау үшін чериктерді жіберіп тұрды. Алайда ол мансаптыларына кінә артпады, тіпті кір жуытпады. «Осы мансаптыларым мен чериктерім қайда және не істеп жүр?» деп сұрамады. Егер де барша мән-жайды сұраған болса, онда Жетішаһардағы жеті чиңчай (чэнчай) мен бір амбанның әрбіреуінің қанын бір қала тұрғындарының құнымен теңестіріп, оларды өлімге бұйырған болар еді. Өзге ваң, хәкім, мансапты, чериктердің құндарын не істеу қажеттігін патша өзі білген болар еді.
Әлқисса, Фағфур Чин мемлекетінің бұзылуы және осалдануының тағы бір себебі – сол кезде биліктің кезегі Шәнфәң-патшаға136 (Сяңфэң) жетіп, Чиң патшасының күш-қуаты айрықша құлдырауға бет алды. Фәрәң137 басқыншылары өте көп қалаларды жаулап алып, талан-таражға салды және қожалық етті. Бір жағынан Чэн Моза деген қауым-топтар билікке таласты, қақтығыс-жанжалдар көбейді. Тағы бір жағынан дүнгендер өз ішінен басшы көтеріп, патшаға бағынудан бас тартты. Сондай-ақ төңіректегі бағынышты князьдықтардың билеушілері патшалық байрақтарын көтеріп, әртүрлі қисынды әңгімелер шығарып, боғдыханға дамыл бермеді. Оның мемлекеті мен халқының басынан бейбітшілік пен тыныштық ұшып кетті. Хақани Чин бұл жақтағы шаһарларды Кубәй (коувай - ішкі өлкелердің сыртындағы тарап) деп атайды екен. Кубәйдан хабар алу және байланысудың мүмкіндігі болмады. Сондықтан патша: «Коувайдағы мансаптыларға, чериктерге жалақы жібере алмаймын. Көп жылдан бері қазынадан күмістер бөліп, Коувайдағы мансаптылар мен чериктерді бақтым, қазынамның басым бөлігін осыған сарп еттім. Бірақ Коувайдан қазынаға бірер нәрсе түспеді. Олар сол жерді тастап, бері қайтсын» деп жарлық түсірді. Алайда цзяңцзюн, амбан секілді жергілікті қытайлық ұлықтар және мұсылмандардың ұлығы Мырза Ахмет-ваңбегім бастаған барлық хәкімдер кеңесе келе патшаға: «Осы шаһарларға орталық қазынадан жалақы келмесе де, біз кен табу арқылы алтын, күміс, мыс, қорғасын, темір, күкірт және басқа да пайдалы қазбаларды өз күшімізбен игеріп, патшаның чериктерін баға аламыз. Біз ата-бабамыздан бастап патшаның қызметінде жүріп, дәулетін көріп келдік. Жарлыққа бойсұнған халде бұл өңірді тастап кетсек, Ұлы патшаның абыройына сай іс бола ма екен?» деген мазмұнда біраз ұйқасты сөйлемдер тізіп, ұсыныс жасаған екен. Патша осы ұсыныспен келісіп: «Олай болса, өздерің кен ашып, чериктерді бағыңдар. Ұсақ бұқарама обал болатын істерді мүлдем жасамаңдар» деген жарлық жолдапты. Мансаптылар жарлықты көре сала тау-тауды, дала-жазираларды кезіп, кен іздеп, бұқара халықты «асарға» айдап, таудың етектерін тышқанның індері секілді тесіп тастады. Кен орындары табылмады. Табылғанның өзінде халыққа жәбір-зұлымы көп тиді. Мансаптылар өз қалтасынан және қолынан қаражат шығармады. Қазылған кен де жоғалып, ғайып болды. Оның орнына сан алуан бажы-салықтар шыға келді. Халықтан «тұз пұлы» деген салық алынды, сондай-ақ әр айда алынатын «чоқа баши» атты қосымша салықтың түрі пайда болды.
Жалпы, бұқара халыққа артылған алым-салықтар барған сайын ауырлады. Тыныштық сиқырлы әнқа құстың жұмыртқасынан да ұсақ болды. Бейбіт өмір Куһиқап тауын (Кавказ таулары) отан тұтқан сиқырлы самұрыққа ұқсады. Ақшалы адамдар қытайларға және ірі бектерге пұл беріп, қамқорлығына өтті. Елдегі күллі ауыртпалықтар ақшасы жоқ бейшара ғаріп-жетімдердің арқасына түсті. Олар бұған шыдай алмай, жері, суы, төрт түлік малы және аспап-мүлкін қытайларға кепілге берді. Олар Дәргаһи-Илаһаға (Алла-тағаланың дәргейіне) көз жастарын бағыштап, жылап-зарлаумен болды. Бірде барлық шаһарлардағы чериктер дабыл-даңғыраларын көтеріп, мансаптылар тұратын ғимараттардың қақпаларына келіп: «Бәнси коләндерімізді (қызмет ақымызды) берсін. Әйтпесе елімізге қайтамыз немесе мансаптылардың үйлерін тонаймыз» деп шуылдап, тыныштық бермеді. Олардан шошынып күдіктенген мансаптылар «Кімде-кім чериктерге күміс чинлә (сый-тарту) берсе, оған мансап береміз» деп базарлар мен көшелерде жарнама жапсырып, куси-хат (гуңсы хаты) таратты. Бұны көрген кейбір санасы төмен жексұрындар дәмеленген мансабын ақшаға сатып алды және өз кезегінде халыққа көрсеткен жауыздықты күшейте түсті. Жер-жердегі аты-жөні белгісіз және мақсатсыз ұрылар, құмар ойнаушылар, тексіз қаңғыбастар тек пара пұл беріп-ақ мансапқа жетті. Осы санаттағы адамдар халыққа обал болатын істерді тіпті ойламады. Мансапты қытайлар арызданған мұсылмандарға «Чаңту (чаңтоу, «оралмалы бас», «сәлделі бас») жұртшылығының арызын хәкімдер қарайды» деп кері қайтарды. Хәкімдер қалағанынша зұлым-жәбір көрсететін. Бұны білетін халық қорыққанынан оларға арыздана алмайтын. Тіпті тілмаш-аудармашылар да делдалға айналып, құдды алыпсатарлар сияқты шен-мансаптарды ашықтан-ашық ақшаға сататын болды. Нәтижеде ата-бабасынан бастап патшаға қызмет көрсетіп, ел билеп, жақсылық жаратқан бектер мен бекзадалар патшаның жаңа әкім-қаралары, мансап-лауазымды сатып алғандардың алдында кемсітілді және ыңғайсыз жағдайға түсті.
Ерекше көрсетуге тұратын мысал: тұрфандық Әпридун-ваңбегі Яркенттің хәкімі болғанда, Мұхаммед Имин-ваңбегі ишикағасы еді. Әпридун-ваңбегі бір олқылық үшін лауазымынан босатылып, орнына 2 мың жамбы күміс пара берген хотандық Рустам-бек деген біреу хәкім етіп тағайындалды. Рустам-бек әуелгіде Мұхаммед Имин-ваңбегі арғымағының тізгінін ұстап жетелеп, қызметінде жүгіріп жүрген және нөкерлік ізет-құрметін жасаған, сондай-ақ осыны өзіне абырой мен мақтаныш деп білген адам еді. Мұхаммед Имин-ваңбегі мұндай адамды «пара берді» деп ваңбегінің үстіне хәкім етіп, бұрынғы ваңбегіні қайтадан ишикаға лауазымына тұрғызып, оның қызметіне қойғанына ар-намысы жібермей, «Бұлай жүргенше өлгенім мың есе мәртебелі» деп өзін-өзі өлтірді деген әңгіме бар. Кучарлық ваңбегілер Мырза Исхақ пен Мырза Ахметтің нөкері болған Құтлықбек Қашғардың хәкімі етіп қойылды. Оның інісі Саидбек 1500 жамбы беріп, Ақсу шаһарының хәкімі болды.
Бұрынғы бектер билік сахнасынан осылай шеттетілді. Бекер жүрген тексіздер бек болды және елдегі игі жақсыларды меңсінбеді. Қалың бұқараның көз жасынан ешбір тыйылмады, сақтанбады. Обал дегенді есіне де алмады. Олардың ділі лауазымға қол жеткізу және берген ақша-күмістерді жинаудан бөлек қам жемеді. Сыртынан қарағанда, олар: «Патшаға қызмет көрсетіп, чериктерді жинап, елді сақтадық» деді. Іс жүзінде, Хақани Чин дәулетінің бүршік-бұтақтарының кесіліп, қурауына себепші болды, игі жақсылар мен бұрынғы бекзадаларды шетке қақты. Құқықсыз бұқараны, әкені балаға, баланы атасына қосқызбай алым-салықтарды үстемеледі. Елдің төзімі таусылып, жан ашуы және қаражат қыспағында Жаратушының дәргейінен медет тілеп, көз жастары тамшы-тамшы, тіпті өзен-дария болып ағылды. Осы ащы жастар патшаның дәулет ағашының тамырына кері ықпалын тигізіп, қурауына себепші болды. Көп өтпей, күллі қытайлық және жергілікті мансаптылар түгел жойылып, жермен-жексен болды. Хазрет Маулана Жалалиддин Руми-қуддусирә138 мынадай мақала жазған еді:
Тадили мәрдмуда йәр бәрәрд, һич мәрди рамуда рәсва нәгәрд.
(Бірер пенденің ділі ренжімейінше, Құдай ешбір пендесін масқараламайды).
Демек, осы мақала сондай істердің айғағы-дұр.
Бәлкім, санасы ояу бір кісінің таңертең тұрғанда жалбарынған наласы құдіретті де кең пейілді Алланың қасиетті дәргейінде қабылданып, Хақ-тағаланың дәулетіне жеткен болуы керек. Сондықтан Ол Моғолстан елін тексіздердің қолына берген болар. Әлемнің құдіретті иесі Алла-тағала «Қаласам біреуді құрметке жеткіземін немесе қор қыламын» деген сипатын айқын көрсетті. Кері бағытта жылжитын жазмыштың алтын реңді дөңгелегі өзінің алдамшы ойындарын ойнатып, әр заманда бір қауым-топты төмен де қауқарсыз, ал басқа бір топты жоғары да үстем орынға қояды. Ақыл иелері білуі қажет нәрсе: осы ғажайып істерден тәжірибе алып, бәріне біркелкі сыни көзбен қарап, ғибрат алып, жәбірленген құқықсыздардың көз жастарынан сақтанып, олардың мұң-зарын естіп, өз бақ-дәулетіне шүкіршілік етіп, әділдіктің есігін ашқан инсан Алланың ұлы қамқорлығына және халық арасында әдемі абырой мен мақтауына ие бола алады. «Бір сағат жүргізілген әділет инсандар мен жындардың ғибадаттарынан да абзал-дұр» деп жазылған «Хадис Шарифте». Осы бақ-дәулет пен ғибадатқа тек патшалар, уәлиет хәкімдері, датқалар, әмірлер және шариғат қазыларынан басқа инсаният топтарының ешқайсысы ие бола алмайды. Әй Илаһым! Өзіңнің игілікті құдіретіңмен күллі хәкім, датқа, шариғатшыл басшы және мансаптыларға түзу жол көрсетіп, бет-жүздерін әділет есігіне қаратып, жәбір-жауыздықтың қақпаларын бекітіп қойғайсың, әумин!
Сөздің қысқасы, жүруі жылдам қаламым жоғары дәрежелі хан, патша және қадір иелерінің бітпес қолдауы, нәсіп-мәртебенің шексіз өзеніне неше рет сүңгіп, одан тағы шығып, мұрат гаухарын мақсаттың алақанына салып, оларды өңдеу жібіне тізіп, баяндау қатарына қойды. Осы кітаптың кіріспесін аяқтап, жүрдек қаламның тізгінін түпкі мақсат болған қисса-дастанға тартып, кең алаңда самал желмен жарысып, тұлпар мініп шапқандай болдым. Замана мен халықтың діл әйнектерінен шығып, ұмытылған һәм замандас оғландардың естерінен шыққан, жабайы хайуан-құстардай ұшып ғайып болған қиссалар, жүректегі әңгіме-сөздер қаламгердің жанын нұрландырып, жер-жаһанды жарыққа бөледі. Оларды топтастырып және реттеп, парақтарға бекемдеп түсіріп, кейінгілерге үлгі-ескерткіш етіп қалдыруды көздеп, түсіндіруге қадам қойдым һәм қаламымды қозғадым. Алланың жақсылығы және кереметімен әңгімемді бастаймын. Алла бұл ісіме медет беруші-дүр.
ӘУЕЛГІ ДАСТАН
1
Қайырымды да қасиетті, жаһанның мейірімді иесі Алланың ізгі ниеті және дүниежүзін нұрландырған ұлы ислам жарығының Кучар шаһарына түсуі, Рашиддин-қожаның ұлы хандық тағына отыруы, шығыс пен батыс шекараларға әскерлер аттандыруы және осы оқиғалар аралығында болған істердің баяны
Үздік қиссалардан, ғажайып хикаялардан және жанды алдарқататын риуаяттардан ойнақы тағдыр мен ықылымның дөңгелектері әрқашан тек теріс қарай айналып, керемет көрсетудің арқасында жаһанның астан-кестенін шығаратынын білеміз. Біздің заманымызда да ғажап кереметтер басталып, салауатты патшалардың билік-дәулеті ойрандалып, бұқара халықтың бірлік-тыныштығы бұзылды. Бұл – мейірімсіз де опасыз әлемнің ежелден жасап келген көне әдеті.
Шексіз де терең хикметімен 18 мың әлемді жаратқан ұлы сұлтан – Алланың жақсылық-кереметінің арқасында және қасиетті аруақтардың медет-қолдауымен Жетішаһар бұрынғы мұсылман хандарының уысынан шығып қалғаннан кейін 118 жыл Фағфур Чинге тәуелді болғанын, оның билігі астында өмір кешкенін білуіміз керек. Аталған кезең халықтың әлеуметтік істерде қорлық көріп, залым қытайлар мен бектердің жапа-жауыздығынан бастары салбырап, шынайы ықыласпен Илаһи дәргейінен медет тілеп, жылап-еңіреген халде мұсылмандардың аман қалуы және кәпір жауыздардың күйреуі үшін дұғалар оқып жалбарынған бір мезгіл еді. Дәл сол тұста кенеттен аспаннан бәле, Құдайдан қаза түскендей, бірқатар дүнген бір түннің ішінде бұзылып, Кучар шаһарының «Вайшаң» базарын өртеді және көздеріне көрінген кәпірлерді өлтірді. Осымен бір уақытта, Йеңиһисар хәкімінің баласы Аллаяр-бек дос және дастарқандас болған бірқатар бейбақ мұсылманды бастап, бір ниет, бір тарап, бір ынтымақта амбан-мансаптылардың кеңселерін өртеді һәм таң атқанша көптеген кәпірлерді қынадай қырды. Күн шыға бере чериктерін ерткен мансаптылар ұрысқа кірісті, бірақ қарсы келе алмай жеңіліп қашты. Мұсылмандар жеңіске жетті. Осы оқиға Ұлы пайғамбарымыз хижрасының 1281 ж. муһаррам айының 1-күні, яғни Жылан жылы сенбі күні түнде (1864 ж. 6 маусымда) бұрқ етті.
Сол кезде Ахмет-ваңбегім бір күнәнің кесірінен Яркент шаһарының хәкімі лауазымынан алынып, патшаның жарлығымен өзінің туған жері Кучарда бұйрық күтіп отырған. Дүнгендер мен мұсылмандар оған жалынып: «Ата-бабаңыздан бастап ел басқарып келдіңіз. Биліктің негізін және саясаттың қыр-сырын әбден білесіз. Біздей үлкен-кіші мұсылмандарға жолбасшылық етіп, үкім-билігіңізді жүргізсеңіз. Ал біз Сізге жан-тәнімізбен қызмет ету және бағыну жолын ұстанып, барлық әкімшілік-мемлекеттік істерде Сізді жолбасшы және көшбасшы деп танып, хан ретінде көрсек» деп ұсынады. Ахмет-ваңбегім: «Сіздер азсыңдар, қытайлар өте көп. Бұларға тең келе алмаспыз. Ата-бабамнан бастап патшаның қызметінде жүрдік, үлкен шен-лауазым алдық. Жер, су, тіпті біраз үйлі адамды басқару ілтипатына бөлендім. Ұрпақтан-ұрпаққа берілген мансап-абыройды санамағанда, бірнеше рет өз көзіммен патшаны көрдім. Мен оған қалай ғана жамандық қалаймын? Ол кәпір және дінсіз болса да, ата-бабаларым сияқты оның тұзын жеп, бақ-дәулетін көргенмін. Енді қалай болғанмен де тұз берген ұлығымыздан теріс айналмаймыз. Тұз ақысын ескеру күллі адамзатқа парыз және уәжіп. Сіздердің ұсынысыңызға келісіп, басшы болып, өзімді өлімге тастамаймын. Кімді басшы сайлаймын десеңдер – ерік өздеріңде. Қазір жасым 70-ке келді. Көретін бақ-дәулет пен ізетті көріп болдым. Енді менде ондай арман және әуес қалмады» деп жауап қайтарды. Сонда бір ниет, бір ынтымақта болған жамағат оған бірден тап берді. «Әлі де қытайларыңыздан үмітіңіз бар ма?» деп шуылдап, ордасынан шығарды да, шахадаттыққа жеткізді (өлтірді).
Маулана Аршиддин-валиулла мазарында Құдайға құлшылық етумен күн көрген, ешбір адаммен араласпаған және дәруіш кейпінде өмір сүрген кучарлық қожалардың арасында Рашиддин-қожа деген біреу бар еді. Бүкіл мұсылман қауымы және дүнгендер оған мүрит-шәкірт болып, бас иетін. Осы адамды ғибадатханадан мәжбүрлеп шығарып алып: «Сіз бізге бұрын да жол көрсетуші басшы едіңіз. Енді де бізге көсем де жолбасшы болып, хан орнында бізді басқарып, үкіміңізді берсеңіз» деп оның қалаған-қаламағанына қарамай, ақ киізге отырғызып, көне дәстүр бойынша хан тағына отырғызды. Тохти-ишикағабегі оның уәзірі етіп тағайындалды. Барлығы бір ниетпен Кучардың хәкімі Құрбан-бек бастаған сегіз бекті өлтіріп, меншікті дүние-мүлкін талан-тараж етті. Нәтижеде өзге мансаптылар да қорқып-дірілдеген күйі хан аталған Рашиддин-қожаға тәуелді болды, бұйрығына бағынды және бастарын иді. Егер мансаптылар ежелден бері жолға қойылған ереже-қағидалар мен серттерді бұзып, өздерін мұндай құрдымға және пәлекетке тастамағанда (Алла оларды сақтасын!), мүмкін қара халық та азар-безер болып бұзылмай, ғазилыққа ұрынбас еді (Алла барлық істің ақиқатын әбден білуші).
Осы оқиғадан соң екі күн өткенде, Хетип-қожа деген есіммен белгілі болған Бұрханиддин-қожа әмири-лашкер (бас қолбасшы) етіп тағайындалып, кенже баласы Махмудин-қожа жанына еріп, Молла Осман-ахун қази-ләшкер (әскерлердің қазиы) атанып, 150 әскер, 18 дүнген, 10 зеңбірекпен бірге батыс жаққа аттандырылды. Оларға: «Неше ғасыр бойы мұсылмандар дінсіз кәпірлердің және жауыз отаршылардың есігінде қор болып, елеусіз халде қызмет етіп, бойын иіп, төменгі орында тұрып келді. Ер кісілер қатын-балаларынан, перзенттер ата-анасынан айырылып, қорғансыз да бейшара күйде тамақтанса ләззат, киім киюде рақат көрмей, өмірін малай болып өткізген-ді. Баршаға мейірбанды да шарапатты Хақ-тағала мұсылмандарға жар және тірек болып, бізге күш-құдірет берді. Кәпірлердің бастарын ислам семсерімен аямай шаптық. Бұған алғыс ретінде, сіздер мен біз тұла-бойдағы жандарымызды ғазауат жолына сарп ету бәрінен де маңызды-дұр. Ғазауат бәрімізге парыз, пайғамбар-әлейһиссаламның кәсібі мен өнері, сондай-ақ маңызды сүннеті саналады. Алла-тағала өзінің терең сырлы ақыл-парасатымен бұрын мұсылмандарды кәпірлердің қол астында қалдырса, енді өзінің кәміл құдіретімен мұсылмандарды ғазиз де сыйлы, кәпірлерді қор және төмен қылды. Ол қалағанын аялайтын, қалағанын қорлайтын сипатын көрсетті. Сөздің асылы, сіздер Бай мен Сайрамды бағындырып, сол жерлерден жинаған біршама әскермен Ақсу шаһарына барыңдар. Ол жақта мұсылмандар көп, кәпірлер аз. Сіздер барғанша дүнгендер мен мұсылмандар кәпірлерді жойып, алдыңызға шығуы мүмкін. Егер де кәпірлер шабуылға шығып, шайқасатын болса, Алланың «Қай жерде кәпірлерді көрсеңдер, бәрін өлтіріп, қырып-жойыңдар» деген ұлық бұйрығына сәйкес, кідірместен және аямастан жазалаңдар. «Жаннат – қылыштың саясында» деген пайғамбардың хадисін ұмытпаңдар және есте ұстаңдар. Ақсу, Қашғар, Яркент істерінен босаған соң, Қоқан мен Бұхараның ұлықтары достық ережелерін атқарып, мәртебесіне қарай бас июді қажет һәм жөн көрсе, ісіміз тіптен жақсы болмақ. Егер бұны қажетсінбей және бас имей, кедергі жасаса, сіздерге тағы да жәрдем күштерді жіберемін. Батыстағы елді мүмкіндігінше бағындырыңдар. Сіздерге сендім және өз өкілдерім ретінде сондағы мемлекет пен өкімет істерінің барша ерік-тізгінін өздеріңе бердім» деп күншуақты жарлығын асып-тасып көпіртіп, ғазауатшыларды жолға аттандырды.
Сонымен қатар, Исхақ-қожаға қосылған Садық-датқа, Мамур-баһадұр, Тохтимұхаммед-жүзбасы 180 мұсылман, 50 дүнген және 12 зеңбірекпен бірге батыс жорыққа шығады. Алдында Хетип-қожаға түсірілген жарлық қайталап аян етіліп, аят-бата мен дұғалар оқып аттандырылды. Алланың құдіретімен бұл бап аяқталды.
2
Жоғары мәртебелі Рашиддин-хан ғази-қожаның асыл тегі
туралы анық баян және оны еске түсірудің қажеттігі
Ардақты жарандар мен махаббатшыл пірәдарлардың пәк санасы айқын да анық болсын, Рашиддин-қожа – Маулана Әршиддин-валиулланың ұрпағы Шейх Низамиддин-қожаның үшінші баласы. Маулана Әршиддин-валиулла – Маулана Жалалиддин Китикидің (Алла оның сырын пәк және мүбарак қылсын!) перзенті. Маулана Жалалиддин-қожа Абухафиз Кәбир Бұхаридің139 (Алла оның сырын пәк, мүбарак және ғазиз етсін!) ұрпағы болып табылады. Хижраның 617 ж. (1220-1221 жж.) жаһангер патша Шыңғыс-хан Бұхара шаһарын алғанда, Қожа Хафиз Кәбир Бұхариді шейіт қылып, ұрпағын ақ үйлік (қуғын-сүргін) етіп, өз елінің Қарақорым мен Керулен деген жерлеріне әкелді. Алты-жеті ұрпақ ауысқанда, яғни Маулана Жалалиддиннің заманында, оның ұрпақтары Шаһири Китик атты жерге көшіп келді. Күндердің бірінде Алланың қаһарына ілінген Китик шаһарына құм жауып, бәле-апат келді. Маулана Жалалиддин Алланың жігерлендіруімен түнделетіп ұйықтамай бірнеше мүриттерімен біраз күн суыт жүріп, Ақсу аймағының Айкөл атты жеріне түсті. Бұл - Тоғлық Темір-хан Ақсуда жаңа ғана хан тағына отырған уақыт еді. Маулана Жалалиддинмен кездескен 16-17 жастағы Тоғлық Темір-хан біраз уағыз-насихаттан көңілі жұмсарып: «Мына тәжіктің140 сөзі құлағыма жақсы жақты. Мен Іле жаққа барып, астанада орныққаннан кейін бұл адам қасыма келсін. Осы кісі уағыздаған мазхабты қабылдаймын. Осында дінге кіргенмен, қасымда ірі әмір-қолбасшыларым жоқ. Елдің басым бөлігі Іле ойпатында, сондықтан жақсы болмайды» деп жарлық түсіріп, Маулана Жалалиддинге уәде берді һәм сый-сияпаттар көрсетіп, үйіне қайтарды.
Тоғлық Темір-хан – Шыңғыс-қағанның жетінші немересі. Осы мәселе жоғарыда баяндалған. Алайда Маулана Жалалиддин уақыт тауып Ілеге барғанша, ажал орайын бермеді және Ақсу аймағының Айкөл деген жерінде жерленді. Оның мазары қазір де әйгілі. Өмірінің аяғында баласы Маулана Әршиддин-валиуллаға өсиет етіп: «Мен бір шыраққа май құйып, шамның пілтесін салып әзірлеген едім. Бірақ оған от тұтатудың орайы болмады. Осы шыраққа Сіз менің орныма от жағыңыз. Сол шырақтан шығыс жаққа сәуле түсетіні еш күмәнсіз» деп дүние салды.
Біраз уақыттан кейін әкесінің өсиетімен Ілеге барған Маулана Әршиддин-валиулла ханмен көрісті. Хан: «Әкеңіз қане?» деп сұрады. «Дүниеден өтті. Әкемнің өсиеті бойынша осындай үмітпен келдім» деді қожа. Бақыты ояу, бақ-дәулеті жар болған хан оны қабылдап, ислам дінінің шарапатына ие болды және қол астындағы елдің бектері мен жайсаңдарын (зайсандар) бір-бірлеп алып келіп, оларға үгіт-насихат пен тәтті уағыздар келтіріп, дінге салауат айтты. «Дүниеде бұдан жақсы іс болмайды екен» деп мұсылманға айналдырды. Аңыздарға қарағанда, сол күні 70 мыңнан астам дінсіз моғолдар ислам дінін қабылдап, Алланың бірлігін танып, мұсылман болған екен. Бұл оқиға жоғары мәртебелі ханның 24 жасында, яғни хижраның 756 ж. (1335 ж.) белең берген еді. Сол күннен бастап моғолдар арасында ислам айқын да нұрлы дін деп шешілді.
Хан «Әй, ұлы молла, енді ерік өзіңде. Қай шаһарда тұруды өзің білесің» деп жарлық түсіргенде, Маулана Әршиддин-валиулла «Мен Кучарда тұрсам» деп тілек білдірді. Рұқсат алған ол Кучарда кәдхуда (елдің иесі) болып тұрды. Хан осы шаһардағы Ичарық деген жерді оның меншігіне сыйлады. Қазіргі кезде де бұл жер сол шақтағы ханның жарлығымен вакуф меншігі ретінде молла ұрпақтарының қолында тұр. Ақыры молла топырағы пайдасыз осы дүниенің буынан мәңгі шаттықтың сарайына кетті-де, Кучарда жерленді. Қазіргі таңда осы заңғар мазар «Ұлық моллам» деген атпен белгілі.
Маулана Әршиддин-валиулланың тікелей ұрпағы Шейх Низамиддин- қожаның тұңғыш баласы Шейх Назирдин-қожа, екінші баласы Жамалиддин-қожа, үшінші баласы Рашиддин-қожа, төртінші баласы Фахриддин-қожа, бесінші баласы Жалалиддин-қожа болып табылады. Хетип-қожа мен Исхақ-қожа Шейх Низамиддин-қожаның тағаларының ұлдары, бәрі де бір ағаштың бұтағы және жемісі есептеледі.
3
Сеид Хетип-қожа және көзінің қарашығы Махмудин-қожаның Ақсу шаһарын алу ғазауатына жіберілуі және мақсатына жете алмай өз еліне қайтуы, мұсылмандардың амалсыздан шейіттің шербетін ішуі секілді оқиғалардың баяны
Махаббат сүйер достар мен сенімді шығармалар жазатын пірәдарлардың гүлдей көңілдеріне жетіп, айқын ескерілуі тиіс нәрсе: Рашиддин-ханқожа Хетип-қожаға батыс жаққа жорық жасауына рұқсат беріп, қоштасқан еді. Кучардан шыққан Хетип-қожа Қызыл деген жерге келді. Сосын Сайрамды алып, жазалау ретінде төрт адамды дарға асты және шапты. Содан соң Бай елді мекенінде екі күн тұрып, алты адамды дарға асты. Бұлар бұзық және пасық жолда жүрген адамдар болғандықтан, өз жазаларын алды. Акрамшах-ахун және Молла Афақ-ахун Сайрам мен Бай елді мекендерінің хәкімдері етіп тағайындалды. Бұдан соң Хетип-қожа Яқарық деген жерде Розы-төре есімді кісіні 150 адаммен Мұздауанға аттандырып жатып: «Бекеттердегі сия-ноян (пошташы және қарауыл) қытайларды өлтіріп, сәрсенбі күні Жам елді мекеніне келгін. Біз осы тараптан, сен сол тараптан Жамда иңфан (әскери тұрақ) салып жатқан қытайларды ортаға алып, жайратайық» деп бұйрық берді. Бай, Сайрам және таулардың етегіндегі адамдардың бәрі қолдарына қара сойыл алып, «Алла! Алла!» деп дауыстап тәкбір айтып: «Қожаларға еріп Ақсуға барамыз. Жауыздық жасаған кәпірлерден өшімізді алып, ғази дәреже-мәртебесіне жетеміз. Егер ажалға тап болсақ, шейіт шербетін ішіп, асқақ жаннаттың ең биік жерінен орын аламыз» деген үмітпен жаны және бақ-дәулеттен безіп, ажалдың шербетін таңдады. Атасы баласына, баласы атасына қарамай, қожалардың соңынан жаяу және салт атты болып ілесті. Қожалар: «Біраз уақыт аялдаған соң қайтыңдар. Сіздер үшін біз ғазауат жасайық» деп үгіттесе де, олар: «Біз езгіге төзе алмай, шарасыз халге жеттік. Мұндай күн кешкенше иә жан берейік, иә жан алайық» деп өздерінің қымбат өмірін қиып, артқа қайтқысы келмей жылап-еңіреп тұрып алды және өздерімен азық-талқан мен шоқпарларын көтеріп, жолға бірге шықты. Олардың жалпы саны шамамен 7 мың адамға жеткен еді.
Ей қадірлі жарандар, патша немесе уәлиет хәкімдерінен жәбір-қорлық көрген бұқара халық өзінің шырын жанын қиып, Алланың дәргейіне бет бұрып, көз жасын ағызған күйде шын ықыласпен жыласа, Хақ-тағала мейірімінің дариялары буырқанған толқынға айналып, шарасыз және қауқарсыз пенделеріне даңқты да ұлы билеушілерді қару-жарақсыз-ақ жеңгізеді. «Менен басқа патша жоқ» деп маңына жуытпайтын жауыз тәкаппарларды бір сағатта-ақ күйретіп, топырағын көкке ұшырады. Ал дәрменсіз сормаңдай пенделерге тақ-салтанат сыйлап, дәрежелерін ұлық-патшалардан да артық және үстем етіп қояды. Осы істің Алла құзырында болуының ешқандай кем-кетігі де, таңқаларлығы да жоқ. Әлемнің иесі болған Құдай ешкімге ұқсамайды және бәрінен де құдыретті һәм барлығын да жаратушы. Құранда да «Алла қалаған нәрсені істей алады, жазмыш пен үкім шығара алады. Ол бәрін де жасауға құдыреті жетеді» деп жазылған. Өлең:
Кедейді шах етер, жоқ һәрасан (қорқыныш),
Ал шахты кедей ету бұдан һәм оңай.
Яқарықтан аттанған қожалар бамдат намазы мезгілінде Қараюлғун елді мекеніне келді. Бірнеше иравулчи (қарауыл) қытайлар тұтқындалды және өлтірілді. Сол күннің ертеңі Хетип-қожа мен Розы-төре кездесуге уәделескен күн еді. Жамдағы чериктерге қарсы шықпақшы болғанда, ауа-райы күрт бұзылып, жаңбыр жауды және боран басталды. Хетип-қожа жетекшілігіндегі барлық адамдар үйлерге кіріп, қалың ұйқыға кетті. Әскерлер ағаш пен тамдарды паналап, арғымақтардың ер-тұрмандарын жастанып, жайбарақат ұйқыға шомды. Дәл сол сәтте Жамдағы қытайлар және Ақсудың хәкімі Саидбек бастаған көптеген чериктер баса-көктеп келіп, зеңбіректермен атқылады. Әлгілер оянғанша, қара чериктер әлдеқашан қоршап үлгерген екен. Дереу тұрғандардың біразы ерттеулі аттарға, біразы жайдақ аттарға мініп, кейбіреуі жаяу қалып, қорқып-дүрлігіп артқа бұрылып қашты. Қытайлық чериктер көптеген адамдарды қынадай қырды. Хақ-тағаланың мейірбан хикметімен «Ажал шербетін ішейік» дегендердің арманы орындалды. Шөлде қалған қаншама адам шөлін қандыра алмай өлді. 2800-ден көбірек адам қаза тапты.
Жалпы, мұсылман әскерлері асып-састы. Қожалар Кучарға қарай жолға шықты. Ақсу хәкімі Саидбек бұларды тұтқындамақшы болып, алты «потәй» (Паотай – көне өлшем белгісі. Екі паотайдың арасы - 10 шақырым) жерге қуып барғанда, қытайлар: «Қашқан дұшпанды қуу «ли» ережесіне сай келмейді. Жамнан да айрылып қалдық, дереу қайтыңдар» деп хабарлады. Саидбек бұл үрейлі хабарды естіп, жедел Жамға келсе, Розы-төре келісілген уақытта осында қалған пілтеші, қосшы, атқосшы қытайларды түгел қырыпты. Алайда «Қараюлғундағы мұсылмандарды қашырып және өлтіріп, біразын тұтқын етіп әкеле жатыр» деген хабарды естіген ол Жамда тұра алмай, Өстәңбой деген кентке қашқан жолда қолға түсіп, қытайларға тапсырылды және өлтірілді.
Осы мезетте мына әріптерді тізуші мен автордың есіме түскен төмендегідей таңғажайып істерді айтпасқа болмайды: Хақани Чиннің қуаттылығы және ірілігінің күн нұрындай болғаны күллі адамзатқа бесенеден белгілі. Кучар – шағын ғана бір қала. Ірі шаһарлармен салыстырғанда ешқандай атақ-даңқы жоқ. Әрине, бір жерде бас көтерген азғантай мұсылман үлкен ықылыммен (ғаламмен) теңескендей болды. Хетип-қожа бір күймеге жайғасып, Молла Осман-ахунды екінші күймеге отырғызып, өз-өздеріне масаттанып, риза және қуанышты күйде Бай мен Сайрам секілді екі рабатты өзіне қаратқанымен, басқадан бейқам және жайбарақат бес бекеттік жерден ұзамай жатып, киім-кешектерін шешіп, төсек жастанып ұйықтап, не әскерлерінің жағдайын білмей, не жаудың қауіптілігі туралы дерек алмай алдануының салдарынан мұсылмандарды қанға бөктірді. Ей муаллип (автор) Молла Мұса! Қанағатты бол, кекесін мен мысқылдаудан тіліңді тарт! Өлең:
Қадалса бір тікен, иә түссе бір қыл,
Сенімсіз емес ешбір іс, жақын біл.
Кез келген ірі-ұсақ іс-әрекет пен шырғалаңның бәрі Алланың ирадә-тағдырынан тысқары қалмайды. «Қал-убәлада» (Құранның бір сүресі) Әлем иесінің құдыретті қаламымен осылай жазылған. Жер бетінде оны көрмеу-елемеудің ешбір ілажы-шарасы жоқ.
Әскери қазы Молла Осман-ахун Қараюлғунда тұтқынға түсті. Саидбек бұрын оның шәкірті болған екен. Хәкім қытайлық мансаптылардан рұқсат сұрап: «Бұл адам осы топтың басшысы екен. Оның осы істерді не себептен жасағанын сұрап білу қажет. Бұны өлтірмей, тірі қалдырсақ болар ма екен» деп Ақсу амбанына хат жазған. Амбан бұған келісімін беріп, оны өлтірмей, түрмеге тастады және біраз қытайларды күзетке қойды. Кучарға қашып барған Хетип-қожа бір айдан соң тағы да әскер бастап келді һәм Ақсуды жеңіп алды. Оған дейін қожалар «Молла Осман-ахун Саидбектің тарапына өтіп кетіпті» деп күмәнданатын және оны айыптайтын. Ақсу шаһарын алған кезде, қытайларды өлтірген бірнеше жауынгер бір үйден қол-аяғына кісен мен шынжыр салынған Молла Осман-ахунды көреді. Олар оны сол қалпында қожалардың алдына апарып, шынжыр-кісенді үзді. Ол осылай айыптан да құтылды, өмірін де сау-саламат сақтап қалды. Шаһар қолдан кеткен шақта Молла Осман-ахунды күзеткен қытайлардың біразы өздерін дарға асыпты. Біразы басқа тәсілмен өліпті. Бірақ олар Молла Осман-ахунға тиіспепті. Бұны жазудағы мақсат – Қытайдың ұлықтары ант-бұйрықты тапжылмай орындайды екен. Қайткенмен де «Алдымен бір мұсылман дұшпанды өлтіріп, сосын өлейін» демейді. Бәлкім, Молла Осман-ахунды шынайы қорғаушы және кіршіксіз Алланың өзі сақтаған-дұр. Хетип-қожа өте адал да аңғал, рақымшыл және замана тәжірибелерінен хабарсыз кісі еді. Бірақ ол мұсылманшылығы мен діни сенімі өте күшті және ынсапты адам болатын. Ол алдыңғы жеңілістен туындаған ыңғайсыздықтан басын биік көтере алмады.
4
Жамалиддин-қожаның басшылығындағы Ақсуға екінші рет ғазауат жорығы туралы жарлықтың шыққаны және оны алуда мұрат бақшасының гүлдерін үзгені, сондай-ақ көңілдегі мақсаттың қалыптасқаны секілді оқиғалардың жалпы баяны
Аға буын жарандар мен шынайы достардың әңгіме-қиссаларды қызу айтқанындай, жақсылық егіз болған мына заманда салтанатты тақта отырған жоғары мәртебелі Сеид Рашиддинхан-қожа үстіндегі билік киімдері һәм басындағы салтанатты тәжі өзіне жарасып, елдің барша үлкен-кішісіне жарлық-үкімін жүргізді. Жарлық, іс-қағаздар мен лауазымдарына «Зубда-и әулад-Расулулла (пайғамбардың таңдаулы ұрпағы), Әбу әл-Музаффар вә әл-Мансур (жеңімпаздар мен тектілердің атасы) сеид-ғази Рашиддинхан-қожа» деп жазатын. Хатибтер мінберлерін хан-қожаның аты-жөнімен және әдемі атаулармен безендіріп әшекейледі. Хан-қожа Хақани Чиннің ақшасына ұқсаған пұл құйдырды. Оның бір бетіне «Рашиддинхан-ғази», екінші бетіне «Кучар салтанатының соққан пұлы» деген жазу ойдырды. Аталмыш пұл қазіргі кезде де айналымда жүр.
Рашиддинхан-қожа Хетип-қожаның Қараюлғунда таяқ жеп қашқаны туралы үрейлі хабардан ашу-ыза оттары кернеп, бірнеше күнәсізді жазалап, дарға асып, мәйіт-денелерін желге желбіретті. Кәрі-жастың бәрі күнәларынан арылуды тілеп және жалбарынып, тәубе айтып, мойындау мен бағыныштылық алқасын жаңадан бекітіп, шын ықыласпен бағынған күйде бас ұрып, өтініш-ізет сақтап сөйледі. Ағасы Жамалиддин-қожаның әлпетінен әскери басшылыққа, саясаткерлікке және халықшылдыққа айрықша зор қабілеттілігі білінді. Хан-қожаның жарлығымен ол 800 әскер және зеңбіректермен Ақсуға аттандырылды. Жамалиддин-қожа алысты көре алатын, батыл, мемлекет істерінде тегеурінді, шипагерлікке өте шебер, ділі қатаң да қайратты кісі еді. Ол Кучардан Сайрам мен Байға дейінгі барлық жерді бағындырды және іске жарамды жастарды, күш-қуатты палуандар мен өжет адамдарды іріктеді. 2 мыңға жуық адамды дайындаған, иравулчи-қарауылдарды қойған ол сақтық пен қырағылық танытып, үлкен жолдан кетті. Олар Іле аймағына беттеген болып, Арашор деген жерге түсті. Осында әскерлерін түгендеп, ат-көлігін тексеріп, қытайлық чериктердің хал-жағдайын барлады. Қолайлы-қолайсыз күндерді сараптады және сынады, аспан мен жұлдыздардың белгілеріне үңіліп, 20 күндей тұрып қалды.
Елде аласапыран басталғандықтан, сол мезгілде Қашғар, Яркент, Хотан шаһарларынан Ілеге жөнелтілетін «шаң-қаражаттар» Мұзарт-дауан асуына жетіп, орта жолда тоқтап қалған екен. Қожалар осы «шаңдарды» өз әскерлеріне таратып берді. «Шаң» - боз-хам (өңделмеген мата) деген сөз екен. Бұл сөздің жай-жапсарына келсек, бұрынғы заманда мұсылман патшасы Исмаил-хан билік еткен кезде, уәлиет жақтан (Ферғана аймағынан) Махдуми Ағзамның немересі Қожа Юсуп өз баласы Қожа Аппақпен бірге Яркентке келді. Исмаил-ханға ренжіген Қожа Аппақ Іле ойпатына ойысып, қонтайжы-төрені жағалады және хал-жағдайын баяндады. Ол: «Мені айдап шығарды. Жәрдемдесіңіз» деп жалынған соң, қонтайжы біраз қалмақты оған қосып беріпті. Олардың жәрдемімен елді иемденіп, Исмаил-ханды отбасы мүшелерімен бірге тұтқындап, Ілеге әкетіпті. Қалмақтар қайтатын мезгілде, «Құр қол оралуы лайықты болмас» деген желеумен Жетішаһарда жиналған біраз боз-матаны шамасына қарай сый-тарту етілді. Қалмақтар әр жылы осы боз-матаны дәмеленетін, бермеске болмайтын. «Қалмаққа боз, қытайға сөз» деген мәтел сол уақыттан қалған-ды. Өйткені, сол кезеңде бұл өңірде боз-матадан басқа нәрсе жоқ-тын. Сауда-саттықта ақша орнына мата пайдаланылатын. Кейін келе ел Хақани Чинге тәуелді болған соң да осы ахуал бәз қалпында сақталған екен. Сол себепті, қытай тілінде «шаң» деген атау әдетке айналған.
Содан бері Рашиддин-ханның заманына дейін 200 жылдан артық уақыт өтіпті. Елдегі хәкімдер мен басшылар боз-матаны Ілеге шығаратын-ды. Бірақ боз-матаның көлемі жылдан-жылға көбейіп тұратын. Қожалар бөліп берген маталарды әскерлер құдды кебін мен ихрам кигендей орап, бастарына сәлде орап: «Кебініміз енді осы болады» деді. Барлығы бір ниет, бір діл болып, Алланың дәргейіне әлсіздігін білдіріп жылады. Қожалар бастаған бәрі де ақ матамен оранғанда, ақ қойларға ұқсап қалды. Құлшыныс пен өжеттіктің белдігін белдеріне бекем буып, түн мезгілінде Арашордан Мұздауан жолы арқылы Жамда бекініс салып жатқан чериктердің төбесіне тұтқиылдан бәле-апаттай топ етіп түседі. Кәпірлер әлі бейқам күйде ұйқыда жатқан екен. Шабуылдаушылар мейлі қытай болсын немесе көмекке келген мұсылман чериктері болсын, бәрін тып-типыл жайратты. Тек азғантай ғана бөлігі жансауғалап, Ақсу шаһарына тығылды.
Сол күндері Іледен Қашғар шаһарын күзетуге жіберілген 500 солан мен қалмақ жебе, садақ, оқ-дәрі және жарақтарын асынып Ақсуға келген-ді. Қашғарға шығар кезде, Кучардың бүлінгені туралы хабар жеткен. Сол себепті, бұлар Жамға қарай шыққан. Олар сондай-ақ өздеріне жәрдемші ретінде қытайша үлгіде киім киген 1 мыңға жуық жергілікті бойдақ, құмар ойнаушы және қаңғыбасты ілестірген-ді. Солардың бәрі де қынадай қырылды. Жалпы, Жам мен Ақсуда 4 мыңнан астам қытайлар, қалмақтар, мұсылман сатқындары жайратылды. Ақсудың хәкімі Саидбек Қашғарға қашты. Бай ауданының хәкімбегі Темір-қазынашы Хотанға кетті. Қожалар қытайларды қуа отырып, Ақсуға кіріп орналасты. Мұзаффар айының 12-күні (17 шілдеде) Ақсудың чиңчайы мен амбаны бастаған мансаптылар жағдайды көріп, күллі бала-шағалары мен тайтайларын (әйелдерін) сарайларына жинап, жан-жағына оқ-дәрі қойды. Олар Бейжің тарапқа қарай бірдемелерді дауыстап айғайлап, жылап-сықтап темекілерін шегіп, гаңзыдағы (шегетін трубкадағы) шоқты оқ-дәрінің арасына тастаған-ды. Бәрі де дереу жарылып, жаһаннамға кетті. Мұсылмандар шат-шадыман болды, ал мұнафиктер (дін сатқындары) қайғы-уайымға шомды. Құтты әуендер аспанды жаңғыртты. Жеңістен кейін Жамалиддин-қожа Ақсудағы салтанатты тағына отырып, қытайлардан тартып алынған олжаларды әскерлеріне сыйға тартты. Әрбір адам күш-құдыретінің барынша соғыс олжасына ие болды. Кучарлық Абдулрахман-допбегі датқа, ал ақсулық бек Қасым-қазы әмири-лашкер етіп тағайындалды. Бұрынғы әләм, мүфти, қазылар өз орындарында қалдырылды, мансаптары сақталды. Ешкімге де кедергі жасалмады, барлық адам әуелгі орындары мен дәрежелерінде қалды.
Жамалиддин-қожа жорыққа аттанарда Хетип-қожаның үлкен баласы Хамиддин-қожаны 100 әскермен бірге Мұздауан асуын бақылауға алуға жөнелткен еді. Ол асуда бірнеше күн тұрып, Ақсу алынғаннан кейін, өз орнына адам белгілеп, әкесімен жүздескелі келді. Іле-цзяңцзюні Ақсу амбанына жәрдем ретінде оқ-дәрі мен қару-жарақ асынған 7 мың қытайлық чериктерді және 3 мың қалмақ чериктерді жіберген екен. Бұлар Мұздауанда адамдардың тосып жатқанын біліп, 50 күн тұрған соң келген жағына қайта кетіпті. Жалпы айтқанда, қожалар Ақсудағы ахуалдан алаңсыз болғанымен, Қашғар, Яркент және Үштұрфан жақтан әлі де қауіп төнгенін сезген. Үштұрфан шаһары берік және чериктері көп еді. Хетип-қожа осы бағытта ғазауат қимылдарын ойластырып, шұғыл әзірлік әрекеттерін жасауда еді. Уассалам (тамам).
5
Сеид ғази Хетип-қожа және оның көз қарашығы Хамиддин-қожаның Үштұрфанды алуға аттанғаны, жеңіс самалы нысаналы гүлдерді ашып, мұрат-мақсаттың орындалғаны және өзге де жайттар һәм оқиғалардың баяны
Адал достар мен лайықты пірәдарлардың түзу зейіндеріне айқын да мәлім, мұзаффар айының 14-күні (19 шілдеде) Сеид ғази Хетип-қожа, үлкен баласы Хамиддин-қожа және әскерлердің қазысы етіп тағайындалған ақсулық Молла Абдулла-қазы бірсыпыра маман, құрметті бек-әкімдер, бекзадалармен бірге топ-зеңбіректер мен 600 әскерді бастап Үштұрфандағы қытайларды жою үшін жедел жолға шықты. Ақсуға тәуелді Арал, Ақяр елді мекендерінің балуандары мен батырларын әскерге алған олар төртінші күні Үштұрфанға қарайтын Ачатағ деген жерге орналасты. Қытайлар Үштұрфанның хәкімі Тохти-бекті көптеген адаммен Ачатағда қарауылшы етіп қойған екен. Олар жетіп келген қожаларға қызметкер мен жалшылар болуды қалап, қарсы жаққа дүркін-дүркін өтуді және белдерін бекем буған күйде көнуді өздеріне парыз бен уәжіп деп санады. Ақырында барлық үштұрфандықтар топ-топ болып қожаларды зиярат етуді өздеріне абырой-атақ санады. Олар қаланың қытайлық бөлігін алуды кеңесіп, әскери қимылдарға әзірлене бастады. Қожалар жетекшілігінде барлығы ортақ ниетте болып, қытайлардың қаласын қоршауға және шайқасуға әзірленді. Қытайлар бекіністің үстінен мылтық пен зеңбіректен оқ атып, көптеген адамды мерт қылды. Мұсылман әскерлері бір жағынан биік сатыларды құрастырып, екінші жағынан Малжар тауының артында үңгір қазып жатқанда қытайлар қапелімде оқ-дәрі қоймасына от қойды. Жарылыс парт еткенде қытайлар да, тамдар, қару-жарақтар мен пұтханалар да көкке ұшып, шаң-тозаңға айналды. Адам адамды тани алмады, тіпті бір-бірін көре алмай қалды. Күндізгі жарық түнгі қараңғының кебін киді. Кәпірлердің аяқ-қолдары оқ-дәрінің күшімен бір немесе екі таш (өлшем бірлігі) жерге ұшып кетті. Біреулердің бастары немесе денелері ағаштарға ілініп қалды. Үштұрфанның қару-жарақ қоймасы бүкіл Алтышаһарды қамдайтын ірі әскери қойма еді.
Қысқаша айтқанда, Үштұрфан жоғарыдағы амалмен алынды. Жеңіске жеткен Хетип-қожа өзінің шатырында әрі арамгахта (демалыс орнында) отырып, жақсы-жаман немесе жалтарған адамдарды бір-бірлеп күнәларын кешірім қаламымен сүртіп, кейбіреуіне шахқа тиесілі сый-сияпат берді және Хосроудай қамқор қанаттары астына алды. Алайда біраз жалап, салдақы әйелдер және кәпірлердің пейіл-күйіне сәйкес кәсіппен шұғылданып, жамандыққа бастаған пасықтар ғибрат үшін жазаланды. Үштұрфанның бұрынғы әләмі (діни лауазым) Молла Атаулла-ахун қайтадан әләм етіп қойылды. Тохти-хәкімбек бұрынғы дәстүр бойынша хәкім және датқа етіп тағайындалды. Баймұхаммед-қазы қайтадан қазыбегі етіп тағайындалды. Достар қуаныш-шаттыққа кенелді, ал дұшпандар қайғырып жабықты. Күмбездей болған жасыл аспанда қуаныштың құтты сазы асқақтады.
Әлқисса, бірқатар сенімді адамдар бірінен соң бірі берген көптеген ақпарат пен риуаяттарға қарағанда, бағзы заманда Фағфур Чин Жетішаһарды жаулау барысында айдай жүзі жаһанара күннің сәулесіндей және бірегей гауһардай теңдесі болмаған 16 жастағы бір қыз141 мансаптылардың назарына түсіпті. Олар: «Ұлы патшаның көңілін көтеретін бұдан артық сыйлық пен арнау болмас» деп қызметін көрсету үшін оны патшаға тарту-таралғы етіп арнайы апарған екен. Патша бір күні қыздың бөлмесіне кіріп, оның жылап жатқанын көріп таң қалады. Ол: «Жер бетінде менен асқан патша жоқ. Бұл не үшін жылайды? Мәнін сұрап білейін» деп қызға сауал қойған. Қыз сөз таба алмай: «Менің елімде бір жеміс ағашы бар. Оның жемісі алтыннан, жапырақтары күмістен, иісі әтірден еді. Жадыма сол түскен соң жылап жатырмын» депті. Патша: «Үштұрфанда сондай бір ағаш бар-мыш. Сол шұғыл жеткізілсін. Бұндай ағаш менің бағыма лайық екен» деп жарлық түсірді. Мансаптылар жарлықты ала салысымен Үштұрфанның хәкімі Рахматулла-бекке142 ескертіп: «Осы ағашты тал етіп егу үшін Бейжіңге жеткізіп, Ұлы патшаның ілтипатын көріп келіңіз» деп бұйырды. Үкімнен бас тарта алмаған хәкім қызметке мәжбүрлеп алынған адамдарға жиде ағаштарын көтерткізіп, жәбір-зұлымдық көрсетеді. Төрт потәйлық жерге жеткенде ағаш көтерген адамдар бір түннің ішінде өзара сөз-байламға келіп: «Ағаштарды Бейжіңге апарамыз дегенше арамыздағы көптеген адам қырылатыны хақ. Одан да ахуалдың мәнін Рахматулла-бекке білдірейік. Бізбен бір сөз, бір ниетте болса жақсы. Егер ұсынысымызға құлақ аспай, қарсы болса, өзі білсін» деп бекке жағдайды баяндайды. Рахматулла-бек өз келісімін беріп, шыбық-ағаштарды қара сойыл етіп көтеріп, бірге келе жатқан қытайларды жайратты. Олар шаһарға қайта кірді де, амбан бастаған мансаптылар мен чериктерді өлтірді. Бек тоғыз ай Үштұрфанды тәуелсіз хәкім ретінде басқарыпты.
Осы оқиға Бейжіңге белгілі болған соң, Ланчжоу өлкесінің бергі жағынан қаптаған қара чериктер тола шайқастар жүргізудің нәтижесінде Үштұрфанды екінші рет жаулап, халықты қырып-жойған екен. Жазалаудан аман-сау қалғандары ар жағы Құмыл шаһарынан, бергі жағы Ілеге дейінгі, сондай-ақ Қашғар мен Хотанға дейінгі барлық пошта бекеттеріне хат жеткізу және қытайларға қызметші болу үшін төрт отбасыдан бөлініп-бекітілген һәм таратылған. Қазір де бұлардың ұрпақтарын «тұрфандық» деп атайды. Бірақ Іле аймағына жер аударылғандар бірнеше ұрпақ ауысып, қалмақтардың әдет-ғұрыптарын қабылдап, қалмақтарға ұқсап кетіпті. Қазір бұлар өздерін «Біз мұсылман қалмақпыз» дейді-міш. Аталмыш оқиға Хақани Чин Жетішаһарды жаулағаннан кейінгі 17-ші жылы143 орын алған екен.
Осы жолы Үштұрфан алынып, оқ-дәрілер қоймасы жарылғанда бірқатар көне кітаптардың парақтары, қару-жарақтар, ер-тоқым, киім-көрпе астарлары, соқа, ара және басқа да бұйымдар жан-жаққа шашылыпты. Мен, автор, осы нәрселерді өз көзіммен анық көрдім. Оқиғаның себебін сұрағанымда, жергілікті халық: «Рахматулла-бектің көтерілісінде осы аспаптардың иелері өлтіріліп, бұйымдар күнәһар ретінде сақталған екен. Қойма жарылғанда барлығы да көкке ұшып, күлге айналған. Бұндай аспаптар одан да көп еді. Сіз тек олардың қалдықтарын ғана көрдіңіз...» деп көптеген хикаялар айтты. Мен олардың осы жауабына қанағаттанып, «жарайды» деп ғана қойдым.
Хақани Чин Жетішаһарды әуелде алған кезде, Үштұрфан қаласын әкімшілік орталығы ретінде көріп, амбан-шенеуніктерді орналастырған және қалған алты шаһардың барлық мансаптыларын осы қалаға бағындырған екен. Жоғарыда айтылған оқиғадан кейін, патша Үштұрфанға кейіп, тұрғындарын қырып-жойып, алты шаһардан адам көшірді және көшпенділерді отырықтандырды. Көтерілістен бұрын бұл қаланың аты «Үш» болған. Сондай-ақ, бұның алдындағы кезеңде осында бір оқиға шыққандықтан, Мансур-хан144 жергілікті халықты қырып-жойып, көне Тұрфан шаһарынан адам әкеліп, қайта гүлдендірген екен. Сондықтан «Үш» деген сөз «Тұрфан» сөзімен қосылып, «Үштұрфан» немесе «Учтурпан» деп аталған. Рахматулла-бектің көтерілісі басылғаннан кейін, Үштұрфан Жетішаһардың ең шағын қалаларының біріне айналды, мансаптыларының да дәрежесі төмендетілді. «Амбан-ұлықтар Яркентте тұрсын» деген жарлық шықты. Осы себепті, Үштұрфанның халқы әлі де «көшпелі» деген атаумен белгілі. Қысқасы, 200 жылдан астам уақыт өтіпті. Нағыз патшамыз – Алла көшпендіден бөлек шаһарларды өз қамқоры астында асырап, Үштұрфан мұсылмандарының басына түскен оқиғалар сияқты дүрбелеңнен сақтады. Ей Илаһи-патшам (Алла-тағала), барлық елдер мен шаһарлардың тұрғындарын Сенің атыңды бүркенген һәм патша тонын киген отқа табынушылардың ғазап оттары мен зұлым-жәбірлерінен сақтап, өз панаңда асырағайсың, әумин!
Бұл жолы Үштұрфанды жеңіспен алған Сеид Хетип-қожа жауыздықтың есігін тас жауып, әділдік дәуірін ашып, мұстафавия шариғатының ережелері мен намаз-ғибадаттарын мықты дамытты, кемелдендірді. Қожа халайықты жақсы жолға бастау және амандығын қорғау істерінде жанқиярлық көрсетті. Қожа-сеидтердің барлығы өсиет-уағыздары діни билік алаңын және әділдік сахнасын толтырып, тура жолды бекем ұстап, алға тартты. Өйткені қожалардың бәрі де жасы ұлғайған және абыройы асқан болатын. Басында олар аспанның қырсығы мен жолсыздығына ұшыраса да, тез арада асқақ бақ-несібеге қол жеткізді. Егер Хақ-тағала шариғатты паналаған әнбиә-пайғамбарларға, пәзілетті де әділ жолдағы ұлық-әулиелерге, рақымды да құдіретті машайықтарға һәм Алланың ризалығына бөленген жоғары дәрежелі патшаларға абырой-даңқ әперуді ниет етсе, өзінің хикметімен алдымен оларды ауыр сынға және қорлыққа салып сынайды. Жаһанның ыстық-суығын көрсетіп, мехнат-машақаттардың қайғысын татқызып, қасіреттің тозаң-топырағымен жуып, өкініш отына пісіріп, қорлық пен елеусіздіктің тар көшелерімен жүргізген соң ғана дәрежелеп ізет-құрметтің шырқауына жеткізеді. Біреулерді Өзіне шынайы жақын деңгейге көтеріп, сүйікті де қабыл болған пендесіне айналдырады. Біреуді салтанатты таққа отырғызып, қадірін аспаннан да жоғары асқақтатып, ұлылық сипатының саясын жайып, нағыз патшаның дәрежесі мен бақ-дәулетін тарту етеді. Бақ-дәулеттің күн шұғылалы жіптерімен езгі және қанау құдығына шөккен дәрменсіздерді тартып шығарады, өзінің дәулетті саясында мәпелейді. «Патшалар қойшыға ұқсауы және өз халқына жауапты болуы қажет» деген қасиетті хадис бар. Әрбір қойшы қойларын жақсы бағып, жақсы күтсе – қойлары семіз болады, малдың басы көбейеді, қойшының мәртебесі де өседі. Егер қойшы қойлардың жағдайын білмей, немқұрайдылық танытса – қойдың иесі малын өзге мықты қойшыға тапсырып, алдыңғы қойшыны қуып жібереді. Сол сияқты, халқының ахуалын жақсы білген патшалар мемлекетін көркейтеді, мәртебесін көтереді, елін гүлдену мен молшылыққа бөлейді екен. Ал халқының тұрмысына ат-үсті қараған жағдайда, әлемнің құдіретті иесі Алла оның мемлекетін басқа бір халықшыл тұлғаға тапсырады екен. Бір жауыз малшы мың бөріден жаман-дұр. Мемлекет әділеттің арқасында гүлденеді және зұлымдықтың арқасында ойрандалады. Қысқасы, Сеид ғази Хетип-қожа Үштұрфанда үш ай тұрақтады. Қашғарда Садықбек-қыпшақтың бас көтеріп, билікті тізгіндегені жөніндегі хабарды естіген ол осы шаһарға баруды жоспарлады.
6
Сеид ғази Хетип-қожа мен тура жолды перзенті Хамиддин-қожаның Қашғарды алу және жаулауды дәметіп әскер бастағаны, жолдағы оқиғалар, қожалардың сәбилер сияқты Садықбекке кіріптар болғаны және олардың бақ-дәулеті аяқталып, өз мекеніне бет алғаны жөніндегі оқиғалардың баяны
Діл көзімен көретін қайраткерлер және білімді жазып алатын достардың жарық жандарына айқын да аян болсын, Сеид Хетип-қожа сол жылы жамадил-ахир айының 12-күні (1864 ж. 17 шілде) Қашғарды алуды және бағындыруды мақсат етіп жолға шықты. Ол үй-шатырларын Отбаши деген жерде қойып, Хамиддин-қожаны 2 мың әскермен бірге чапауыл (шолғыншы) етіп алға жөнелтті. Екі күннен соң 1500 нөкер және жасауылмен Қарабұлақ деген жерде ниеті бұзылған біраз жүгенсіз қырғызды қолға түсірді һәм жазасын берді. Ақсу хәкімі Саидбектің жаны Жам түбіндегі шайқастан кейін жайсызданып, Қашғардағы ағасы Құтлықбектің қасына қашып барған-ды. Құтлықбек сол кезде осы шаһардың хәкімі болатын. Саидбек ағасының кеңесімен және амбан-мансаптылардың келуімен Қақшал жолын бойлап, жәрдемге чериктер әкелуді көздеп, Іле-цзяңцзюнге хат жазған. Оны бірнеше қырғыз ұстап әкелді. Хамиддин-қожа оның жанын денесінен айырып, о дүниеге аттандыруға әзірленіп жатқанда, қол астындағылары араша түсті, аман қалдыруды өтінді. Хамиддин-қожа оның бұрынғы күнәларын кешірім қаламымен сызып, әмарат (әмір) мансабында қалдырып, Саидбектің тілмашы Исмаил Кутвал есімді кісіні жалауға қан тамызғызып (ант ішкізіп), мақсатты жері Қашғарға жүріп кетті. Бұлар «Жоғарғы Артушқа барып, ертесі Қашғарға кіреміз. Құтлықбек – мұсылман және бізбен бір елден. Сондықтан ол жақтан Құтлықбек, мына жақтан біз Садықбек-қыпшаққа шабуыл жасап, ортаға аламыз» деп құр қиялды от жақпастан пісіріп, надан көңілмен топшылап, тіссіз ауызбен шайнап-ләззаттанып, мәз болып тұрған-ды. Кенеттен Қашғар жақтан биік байрақтар желбіреп шыға келді. Биіктен анықтап қараса, байрақтың соңынан қыруар қосындар айқын көрінді. Бұлар амалсыздан шайқасқа кірісті. Ар жақтан келген қыпшақтармен сұрапыл ұрыс басталды. Екі тарап көптеген шығынға ұшырады. Осы тұста Садықбектен адам келіп: «Қожалармен соғыспай, тыныштық және жақсылықпен шаһарға шақырыңдар. Не дегенмен, олар исламды азат еткен сеид-ғазилер және елімізге келген қонағымыз» деген хабарды жеткізді. Алдынан шыққан адамдар ізет-құрметпен өтініп, шаһарға түсірді. Олар сыпайылықпен көптеген қонақасы беріп, қызметші болып, кешірім сұрады, қолғабыс көрсетті. Бірақ қожалар жауынгерлерінің ат-көліктері тартып алынды. Қожаларды да ат-көліктері және шатыр-баргахтарынан айырып, кең және қош иісті бөлмеге жатқызды. Қызметіне адамдар қойылып, олардың барлық талап-тілектері жан-тәнмен орындалды. Алайда, олардың кетуіне рұқсат бермеді және өз адамдарымен кездестірмеді. Осылай тоғыз күн өтті. Олар Садықбекті сол көргеннен кейін кездесе де, көрісе де алмады.
Нәтижеде араға түскен Қашғардың біраз игі жақсылары жауласқандарды келістіріп, ымыраға келтіріп, қожаларды Қашғардың істеріне кедергі жасамайтын және араласпайтын, Садықбекті де Ақсу және Үштұрфанға бармайтындай етіп уәделер мен ант-имандарды жасатқызды. Екі тарап бірлік-ынтымақтың рәсімиеттерін жаңадан нығайтып, арнайы қол алысып, құшақтасқан халде көптеген өзара жақсы уәделер берді, бір-бірінің талаптарымен келісті, достық қатынастар орнатты. Қожалардың сәйгүліктері, қару-жарағы, үй-шатырлары қайтарылып, олардан кешірім сұралды. Көптеген тұтқындар босатылды және тиесілі тон-шапандар кигізілді. Әскерлердің де ат-көліктері, қару-жарақтары қайта беріліп, Маралбаши елді мекенінен бері өтпейтіндей етіп келісіп, үлкен жолмен Ақсу жаққа шығарып салынды. Қожалар өздерінің аман-есен құтылғанына шүкір айтып намаз оқып, раджаб айының 28-күні (1864 ж. 27 желтоқсан) әуелгі мекені Үштұрфанға қайтты. Бұл ақраб мезгілі еді. Олар қысты Үштұрфанда өткізді. Кіші баласы Махмуддин-қожаға елді басқару ісін тапсырған Хетип-қожа ешнәрсеге араласпай, көктемге дейінгі барша күнін ғибадатпен өткізді.
7
Сеид-ғази Хетип-қожа және оның көз қарашығы Хамиддин-қожа мен Шейх Назариддин-қожаның Яркентке қарсы ғазауатқа бел буып аттанғаны, мақсат гүлі өз жүзін көрсеткені, бірақ заман апаттарының тосқауылынан бір гүлі де үзілмей, өз ел-жұртына қайтқаны туралы оқиғалардың баяны
Мақсатына жеткен достар және оның ләззатты жемісін жеген бауырлардың әділ көңілдеріне айқын болып, елеусіз құпия қалмасын, аңыз-қиссалардың баяндауынша, Кучар шаһарынан 4,5 мың әскермен Яркентке қарсы ғазауат жорығына шыққан Шейх Назариддин-қожа Ақсуда тағы іріктелген 1,5 мың сарбазды өзіне қосты. Хетип-қожа Үштұрфаннан 1,5 мың әскерді ертіп әкелді. Жалпы саны 7 мың әскерден құралған және топ-зеңбірек, оқ-дәрімен қамдалған қосындар бекеттен бекетке жылжи отырып, Маралбашиға барды. Мұнда 2 мыңдай қытайлар мен дүнген-хуэйцзулар болған-ды. Олардың бәрі қару-жарақтарын ала шығып, берілуге һәм дін-иманды қабылдауға ынтықты. Қожалар бұларға кәлима-шаһадатты үйретті және исламның шарапатына бөледі (дінге кіргізді). Олардың қару-жарақтары мен қамбадағы астықтары әскерлерге үлестірілді. Жаңадан мұсылман болған бұл қытайлар мен дүнгендерге Ма-далое дегенді басшы етіп, тыныштық орнатқан күйде Яркент аймағына жетті.
Сол кезде Яркентте бір жағынан Абдурахман-хазрет билік еткен, екінші жақтан дүнген имамдары өз билігін жүргізіп жатқан, сондай-ақ қытайлар қаланың бір бөлігінде берік бекінген бір күрделі ахуал қалыптасқан еді. Бірнеше күннен кейін қожалар мен Абдурахман-хазреттің арасында қақтығыс болды. Нәтижесінде жоғары дәрежелі хазрет шетке шықты және осы істерге араласпауды жөн көрді. Бірақ қожалар мен дүнгендер бірде одақтас, бірде бақталас болып тұрған мезгілде яркенттік Нияз-ишикағабегі біраз адамның есімдерін ғайыптан (ойдан) тізіп, Қашғардағы Яқупбек-құсбегіге хат жолдады және Яркентке шақырды.
Яқупбек-құсбегі хаттың мазмұнымен танысып, үміттенген халде біраз жігітті (атты әскерлерді осылай атайтын) бастап Яркентке келді. Қожалар мен дүнгендер одақтасып, оған қарсы шайқаса бастады. Олар бірде жеңіп, бірде жеңіліп тұрған мезгілде бір мұнафиқ қыпшақ Хетип-қожаның артына өтіп, оның иығын қылышпен жарақаттады. Қожа залалсыздандырылды, Яқупбек жеңіске жетіп, Яркентті алды. Бұны көрген Хамиддин-қожа сабыр таба алмай, қайраттылық пен өжеттік танытып, шаһардың қақпаларын мықтап жауып шайқасты және Яқупбектің көптеген әскерін жайратты. Құсбегінің сипахтары (сарбаздары) бұған төтеп бере алмай, жанның қамын ойлап, бекіністен ат секіртіп, жерге құлап қашты. Біразының аяқ-қолдары сынып жараланды. Алайда бір қақпа ашық қалған екен. Жанын жайлаған құсбегі қашып шығып, қараңғыда орға түсіп кетіп, атынан айырылды. Сосын Мұхаммедбаба-дәһбаши (онбасы) есімді адамның атына мінгесіп, үлкен машақатпен әрең дегенде құтылып шығып, Қашғарға шегінді. Хамиддин-қожаға қарсы тұра алмай қашқан Яқупбек-құсбегі «Атадан ұл туылса Хамиддин-төредей болсын» деп, оның батылдығы мен ержүректігіне сүйсінеді. Хамиддин-қожа құсбегі мінген арғымақты, ер-тоқымын және барлық жабдығын олжалап, Үштұрфанға оралды.
Ақыры қожалар мен дүнгендер бірлесіп Яркент шаһарын толығымен бақылауға алуға әзірленді. Шаһар ішіндегі қытайлар ешбір адамның басын шығартқызбай, көзіне түскенді атып өлтіргені соншалық, оқтары зая кетпейтін. Мұсылмандар оқ атса, қорған қабырғалары кедергі болатын һәм оларды шарасыз қалдыратын. Сондықтан олар шаһардың маңындағы жеміс ағаштары мен талдардың бәрін шабуға мәжбүрлеп, бірнеше жерде қорғанды бақылауға арналған биік ағаш паотайлар тұрғызды. Бірнеше жерден үңгір қазылып, жердің астымен кіріп, бекініс пен зеңбірек мұнараларының астында оқ-дәрі қойылып жарылды. Жарылғыш заттар қорғанның 10-20 құлаш жерін көкке ұшырды. Қытайлық әскерлер алдын-ала кенеп қаптарға құм-топырақ салып, дайындап қойған екен. Мұсылман әскерлері жетіп барғанша, сол кенеп қаптармен бекіністің жарылған жерін бітеп, қалпына келтірді және мұсылмандарды көп зиянға ұшыратты. Шаһар алынбады. Арада сегіз ай өтті. Қытайлардың оқ-дәрілері және азық-түлігі мол болатын. Оларға қарсы тұру мүмкін емес еді. Әр күні бекіністен шыққан тың чериктер барлық күш-қуатын салып соғысатын.
Көңіл әйнегімен алысты көре алатын дана және сенімді кісілердің әңгімелеріне қарағанда, бұның алдында Жетішаһарды жаулаған Хақани Чин шаһар-шаһардағы халықтың санын тізімге алды. Санақ жүргізген кезде Яркентте іске жарамды мықты жас еркектер 32 мың, Ақсуда 6 мың, Кучарда 3 мың, Қашғарда 16 мың, Хотанда 22 мың адам деп тіркелген. Яркенттегі қытайлар 32 мың мұсылманды, бәлкім, бұдан да көбірек адамды жойып, сосын өздері қырылған дейді екен. Құдай куә, бәлкім, бұл шын сөз-дүр.
Қысқасы, Яркент осындай қиын жолдармен алынды. Шаһардың қоймаларындағы көптеген астық, қару-жарақ, оқ-дәрі және басқа бұйымдардың бәрі де мұсылмандардың қолына түсті. Шаттық сазы және керней-барабандар әуені аспанға шарықтады. Алайда осы мезетте бір жақтан дүнгендермен ымыраға келе алмаған Абдурахман-хазрет және бір жағынан Қарғалық ауданындағы Жамалиддин-қожа, сондай-ақ Яркенттің бүкіл хазрет, ишан, ақсүйектері бас көтеріп, шаһардың билігін қолға алуды дәмеленіп, өзара сыйыспай кетті. Олар тіпті Яркентті өз уысында ұстай алмады және сақтық танытып қорғай алмады. Осы кезде Хетип-қожа Мир Гиясиддин-ишанның немересі Мырзажанды пірзада деп танып, өзге хазреттер арасынан бөлек әкетіп, Үштұрфанға жасырын жөнелтеді. Егер бұлай жасамаса, тағы біраз жазықсыздардың қаны төгілетін еді. Сол кезде Мұхаммед Әли-ханның (бұрын баяндалған Қоқан хандығының билеушісі) баласы Мұзаффар-хан Кашмирден Яркентке келеді. Бұның алдында ол Кухистанда145 тұрған екен. Осы өңірдегі жанжал-тартысты құлағы шалып, орайын жібергісі келмеген ол Тибеттен асу асып келді. Ол өзінің кім екендігін және аты-жөнін аңғартқан еді. Хетип-қожа оған ізет-құрмет көрсетіп, тиісті мекенжайға түсіріп, оған лайықты ақы мен қамдау белгіледі. Алайда, кейін Мұзаффар-ханның әрекет-мақсаты басқаша екендігін біліп: «Біздің басшымыз Кучарда, сондықтан сол шаһарға барып, жарлығын қабыл алыңыз» деп жанына адам қосты және Кучарға аттандырды. Кучарда хан-қожа да оған ізет білдіріп, тиісті қамдауды белгіледі және өзіне лайықты жерден әйел әперді. Мұзаффардың көңілі тынышталып, өзі қалаған жерде тамаша-сейіл құрып, осы аумақта біраз уақыт тұрып қалады. Күндердің бірінде «Корла қаласына барсам» деп рұқсат сұрап кетеді. Яқупбек-ғази Кучарды алған кезде, ол Тұрфан жаққа сапар шегеді. Бұның оқиғасы кейінгі дастанда баяндалмақ (Алла сабыр етушілерге жақын-дұр!). Инша’алла!
Хетип-қожа сондай-ақ Жамалиддин-қожаны да Кучарға жібереді. Нәтижеде дүнгендермен одақтаса алмаған, Яркентті де уысында ұстай алмаған қожалар өз еліне қайтты. Бұлардың елге оралуының тағы бірнеше себебі бар. Соның бірі: дүнгендердің саны 25 мың адам, қару-жарақтары да көп екен. Сондықтан қожалар «Аз адаммен келіппіз. Жақсылап дайындалып келгеніміз дұрыс болғандай екен» деп қайтқан. Тағы бір себеп: Шейх Назариддин-қожаның мінезі сабырсыз, тұрақсыз еді. Оның үстіне, ол өзін екінші Әмір Темірдей санап, Яркенттегі ірі хазрет-ишандар және дүнген имамдар жетекшілігіндегі асылзадаларды (ақсүйектерді) адам құрлы көрмеді. Бұл – олармен бірлесе алмауының себебі болды. Ал Сеид Хетип-қожа мінез-құлқы көркем, жылы шырайлы, сыпайы да әдепті, шын пейілді адам болатын. Яқупбек-құсбегімен де әбден танысып, өзара іңкәрлік пен жақын қарым-қатынастың жібін байлады, соның нәтиже-жемісін көрді. Назм (өлең):
Егер патша болса сыпайы, әңгімешіл,
Қиындықты оңай жеңеді, әй хафиз.
8
Сеид Жамалиддин-қожа патшаның Яркент пен Қашғарды алу арзу-арманымен бір сапарда екі шаһарды алмақ болғаны, екі киікті аулау барысында дабыл-даңғыра соғып, тәкаппарлықпен шапқаны, бірін ұстап, енді бірінің соңынан қуып, екі киіктің соңғы дәулетіне жете бергенде биікте самғаған жаман жыртқыш бүркіттің қанды балағында кеткені һәм екі киіктің қызығынан мақрұм қалып, көңілі жарым болып, жай таппай, өзінің әдемі де шадыман еліне қайтқаны секілді оқиғалардың баяны
Ақкөңілді достар және білімі терең мансаптылардан құпия һәм жабық қалмасын, нақыл-хикаяларға негізделсек, Шейх Назариддин-қожа Яркенттің қорғанысын қолында ұстай алмай қайтқан соң, Ақсудың хәкімі Жамалиддин-қожа қайрат-батылдығы өршіп, өжеттігі тасып: «Яркент пен Қашғарды өзім аттанып жаулап алған соң, құсбегі дегенді тірідей ұстап, құл сияқты байлап, оны адамзат көрмеген қорлық пен жәбірге салып, атымның алдында қаражаяу айдап, айбатын жоймасам, Шейх Низамиддин-қожаның баласы болмай қалайын және сеид деп атанғаным да бекер болсын» деп үлкен сөздерді көпіртті, ащы сөзбен ант ішті. Оның қол астындағы жақсылықты білмейтін жағымпаз-жарамсақтары да: «Әлбетте солай, өз елінен қашып келген иесіз адамдардың нендей қадірі болсын» деп шамадан көп қошеметті мақтаулар айтты. Қыс бойы қару-жарақтар мен ат-көліктерді әзірлеу қамымен өтті. Көктем де жетті. Жер бетінде шөп-өсімдіктер көктеп, бой көтерген жазғытұрым мезгілі келгенде, інісі Жалалиддин-қожаны өз орнына Ақсу аумағын басқаруға отырғызған ол жорыққа әбден дайындалды. Кучарлық қожалардың бұрынғы әләммәсі және сеидтердің ұлы көшбасшысы Әлемахун-қожа деген бір кісі болатын. Ол 50 жыл әләммә мансабын өтеп, шарапатты шариғатты дамытқан һәм жұртшылықтың хас жоқшысы болған елағасы еді. Бұл кісі Кучар мен Шахиярдың әскерлерін бастап келді. Сеид Хетип-қожа мен Хамиддин-қожа Үштұрфанның әскерлерін алып келді.
Сеид Жамалиддин-қожа бақытты заман және шарапатты дәуренде жеңіс үзеңгісіне аяғын қойып, Ақсу шаһарынан Молла Абдулбақи-мүфти, Қасымқазы-бек, Бақыш-мираббек және Мұхаммед Шәріп-бекті, Кучар бектері Қажы-қазынашыбегі, Яқуп-диуанбегі, Моллаш-мираб пен Ақмолла-мираб, сондай-ақ Үштұрфанның бектері Ақ-бек, Мұса-бек, Құрбан-мираб, Ибраһим-мыңбегі секілді іске жарайтын және істің байыбын түсінетін, өн-бойында қайырымдылық пен қайрат тұнған бектер мен бекзадаларды жанына ертіп, Яркентке аттанды. Әскерлердің саны 26 мың адам деп дәптерге тізімделді. Базаршы, пілтеші және атқосшылар осы есепке кірмей, әскерден бөлек қосымша топтасып жүрді. Бұлар дәулетті айбын және сән-сәулетімен жол жүріп, Яркентке үш бекет қалғанда, шаһардың уәлиі мен тұрғындары, хазрет-ишандары, дүнгендердің үлкен-кіші ұлықтары, қадірлі азаматтары топ-тобымен және сауға-сәлемдерімен алдынан шықты. Олар жеңіс үзеңгісіне беттерін сүртіп, қолдарын көтеріп, Алланың дәргейі алдында әлсіздігі мен қауқарсыздығын білдіретін, қожалардың өмірі мен бақ-дәулетін тілейтін дұғалар оқып, бата-аяттарын айтып, ыңғайсыздық пен өкініштің қара теріне түсіп, бұрынғы істеріне пұшайман болып өкінді. Осыны сезген қожалар шахтарға тән сый-тартулар және патшалық рақымшылдықпен олардың күнәларын кешіріп, діл-көңілдерін көтеріп, бәрін де қуанышқа бөлеп ұлықтады, айбарлы да екпінді қуат-салтанатпен астана Яркентке орналасты. Мейлі дүнгендер немесе хазрет-ишандар болсын, ешбір адамның көңілінде қожалар туралы бірер жаман ой ойлауға күш-қуатсыз һәм қауқарсыз еді. Барлық ақсүйектер бағыныштылық белбеуін бекем буып, қожаларды құттықтап, шахтарға тән барабан-дабыл мен керней-сырнайларын ойнап, шаттық саз-әуендерін төкті. Түрлі елді мекендерден топ-тобымен құттықтауға келген халайықтың дабырласқан дауыстары құдды көк күмбезді аспанмен астасты. Қожалар сый-сияпаттың есігін айқара ашып, әділеттің киізін жайды. Қой мен бөрі бір көлшіктің суын ішті. Лашын мен кептер бір ұяда балапан-шөжесін шығарды. Бәлкім, адамзат пен күллі мақлұқат арасындағы дұшпандық және өшпенділік медет пен қайраттың артына жасырынып жоғалды. Ынтымақтастық пен махаббаттың қағидалары күннің сәулесіндей нұр шашты. Оңаша әрекеттері биікке өрлеген қожалар халыққа көптен-көп тарту-таралғылар үлестірді, мейірбандылығын көрсетті, билік басына жайбарақат жайғасты.
Сөздің қысқасы, енді олардың арман-мақсаты – Қашғарды алу еді. Бұл мақсатқа жету үшін олардың діл әйнектерінде азық-түлік қамдау, әскерлер мен құрал-жабдықтарды әзірлеумен әуестік орнады. Яркенттің айналасынан көп әскер жиылды, шарапатты дәурен һәм бақытты заманда Қашғарға жорыққа шығу жоспарланды. Яркенттің өкіметі әлгі Әләмахун-қожаға тапсырылды. Ол мемлекеттің барлық істеріне шексіз құқықты хәкім етіп белгіленді. Әскерлердің құрамы тізімделді: қосшы, пілтеші, базаршы, жылқышыларды санамағанда 72 мың мұсылман мен дүнген тізімге алынды. Сансыз көп жауынгерлердің «Пош-пош!» деген дауыстары, көше-базарларда оларды тамашалап келгендер және әскерге алынғандардың туған-туыстарының «Жол болсын!» деген баталары, керней-сырнайлар мен дақа-дабылдардың гүрілдеген әуендері, әнші-ғашықтардың айырылысқандағы мұңды жүрек сырлары, жалынды ғазал-мұқамдары және жігерлі сөздері бүкіл кеңістікті толтырды. Енді бір жағынан атты әскерлер бұрқыратқан шаң-тозаң мен топырақ аспанға көтерілді. Осы көрініс көргеннің көзін соқыр, тыңдағанның құлақтарын керең қылды, ақылды-естілер сезу қуатынан ажырап қалды. Құдды қиямет күні инсаният жиналатын алаңның және Әрсат дүрілінің бір белгісі айқын пайда болғандай көрінді.
Хижраның 1283 ж. жамадул’аууал айының 2-күні (1866 ж. 12 қыркүйек) құрал-жарақтан бөлек 200 арбада көптеген шынжыр кісендерді тиеген қожалар «Қашғарға барамыз һәм сол жерді аламыз. Қыпшақтар мен әндіжандықтарды тұтқындап, құлға айналдырамыз. Шынжырмен мықтап байлап, айдап әкелеміз» деп бос қиялдарын от жағылмаған қазанда пісіріп, тіссіз ауызда шайнап-ләззәттанып, көңілді жүрген-ді. Қожалар билеп-төстеген барлық кезең-замандарда мұндай көп әскер жиналып аттанбаған еді. Тіпті одан кейінгі күндерде де бұндай ахуал кездеспеген. Әлемді жаратушы қадірменді Алланың қасиетті рақымымен Сеид Жамалиддин-қожа шахтар киетін әшекейлі киім мен шахтардың тәжін киді, Исфаханның қылышын қуатты беліне байлады, жақсы тұлпарға мінді. Ол үлкен сән-сәулет және салтанатпен әзірленетін һәм жорықтарда тұрғызылатын үй-заригаһ (алтын матадан тігілген шатыр үйлер) пен шатырларға түсті. Екі күн демалып, үлкен-кіші әскерлеріне тиесілі қаражат пен тон-киімдер беріп, үшінші күні нысаналы тарапқа қадам тастады. Ол асықпай аяңдап, Ханарық елді мекенінде патшадай шатырын тұрғызып, әскерлерінің алды-соңын реттеді және шолды. «Егер Яқупбек-құсбегі осыншама көп әскердің келгенін білсе, Қашғарда тұра алмай, еріксіз таулардың ар жағына кетуі, ал қашғарлықтар атты әскерлердің тұяғы астында тапталып қалуы мүмкін» деп қосындарының көптігіне мастанды және сүйенді. Алайда, ол жаһан-дүниенің иесі Хақ-тағаланың мінсіз құдыретіне жүгінуді ұмытты. Оның үстіне, тағдырдың түрлі қиялдарын қаперіне де алмады. Әлем иесінің зауалға жеткізетінінен мүлдем хабарсыз болды.
Дәл осы кезде Йеңиһисар тараптан бір байрақ көрінді. Байрақтың ішінен қилы ту-жалаушалар желбіреп келе жатты. Байқап қараса, осы ту-жалаулардың арасынан құсбегінің қосындары шыға келді. Шартарапқа қойылған иравулчи-қарауылшылар жетіп келіп, көрген-білгендерін мәлімдеді. Жамалиддин-қожа: «Құсбегінің жігіттері аз, біздер көп» деп әскерлеріне оң және сол тараптан шабуылға шығуды бұйырды. «Екі жақтан айдаһардай бас салып, құсбегінің жігіттерін ортаға алып, тас құрсаудай қоршау үшін саптарыңды түзеңдер! Бәрін тірідей ұстап әкеліңдер» деп үкім-жарлық түсірді және өзі ортада жайбарақат тұрды. Расында, бұл қосындарға қарасақ, құсбегінің жігіттері аспандағы Фарвин (Үкәр, Жетіқарақшы) шоқжұлдызына ұқсайтын. Ал қожалардың жігіттері жеті қат аспандағы барша жұлдыздардың санына тең келетіндей мол еді. Сол күндері Голап (Куляб) ұлығы Хамра-хан 250 мықты жауынгерімен қожаларға жәрдемге келген. Қожалар «Бізге жат елдің адамының керегі жоқ» деп оларды шетке қақты. Үміті үзілген Хамра-хан құсбегіге жәрдемдесті және біраз шаруаларды тындырды.
Яқупбек өз адамдарының аздығын ұғып, қожалардың жігіттерінің көптігіне алаңдаса да, Алланың дәргейіне тәуекел етті және жігіт-сарбаздарын жан-жаққа топтастырып аттандырды. Абдулла есімді бір пансат бастаған батырлар қожалардың әскеріне бәле-апат түскендей бас салды. Олар қожалардың екі қанат қосындарының аралығында зеңбіректермен қаруланған дүнгендерге жақындап барып, кері шегінді. Енді бір жағынан Ғазибек-пансат пен Азизбек-жаллат сол тараптан арғымақтарын ойнатып шайқас алаңында қырғын соғыстың мерекесін жандандырды. Абдулла-пансат екі-үш рет желкілдеп келіп, артқа шегінген мезетте, қожалардың әскерлері сол тараптан соққыға ұшырады және артына ығысты. Сол аралықта біраз адам мерт болғандықтан, «Кері қайтыңдар!» деген дауыс естілді. «Қарсы тұруға күш жетпеген кезде қашу – пайғамбардың жолы-дұр» деген қасиетті хадисті өздеріне лайық және уәжіп санаған қожалар еріксіз қос пілтелі қару-жарақтарын, үй-шатырларын, бұйым-жабдықтарын, азық-түлігін, дүние-малдарын тастап, қазынасына қарамастан қамшысын жеңіліс жаққа сілтеп, Ақсуға баратын жолға қарай қашуды қалады. Өлең:
Астан-кестен әскердің қолынан іс келмегей,
Екі жүз мәрттің соғысы жақсырақ жүз мыңнан.
Бұл – Құран-Кәрімде жазылған «Алланың жәрдемімен аз санды қосындар әрқашан да сан жағынан өзінен асқан қосындарды жеңе алады» деген аяттың мазмұнына толық сәйкес келеді. Екі жыл бойы Ақсу, Кучар, Яркент, Үштұрфан және Корлаға дейінгі елдің қаражаты мен мұсылмандардың ақшасына жан-тәнімен дайындалған жабдықтар мен қару-жарақтардың иесі болған қожалар мына шайқаста ең болмағанда екі сағат тең келе алмай, шаң-тозаңдай тозып бітті. Өлең:
Құдай ируләр мәликул-мүлік,
Әркімге берсе тұти-ул-мүлік.
Нәһәдди болғай кісіге мүлік алу,
Шахиншах ол тәнзул-мүлік.
(Құдай бүкіл әлемнің патшасы, қаласа патшалықты береді, қаласа - тартып алады. Мемлекетті иеленген кез келген пенде патша бола алмас).
Қожалар құсбегі жөнінде әртүрлі боқтық сөздер айтқан еді. Бұл өз бастарына қайырылып келді. Қасиетті хадисте айтылғандай, «Біртуған бауырға ор қазған адам түптің-түбінде сол орға өзі түседі» деген сөз дәл осылардың хал-ахуалына сәйкес келді. Қожалардың ішінде біраз жақсы адам бостан-босқа мерт болды. Біразы тұтқынға алынды, біразы ат-көлігі мен киім-кешегінен айрылып, жалаңаш қалды. Біразы не тағам, не су таба алмаған аш күйде шөл-жазираларда тентіреп жоғалды. Жаны жарым болған кейбіреуі еліне қайтып келді. Жеңіліс күні оларға қиямет-қайым түскендей көрінді. «Менен асқан адам жоқ» деп дабыл қаққан қожалар өз жандарынан безді. Біресе есін жиып, біресе есінен танып: «Түс көрдім бе? Мына ахуал әлдебір қиял болып көрінді ме? Маған не көрінді? Мен не болдым?» деп наша шегуден басы айналған бәңгілердей немесе апиын шегіп көңілі қиялға батқан апиыншылардай естері айналды, тілдері күрмелді, жандары шыға жаздады һәм көңілдері бұзылды. Олар көптеген әурешілік пен жапа-машақаттар тартып, демалатын шатырларына әрең жетті. Көк аспан және қыңыр да сұм жазмыш өзінің сиқырлы ойындарын тағы көрсеткендей болды.
Астана Яркентте тұрған Сеид Әләмахун-қожа Ханарық түбінен қашқандардан барлық оқиғаны естіп, тақатсызданып отыра алмай, «Мен Қашғарға баратын болып қалдым» деген желеумен өзін Яркенттен құтылдырып, Ақсу жаққа жөнелді. Демек, қожалар осылай бір додада екі шаһарға аяқ тастады: Қашғарды аламыз деп Яркенттен де құр қалды. Нәтижеде олар естерін әрең жиып: «Осы екі қаланы дәмелену түгіл, бұл жерлерді тіптен көңілімізде ұстамайық. Мына жақты ешқашан армандап та әуес болмай-ақ қойдық» деді. Әрине, бұдан соң олар осы аумаққа келе алмады, ауыздарынан не шықса, нәтижесінде өздері соған тап болды. Өлең:
Құдай бергенде сен ешбір өштеспе,
Ата әйлап өзі берді Құдайдың.
(Құдай бергенде ғидиң-пидиң етпе, өйткені Ол біліп әдейілеп береді)
Сол кезде дүнгендер 12 мыңнан артық адам болатын. Олар Үкәр (Жеті-қарақшы) жұлдыздары іспетті шоғырланып, зеңбіректерін пілтелеп, көптеген адамды жайратты һәм намазшамға дейін құсбегінің жігіттерін жақындатпады. Құсбегінің өзі борбайына оқ тиіп жараланды. Ақыры, дүнгендермен бітім-шарт жасалып, олар зеңбіректер және жабдықтарымен бірге Қашғарға жөткелді. Бәріне мәртебесіне қарай тиесілі тарту-таралғы үлестіріліп, әрқилы уәде-серттер беріліп, думандатып көңілдерін жайлы етті. Қару-жарақтары тәркіленген оларға киім-тон кигізу, әртүрлі шен-мансаптар беру арқылы өздеріне баурады және өздерін қолдайтын етіп алды.
9
Сеид Хетип-қожаның бағстанының (бағының) көктемгі гүл қауызы және жан қабыршағындағы табылмас гаухары Махмудин-қожаның билігі, осы шығарманың иесі мен, Молла Мұсаның, басымнан кешкендерім, бірқатар жік-ағымдардың сенімі туралы ахуалдардың баяны
Құрметке ие жарандар мен зерек бауырлардың асқақ зейіндерінен жасырын және беймәлім болмасын, Сеид Бұрханиддин Хетип-қожа кенже баласы Махмудин-қожаны өзінің орнына қалдырған өкілі, Үштұрфан аймағының билеушісі етіп, осы шаһардың хәкімі Тохти-бек пен кучарлық Тәләй-датқаны оған қызмет етуге белгілеген соң, өзі ғазауатқа аттанған еді. Махмудин-қожа Үштұрфанның жоғары дәрежелі билеушісі етіп қойылғаннан кейін, «Ислам өзінен бұрынғының бәрін жояды» деген қасиетті хадистің мазмұнына сәйкес, бұрынғы мансапты кәпірлер мен жауыз жәбірлеушілердің салт-дәстүрлерін жойып, барлық салтанатты амалдарын және ел басқару істерін шариғаттың нәзік үкімдері бойынша өлшеп-шешті. Шаһардағы ірі пұтхананы бұзып, орнына үлкен мешіт салды. Оның вакуфтық меншігі және басқа да дүние-мүлкі бекітілді. Қожа билік басында үш жыл бір ай отырды. Ешбір адам оның істеріне кедергі жасап, араласа алмады. Өйткені, басқалардан жасы кіші болса да, қожаның парасаттылығы мен ілім-білімділігі, жақсылығы және мінсіздігі басқалардан артық еді. Соның ішінде, ілім саласында өзге қожалардан артықшылығы мол болатын. Ұзақ уақыттан бері кәпірлердің ереже-дәстүрлері мен зұлым-жапалары, бұрынғы бектердің өзінше енгізген тәртіптері мен жиіркенішті істері кеңінен жайылған осы шаһарларда Махмудин-қожа «Жанға әсер сұхбаттан» деген керемет хадиске жүгінді, өзінің мінез-құлқын да осыған туралады. Қылыштың жүзімен, найзаның ұшымен халайықтың діл-көңілінде орныққан жаман-жақсыны айыра алмайтын ерсі мерез бидғат істерді жойды. Оның орнына пайғамбардың шариғат-сүннеттері мен құрметті қасиеттерін орнатып, саясат семсерінің су-топырағымен мәпелеп көгертіп, хош иісті майса райхангүліндей өсірді. «Жаннат – қылыштың саясында» деген қасиетті хадис осы істерді дәлелдеуде.
Махмудин-қожа шаһардағы және сахарадағы (даладағы) мешіт-ханақаларға имамдар мен муәззиндерді орналастырып, бес уақыт намазды жамағатпен бірге өтеуді жүктеді. Ол шариғаттың бүкіл қағида-тәртіптеріне, Расулулланың сүннет кітабына (хадистер) және тура жолды ғұламалардың қисынды пікір-сөздеріне негізделіп, үкімдер шығарды. Ұлы шариғаттың ережелерін қатаң атқарып, оларды бұзған барша адамның көңіліне ешбір қарамай шешім қабылдайтын. Сондай-ақ құмарпаз, кептерқұмар, кекілікқұмар, тұқымпаз және басқа да құмар ойнаушыларға қатаң тәлім берді (жазалады), жойып жіберді. Бірақ, өзі шахматшы еді. Ол Ұлы шариғат қағидаларын нық қолдап, халайықтың уайым-рақатын ойлағаны үшін үлкен-кішінің бәрі де оған риза болатын һәм ұнататын.
Осы шығармаға қалам тербеткен мен, Мұса пақыр, осы қожа-патшаның әріптесі және сырласы едім. Мейлі бірер ғұлама немесе игі жақсылар болсын, мейлі хәкім һәм датқалар болсын, бірде-бір істі менімен кеңеспей жасамайтын. Өйткені мен қожа-патшамен Кучарда жеті жыл бір медреседе және бір құжырада (бөлмеде) бірге тұрған сабақтас, құрдас және жақын дос болғанмын. Бір күні үштұрфандық Баймұхаммед-қазыбегі мен пақырды ифтарға (ауызашарға) шақырды. «Ифтардан кейін бізде қонып, ертеңіне шаһарға кіру жөнінде қожа-патшадан рұқсат алып шығыңыз» деп өтінді ол. Оның қора-жайы шаһардың сыртында еді. Мен қожа-патшаның рұқсатынсыз бір түнге де бөтен жерге бара алмайтынмын. Өйткені мен оның бес уақыт намазындағы имамы және мешіт жамағатының хатибы едім. Құпия әңгіме-сөздер мен хаттарға да қатынасым бар еді. Тоғыз түрлі қарауылға шыққан-түскен адамдарға жауап беретінмін. Қарауылдардың жолхаттары да менің қолымда, менің жауабымды алмай ешкім де қарауылдан өте алмайтын.
Бұдан басқа, қожа-патша билік құрған кезеңде оған бір мөһүр (мөр) қажет болды. Мөрді қалай ою жөнінде әркім әртүрлі пікір айтып, қанатты сөздер құраған еді. «Яфәт иззити зи һәзрити мәғбуд, ибни Бурханиддин Хожа Махмуд» (Ұлы Алланың дәргейінен ізет тапқан Бұрханиддин-қожаның баласы Махмуд) деп мен де солардың қатарында бір сәж’и (қанатты, ұйқасты сөз) ойлап таптым. Қожа-патша осы сәж’иді ерекше жақтырды және келісті, мені мөрді оюға тағайындады. Мөһүркәнд (тамға оюшы) алдында мөрді қарап тексеріп, оған көрсеттім. Айрықша қуанған қожа-патша мені мөһүрдар (тамғашы) етіп, мөрді тапсырды. Сөйтіп, барлық таңба мен бұйрықтарға мөр басу қажет болса, маған бұйыратын. Мен оларға мөр басып беретінмін. Сонымен қатар, қытайлардан қалған ұн, бидай және арпа қоймалары бар еді. Осы үш қойманы басқару да маған тапсырылған-ды. Жоғары мәртебелі сарайдың асханасы және атханасы (ат қорасы), жақындарының ішіп-жеу һәм басқа да шығындары әлгі қоймалардан қамдалатын. Осы істерді менің атымнан басқаруды өз інім Мұхаммед-қалпеге тапсырған едім. Ол астықты бұйрық-тапсырмаларға сай жарататын. Борышханаға (кеңсеге) қажетті ет, май, күріш, сәбіз бен пияз секілді нәрселердің бәрі қоймалардағы астықты сатудан түскен қаражатқа күнделікті базардан әкелінетін. Қоймалардағы астықтың есеп-қисапсыз көп болғаны соншалық, екі жылдан кейін қоймаға кірсем, астықтың 4/1 бөлігі әлі де жаратылмапты. Бірақ өзіме берілетін ұн мен азықтан тым болмаса бір цзиң (500 гр.) немесе бір сәр («ляң», салмақтық өлшем бірлігі) артық алмадым. Інім екеуіміз бір қора-жайда тұратынбыз. Кейде шыраққа май немесе шам қажет болып, қоймадан бір нәрсе алып шықсам, базар нарығымен есептеп, ақшасын төлейтінмін. Бұл – менің әрқашанда да харамнан сақтанғаным немесе тақуалығымнан емес, бәлкім ынсап-сақтығымнан болар. Бұдан басқа, тағы тоғыз қойма астыққа лық толған еді. Осының барлығы да кейінгі күндері Мұхаммед Яқупбек-құсбегі аталық-ғазидің қолына түсті. Біз осы астықты не кеңінен жаратпадық, не пұлға айналдырып пайда көрмедік.
Сөздің асылы, Баймұхаммед-қазыбегінің өтініші бойынша қожа-патшаның рұқсатын алып, ифтарға бардым. Тарауық намазын ада қылғаннан кейін кірген бір үйде әуен-саз ойналды, жүрекжарды әңгімелер айтылды және машраб (ұйғырлардың ойын-сауық кеші) ұйымдастырылды. Мейман күту тәртібі аста-төк етіп жасалды. Түн жарымда мені мәжлиси машрабта отырған жұрттан бөліп, жалғыз өзімді арнайы мейманханаға бастап кірді. Мұнда Үштұрфанның бұрынғы бектері Құрбан-қазынашы, Исмаил-бажыгер, Молла Имин-шейх, Молла Нұр секілді 15-ке жуық адам отыр екен. Бұл үйде де жақсы қонақасы берілді. Тағам татқаннан кейін олар: «Хетип-қожам қартайған және көңілі жұмсақ, сыпайы адам. Хамиддин-қожа өте қайратты және ашу-ызасы асқан адам-дұр. Ал қожа-патша елді өте жақсы басқаруда. Үлкен-кіші бәріміз де оларға ризамыз. Хетип-қожа мен Хамиддин-қожа елдегі істерге араласа берсе, жақсы нәтиже әпермес. Бәлкім, жаман нәтиженің шығуына әкеледі. Осы ұсынысымызды келістірсеңіз жақсы болар еді. Егер бұлай болмаса, жаман істер шығып қалар» деп сөздерін аяқтасты. Ертесі шаһарға кірген бойда бұлардың ой-мүддесін қожа-патшаға бір-бірлеп мәлімдедім. Қожа-патша: «Бұл әңгімені әкеме де, ағама да білдірмеңіз. Мен бұны өзім бір жолмен айтып келістірейін» деді. Содан үш күн өтті. Төртінші күннің кешінде үштұрфандықтар «қара сойыл» болып (бүлік көтеріп), бағынудан бас тартты. Хетип-қожа осы хабарды ести сала, кучарлық Молла Тохти-мөтисип (абыройлы ақсақал) деген кәрі адамды, ал қожа-патша мені елші етіп тағайындады. Елші болған екеуіміз шаһардан шықтық және күн көрінген сәтте Мазартерек деген жерге жеттік. Мәре-сәре болып құжынаған адамның бәрі осында топталған екен. Бәрі де өкіметтен бет бұрып, Мырзажан-хазрет дегенді өздеріне ұлық етіп, әмір-пәрменіне бағыныпты. Сол күндері ауа райы өте суық болатын. Үйге бастап кірді. Біз елшілердің жөн-жосығымен: «Үлкен-кіші бәрі де мына пейілден қайтсын. Егер ел басқаруда қайсы-бір іс жүргізілмесе немесе орындалмаса, оның шараларын біз жасайық. Көңілдері ауырған болса (кірбің түссе), тон кигізіп, шай құйып, көңілдерін аулайық деп бізді осы жерге шығарды» деп сөзімізді аяқтадық. Хазрет бастаған үлкен-кішісі бастарын салбыратып, үндемей тұрған бір мезгілде Имин-шейх деген адам тіл қатты: «Қырғыз бен қазақтар да өз жұртын өздері билеуде. Біз де қырғыз бен қазақтардан кем емеспіз. Қожалар қаншалық мехнат-машақат тартса да, бәлкім қабілет-мүмкіндіктері соншалық болған-дұр. Қару-жарақтарынан басқа нәрселерді өздерімен бірге әкетсін. Біз ат-көлік беріп, жақсылап қамтамасыз етіп, жолға салайық. Енді біздің ішетін шайларымыз – ажалдың шербеті, ал киетін киім-тонымыз – кебін болып қалды. Сөзіміз таусылды» деді. Бүлікшілер Молла Тохти-мөтисипке бір адам қосып шаһарға жіберді. Мені шаһарға жіберген елшісінің орнына барымтай етіп қалдырды (кепілге алды).
Сол күн жұма еді. Мазартеректе бір мешіт бар екен. Барлық адам осында жұма намазын оқығаннан кейін, хазретті ақ киізге отырғызып көтерді және өздеріне патша етті. Барлығы да шуылдап шаһарға қарай жылжыды. Жолда хазрет киіздің үстінен жығылып түсті. Бұл жаманға жорылды. Аламаншылар бара сала шаһардың бір қақпасынан кіріп, енді бір қақпасын ашқанша, зеңбіректерді әкелген Хамиддин-қожа бүлікшілерге оқ атып, қыруар адамды өлтірді һәм дарбазаны тарс жапты. Бекіністің үстіне шығарылған жігіттер оқ жаудырып, оларды жақындатпады. Аламаншылар алты күн-түн бойы жанының барынша әрекеттенді, бірақ ешбір нәтиже шығара алмады, қайта қыруар адамы зая кетті. Мені бір үйге қамап, біраз адамын күзетке қойды. Жетінші түн дегенде хазрет мен пақырды шығарып алып: «Өзіңіз елші болып келдіңіз. Енді біз жақтың елшісі ретінде шаһарға кіріп, бізді қожалармен келістіріп, елді жақсы хоп етіп қойсаңыз (елдестіріңіз). Жұртшылыққа насихат айттым. Ел бұрынғыдай бағынышты бұқара, ал қожалар билеуші болсын» деп біраз әңгіме айтып, мені шығарып салды. Менің арғымағымды Сәбит-жүзбегі деген біреу олжалаған екен. Соны тауып, өзіме қайтарды. Маған қосқан төрт бекке: «Тұмсық тауынан өткізіп қайтыңдар. Адам көп, зақымдап жүрмесін» деген бұйрық берілді. Қожалар менен кейін самарқандық Молла Қаландар-ахун деген беделді де құрметті саудагерді елші етіп жіберген екен. Ол менімен бірге бір үйде қамалған-ды. Сол кісіні де сұрап алып, өзіме серік етіп шаһарға кірдім. Түн қараңғы болатын. Әскердің болғанын білмеппін. Тұмсық тауына келгенімде, өзіме ілескен бектердің бірі: «Мені пәлекет басып, бұларға қосылған екенмін. Шаһарға бірге кіріп кетсем, мені өлтіреді ме?» деп маған ақырындап тіл қатты. Ахуалды шамалап, бәріне естілетіндей: «Ей, Норуз-мыңбегі аға, менімен бірге шаһарға кіріңіз. Қандай да бір мәселе шығып жатса, мен қорғап құтқарайын. Бұған кепілдік беремін» дедім. Осыны естіген басқалары «Біз де кіріп кетсек» десті. Бәріне де кепілдік беріп, шаһарға бірге бастап кірдім.
Осы кезде үш қожа үш қақпаға бекініп алған екен. Мені Хамиддин-қожа отырған дарбазадан шаһарға кіргізіп, онымен кездестірді. Өткен оқиғаларды бір-бірлеп мәлімдедім. Ол айрықша қуанып, маған сәлде, кулах (сопы қалпағы), шапан секілді сый-тартулар берді және «Молла Қаландар-ахун бастаған бектер қане?» деп сұрады. «Дарбазаның сыртында қалдырдым» десем, «Кірсін» деп бұйырды. Оған дейін күн шықты. Хетип-қожадан адам келіп, мені оған бастап барды. Бұған да ахуалды бір-бірлеп мәлімдедім. Ол да шектен тыс қуанып, көз жастарын аби нисияндай (сәуірдің берекелі жаңбырындай) тамшылата жылап дұға оқыды. Өйткені, алты күн шаһарда қамалған қожалар тақатсызданып, не қаладан кетудің жолын таба алмай, не аламаншылардың жағдайын біле алмай, Құдайдың өкім-жазасына көніп, мойындарын қаза-жазаға тіккен бір мезгіл екен. Дегенмен, сол күні ифтар таяған уақытта, топ-зеңбірек, жақын махрамдары мен сарбаздарын ілестірген Хамиддин-қожа Мазартеректегі хазреттің қора-жайын екі тараптан қоршап атқылаған. Сол кезде ол жақтағылардың бәрі де ифтармен айналысып жатқан-ды. Олар шауып өлтірілді, ал хазрет тірідей шаһарға әкелінді. Үштұрфанның хәкімі Тохти-бек, оның інісі Ақ-бек, Баймұхаммед-қазыбегі және басқа да көптеген адамдар қолға түсті. Сол түні сәреге дейін кездескен жақсы-жаман (бай-кедей) адамдардың барлығы да қырып-жойылды. Қырғыздар бастаған біраз адамдар Қашғарға қашыпты. Жақсы мен жаманды ажыратпайтын қырғыздар олардың біразын талады және қырып салды. Біразы шөл-жазираларда суықта үсіп, ажал шербетін ішіпті. Имин-шейх бастаған бірқатар адам Іле жаққа қашқан екен. Бұлар Сырт деген шөлейт далада өліпті. Кебін жабылмаған өліктері сахараның қарға-құзғындарына жем болыпты. Атасы баласынан, баласы ата-анасынан хабар ала алмай және бір-бірін қаперіне де алмай, кәдімгі қиямет сахарасына кезіккендей адамдардың бәрі өз ахуалы және жанымен әуре-сарсаң болып тентіреді. Өлгендердің саны 2 мыңнан асты деп есепке алынды. Дала-жазираларда өлгендердің саны бұдан да көп. Ауа райы өте суық күндер болатын. Кезінде қожалар Үштұрфанды алған кезде, Шопаңханның арақ қайнататын бір үлкен қазанын олжалап, Қолтықмазар мазарына вәхпә (меншікті мүлігі) етіп берген-ді. Аламаншылар осы қазанды хазреттің үйіне әкеліп, ифтарда ботқа пісіріп жүрген. Қожалар зеңбірекпен оқ атқанда, ботқа құйып жатқан екі аламаншы қазанға шөгіп өліпті. Хамиддин-қожа қолға тірі түскендерді тергеп, әр түні бірнеше адамды өлтіріп, құдықтарға тастады. Осылайша өліктермен толған жеті құдық көмілді.
Көшпенділер деп есептелетін үштұрфандықтардың мұндай пәлекет пен өлім-жітімге душар болуының тағы бірнеше себептері бар еді. Мұндай істер себепсіз туылмайтын. Алғашында үштұрфандықтар мұсылманшылық пен ұлы шариғаттың қағидаларын берік ұстанған халық еді. Бірақ олардың тағы басқа таңғаларлық сенім-нанымдары болатын. Біразы өздерін кубравия146, исхақия147, нә’матия148, рабурия149, дәуания150 секілді тариқат-ағымдарының жамағатымыз деп есептейді екен. Кейбіреуі «Аллаға тән нәрсе қожаларға да тән» немесе «Алла қожам» деп қожаларға шамадан тыс көңіл бөледі. Оларға сеніп, бәрінен жоғары мәртебелі санап, Алла мен қожалардың арасында ешқандай бірер биік мәртебелі инсан немесе тірі жанның болғанын мойындамайды, бұған жол қоймайды екен. Сондықтан қожалар Үштұрфанға жаңадан барған кезде, олар «Енді біз тілеген және армандаған қожамызды таптық!» деп өте жоғары бағалап, жылқыны үйірлерімен, сиырды табындарымен, қой-ешкіні қотандарымен, қыздарын қыздық опаларымен және келіншектерін бұрым шаштарымен қожаларға сыйға тартты. «Енді бізге ешнәрсе де қажет емес» деп олардың дұғаларын алып, «Алла қожам» деп тұрып алды. Алайда, қожалар: «Барлық мұсылмандардың орны бірдей» деп бұл сый-тартуларға назар салмай, бәрін тепе-тең көрген. Сол себепті, осы жағдайды көрген жергілікті халайық: «Біз іздеген қожалар бұлар емес екен» деп бірінен соң бірі олардан теріс айналған.
Тағы бір себебі, жергілікті ерлер мен әйелдердің бір үлкен үйге бірге жиналып, араласып отыруы. Үлкен қазанға қою шай және өздерімен әкелген бірнеше табақ қаймақты құйып қайнатқан соң, бір беделді кісіні «муәккәл» (өкіл) етіп сайлайды. Муәккәл ғұсыл-дәрет алғаннан кейін, шөміштің сабын ұстап, топталған адамдарға «Тәбәрік көк шай» деп аз-аздан жеткенінше құйып береді екен. Халайық шайды рукуғқа иілгендей (намаздағы иілу әрекеті) өте төмен тағзым-құрметпен алып ішеді. Содан соң әуен-саз ойналып, ерлер мен әйелдер бір-бірімен араласқан халде «сама» биіне түсіп, улап-шулап, біресе жығылып, біресе орнынан тұрып, біресе мастарға ұқсап алаңғасарланып, ауыздары көбіктеніп, мәз-мейрам күйден жайсыз халге түседі һәм «Һузурум» деген бір әуен-мұқамды орындайды екен. Бұл өлең осы ағым өкілдерінің арасында көп шырқалады. Біраз әншілер де отырыс-жиындарда оны өз өлеңдеріне қыстырып айтатын.
Сөздің қысқасы, олар осылай бірнеше сағат есі ауып, мастықты мақсат еткен күйден естерін жиып, «уһ» деп көздерін ашады екен. Мұндай іспен шұғылданушыларды «кубравия ағымы» деп атап, соған табынады. Олардың осы қылығы шариғатқа толығымен қайшы келеді. Бір күні қожаның алдына «тәбәрік шай» тілеп барған осы ағым-топтың жетекшісі: «Бізге дұға оқитын бір мінажатшыны тілейміз» деп өтінгенде, қожа мен пақырды мархабат етіп бұйырыпты. Олардың арасына барғанымда іс-шараларын өз көзіммен анық көрдім. Алдымен олар маған: «Әйелдермен бірге «сама» биін билеңіз» деп ұсынды. Мен: «Өзім әлі жаспын» деп өзімнің атымнан өкіл етіп бір кәрі адамды би алаңына шығардым. Қызметтері аяқталғаннан кейін, олар менен: «Сіздің бұл ағыммен аз шұғылданғаныңыз көрініп тұр ғой?» деп сұрады. Мен оларға: «Мен әлі жаспын, шариғатты әлі толық меңгере алмадым. Шариғатты толық меңгерген соң, осы ағыммен шұғылдансам деген ниеттемін» деп жауап бердім. Олар қожаларды танымай тұрып «Біздің қожамыз» деп ниет білдірген және мені де білмей тұрып «тәбәрік шайға» алып шыққан еді. Кейін бұлар: «Осының бәрін жасаған өзіміз» деп қолдан жасаған сенімдеріне күмәнданып, көңілдері құлазыған еді, бірақ пайдасы болмады.
Алайда шариғаттың панасы қожа-патшамыз залалды жолды түзу деп санап адасқан топтардың жаман істерден арылмай және өзіне ие бола алмай, сүннетті жаман істерден ажырата алмай жүргендерін білді. Ол Мұхаммед-пайғамбардың шариғатына, милләт сиражияның151 үкім-ережелеріне, жол сілтеуші имамдардың пікірлеріне және ғұламалардың пәтуаларына сүйеніп, түзу де хақиқи жолды жариялады. «Барлық істерде уағыз-насихат пен турашылдықты ұстанудың өзі дін» деген қасиетті хадистерге жүгініп, сыпайы мінез һәм шырын мақал-сөздермен үгіттеп-насихаттап, олардың қаскөй кеселдерін уағыздың есеңгірткіш шербеті және басқа да рухани дәрі-дәрмекпен емдеп көрді. Бірақ бұл дәрілер олардың қаскөйлік қаптаған жүректеріне шипа болмады. Еркектердің перде-паранжысыз әйелдермен бірлесіп бір орында жиі жиналатынын білген қожалар оларды қамшы шербет-дәрілерімен қатаң тәрбиеледі және беттерін қайырды. Осы шаралар мінез-құлықтарына дарымағандықтан, олар қастық ұрығын шашып, дұшпандық тікендерін тікірейтті һәм барынша бағынбаудың дабылын айқын соқты. Ақыры бұл тәртіпсіздер істі соғыс пен қантөгіс жолына апарып тіреді. Нәтижесінде, олар құдды соқыр көбелектей шыр айналып, жанып тұрған шамшырақтың отына ұрынды және өлім бекетінен орын тапты. Назм:
Шырақты Хақ жандырды, қойды,
Кісі болса «пув» деді, сақалы күйді.
Өлеңнің мазмұны дәл осы тура жолдан азғандардың ахуалына сай келеді. ««Алла қожам» деп кімді айтасыз? Оның аты-жөні кім?» деген сұраққа олардың қалпе-машайықтары (діни ғұламалары): «Қожалардың аты-жөнін аузымызға ала алмаймыз. Ата-бабаларымыз да «Алла қожа» деп келген екен. Біз де «Алла қожам» десек, қожамыз өзі бізді тауып алады. Аты-жөнін бұрын естіп көрмеп едік» деп жауап береді. Жоғары мәртебелі Аллаяр-сопы152 «Суббат әл-Ажизин» кітабында мынадай маснауи (өлең) келтірді:
Болупту һәм тақи бир фирқә пайда,
Ати мөмин, вәли нәфсигә шәйда.
Йиғарлар парә вә бойни йоғанни,
Салурлар оттураға қизу-жуванни.
Алып барса кісілер әйелдерін,
Көтерер биһиммәтлик вәбалин.
Харам істі та’әт білсе инсан,
Ирур бұл етиқади намұсылман.
Бұл айған фирқә кім залли музил-дур,
Шариғат әһли бу әлдин хижил-дур.
Осы маснауидың мазмұны дәл сол жұрттың құлығына сәйкес келеді.
Исхақия, нә’матия және басқа да ағымдар бұларға ұқсайды немесе бұлардан да бетер болса керек. Кез келген жұрт өз ағымдарына деген сенім-нанымы өте берік болады. Мереке-той, ас беру, құрбан шалу және отырыстарда өзара араласа береді екен. Бірақ ағымдарын айрықша құпия-сырға айналдырып сақтайды. Бір-бірінің «тәбәрік шайлары» және ас берулеріне бармайды, шақырмайды. Араласып қалған жағдайда, шығып кетеді немесе шығарып жібереді екен. Кейбір жік-топтар ас беру кезінде «қожалардың ақысы» деп үлкен нан, «құдайым жолында» деп одан кішірек бір нан және «пайғамбарымның ақысы» деген одан да кішкене нанды пісіріп, олардың бетін сұйық маймен майлап, үстіне қадаған нокча шамдарын жағады. Осы нандар намазшамда ортаға шығарылады да, дұға айтылып, бата беріліп, Хатім-Құран оқылған соң, ұсақтап бөлінеді. Сосын жиналған үлкен-кіші адамдарға «тәбәрік» етіп үлестіріледі деген нақыл сөздер бар.
Аталған діни ағымдар Үштұрфанның көшпенділеріне ғана тән болып қалмай, бәлкім Жетішаһардың барлық аймақтарында кездеседі. Сондай-ақ «Кубравия деп қандай тариқатты айтасыздар?» деп сұрасаңыз, олар: «Білмейміз» деп жауап қайтарады. Сөздеріне қарағанда, «Әлбетте, бұл мазхаб Шейх Нажмиддин Таммит Кубраға тиесілі болғаны мәлім. Кубравия ағымының жауһары Шейх Нажмиддин Кубра бұл ұлық инсан дәл осы «сама» биіне сүйсінген еді». Іс жүзінде, Шейх Нажмиддин Таммит әл-Кубраның ілімі бұлардың жаман тариқатына ешбір ұқсамайтын. Оның іліміне өз бетімен еліктеп, өзінше бір ағым жаратып, әйелдері беттерін бүркеместен бөтен ерлермен аралас отырып, олармен «сама» биін билеп, өздерін айқын күйде үлкен күнәға кіріптар етті. Өз күнәларын «Ағым жасадық һәм кубравия тариқатын жаңғырттық» деп насихаттауы – олардың ерекше білімсіздігі мен надандығы, түзу жолдан жаңылысқаны ғана. Өйткені Шейх Нажмиддин Кубра – кубравия ағымдағылардың ең ұлығы және машайықтарының көсемі, ғылым-қал (шариғат) мен ілім-хал (тариқат) салаларында кемеліне жеткен адам. Оны жете түсіндіріп сипаттауға тіл жетпейді. Ол әйелдердің бет-әуреттерін жабуды парыз санап, қатты шектеген еді. Бұл ұлы адам тіпті әдеттегі шариғат ережелерінің сыртындағы мустаһап (парыз бен уәжіп деп есептелмейтін) істерді де ешқашан бұзбаған. Оның парыздан тайынуы мүмкін бе еді? Илаһым, Өзіңнің күшті құдіретіңмен жаңылғандар мен адасқандарды, бүкіл мақлұқтарыңды тура жолға бастап, берік дін және хидаят бергейсің. Ей, тура жол көрсетуші Алла, жолдан азғандарға дұрыс бағыт көрсеткейсің. Әумин!
10
Қожа Исхақ хан-қожаның Хотан және Ілеге аттандырған әскерлері мен елшілерінің оқиғалары һәм елші болып келгендердің хат-байланыстары, мурасилә сияқты істердің қысқаша баяны
Жазмыштың асқақ тәрбиесіне ие жарандар, ақыл иесі болған бауырлардың жүйрік те сезімтал қасиеттерінен жасырын және дерексіз қалмасын. Нақыл-хикаяларға негізделсек, Кучар шаһарының бұзылып, Қожа Исхақтың (хан-қожаның) таққа отыруы, исламның қайқы қылышын кәпірлердің басына төндіргені жөніндегі қуанышты хабарлар Жетішаһардың уәлилері мен халқына естіліп, жан-жаққа таралды. Шаһар-шаһарлардағы мұсылмандар мен дүнгендер одақтасып, исламның шарапатын ашуды және жауыз кәпірлерді жазалауды өз мақсатына һәм құштарлығына айналдырды. Кучардан кейін, Іледегі жеті бекіністің дүнгендері мен тараншылары бағынудан бас тартып, Әләм Молла Шәвкәт-ахунды өздеріне басшы және тәуелсіз хәкім етіп көтерді. Ол өте асыл қасиетті және діндар еді. Сонымен қатар, Хотан халқы да қытайлардың уысынан шықты. Яркент пен Қашғардағы халық та бодандық пен бойсұнудың жібін үзді. Өйткені, осы алты шаһарға Кучар бір қақпа іспетті болатын – Бейжіңнен келген чериктер алдымен Кучарды баспай, басқа жерге бара алмайтын. Бұны білген жетішаһарлықтар бірінен соң бірі бұзылып, әрбір шаһардың тұрғындары бір адамды басшы етіп сайлап, соған бағынып, өз алдына мүлки-тауаип (дербес ел) болды.
Әсіресе Хотанда Молла Һәбиболла-мүфтиқажы деген тақуа, парызгер, шариғатшыл, әділ-парасатты бір адам бар еді. Барлық хотандықтар бірауыздан оны өздеріне сардар етуге лайықты деп біліп, бастарына көтерді һәм Хотандағы кәпірлерді жазалады. Дүнгендерді де кәпірлермен қоса түгелдей жайратып, елді парызгер мен тақуалылардың діліндей сап таза етіп, Һәбиболла-қажыны (қажы-падишах) салтанатты таққа отырғызды. Осы тұста Шейх Назариддин-қожа Яркентті бағындыруға ниеттеніп, осы қалаға аттанды. Онымен бірге Қажыбек-қазынашы да барған еді. Яркентке барған соң, Қажыбек-қазынашыны 1700 мұсылман, 300 дүнген чериктерімен Хотанға жолға салған Шейх Назариддин-қожа: «Сіздің Хотанға барғаныңызды Молла Һәбиболла-қажы өзіне абырой да мақтаныш деп біліп, бағыныштылықтың кемер-белбеуін беліне нық байлап, мойнын төмен иіп, алдыңызға шығып, ізет-құрмет көрсетсін. Сізді салтанатты таққа отырғызып, өзі қызмет рәсімиеттерін өтейтін болса тіптен жақсы. Егер Сізден бетін бұрып, қарсылық көрсетсе немесе бағынудан бас тартса, оған жан-тәніңізбен күш көрсетіп, Хотанды бақылауға алып, қажы-падишахты бүкіл әулетімен қоса менің құзырыма жіберерсіз» деп біраз саяси сұс, тұзсыз-дәмсіз, ащы да лепірме сөздерді келтірді. Қажыбек-қазынашы алған бағыттан жалтармай Санжу елді мекеніне барғанда, қажы-падишахқа даңдайсыған бір хат жазды. Хатты саралаған қажы-падишах: «Бұл хатта достықтың иісі сезілмейді. Керісінше, дұшпандық пен араздық айқын көрініп тұр. Ең жақсысы оның алдына әскер шығарайын. Қане, тылсымның пердесінен нендей іс-жағдайлар көрінер екен?» деп үлкен баласы Ибраһимхан-судурды 3 мың әскердің қолбасшысы етіп алға шығарды. Екі тарап Зауа деген бекіністің түбінде шайқаса кетті. Көптеген адам шығын болды. Ибраһимхан-судурға оқ тиіп, бақилық әлеміне сапар шекті153. Ақыры Қажыбек-қазынашы да қарсы тұра алмай, жеңіліске ұшырады һәм Яркентке кетті. Жеңіске жеткен қажы-падишахтың қол астындағылары олжаны алып, қайғы да қаралы халде Хотанға жетті.
Қажы-падишахтың елемеуі және бағынудан бас тартуының себебі: кучарлық бекзада Қажыбек-қазынашы шешесі жағынан қожаларға туысқандығы бар еді. Бірақ, кезінде қытайларға қызмет еткен бұрынғы бекзадалардың бірі болатын. Ол оқиғадан (көтерілістен) бір жыл бұрын Яркенттегі манчжур амбанының аудармашысы болып, мансапта жүрген, қытай тілінде жақсы сөйлейтін, қытайша киім-кешектерді киюге әдеттенген адам еді. Сондықтан қажы-падишах «Маған Қажыбек дегенді жібергені несі? Қожалардың біреуін жіберуі қажет еді. Олай жасамағанның өзінде де шариғатты мойындайтын, өмір бойы шариғат бойынша киінген бір мумин-мұсылман табылмағаны ма? Маған бір қытайлық жетімекті жібергені несі?» деп өз елін берік басқарды және өз шаруасын тиянақты жүргізді.
Сонымен қатар, осы кезде Іледегі тараншылар да кәпірлерден бет бұрып, мүмкіндігінің барынша шайқасуға әрекеттенді, әзірленді. Ғазауатшы мәртебесіне бөленген олар өте зор қажырлылық танытты, өздерін «жанпида» деп атады. Көптеген адам дұрыс ниетпен жандарын пида етті және қанын төкті. Бірақ кәпірлердің ұлығы Іле-цзяңцзюн тұрған Күре бекінісі әлі алынбаған-ды. Бақытты да әдепті мұсылмандардың ұлығы Молла Шәвкәт-ахун өзгелерге: «Кәпірлермен соғыста көп адам қаза тапты. Көп кәпірлер де қырылды. Сондықтан біздің үстімізде дұға оқитын пайғамбардың ұрпағынан бір саһиб болуы керек еді. Ең алғашында ислам Кучарда азат етілген. Біз кучарлықтардың желеу-медетінің арқасында қуаттанып, Іледегі кәпірлерге қарсы қозғалғанбыз. Сондықтан Қожа Исхақты құттықтай отырып, оның әмір-пәрменіне бағынайық, бәріміз де бір мазхаб, бір ұлт болғандықтан, бірліктің басын бір жеңнен шығарайық. Басымызға мүшкіл іс түскенде бір-бірімізге достығымызды білдіріп және көмектесіп, мұсылмандардың рақаты һәм елдің гүлденуі үшін әрекеттенейік» деп кеңес берді. Осы сөзге келіскен барлық жуан-дөкейлер бірлесіп бір парақ бәйәтнама (пана тілейтін ресми хат) жазып, бір саһиб адамды жіберуді талап етті. Елшілік есебінде Молла Құрбан Хетип-ахун басшылығындағы 40 шақты адам тиісті сый-сәлемдемемен жіберілген екен. Іле аймағынан шыққан елшілер Сырт асуынан асып, Үштұрфанға келді. Себебі, сол кезде Мұздауан асуынан өту мүмкін емес-тін. Үштұрфандағы қожалар елшілердің алдынан шығып, лайықты орынжайға түсірді, бәйәтнама мен сыйлықтарды хан-қожаға ұсынды. Бірнеше күннен кейін хан-қожа жақтан «Елшілер жарлықтарын ала келсін» деген бұйрық келді. Қожалар ілестірген сенімді қызметкерлер елшілерді Кучарға жеткізді. Хан-қожа бұларды Кучарда екі ай тұрғызып, сый-сияпат көрсеткен соң қайтуына рұқсат берді.
Хан-қожа Бахауддин-қожаның баласы Сеид-қожаны ту-байрақ, барабан-дабыл, қару-жарақ, оқ-садақтар асынған 250 әскермен бірге Ілеге аттандырды. Бұлар үлкен қиындық-машақатпен Мұздауан асуына жол салып, өткелден өтіп, теңдессіз Алланың дәргейіне шүкіршілік етіп, қалмақтардың зиянкестігіне ұшыраудан алаңдаған халде Текеске жетті. Сол жерде тік жолдан шыққан бірнеше салт атты алаяқ қалмақ бұларға кезігіп: «Сендер кімсіңдер? Қайдан келдіңдер және қайда барасыңдар?» деп сұрады. Олар елшілердің аз-көптігін білген соң: «Бұл жерде әртүрлі бей-берекетсіз адамдар бар. Адам қосып берейік. Сіздерді аман-есен өткізіп жіберсек, бізге де бір қызмет есептеліп қалар (біздің қызметіміз ескеріліп қалар)» деп үш-төрт қалмақты ілестірді. Оларға: «Мына қожаларды пәлен жерге дейін апарып оралыңдар. Бұларға бірер адам зияндық жасап жүрмесін. Зияндыққа ұшырағаны бізге де жақсы болмас» деп екіжүзділер қолданатын әсіре сөздерді қайталап жолға салды.
Сеид-қожа бастаған адамдар «Құдай-тағала алаңдағанымызды жеңіл еткендей» деп екі-үш бекет жүрген соң, ат-көліктерін жайылымға қойып, пісірген тамақтарын бейқам ішіп-жеді һәм қалың ұйқыға шомды. Орайын пайдаланған жолсерік қалмақтар әлгі қандастарына хабар беріпті. Кенеттен аспаннан түскен бәле іспетті шауып келген қалың қалмақтар талау-тонауға кірісіп, бұлардың біразын өлтіріп жойыпты, біразын тұтқындапты. Кейбіреуі Ыстықкөл сияқты жерлерге қашыпты. Алайда Сеид-қожа анасы жаңа туған баладай жалаңаш, жарымжан, ашқарын болып сергелдеңге түскен және Іле аймағындағы кенттердің біріне жеткен. Кенттің ұлығы оған аяқ-киім беріп, Іленің сұлтанымен кездестірді. Хан-қожа сондай-ақ Ілеге Молла Аллаяр-ахунды жіберген екен. Ол бір шәкіртімен бірге Ілеге аман-есен жетіпті. Сеид-қожа басына түскен оқиғаларды Іленің сұлтанына мәлімдеген соң, өзіне тиесілі тон жабылып, керек-жарақпен қамдалып, жақсы мекен-жайға орналастырылды. Бірақ Іленің билеушісі оған бағынған да жоқ, көзге де ілген жоқ. Ол «жалаңаш қожа» деген атпен даңқы шығыпты. Оның себебі, қожа келердің алдында аламаншылар мен жанпидалар Молла Шәвкәт-ахунды бір күнәсі үшін орнынан алып, қапқа салып, тірідей өзенге тастапты. Ілеліктер бөгде бір адамды өздеріне ұлық етіп сайлады. Жаңа билеушінің Сеид-қожа секілділермен ісі болмапты. Іледе тұрақтап қалған бұлар тек Кучар Мұхаммед Яқупбек-аталық ғазидің қол астына өткеннен кейін ғана өз еліне қайтып келді.
Һәбиболла-қажы Қажыбек-қазынашыны жеңгеннен кейін бір жағынан шаттанып, енді бір жағынан «Не болса да, жақсы іс болмады» деп уайымға салынды. Қалыптасқан жағдайды бірнеше күн бойы сараптаған соң, «Біз қожалармен бір дін, бір мазхабтағы мұсылманбыз. Не болса да, олармен келісіп, жақсы тұруымыз қажет еді» деп Хотанның келіскен және мақтанарлық кілемдері, торқа-маталары, сәйгүліктері мен айналымдағы ақшаны сый-тарту ретінде іріктеді. Ол достық байланыс орнату, тіпті бағыныштылығын мойындау үшін Зауа бекінісінде орын алған жаман істер үшін кешірім сұрап, ынсапқа келіп: «Қажыбектен басқа адам келсе, билігіне бағынып, қызметкерліктің қағида-рәсімиеттерін орындаған болар едім. Өздерің Хақани Чиннің «бір сөз, бір қол» болған жақсы адамдарын өлтіріп, жамандарымен бірігіп билікке жеттіңіз. Қытайларды жайратып, дүнгендермен одақтастыңыз. Егер дүнгендерді де қырып-жойғанда, мен, әлбетте, бағынар едім. Өйткені, сіздер астанада (Яркентте) бізден бұрын орныққан. Біздің бағынуымыз қажет» деген біраз дәстүрлі, сыпайы һәм жақсы сөздерді хатқа тізіп жазды және 50 шақты адамды жанына қосқан Ахмет-мираббекті елші етіп Кучарға аттандырды. Аталған елшілер Ақсуда бірнеше күн тоқтап, Кучарға жол тартты. Шаһарға бір бекет қалғанда, хан-қожа алдарына адамдарын жіберіп, бұлардың тарту-сыйлықтарын әкетті. Ахмет-мираббек басқарған елшілікті ат-көлігі мен бұйымдарынан айырып, олардың әрбіреуін Сайрамдағы деңгейлес адамдарға тұтқын ретінде қалдырды және күзетуді қатаң бұйырды. Елшілер Сайрам кентінде бір жылдай тұрды және осы жерді өз мекеніне айналдырды. Тек аталық-ғази осында келгеннен кейін ғана бұлар өзінің бұрынғы елімен және әйелдерімен көрісуге мүмкіндік алды. Ей Алла, шашылғандарды табыстырушысың.
11
Әлемді жаратушы және сақтаушы Алланың мейірімді қамқорлығымен Сеид Исхақ-қожаның шығысқа жасаған жорығы, Ушшақталда көптеген қара чериктерді жайратқаны, Қарашаһарды алуға қол жеткізгені һәм басқа да кейбір оқиғалардың баяны
Болашағын ойлайтын жарандар, заман ағысына алаңдайтын пірәдарлардың көңілі мен көздерінен құпия және жасырын болмасын, қисса-хикаялар мен нақыл-аңыздарға қарағанда, тағында отырып, машриқ (шығыс) жақта Қарашаһар, Тұрфан аймақтарындағы кәпірлерден алаңдаған Рашиддин-хан ғази-қожа (Алла оған үздік жеңістер сыйласын!): «Құдай мен Расулулланың хақ жолында жанын пида және тағзым етіп, дінсіз кәпір һәм мушрик жауыздарға қарсы ғазауат жүргізіп, ғази мәртебесін лайық көрген және шахадатты дәреже іздеген мәрт баһадұр бар ма екен?» деп жар салды. Тохтимұхаммед-жүзбасы деген адам: «Мен боламын. Осы қызметті орындап, бұл дәрежелерге жетуге әуестеніп армандап едім» деп ортаға шықты. Хан-қожа ілтипат көрсетіп, 100 адам тағайындап, оларға Баһауиддин-қожа мен Аббидин-қожаны басшы етті және кәпірлерге қарсы жойқын соғысу туралы жарлық берді. Бұлар Бугур ауданына жетіп, 100-ге жуық кәпірді өлтірді және біраз адамды ілестіре Корла шаһарына қарай жылжыды. Сол кезде Бугурда Су-молла деген бір дүнген тұратын. Ол дүнгендердің жетекшісі болды. Хан-қожа олардың соңынан Исхақ-қожа, Садық-датқа, Мәмур-қалпенің басшылығында 150 сарбазды аттандырды. Бугурлық Дуайы-қалпе тағы 100 жерлесін ертіп әкелді. Бұлардың бәрі бірлесіп Корланы басып алды. Олар сондай-ақ шаһардың еріктілері есебінен қосындардың санын көбейтті де, Қарашаһарға қадам басты. Нәтижеде жалау-байрақ, садақ пен жебе, зеңбірек, мылтық, қару-жарақпен мұздай қаруланған қосындардың керней, сырнай мен барабандарының әуендеген сазы, әскери айбыны және патшалық айбаты шайқас алаңы үстінде қалықтады. Адамдардың бәрі де қуаныш-шаттықта белдерін бекем буып, ғазауатты ниет етіп, көздеген жердегі өзеннің жағасына жетті.
Өзенге кемелерін шығарған кәпірлер зеңбіректер мен мылтықтардан оқ жаудырып, оларды өткізбеді. Мұсылмандар шарасыздыққа тап болған бір мезетте, Корла батырларының бірі Ислам-қалпе «Мына үлкен жолмен Қарашаһарға кіре алмаспыз. Сондықтан Бағраш көлінің жиегімен айналып өтіп, Ушшақталға барып, сол жерден кері қайтып Қарашаһарды алсақ» деп құдды Хақ-тағала шабыттандырғандай көптеген өте жақсы кеңестер берді. Осы кеңесті барлық адам қабылдап, Корлаға қайтып барып, Бағраш көлінің жағасымен айналып, тоғыз күннен соң Ушшақталға барса, Үрімшіден келе жатқан 18 мың қытайлық черикті байқайды. Сол күні жаңбыр жауып, чериктердің бүкіл аспаптары суға малынғандықтан, олар зеңбіректер мен мылтықтарын ылғалдан сақтау үшін құмның астына көміп, қаперсіз жатқан екен. Ғазауатшылар барған бойда шайқас басталды. Ұрыс көпке созылды.
Бұрынғы кезде Қожа Жаһангір-төре Жетішаһарды бақылауға алғанда, Бейжің жақтан келген чериктердің қолбасшысы Ай-цзяңцзюн шаһарларды төреден тартып алған қызметі үшін патшаның үкімімен осы өңірдің тәрбиятгәрдасы (қорғаушысы, бас панасы) және сақтаушысы деп оның құрметіне бір үлкен пұтхана салынды һәм суреттері қойылды. Бұл пұтхана ғибадат жасайтын орын болған екен (Олардың ауыздары балшық, тас және қара топыраққа толсын!). Осы жолы сол пұтханаға кіріп алған кәпірлер көп соғысты. Ақыры олардың бәрі қатты жеңіліске ұшырап, жазаланды және тәртіпке салынды. Бейжің тарапқа бірде-бір кәпір қаша алмады, тек шағын бөлігі ғана Қарашаһарға қашты. Сол мезгілде Тұрфан жақтан бейқам да жайбарақат келе жатқан екі салт атты қытай шыға келді. Қалмақтар оларды тұтқынға түсіріп, қожалардың құзырына әкелді. Тексеріп көрсе, бұл екеуінен Қарашаһардың амбанына табысталатын хат шыға қалды. Хатта бірер ірі мансаптының аты-жөні жазылып: «Біз Ұлы патшаның жарлығымен сіздерге жәрдем және медет беру үшін 20 мың черик (кейінгі мағлұматтарда 24 мың деп көрсетіледі), 470 зеңбірек, 200 арба оқ-дәрі мен қару-жарақ алып шықтық. Үш күннен кейін Ушшақталға барамыз. Бізге мол азық пен жем-шөп шығарылсын» деген тапсырма берілген екен. Қожалар қарамағындағы барлық адамдарға осы ахуалды жеткізді. «Олардан сақтаныңдар, әзір болыңдар» деп тұрғанда, қарсы тарапта ту-жалаулар көрінді. Тулардың арасынан қара чериктердің қарасы көрінді. Мұсылман әскерлері шөлдің аузы мен судың жағасына бекініп жатқан еді. Әлгі чериктер қаннен-қаперсіз және бейхабар халде «Алдымыздан азық ала шыққан адамдарға ұқсайды» деп одан әрі жақындады. Сол сәтте Алланың бәле-апаты келгендей, бір жағынан Исхақ-қожа мен Тохтимұхаммед-қалпе, бір жағынан Баһауиддин-қожа, Мәмур-қалпе, енді бір жақтан Аббидин-қожа, Дуайы-қалпе, Су-молла атқа отырып, «Алла Акбар!» деп дауыстап тәкбір айтып, шабуылға өтті. Бірақ қара чериктер кенеттен Аббидин-қожаны артқа ығыстырды. Шайқас теріс нәтижеге қарай беттеді. Исхақ-қожа қолдарын дұғаға жайып, Алланың дәргейіне дәрменсіздігін білдірді және шипа тіледі, әскерлерін ғазауат соғысына үндеді һәм жұмылдырды. Барлығы да бірауыздан «Аллаға тәуекел!» деп гуілдеп, жан-тәнімен шайқаса кетті. Оң қанатты сол қанатқа, сол қанатты оң қанатқа шығарып, таңертеңнен қара түнге және түннен таң атқанға дейін, тіпті түстен бесінге дейінгі аралықта «Шап-шап!», «Әзірлен!», «Сақ бол!» деген дауыстар және топ-зеңбіректердің өкіреген гүрсілі жұлдызды кеңістіктен асып кетті. Ақырында жеңістің есігі Исхақ-қожаға ашылды. Бір түн және екі күн күшті кәпірлерге қарсы соғысып, олардың қатарын тазалады. Бесеуін өлтірем дегенше 10-ы, 10-ын өлтіріп болғанша 30-ы өз-өздерін өлімге итермеледі. Олар дұшпанның қолынан өлуді өздеріне ар-намыс санайды екен. Егер өз-өздерін өлтірмегенде бес күн мен түн ішінде оларды жайрату мүмкін емес-ті. Өйткені мұсылман әскерлерінің жалпы саны 2 мыңға да жетпейтін. Кәпірлер 24 мың адам, бәлкім одан да асатын еді. Тек 1 мың адам ғана жандарын аман алып қалды. Қалғандары түгел жойылды.
Сол арада мұсылман әскерлерінің не су ішіп тамақтануға мүмкіндігі болмады, не демалуға уақыттары жетпеді. Олар біраз тынығып, тамақпен шұғылданып тұрған мезгілде Қарашаһардан 7 мың қытайлық черик пен 3 мың қалмақ черигі 56 арбаға оқ-дәрі, топ-зеңбірек және 250 түйеге азық-ауқат һәм соғыс аспаптарын артып, Тевилғу деген жерге жеткені туралы хабар келді. Олардың өңешінен не тамақ өтпеді, не өзге істерді ойлауға мұршасы болмады. Барлығы бір ниетпен бірігіп ғазауат жүргізуге және жандарын қорғауға, кәпірлер мен қалмақтарға қарсы шайқасуға асықты, күресуді мақсат тұтты. Қарашаһарға қарай 30 шақырымдай жүріп, Чуқур деген жерде қытайлармен кездесті. Арада ұрыс басталды. Исхақ-қожа тұт ағашынан жасалған шоқпарын қолына алып, айтулы батырларымен бірге кәпір чериктерге қарсы шапты. Кәпірлер түйелерін шөктіріп, арбаларын қатарға тізіп, өздеріне қорғаныш пен пана етіп, оқ атуда еді. Шабуылға шыққан атты әскерлерді көріп «Енді ісіміз жаман болды» деп түйелеріндегі оқ-дәріге от қойды ма, әлде Хақ-тағаланың қасиетті қамқорлығымен өз-өзінен жарылды ма, әйтеуір көптеген оқ-дәрінің жарылуынан түйелер мен қару-жарақтар аспанға ұшты. Оқ-дәрінің ыс-түтіні мен аттардың тұяқтары астынан шыққан шаң-тозаңнан жер бетін қараңғылық қаптады. Күннің нұры қалқаланып, алакөлеңкеге айналды. Ешбір жанның көз нұры күндіз бен түнді айыруға мұршасы келмеді. Әлем қиямет күніндегі жазалау алаңының бір белгісі және ақиреттің нышаны анық көрініс бергендей болды. Кәпірлер қашты, қожалар қуалады.
Сөйтіп, қожалар Тевилғу бекетінде демалып, ертесі қалмақтарға жол бастатты. Қарашаһарға жақындағанда екі қарауылшы қытай қолға түсті. Тергеу барысында олар: «Үлкен жолға тайфур-зеңбіректерді құрып, дайындап қойды» деді. Қожалар қалмақтардың кеңес беруімен үлкен жолды тастап, сол қолды ала отырып, Қарашаһардың күнбатыс жағына өтіп, шаһардың құбыла жағындағы Тераклик (Теректі) деген жерге жайғасты. Бұл жердің бір тарапы өзен, бір тарапы тау және бір жағы терең арна еді. Қожалар сол күні шаһар сыртындағы базарда жүрген кәпірлерді түгел өлтірді және өртеді, қатты ұрыстар жүргізді. Кәпірлердің өліктерінің көптігінен жүрерге жол болмады. Шайқас болған жерде тереңдігі екі найза (шамамен екі метр) көлеміндегі екі ірі тоған бар еді. Осы тоғандар кәпірлердің өліктерімен толып, асып-тасқан сулары жан-жаққа ағыла бастады. Тоғанның сулары қырмызы түске боялды, қанға айналып кетті. Бір көргенде қып-қызыл қан аққандай болды.
Сөздің асылы, осындай шайқас-ұрыстардың барысында қамал ішіндегілерден басқа жерде кәпір қалмады. Қамалдағы кәпірлер оқ жаудырып, жанғыш заттарды тастап, өздеріне жақындатпады. Сол сәтте қожалар арбаларды қатарға қойып, түйелердің арқасын сулап, арбалардың үстін жауып, бірнеше батырды арбалардың астына кіргізіп, қаланың қақпасына жетіп, от тұтатты. Қақпаның өртенгенін көрген кәпірлер бас-естерінен айырылды. Ой-сезімнен жұрдай күйге түсті, олардың көздеріне жарық жаһанды қараңғы басқандай көрінді. Жаулардың қолындағы қару-жарақ түсіп кетті. Аяқтары әрекеттен қалды. Өздері өлі яки тірі қалғандарын білмей алақтап, қалшиып қалды. Хожәк-қази есімді адам қалмақтарға тілмаш болған екен. Ол қалмақтарға: «Сіздер қожаларға оқ атпаңдар. Егер олар бір ғана дұға оқыса, барлық нәрсе өртеніп кетеді» депті. Осы сөзге иланған қалмақтар қытайларға: «Біз Қожа Жаһангірдің заманынан бері патшаның жарлығымен сан рет Қашғарға барып, қожаларға қарсы соғыстық. Бұл бізге жақсылық әкелмеді. Арамызда кесел ауру жайылып, көптеген адамымыз өліп тынды. Төрт түлік малымызға шешек шығып қырылды. Қожаларға оқ атпаймыз» деп шетке шықты және оқ атпай қойды. Сол сәтте шаһарға енген мұсылман әскерлері бір жағынан өрт қойды, енді бір жағынан қырып-жоюға кірісті және қамалдың ішін ойрандады. Қарашаһар сұм құстардың ұясына және дию-перілердің мекенжайына айналды, кәпірлердің жандары жаһаннамға ұшты. Өлең:
Шахқа егер болса бақыт жар,
Болар пәтһи жеңіс шахтарға душар.
Нәтижеде бір аптаның ішінде 200 мыңнан артық кәпір және мушрик мансаптылар, чериктер, саудагерлер, сондай-ақ отырықтанған қытайлық диқандар қынадай қырылды. Мұсылмандардан шейіт дәрежесіне жеткендердің саны 200-ге толмапты. 300 жуық адам жарақаттаныпты. Сеид-ғази Қожа Исхақ жаратушы Алланың асыл қамқорлығының арқасында бүкіл әскерлерге және басқаларға да жетекшілік етіп, жеңіске жетті. Ол жаратушы және сақтаушы Алла дәргейінің пәк қайырымдылығына шүкір-алғыстарын айтып, «тәшәккур» намаз-ғибадаттарын ада етті. Барша адамдардың бір-бірін құттықтаған үндері көкке шықты, жеті қабат аспаннан асып, періште, малика сұлуларды дүр сілкіндірді һәм қамықтырды.
Әрине, бұл елде бәлкім Адам-әлейһиссаламнан бастап қазіргі уақытқа дейін ғазауат соғысында бір мезгіл бір орында қару-жарағы және сан жағынан өте аз мұсылмандардың осыншама көп дінсіз чериктерді жайратқаны жөнінде ешбір тарихи кітаптарда бірер мәлімет жазылмаған һәм естілмеген. «Раузат ас-Сафа» мен «Атәшки» (Отхана) деген кітаптардың және өзге де еңбектердің көрсетуінше, бұдан да көп мұсылман бір уақытта шейіт болған және кәпір-мушриктер жеңіске жеткен. Дегенмен, осы ғазауатта мұсылмандар жеңіп, кәпір-мушриктер быт-шыт болды. Қайғы-қасірет пен беймазалықтан құтылуға ұмтылған мұсылмандарға бетін бұрып, кәпірлердің жойылуына себепші болған осы ғазауаттың шат-шадыманы сол заманда көз көріп, құлақ естімеген ірі жайт болған екен.
Қысқасы, шоқпар-қаруларын көтерген барша қалпелер мен батырлар, сондай-ақ бір ниет бір одақта болған мұсылмандар, дүнгендер және қалмақтар өзара бірікті. Олар бір жеңнен қол шығарып, нағра-керней және дақа-барабандардың салтанатты әуендерін асқақтатып, Расулулланың ұрпағы сеид-ғази Қожа Исхақты (Алла оған жеңіс пен сәттілік әперсін!) өздерінің басшысы һәм әскербасы етіп сайлады. Оған бағыныштылығын және қызметкерлік борыштарын өздеріне абырой һәм мақтаныш көріп, бойын төмен иіп, тағзым-құрмет білдірген қолдарын омырауына қойып, қараниеттілік пен дұшпандықтан ада болды. Өлең:
Мәснәди шахтықта отырды бақытты күндері,
Таққа шықты ашылып, гүлді жеңнің бақтары.
Жеті атасынан бері қаңқасы ғана қалған арық жылқыға ер-тұрман тоқып, ағаш үзеңгі мен жұқа кендір арқанды құйысқан етіп келген халайық осы реткі ғазауат шайқасынан кейін қалмақтың жылқылары мен қазақтың тұлпарларына 100 сәр күміс тұратын бейжіңдік ер-тоқым тоқып, түгелдей алтын-күміспен безендірілген үзеңгілер мен құйысқандарды салып мінді. Жаз күндері тәуір бөрікке жарымаған, ыстық-суық күндері басына киер тымақ таба алмаған һәм 2,5 орам боз-матаны қонаққа шығар тон, көйлек және дамбал етіп киген, бес теңгені қаражат есебінде қалтасына салып көрмегендер бұдан былай кестелі тымақ, түлкі мен сілеусін терісінен тігілген былғары киім киіп, жібек матаны шұлғау ретінде пайдаланды. Кендір қоржындар толған жалт-жұлт еткен алтын мен күмісті, кенеп қаптарға толған торғын-торқаларды иеленді. Міне осыдан пансат, жүзбасы, қалпе, баһадұрлардың қолына түскен олжаның қаншалық көп болғанын біле аласыз.
Әлқисса, Қарашаһар алынып, жұрт тыныштандырылған соң, қожалар оттан аман қалған зеңбіректер, мылтықтар мен басқа да қару-жарақтарды, олжаланған қазына-мүліктерді жинауға кірісті. Сондай-ақ жанталасқан шала-жансарлар мен жарымжан жатқан қара чериктерді өлгендердің санатына қосу үшін Ушшақталға дейінгі жерлерді шолып өтті және тексерді. Ушшақталдың шығыс жағындағы Ташлиққарасай кәпірлердің қанынан қырмызы киіз жайғандай қызыл сайға айналыпты. Фархадтың қабірінің үстіндегі бағансыз тау даланың қызғалдақтарынан бетер әлем-жәлем реңге боялыпты. Енді осы соқпасыз таудың қызғалдақтары Фархадтың қабірінің төңірегіндегі қызғалдақты жермен іркес-тіркес болып, Ушшақталдың қызылынан бір белгі болып қалды. Осы жерлерде серуендеп тамашалаған қожалар Хақ-тағаланың бүтін ілтипатына шүкір-алғыстарын айтып, қару-жарақ, ер-тоқым, ат-көлік һәм алтын-күмістерді алып қайтты. Енді осы сәттілік пен бақытты хабарды арнайы хат етіп, Кучар дар-салтанатына жіберу қажет болды. Қожалар қару-жарақ, зеңбірек, алтын-күміс, таза да хош иісті шай, әдемі кесе-шыны және көзге тартымды тауар-торғын қатарлы сый-сәлемдемелерді реттеп, Тохтимұхаммед-жүзбасының басшылығымен Кучарға жөнелтті.
Кучар шаһары бүлінген күндері Ахмет-ваңбегі қалада болатын. Ол Кучарда орын алған оқиғаларды қағаз бетіне бір-бірлеп түсіріп, патшаға арызданып, баласы Хамиттәжі-хәкімбекке үш сенімді адамын қосып, тау ішіндегі қалмақтардың арасымен Қарашаһар мен Үрімшіге жөнелткен екен. Тәжі-бек қалмақтардың арасымен Қарашаһарға барыпты. Патшаға арыз-хатты поштамен жолдаған ол сол шаһарда тұрып қалған-ды. Қарашаһар алынғанда Тәжі-бек жанын сақтап қалу үшін мұсылман әскерлеріне өзін мәлімдеген және кешірім сұрап жалбарынған екен. Жеңіс иесі сеид-ғази Исхақ-қожа оның бұрынғы дәрежесін және жерлес болғанын ескеріп, көңілін көтеріп, күнәсін кешірім қаламымен сызды (кешірді). Осы сылтау және қуанышты себептердің негізінде Қожа Рашиддин-ханнан оның күнәсін кешіруін сұраған арнайы арыз-хат жазып, батыр Тохтимұхаммед-жүзбасымен бірге Кучарға жіберді. Тохтимұхаммед-жүзбасы Қарашаһардан Кучарға келіп, жоғары мәртебелі хан-қожаға сый-сәлемдемелерді табыстап қошеметтейді. Әсіресе, оның көңілін арыз-хатпен қоса Тәжі-бекке де аударды. Шахқа тән ілтипат пен кең мейірбандық көрсеткен хан-қожа Исхақ-қожаның ұсынысын қабылдады және бектің бұрынғы күнәларын ғафу қаламымен сызып тастады. Бірақ бектің қарамағындағы екі адам жазаланып, дарға асылды.
Тәжі-бек Исхақ-қожаның жақсылығын адамгершілікпен қайтару мақсатында туысқандық байланыс орнату жөнінде шешім қабылдады. Оның намыс пердесіне оралған қымбат бағалы жеке гауһары іспетті, жақсы мәмілелі, күн көзінен өзге көз түспеген және айдың нұрынан бөгде нұр көрмеген, ары таза һәм жақсы, Шолпан жұлдызындай жалғыз қызы бар еді. Осы қыз Исхақ-қожаның көз нұрындай болған баласы Фаррухшах-қожаға әйел етіп ұзатылды. Бұл қожа сеид болғанмен, бұқара халық қатарында әдеттегі дұға оқумен шұғылданатын. Ал ваң-бегілер ата-бабасынан бастап ел басқарған билеушілер тобына жататын. Егер Хақ-тағала мұндай жолдармен қоспағанда, қожалар осы ұлықтардың биік мәртебелі ұрпақтарымен тілдесе де алмас еді. Сөзіміздің дұрыстығын осы оқиғаның кейінгі нәтижесі толық дәлелдеп шықты.
Хақани Чин қосындары Жетішаһарды қайтадан бағындырған кезде, Тәжі-бек Қашғардың хәкімі етіп тағайындалды. Бұның алдындағы ислами кезеңде аталық-ғазидің пәрменіне сәйкес, Исхақ-қожа бүкіл отбасы мүшелерімен бірге Яркентте тұратын. Хақанның мансаптылары мен чериктері осы шаһарға келгенде, олардан қорқып алаңдаған қожа өз балаларымен бірге Ферғана уәлиетіне шыққан һәм Ош шаһарында орын тепкен еді. Тәжі-бек дәл сол күндері Қашғарға хәкім болып барған. Ол Оштағы Исхақ-қожаға «Қызымды сағындым» деген желеумен хат жазып, қызын жіберуін өтінді. Ол қызын шетелден алдырғаннан кейін, жанында қалдырмақшы болды. Исхақ-қожа баласы Фаррухшах-қожаға барлық отбасы мүшелері мен өзінің тағы бір баласын қосып: «Қарауыл күзетіне дейін ғана апарып, оларды аман-сау қарауылдан өткізіп қайтыңдар, бірақ Қашғарға кірмеңдер» деп қайта-қайта сақтандырып шығарып салды. Алайда, Тәжі-хәкімбек қарауылшыларға: «Егер қожалар қарауылға келсе, қалай болса да оларды ұстап, Қашғарға әкеліңдер» деп күні бұрын үкім берген еді. Қожалар қарауылға келген бойда тұтқындалды және дереу Қашғарға жөнелтілді. Қожалар үш-төрт күн көше-базарларды кезген соң, Тәжі-бек «Әндіжаннан бұрынғы кезде елді бұзған кучарлық қожалар келіпті» деп Лошай-даженге154 мәлімдеп, оларды зынданға мырза-қамаққа алды және қызын шығарып алудың қамына кірісті. Таңырқаған қызы: «Одан бірнеше балаларым бар ғой» деп әкесінен өтінген. Лошай-дажен қожазадалардың жағдайын білу үшін бір мансапты мен бір тілмашқа 200 сар күміс беріп: «Бізді келді деп қорқып-алаңдаған кучарлық қожалардың оғландары Әндіжанға кеткен екен. Енді міне, «Өз елімізге келсек» деп патшаның кеңшілігін сағынып жеткенде, хәкімбектің «Қожалар Әндіжаннан келді» деп беталды шағымданғанына бола оларды қамау туралы жарлық бергенмін. Сендер мына күміс ақшаға қожалар жатқан үйге киіз-төсектер, қазан, шәугім, шыны-аяқ секілді қажетті нәрселерді түгендеп апарыңдар және артылған күмісті олардың қаражатына қосып беріңдер» деген жарлық беріп аттандырды. Бұлар бұйрыққа сәйкес, қожазадаларға қажетті нәрселердің бәрін дайындаған соң, нәтижесін басшысына мәлімдеді. Сонымен қожазадалар 16 ай бойы мырза-қамақта жатты. Ақыры Лошай-дажен Тәжі-бекке: «Қожалар Сіздің шағымыңызбен ұзақ уақыт қамауда отыр. Оларға обал болды. Енді өзіңіз шығарып алыңыз» деп жарлық берді. Тәжі-хәкімбек күйеу баласын қамаудан шығару жөнінде өтініш беруге мәжбүр болды. Лошай-дажен екі қожазаданы алдыртып: «Тәңір патшаға ашуланып, осы елді сіздердің әкелеріңізге тапсырған екен. Тәңір енді ашуынан қайтып, елді қайтадан патшаға тапсырды. Патша барлық адамның бұрынғы күнәларын кешірген-ді. Енді біз келгеннен кейін сіздер тағы күнәлі әрекет жасасаңдар, тәртіп бойынша бәнлаймыз (жазаларыңды береміз). Бұрын жасаған күнәларың «буюцзиң» (керегі жоқ, кешірілді). Жұрт қатарлы тыныш жүріп, өмір сүріңдер» деп босатқан екен.
Сондай-ақ сол күндері «Бұқара халқым (азаматтарым) әйелдерін қойып бермеуі керек. Егер әйелдерін қоя берсе немесе әйелдер ерлерін тастап кетсе, оларға қатаң жаза берумен бірге өмір бақи осы күнәларын кешірмеймін» деген патшаның жарлығы келген еді. Жарлық барлық шаһарларда жарияланып, базар-махалляларда «куси» (гуңси) хат етіп жапсырылды. Бұны көрген Тәжі-бек көңіліндегі мақсат-мүддесін жүзеге асыра алмады.
Сеид-ғази Исхақ-қожа ақкөңіл, жылыжүзді, ашық-жарқын, момын мінезді, турашыл, көргенді, ержүрек, елдің қамын ойлайтын, істе әділетті кісі еді. «Халық өз патшасының дінінде болады» деп хадис шәріпте көрсетілгендей, жеңімпаз әскерлері мен қасиеті бөлек перзенттерінің де көңілдері жақсы, ниеттері сап таза еді. Сонымен қатар, «Амал – ниеттен» деп қасиетті хадисте көрсетілгендей, Сеид Исхақ-қожаның ниеті дұрыс және түзу болғандықтан, оның қол астындағы адамдары да ғази дәрежесіне ие болды. Парыз, уәжіп және сүннетті ұстанушылар немесе парыз бен сүннеттен басқа да жақсы істерді жасағандардың ниеті түзу болмаса, сауап пен жақсы нәтижеге жетпейді. Әлбетте, ғазауат – ұлы парыз. Ол үшін түзу ниет керек. Сол кездерде бірер олжа алайын, осыны сылтау етіп бірер шаһардың хәкімі болайын немесе батыр атанайын деген жаман қиял мен сүйкімсіз желігу олардың ойына да кірмеген еді. Олардың бәрінде де бір ниет-бірлікте кәпірлер мен қалмақтарды исламның атынан жазалау, ал ажалдары жетсе, Құдай жолында жанын пида етіп, құрбан болудан өзге мақсат-мүдде болмаған. Дара билеуші, ұлы сұлтан – Алла өзінің жақсы қасиеті арқылы бұларды ғази дәулет-мансабына, шахадатты да жоғары дәреже-мәртебеге жеткізді. Алланың кітабы, Расулулланың сүннеттері және машайық-ғалымдардың нұсқау-белгілемелеріне сәйкес ғазауат жүргізген қауымдар дәл осындай адамдардан тұратын. Құдай қалған барлық істің ақиқатын жақсырақ білуші-дүр. Иә Құдай, ұлы қасиетің және кәміл құдіретіңмен бәрімізге лайықты түзу жол, шын ниет пен қалтқысыз сенім бергейсің, әумин! Осы жазулар ұлы қасиеттердің иесі Алланың ізгілігі және кереметімен аяқталды.
12
Құдыретті Алланың рақымды қамқорлығымен сеид-ғази Исхақ-қожаның Тұрфанға ғазауатпен барғаны, оны алу барысында бірнеше ауданды оңай алғаны, қара қытайлардың шегіртке мен құмырсқа сияқты қырылғаны және сол аралықта орын алған оқиғалардың баяны
Дәулетке жақын достар мен сүйікті жолдастардың алысты көрер көздеріне мәлім һәм жақын болсын, қиссалар мен аңыздарға негізделгенде, ақиқаттың мұрагері және әдемі мінез-құлықтың өкілі болған сеид-ғази Исхақ-қожа Қарашаһардағы кәпір-мүшриктер мен қалмақтарға қарсы соғыстан кейін көңілі жайланып, ежелгі Тұрфан шаһарын алуды мақсат етті. Датқа, қалпе һәм батырлар мәслихат-кеңеске жиылды және осы мәселе ортаға қойылды. Олардың бәрі бір ниет және бірауыздан: «Тұрфан жолының қиын екендігі бүкіл адамзатқа күн нұрындай жап-жарық болғаны секілді баршаға аян. Бұл жол машақатты және ауыр. Оның Айғырбұлақ деген жеріндегі тауға қашаумен қашап ойылған бір үлкен жазу бар екен. Онда «Мына жолмен бір рет өткендер өзінің бейхабар және надандығынан білмей өтеді. Екінші мәрте өткендер мазарларды зиярат етуді ойлап, сауда, нәпақа, әйелдерге зәру болғаны үшін өтеді. Үшінші мәрте өткендер өзі кәпір, әйелі талақ болады» деген сөздер жазылған екен. Бұл жазу қай заман және қайсы дәуірде жазылғанын ешкім білмейді. Сондықтан жетерлік азық-ауқат, ат-көлік пен қару-жарақты әзірлеген соң ғана қадам бассақ болар еді» деп кеңес береді. Сеид-ғази Исхақ-қожа осы мәслихатпен келісіп, қыруар арба, түйе, есек пен жылқыға оқ-дәрі, қару-жарақ, азық-түлік һәм жем-шөп артып, бақытты заман және қолайлы уақытта аяқтарын жеңіс үзеңгісіне салып, жорыққа аттанды. Жауынгерлері көптеген қытайларды өлтіріп, жүректері тоқтап, көздері қызарып, әлсіздері күшті, ал күштілері батырға айналды. Әрқайсысы өзін Исфандияри Роинтан155, Дәлавури Төхмитан156 секілді палуан-батыр санап, өздерін Рустем157 мен Барзудан158 артық көріп, Хақ-тағаланың қасиетті қамқорына сүйеніп, барлығы бір ниет бір ділмен бір жаққа шығып, мүлтіксіз сеніммен «Аллаға тәуекелге» тілдерін бұрды. «Ей Құдайым! Дінді жеңіске жеткізушілерге (дін үшін соғысқандарға) жеңіс бер, дінді қорлаушыларды қор қыл» деген дұғаны барлығы дауыстап айтып, мақсатты жерге қарай жылжыды. Керней-сырнайлардың әуені, зеңбіректердің гүрсілі, «Һузурым» сазының жүректі алар әуені һәм мұсылман әскерлерінің көркем де сән-салтанатты там-тамашасы, оқ-найзалар және қылыштардың оттай жалтылдауы, тығылған-сапырылысқан жамағаттың «Пош-пош!» деген айқайы көк күмбезді аспанға тақалды.
Қожалар Тевилғу деген жерде қонып, ертесі Ушшақталға барса, кәпірлердің нәжіс өліктері топ-топ, төбе-төбе болып, үйіліп жатыр екен. Өліктердің көптігінен жол жүру мүмкін емес-ті. Жолдың бір жағы таудың етегі, енді бір жағы өзеннің жиегі болатын. Асарға жиналғандар мен жалшылар кәпірлердің нәжіс денелерін екі жаққа шығарып, жолды ашты. Ен даладағы өліктер диқандардың атыздан орып алған бидай танаптары, Қарасайдың тастары іспетті қуарып, шіріп кеткен екен. Қытайлар бұл өлкеге екінші рет келгенге дейін бұл өліктердің қаңқа-сүйектері жолдың үстінде қуарып жатты. Ыстық та аптап ауадан өліктердің біразы бас ұрып шоқынғандай, біразы «чәнкән» («цян кан» қытай тілінде «алдыға қарау» деген сөз) болып алға қарай еңкейген және кейбіреуі тергеушінің алдында отырғандай бүкшиіп қатып қалыпты. Кейіннен барша мумин-мұсылман және мырза-саудагерлер осы жолмен өткенде, таразы тасындай кәпірлердің бас сүйектері ат тұяқтарының астында қалды. Осы жолмен жүрген жолаушылар қожаларға және ғазауатқа қатысқан ерлердің ынта-жігеріне һәм батырлығына дұға-бата оқып, алғыс-мадақтар айтып өтеді екен.
Кейін Хақани Чиннің қосындары осы өлкеге қайта қадам басқанда, биік күмбездер салғызып, бас сүйектерді жиып қойды және есіктерін мықтап бекіткен-ді. Оның алдында, Мұхаммед Яқупбек-аталық ғази Исхақ-қожаны Кучардан Яркентке жіберіп, Мұхаммед Юнусжан-шағауылдың қарауына тапсырды және қазына есебінен күнделікті қажетіне бір қызыл тиллә (3,5-4,5 гр.), апта сайын бір тон, жыл сайын 2 мың чарәк (1 чарәк = 4 кг) астық және басқа да қамдауды белгілеп, қолына жоғары мәртебелі құттықтау хатын ұстатып, мейірбандық жасаған екен. Кейін Мұхаммед Яқупбек-аталық ғази Үрімші және Тұрфан дүнгендерінің сазайын тартқызуды көздеп, Тұрфанға барғанда, барлық шаһарлардың басшылары мен ұлықтарының осы жеңімпаз жорыққа жан-жақты жәрдем берудің қажеттігі туылған-ды. Сонда Мұхаммед Юнусжан-шағауыл аталық-ғазиға: «Сіздің мейірбандығыңызбен неше уақыттан бері Исхақ-төреге тағайындалған қамдау мен ақысын беріп келдім. Енді қазіргі қызметтердің қажеттігін көзде тұтып (ескере отырып), белгіленген ақының жартысын қысқартып, жеңімпаз қосындардың қажетіне жұмсасам. Өйткені Яркенттің іші арзаншылық, оған ақының жартысы да жетеді» деп ұсыныс жасаған. Шағауылдың пікірін аңғарған жоғары мәртебелі аталық-ғази ерекше ренжіді һәм ашулана ақырды. Сондай-ақ хош иісті мадақтама және әнбәрнама (қойма құжаты) хаттарын беріп, тағы мейірімділік көрсетті. «Өзімнің өте сараңдығым мен арсыздығымның кесірінен Исхақ-төреге аз төлемақы бекіткен екенмін. Сондықтан, осы жоғары мәртебелі бұйрықтарды көрген соң, бұрын бекітілген ақыны екі есе көбейтіп, мемлекетіміз үшін оның дұғасын алғайсыз. Егер Исхақ-төренің Ушшақталда жүргізген ғазауат шайқасын және кәпірлердің қаңқа-сүйектерін өз көзіңізбен анық көрген болсаңыз һәм Сіз менің орнымда ел басқарсаңыз, әлбетте онда оның дастарқанына бүкіл Яркентті төңірегімен қоса сыйға берер едіңіз» деп үлкен ынсап пен парасаттылық таныта Исхақ-төрені мақтап-мадақтаған хат беріпті. Кіршіксіз таза және ынсапсүйер аталық-ғазидің осындай қуатты да жігерлі сөздері Исхақ-төренің ержүректілігі мен өжеттігін мойындаудың нақты куәсі.
Әлқисса, Исхақ-төренің басшылығындағы жеңіскер әскерлер әрқайсысы бір пілтелі мылтық пен қос тұлпар әзірлеп, жем-шөп, нан-тоқаш және талқанды түгендеп, Ушшақталдан мақсатты тарапқа жолға шықты. Сол күні Дөңдиңза деген жерде қонды. Одан соң Қарақерин деген жерде жатты. Келесі түнді Күмүш бекетінде өткізді. Бұл жерлерде жем-шөп немесе су, тіпті тіс шұқитын ағаш та табылмайтын еді. Дегенмен, азырақ суы болған Күмүш бекетінде жаны қиналған 20-30 кісі бала-шағасымен бірге күн көруге жарайтын жер екен. Олар осы жерден Үжмадөң деген жерге барды, сосын Айғырбұлаққа жетті. Онда да кезектесіп ат суаруға жарайтын азырақ суы бар екен. Сол жерден өтіп Субаши, Тоқсын аудандарына барды. Тоқсын ірі елді мекен және базарлары көп екен. Сол жерден өтсе, Тұрфанға шығуға болады екен. Осылай қожалар Тұрфан аймағына келді. Жеңісқұмар әскерлер жеткенше, осында мекендеген Масумхан-қожа деген сайрамдық сеид, тұрфандық Қасым-чаңга, Ваит-қалпе, Заит-қалпе, Қажыбақи-қалпе және басқа да жергіліктілермен бірігіп жамағат құрып, шаһардың сыртындағы черик, маймайчи (сауда-саттықпен шұғылданған қытайларды осылай атайтын), хуржа (ауылдық жерде отырықтанған және диқаншылықпен шұғылданған қытайлар) секілді қытайларды өлтірді және Тұрфандағы қытайлармен айқасты. Қытайлар шаһарға тығылып, қақпаларды нығыздап қойып, қамалып тұрған уақыт екен. Тұрфанға қарайтын 19 елді мекеннің «вайшаң» базарларындағы саудагер, хуржа және диқан қытайлар өте көп болатын. Көтерілісшілер олардың нәресте балаларына дейін бәрін жойып, үйлерін өртеп ойран салған-ды. Кейбір елді мекендерде 7-8 мың, кейбірінде 2-3 мың қытайлар тұрған. Жергіліктілер олардың бәрін жайратып, шаһардың ішіндегі қытайларға анталаған бір мезгілде, Исхақ-қожа жеңімпаз әскерлерімен жетіп келді және қаланың жанында шатырларын тұрғызды. Жан-жаққа қарауыл-ирауылшылар қойылып, шайқасқа әзірлік жасалды. Шаһардың қорғанысы мығым, қытайлар телегей теңіздей сансыз көп екен. Екі күннің бірінде олар зеңбірек, қару-жарақтарын алып шығып соғысып, тең келе алмай, шаһарға қайта кіріп кететін. Сол арада көптеген кәпірлер қаза тапты. Мұсылмандардан да шейіт шербетін ішкендер баршылық. Шаһар алынбады. Ақыры қожалар бірнеше жерде салынған шибәлардың (шәббә – шаһардың ішіне оқ ату үшін қорғанның сыртында жасалатын биік ағаш бекініс) үстіне палуандар мен батырларды шығарып, қаладағы кәпірлердің басын шығартпады. Кәпірлердің оқтары тамға тиетін, ал мұсылмандардың оқтары ешбір зая кетпей дұшпанға тиетін.
Сол сәтте Үрімшідегі Со-далое159 мен Даут-қалпеден160 елші келіп, шаһардың базарларын алып, қытайларды бекініске қамағандарын хабарлады және «Бізге медет-жәрдем беріп, қожалардың біреуін басшы етіп, әскер жіберіңіздер» деп өтінді. Исхақ-қожа қолбасшы етіп бекітілген Баһауддин-қожаға 1 мың әскер, Масумхан-қожаға 1 мың әскер, Ваит-қалпе мен Заит-қалпе, дүнгендерден Нурахун мен Әли-қалпелердің әрқайсысына 700-800 әскер тапсырды һәм тікелей Үрімшіге аттандырды. Олардың соңынан тағы Рахмат-баһадур мен Қажыбақи-қалпе басшылығындағы 1 мың адам жөнелтілді. Үрімшіге барған бұлар ғазауат соғысын жүргізіп, бірнеше күннен соң шаһарды алды. 30 мыңнан астам кәпір жойылды. Сосын Жимисар ауданы алынды һәм 6 мыңға жуық адам жайратылды. Содан соң олар Гучуңцзы ауданына барды. Бұл елді мекеннің бекінісі өте үлкен және барлық тұрғындары тек қытайлар ғана, мұсылмандар жоқ болатын. Қытай тілінде «Гучуңцзы» деген «иттің құрты», сондай-ақ «сансыз-есепсіз» деген сөз екен. «Вайшаң» базары да ерекше үлкен, ұзындығы үш-төрт паотай деп көрсетіледі. Бұған қарайтын тағы біраз жерде базарлар бар екен. Барлығы шамамен 200 отбасыдан астам161 адам тұрады екен. Ғазауатшылар бұлардың көбін қырып салды. Алайда біразы тау-жазираларға қашып құтылды.
Ғазауатшылар осы жерден Синтанға (қазіргі Сантай елді мекені) барып, 15 мың адамды жойды. Содан соң Фуканға (қазіргі Фукаң ауданы) барып, 10 мың адамды қырып-жойды. Сосын Жибакоу елді мекенінде 8 мыңға жуық адамды жайратты. Бұдан соң Қарабасунда 10 мыңнан аса адамды өлтірді. Содан соң Манасқа келіп, көп шайқасты және 50 мыңдай адамды жайраттты. Бұдан соң Цзиңхо алынды және 20 мыңнан артық адам қырылды. Осында өте сұрапыл ұрыстар болды. Хақ-тағала мархабат етіп, жеңілдік берді: бірнеше қалпе мен батырлар дүние-мүлік пен мал олжалады. Сол кездерде алай-дүлей суық пен қатыгез қарлы борандар айрықша қатты түсті. Ғазауатшылар амалсыздан Тұрфанға қайтты. Аталған барлық елді мекендер екі айдың ішінде тып-типыл тыныштандырылды және ойрандалды, қарға-құзғындардың ұясына және дию-перілердің мекен-жайына айналды.
Сол күндері Исхақ-қожа Хасанқасым-баһадұр, дүнген Хо-қалпе, Хидаят-қалпе, Мұса-мыңбегі, қашғарлық Мұса-қалпе, Құрбан-қалпе, кучарлық Тохтимұхаммед-қалпе, шахиярлық Молла Османшейх-баһадұр, Йолдаш-мырза, Идрис-қалпе, ақсулық Хошур-қалпелердің әрқайсысына 700-800 сарбаз, аз дегенде 400-500 әскер, оқ-дәрі мен қару-жарақ тапсырды. Олар Аббидин-қожаның басшылығында жалпы саны 12 мың әскермен бірге Морху (қазіргі Мори ауданы) жаққа жөнелтілді. Бұлар үлкен жолмен бес бекет жүрген соң Чиқтим деген базары бар бекетке жетті. Содан соң үлкен жолды тастап, сол қолға қарап таудың ішімен асудан өтті және Тазбұлақ деген жер арқылы Ясангачанцзы деген жерге барды. Мұнда үлкен «вайшаң» базары бар екен. Қытайлармен соғысқан бұлар 10 мыңға жуық адамды жайратты. Бұдан соң Ябачанцзының кезегі келді. Онда 12 мыңға жуық адам қырып-жойылды. Сосын мұсылман қосындары Таллық деген жер арқылы Морхуға барды. Бұл жерде көп ұрыстар болып өтті. Бекінісі болмаған, үлкен базары бар осы елді мекенде қытайлар көп және бәрі де қайратты батырлар еді. Олардың басым бөлігі көз жұмды. Шағын бөлігі мұсылмандықты қабылдаудың арқасында амандық дәулетіне жетті. Содан кейін ғазауатшылар Дуңчинға (қазіргі Дөңкижин, Дуңкэцзиң елді мекені) барды. Оның қорғаны берік, қытайлары көп болғандықтан ерекше сұрапыл ұрыс-шайқастар орын алды және 40 мыңға жуық дінсіз мушрик жойылды. Бірақ кәпірлердің көптігінен елді мекен алынбады. Нәтижеде кәпірлер жеңіске жетті. Оның үстіне, қатты бораған қарлы боранға шыдай алмаған әскерлер Тұрфанға оралды.
Бағзы заманда Фағфур Чин Жетішаһарды жаулап, бүкіл Моғолстан мемлекетін иемденген кезде, осы елдің ежелгі мұсылман хандары, тіпті Шыңғыс-қағанның ұрпағы болған моғол хандары және олардан бұрынғы бұғрахандар кезеңінен белгі болып қалған сауыт, тері малақай, дулыға, найза, қылыш, жебе, садақ, мәштұт жібектен тігілген шапандар және темірмен қапталған нимчалар (ұзын шапандар), мылтық, қолтоқпақ, айбалта секілді құрал-жабдықтар мұсылмандардан тартып алынып, Дуңчин бекінісінде сақталған екен. Хақани Чин осы қазынаға барабар, бәлкім бұдан да асқан жабдықтарды Дуңчинде құрылған қазына қорында сақтады және чериктерімен күзетті. Кейін осы бекініс алынғанда, Жетішаһардың жүк тасушылары сол жерде сақталған әртүрлі және әртүсті қару-жарақтарды, жабдық бұйымдарды, бөлек темір-терсектерді жеті жыл тасып тауыса алмапты. Оған дейін Хақани Чиндіктер жетіп келіп, осы бұйымдарға қайтадан ие болды.
Тұрфан шаһары әлі алынбаған еді. Осы аралықта біраз оқиға болып өтті. Осындай оқиғалардың бірі: бұрын Бугурда қалған Су-молла деген дүнген қожалардың соңынан жетіп келіп, Тұрфанның алынбағанын көріп: «Шаһарды алмайынша ешнәрсе жемеймін» деп ант беріп, қасам ішті һәм жігіттерімен бірге шаһарға шапты. Қытайларды қуған олар шаһарға еніп, біраз кәпірді өлтіріп, бастарын, аяқ-қолдарын және де басқа дене мүшелерін бекіністің сыртына тастады, айрықша зор қаһармандық көрсетті. Осы шақта оның өзіне ажалдың оғы тиіп, жан алушы аруаққа жанын тапсырды. Кәпірлер оның киім-кешегін тінтіп, қалтасынан бір мөр табады. Оны ғазауатшылардың бас қолбасшысы екен деп, денесін отқа қуырып, кауап етіп жейді. Өйткені, олар сол жылы көктемде қоймадағы астықты бұқараға қарызға үлестіріп берген еді. Астық толығымен сарқылған соң ит, есек, мысықтарды, тіпті кәрі-жастарды өлтіріп жеді, қатты абыржыды. Шаһар сегіз айдан артық уақыт қарсылық көрсетті. Қожалар Боларық (қазіргі Бойлық) тарапты бөгеген әскерлерін артқа қайырды да: «Енді қытайлар Бейжің тарапқа кетсін. Шаһарды босатсын. Біз жол береміз» деп жар салды. Мұны естіген қытайлардың бәрі шаһардан Боларыққа барғанда қынадай шабылды, түгел қырылды. Жазаланудан аман қалғандары мұсылман әскерлеріне қызмет етуге мәжбүр болды. Шаһардағы қару-жарақ пен топ-зеңбірек секілді мемлекеттік істерге қажетті сайман-жабдықтарды қолға түсірген мұсылмандар мәз-мейрам болды. Ал кәпір-мұнафиктер қам жеп қайғырды және сергелдеңге түсті. Осымен Тұрфандағы мансапты, черик, саудагер, хуржа және 19 «вайшаң» базарларындағы қытайлардан жалпы саны 150 мыңнан астам кәпір қырып-жойылды. Мұсылмандардан шамамен 400 кісі шейіт болды. Жалпы, осы жеті-сегіз айдың ішінде Тұрфаннан бөлек, мына жағы Үрімші, арғы жағы Мори мен Дуңчинде барлығы бес жарым лектен (1 лек - 50 мың) астам кәпір-мушрик жайратылды, бәлкім бұдан да көп-тұр. Оның анық есебін тылсым әлемнің иесі және шахадатты Алладан басқа ешбір инсанның ақыл-парасаты мен пікір-тұспалы ойлап есептесе де, анығына жете алмайды. Құдайдың өзі ғана толық біледі.
Қаламымның хош жүрісін және тізгін-шылбырын сәл-пәл әсірелеуге бұрып, осы жорықтарды егжей-тегжейлі баяндайтын болсақ, оқырман мен тыңдарманды жалықтырып жіберем бе деп ойладым. Сондықтан, болып өткен мың оқиғалардан жүзін, жүз оқиғадан онын және оннан бірін іріктеп, қысқартып, талдап мына параққа кіргіздім. Қысқасы, Моғолстан еліне кәпірліктің қара сиясы таралып, қараңғылық пен зұлмат жайылған еді. Кейін келе, семсер-қанжарлардың күнге жалтылдаған жүздері бұл өңірге жаңадан жарық түсірді. Тәңірім, мұсылмандарға жеңіс, сәттілік және тұрақтылық, ал кәпірлерге қорлық пен ренжулерді беріп, бізге тыныштық бергей. Әумин! «Таһа» және «Ясин» сүрелеріне құрметсіздік болмасын.
13
Жақсы ниетті сеид-ғази Қожа Исхақтың Мориге екінші рет әскер жібергені және мақсатына жете алмай қайтқаны, Құмыл ваң-хандарынан162 елші және мәрғуб (әдемі) тарту-таралғылардың келгені, Лүкчун бекінісінің екінші рет алынғаны секілді оқиғалардың баяны
Қасиеті жақсы жарандар және ниеті жақсы пірәдарлардың сап таза ділдеріне айқын да анық болсын, төмендегі нақыл-хикаяларға негізделсек, Дуңчинге аттанған Аббидин-қожаның мұсылман әскерлері жойқын суықтың кесірінен Тұрфанға қайтты. Тағы әскер әзірленіп, Баһауддин-қожа, дүнген Хо-қалпе және Тохтимұхаммед-қалпенің басшылығында зеңбіректермен қаруланған, қару-жарақ асынған 15 мыңнан астам даңқты палуан-батырлар Мори, Дуңкэцзин тарапқа екінші рет ғазауат жүргізуге жіберілді. Бұлар бекеттен бекетке өтіп, Мориге жетті. Алдыңғы жорықтың жазасынан аман-сау қалған кәпірлер қайтадан төңіректегі қыстақтарда шоғырланып, соғысуға кірісті. Кәпір және мұсылман екі тараптың көптеген адамы зиянға ұшырады, өте қиян-кескі шайқас болды. Ақыры кәпірлер тағы да жеңіске жетті, ал мұсылман әскерлері Тұрфанға қайтты. Сол сәтте олар Гучуң елді мекенінен астығы сарқылған Құмыл ваңдығының (князьдігінің) астық әкелуге жіберген Супурга-бек дегенді 50 арба және 100 түйемен бара жатқан жерінен қолға түсірді. Қожа Исхақ оны тергеген соң, Кучарға жіберді. Рашиддин-ханқожа Супурга-бекке мол ілтипаттар көрсетті. Бек: «Мен Құмылды алып берейін» деп уәде берді. Сөйтіп, ол Исхақ-қожаға қайта жіберілді. Осы аралықта біраз адамын ерткен Құмылдың бір әләмі (дінбасысы) ваң-бегінің сый-сәлемдемелерін жеткізді. Елшілер әкелген сыйлардың арасында әртүрлі қымбат бағалы жақсы бұйымдар бар-тын. Олардың ішінде Жаһангірхан-төре қытайлардың қолына түскенде киген алтын «дауди» шапан (Дәуіт-әлейһиссаламның шапанына ұқсатылған) болған еді. Тонның екі иығы, екі шынтағы, омырауы және екі тізесінде құдды дөңгелек шынының аузындай домалақ алтын қубба (дөңгелек әшекей үшін орнатылған көпіршік тәріздес шығыңқы оюлар) бекітілген. Оның үстінде алтын сиямен «Инна-Пәтахна» сүресі (Құранның «Жеңіс» сүресі) жазылған еді. Осы қуббалардың әрқайсысы жаһанды нұрландырған күндей жалтырайтын. Бұйымдардың арасында Жаһангірхан-төренің жебелері мен садағы, тіпті өзі тұтынған патшаларға тән әйнектері де алтын жалатылған еді. Сондай-ақ барлық жабдықтары жаңадан тігілгендей және ер-тоқымы мен көпшіктері де алтын жалатылған төренің бір күймесі бар екен. Кезінде төре: «Сіз естелік етіп сақтаңыз» деп ваң-бекке ілтипаттап берген-ді. Ол бұны естелік ретінде қазынасында сақтаған. Құмылдың билеушісі осы күймені және жабдықтарды қожаларға лайықты деп санап, хан-қожаның ордасына жіберіпті. Сый-тартуларды жеткізген елшілер Исхақ-қожаның алдына келді. Қожа оларды үш-төрт күн демалдырып, адам ілестірді және бүкіл сый-сәлемдемелерімен Кучарға шығарып салды. Елшілер Кучарға келіп, тарту-таралғылар мен сыйлы бұйымдарды мүбарак та жоғары мәртебелі хан-қожаның назарына іліктірді, оның қабылдау құрметіне ие болды. Хан-қожа елшілерге бірнеше күн тыныс алдыртып, ваңға сыртқа шыққанда киетін алтын сәлде, жібек тон, қылыш-қанжар және жоғары мәртебелі жарлықтарды жолдады. Әләм-ахун бастаған елшіліктің барлық адамдарына өз деңгейіне қарай шапан-киім, сәлде, сәлденің матасы немесе матадан тігілген бөрік, жұмсайтын тиллә және басқа да сый-таралғылар сыйлап, қайтуларына рұқсат берді.
Осы аралықта Исхақ-қожа Молла Темір-қалпе мен Тохтам-баһадұрдың жетекшілігінде 10 мұсылман және алты дүнгенді Құмыл шаһарына елші етіп жібереді. Супурга-бекке де еліне оралуына рұқсат берілді. Елшілер Құмылда ваң-бекпен кездесіп, елшілік міндеттерін орындады. Дегенмен, Құмылда мансаптыларға және шаһардың іші-сыртындағы қытайларға ешкім тосқауыл қоймады. Молла Темір-қалпе: «Құмылдағы кәпірлерді біз жеңейік» деп ваң-бекке мәлімдейді. Ваң-бек бұны білмеген-естімеген кісі болғансып, 500 адамға жететін қару-жарақ, сауыт-сайман, дулыға, мылтық, жебе, садақ, жалау-байрақ секілді соғысқа қажетті нәрселер берді. Бұлар адамдарды жиып соғысты және жеңіске жетті.
Әлқисса, әскерлер Дуңчиннен екінші рет қайтқан соң, Лүкчун бекінісінің қожа-бекзадалары Ибраһимхан, Хипзуллахан, Йолбарсхан, Шах-махрам және басқа да ақсүйектер бірлесіп, Мориден 4-5 мың қытайды жасырын әкелді һәм бір жерде құпия жасырды. Сосын Ибраһимханды хан көтеріп, дұшпандық пен қарсылықтың әуенін ашық соға бастады. Қожа Заит-қалпе мен Ваит-қалпені өз тарапына шығарып, өздерінің тірегі және жақыны ретінде көрді. Ваң-бектің бір немересі болған екен. Соны Қожа Заит-қалпеге тарту етті. Осыған риза болған Заит-қалпе: «Бұл доландардың163 қаншалықты абыройы бар дейсіз. Мен оларды бағындырып беремін» деп уәделер жаудырды һәм соғысқа дайындалды. Сол сәтте Исхақ-қожа Насреддин-қожаны басшы етіп тағайындаған, Тохтимұхаммед, Молла Османшейх-баһадұр, Бахтимат-қалпе, сайрамдық Мұхаммед Әли-қалпе, қашғарлық Мұса-қалпе, Құрбан-қалпе, ақсулық Хидаят-қалпе және Нияз-қалпе бастаған 8 мың қаһарман-батырларды соғысуға аттандырды. Екі тарап шайқасқа кірісіп, арада сұрапыл ұрыстар болды. Көп адам зиян шекті. Нәтижеде қожалар жеңіліп, Тұрфанға қайырылды.
Лүкчундік қожалар: «Кучарлық қожаларды тұтқындасақ, елді өзіміз басқарамыз. Егер ішкеріден (Ішкі Қытайдан) қытайлар шығып қалса, біз оларға қожаларды тарту етіп тапсырып, шен-мансап табамыз» деген бос қиялдарды ойлаумен арамтер болды және мұсылмандардың қанының төгілуіне жол берді. Лүкчунда 400 түтіннен астам дүнген бар еді. Жергілікті қожалар бұлардың үй-қораларын өртеп, нәресте балаларына дейін бәрін жайратты. Бұны Үрімшідегі Со-далое ести сала қайрат-ашуы тасыды һәм 3 мың дүнгенді құтқаруға жіберді. Қос-қосарланған шаттық заманда шахтардай афақ (даңқты) сеид-ғази Қожа Исхақ өзі бастаған бірнеше теңдессіз батырлармен бірге 15 мың қанқұмар әскерді ертіп, Лүкчунге қарсы екінші рет аттанды. Олар Ауат деген жерге түсіп, айналадағы көркем көріністі тамашалады. Сол сәтте тұрфандықтар екі тарапқа да жәрдемдеспей, ортада тыныш тұрған еді. Лүкчундіктер қыруар адамын әзірлеп, шайқаса кетті. Бірнеше рет жеңіске жетті және бірнеше рет сәтсіздікке ұшырады. Ақырында жеңістің самалы жеңімпаз әскерлердің тарапынан есіп, бақ-дәулет пен бақыт желі дұшпандасуға уәде бергендерді түкке тұрғысыз қураған шөптей ұшырып, ұлан-ғайыр даланың үңгір-індеріне тығып жіберді. Істің кері жүргеніне көзі жеткен Ваит-қалпе лүкчундық қожалардың бірнеше жетекшісін байлап-матап, қожалардың алдына әкелді. Қожалар оның күнәсін кешірім қаламымен сүртті. Сосын қосындар бекіністің қақпаларын ашып кіріп, көптеген адамның сазайын тартқызды. Қала мен дала талан-таражға салынды, бүлікшілердің бірнеше басшысы дарға асылды немесе басқалай жазаланды. Бұлардың кейбіреуі Құмыл немесе Баркөл секілді жерлерге қашып құтылды. Қысқасы, олар Лүкчунді тәртіпке келтіріп, лүкчундік Әшіртәжі-бекті бекіністің хәкімі етіп қойды. Қасым-чаңга Тұрфанның хәкімі етіп тағайындалды. Исхақ-қожа қасиетті мазарларды зиярат етіп, Хатім-Құран оқытып, садақа, ас беру, қайыр-сахабатпен шұғылданып, алғыс-шүкіршіліктер келтіретін дұғалар оқумен және жалбарынумен күн өткізген шақта, Құмыл шаһарынан шақыру-хат әкелген адам келді. Содан Исхақ-қожа Құмылға аттану жөнінде шешім қабылдады.
14
Шахтарға хас атағы жер жарған сеид-ғази Қожа Исхақтың Құмылға барғаны және Бейжің тарапына ат басын бұрғаны, цзюнваң-хан оның алдынан шығып Құмылдың бағынғаны һәм жөнсіз де орынсыз жарлық-бұйрықтардың кесірінен қайтып келуінің баяны
Көне дос және шынайы жарандардың зейін-ақылдарынан жасырын да құпия болмасын, нақыл-әңгімелерге қарағанда, хижраның 1282 ж. мухаррамның 18-күні (1865 ж. 13 маусым) ұлы дәурен және жақсы заманда түзу ниетті сеид-ғази Қожа Исхақ әскер, жалау, байрақ, қару-жарақ, керней-сырнай, дақа-даңғыраларды алып, өзі басқарған 16 мың әскермен бірге мәз-мейрам және бейқам Құмылды алу үшін қадам басты. Құмылға бұрынырақ барған Молла Темір-қалпенің жетекшілігіндегі адамдар шаһарды қытайлардан тазалап, қожалардың келуін күтіп тұрған.
Құмыл мен Тұрфанның аралығы 12 бекеттік жол екен. Бұл жол ерекше күрделі: жем-шөп пен тамақ табыла бермейді. Қожалар бекеттен-бекетке өтіп, Құмылға бес бекет қалғанда, ваңнан «қоналғу» (әскерлердің алдына достық сезіммен жіберілетін ас-тамақ, жем-шөп және т.б. жәрдем) ретінде қой, отын, жем-шөп, нан-тоқаш, жеміс-жидек артылған біраз арба мен түйе жетіп келді. Бұдан соң ваң келіп, қожалармен кездесу шарапатына ие болды. Ол әскерлердің бәріне нан-тоқаш, шай және тамақ ұсынып, жағдайларын сұрады. Содан кейін оларға айрықша мол сый-тартулар берді. Олардың арасында 400 жамбы, 8 мың ахта (піштірілген) жылқы бар еді. Үлестірілген қойлардың саны есепсіз-қисапсыз. Басқа сый-сәлемдемелердің қандай және қаншалықты болғанын осыдан біле беріңіз. Тарту-таралғылар мен қонақасын берген ваң қосындарға жолды бастайтын адамды қалдырды да, өзі шаһарға бірінші болып қайтты. Жоғары мәртебелі қожа жұлдыздай жеңімпаз әскерлерімен бекеттен-бекетке өтіп, шаһарға жақындағанда ваң тағы да оның алдына барып, қалаға бастап кірді және биік деңгейдегі ордаға жайғастырды. Өзге қалпе-батырларға да дәрежелеріне қарай орын әзірленді. Барлығы орналасып-тыныққаннан кейін тағы да арнайы сый-сәлемдемелер тарту етілді. Олардың ішінде 8 мың жамбы, 8 мың ахта жылқы, қару-жарақ пен саймандар, тұрмыс бұйымдары, әдемі қамқа секілді өте мол ұсақ-түйек нәрселер бар еді. Қалпелер мен батырларға да тиісті дәрежесінен асқан сыйлықтар берілді. Әрбір төрт күнде төрт адамға бір қой, екі цзиң (1 цзиң - 500 гр.) көк шай асырмай-кемітпей беріліп тұрды. Басшыларға бұдан да көп берілді. Қожалар Құмылда үш ай немесе одан да көп уақыт тұрды, азық-түлік те жоғарыда көрсетілген тәртіп бойынша берілді. Құмыл билеушісінің мансабы зор, дүние-мүлкі көп және есепсіз екен. Қожалар сыйланған сәйгүліктерді әскерлеріне таратты. Бірақ байқап қараса, жылқының бәрі де кәрі, 20 жастан кіші сәйгүлік тіптен жоқ екен. Қойлардың да тістері жоқ. Оның себебін сұрағанда жергіліктілер: «Ваңның жылқылары өте көп. Нақты санын білмейміз. Қойлары 260 қотан. Әрбір қотандағы қойдың саны 700 кем болмайды және 1,2 мыңнан аспайды. Көктем мезгілінде бір бек пен үш мырза (кеңсе мансаптысы) жылқы санауға шығады. Бұлар бес-алты айда санап, тізімге алынған деректерді ваңға мәлімдейді. Оның жайлау-қыстауларын бір айда әрең аралап бітіресіз және олардың қаншалық көп екендігін біз де білмейміз» деп жауап қайтарған екен.
Нақыл-хикаяларға қарағанда, Су-йәншай164 («юаншуай», бас қолбасшы) мен Да-йәншай165 30 мың дүнгенді бастап Құмылды талап-тонау үшін келгенде, ваң өз елшісі арқылы «30 мың дүнгеннің әрқайсысына бір ахта жылқы мен бір жамбы күміс берейін. Басшыларға көбірек берейін. Тек талан-тараж етпеңдер» деп өтінді. Бұған келіспеген дүнгендер талан-таражға жол берді және Құмыл билеушісін шейіт етті. Олар көзіне көрінген және қолына түскен нәрсені талап, адамдарды өлтірді немесе олжалап қолға түсірді һәм Үрімшіге айдап әкетті.
Мен, осы шығарманың авторы, өзім көргендеріме негізделсем, Құмыл билеушісінің әйелінің бір чүмбалы (хиджаб) болатын. Ол түгелдей меруерт, жасыл жақұт, гауһар, жасыл нефрит, алмас секілді қымбат та таза тастардан тізіліп тоқылған екен. Осы чүмбал кучарлық Ақмолла-байдың қолына түскен-ді. Бұны Ақсу шаһарына алып келген ол зекетшінің көз алдында марғұландық Мирмахмуд-байға 17 жамбыға сатты. Чүмбал олжалы дүние болғандықтан, арзанға сатылды. Қалған бұйымдардың қандай болғанын осыдан біле беріңіз.
Қысқа сөзбен айтқанда, Құмылда 15 мың үйден астам халық тұратын. Бұлар: «Бәріміз Құмыл ваңына қызмет етеміз. Мейлі қыс немесе жаз болсын, қытайларға бір нәрсе де бермейміз. Егер қытайлар Құмылға қарайтын жерден бір кетпен топырақ алмақшы болса, алдымен ваңның қазынасына күміс төлейді. Содан кейін ғана жер ала алады. Құмылдың ұлығы Чиң патшасынан бөлек билеушіге тағзым етіп бас имейді. Қытайлық мансаптылар «шаңтаң» мен «шаң ямун» істерін өз кеңселерінде жүргізбей, ұлықтың ордасына келіп атқарады. 15 ұрпақ, бәлкім одан да ұзақ уақыттан бұрын патша бізді Құмылдың жерімен қоса ваңға жулду-жасақ етіп берген екен. Сондықтан біз құл есебінде жұмыс істейміз. Жулду-жасақ дегеннің мәні сол» деп өткен оқиғаларды баяндады. Құмыл патшаға жылына 360 қауын, тоғыз қайрақ тас тарту ететін. Оның есесіне патшадан көптеген сыйлар алатын. Сондай-ақ ваң-ұлық жыл сайын патшаның қазынасынан 74 жамбы, әпкесі Пучин-ханым 35 жамбы және бірнеше орам жібек мата алатын. Құмыл билеушісі үш жылда бір рет Бейжіңге барып, патшаға көрініп қайтатын. Барып келгендегі барлық шығындар патшаның қазынасынан төленетін. Ол Бейжіңге барған әр сапарында аз дегенде 500 жамбы пайда алып келетін деген мақтау-хикаялар айтады халық. Оның пайдасы бұлардың әңгімелегенінен да артық болса керек.
Хақани Чинге қарайтын мұсылмандардың арасында Құмыл билеушісіндей ірі ұлық жоқ еді. Оның ежелден бергі заң-ережелері және әдет-дәстүрлерінің, тіпті бақ-дәулетінің ұлылығы соншалық, өзге ваң, гуң секілді ірі мансаптылар немесе молда, ақсүйек, ғұлама, ишан-хазрет пен әпенділер болсын, билеуші оларға тікелей сөйлемейтін. Олардың әңгіме-сөздерін де тікелей тыңдамайтын. Тыңдағанның өзінде де осы әңгіме-сөздер оның құлағына тікелей жетпейтін. Оның бір-екі «мәлімдеуші» деген бектері болған-ды. Ваң-бектің әрбір жарлық-бұйрықтары алдымен мәлімдеушілерге айтылады екен. Мәлімдеушілер «Ваң-ханның жарлығы және бұйрығы....» деп жұртшылыққа жариялайды екен. Олар басқалардың сөздерін «Ол мынадай түрде арыздануда» деп билеушіге мәлімдейтін. Бірер адам онымен бір үйде және бір мекенжайдағы отырыста сөйлескен жағдайдың өзінде мәлімдеушілер арқылы сұхбаттасады екен. Ол өзін зор, ал өз жарлықтарын өте ұлы, сондықтан ұсақ адамдар ұлы сөздерін тікелей тыңдауға дәрмені шыдамайды деп есептеп, мәлімдеушілерді араға салу арқылы алдына барғандарды бір дәреже төмендетіп, содан соң ғана олармен сұхбаттасу туралы жарлық шығарған. Мәлімдеушілер өзгелердің сөздерін тым төменгі дәрежеде санап, ваң-бекке өз бетінше жеткізуді қажетсіз деп есептеп, өздері жаман пиғылымен аралықта тағы бір дәреже жаратты. Билеуші еститіндей етіп өзгерткеннен кейін ғана жеткізеді және бұны арнайы мансап деп біледі. Мынадай бір ғажап риуаят бар: Исхақ-қожа мансаптыларды, чериктерді және ондаған мың, тіпті жүздеген мың кәпірді өлтіріп, Тұрфан мен Үрімші шаһарларын бағындырған соң, Құмылды бағындырмақшы болып, мыңдаған қанқұмар әскерімен аттанады. «Егер ваң-бек мені мойындап бағынса, оның мал-жанын және елін өзіне сый-тарту етіп, аман-сау қалдырамын. Егер де бағынудан бас тартса, өзінен бастап барлығын қырып-жойып тауысамын» деп оның иелігінің тағдырына қауіп төндіреді. Сол кезде Құмыл билеушісі оның алдына барып, екеуі арасындағы ұзындығы бір садақтай жердегі сандал (хош иісті ағаш) орындықтарға отырған екен. Ваң-бек: «Қожалардың исламды азат еткен қадамдары құтты болғай» депті. Мәлімдеуші осы сөйлемді «Ваң осындай мәнде жарлық етуде» деп Исхақ-қожаға жеткізіпті. Ал қожаның сөздерін «Қожа осындай мәнде арыздануда» деп ұлығына жеткізіпті. Мәлімдеуші тағы да сөйлей бастағанда, Исхақ-қожа: «Әй мәлімдеуші-бек, өз жайыңызға барыңыз. Ваң-бектің тілін мен білемін, менің сөзімді ол ұғады» деп өздері тікелей сөйлесіпті. Демек, Құмылдың ұлығы Хақани Чиннің артық ілтипатын көрген және ақша-дүниесіне молынан малынғандықтан, сондай-ақ өзінің бейқам-жайбарақаттығынан осыншама өркөкірек те еліктегіш болған екен.
Құмыл ұлықтары өзінің түптегін «тарханбектерден» таратады екен. «Тарихи Зафарнама»166 кітабында жазылғандай, Шыңғыс-қаған жаңадан бас көтерген кезде, найманның ұлығымен соғысып, қолына түсті және рақым еткен ұлық оны тәрбиелеп алды һәм қызын беріп, өзіне күйеубала етті. Бірақ, кейін одан алаңдап, мазасызданып, соңына түсіп өлтірмекші болды. Ханның уәзірі «Хан Темучинді өлтірмекші» деп әйеліне айтып қойған. Ақ отаудың сыртында тұрған екі жақыны бұны ести сала Темучинге хабар береді. Бұны естіген Темучин өлім төнген жерден қашып, құтылу бақытына кенелді. Шыңғыс-қағанның әуелгі аты Темучин еді. Ол хақан болғанда, жоғарыдағы екі жақын оғланға ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын «тархан» лауазымын беру туралы жарлық түсірді және өз туыстарынан да биік қойды. Шыңғыс-қаған ұрпақтарының заманында, сондай-ақ Әмір Темір-гураганидің уақытында да осы тарханбектердің ұрпағы айрықша абыройлы да сыйлы батырлар санатында еді. Жалпы, барлық тарханбектер өз түптегін осы екі оғланмен байланыстырады деген риуаяттар бар. Олар сенімі таза, ықыласы мол, шариғат заңдарын білетін және оны дамытатын ғұламалар мен фузолаларды (асыл мінезді кісілерді) жетілдіру, медресе, мектеп, ханақаларды ашып гүлдендіру, ғылым қуған талибтерді (оқушыларды) тәрбиелеу, сондай-ақ ғылыми шипагерлік істерін жандандыру секілді салаларда аса сапалы да ұлы үлестер қосты. Сондықтан құмылдықтар Алланың барлық парыздарын, шариғат мәселелерін орындау және үйрету жағынан, тіпті емшілік шараларда өте дана халық болып есептеледі. Олардың арасында оқымаған, ғылымсыз түрктер (ұйғырлар) өте аз кездеседі.
Сөздің қысқасы, Исхақ-қожа Құмылда тұрған кезде, Сачжу167 дүнгендері жіберген елші арқылы төмендегідей ұсыныс-хат тапсырды: «Қытайлармен соғысып, оларды өлтіріп және қуып отырып қалаға кірдік һәм иемдендік. Алайда қытайлар екінші қақпадан шығып, бізді қоршап алды. Біз қалада қамалып қалдық. Сондықтан бізге медет беріп, қосындар жіберіп құтқарсаңыз». Тұрфан мен Үрімшіден қашып шыққан қытайлар және Баркөлдің жергілікті қытайлары жалпы саны бір лектен (50 мың) астам адам бір жерге шоғырланған-ды. Баркөлдіктер қашып барған қытайларды қалаға кіргізбей, бекіністен қашықтығы бір бекет жерде «иңпән» (иңфаң, әскери тұрақ) соғып, азық-түлігін жеткізіп, өздерінің қарауылы етіп жайғастырған екен. Исхақ-қожа қалпе-батырларына 10 мың әскерді бастатып, Баркөлге қарсы аттандырады. Бұлар Баркөлде неше рет жеңіп, неше рет жеңіліп, иңпәндағы қытайларды бағындырды һәм бекініске жақындады. Бекіністің бір жағында қалмақтар тұрған елді мекен бар еді. Баркөлдің қытайлары өте батыр да жаман екен. Шайқасуға шыққан бірнеше мың қытайлықтың ер-тоқымдары, көрпеше-жамылғыларына дейін барлығы әндіжанша екен. Бұның себебін сұрасақ, «Бұл қытайлар кезінде Қашғарға қарсы жорыққа қатысқан және көп соғысқан» деген жауап алдық.
Баркөлдегі соғыс базары қызып, жан беріп, жан алып тұрған һәм бекіністі алудың қуанышты маусымы шырайын аша бастаған, мақсат-мұрат бақшасының гүлдерін үзетін күндер келді. Мұсылман қосындарының бақ-дәулетті мәртебесі күннен-күнге биіктеп және ұлғайып, олардың иқбал-бақытының нұр-шұғыласы көтеріліп және үлкейіп, барлық жағынан оңай-оспақтық пен сәттілік туындаған мезетте, Қожа Рашиддин-ханнан жарлық келді. Онда «Қырғыз-қыпшақтар Қашғарды алды, Яркентті де басып алыпты. Ондағы қожалардың бәрі де қашып келді. Көп әскер, қару-жарақ және қазына зиян шекті. Өзіңіз дереу әскерлерді бастап, шаһарларды әндіжандықтар мен қыпшақтардан босатпасаңыз, кейін дұшпандар күшейген соң жағдай жақсы болмас. Өйткені бұлар бізге жақындай түскен ең жаман жаулар-дұр. Тамам» деп жазылған екен. Осы хабар әскер арасында таралды. Олардың бәрі ата-анасын, туған-туысқандарын, бала-шағасын, әйелдерін және ағайындарын әбден сағынған болатын. Әлгі хабарды құлақтары шалған әскерлер бүтіндей ғазауат соғысына көңілдері суып, өз еліне оралуды армандады. Жас-кәрісі бір ынтымақ, бір ниетте «Елімізге қайтайық, қалған қалаларды арнайы басқа уақытта келіп алайық» деп қожалардың аяғына жығылып, жылап тұрып алды. Жеңімпаз әскерлердің ішкі тәртібі астан-кестен болып бұзылды. Қожалар бұған бір нәрсе деуге жарамады һәм сасқалақтады.
Қысқасы, әрбір тік тұрғанның жығылуы және асқақтағанның құлауы ежелгі заманнан осы жүйесіз де әлем-тапырық дәуірге дейін жалғасып, оқиға болып өрістеген ахуал-дұр. Оның үстіне, маңдайына бақ қонған тәртіпті әскерлер жеңіске барша жан-тәнімен құлшынған бір мезгілде мұндай қолайсыз да пайдасыз жарлықтың түсуі құдды ойран мен күйзеліс кезінде үкінің саңқылдағаны, қою ымырт түскенде қораздың шақырғаны, қоғамның апақ-сапақ болуы, бақытсыздық бораны бақыттың шам-шырағын өшіруіне, бақ-дәулетті күннің қара түнек бұлтқа батуына себепші болды. Нәтижеде Исхақ-қожа Баркөлді шала тастап, Құмылды цзюн-ваңға (ваң-бекке) қалдырып, Үрімші секілді дүнгеннің қалаларын Даут-қалпе мен Су-далоеге табыстап, Тұрфанды Аббидин-қожа мен Су-юаншуайға беріп, Корла шаһарын өзінің көз нұрындай баласы Фаррухшах-қожаға тапсырып, Бугурды Тахирқазы-бекке союрғал етті. Сөйтіп, Хақ-тағаланың ілтипаты, бақ-дәулеті һәм ұлы мәртебесімен әскерлерін дабыралаған әуен, сырнай-кернейдің сазымен «Хай-хойлап» Кучар аймағына барды. Алдынан шыққан халықтың көптігі соншалық, ата-бала ағайындардың көрісуі, шейіт шербетін ішкендердің ата-аналары, әйел-балаларының мұң-зары мен «Аһ» ұруы, тамашалаушылардың «Хай-хой» деген дабыралы дауыстары әуеге көтеріліп, тоғыз рауақтағы (қатпардағы) періште-мәликалар қауымын шулатты. Қожалар осындай думанмен Кучарда емін-еркін және көңілге жаққан орын-жайларда орналасып, бақ-дәулетті де ұлы мәртебесімен туыстары, дос-жарандары және әйелдерімен жүздесті. Осында бірнеше күн кідіріп, жарлы-жақыбайларға құрбан шалып, ас берді. Туыстарына киім-кешек пен қаражат ақшаны тарту-ихсан етіп берген соң, көңілдері тынышталды. Алланың берген шапағатына және барлық хал-ауқатына шүкір.
15
Жақсы ниетті сеид-ғази Қожа Исхақтың Яркент пен Қашғар ғазауатын жүргізуге бел байлағаны және аталық-ғази Мұхаммед Яқупбек-құсбегімен келісімшарт жасап, өз еліне қайтқаны секілді оқиғалардың баяны
Махаббаты жомарт жарандар және хас ықыласшыл пірәдарлардың жан-ділінде анық та шүбәсіз болсын, Муштари (Юпитер) және Наһид (Шолпан) планеталары бір сызықта кездескендей, Кучар шаһарында Қожа Рашиддин-хан мен Исхақ-қожа бір-бірімен кездесіп, сыр шерте мұңдасып, басынан өткендерін айтып, сыйлық-сәлемдемелер мен зияпат-қонақасын берді. Содан соң Исхақ-қожа жеңімпаз және жақсы нәтижелі әскерлерін бастап, мұрат-мақсатты жеңістің үзеңгісіне аяғын қойды. Хижраның 1282 ж. барат айының 2-күні (1865 ж. 21 желтоқсан) Кучардан аттанған Исхақ-қожа бекеттен-бекетке түсіп, Ақсу шаһарына барды және жоғары дәрежелі де кең «Ханлық» бағына жайғасты. Бірақ онымен бірге Құмылдан еріп келген әскерлердің басым бөлігі Кучарда қалды. Исхақ-қожа 3 мыңнан көбірек өзінің нөкер-қызметкерлері, датқалары және жасауыл батырларын бастап келген-ді. Өйткені Хамиддин-қожа Үштұрфан әскерлерін бастап келеді деген жарлық түскен еді. Исхақ-қожа Ақсуда 10 күндей тұрып, нұрлы машайықтардың (әулиелердің) мазарларын зиярат етіп, жарлы-бейшараларға ас беру және қайыр-садақа тарату арқылы олардың бата-дұғаларын алды. Тохтимұхаммед-батыр мен Ибраһим-батыр басшылығындағы 2 мың жауынгер бір күн бұрын жөнелтілді. Қожа өзіне тікелей қарайтын махрамдарының (нөкерлерінің), датқалар мен батырлардың соңынан жолға шықты. Бұлардың айбыны, қару-жарақтары һәм әсемқойлығы Моғолстан еліндегі ешбір патшада болмаса керек. Әсіресе, саптың алдында екі салт атты әскер жауһар, алмас, жақұт секілді қымбат бұйымдармен нақышталған қалмақша кернейді ойнап жүретін. Олардан соң екі салт атты сырнайшы, алты салт атты барабаншы жүретін. Олардың соңынан тағы екі салт атты кернейші жүретін. Осы 12 салт атты кернейші-сырнайшының аспаптары бірінен бірі асып, құдды жақұт тас пен інжу-маржандай жарқырайтын. Осы 12 адам мінген сәйгүліктерді 12 жаяу адам бекеттен-бекетке жетелейтін. Алдыңғы жұп кернейдің дауысы төмен, одан кейінгі жұптың әуені және басқа да кернейлердің әуені біраз төмендегенімен, артындағы сырнайлардың мұңды ғазал-мұқамдары, адамды үйіретін тұнық та жігерлі сөздері, «Һузурым» сазының діл-жанды ашатын шумақтары әлемнің көк күмбезінен асып, жұлдызды аспанға шарықтайтын.
Әкесінің бұйрығына бағынбай, анасының пәрменіне бас имей, бақ сейілі мен қызылгүл тамашасын қиялдап, ата-анасымен хабарласпай немесе әйел-балаларымен ісі болмай есірген және өз-өздерінен есін жоғалтқан 3-4 мың жас жігіт қосындарға еріп, 2-3 бекет жерге дейін ілесті. Олардың кейбіреуі өздерін тоқтатып қайта оралды. Біразы өздерін тоқтата алмай, жоғарғыдай шырын қиял астында Яркентке жүрді. Біразын әке-шешелері қайтарып әкетті. Кейбіреуі ата-анасы мініп келген аттарға қонып, қосындарға жетіп алды. Исхақ-қожа осындай ахуалда Яркент аумағына барды һәм жаратушы Алланың тілеу-қамқорымен шаһарда безендіріп әзірленген бір кең сарайға түсті. Алайда Хамиддин-қожадан ешбір хабар немесе әскерлерінен бірер белгі келмеді. Бұның алдында Жамалиддин-қожа Ханериқтан қашқан кезде, Мұхаммед Яқупбек-құсбегі Яркентті бағындырып, Кичикхан-төрені шаһардың хәкімі етіп қойған-ды. Исхақ-қожа Яркентке келе салысымен дүнгендер Кичикхан-төрені қаланың жаңа бөлігіне әкетіп, өздеріне қосақтатты және сыртқа әсте шығармады. Нәтижеде Яркенттің бір бөлігіне қожалар, енді бір бөлігіне дүнгендер билік жүргізді.
Исхақ-қожаның Яркент тағына отырғанынан хабардар болған құсбегі өзінің шахмат ойнау өнерін көрсетіп, көптеген қосындарымен Маралбасы елді мекенінде дүнгендермен соғысты және осы жерді басып алды. Бір ғана атты секірту арқылы шахты бөгеп, мат қоюынан, яғни Исхақ-қожаны Яркентте қамауынан құсбегінің шахматқа құмарлығын және шеберлігін көруге болады. Ол Яркентке жетіп, Хафти-Мұхаммадан мазарында шатырларын тұрғызды. Құсбегі шаһардың сыртында, қожалар шаһардың ескі бөлігінде, ал дүнгендер Кичикхан-төремен бірге қаланың жаңа бөлігінде орнықты. Осы үш тарап бірнеше күнге дейін соғыспай, бірін-бірі аңдып сырттай бақылады. Ақырында дүнгендер Исхақ-қожамен кеңесіп, ымыраласып, шайқасуға әзірленді. Бұны білген Нияз-ишикағабек «Пәлен түнде 9 мың дүнген және 2 мың жергілікті кісі түнгі шабуылға шықпақшы. Осыған амал жасаңыз. Бұдан басқаға шамам келмейді. Тамам» деп құсбегіге хабар жеткізеді. Бұдан хабардар болған құсбегі сол түні әскерлерін төрт жаққа шығарып, баргахтарды (шатырларды) босатты және зейін салып күтумен болды. Дүнгендер зеңбіректер мен қару-жарақтарын көтеріп әкеліп, құсбегінің қосындарына қарсы түнгі шабуыл бастап, әскери тұраққа жынды көбелекше атылды. Бірақ, қарап көрсе, онда ешбір адамның белгісі де, көлеңкесі де байқалмады. Күллі отау-шатырлар өз орнында бос тұрыпты. Сол сәтте құсбегінің қосындары бәле-апат түскендей ұрандатып, төрт жақтан қайтарма шабуылға өтті. Олар дүнгендерді ортаға алып, қынадай қырды және бәрін жайратты. Шамамен 600 дүнген және 800 шақты мұсылман жандарын жайлап, аман қалды. Қалғандары ашу-ыза және қаһарға ұшырап, дереу жазаланды һәм жойылды.
Исхақ-қожаның және дүнгендердің ұзақ айқасуға шамалары жетпеді. Сондықтан олар келісімшарт жасаудан басқа жол таба алмай, амалсыздықтан бітімдесу туралы шешім қабылдады. Өйткені әскерлердің көп бөлігі жойылған еді. Тамаша қуып барғандардың да көбісі қырылып тынды. Одан да көп бөлігі тұтқынға түсті. Құсбегінің ұсынысымен Исхақ-қожа оның шатырына кішірейген халде жетіп барды һәм бітім жасасты. Мұхаммед Яқупбек оған үлкен қонақасы беріп, көп сөздерді ортаға қойды. Оны Мырза Ахмет-құсбегінің шатырына жайғастырып, үш күн және үш түн әскерлерінен бөлек ұстаған соң, қайтадан алдына шақырып, мейірбандық жасағандай болды. Исхақ-қожаның қапа болғанын сезген құсбегі әзілмен: «Егер осындай жолмен сіздің қолыңызға біз түссек, не істеген болар едіңіз?» деп сұрады. Қожа: «Егер де Сіз менің қолыма түссеңіз, Сізді атқа мықтап байлап, Кучарға жіберер едім. Осы уақытта Сіз Маралбасының маңайына жеткен болар едіңіз» деп жауап берді. Осы сөз аталық-ғазиға өте ұнады. Ол дән-риза болып: «Әй төрем, шын сөзіңізді айтыпсыз. Расында да сеид екеніңізді мен мойындадым» деп ұнатқан халде алғыс жаудырды. Сондай-ақ құсбегі: «Қожа Рашиддин-хан Ақсуды өзіңізге берсін. Ақсуда тұрып, Маралбасының ар жағындағы жерлерді басқарыңыз. Біз мына жағын билейік. Қытайларға қарсы сан рет ғазауат жүргізіп, ғази дәрежесіне жеттіңіз ғой. Біз енді бірлесіп, ортамызда хат-байланыс орнатайық. Егер де бірімізге басқа жақтан жау тиіссе, бір-бірімізге жар болып, медет берейік. Егер хан-қожа Ақсуды өзіңізге бермесе, мен оған қарсы әскер бастап баруым мүмкін. Сол кезде әлемнің құдіретті иесі Алла жеңістің есігін қайсымызға қаратып ашса да, біз бұны өзіміздің бақыт-жазмышымыздан көрейік» деп деңгейіне қарай жақсы тон-кешек, сәлде, сәлде орайтын бөрік және ер-тұрманмен жабдықталған арғымақ дайындады. Ол қожаның қолтығынан өзі сүйеп тұлпарға мінгізді. Ілтипат ретінде тұтқындарға да жол қаражатын берді, азық-түлік пен ат-көлікті қайтарды, ұлықтады және Кучарға шығарып салды.
Осы уақыт Яркент, Ақсу, Кучар ортасында бірде-бір адам өте алмаған және не болғанын біле алмаған кезең еді. Сол күндері хан-қожаның жарлығымен Ақсу мен Үштұрфанның әскерлеріне басшылық еткен Хамиддин-қожа Маралбасыға аттанған. Бұлар алдымен Маралбасыны алып, сосын Яркенттегі Исхақ-қожаға жәрдемдесуі қажет еді. Жалпы саны 1 мың әскермен аттанған Хамиддин-қожа Чарбағ бекетінде тұрған Хакимхан-төренің ирауылшыларын (барлаушыларын) ұстап байлап, тұтқындады. Біразы қаза тапты, біразы қашып кетіп, Хакимхан-төреге хабар берді. Төре әскерлерін бастап соғыса шықты. Сұрапыл ұрыс үш күн бойы күндіз-түні жалғасты. Ақырында Хамиддин-қожа жеңіліп, артқа шегінді. Ажалы жеткендері кетті, тірі қалғандары жаяу және салт атты, аш-жалаңаш арып-ашып, баршасы өз мекендеріне қайтты. Олар аман-есен қайтқаны үшін шүкіршілік намазын оқыды һәм Аллаға алғыс-мадақтар айтты.
Исхақ-қожа құсбегінің қанды шеңгелінен аман-сау құтылып, беймаза да қамыққан күйде бекеттермен жүре отырып Ақсуға келді. Шаһарда «Қожалар Яркентті бір атқа сатып келіпті» деген кекесін әңгімелер таралған-ды. Хан-қожа Исхақ-қожамен бірге Құмыл, Тұрфаннан келген әскерлерді Кучарда қалдырып, қожаны аздаған адаммен Яркентке жіберген-ді. Ақсудан да әскер қоспаған еді. Хамиддин-қожаны барады деп жарлық түсірген. Бірақ оны жөнелтпеді. Хан-қожаның ниеті басқаша өзгеріп кеткен. Себебі, күллі үлкен-кішінің аузында, тіпті барлық шаһарларда Исхақ-қожаның есімі атақ-абыройға бөленіп, әскерлер мен бұқара халық оның жағына бейімделген-ді. Хан-қожа қайсы бір шаһарға сапар шексе, жеңіс есігі ашылып, жеңіске жетуші Исхақ-қожаны Яркент пен Қашғарды сылтауратып, оны әскерлерінен, қару-жарақтарынан, салтанат-атағынан айыруды ойлаған және де ақыры осы мақсатына жеткен. Сонымен хан-қожа Исхақ-қожаны шағын қосынмен саны басым дұшпанға қарсы қою туралы жарлық шығарды. Жау Маралбасыны алып, жолдар жабылғандықтан, дер кезінде Исхаққа медет-жәрдем көрсетілмеді. Бұл айып пен абайсыздықты хан-қожа өзінен көрудің орнына Исхақ-қожаға мін тағып кінәлады. Исхақ-қожаның артынан 1500 әскер жібергенімен, ойда жоқта жөнелтілген осы қосын Яркентке бара алмай, Ақсуда тұрып қалды. Аталмыш қосын Құмыл мен Тұрфан аймақтарында Исхақ-қожаның қызметінде болған әскерлерден құралған еді. Осы ахуалға қапаланған Исхақ-қожа Кучар шаһарына жол тартқанда өз әскерлері және оның алдында Ақсуда бөгеліп қалған әскерлердің бәрі де оған еріп жолға шықты һәм сол жерден тезірек кетуге асықты.
Ақсу шаһарындағы Жамалиддин-қожа Исхақ-қожаның алдына өзі барып, кешірім сұрап, барлық кінәні өз мойнына алды. Ол арнайы сый-сәлемдемелер сыйлау, қонақасы беру арқылы меймандостығын көрсетті. Ол әскерлердің бір бөлігі Ақсуда тұруын өтініп, ынтымақ пен тату-тәтті қатынастың жібін қайтадан байлады. Ақкөңіл де хош пейілді Исхақ-қожа Жамалиддин-қожаның ұсынысымен келісіп, әскерлердің кеңесі бойынша Тахириддин-қожа, Холлаш-қазынашы, Абдулваһит-бек, Айса-бек басшы болған 1 мың әскерді Жамалиддин-қожаның қарамағына өткізіп берді. Жамалиддин-қожа айрықша қуанып, рақметін білдіріп, осы әскерлерге тон-кешектер үлестіріп риза етті. Дегенмен, әскерлер арасындағы бірлік-ынтымақтың жібі босап, мемлекет пен биліктің жүйесі құлдырауға бет бұрды. Сеид-ғази Исхақ-қожа бақ-дәулетімен Кучарға келіп, «Құдыретті Алланың дәргейінен қандай істер шығып қалар екен?» деген ой-қиялмен Хақ-тағалаға дұға оқып, медет беруін сұрап, тыныш жалбарынды және Оның рақымдылығына үміттенді. Ол бес уақыт намазын толық өтеп, ас беріп, құрбан шалып, туыстары, достары және бауырларына рақым-шапағаттар көрсетіп, киім-кешек пен ақшалай сыйлықтар беріп, көңілін көтерді. Тамам.
16
Кучарлық қожалардың ынтымақсыздығы және бұрынғы жай-жағдайы, қолдары жеткен осы ұлы бақ-дәулетке шүкіршілік етпей, мемлекет пен үкімет-биліктен біржолата айырылғаны, кейбір күтпеген оқиғалардың орын алғаны, Мұхаммед Яқупбек аталық-ғазидың жаулағаны һәм билігі туралы оқиғалардың баяны
Жақсы ақиретті ғазиз жарандар мен қайырлы да ләззатты бауырлардың асыл зейіндерінде анық болсын, хикая-әңгімелерге негізделгенде, бірден-бір құдіретті де қайырымды Алланың мархабатты қамқорлығымен сеид-ғази Қожа Исхақ Яркент шаһарында аталық-ғазимен келісім-шарт жасады. Халайықтың бәсеке-бақталастығын көзде тұтып, ел-жұрттың рақатын іздеген ол уәде-қасам және ант-иман шарттарымен күшейту арқылы жергілікті істерді шешті һәм Кучарға оралып, өз күнін көре бастады. Алайда ағалы-інілі Қожа Рашиддин-хан, Жамалиддин-қожа және оның перзенті Яхья-қожа бастаған үлкен-кіші қожалар өз ұлты мен мазхабының дәстүрлеріне және билік ереже-тәртібіне қарама-қарсы сүйкімсіз қылықтар жасап, біраз лайықты-лайықсыз істерді келтіре бастады. Хамиддин-қожа: «Бірнеше жыл бойы Яркент пен Қашғардағы дұшпандарға соққы бердім және олардың соққысын жеп қаштым, көптеген машақат тарттым. Ақ’яр деген жерді Дәстүр-ханымға әперсем...» деп Жамалиддин-қожаға арызданды. Жамалиддин-қожа бұған көнбеді. Нәтижеде өзінің қайраты мен күш-қуатына сүйенген ол нышан-бұйрық шығарып, Ақ’ярдың көп бөлігін өзіне қаратты һәм бекітті. Ақсудан Ақ’ярға ешбір дорға немесе қызметшілер бара алмады. Барғандары қатаң жазаға ұшырап қайтарылды. Сондықтан ешбір дорға немесе қызметкер ол жерге баруға батылы жетпеді. Ақырында Жамалиддин-қожа көптеген қулық-айла мен мұнафиктерге тән әдістерді ойлап, әккі тұзақтар құрып, жалғандық ұрығын шашып, Үштұрфанның қожаларына хат жазды. Хатта: «Інім Хамиддин-қожа расында да көптеген бейнет-машақат тартты. Маған оның Ақ’ярдың өнімін сарп етсем (жұмсасам) деген сөзі онша ұнамады. Ойласам, бұл жақсы іс болмаған екен. Інім осы жерге бір келіп кетсе, мен мұнда оған біраз күн қонақасы беріп, осы жерді өз қолыммен берейін. Егер ол осы жерде өзі ғана мекендесе, біздің береке-бірлігіміздің жоқтығы алыс-жақын жауларға білінуі ықтимал. Бұл жақсылыққа жеткізбес» деп жазылған екен. Шыншыл да түзу ниетті Хамиддин-қожа мұнафикше жазылған әлгі хатты достық хат деп топшылады, алданғанын білмей масаттанды. Ақ’ярды дәметкен ол «тәбетін ашып, тістерін тазалап», жақын қызметкерлері, нөкерлері және датқаларымен бірге дабыр-дүбір сән-салтанатпен Ақсуға беттеді. Жамалиддин-қожа бұған ерекше қуанып, алдынан адам шығарып, айрықша ізет-құрметпен оны өзінің әмірлік мекемесіне түсірді. Адамдарын да өз деңгейіндегі орындарға жайғастырды. Қонақасыдан кейін Жамалиддин-қожа оққағарларына қарап: «Сіздер демалыңыздар, біз аға-іні ұзақ уақыттан бері бір жерде көріспеген едік. Хал-ахуалымызды баяндап, әңгімемізді бітірген соң тынығармыз» деп рұқсат берді. Нөкерлердің бәрі «Муштари (Юпитер) мен Зухра (Шолпан) жұлдыздары бір сызықта кездескендей болды» деп жайбарақат ұйқыға кетті. Жамалиддин-қожа біраз адамын бір жерде жасырын әзірлеп қойған-ды. Хамиддин-қожаның көзі ұйқыға кетуі сол екен, әлгі жасырынған нөкерлер үстіне шығып байлап тастады. Оның адамдары да үй-үйде мейман болған жерінде ұсталды. Қожаны үш адамымен бірге атқа мінгізіп, мығымдап байлап, бір түн мен күннің ішінде Кучарға жеткізді және мырза-қамауға алды. Ақсулық Мұсабек деген адамын құмға көміп өлтірді. Демек, Хамиддин-қожа өз қол-аяғын өзі балтамен шапқандай болды. Бұл оның бақ-дәулетінің шырағы өшкенінің белгісі еді.
Осы таңғаларлық оқиғаны құлағы шалған қырғыздар Қашғардағы құсбегіге хабар жеткізеді. Құсбегі бұны естіген соң ерекше қуанып, хабарлаған қырғыздарға тон-киім мен сәйгүлік сыйлап, «Әлһамдулилла, енді Ақсу, Кучар шайқассыз-ақ қолыма түседі екен» деп шаттанды. Бұның алдында болған бір оқиғада үштұрфандықтар «өзімізді өзіміз басқарамыз» дегендей мән-мағынасыз әрекеттер жасағаннан кейін жанын сауғалап қашқан қыруар адам Қашғарды паналаған еді. Бұл оқиға жоғарыда егжей-тегжейлі баяндалған. Қашғарға қашып барғандар құсбегінің қол астына кіріп, бейнет-тауқыметін айтып, оған жол бастауды (жол көрсетуді) ынтыға күткен. Кучарлық Абдурахман-датқа, ақсулық Абдулла-диуанбегі Ақсуда әуелгіде Жамалиддин-қожаның қызметінде еді. Мемлекеттің бүкіл істері олардың ерік-ықтиярында болған. Бұл екеуі қожалардың ахуал-жағдайын пысықтап, өз жан-күйін күйттеуді көздеп, құсбегінің мемлекетінің ұлғайғанын көріп, оны шақырған бір құпия хат жолдады. Кучардағы жумлат’уль-мүлк (уәзір) Тохти-ишикағабегі де «Бұл елді өзім әперейін» деп уәде берген хат жіберді. Аталық-ғази Мұхаммед Яқупбек-құсбегі осы хаттарды бір-бірлеп оқыған соң, қайрат тамырлары тулап соға бастады, дәулет дәмесі одан әрі ұлғайып жанданды.
Әуелгіде Кучардағы Маулана Аршиддин-валиулланың нұрлы мазарында шейх орын-дәрежесін өздеріне абырой-мақтаныш деп білген, осы мазардың бағына сыйған қожалар ендігі жерде Жетішаһарға, тіпті Моғолстан өлкесіне сыймай қалды. Олардың туысқандығы мен береке-бірлігі өзара теке-тірес пен мұнафиктыққа (екіжүзділікке) айналды. Осы өзара қарама-қарсылық һәм екіжүзділік бара-бара дұшпандық пен араздыққа ауысты. Олар ұлы мемлекеттің қадірін білмеді, оған тәубе қылмады. Бәлкім, бұны кәпірлер сияқты нығмет деп танығаны және тәкаппарланғаны, өздеріне мақтаныш тұтқаны үшін бәрін де қолдан беріп қойды. Өкінішті-ақ, осыған мың-мыңдаған әттеген-ай мен қасірет! Ендігі баса айтудың қажеттігі – алғашында қасиетті мазарлардағы вакуфтық дүние-мүлікке қанағаттанып, диқандардың ұшыр-зекеті мен садақаларына мұқтаж болып, қасиетті мазарларды мекен етіп, құжыраның ішіне шетпір төсеп ғибадатпен күн өткізген, бір жұп қатқан нан мен бір табақ қақталған өрікке қуанатын осы қожалар қайырымды, бәріне жол көрсетуші, ризық беруші Алланың асыл қамқорлығымен бірден патшалық таққа, биліктің шыңына шыққан еді. Ұрпақтан-ұрпаққа жоғарыдағыдай күн өткізген ата-бабалары, тіпті Моғолстан шаһарларының ешбір инсан-тұрғыны бұндай бақ-дәулет пен ізетке жетпеді. Бұған дәл осы қожалар ғана жете алды.
Тәкя қилма, һәй азизлар, дөлити йилдамиға,
Баш яниңдин пат алурлар дөлити иқбални.
Ятқузуп жисми ләтифиңни бу тирәпак узә,
Йоқ етип дөләт һәшәмни бәс қилурлар найти.
(Ей ғазиздер! Жылдам келген бақ-дәулетке сенбеңдер, өйткені ондай бақ-дәулет демнің арасында басыңнан ғайып болады. Нәзік денеңді қара топыраққа аунатып, сәулет-салауатыңды жойып, қамыстай иілдіріп қорлайды).
Бұл қожалардың әрқайсысы күнбе-күн таңертеңгі тамаққа әртүрлі халуа, мейіз, қандалат (кәмпит), түрлі жеміс тосабы (джем), мәйжүн (мас қылатын ішімдіктер), шербет, көңіл көтеретін тағамдар, муфәрриһат (қыздырғыш ішімдіктер), қозының жұмсақ етінен жасалған кәуаптар, «бофа» сорпасы, бейжіңше ләззатты да шырын тағамдар, алуан-алуан түрлі нәзік азық-түліктер һәм алдында әзір де тік тұрған әсем Һор (Жұмақ) перизаттарындай қыз-келіншектер бұрынғы күйлерін ұмыттырды. «Өз күшімізбен исламды азат еттік және патшалық таптық, кетпес-жоғалмас бақ-дәулетке кенелдік» деп айналасында патшалық байрақ-жалауларын көтерген патшалармен араласпады және елдеспеді, бәлкім менсінбеді. Олар Қожа Хафиз Ширазидің (Алла оның жатқан жерін жаннатқа қойсын!) «Лисан әл-Ғаип» (Жеңімпаздардың сөзі) кітабында нақыл келтірген төмендегідей ғибраттарға мән бермеді. Хафиз:
Асайш догити тафсири инду һәр пәст,
Ба дуст мураувәт ба душман мадара168.
(Бұл дүниенің рақаты: достарыңа жақсылық жаса, дұшпандарыңмен жұлдызың жарассын).
Қожалар көпшілікке қағида болып қалған осы сөздерді назарға да алмады. Оның үстіне, өз туған-туысқандары және аға-інілерімен бір ниет-бірлік жолын ұстанбады, бір-біріне мейірімсіз болды. «Дүниежүзінің күллі зәру-мұқтаждығынан құтылғанбыз» деп ойлап қиялдады және айрықша тәкаппарланды олар. Әрбір қожаның әуелгі көңіл табиғатының масаттануы іштен өрлеп, «Менен асқан ешкім жоқ» деген әуен-дабырасын шалқытып соға бастады. «Инсан ақшасымен және байлығымен жаман жолға түседі» деп Құран-Кәрімде көрсетілгендей, олардың бастапқы адами табиғатында көмескі болған тәкаппарлығы әшкерелене бастады.
Дәл осы сәтте Мұхаммед Яқупбек аталық-ғази Алла жіберген қаза және аспаннан түскен бәле бейнесінде, мысық тышқанмен ойнағандай, қырғи құс торғайға бас салғандай, биікте самғаған бүркіт кейпінде осы көркем жерге қадам басты. Қожалардың бақ-дәулетін өздерімен қоса шаң-тозаңдай ұшырды. Мейірімсіз алдамшы тағдырдың дөңгелегі кері жүріп, өзінің ежелгі әдетін тағы қайталады. Өлең:
Біреудің басына тәж бен тақты қойып,
Біреуді тәж бен тақтан алып жерге ұрып.
Арнайы айта кететін жайт: ақылды даналар дүниелік істердің бақ-дәулет пен ұлылыққа жеткізетін және аяқасты етіп құлататын ойындарына мән бермей, оның қамы мен қуанышына тең дәрежеде бірдей қарау қажет.
Қәни ол Кәсраи* гөр хәвәр нәқ,
Бу аләмдин учуп кәтти һавалиқ.
Егерчә яхшилиққа йоқ вафа’и,
Вәрәқ ичрәсухән бардур вафалиқ
(Хосроудай билеушілерді көр жұтты. Олардың сән-салтанатты айван-сарайлары да жойылып, тозаңға айналды. Асылы, жақсылыққа жақсылық жоқ. Егер бар делінсе, тек қағазға жазылған сөздер ғана бар).
Әлқисса, Жамалиддин-қожа Чилан мен Яйди елді мекендерінде Тохти-қалпе дегенді 250 әскердің басшысы етіп, қарауыл (шекаралық бекет) орналастырған екен. Бір күні таң сәріде құсбегінің жігіттері аталған жерлерді басып алды. Ат суарғалы шыққан бір жігіт осыны біліп қалып, артқа қашып Жамалиддин-қожаға хабар берді. Қалғандарын құсбегінің жігіттері олжа-тұтқын ретінде Қашғарға әкетті. Содан соң олар Сайериқта қонып, Ақсуға өтті. Аталық-ғази Қожаназар-бек пен Мумин-жүзбасы басшылығындағы 39 жігітке Чиланнан Үштұрфанға баруды бұйырған екен. Олардың құрғақ жүзімнің арасымен Ачатағ деген жерге келгенін байқап қалған қарсы тараптың барлаушылары лезде шаһарға хабарын беріпті. Бұдан хабардар болған қожалар Қожаназар-бекке қонақасы ұйымдастырды һәм аталық-ғазидің келгенін ести сала «Құтты болсын» айтты. Сосын олар Яқупқожа-ишан мен Мұхаммед Әли-датқалар арқылы аталық-ғазиға сый-сәлемдемелер және оның билігін мойындау туралы хат жіберіп, бағынатындарын білдірді. Ертесі Қожаназар-бек шаһардың солтүстігіндегі Түгмәнбеши деген жерге түсті. Хетип-қожаға жіберген екі жігіті: «Қойма, қару-жарақ және қазынаның кілттерін берсін. Ал өздері үй-ішімен жоғары мәртебелі аталық-ғази Бадәулеттің қызметіне кіріп, дұға оқып көрісіп қайтсын. Аталық-ғазидің жоғары пәрмені осындай» деді.
Бәріміз де шаһардан шығатын болдық. Бесін уақытында қақпаның алдына келдік. Олар екі қожаны, Молла Тохти-мөтүсүпті және осы шығарманың жазушысы мені бір жылқышыға ілестірген халде қақпадан шығарды, қалғандарын тосып қалды. «Бұл заманда заман, заман аталық-ғазидің заманы» деп жар салып, зеңбіректерден оқ атып, әсем әуен-сазды көкке асқақтатып, бесеуімізді Қожаназар-бектің алдына әкелді. Бізге 25 салт атты адамды қосып Ақсуға жөнелтті. Яңхи қыстағында қонып, ертесі жол жүріп, Тошқандария өзеніне келдік. Осында Мұхаммед Баба-жүзбасы жолықты. Бұның алдында Ақсуға келген аталық-ғази Үштұрфанға тоқсаби етіп тағайындаған осы жүзбасыны мейірімді жарлықпен Хетип-қожаға жіберген екен. Жарлық табысталды. Оның мазмұнымен танысқан соң, аталық-ғазидің құрметіне бағыштап дұға оқыдық. Тоқсаби Үштұрфанға кетті. Біз Ақсуға қарай кеттік. Мен осы жарлықтың мәтінін кем немесе артық етпей, түпнұсқасын естелік ретінде көшіріп, парақ бетінде келтірдім.
Жоғары мәртебелінің бағыну туралы жарлығы:
«Сиядат (сеидтердің) панасы Бурһаниддин-қожа ишанзада:
Дә’вәт мутәваффирә (көптен көп демеу) және тәслимат мутәкасирә (айрықша кішірейіп) иблағидин (жеткізуден) соң, хатир-хәтир (көңіл жадында) һәм зәмир мунирлариғә (нұрлы жандарына) рошан мен мубәрһән (анық та айқын) болсын: бұл ауан (уақыт, заман) мәймәнәт (бақытты) түрде хазреттігі хақ Субһанә-уә-тағаланы әвни (жәрдем) қамқорымен бірге шарапатты исламды ашу және шариғаты ғәрра (жарқылдаған) нәбәуия (пайғамбарлардың) қылышын «Әл-жәннәту тәхти зилаләс-сиюф» (Жаннат қылыштың саясында) қасиетті мазмұнға ниет хәирияси бирлә (қайырымен бірге), бәлкім абданә (тапсырма) тағдырдың қалауымен бұл жерлерге несібеміз түсті – хасилул-калам. Мухәррәмә әлхәрәмә жиырма бесте (хиджраның 1-айының 25-күні) Ақсу мәсәндидә (жерінде) нузул ижлал кіргізіп (нұрландырып, сәулелендіріп) тұрған уақытта камали холус (жақсылық, түзулік) жолындағы және ерекше махаббат хусус (қасиетінен) Яқупқожа-ишан мен Мұхаммедали-датқаның қолынан ихһар ита’әт (бағыну туралы ұсыныс) пен инқияд (бойсұну) алып, «Әту ул-вәләл әмри» (әмірге бағыну) пәтуасын орындап, бір фарчә (жапырақ) руқә ирсал (хат жіберуге) әрекеттенген екен. Жақсы уақытта варид олуп (келген, тиген), мазмұны мәфһум (түсінікті), хурсәнди хасил олди (осыған қуандық). Тахадду вә тахаббу (сыйлық пен сәлемдеме) ретінде төрт ат, бірнеше либас (киім-кешек) және бір Калами-Шариф (Құран-Кәрім) беріп жіберген екен. Би кәм-кас (кем-кетіксіз, толығымен) келіп тиді. Мұнда Жамалиддин-қожа кейбір істерден үрейленіп қашқан екен. Жігіттер алып келді. Бағзы өткен істерге тәубә етті. Біз де «Вәликазимнәлғәйзә вәлиафин әннас» (өз күнәсін толық мойындағандар кешіруге тұрарлық) мазмұнына хәраим матәқәддәмларға (бұрынғы күнәлары) дейін әфва (ғафу, кешіру) қаламын сызып, мәрфуғ еттік (орнын көтердік) және деңгейіне қарай сәрпаи (киім-кешек) беріп, құрмет көрсеттік. Өздері болса осы тараптағы сеидтердің зубдәси (есіл-жақсылары), ниеттері де саф-дур (таза). Өздерінде және бала-шағасында харзилик (қарыздар) мінез-құлық болса, күнәләрын кешірдік. Осы себепті көңілдеріне бірдеме келмесін. Біз бәрінен бұрын таныған, мутләқән вәхшат пен харас қилмасун (мүлде үрейленбесін және қорықпасын). Уа Аллаһу әла манәққәлу-шәһид. Уәссалам. 1284-санәт».
Осы хатты алған күні Ақсуға келдік. Бізді ескі бекетке түсірді. Бір сағат өтпей-ақ Хамдам-батырбасы есімді адам бірнеше табақпен қант, науат, пісте (шемішке), бадам, мунир қандалат (кәмпит) секілді нәрселерді әкеліп, дастарқан жайды. Кешеуілдетпей бір үлкен қазан күріш тамағын көтеріп әкеліп, қожалардың ауыздарын ашқызып алдарына қойды. Осылай үш күн бойы кемітпей дастарқан жайып, зияпат (қонақасы) берді. Төртінші күні сарайлардан шапан, нимчә (жеңсіз бешпет шапан), қант-науаттарды леген-легенмен әкеліп және мініп келген арғымақтарымызды жетектеп шатыр иелеріне (қожаларға) қайтарды. Аталық-ғази екі қожаны өз шатырына бастап кіргізді және қонақасы берді. Бізге шатыр ішінде дастарқан жасады. Тиісті шапан-тон, сәлде, сәлде орайтын тақиялар сыйланды. Құсбегінің бұйрығымен Ақсу шаһарын айналдық. Бата беретін жерлерде бата беріп, өз орнымызға келіп демалдық.
Сол күндері Кучар шаһары әлі алынбаған-ды. Қожа Рашиддин-хан Кучардан Ибраһим-баһадұр, Юсуп-баһадұр, Тәләй-баһадұр және Яқуп-баһадұрды 4 мың әскердің қолбасшылары етіп, құсбегіге қарсы соғысуға шығарған екен. Бұлар Яқа’ериқтағы Чоға деген жерде жолды бөгеп, су бермей, сан рет айқасып, құсбегінің сарбаздарын Қоштам, Яқа’ериқ, Чоға елді мекендерінен ығыстырып зиянға ұшыратты һәм айрықша батырлықпен жеңіп отырды. Бірақ олардың бұндай қысқа мерзімді батырлығы есепке алынбады. Ақырында құсбегінің жігіттері жеңіске жетті және оларды жазалауға кесті.
Бұның алдында ежелгі араздығы қозған лүкчундіктер біраз дүнгендерді өздеріне ілестіріп, Тұрфан шаһарындағы Аббидин-қожаны әскерлерімен қоса айдап шығарады және қаланы өздері басқара бастайды. Кучар жаққа қадам басқан олар Бугурға жетіп қалған-ды. Хан-қожа Исхақ-қожаны Корла шаһарына арнайы хәкім етіп жіберген еді. Исхақ-қожа жауды жеңіп жатқан сәтте, хан-қожа оның соңынан Хамиддин-қожаны сүйемелдеу үшін жібермекші болып, одан кешірім сұрап, көп ілтипаттар көрсетіп, 4 мың әскер, зеңбіректер, қару-жарақ, ту-жалауларымен дүнгендерге қарсы соғысуға аттандырды. Исхақ-қожа мен Хамиддин-қожа дүнгендерді Қарашаһардан өте қуа жөнелген мезгілде, құсбегінің Ақсуға келгені туралы үрейлі хабар жетті. Хан-қожа Хамиддин-қожаны Қарашаһардан қайтарып, тағы да кешірім сұрап, киім-кешек, пұл-тиллә секілді сый-тартуларды шектен асыра сыйлап, оны әскерлерімен бірге құсбегіге қарсы шайқасуға жөнелтті. Кучардан Бай елді мекеніне келген ол жем-шөбі жайлы жайлауға орнығып, қосындарымен еш жұмысы болмай, «Еріктерің өздеріңде» деп жар салып, бүкіл жағдайды құсбегіге мәлімдеп хат жолдайды. Осы хат жоғары мәртебелі аталық-ғази Яқа’ериққа келген кезде қолына тиеді. Құсбегі хабарды ести сала: «Хамиддин-төре дереу келсін. Біз сабырсыздықпен күтудеміз» деп нөкерлерін жіберді. Төре жетіп келді. Құсбегі аман-саулық пен құттықтаулардан кейін: «Әй төрем! Бізбен тағы соғысатын адам бар ма?» деп сұраған. Хамиддин-қожа: «Жоғары мәртебелі, Сізбен соғысатын мен едім. Мен қызметіңізге кірдім. Енді шайқасатын адам қалмады. Демек, Кучар да қол астыңызға өтті деген сөз. Құтты болсын» деп жауап берді. Құсбегі ерекше қуанып: «Бір нан тапсақ ортасынан қақ жарып, тең бөліселік» деп қабат-қабат киім-кешекті сыйға тартты да, «Біз Кучардан қайтқанға дейін Қашғарда дұға оқи тұрыңыз» деп Қашғарға жолға салды. Хамиддин-қожа аталық-ғазидің билік құрған заманында біраз уақыт оның қожа-төрелері қатарында басшылардың отырыстарына қатысып, тиісті қаражат және киім-кешекпен ең алдыңғы қатарда қамданушылармен бірдей қамтамасыз етілді.
Яқа’арықтан аттанған құсбегі бекеттен-бекетке жүре отырып, Кучарға келді. Бірнеше жігіт Қожа Рашиддин-ханды алып шықты. Ол бір жағынан кекесін де ащы сөз қозғап, тағы бір жағынан тон-киімдерді берген болып, бұларды ордасына бастап кірді. Алайда хан-қожа өз ордасына кіріп алған соң, бірден қолына қылыш алып, аталық-ғазидің бір нөкерін шапты да, бекіністің үстіне жүгіріп шығып: «Менің батырларым қайда кеткен?! Мына қыпшақ-әндіжандықтарды өлтіріп, шаһардан айдамайсыңдар ма!» деп айғайлап тұрғанда, аталық-ғазидің сарбаздары оны байлап-матап шатырына әкетеді.
Қожа Рашиддин-хан өзінің теріс пиғыл-құлқымен өзіне және әскерлеріне шариғатқа қайшы бірнеше жаман істі рұқсат һәм жөн деп санап келді. Соның бірі: хан-қожа өзінің қара басын және шаһарды қорғау, нөкерлері мен жігіт-сарбаздарының түнде ұйықтамай сергек жүріп, қаланы қорғаудың шараларын нығайту үшін құмар ойнауға желіктірді. Ол шариғатқа түбегейлі қайшы жаман істерге жол берді һәм рұқсат етті. Әсіресе қазынадан бөлінген қаражатты құмарпаздарға құмар ойнату секілді әрекеттердің жандануына дем берді. Сондықтан шариғаттың панасы, жоғары мәртебелі аталық-ғази шариғат ғалымдарынан: «Құран-Кәрімде және хадистерде қатаң тыйым салынған бұндай пасық істерге мемлекеттің ұлығы болған адамдардың өздері жол берсе және оны шектемей жандандырса, нәзік шариғат қандай үкім шығарады?» деп сұрады. Ғұламалардан алынған пәтуа әшкере жарияланып, шариғатты бұзған күнәләрі өзіне артылған хан-қожа жазаланды. Оған не болғанын және қай жерде жерленгенін ешкім көрмеді де, білмеді де. Бұл оқиға хижраның 1284 ж. сафар музаффар айының 14-күні (1867 ж. 17 маусымда) орын алды.
Хан-қожа 60 жасқа жақындаған, сары шырайлы, бидай өңді, орта бойлы, көздері үлкен, тістері ірі, басы мен желке жағы үлкен кісі болатын. Оның бір інісі Пахриддин-қожа шариғат белгілемелеріне бағынбай, қазы-мүфтилерді және қасиетті шариғаттың өзін қорлаған һәм менсінбеген адам еді. Тағы бір інісі Жалалиддин-қожа өз күйеуіне иддат сақтаған және әлі де онымен некеде болған бір келіншекті әйелдікке алған екен. Аталық-ғазидің «Ғұламалардың түзу үкімі Алланы да, бәрімізді де риза етеді» деген пәтуасы дінбасылардың шешімімен қожаларға жарияланды һәм жұртқа ғибрат болу үшін олар өлтірілді. Жамалиддин-қожа Яркентте қаза тапты. Шейх-қожа, Баһауддин-қожа және Ибраһим-төре де жазалауға ұшырады. Хетип-қожа және баласы Махмудин-қожа Қашғарға әкелініп, Махмутқожа-хазретке тапсырылды. Бұл екеуі 11 жыл хазреттің асханасында тамақ жеп, шапан мен киім-кешектер киіп, күндерін өткізді. Бейжіңдіктер осы өңірді екінші рет иемденгенде, бұлар да ата-қонысына оралып, туған-туысқандарымен жүздесті. Бүгінде Исхақ-қожа, Хамиддин-қожа, Махмудин-қожа әлі де осында тыныш өмір сүруде.
Рашиддинхан-қожа осылайша үш жыл және бір ай, яғни 37 ай патша болды. Ол шығыс шекарасы Құмыл мен Баркөлге, солтүстік шекарасы Қалмақстанға169, батыс шекарасы Яркент пен Маралбасыға, оңтүстік шекарасы Лоп пен Черченге дейінгі өңірде өз билігін жүргізді. Олар әсіресе бейжіңдік кәпірлерді айрықша мол зиянға ұшыратты. Шаһарлардағы қазына-мүлік пен қару-жарақтарды иемденді, айрықша көп қаражат жинады. Бұның бәрі де түгел Мұхаммед Яқупбек аталық-ғазидің қолына түсті. Қожалар осынша бақ-дәулет пен үкіметке ие болып, қыруар дүние-мүлік жинақтаған кездерде, не өздерінің бірер туған-туыстарына рақым-мейірбандық көрсетпеді, не бірер дұғагер игі жақсыларға және қолөнершілерге кеңпейілділікпен сый-тарту беріп, игі істер жаратып, олардың дүние-мүлікке мұқтаждығын шешпеді, не бірер арна-өзендерге көпір салдырып, жақсылық жасамады, не мешіт пен ханақа салып, тоған-құдықтар қазып, вакуфтық меншікті бекітпеді. Тіпті өздері отыратын бір-екі бөлмелі мейманхана салмады немесе ата-анасының қабірлерін жаңадан жөндемеді, бірер естелік қалдырмастан ұшты-күйлі із-түссіз кетті. Олардан ешбір белгі және ескерткіш болатындай жақсы іс қалмады. Бұрын ел билеген хәкімдер, әмірлер, бектер, тіпті бай саудагерлер де өз жағдайына көсіліп, бұл фәни дүниеге бірер ескерткіш пен белгі қалдыруды ойлап, өзінің пұл-күмістеріне мешіт-медреселер салған еді. Тіпті қытайлық, орыс, фараң (еуропалық) мушриктер де мұсылмандар сала алмаған мешіт-медреселер мен көпірлерді тұрғызып, мазарларды жөндеп, «Атағым қалсын» деген үмітпен күмісі мен ақшасын сарп еткен екен.
Ұлық мәртебесіне жеткен хан-қожаның бірер естелік қалдырмағанына қалай және қандай айып тақсақ та жөн болар. Мұсылмандарға лағынет айту жақсы емес. Алайда бұлардың әрекеттеріне лағынет оқысақ айып болмас. Осы лағынет Исхақ-қожа бинни Сарымсақ-қожа бастаған қожалар мен олардың туыстарына, үрім-бұтағына да тиесілі. Олардың бәрі де елді билеу заң-қағидаларының ғылыми хикметтерін және тәжірибелерін біле алмады һәм жүзеге асыра алмады. Олар әрбір істі ежелгі патшалардың амал-әрекеттері немесе ұлы шариғаттың әдебімен емес, бәлкім өзінің қияли ойлары бойынша жасады. Сондықтан олар із-түссіз кетті. Не өздері парағат (рақат) көре алмады, не бұқара халыққа тыным бермеді. Билік еткен жылдары бұқараға қиыншылық пен қысылтаяң түсіргендіктен, қожалар жоғалған соң, ешбір адам оларды сағынып немесе еске алып, «жақсы» демеді. Қайта, оларға бүкіл туған-туыстары, бауырлары және ел-жұрт наразы болды.
Ей Тәңірім! Өз құдіретіңмен ұлық болғандарды лайықсыз істер жасап, халайықтың наразылығын қозғаудан аман сақтағайсың, әумин! Бақытты пайғамбардың қолдауымен сөздердің теңізінен шығып, осы бапты тамамдадық. Ендігі әңгімеміздің қорытындысы: қиқар жазмыштың дөңгелегі мен пайдасыз жалған дүние қожалардың пейіл-беделіне мейірім және табыс әкелместен, өзінің көне опасыздық жолымен аяңдады. Жетішаһардың дәулет-билігі мен ізет-салтанаты жоғары мәртебелі де құрметті Мұхаммед Яқупбек аталық-ғазиға аманат етіп берілді. Мүләйім қалам өз тізгінін кучарлық қожалардың қисса-аңыздарынан шах дәрежелі аталық-ғазидің қисса-дастандарына өтіп, оның кең майданында алға жылжып, ат шаптырып, егжей-тегжейлі баяндауға қадам басты.
Алла табысқа жеткізуші һәм жәрдем беруші-дүр.
ЕКІНШІ ДАСТАН
1
Әлемнің иесі және шүкіршілік пен мадақтар жаудырушы Алланың байламымен Мұхаммед Яқупбек аталық-ғазидің Жетішаһар-Моғолстан мемлекетін бағындырғаны, оның басынан кешкен оқиғалары, Бұзрықхан-төренің салтанатты таққа отырғаны секілді оқиғалардың баяны
Құрметті де ұлық қайраткерлер, жоғары мәртебелі азаматтардың асыл зейіндеріне жарық пен анық болсын, төмендегі қисса-хикаяларға қарағанда, Мұхаммед Яқупбек-құсбегі шыққан әуелгі елі Ташкент аймағының Пскент елді мекені болатын. Ол сол жерде туып-өскен екен және жас шағынан бастап әскерилік пен батырлыққа әдеттенген екен. Сол кезде Ташкенттің хәкімі болған Нармұхаммед-құсбегі деген біреу Яқупбектің әпкесін әйел етіп алған-ды. Сол себепті, Яқупбек оның нөкерлері қатарында қызмет көрсетіп, орны күннен-күнге биіктеген мезгілде, Қанағатшах-ғази деген біреу Ташкенттің билеушісі болыпты. Оған да нөкер болған Яқупбек кейіннен нөкерлердің жүзбасысы болыпты. Одан соң Дешті-Қыпшақтың атақты шаһарларының бірі Ақмешіттің хәкімі етіп тағайындалыпты. Бұл шаһар Ташкенттен 12 бекет қашықтықта орналасқан екен. Осы оқиға шамамен хижраның 1260 ж. немесе 1270 ж. (1844-1854 жж.) аралығына тура келеді.
Сол кезеңде Яқупбектің жанына барған және онымен достық қарым-қатынастар орнатқан Ресейдің біраз адамы «Осы теңіздегі (дариядағы) балықтарды сатыңыз. Біз оны ұстап, қақ етіп кептіріп, өз қалаларымызға әкетейік» деп келістіріпті. Яқупбек Сырдарияның балықтарын 40 мың сомға сатып, әлгілердің сенімхаттары мен құжаттарын алған-ды. Ресей балық саудасын сылтауратып, Ферғана уәлиетіне (Қоқан хандығына) кірді және басып алды. Сондай-ақ Ақмешіттің төңірегіндегі қазақ пен қырғыздар бұрыннан төлеп келген зекет-салықтардан бас тартып, зекет жинаушыларды ұрды һәм тұтқындады. Бұны естіген Мұхаммед Яқупбек қыруар қосындарымен оларға шабуыл жасап, қырғындап, малдарын тартып алып, өзі тұрған жерге қайтты. Осылай оның бақ-дәулеті және иқбалы күннен-күнге өскен екен.
Мұхаммед Яқупбек Қоқан дару-салтанатына (үкіметіне): «Пақырыңыз, кемтар құлыңыз болған мен хан-хазретке170 дұға оқып, асқақ астананы сүрме дәрісіндей көздеріме сүртіп, қызметкерлігімді көрсетіп қайтсам деген арман-әуесімді құтты да жоғары мәртебеліге білдірдім. Үмітім – қабылдау дәрежесіне жеткен болсам» деп өтінді. Хан-хазрет оның ұсынысын мақұл көріп: «Келсін» деп жарлық беріпті. Мұхаммед Яқупбек сол сәтте-ақ сый-сәлемдемелерді дайындады: тоғыз-тоғыздан қырғыз-қазақ қыздарына өте сирек кездесетін әсем киім-кешектер киіндіріп, тоғыз-тоғыз сақалы шыға қоймаған келіскен жас бозбала-жігіттерді әртүрлі тігілген киімдерге киіндіріп, асыл қанжарлармен түгел қамдады. Тоғыз-тоғыз қазақ пен қалмақ жылқылары ер-тоқымдарымен бірге әзірленді. Әртүрлі мата-мүлік, көркем жабдық-жарақтар дайындалды. Сәтті уақытта және жақсы сағатта әдемі де салтанатты Қоқанға келіп, сый-тартуларын хан-хазреттің мүбарак назарынан өткізді. Оның бұндай қызметкерлігіне қуанған хан-хазрет шахтарға тән ілтипатын және патшаға тән мейірімін жаудырып, өзінің барлық уәзір-сардарларынан жоғары қойып, өз иелігіне қайтуына рұқсат етті. Дешті-Қыпшақ тарапынан және өзге сардарлардан осыған дейін мұндай сый-тартулар жеткізілмеген еді.
Мұхаммед Яқупбек Ақмешітке кеткеннен кейін, уәзір-әмірлердің ащы қызғаныш тамырлары әрекетке келіп, оны сындыруға және аяқасты етуге ұмтылды. Яқупбектің осыншама сый-тартулар сыйлаудағы мақсаты - Ташкент сияқты ірі елге хәкім болу. Осы шаһарды қолды еткеннен кейін Илаһи-ғайып оған астана Қоқанға қолын жеткіздіреді деген қиялдар тасқа ойылған таңбадай белгілі еді. Алла оның ықыласын жоғары, ал көңілін ізетті етіп жаратқан екен. Әмірлер бірінен соң бірі ғайбат-өсектерін хан-хазреттің асыл құлақтарына жеткізіп: «Мұхаммед Яқупбек жинаған дүние-мүлкінің оннан бірін, тіпті жүзден бірін тарту етті. Ол иемденген орасан зор олжаның көптігін мөлшерлеуге, сипаттауға тіл жетпейді. Оның Ташкенттің хәкімі болу дәмесі бар екен. Егер оған Ташкент немесе басқа да үлкен шаһарды ілтипат етсеңіз, ол өте қысқа мерзімнің ішінде мемлекеттің іргетасын шайқаудан һәм ойрандаудан тайынбайды. Оның бет-әлпетінен бұндай ниет ап-анық көрініп тұр» деп арызданды. Бұлардың ғайбат-жаласына иланған хан-хазрет «Яқупбекті тұтқындап, бүкіл нәрсесін жиып әкеліп, дөләтханаға (қазынаға) жеткізіңдер» деп жарлық түсірді һәм 40 жасауылды аттандырды.
«Инсан ихсанның (сыйдың) құлы» деген мақалға сәйкес, Яқупбек хан-хазреттің хас нөкерлері саналатын Абдулла-жүзбасы секілді бірқатар нөкерге көп сый-тартулар беріп, олардың келісімін алды, ықыласын байлады. Оларды өзіне жақындатып: «Егер хан-хазреттің алдында қандай болмасын жақсы-жаман әңгімелер айтылса, маған хабарлаңыз» деп тапсырған еді. Оған қатты ықыласы тартқан Абдулла-жүзбасы бастаған нөкерлер және ханның махрам-жақындары «Уәдеге берік болыңдар» деген мақалға негізделіп, серт-уәделері бойынша осы хабар-өсекті Мұхаммед Яқупбекке жеткізді. Ол осы хабарды ести сала: «Салтанатты Қоқаннан меймандар келеді. Алдына шығып, кездескен жерде тоқтатып, қонақасы жасаңдар және маған белгі беріңдер. Алдына өзім барып, бастап келейін» деп жасауылдарын жолға салды және үш бекетке дейінгі жерде адамдарын дайындап қойды. Барған қызметшілері ханның жасауылдарымен кездескені туралы белгі бергенде, Яқупбек қалған әмірлері мен жігіттеріне: «Қонақтарға барыңдар. Мен түннің жарымында арттарыңнан барамын» деп шаһарды босатты. Сосын ескі қызметшісі Алаш-би екеуі йәкдандарды пұл-нәқдинәларға (алтын-күміс мәніндегі нақ ақшаға) толтырып, түнде Бұхара шаһарына жол тартты. Хан-хазрет жіберген жасауылдар: «Яқупбек шықпады ғой. Нендей оқиға болған-дұр?» деп шаһарға енсе, оның із-түзі де қалмаған. Ханның ашуынан қорыққан жасауылдар Сырдарияның бойында Яқупбектің соңынан жетеді. Қашқындар бірнеше ешкіні тулум (мес-торсық) үшін сойып, әзірлеген екен. Олар мес-торсықтарды буып, ішіне жел үрлеп, ауыздарын нық етіп байлап, үстіне жайғасқан және сәйгүліктерін жүздірген халде қатерлі өзеннен қаперсіз жүзіп өтіпті. Жасауылдар дариядан өте алмай, амалсыздан соңдарынан қарап, кері қайтты. Яқупбек аман-есен Бұхараға барыпты.
Сол уақытта Мәлла-хан171 да Қоқаннан қашып шығып, заманның оқиғалары және сол дәуірдің бәле-қазасынан құтылып, Бұхара әмірінің қамқорлығы астына кірген-ді. Яқупбек Бұхарада бірнеше күн Мәлла-ханмен бірге тұрды. Көп өтпей, тағы да Мәлла-ханмен бірге дарсалтанат Қоқанға келді. Әділетті заманда Худаяр-ханның бақ-дәулеті күнбатыс жаққа қадам басып, Мәлла-ханның ай нұры күншығыстан көрініп, жаһанның бет-жүзін нұрландыра бастады. Яқупбек Ходжент шаһарының хәкімі етіп тағайындалды. Осы аймақты айрықша алаңсыз басқарған күндері оның қарсыластары Мәлла-ханға тағы да өсек тасып, өздеріне көндірді. Хан Яқупбекті жазалауға бекінді һәм қарамағындағыларына оны тұтқындауды бұйырды. Алайда сергек, бақыты бар, жолы болғыш Яқупбек алдын-ала ақпарат алды. Аталмыш адамдар шаһарға кіргенде, ол артқы қақпадан қашып шығып, өзеннен қатерсіз өтті де, Бұхараға кетті. Әрекеттері ысылған және дәуірдің талай сынақтарынан аман өткен Яқупбек әр уақытта замананың барлық сын-қиындығынан хабардар болатын. Сол кезеңде Ходженттің бір тарапы өзенге тұтасқан, шаһардың ішкі қорғаны дарияның жағалауындағы биік жерге орналасқан-ды. Осымен қатар, Бұхараға шығар жолда жылқы бақтырып, адам қойылған еді. Алдын-ала әзірленген осы арғымақтарға мінген ол мақсатты жері Бұхараға жөнелді. Еңсесі түсіп, сары уайымға батқан қуғыншылардың үміті үзіліп, мақсатына жете алмады. Олар дарсалтанат Қоқанға оралды және мән-жайды ханға бір-бірлеп мәлімдеді. Ханның ашу-ыза оттары шарт-шұрт етіп, айрықша ашуланған күйі Бұхара әміріне «Яқупбек деген бір піскенттік күнә жасап, Бұхара-Шарифке қашыпты. Оның жамандығы, арамдығы барлық уәлиеттерге белгілі. Оны қамауға алу туралы бұйрық бергейсіз. Бұлай жасау өз мемлекетіңізге де жақсы» деп хат жазды. Бұхара әмірі хатты көріп, Яқупбекті зынданға тастау туралы фирман (бұйрық) шығарды.
Яқупбектің осы жолғы Бұхараға сапарында Алаш-би мен Мұхаммед Баба бірге жүрген екен. Яқупбек түрмеге түскеннен кейін, олар бұған азық-ауқат тасып, тұрақты түрде жағдайын біліп тұрды және зынданның қызметшілеріне тиллә-теңге беріп, достық қатынастар орнатыпты. Жеті-сегіз ай өткенде Бұхара әмірі Шахрисабзға қарсы жорыққа шығатын болып, зындандағы күнәкар тұтқындар мен қылмыстыларға жаппай кешірім жасап, өзінің жеңісқұмар қосындарын олармен толықтыру және алып жүру туралы қаулыны бекітті. Бұрын Яқупбекпен достық құрған Бұхара әмірінің бірқатар жақындары оған жақтасып, жақсы сипаттарын және іске жарайтынын мәлімдейді. Бұны мақұл көрген әмір оны ордасына алдырып, бет-ажарынан қабілеттілігін байқаған соң, пансат (бесжүзбасы) дәрежесінде тұлпар, қару-жарақ және байрақ табыстап, қызметке алды. Яқупбек ұрыс-шайқастарда мәрт батырларша көптеген қызмет көрсетіпті. Халайық оған ризалығын білдіріп, мадақтапты. Яқупбектің де қадірі өсіп, жайбарақат жүрді. Осы кезең Мәлла-хан орнынан түсіп, Худаяр-хан екінші рет астана Қоқанның билігін иемденген уақыт еді. Бірақ елді басқару құқығы Әлімқұл-қырғыздың қолында болатын. Уақытты қастерлеген Яқупбек «Самарқандағы машайықтардың мазарын зиярат етсем. Хатім-Құран оқытып, кедей-кембағалдарға қажеттеріне қарай ас беріп, садақа таратып, хан-хазретке арнап дұғалар оқып келейін» деп Бұхара әмірінен рұқсат сұрайды және Самарқанға келеді. Осында екі-үш күн тұрып, сәйгүліктерін демалдырып, түннің бірінде Ферғана уәлиетіне қашты һәм Молла Әлімқұлға жолықты.
Әлқисса, сол кезде Кучар шаһарында бүлік басталып, Рашиддин-қожа хандық тағына отырғаны туралы хабар барлық ірі-ұсақ шаһарларға жайылған еді. Қашғарда Садықбек деген қыпшақ бас көтеріп, жамағат құрды, қытайларды өлтірді, қалғандарын бекініске қамады һәм шаһарды иемденді. Ол: «Төрелердің біреуін тілеймін. Осында келіп дұға оқыса екен. Мен, пақыр, Қашғарды салтанатты Қоқанға бағындырайын...» деген мазмұнда Қоқанға ұсыныс-хат жолдады. Молла Әлімқұл ұсыныспен танысып, Бұзрықхан-төреге Қашғарға баруды бұйырды. Оған Хамдам-батырбасы, Турапқожа-жасауылбасы, Абдулла-жүзбасы, Ғази-жүзбасы және басқа да 100 шақты адамды қосты. Бұлар Ош шаһарына келгенде, Азизбек-жаллат пен Яқуп-керней бастаған тағы 100-ге жуық адам қосылды.
Осы арада Молла Әлімқұлға Бұхара әмірінен жолдау-хат келген болатын. Хатта: «Піскенттік Яқупбек деген біреу Мәлла-ханға бас имей, бізге қашып келген еді. Оны біраз уақыт қамауда ұстадым және мүсәпір деп мейірім-шапағат етіп, жанымдағы жақын жерден орын бердім. Бірақ ол маған да айласын асырып, қашып кетті. Сондықтан ол барған бойда-ақ қылыштап жазалаңыз. Егер де осы жарлықты кешіктірсеңіз немесе орындамасаңыз, Бұхара әмірі өзінің жеңімпаз әскерлерімен бірге Ферғана уәлиетіне келгенін көресіз. Егер де жарлы-жақыбай және қауқарсыз бейшаралар (халық) аттардың тұяғы астында қалса, обалы Сіздің мойныңызда болады. Уәссалам» деп жазылған-ды. Осы жетіп келген сесті хатқа аң-таң болған Молла Әлімқұл бір түні Яқупбекті шақырып алды һәм Бұхара әмірінің жарлығын көрсетті. «Енді Ферғана уәлиетінде тұруыңыз лайықты емес. Ең жақсы мәслихатым: Садықбектің ұсынысы бойынша Бұзрықхан-төрені Қашғарға жібердім. Алайда қожа ел басқару шаралары мен әскери істерден бейхабар бір шалағай адам. Сіз тез де шапшаң барып, Бұзрықхан-төреге жетіңіз. Сізді оның құсбегісі етіп тағайындадым» деп жолға салды. Молла Әлімқұл оның қолына мүбаракнама (куәлік хаты) ұстатты және Бұзрықхан-төрені де ескертті. Яқупбек Бұзрықхан-төреге таулы асуда жетіп алды. Кездесудің барысында Бұзрықхан-төре оның келгеніне айрықша қуанып, мақтаныш тұтып, барлық жігіттерін құсбегіге тапсырды. Нәтижеде, Бұзрықхан-төре төре мансабында, ал құсбегі қызметкер дәрежесінде болып, бекеттен-бекетке өтіп, Қашғар аймағына аяқ басты. Бұл хижраның 1281 ж. (1864-1865 жж.) Жәдди (оғлақ, лақ) маусымы еді.
Садықбек өзі жасаған іске ызаланып, бармағын тістеді және амалсыздан хан-төренің алдына адамдарын шығарды. Өзі де соңынан еруге мәжбүр болды. Қашғардың жасы-кәрісі және ауқатты-кедейі топ-топ болып төренің алдынан шығып, оны зиярат етті. Төрені шат-шадыман шаһарға бастап кірді және Садықбектің мекен-жайына түсірді. Дәл сол сәтте қашғарлықтардың арасында төреге бүйірі тартатын бір адамның дауыстап тұрып: «Қожалар келді! Қыпшақтарды ұрып айдап шығару керек!» деп айғайлағаны естілді. Қашғарлық аламаншылар қырғыз-қыпшақтарды таяқ-шоқпарлармен ұра бастады. Ауыр соққыға алынған қырғыз-қыпшақтар қаша бастады. Қарсы тұра алмаған Садықбек өз жұрты Парашқа (қазіргі Ақту ауданының қарамағындағы ауыл) шегінді. Осында тағы 6-7 мың адамды топтастырып, соғысқа әзірленіп, шаһарды қамауға алды. Бұзрықхан-төре мен құсбегі де өзінің сарбаздарын және шаһардағы көптеген тентектерді топтады һәм оларды шайқасқа жұмылдырды. Садықбекке оқ тиіп жығылды. Әскерлері быт-шыт болды. Төре олжаға және қолға түскен тұтқындарға қарық болып, өз шатырына жеңіспен оралып, демін алды һәм дұшпандарынан алаңсыз болды.
Сол кездерде төренің рұқсатынсыз құсбегі ешбір істі жасамайтын. Ол үлкен орданы төренің мекеніне және демалатын орынға айналдырды. Төре күні-түні әуен-саз ойнатып, шаттықта және ойын-күлкімен «хай-хойлатып» бейқам өмір сүрді. Ол елді басқару, датқа-әскерилердің хал-жағдайын жасау, бірер істе амал қолдану немесе кеңесіп шешу қатарлы істерді өзінің діл әйнектеріне жуытпады. Оған керісінше, құсбегі кучарлық Омар-хәкімбектің медресесін өзіне мискини (міскін, жұпыны да қарапайым) мекен етіп, талмай-тынбастан сарбаз дайындау және қару-жарақпен қамдаумен шұғылданып, дұрыс демала алмады, тамақ ішіп-жемеді һәм ұйқыны елемеді. Садықбектің қазынасы және жұрттан жиналған астық сарбаздарына сарп етілді. Құсбегінің жергілікті және мусафир (Орта Азия елдерінен ауып келген) байлардан қалауынша жинаған қаражат, қарыз күміс және қаржылай жәрдемді жігіттерді әскери жаттықтыруға жұмсаудан басқа мақсаты да, әуесі де болмады, тіпті басқа ешнәрсені ойға да алмады. Сол күндері Нияз-ишикағабегі Яркенттің біраз ұлықтарының есімдері келтірілген хатты құсбегіге астыртын жолдап, осы шаһарға шақырған-ды. Хатта: «Қожалар, дүнгендер және хазреттер ортасында қақтығыс пен талас-тартыс пайда болды. Яркент шаһары бекерге тұр. 400-500 адаммен келсеңіз, бұл жерді бағындыруға болады» деп жазылған еді. Құсбегі үлкен үмітпен дұшпанға мән бермей, Яркентке барады. Хамиддин-қожа және дүнгендер бірлесіп шайқаса бастайды. Оларға қарсы тұра алмаған құсбегі шатыр-үйлерін тастап, жанын сауғалап, жайдақ атқа әрең мінгесіп, Қашғарға қашты. Бүкіл үй-іші Хамиддин-төренің қолына түсті. Бұл оқиға әуелгі дастанда айтылған еді. Оның алдында Хамиддин-төре Нияз-ишикағабектің алаяқ әккі һәм опасыздығын біліп, ол сәлемдесуге келгенде байлап-матап, жалаңаш күйде терекке асқан. Бұдан құлағдар болған әкесі Хетип-қожа бейшараны ажыратып алған-ды. Нияз-ишикағабек дәл осыған ашу-ызасы кернеп, құсбегіге хат жолдаған екен. Құсбегі қашқан кезде Нияз ыңғайсызданып, соңынан еріп сан рет кешірім сұрады және Яркентке қашып келді. Қожалар бұдан хабарсыз болды.
Сол күндері құсбегі Азизбек-жаллатты Йеңиһисар (Йеңишаһар) шаһарын қоршауға алуға жауапты етіп қойған-ды. Одан: «Шаһардың алыну уақыты жақындады. Төрем бірер ұлықты бастап келсе. Біз жоғары мәртебелінің сапар жасап, қадам басуына қарап қалдық» деген ұсыныс келді. Бұзрықхан-төре осы қуанышты хабарды естіген бойда қошеметті тәртіппен Йеңиһисарға аттанды. Азизбек-жаллат ор қаздырып, оқ-дәріні қойып, дайын тұрған екен. Төрелер келген бойда оқ-дәрілер тұтандырылды. Бекініс паотайларымен (зеңбіректі мұнараларымен) бірге көкке ұшты. Жеңімпаз қосындар тездетіп шаһарға кіргенше, оқ-дәрінің күшімен әуеге ұшқан топырақ сейіліп, шаһардағы 1 мыңға жуық мұсылман, дүнген және қытайларды жайпады. Біразы жер-топырақтың астынан шығарылды. Шаһар осылай алынды. Қытайлардың басым бөлігі қырылды, кішкене бөлігі исламды қабылдады. Достар шат-шадыман болды. Жаулар қам-қасіретке түсті. Қосындар қыруар олжаға кенелді. Бұзрықхан-төре осы шайқастың көкжиекке дейін шарықтаған қуанышын Молла Әлімқұлдың асыл құлағына жеткізуді қажет деп тапты. Сол үшін тоғыз-тоғыз қытайша зеңбірек, бір тоғыз пәк таза, жанға жайлы нәзік бейжіңдік бойжеткен қыз, бір тоғыз сақал-мұрты шыға қоймаған әдемі манчжур жігіттері, бір тоғыз қазақ пен қалмақ сәйгүліктері, бірнеше тоғыз бейжіңдік күміс жамбылар, тоғыз-тоғыз фарфор ыдыс, тауар, дүрдүн жібек, сирек кездесетін жаңа нәрселер, көңілге жағымды хош иісті шайлар және басқа да көптеген сый-тартуларды реттеді, өзінің сенімді қызметкерлеріне тапсырды һәм Қоқанға шығарып салды. Қызметшілері қолайлы уақытта және жақсы сағатта Қоқанға жетіп, Молла Әлімқұлмен жүздесу орайына ие болды. Сый-сәлемдемеге ерекше қуанған Молла Әлімқұл жеткізушілерге тон-кешек, жұмсайтын тиллә, қару-жарақ сыйлады. Бұзрықхан-төрені хан көтеріп, өте қымбат бағалы тастармен безендірілген алтын тәж, арғымақпен қоса жарты шеңбер етіп түгелдей алтынмен ойылған ер-тұрман, дыбыс жақсы естілетін екі биік шатыр, тоғыз қысқа жеңді шапан, кесе (белбеу), ер-тоқымдары алтынмен жалатылған тоғыз сәйгүлік пен бір тоғыз мылтықты сыйға тартып, шексіз мейірім-ілтипат көрсетті һәм зор мейірбандық танытты. Қызметшілер шарапатты уақытта және қолайлы сағатта Бұзрықхан-төремен қайта жүздесті. Патша тәжін басына киген төре атына мініп, қару-жарағын қолға алды. Барлық үлкен-кішінің құттықтаған қуанышты дауыстары көкжиекке шарықтады. Халық төрені сұлтандар мен патшалардың дәстүр-ережелеріне сәйкес таққа отырғызды. Ол артуштық Махмудханды шағауыл етіп тағайындады және өзге де һөдайчи, паруанашы, ишикаға секілді мансаптыларды белгіледі. Тәңірім оның күншуақты бақ-дәулетінің саясын биікке қойғайсың, әумин!
2
Салтанатты да жоғары мәртебелі Сеид Бұзрықхан-төренің билігі және кучарлық қожаларды жаулағаны, Ферғана уәлиетінен қашып келген кәтталардың (басшылардың) ахуалы, Мұхаммед Яқупбек-құсбегінің мақалдары, қыпшақ бұзақылары оқиғаларының баяны
Батыр мінезді достар және махаббаты мол сұхбаттастардың ашық көңіліне мәлім болғай, қисса-әңгімелерге қарағанда, ұлы пайғамбардың және сеидтердің ұрпағы Бұзрықхан-төренің әкесі Жаһангірхан-төре, оның әкесі Салиххан-төре, оның әкесі Бұрханиддинхан-қожа, оның әкесі Ахметхан-төре, оның әкесі Сеид Аппақ-қожа еді. Бұзрықхан-төре таққа отырған соң, Қашғар және Йеңиһисар аймақтарында тиісті адамдарды тағайындады. Олардың бәріне өз деңгейіне қарай шапан-тон беріп, патшаға тән мейірім көрсетіп, сыйлықтар тарту етті, кеуілдерін тыныштандырды. Аласапыран және бей-берекетсіз күндер өтіп, тәртіп орнатылды.
Яқупбек-құсбегі әскер жаттықтырумен әрекеттене бастады және жоғары мәртебелі төреге: «Ел-жұрттан алған нәрсеге жігіттерді (атты әскерлерді) дайындайық» деп ұсынды. Жоғары мәртебелі төре: «Халыққа ауыртпалық пен зұлымдық салғандай болмайды ма екен...» деп ұсынысты онша мақұлдамады. Қапа болған құсбегі күнделікті міндетті сәлемге келмей қойды. «Кетемін» деп Сарман деген жерге жеткенде, жоғары мәртебелі төре жіберген кісілер жалынып-жалбарынып қайтарып әкелді. Қашғардағы Мұғал Муқаррап-бек, Ғази-пансат, Азизбек-жаллат, Молла Ибраһим: «Құсбегінің ниеті басқаша. Мемлекет басшылығын таптап, өзі жеке-дара билеуші болуға әрекеттеніп, демі бұзылуда. Әлем билеушісінің өкім-жарлығы біз пақырларыңызға түссе, құсбегінің басын шауып әкеліп, асқақ та жоғары мәртебелінің шатыр-үйінің алдына тастайтын едік» деп ұсынды. Бұзрықхан-төре мейірбандықпен: «Сабыр етіңдер. Біздің арамызда серт, ант-қасамдар бар» деп келіспеді. Алайда осы сырды біліп қалған бір нөкер бақыты ояу құсбегіні құлағдар етті және оны адасушылықтан оятты. Құсбегі орайын жібермей, аталған өсекшілерді тұтқындап, жазаламақшы болғанда, Каттахан-төре бастаған ақсақалдар араға түсіп: «Не болса о болсын, бұлардың орнына бізді жазалаңыз» деп олардың күнә-қылмыстарын кешіруді өтінген. Құсбегі амалсыздан оларды ғафу етіп, қамауға алуды бұйырды. Олар өз күнәларына опық жеп, тәубесіне келгені үшін қайтадан шапағатқа кенелді. Бірақ араларында тағы да араздық пайда болды: Муқаррап-бек ахуалды түсініп, еліне оралды да, 1 мыңнан артық адамды топтастырып, соғысуға әзірленді. Бұзрықхан-төре мен құсбегінің оған қарсы жіберген әскерлері оны талап-тонап қайтты. Муқаррап-бек тойтарыс бере алмай, Кучар қожаларының қарамағына өтіп кетті. Қожалар оны өздеріне жақындатып, оның келуін жақсыға жорыды. Олардың құсбегімен соғысу ниеті қайтадан оянды. Осындай жағдайда, Кучардың қожалары қыруар да жойқын әскерлерімен Ханериққа келді. Бұл оқиға әуелгі дастанда жазылған-ды. Тағы қайталасақ оқушыны жалықтыруы мүмкін.
Құсбегі қожалардың мол әскермен келгенін біліп, Алланың дәргейіне сыйынып-жалбарынады һәм өзінің қажетінен шығуын өтінеді. «Ей әлемнің сыр-құпияларын білуші Алла! Пақырыңның діліндегі жасырын сырлар сенің дәргейіңе айқын да анық-дұр. Егер Хақ-тағала қожалардың жағында болса, жеңістің бақытын оларға сыйларсың. Егер Хақ-тағала пендеңнің жағында болса, жер бетіндегі барлық бақ-дәулетті, Үйек шоқжұлдызындай әулие-ағзамдарды, ұлы періштелерді, сондай-ақ көмескі жын-диюлар мен перизаттарды маған медет-жар және қолдаушы етерсің» деп Субһаналла-тағаланың жеңіс пен сәттілік беруін сұрады. Ол осы үмітпен Бұзрықхан-төрені өзі жаттықтырған әскерлерге басшы етіп, шайқас алаңына қадам басты. Оның әскерлері 2 мыңға жетпейтін. Осындай сәтті һәм тәртіпшең заманда Кулябтің хәкімі Хамрахан 250 дайын нөкерімен жәрдемге келді. Олардың келуі құтты жеңістің кепілдігі деп есептелді. Қожалардың әскерлері өте көп еді. Екі тараптың әскерлері соғыса кетті. Бірнеше батыр да қайсар жүректілер ортаға шауып келіп, шайқасқа кірісті. Қыруар адам қаза тапты. Кучарлық әскерлер бірнеше рет жеңіске жетіп, құсбегінің әскерлерін шегіндірді. Ақыры Абдулла-пансат пен Ғази-пансат қожалар шебінің бір жағын бұзды. Сол сәтте құсбегінің борбайына оқ тиіп, тоқтап қалды. Дәрменсіз күйге түскен ол Абдулла-пансатқа: «Маған оқ тиді. Атқа отыра алмайтын халге жеттім» деп айтқаны сол еді, пансат: «Хәй мәртсіз! Осындай сәтте бұндай сөзді айта ма екен! Біздер кім үшін жан беріп, жан алып тұрмыз? Қандай патшаи-ұлықтар мұндай соғыс майданына әзір болған? Не болсаң да аттың үстінен түсемін демегін» деп бір жағынан іші ауырып, енді бір жағынан қайрат көрсетіп, ауыр сөздермен сөкті һәм ұрысқа кіріп кетті. Сол сәтте жеңістің самалы құсбегінің қосындарына бетін бұрды. Кучарлық әскерлер қаша жөнелді. Құсбегінің қосындары қашықтығы екі-үш таш соңынан қуып, олжа мен тұтқындарды қанжығаларына байлап қайтты. Өлең:
Гәр гада вә шаһқа кәлсә қазадин чарә йоқ,
Тартмай болмас илаж дәфиғә аниң чарә йоқ.
Сәхтилиқни әһли дунияға муқәррәр қилдиләр,
Башқа келсә бина гаһи сәбир қилмай чарә йоқ.
(Мейлі кедей болсын, мейлі патша болсын, басына ажал төнсе, құтылар шара таба алмас. Оған көнбекке ылажы жоқ. Жапа-машақат кісілердің пешенесіне біткен. Оқыстан келген ажалға сабыр етуден өзге шара жоқ). Өлең:
Ләшкәри фәракәндәдин иш кәлмәгәй,
Икки юз мәрданә жәңи яхширақ юз миңдин
(Тәртіпсіз де шашыраңқы әскерлердің қолынан іс келмес. Бей-берекетсіз 100 мың әскерден 200 өжет жауынгер жақсырақ).
Бұл кезде 10 мыңға жуық дүнген топ-зеңбіректерден оқ боратқаны соншалық, намазшамға дейін орындарынан жылжымады. Ақыры, екі тарап елшілесіп, сертті уәделер беріп, бітім-шарт жасасты. Құсбегі оларды Қашғар шаһарына алып келді, бірақ зеңбіректер, қару-жарақ, алтын-күміс және оқ-дәрілерін түгел өзі олжалады. Бұл оқиға хижраның 1282 ж. жамадил-ахир айының 22-күні (1865 ж. 12 қарашада) орын алды.
Құсбегі Қашғарға қайтқаннан кейін, заманның сынақтарынан өткен тәжірибелі жараһәтчилар (жәрраһ, сынықшы, хирург-дәрігер) борбайын ұстарамен жарып, оқты алды. Риуаяттарға қарағанда, жараһәтшы жоғары мәртебелі Бадәулеттің санын тіліп, оқты алып жатқанда ол бір мырзаны алдына шақырып, инаятнамаларды (бұйрықтарды) айтып тұрыпты. Мырза оның сөзін хатқа түсіріпті. Сол сәтте оның не рең-шырайы өзгермепті, не бұған былқ етпепті, не бұйрық-әмірінен жаңылмапты. Демек, құсбегінің қайратын және ержүректілігін осыдан біле бересіз.
Бұзрықхан-төре мен құсбегі салтанатты Қашғарға жеңіспен оралған соң, сыпайы сөз және шырын тілмен дүнгендерге көптеген сый-сияпаттар көрсетудің нәтижесінде өздеріне қаратып, қолдарындағы қару-жарақтарын ұрыс-керіссіз тәркіледі. Оларға тиісті тон-киім, сәлде, сәлде орайтын тақия және тиллә-ақшалар тарту етіп, уәделер беріп, көңілдерін жайлы етті һәм қорқынышын басты. Алайда сол кезде қытайлардың бекінісі әлі алынбаған еді. Қоршауда тұрған қытайлардың азық-түлігі сарқылып, аштықтың салдарынан кәрінің кәрілерін, кішкене нәресте балаларды, ит-мысықтарды жеп тауысты. Ақыры бәрі де құдды шамның қорабындай болып жүдеп-арықтады. Тірі қалғанына риза болған олар қақпаны ашты һәм шахадат айтқандай бірдемені бұрқылдап, жылап шыға келді. Қоршаудың басынан бастап осы сәтке дейін толық 13 ай өткен еді. Патшадай бақытты Бұзрықхан-төре барлық қытайларға рақым-шапағаттар жаудырып, оларға иман-дәлелдер келтірді. Бәрі де кәлима-шахадат айтып, мұсылман болды. Олардың бәріне тиесілі сый-тартулар үлестірілді. Ху-далое деген басшысы бұдан да жоғары өсірілді һәм қалған қытайлар соның басқаруына тапсырылды. Ху-далоенің жеке-дара інжудей, әдепті де намысты, гауһар жүзді әдемі қызы бар еді. Яқупбек оны өзіне әйел етіп некелесті. Құсбегі өте зор ілтипаттар көрсетіп, жаңадан мұсылман болған қытайлардың бәрін де қанағаттандырды һәм орналастырды.
Әлқисса, Қашғар шаһарының жаңа бөлігінің (қытайлық бекініс) алынғанына әлі бір апта өтпеген кез еді. Ташкенттің Мыңөрік деген жерінде Молла Әлімқұл Оруссиямен (Ресеймен) арадағы бір ұрыста оққа ұшып, шейіт шербетін ішті. Худаяр-ханның алдына баруға жүрексінген оның жеңімпаз әскерлері тез арада тайпа-тайпаларға бөлініп, жан-жаққа бытырып кетті. Өйткені, олар Молла Әлімқұлдың сый-сияпатына паңданып және алданып, артына кіріп кеткен-ді. Бұлардың бірқатар басшысы жансауғалап, Қашғарға қарап жол тартты. Осы оқиға Бұзрықхан-төренің Қашғарға келгеніне жеті ай толғанда белең берген-ді. Келгендердің арасында Каттахан-төре, Кичикхан-төре, Уәлихан-төре, Исраилхан-төре, Мұхаммед Раһимхан-төре, Хакимхан-төре, Мырза Мұхаммед-құсбегі, Мұхаммед Назар-бек, Қадырқұл-бек, Құдайқұл-бек, Омарқұл-баһадұрбасы, Мирбаба-датқа, Тұрдықұл-датқа, Бақибек-датқа, Бекмұхаммед-қурчи, Таш-датқа, Файзулла-датқа, Ташбай-датқа, ауған Жамидар-датқа, Қайырмұхаммед-топчи, Дарбохчә-бәрдар секілді заманауи істерде тәжірибелі батырлар бала-шағасын қосқанда жалпы саны 7 мыңнан астам адамның Қашғарға келгені туралы хабар жетті. Бұдан құлағдар болған Бұзрықхан-төре мен құсбегі екі пансатты жігіттерімен бірге шақырып: «Егер олар бағынышты болып келсе, бізге белгі беріп, жол бастап әкеліңдер. Егер де басқа ниетте, басқа мүддесі болса, қарауылдан (шекарадан) бері осы тарапқа өткізбей, бізге хабар беріңдер һәм жолын бөгеп соғысыңдар. Ондайда сендерге жәрдем жібереміз» деген бұйрықпен аттандырды. Пансаттар бұл босқындармен Қызылсу өзенінің жағалауында кездесті. Каттахан-төре мен Мырза Ахмет-құсбегі пансаттармен жүздесу барысында: «Елімізді Ресей басып алды. Біз жанымызды қорғау үшін, не болса да елдесудің шапағатына жеткен, оның үстіне исламды азат еткен сіздерге келдік. Егер қызметке алсаңыз, қанша қажет болса, сонша қызмет етерміз. Егер қызметке алмасаңдар, бірдеме етіп күн көрерміз деп баспана сұрап келдік» деп қасам-анттарды қайталап, қарап тұрды. Мұны естіген пансаттар Бұзрықхан-төреге белгі берді һәм оларды кездесуге бастап әкелді. Екі арада нандыру мен ант-қасамдар орындалғаннан кейін хан-төре олардың бәріне өз қажетінше шапан-тон кигізіп, орын-жай дайындап жайғастырды.
Алайда Уәлихан-төре Қашғар шаһарына кіре салысымен еш қымсынбай: «Заманның заманы, Уәлихан-төренің заманы» деп көшелерде жар салып, нағра-кернейлерді шаттанып әуендетті. Бұны естіген құсбегі екі пансатқа Уәлихан-төрені жәрдемшілерімен бірге өз шатырына жеткізуді тапсырады. Ашулы құсбегі оған төмендегідей айып тағады: «Біз мұнда қытайлардың қаласын ала алмай жапа-машақат шегіп, әртүрлі қимылдар қолданудамыз. Ал Сіз бетімен кеткен 5-10 адамды тауып, өзіңізше бұл елді иемденудің қамымен күйбең етіп жүрсіз. Ілгеріде Қашғарға келіп, шаһарды толық ала алмай, мұсылмандарды өлтірдіңіз. Олардың өліктері мен бас сүйектерінен мұнара жасатып, көп бейкүнә қанды төгіп, мыңдаған адамның өмірін қиып қашқансыз. Енді біз қытайлармен шайқасып, жапа-машақаттар тартқан уақытта, сен қандай адам деуге аузыңыз бармай, шаһарды өзіңіздікі ету үшін қаскүнемдік еттіңіз» деп қатты айтты. Құсбегінің ғазап оттары өрлеп, қанжарын суырып шабуға оңтайланған сәтте Каттахан-төре бастаған ақсақалдар араға түсіп, оның қолына оралды және күнәсін тілеп алды. Сонда да Уәлихан-төренің екі дабылшысы және үш нөкері дарға асылды, ал өзі Йеңиһисарға жөнелтілді. Кейін оның не болғанын ешкім көрмеді һәм білмеді.
Сөздің асылы, кучарлық қожалар Ханериқ шайқасында сәтсіздікке ұшырап қашты. Яркент шаһары құсбегінің шеңгеліне түсті. Яркенттегі қожалар да алаңдаған және сескенген халде осы аймақты құсбегіге қосып, өздері кейін қайтқан еді. Оның бір оқпен екі киікті атқаны бақыт-дәулетін саралауға және тамашалауға тұрарлық нәрсе. Бір шабуылмен екі шаһарды иеленді. Құсбегі Яркенттің бос қалғанын біліп, Бұзрықхан-төре бастаған басшыларды ілестіріп, шаһарға жақындады және оны ресми түрде өзінің тәуелсіз иелігіне қосты. Бірақ Яркенттегі дүнгендер бағынудан бас тартып, шаһарға бекініп алды һәм қақпаларды ашпады.
Төре бастаған қосындар Яркенттегі дүнгендердің бекінісін қамауға алған күндері Бекмұхаммед-қурчи бірқатар бұзық қыпшақтармен одақтасып, ынтымақтың түзу жолынан шығады. Шайтани өсек-аяңның есігін ашқан ол Бұзрықхан-төрені тура жолдан аздырып, қару-жарағын тастатып, оны Қашғарға алып қашты. Олар шаһардың жаңа бөлігінде орналасты да, қарсыласу мен жанжалдасудың дабылын соға бастады. Құсбегі осы өсек-қауесетті естіп, Каттахан-төре мен Жамидар-датқаны біраз жігіттермен бірге Қашғарға аттандырды. Бұлар Бұзрықхан-төренің қайда жайғасқанын анықтаған соң, оған елші жіберді. Елшілік нәтижесіз қалды, ешқандай әсер бермеді. Сондықтан екі тарап шайқасқа әзірленді. Арада 10 күн өтпестен, құсбегі Яркентте Кичикхан-төрені қалдырып, Қашғарға келді. Күнде екі арада орын алған ұрыс-қақтығыстарда көптеген адам мерт болды. Сол күндері Жаратушы Субһаналланың қасиетті дәргейінен түскен далва мезгілінің, яғни қыстың қақаған аязы мен қатерлі қарлы бораны дос-дұшпанға біркелкі соғатын. Осылай 60 күн өтті. Ақыры мол тәжірибелі, дәулетті, нәзік те сақ құсбегі аталық-ғази өзінің егде жасты бір үзеңгілесін жіберіп, келісім-шартқа қол жеткізу арқылы бұл пәлекеттен құтылуды ойлады. Осы оймен бүлікші Бекмұхаммед-қурчиге елші жіберілді. Елші мақсат-мүддесін баяндағаннан кейін қурчи: «Біздің арамыздан ынтымақ кетті. Енді қайтадан ымыраласып, жалған дос болудың қажеті жоқ. Жақсы кеңес біреу ғана – құсбегі келісетін болса, бізге зияндық етпесін. Біз, барлық қыпшақтар, бала-шағамызбен елімізге кетейік» деп жауап қайтарды. Елші қурчидің жауабын тізбектеп құсбегіге мәлімдеді. Құсбегі де өзінің келісетінін білдірді. Жедел қимылдаған қыпшақ қауымының 200-дей басшылары қақпадан шыға бергені сол еді, құсбегі кенеттен дарбазаны (қақпаны) тарс жауып, артта қалғандарын шығармады. Шыққандары сытылып өтті. Қалғандары шаһарда қалды. Қурчидің бастауымен жолға шыққандардың әйелдері және балалары құсбегінің қолына түсті. Олардың біразы жазаланды, біразы қамауға алынды. Сыбыс-өсектер басылды, ел ішінде тыныштық орнады.
Дегенмен, Бұзрықхан-төре ыңғайсыздықтан басын көтере алмады. Осындай жағдайда, құсбегі оның жігіт-нөкерлеріне сыйластықтың есігін айқара ашып, иықтарына тон-шапан жапты, тиллә-теңгелер шашты. Нәтижесінде қосындардағы сарбаздардың бәрі құсбегіге қарай ағылды. «Инсан ихсанның (сый-тартудың) құлы-дұр» дегендей, олардың бәрі құсбегінің соңына ілесті. Бұзрықхан-төренің шамамен 600 сенімді жігіті қалған-ды. Бұлар да сый-тартуларды көре сала құсбегінің жағына өтті. Төре 50-дей жігітпен ғана қалды. Ақыры құсбегі төрені бес нөкерімен бірге Йеңиһисарға жөнелтті. Сосын төрені осы бес жігіттен де айырып, жалғыз қалдырды және өзінің махрам-нөкерлерін оған қызметке қойды һәм мырза-қамауда ұстап күзетті.
Бекмұхаммед-қурчи Қоқанға барғанда, жоғары мәртебелі Худаяр-хан: «Сендер, қыпшақтар, мына шаһарларды шулатып, Ресейге бердіңдер. Онан соң Қашғарға қашып, оның да тыныштығын бұздыңдар» деп ашу-ызасы қайнап, қурчи бастаған қыпшақтарды жазалап, «бұрынғы пана жолына қадам қойып, барса-келмес болған керуендердің соңынан тездетіп жолға салды» (өлтірді). Бұдан соң қыпшақтар Қашғардан Қоқанға қашып бара алмады. Бекмұхаммед-қурчидің ата-бабалары бұрынғы заманда ел билеген. Ол далалық қыпшақтардың арасында ұлық саналған Гөроғлы172 (Көрұлы) батырдың немерелерінің ұрпағы еді. Сол күннен бастап барлық қыпшақтар кеудесін түсіріп, бойын аласартып, бағыныштылықты өздеріне лайық деп білді. Бұл да құсбегінің бақ-дәулеті мен ықпалының өсуіне себепші болды. Өлең:
Шахқа әгәр болсәләр дөләт бәхти яр,
Болур шахларға пәтһи-нусрәт дучар.
(Патшаға бақ-дәулет келсе, жеңіс пен сәттілік те олармен бірге қосылып келеді).
3
Жаратушы Субһаналла Иемнің қасиетті қамқорлығымен ғази Мұхаммед Яқупбек-құсбегінің салтанатты таққа отырғаны, қарсыластарының тынышталғаны және әскери заң-ережелер шығарғаны, Маралбасы мен Яркенттің алынғаны, Қожа Исхақ-төрені бағындырғаны туралы оқиғалардың баяны
Сеніміне адал берілген бауырлар мен сүйіспеншілігі мол достардың түзу саналары ашық-жарқын болсын, нақыл-хикаялар мен қисса-әңгімелерге қарағанда, Мұхаммед Яқупбек-аталық көздеген мақсат-нысанасы бойынша, күллі жөнсіздік-тәртіпсіздіктерді тыныштандырды һәм тәртіпке салды. Ол мейірімді де қаһарлы ұлы Алланың жалпыға бірдей әміріне толық тәуекел етіп, Қашғар мен Йеңиһисар және оларға қарайтын кенттер һәм елді мекендердің еркін де жеке-дара билеушісі болып алды. Жер-жерде хәкімдер тағайындалды, союрғалдар берілді. Бақ-дәулеттің белгі-көрінісі ретінде барлық сарбаздарға сый-тартулар үлестіріліп, көңілдері көтерілді және қанағаттандырылды. Әсем де жарқын Құдайдың асыл демеуімен оның жұлдызы жарық бұрышта жарқырады. Күндіз-түні ол жігіттерді тізімдеу, сарбаздарды жаттықтыру, қару-жарақ жасап шығарудан өзге ештеңені қиялдамады және қызықпады (Яқупбектің заманында атты әскерді «жігіт», ал жаяу әскерді «сарбаз» деп атаған).
Сол күндері «Шығыстағы кучарлық қожалардың өкілі Исхақ-төре қиямет әскерлермен Яркент шаһарында орналасты» деген жаман хабар құсбегінің асыл құлақтарына шалынды. Ол бірден жігіт-сарбаздарының санын тізімге алды. Нәтижеде 12 мың салт атты жігіт пен 3 мың жаяу сарбаз жиналды. Жамидар-датқа 3 мың сарбаздың әмири-лашкері (бас қолбасшы) етіп қойылды. Оған зеңбіректер, байрақ-ту, дақа-дабыл табысталды, қарамағына сегіз пансат берілді және оның дәрежесі жаһаннама атты жарлықпен өсірілді. Сондай-ақ Мырза Ахмет-құсбегі әмири-лашкер етіп тағайындалып, сегіз пансат оның көмекшілері етіп бекітілді. Оған 3 мың жігіт тапсырылды, байрақ-ту берілді, күн нұрындай жарлықпен ұлықтанды. Омарқұл-батырбасы әмири-лашкер етіп бекітіліп, сегіз пансат көмекші болып тағайындалды. Оған да 3 мың жігіт, байрақ-ту тапсырылды, мейірімділік көрсетілді һәм құтты жарлық бойынша айрықша орын берілді. Абдулла-пансат әмири-лашкер етіп тағайындалды. Оған да сегіз пансат пен 3 мың жігіт бекітілді, ту-байрақ берілді, жарлықпен ізеттелді. Жоғары мәртебелі құсбегі өзіне сегіз пансат пен 3 мың жасауыл-нөкерді қалдырып, оларға үлкен байрақты тапсырды. Заман тәртібінің келбет-белгісі саналған Мырза Ахмет-құсбегіге чапауыл ретінде жігіттермен бірге Маралбасыны қоршауға алу туралы жарлық түсірілді. Қалған әмири-лашкерлер бір-бірінің соңынан қылқұйрық болып, суыт жүріп отырды. Ең соңында құсбегі хақани айбын және сән-салтанатты айқара көрсеткен мемлекет мансаптылары мен бұрыннан бірге жүрген үзеңгілестерін бастап, жеңіс үзеңгісіне аяғын қойды һәм бекеттен-бекетке өтіп, Маралбасының түбінде шатыр-баргахтарын тіктеді.
Маралбасы елді мекенінде 3 мың дүнген мен мұсылмандар бар еді. Мұндағы дүнгендер кучарлық қожаларды мойындап және оларға бағынып, мұсылмандар тобында саналып, өз тіршілігімен күн көрген. Бұлар құсбегі қосындарының келгенін біліп, қақпаларды тарс жауып, қамалдың үстіне шығып шайқасуға бел буды. Екі тарап бір апта шайқасқан соң, құсбегінің қосындары ор қазып, оқ-дәрі салып, бекіністің қабырғасын жарып жіберді. Оның бір жағы аспаннан бір-ақ шықты. Сосын әскерлер шапшаң қимылдап, бекіністі алды. Ажалмен уәделескендері кетті, ажалы жетпегендер сау қалды. Құсбегі тірі қалған дүнгендер мен мұсылмандарға Ма-далое дегенді басшы етіп, барлық дүнгендерді Қашғарға жөнелтті. Маралбасы Хакимхан-төреге тапсырылды, ал Мыңбеши-батыр батырбасы етіп тағайындалды. Оларды құттықтау үшін қолдарына мүбаракнама (құттықтау хаты) табысталды. Бұл оқиға хижраның 1283 ж. рабиул-аууал айының 2-күні (1866 ж. 15 шілдеде) орын алды.
Әй, жаным жарандар! Құсбегінің бір ат фигурасын секіртіп, шахты мат қылғанынан шахмат ойнау өнерін және шеберлігін тамашалай аласыңдар. Сондай-ақ Исхақ-қожаны Яркентте қамап қойды. Ақсу мен Кучардан Яркентке немесе Яркенттен Ақсу мен Кучарға ешкім бара алмады. Бұл жолмен адам өте алмағандықтан, екі тарап та кімнің қандай болғанын біле алмады. Осы сәтті шайқас аяқталғаннан кейін, құсбегі-ғази жеңімпаз әскерлерін ілестіріп, Яркенттегі Исхақ-қожамен соғысуға аттанды. Бұзрықхан-төре жеңімпаз және үлгілі қосындар ішінде мырза-қамауда бірге жүрді. Бекеттен-бекетке жылжыған әскерлер Яркент шаһарының ескі және жаңа бөліктерінің ортасынан сән-салтанатты түрде қорықпай өтіп, Хафти-Мухаммадан деген атақты мазардың алдындағы оқтай түзу және тегіс, кең де үлкен алаңға шатырларын тігіп орналасты.
Дәл сол мезетте дүнгендер шаһардың жаңа бөлігін өз бақылауында ұстап тұрған. Исхақ-қожа қаланың ескі бөлігін жеке-дара басқарған. Аталық-ғази да осында өз билігін жүргізе бастады. Исхақ-қожа Яркентке келген кезде, дүнгендер Кичикхан-төрені шаһардың жаңа бекінісіне әкетіп, қақпаны мығым жауып, оны сыртқа шығармады. Қожа Рашиддин-хан аталық-ғазидің Маралбасыны алғанын естіген соң, Хамиддин-қожаға 1 мың әскерді тапсырып, осы елді мекенді қайтаруды бұйырды. Бұны біліп қалған Хакимхан-төре Чарбағ атты жерде алдынан шығып соғысты. Ондаған күн тайталаста өтті. Ол бірде жеңіске жетіп, бірде сәтсіздікке ұшырады. Нәтижеде құдыретті де кешіруші Алланың қолдауымен Хакимхан-төре жеңіске жетіп, соғыс олжасына қарық болды. Осы иқбал һәм қуанышты хабарды жеткізгісі келген ол аталық-ғазидің аспандай ордасына көптеген сый-сәлемдемелер жөнелтті. Бұл хабар сәтті уақыт пен шарапатты сағатта аталық-ғазидің асқақ назарына салынды. Ол бұған айрықша қуаныш-ризалығын білдіріп, сүйінші жеткізген хабаршыларға шапан-тон, жұмсайтын тиллә (ақша), қару-жарақ секілді арнайы сый-тартулар берді. Хакимхан-төреге де жеткілікті түрде кездеме тон, сәйгүлік, ту-байрақ, қару-жарақ және басқа да көптеген сауға-сәлемдемелер жолданды, шахтарға тән ілтипат пен патшалардай мархабат көрсетілді.
Бұл кезде Яркент әлі алынбаған, ал қоршау ұзаққа созылған еді. Дүнгендер әртүрлі шара қолданып, келісімшарт жасасуға қарсы болды. Себебі, олардың жалпы саны 25 мың адамнан асқан, қару-жарақтары да қыруар еді. Ақырында өзара одақтасқан дүнгендер мен Исхақ-қожа бір түні 7 мың дүнген және 2 мың мұсылман, зеңбірек, жәзаил (түйенің үстіне орналастырылған зеңбіректің бір түрі, фальконет), ходән (ходан, оқ-дәрі) және басқа да құрал-жарақтарды бір кеште жасырын жөткеп, түнгі шабуылға әзірленді. Жолы болғыш, бақ-дәулеті тасыған аталық-ғази Нияз-бектің емлесімен бұдан хабардар болды және сол түні қосындарын төрт жаққа бөліп жасырып, шатырлы әскери тұрақты бос қалдырды. Алланың дәргейіне жалбарынып тұрған мезетте, дүнгендер тұтқиылдан құдды шегірткедей жан-жақтан әскери тұраққа қаптады. Олар зеңбіректен оқ жаудырып, күш көрсетті, сосын салт атты әскерлер шабуылдады. Қараса, шатыр-баргахтар дию-жындардың мекеніне ұқсап, ешбір инсанның қарасы, адамның ізі жоқ екен. Осы ахуалдан аң-таң болып, абдырап қалған бұларға кенеттен аспаннан түскен бәле-қазадай төрт тараптан алдын-ала әзірленген жеңіскер қосындар дауыстап тәкбір айтып, қиқу салып аспанды жаңғыртқан дүбірмен қарсы шабуылға өтті. Олар жауды шапқаны соншалық, дүнгендердің өліктері ауқатты диқандардың зираәтгах (егістіктеріндегі) орылған бидай іспетті жердің бетінде төбе-төбе шөмеле болып шашылыпты. Бұлардың қанынан қара топырақтың беті дешті-даладағы қызғалдақтардай қызыл гүлстанға айналды. Қырғын арпалыстың жалыны осылай бір күн мен түн, бәлкім екінші күнгі сәскеге дейін жалғасты. Нәтижеде, өте аз адам оқыстан тиген бәле-қазадан құтылып, құтқарушы шахристанға (бекініске) кіріп алды. Біразы тұтқынға түсіп, жазаланды һәм ыза-кектің нысанасына айналды. Сәтті ұрыс алға ілгерілеген мезетте жоғары мәртебелі аталық-ғази: «2 мың ерікті сарбаз әскерлермен бір уақытта жалаңаштанып қамалды шабуылдап алсын және қырғын салсын» деп жарлық етті. Сонда әмири-ләшкерлер мен белді әмірлер араға түсіп: «Мархабатпана, сарбаздар шаһарды алған уақытта, көп адамның қаны төгіледі. Сондықтан алдымен елші кіргізсек. Егер олар мақұл болмаса (келіспесе), қорғанға шығып, шаһарды алуға болады» деп ұсынды. Бұған көнген аталық-ғази Абдухалық-ишанды қожалар мен дүнгендерге елші етіп кіргізді. Жұма күні болатын. Жоғары дәрежелі фирманда (бұйрықта) «Бүгін жұма намазына дейін өздеріңе келісімшартты қажет деп санасаңдар, біздің жеңісқұмар қосындарымыздың құтты тұрағының алдына шығыңдар. Өздерің, мал-жануарларың және отбасы мүшелерінің қауіпсіздігіне кепілдік етеміз. Егер де қарсылық көрсетіп, шартқа көнбесеңдер, кәрілер мен жастар, нәрестелер аттардың тұяғы астында өлімге тап болып, талан-тараж бен бәле-апатқа душар болып, соғыс олжасына айналады. Уәссалам» деп жазылған-ды.
Қожа және дүнгендер осы шартқа көнбеске шара таба алмай, барлық отбасы мүшелерімен бірге аталық-ғазидің аспанмен астасқан шатырына келуге мәжбүр болды және шахтарға тән мархабат пен патша ілтипатына кенелді. Топ-зеңбірек, қару-жарақ секілді билік істеріне қажетті әскери аспаптар жоғары мәртебелінің дөләтханасына табысталды. Аталық-ғази Исхақ-қожамен бетпе-бет жақын отырып, көптеген сөздерді араға салып, достық қағидаларын орнату және тамырластықтың жібін байлау арқылы оны қасам-шарттар мен серт-кепілдікпен қатты матап, ізет-құрметтер көрсетті. Тиісті киім-тондар жабылды, аталықтың өзі мінетін арғымағы бүкіл ер-тұрман және жабдығымен бірге сыйға тартылды. Ол қожаны өз қолымен демеп, атқа мінгізді һәм Кучар бағытындағы жолға шығарып салды. Қалған әскерлерге де деңгейіне қарай шапан-тон, жұмсайтын тиллә, азық-түлік, ат-көлік берілді және шығарып салынды. Дүнген қауымына да көп шапағаттар көрсетілді, бәрі де сөзінен шықпайтын және бағынатын болып, біразы Қашғардағы Ма-далоеге тапсырылды. Қалғандарының күнәлары ғафу қаламымен сызылып, кешірім етілді. Яркент Мұхаммед Юнусжан-шағауылға тапсырылды, оған бүкіл мемлекеттік істерді жеке-дара біржақты шешетін жоғары құқық берілді. Нияз-ишикағабек оның шағауылы етіп қойылды. Кепек-лавурды батырбасы, Қазы Зияддин-дамолланы қази-калан ету туралы арнайы жарлық пен мансурнама (жеңіснама) берілді. Ел ішінде тыныштық орнады. Осында бірнеше күн аялдап, бақ-дәулетіне мәз-мейрам және риза болған аталық-ғази қой жылы, хижраның 1283 ж. рабиулсан айының 25-күні (1866 ж. 6 қыркүйекте) салтанатты Қашғарға қайтты.
4
Жоғары мәртебелі Бадәулет аталық-ғазидің Хотанға қарсы соғысқа аттанғаны және айла-әрекеттері, қажы-падишахтың күні батып, толығымен жоғалғаны, жәудір көз киіктің Хотан аумағында жарқ еткені һәм ғашықтың мұрат құшағында аймалағаны секілді оқиғалардың баяны
Жарайтын нағыз достар мен адал ардагерлердің ақ-жайдары көңілдеріне айқын да белгілі болсын, нақыл-хикаяларға және қисса-әңгімелерге қарағанда, патшадай бақытты, заманауи тәжірибені бойына сіңірген, күш-қуаты аспанмен астасқан Мұхаммед Яқупбек-аталық Яркент үшін шайқасты аяқтаған соң, Қашғарға оралды һәм әділеттің есіктерін айқара ашып, жәбір-жауыздықтың баптарын жауып, халықшыл тәртіп орнатты. Ел ағалары мен игі жақсыларының, бәлкім көпшіліктің асқақтаған діл-көңіл құстарын тарту-таралғы дән-дақылдарымен өзіне тартқан құсбегі киік аулауды қойып, дұшпанмен бәсекелесуден сақтанды. Ол машайықтардың мазарларында аруақтардың рухтарына Хатім-Құран оқытып, қайыр-сахабат тілеп, дұға-баталар жасап, өз қолымен тайқазандардың астына от жағып, су құйып, кедей-кепшіктерге кеңпейілділікпен ас беріп, қайыр-садақаларды үлестіріп, барша адамды шаттық пен ауқатты тұрмысқа бөледі. Жұртшылық аталық-ғазидің бақ-дәулетіне еріксіз қолдарын жайып, дұға оқумен болды.
Аталық-ғазидің елді қосып алу әуесі және мемлекетті кеңейту райы күннен-күнге ұлғайды, оның қиялына мығым жабысты. Әсіресе көркем Хотанды бағындыру ойы оның тыныштығын кетірді және ақыл-есінен айыра бастады. Алайда, Хотан халқы қажы-падишахты ерекше қатты ықыласпен қастерлейтін. Жеті жастан жетпіс жасқа дейінгі үлкен-кішілер билеушісіне өз еріктерімен әскер болып жанын пида ететін. Осыны әбден мөлшерлеген аталық-ғази үзеңгілестеріне: «Патшаның бұқараға сенімі және бұқараның патшамен бірлігі нығыз шаһарға бір жалғыз бастының қол салып бағындырғаны, мұрат бақшасынан қажетті гүлдің түйнегін үзгені ешбір заманда болмаған немесе олай деп ешбір тарихи кітапта айтылмаған. Береке бар жерде бақ-дәулет те бар. Дәулет бар жерде, әлбетте, береке әзір тұрады. Қиссаларға қарағанда, бір адам бір жаққа бара жатқан екен. Жолда кездескен біреу одан: «Қайда барасыз және қайдан келдіңіз? Есіміңіз кім?» деп сұрапты. Әлгі: «Менің атым Бақ-дәулет. Қай мемлекетте береке болса, мен сол жерге барамын. Ал қай мемлекетте береке, ынтымақ пен бірлік жоғалса, мен де ондай жерден басқа жаққа қашамын» деп жауап беріпті. Айтарым, Хотанда береке-бірлік бар. Оны ең үлкен зеңбірек, тайпо (тайфур, зеңбіректің бір түрі), қылыш және гүрзі шоқпармен бағындыруымыз екіталай. Алайда, қажы-падишахтың жасы 70-ке жетті, ақыл-ойы әлсіздікке бет бұрды, өмірі күнбатысқа шөгу мезгіліне жақындады» деп, істің түбіне жете алмай, ойлы басын қиялдың тізесіне қойды. Терең қиялмен жағдайды есепке алған, сын көзбен қараған ол «Қылған бірер амалым Алла сызып берген жазмышқа сәйкес келсе, Хотанды қолыма түсірудің мүмкіндігі де жақындай түседі» деп ойлады. Айла-қулық әдісіне қадам қою, арамза тұзақтарды жаю, өтірік-жалғанның ұрық-дәндерін шашу, қулық-сұмдық өнерлерін ойнатудың арқасында дәуірдің ұзақ нәтижесін уайымдап, шексіз ой-пікірдің дариясына шөкті. Осы дарияға шомған өз ойларында мұрат-мақсат гүлінің тұспалданған жылтырын көрді. Сол сәтте ол басын көтеріп, жеңімпаз қосындарына көз тастады да: «Дайындалыңдар. Қасиетті мазарларды зиярат етеміз» деп жоғары мәртебелі әмір берді. Бұзрықхан-төрені және төрт әмири-лашкер, 40 пансат, сәржаң (әскербасы), лавур (батыр), зеңбірекшілерді қосқанда үлкен байрақты 15 мың жанқияр әскер мен сарбаздарды өзіне ілестірген ол хижраның 1283 ж. (қой жылы) барат айының 8-күні (1866 ж. 16 желтоқсанда) Яркент шаһарына жетіп барды.
Аталық-ғази Яркентте бір апта тұрып, жігіт-сарбаздарын тексеріп, оларға шапан-тон, жұмсайтын ақша, арғымақтар, қару-жарақтармен қамдады және жорыққа дайындалды. Сондай-ақ Бұзрықхан-төренің атынан қажы-падишахқа хат жазылды. Онда: «Кашғар өңіріне келгеніме біраз болды. Бұл мемлекеттегі машайықтардың мазарларын шамам жеткенше көріп шықтым. Алайда тілек-ниетім – бабам Имам Жафарсадық-хазреттің173 мазарын бір зиярат етіп қайтсам деген мүдде-ниетім бар еді. Егер де қажы-падишах ағам жол ашып, рұқсат етсе, осы қасиетті мазарға барсам. Қажы-падишах ағаммен де көрісіп қайтсам деген талабымды құтты құлағыңызға жеткізу мақсатында өз ықыласымды білдіріп, ұсыныс-хат жаздым. Уәссалам» деп жазылған екен. Аталық-ғази қулығын асырып жазған осы хатқа Бұзрықхан-төренің мәртебелі мөрін басты және сенімді қызметшісін жіберді. Өзі де соңынан жолға шығып, Яркент аймағы аяқталатын және Хотан аймағы басталатын жерге өз шатыр-ордасын тікті.
Бұдан хабардар болған қажы-падишах баласы Нәмитуллаханды қоналғу ретіндегі сый-сәлемдемелермен алдынан шығарды. Аталық-ғази да осы хабарды білген соң, алдына адам жіберіп, ізетпен бастап әкелді һәм жақсы қонақасы берді. Одан соң алтын сәлде, тәтулла (алтын жіптермен тігілген мата) тон, алтынмен оюланған құрал-жабдық, ер-тоқым мен басқа да саймандары түгел алтын-күміспен безендірілген бір арғымақты сыйға тартты. Жігіттер мен нөкерлеріне де киім-кешек пен қаржылай ақша сыйлап: «Әлһамдулилла, осында келдім. Патшазаданың жаһандай жарық жамалы көзіме айқын да нұрлы болып көрініп, мұратыма жеттім. Енді қажы-падишах әкемді бір көру бақытына жетем бе екен деп армандаймын. Мен пақыр кембағал қызметкердің падишах-атамның құзырлы ордасына барудың орайы болса ғой, оның аяқтары мен ту-жалауларын сақалыммен сыпырсам деймін. Егер мендей надан ғұламды (әскерлікке алынған құл) өзінің кемтар құл-малайлар қатарында көріп, құтты назарымен мейірімділік танытып, жарлықнама және жоғары мәртебелі нишаннама шығарып, мейірбандық көрсетсе, осы қара топырақ үстінде қор болған бейшара басымды аспан шыңындағы Фәрқәдан (Солтүстік шек жұлдызының жанындағы екі жарық жұлдыздың ортақ атауы) жұлдыздарымен теңескен болар едім. Пақырыңыздың адал берілген көңілінде осындай тілектерден басқа ешқандай мүдде-мақсат жоқ. Егер падишах әкем шарапатты қадамдарын аяп, осында келуді қаламаса, мен өзім оның ұлы астанасына бетімді сүртіп, жан-тәніммен қызметкерлігімді білдіріп, оның күндей дәулетті нұрының бір тамшы шұғыласына ләззаттанып, жаһандай жарық жамалымен көзімді ашудан өзгеге тақат-сабырым қалмады» деп қошемет сөздер, дақпырт әңгімелер мен қулық шаралар арқылы падишахзаданың көңілін қолға үйретілген бүркіттей аңға салды және қыздың жүрегін әрі-сәрі қылған ғашықтай қажы-падишахтың мазасын кетірді. Сонымен бірге, падишахзадаға Абдулла-әмири-ләшкерді қосып, оған сиқыршылардай біраз дуалы сөзді құлаққа асқан моншақтай бір-бірлеп тізіп берді. Аталық-ғази «Калами-Шарифке» (Құранға) ұқсаған бір қалың қышты бірнеше қабат алтын жіпті маталар мен тауар-атластармен орап, хаттың қорабына ұқсатып әзірледі және әмири-лашкерге ізетпен берді де: «Мен үшін қажы-падишах әкемнің қызметіне барып, оның мәртебелі құлақтарына сенім-ықыласымды жеткізе мәлімде. Егер сенбесе, осы «Құран-Каламды» мен үшін биікке көтеріп, қатты үнмен серт беріп және ант-қасам ішіп, сөздің төркінін нығыздап, кепілдік етіп, қажы-әкемнің қызметінде бол һәм осында бастап әкел. Қалған ұсыныс-ықыласымды падишахзада және мен пақыр құлдың атынан ұсыныс білдірерсің» деп жолға салды.
Нәмитуллахан-патшазада мен Абдулла-әмири-лашкер қажы-падишахтың құзырына келіп жүздесті. Қонақасы аяқталған соң, әмири-лашкер аталық-ғазидің айтқанын бұлжытпай, тіпті одан да асырған түрде қажы-падишахтың құтты құлағына мадақтар жеткізіп, падишахтың нөкерлері секілді екі қолын көкірегіне қойған халде пәгада (ұйғырлардың үйлеріндегі пеш-сәкі және сыртқы есіктің аралығындағы еден) бағыныштылық білдіріп тік тұрды. Сүт пен су араласса ажыратуға келмейтіні секілді, қажы-падишах осы сөздің шындық-жалғандығын айыра алмай, аң-таң болып баласынан сұрады. Патшазада жазмыштың айлакерлігін көрмеген, өмірлік тәжірибе-сабақтарды татпаған және қоянның ұйқысындай ғаплаттан әлі де оянбаған еді. Сол себепті, аталған әмири-лашкер қажы-падишахты аталық-ғазидің алдына баруын бір мәрте үгіттесе, жас және надан шахзада осы істі әртүрлі дәлел-сипаттар келтіру арқылы мың мәрте үгіттеді. Нәтижеде қажы-падишахтың нұрлы пікірі аталық-ғазидің алдына бару шешіміне ойысты.
Егер Худа-әлмиян (әлемді жаратушы Құдай) пенделеріне бақ-дәулеттің есігін ашуды нәсіп етсе және тағдырға жазса, қилы сылтау-себептер арқылы оларға ізет-дәулет бағыштайды екен. Демек, құсбегінің әрекеті Субханаллаға тура келді. Айла-өтірік өз нәтижесін берді. Қажы-падишахтың бақ-дәулет есігі жабылды, зұлмат (зұлымдық) терезесі ашылды және ақыл-парасаттың көзі жұмылды. Патшазада мен әмири-лашкер екеуі жазмыш қазасының екі құдіретті айдаушысы тәрізді қажы-падишахты ажал, қаратүнек және зұлматқа қарай айдады. Сөйтіп, қажы-падишах аш жолбарыс пен сусындаған арыстанға өз аяғымен аяңдап тап болды. Бірақ, қажы-падишах: «Түсім бұзылды. Тылсым өз пердесінен тағы нендей істерді көрсетер екен?» деп сезіктеніп, 1 мың нөкер, жігіт, жасауылдармен бірге мақсатты жерге беттеді һәм тігілген қыруар шатыр-баргахтарға көзі түсті. Оны алыстан көрген құсбегі де алдына жүгіріп келіп, үзеңгісіне бет-жүзін сүртіп, аттың шылбырын бірде қолына алды, бірде иығына салды. Төрт жақтан жүгіріп келген төрт пансат оны көтеріп түсіріп, қолтығынан демеген күйі шатырға бастап кірді. «Кімде-кім бір қажыны немесе ғазауатшыны құшақтап, қол алысып көріссе, мың пайғамбарды құшақтап көріскендей болады» деген пайғамбардың қасиетті хадисіне сәйкес, олар «Өзіңізбен қол алысып жүздесудің мүмкіндігі болады екен ғой» деп орнынан тік тұрған бойы қарап тұрды. Қажы-падишах та орнынан тұрды һәм оны құшақтады. Құсбегі оның қолын алған халде тағы бір үйге кіргізді. Онда адамдар дайындап қойылған екен. Олар қажы-падишахты жерге жығып, иек-аяқтарын байлап-матап тастады. Содан кейін оған не болғанын ешкім көрмеді және білмеді. Әттең! Әттең! Адамның қасиет-табиғаты, инсанияттың (адамзаттың) айлакерлігі мен қулық-сұмдық әрекеттерін осыдан-ақ көріп тамашалау керек, әлбетте. Өлең:
Инсан әгәр ачса тәлбисиға ағиз,
Бичарә болур Иблис лә’ин би-тәмиз
(Инсан айла-қулық айтса, оның алдында шайтан да шарасыз қалады).
Сол сәтте қажы-падишахтың қарамағындағы жігіттер мен нөкерлер аттарынан түспей, билеушісінің өзін қорғау жөніндегі әмірін күтіп тұрған-ды. Аталық-ғази құсбегі дереу қажы-падишахтың атынан: «Мен інім құсбегімен бірге қонып және бір түн бойы мұңдасып, ертеңіне жол бастап шаһарға кіремін. Сіздер шаһарға тыныш қайтып, өз істеріңді жасаңдар. Таңертең Нәмитуллахан алдымызға шықсын» деген бір жапырақ хат шығарды. Сонымен бірге Нәмитуллаханға да «Таңертең өзіңмен бірге алып шық» деп іске жарамды, қолынан бірер іс келетін 20-30 әйгілі батырдың есімдері тізілген хат жазылды һәм қажы-падишахтың мөрі басылды. Осы хатты көрген жасауылдар: «Енді сұмдық кетті, ұлы бақыт бізге бет бұрды. Муштари (Марс) мен Наһид (Зухра, Шолпан) жұлдыздары бір бұрышта теңесті» деп қуанды және тұлпарларынан түспей-ақ шаһарға қарай шапты.
Келесі күні таңертең аталық-ғази шаһарға қарай аттанды. Екі паотай қашықтықтағы жерге барғанда, іске жарайтын 20-30 әмірді ілестірген патшазада Нәмитуллахан мызғымас бақ-дәулеттің иесі аталық-ғазимен кездесті. Аталық-ғази олармен өте жылы жүздесіп: «Қажы-падишах әкем соңымыздан келе жатыр. Сіздер оған барып, бірге келіңдер» деп жолға салды. Алайда оның адамдарын бір-біріне қоспай, бөлек шатырларға орналастырған соң, түгел жайратты. Қажы-падишахтың қазына-байлығын қолға түсіру үшін Азизбек-жаллат атты әскерлерімен бірге чапауыл етіп алға жіберілді. Шаһарға кірген ол қажы-падишахтың балаларын бір жерге айдап шығарып, оның ордасы мен қазынасын иеленді. Жоғары мәртебелі Бадәулет салтанат-иқбалмен (бақыт) соңынан еріп келді һәм шатыр-үйлерін шаһардың алдында тікті. Сосын әмири-лашкер, әскербасы, лавур (батыр), жасауылдарын бірінен кейін бірін қылқұйрық етіп шаһарға кіргізіп, қажы-падишахтың қызметіндегі мансаптыларды айдап әкеліп, біразын жазалады және біразын «үй қамауға» алды.
Қажы-падишахтың әйелдері, балалары, әскерлері және бұқара халық бір-біріне қарап: «Қажы-падишахымыз келді ме? Қайда қалды? Неге шаһарға кірмеген-дүр? Мына қыпшақ-әндіжандықтар шаһарды басып алды ғой. Бұл қандай шырғалаң оқиға болған-дұр?» деп істің мән-жайын біле алмай, таңырқап абыржып, аңтарылып қалды. Осылай екі күн, екі түн өте шықты. Оқиғаның қалай өрбігенін сезген 10-15 мың адам қару-жарақ, шоқпар-таяқтарын көтеріп, шаһардың жан-жағынан ағылып: «Қажы-падишахымыз қане? Патшазадамыз (тақ мұрагеріміз) қане?» деп көше-базарларда кездескен құсбегінің жігіт-сарбаздарын ұрды, өлтірді, қуды, әртүрлі ауыр балағат сөздер айтты. Осылайша, қаламмен жазуға келмейтін қорлықтар мен балағаттауға жол берілді. Әртүрлі насихат-үгіттеу жасалса да, халық құлақ аспады. Құсбегінің адамдары бұл аламандардың қорлауына шыдауға сабыры жетпеді. Дәл осы шақта таяқ-шоқпарларын көтерген қажы-падишахтың бірнеше адамы шатырларды шабуылдады. Сол кезде аталық-ғазидің «Ұрыңдар! Өлтіріңдер!» деген жоғары мәртебелі жарлығы шықты. Алайда бірді өлтірсе 10 адам және 10 адам өлтірілсе тағы 30 адам шығып: «Ғоли нимә дәйту бу? (Өй, бұлар не дейді-ей?!)» деп өліктерді аттаған бойы шатыр-үйлерге қарай жылжи түсті. Аталық-ғази да шыдай алмай, тұлпарына мініп, қырып-жою туралы жарлық түсірді. Барлық әскерлер қырғынды бастап, оңды-солдыны шапқаны соншалық, ит, есек, мысықтарына дейін жанды жануарларды өлтіріп, жансыз қылды. Ертесінде іргедегі Қарақаш ауданынан шоқпар-таяқ асынған, кеуделеріне ілінген және ауызы мықтап бекітілген торсықтарына азық пен талқан салған 10 мыңнан артық шоқпаршы аламандар келді. Аталық-ғази бұларды да қырып-жойып, осының алдында ажал құшқандарға қосты. Одан кейін чиралықтар (Чира ауданының тұрғындары) қылқұйрық болып, шоқпар мен азықтарын арқалап келді және ахуалды өз көзімен көрді. Олар жанып жатқан отқа түнгі көбелектей атылды. Бірақ, бұлар да өлім бекетінен орын алды.
Ол кезде Хотан өңірінде алты қалашық бар еді. Олардың әрқайсысынан 5-10 мың тұрғын бір-бірінен хабар алыспай Хотанға ағылды. Аталық-ғази оларды да бір-біріне қосқызбай, кеткендердің соңынан келмес жолға аттандырып қоштасты. Хотанның халқы «Бұлар не дейді?» деп бір істі ойлағанда орнынан оңайлықпен жылжымайды екен. Егер орнынан тұрса, сол істі шешпей қоймайды екен. Демек, осы жолы орнынан тапжылмай тыныш тұрғандары аман-сау қалды. Ал бұл оқиғаны ойлап, орнынан қозғалып, шаһарға ағылып: «Қажы-падишахым! Аһ, падишахым!» деп зар жылап, «Патшамыздан айырылып, тірі қалғанымыздан гөрі өлгеніміз мың мәрте жақсырақ» дегендер өзін-өзі ажалға жеткізді. Себебі, хотандықтар жан сақтайын деп өлімнен қашпайды екен және қашуды қажетсіз санайды екен. Олардың бүгілмес қыңырлығын осы мінезінен анық көруге болады.
Құсбегінің жігіт-сарбаздары аталық-ғазиға адам өлтіруден шаршағанын, қолдарының ұйып қажалғанын мәлімдеді. Аталық-ғази базарға келген хотандық қасапшыларға және жер-жерден ағылған мүсәпір қасапшыларға жеңіскер қосындарымен бірлесіп адам өлтіруді бұйырды. Олар ордың шетінде тұрып, адам өлтіріп, өліктерді орға және шұңқырларға тастады. Орлар және өзге де шұңқырлар өліктерге лық толды. Қақпаларға қойылған әмири-ләшкер, пансаттар және сарбаздар ұсталғандарды өлімге бұйырып, сарбаздарға тапсырды. Олар тұтқындалғандарды өлтіретін жерге бір-бірлеп жетелеп әкелді. Барғанша «Бір нәрсең болса, бізге бергін. Өлтірмей жібере саламыз» десе, кейбіреуі бұған көнбей өлімді лайық көріп, қаза тапты. Кейбіреуі 100 теңгенің ең болмағанда бір теңгесін бергені үшін ел-жұртына қайтарылды. Кейбіреуі: «Қазір қолымда пұл жоқ. Тауып берейін немесе әкелейін» десе, несие етіп жібере салатын. Аталық-ғазидің адамдары төрт-бес таш қашықтықтағы, тіпті одан да алыстағы жерлерді талан-тараж етіп қайтты. Осылай тағы бес күн мен түн өтіп кетті. Ажал базары айрықша қыза түсті. Бұқара халайық ойран мен зауалға бет бұрды. Содан кейін ғана жоғары мәртебелі аталық-ғази қырғынды тоқтату туралы бұйрық шығарды. Тарихи кітаптарда «Бір түмен адам қаза тапса, бір мүрде қолын жоғары көтереді. Екі түмен адам ажалын тапса, екі өлік қолын көтереді. Егер де он түмен адам өлтірілсе, бір өлік тік тұрады» деп жазылған. Сол кездерде Хотанда бес өлік қолын көтерген екен. Бұған қарағанда, 50 мың адам қырылғаны мәлім. Бақыты ояу, дәулеті сүйеніш болған және айбаты аспандай Мұхаммед Яқупбек аталық-ғази міне осындай шара һәм айла-шарғыны қолданбағанда, Хотанды ала алмас еді. Өйткені, бұқара халықтың қажы-падишахқа деген ықылас-көңілі тұспалдың ең жоғары шегінен де асқан-ды.
Сөздің асылы, аталық-ғази осы реткі үлкен қасап қырғыннан босап, қажы-падишахтың қазына-байлығын тіркеуге алды және мемлекеттік қоймаға тапсырды. Оның қару-жарақтары аса жеткілікті және түгел екен. Күміс, тиллә және ақшадан басқа тағы 16 қап сыятын ірі тұрғауышқа сап таза алтын жиылған екен. Бұлардан жігіттеріне түзу ешнәрсе де берілмепті. «Ысырап болады» деп ол алтынды өзі және әйелдеріне де жұмсамаған екен. Ол 30 ай патшалық құрған мезгіл ішінде тіпті өз асханасына да ата-бабаларынан мирасқа қалған жерлердің өнімін істеткен екен. Киім-кешегіне де соны сарп еткен екен. Шариғат бойынша елден жиналған нәрселер, қытайлардан немесе бектерден олжаға түскен мал-дүниенің бәрі өз бетінше дәптерге тіркеліп, шашпай-төкпей қазынасында сақталған екен. Бұны көрген жоғары мәртебелі Бадәулет «Мен қажы-падишахты әкем деп жүрген едім. Ол расында да менің әкемдей екен» деп жымиып мадақтады. Һабибулла-қажы бұрын өткен сұлтандардың заң-қағидаларын, әсіресе Умайә халифатының174 билеушісі Омар бинни Абдулазиз-хазреттің175 (Алла оның мәртебесін биік қылғай!) жолы мен әдісін ұстанған. Әсіресе оның желпуіші үлкен мавуттан (түбіт, ең бағалы жұмсақ жүн), ноқта-шашақтары мәштұт жібектен жасалған екен. Шашақтарына қатар-қатар қоңыраулар тағылған және безендірілген төрт үлкен атан нары болған-ды. Ол кезде ешбір жерде түйелерді осыншалық безендіріп сәндемейтін. Осы нарлар барлық тамашалаушыларды есінен тандырып, көздерінің жауын алған еді. Түйелердің бәрі де аталық-ғазидің қолына түсті. Ол қажы-падишахтың қазына-байлығын, қару-жарағын, аспап-саймандарын түйелерге жүктеп, Қашғарға әкетті. Өлең:
Шахқа әгәр болсиләр дөләт бәхтияр,
Болур пәтһи нусрәт шахларға дучар.
(Бақ-дәулетке жеткен патшаға сәттілік пен табыс та нәсіп болады).
Аталық-ғази әмири-ләшкер, пансат, әмірлері бастаған барлық жігіт-сарбаздарына мейлінше сый-тарту берді һәм қажетінше қанағаттандырды. Сосын Хотандағы шахидан-имамдардың мазарларына қой, сиыр, күріш, ақша, шапан-тон беріп жіберілді, сенімді қызметкерлер тағайындалды, жарлы-жақыбай мен бейшараларға кеңінен ас берілді, Хатім-Құран оқытылды, осы әрекеттер үшін сауаптар алынды. Машайықтардың рухына атап, кедей-бейшараларға және жалынып-жалбарынғандарға садақа ретінде киім-шапан мен қаражат үлестірілді, дұғалар алынды. Ақыры халықтың кеуілі тынышталған соң, яркенттік Нияз-ишикағабегі Хотанның хәкімі етіп қойылды. Яғни осы аймақ оның жеке-дара союрғалына айналды. Басқа сөзбен айтқанда, оған жергілікті мемлекеттік істерді қалауынша біржақты шешу, маңызды істерді қалауынша жүргізу, шен-шекпенділерді өз еркінше тағайындау, бекіту және қызметтен босату секілді басты құқықтар берілді. Сондай-ақ жарлықпен Хотан аймағындағы алты қалашықтан 40 күндік мерзімдегі шалғай жерлер оның басқаруына қосылып, ел арасындағы дәрежесі көтерілді.
Аталық-ғази Нияз-ишикағабегіге осыншама арнайы қайырымдылық пен мейірімділік көрсетуінің бірнеше себептері бар еді. Оның бірі: кезінде жоғары мәртебелі аталық-ғази Нияз-бектің шақыруымен Яркентке келген-ді. Хамиддин-төремен болған шайқаста төтеп бере алмай қашқанда, бек артынан жетіп барып, екі таш жолға дейін үзеңгілес болып, кешірім сұрап жұбатқан. Арада көптеген әңгіме-кеңестер қойылып мұңдасқан еді. Сол кезде құсбегі оны Қашғарға бірге әкетпекші болған-ды. Бірақ ол атын суарған болып кейін қайтты да, қамшы салып, жылдам Яркент тарапқа қашып тасаланды. Құсбегі оның соңынан өте зор мақтаулар айтты: «Ерекше сақ адам екен. Біздің абыройымызды көтеріп және райымызды аулап, осы жерге дейін келді, бірақ Яркенттегі бала-шағасына алаңдап, артқа қайтты. Қолынан іс келетін адам екен» деп барша көңілмен құптады. Ендігі бір себеп: Яркентте дүнгендермен бірлескен Исхақ-қожа 9 мың черик шығарып, түнгі шабуылға өтпекші болғанда, Нияз-бек жаушы жіберіп: «Бүгін түнде көп әскерлер шығады. Шара қолданып, кеңесейік. Бұдан артық қолымнан іс келмейді» деп хабар берген еді. Сергек тауықтай зерек құсбегі бұдан құлағдар болып, амалын тауып мақсатына жеткен. Бұл оқиғалар әуелгі дастанда баяндалды. Тағы бір себебі: Нияз-бек пен аталық-ғази айла-тәсіл, іс-әрекет және айлакерлікте өзара бірдей еді. Олар – бір әріп пен бір ұйқастың адамдары, тіпті жұлдыздары бір сәтті бұрышта көрінген, салымдары бір сарайдан тепе-тең орын алған. Сондықтан аталық-ғази оған Хотан және оның қарамағындағы алты қалашықты 40 күндік қашықтықтағы төңірегімен қоса бүтіндей ұсынды. Құсбегі бір рет те «Хотанның зиян-зақымы қандай болған-дұр?» деп ауызға алмады, тіпті ойлап та кетпеді. Нияз-бек кез келген істі өзі қалауынша жүргізетін. Дегенмен, оның аталық-ғазиға деген ниеті әуел бастан түзу еместін. Ақыры аталық-ғазидің құтылмас оқиғаға душар болуына дәл осы ниеті жаман Нияз-бек себепші болды. Бұл оқиға, иншалла, кейін айтылады.
Сөйтіп, аталық-ғази Хотанды ниеті бұзық Нияз-бектің жалғыз өзіне тапсырды. Халман-пансат әмири-ләшкер, Қажы Тұрап қазы-әскер етіп жарлықпен бекітілді. Бірақ көп өтпей, екеуі де бірінен соң бірі қызметінен босатылып, жәбір-қатыгездік пен өлердей қинау-азаптауға ұшырады. Хижраның 1283 ж. шауал айының 28-күні (1867 ж. 5 наурызда) аталық-ғази мемлекет ұлықтарымен бірге салтанатты Қашғарға қайтты. Төрт бекет қалғанда, Азизбек-жаллат тұтқындалды һәм өлтірілді. Өйткені, ол Хотан шаһарына бәрінен бұрын кіріп, қажы-падишахтың қазынасын сақтауға қойылған еді. Алайда ол әскерлердің ақысынан 200 жамбы жымқырып, қиянат жасаған екен. Күнәсі мойнына артылды. Ол сондай-ақ осыдан бұрын аталық-ғазиге деген ниетін бұзып, Бұзрықхан-төремен ауыз жаласып жақындасқан екен. Бұл оқиға да жоғарыда баяндалды. Оның «жаллат» (баскесер, жендет) деп аталуының себебі: бұдан бұрын Уәлихан-төре Қашғарға келгенде, оның баскесері болып қызмет көрсеткен. Өзі йеңиһисарлық (Йеңисар шаһарында туылған) екен. Ол ниетін бұзып, тұз берген жерге қиянат көрсеткені үшін өз жазасын алды. Осы дүниенің егістігінде жақсылық немесе жамандықтың ұрығын шашқан кез келген адам бұл қысқа жалғанда өнімін көрмей, ләззатын татпай, ақиретке кетпейді екен. Тәңірім өз ұлылығыңмен барлық пенделеріңді түзу жолға бастап, бұраңдаған бұлтарысты жолдардан сақтап, әділ де турашыл дәреже-мәртебеңмен өзіңнің әділет саяңда сақтағайсың, әумин!
5
Қажы-падишах Молла Һәбибуллаханның жақсы қасиеттері,
салтанатты да дәулетті билігінің қысқаша баяны
Жолдас-жарандар мен сұхбаттас бауырлардың қымбатты зейіндерінен жасырын және белгісіз болып қалмасын, қисса-хикаяларға қарағанда, қажы-падишах әуелгіде мүфти (діни заңдарды орындаушы, қоғамдағы істердің шариғат заңына сәйкес немесе сәйкес еместігін шешіп бекітуші діни мансап) болған және ата-бабаларынан бастап Хотан уәлиетінде ұлы шариғаттың қызметінде жүрген мансапты еді. Ол шариғаттың дамуы үшін қажырлылық танытып, оның үкімдерін бұлжытпай орындап келген. Айрықша пәтуалы, діндар және парыз істерін қатаң жүзеге асырушы болған ол өмір бойы дәрет алмай қадам баспайтын. Мейлі бір жерде тұрсын немесе сапарда жүрсін, таһажжуд намазын (түнде оқылатын сүннет намазы) тастамаған, түннің жарымы болмай ұйқыға көзін ілмейтін адам еді. «Бір жапырақ нан болса да халал жеймін» деп ата-бабасынан мирасқа қалған жердің бір бөлігінде өзі кетпен шауып, қос (жер) айдап, егін орып, жұмысты өз қолымен істеп және маңдай терін төгіп әрекеттенетін. Жерден шыққан өнімді өзі жеп-ішіп, өз қажетіне жарататын. Шен-шекпенді бектер мен ахундардың, тіпті қандай да бір мұсылманның үйіне бара қалса, олардың шай-тамағын ішпейді және нан-тоқаштарын жемейді екен. Бір адамына өзінің шағын шәйнегін көтертіп, барған жерінде өз шайын ішетін және дұғасын оқып қайтатын.
Кезінде Һәбибуллахан-мүфти бір шаруамен Ақсу шаһарының бек-ахундарының үйлеріне бата беруге барыпты және сол жерде өзімен бірге алып жүрген кішкене шәйнегімен шайын ішіп, дұғасын оқыпты. Сол заманда Ақсуда Ишанхан-хазреттің қалпесі (діни өкілі), сәжжадә нашинликтағы (діни тариқатшылардың сәждесіне бастаушы) Хади-қалпе деген ақсулық қайраткер тариқат (діни ағым) ұстазы болған екен. Мүфти оның үйіне барғанда, шайын ішпей, өз шайын ішіп қайтқан. Біреулер: «Хади-қалпе де діндар, парызгер адам ғой. Не себептен оның шайын ішпедіңіз?» деп сұрағанда, ол: «Расында діндар және қабілетті адам. Бірақ өзі еңбектеніп, маңдай терін ағызып, өнім алып жемейді екен. Асханасында ас беруден артылған немесе ұшыр-зекет төлеу үшін әкелінген нәрселерді тұтынады. Әлбетте, кісілердің құрбан шалып, ас беруіне көзі қадалған адамның дәмесі өте зор болады. Оның үстіне, өзі де зекет беретін адам ғой. Ал шариғатта ондай инсанның зекет беруге тиесілі өнімді өзі жегені халалға жатпайды. Осы себепті, оның шайын ішпей, өз шайымды ішіп қайттым» деп жауап беріпті. Барлық адам оны мақтап, алғыс айтыпты. Бұл азамат өз маңдай терін ағызып, ұшыр-зекетті шариғатқа сай түгел төлеген бақуатты диқандардың үйіне бара қалса, олардың ас-тамағы мен нан-тоқашын тоқтамай жеген екен.
Һәбибуллахан мүфти қызметінен босағаннан кейін, қажылыққа барады және Мекке-мукаррама мен Медина-мунаууара екі «Харамда» жеті жыл мекендейді һәм мужавур (дін ізденуші, діни кеңесші) дәрежесіне жетеді. Осы екі шаһардың бақ-дәулетін бойына сіңірген және мұрат-мақсатына жеткен ол отанына қайтып келеді. Осы мезгіл Кучар қожалары исламды азат ету жолында Жам елді мекенінің түбіндегі шайқаста хақандықтарға қарсы тұра алмай жан сауғалап қашқан кез болатын. Хотан хәкімі марқұм Алишер-хәкімбектің баласы Темір-қазынашы Бай ауданының хәкімі еді. Ол Ақсу аймағында үш-төрт күн жасырын жүріп, оқиғаның байыбын байқайды да, Хотанға кетеді. Хотанның амбаны (манчжур әкімшілігінің басшысы) осындағы оқиғалардың мән-жайынан хабардар болған шақта, хотандықтар да Кучардың ақпараттары жеткен бойда дүрлігіп, исламды азат етуге және қытайларды жоюға шығыпты. Жұртшылық «Кімді басшы қыламыз?» деп кеңес құрыпты һәм ақырында Мүфти Һәбибуллахан-қажыға тоқтапты. Барлығы да бір ниет-бірлікте ежелгі патшалардың заң-рәсімиеттері бойынша Һәбибуллахан-қажыны ақ киізге отырғызып және көтеріп, өздерінің патшасы етіпті. Содан соң кәпірлерге қарсы шығып, мейлі қытайлар немесе дүнгендер болсын, бәрін де жермен-жексен етіп қырып-жойыпты, тіпті нәресте балаларға дейін өлтіріпті. Жалпы, падишах салтанатты тақ үстінде билігін жүргізіп, халықтың күнкөрісі үшін мол жақсы қарекеттер жасаған екен.
Дәл сол күндері кучарлық Шейх Назариддин-қожа Яркенттегі Қажыбек-қазынашы дегенді 3 мың мұсылман мен дүнгендерге қолбасшы етіп, қажы-падишахқа қарсы аттандырады һәм дөрекі де былапыт сөздер тізілген хат жібереді. Бұл жайт қажы-падишахтың көңіліне ауыр тиіп, баласы Абдурахман-судурдың жетекшілігінде біраз әскерді алдыға шығарады. Арада орын алған қақтығыста Кучар әскерлері жеңіліс тауып, артына қашты және көп адамынан айрылды. Судур-хан оққа ұшып, дүниеден кетті. Осындай ахуал орын алса да, Һәбибуллахан-қажы ынсаппен: «Ислам шарапатына және зор дәулетке жетуімізге тағы да осы кучарлық қожалар себеп болды. Егер де олар исламды азат етпегенде, біз мұнда іс-шаруа тындыруға да шамамыз келмес еді. Бұдан басқа, олар Хақани Чиннің бірсөзді және бірқолды жақсы адамдарын өлтіріп, жаман адамдарымен, сондай-ақ дүнгендермен серік болып, бірлесе ел басқарыпты. Осы себепті, оларды мойындамадым және бағынбадым» деген бірқатар келіскен сөздерді хатқа жазып, көңіліне жақын тартып, лайықты сый-тартуларды таңдап, Ахмет-мираббегінің басшылығында 50 шақты адамнан құралған елшілікті Рашиддин-қожаға жіберді. Ол өзінің бағынып, бұйрықтарды орындайтынын білдірген-ді. Алайда хан-қожа оларды қабылдамады. Осы оқиға әуелгі дастанда айтылды.
Осы оқиғаның алдында Мүфти Һәбибуллахан Қоқаннан медет-жәрдем тілеп, бәлкім, билігін мойындамақ болып, баласы Абдурахманханды жіберген еді. Қоқан ханы онымен кездесіп, бірнеше күн тұрғызып, мейманға қонақасы беріп күтті, «судур» мансабын берді және сәйгүлік, қару-жарақ, шапан-тон сыйлап ұлықтады. Бірге ілескен адамдарына да киім-кешек, теңге-тиллә сыйлады һәм мейірбандығын көрсетті. Қажы-падишахқа өз деңгейінде тон-кешек, бөрік, қару-жарақ секілді тарту-таралғы мен тәбәріктер (естелік сыйлықтар) жолданған-ды. Бақайының ұшына дейін қаруланған 200 жігіттің қолбасшысы етіп тағайындалған Нармұхаммед-паруанашы және 50 жігіттің мырзабасысы етіп қойылған Мырза Бабабек Хисари судур-ханға қосылып, Хотанға бірге ілесіп баратын болды. Бұлар Қашғарға келгенде, Мұхаммед Яқупбек-құсбегі Яркент шаһарында Хамиддин-төремен соғысып жатқан екен. Олар құсбегімен Яркентте кезікті. Құсбегі Нармұхаммед-паруанашыны жігіттерімен және Мырза Бабабектің жігіттерін өзіне алып қалып, судур-ханмен бірге жарлық, қару-жарақ және басқа да сый-тартуларды Хотанға жеткізу үшін Мырза Бабабекті екі адамымен ғана жіберді. Қажы-падишах Мырза Бабабекке лайықты мекен-жай дайындап, күнделікті азық-ауқатпен қамдап, ізет-құрмет көрсетіп, жақсы жерден үйлендіріп, өзіне жолдас һәм сұхбаттас етті.
Қажы-падишах шаһардың қытайлық бөлігін «Әскерхана» деп атап, зәулім ғимарат салды, мешіт, жамә және ханақа тұрғызды. Шаһарлық және далалық хотандықтардың бәріне, кәрі-жасына, еркектер мен әйелдерге шариғат тәлімдерін үйретті. Шариғат қағидалары жүзеге асырылды. 10 адамға бір қалпе бекітіліп, мұсылмандық бойынша Субханалланың бірегей сипат-ақиқаты, 99 парыз, намаз, ораза, ұшыр-зекет, қажылық, илми-хаиз (әйелдердің етеккір келуін зерттейтін ілім), илми-нафис (бала тууға жататын істерді зерттейтін ілім) секілді қажетті мәселелерді бүкіл халыққа тәлім етті, жатқа айтқызды және жаманнан сақтандырды. Жеті жастан 70 жасқа дейінгі барлық еркек пен әйел құдды мектеп оқушыларындай сабақ оқып, осы мәселелерді үйреніп қайталайтын. Ол әр жұма күні үлкен мешітке ден қойып «ұшып» баратын. Намазға тұрғанда оның артында және жанында алтыдан 12 адам зор қылыштарын жалаңаштап, тап сол жерде бір адамды шауып жіберетіндей жанында тік тұратын. Олар намазда рукуғ бен сәжде жасамайтын. Бәлкім, ымдап ишаратпен оқыса керек. Өйткені, намазға келгендердің арасында бірер дұшпанның қастық жасап, зиян келтіруінен сақтанған болуы керек. Осындай сақтық танытқан падишах қазасы мен ажалы жеткенде, Яқупбек-ғазидің әскери шатырына өз аяғымен қадам қойып, нендей бәле-апатқа душар болды? Бұл уақиға жоғарыда айтылды. Қажы-падишах Хотанды миср176 деп білді. Жұма намазының екі рақағат парызын оқитын, сақтық үшін бесін намаздың сүннеттерін оқымайтын.
Қажы-падишах сондай-ақ Хотанда бір мысқалдық ақ теңге соқтырды. Оның бір бетіне «Ла-илаһә ил-Алла, Мухаммад ән-Расулулла» (Алладан басқа Құдай жоқ, Мұхаммед оның елшісі-дүр), енді бір бетіне «Зәрби Хотән ләтиф» (Әдемі Хотанда соғылды) деген жазулар ойдырылды. Өзінің мөріне «Һу-алхаб әлләзи туржа шифа’әтһу» (Пайғамбар – Алланың сүйікті досы, одан шапағат үміт етіледі) деген сөзді әшекейлеп ойдырған еді. Қажы-падишах Һәбибуллахан ұры-қары, құмар ойнаушыларды тапқанда, аяусыз дереу өлтіретін. Айтқандарға қарағанда, бір адам даладағы атыздан кетпен ұрлаған екен. Осы күнәсін мойындатқан соң, домалақ оқ ататын бір үлкен топ-зеңбіректі жерге көміліп, жоғарыға қаратылған аузына оқ-дәрі салынды һәм бекем тығындалды. Әлгі ұры топтың аузына отырғызылған соң, от тұтатылыпты. Оқ-дәрі ұрының денесін төрт бөлікке жарып жіберді. Халайықтың көзінен ғайып болып ұшқан дене мүшелері жерге шашырап түсті. Осы жазалау сол күнгі жұма намазынан соң жасалған екен. Топтасып тұрған халайықтың бұны көрген соң жүректері қозғалып және шайлығып, дүр сілкініп дірілдепті. Тағы бір адам жүгері алқабынан алты түйін піспеген жүгеріні рұқсатсыз үзген екен. Оны алдына әкелдіріп және тергеп, кінәсін мойындатқаннан кейін дарға асқан екен. Жалпы, ол сәл ғана күнә жасағаны үшін басқаға ғибрат ретінде бір адамның қанын төгетін. Оның қаһарлы саясаты тым шектен асқан еді. Қажы-падишах өте кәрі болатын, аузында тістері қалмаған-ды. Егер ернін тістеп алса, кез келген адамның жан-тәнін көкке ұшыратын. «Далада егін егумен шұғылданатын адамдар кетпен, орақ және өзге де аспаптарын егістік жерлерде қалдырып, өздері үйлеріне келіп қонсын, ертесі шаруаларын жалғастырсын. Есік, қақпа және дүкендер әрқашан ашық қалдырылсын» деген жарлықпен қаһарлы саясатын шырқау шегіне жеткізді. Егер егжей-тегжейлі баяндасақ, оқырман мен тыңдарманды зеріктірерміз.
Хотандықтар тап болған қайғылы оқиғадан екі ай бұрын, қажы-падишахтың түнгі ұйқысы бұзылып мазасызданады. Орнынан тұрып сәлем жасағаннан (таң намазын оқығаннан) кейін, шақырылған ғұламалар, қадірлі адамдар, игі жақсылар және му’әббирлерге (түс жорушылар) көрген түсін баяндайды: «Мен түсімде тәндері бар, бастары жоқ хотандықтарды көріппін. Осы түсім қалай жорылады?» деп сұрапты. Барлық кісілер аң-таң болып, ойланып-толғанып, не айтарын білмей тұрғанда, қажы-падишах: «Бәлкім, бұл түстің жорылуы Хотанның маңындағы жеміс беретін және бермейтін ағаштарды адамның бойымен бірдей тегіс кесіліп, бас жасалсын дегендік болу керек» деп өзі жорыды. Ғұламалар мен игі жақсылар түгел құптап солай шешті. Содан Хотан шаһарының төңірегіндегі барлық ағаштар адамның бойымен теңестіріліп кесілген екен. Мұндай жорамал мен амал жазмыш Субханаллаға сәйкес болмай шықты. Ақырында жазмыш қажы-падишахтың басына және халқының кәллаларына қаза мен дүрбелеңді үйіп-төкті. Бұл ахуал жоғарыда қысқаша баяндалды.
Қажы-падишах ата-бабасынан бері, оның ішінде өзі де дәруіштікті кәсіп етіп, діндар деген атақпен көсем және жолбасшы болғанмен, ел басқару істері мен сипавәрлик (жауынгерліктің) нәзік ғылыми қыр-сырынан бейхабар еді. Енді бір жағынан қарағанда, дәруіштік пен жауынгерлік бір-біріне үйлеспейтін. Егер де ол бұрын бірер жоғары мәртебелі патшаның қызметінде жүріп, жауынгерлік ғылымымен кәсіптеніп, мәртебелі деңгейге жетіп, тәжірибе жинақтағанда, әлбетте, осы дүрбелеңнен сақтанудың амал-шараларын қолданар еді. Тарихи кітаптардағы мәліметтерге қарағанда, бұрынғылар ежелден бері ата-бабаларынан бастап ұлық болып, орын-мәртебесіне сәйкес ел басқарған және билік еткен адамдарды немесе олардың ұрпақтарын тауып, салтанатты таққа отырғызып, оларды мойындап және бағынып келген екен. Бұлардың қадамдарының берекесі бұқара халыққа тыныштық және жұртқа жамағаттық пен бірлік әперіп, мемлекет билігінің ұзақ та мәңгі жалғасуына себепші болады. Тіпті осы билеушілердің ұрпақтары заманның ағысына қарай ұзақ уақыт жоқшылық көшесіне кіріп, сосын тағы да дәулет пен билікке қол жеткізіп, ел басқару ісін жоғары дәрежеге көтермей, төменге де түсірмей, бір деңгейде ұстанған халде өкімет істерінің шарасын таба алса, нақ өзінің отырған жері мен орталығында елді сүйе алса, өз ата-бабаларының сара жолын табады екен. «Барлық сөздер үшін бір мақал және барлық амал үшін бір ер керек» деген даналардың мәтелі осы қауымның сый-құрметіне сәйкес келеді. Сондай-ақ машайықтардың «Аң ауласаң, көне аңшымен» деген мысалы бар. Кішкене балалар да ойындарында «Атаң кім?» деп сұраса, «Атам темірші» деп жауап береді және сол кезде тағы біреуі: «Барып темір соқ» дейді. Егер «Атам диқан» десе, «Диқаншылық ет» деп ойнайды. Бұл да бекер сөз емес. Өлең:
Ата қилмақни қилмақ лазым ермиш,
Құдайым ризықты содан жібермиш.
Демек, бұдан біз кез келген адам ата-бабасының кәсіп-өнерін үйреніп және лайықты деп санап, Хақ-тағала сыйлаған таңдаулы тамақ пен нығметтерге шүкір етіп, өз мәртебе-деңгейінен асатын, өз өлшемінен артық істерге қадам басудан немесе құлшынудан толықтай сақтануын, Алланың парыз етіп берген сөздеріне амалдаудың қажеттігін біле аламыз. Өз дәреже-мәртебесінен жоғарыға қадам басып, бұрынғы халін ұмытқан адамға құдды қажы-падишахтың басына түскен күндер келеді. Өлең:
Үйренейін деп қарға кекіліктің жүрісін,
Үйрене алмай ұмытты өзінің жүрісін.
Қажы-падишахтың бұрынғы ата-бабаларынан жалғасып келген дәруіштік оған кетпес дәулет және бітпес рақат еді. Ол өзінің қадірін білмеді, өткен өміріне және хал-жағдайына өкінді, тіпті намыстанды. Алайда оны іздеп таба алмады, ал одан кейінгі патшалығы сағымға айналды. Өз пішіні мен арманына лайықты деп сүйінді һәм «Жоғалмас дәулетке кенелдім» деп масаттанып алданды. Оның елі, әйелдері, үлкен-кіші һәм жас-кәрі туған-туыстары, қаражаты, жалпы Хотан уәлиетінің алты қалашығы, Қарақаш елді мекеніне дейінгі патшалығы зор бәле-апатқа, ал билігі азап-қасіретке тап болды. Бәрінің де жаны мен малы жаман ниет пен қаһардың үңгірінде ұшты-күйлі ғайып болып кетті. Өлең:
Дәулеті жылдамның жоқ бағасы,
Ат, алтын, семсердің жоқ адалы.
Уассалам.
6
Жоғары мәртебелі Бадәулет аталық-ғазидің Ақсу мен Кучарды алуды мақсат және ниет етіп тұлпар шаптырғаны, бір шабуылмен бірнеше шаһардың алынғаны, оның мұрат бақшасынан гүл шоғын үзіп, нысана-мүддесін қолға келтіріп, өзінің ордасына қайтқаны, осы аралықта болған аласапыран оқиғалардың баяны
Зерек ақылды достар мен адал бауырлардың жан иірімдеріне жетіп, айқын да ашық болсын, төмендегі қисса, хикая және риуаяттарға қарағанда, Хотан, Яркент, Маралбасы, Йеңиһисар секілді шаһарларды төңірегіндегі жерлермен қоса бағындырған жоғары мәртебелі Бадәулет Хотанды Нияз-ишикағабекке, Яркентті Мұхаммед Юнусжан-шағауылға, Қашғарды Алаш-биге, Йеңиһисарды Камилхан-төреге, Маралбасыны Хакимхан-төреге өз алдына құқықты союрғалға беріп, жайғастырған соң, жігіт-сарбаздарын әрекетке келтіріп, қару-жарақты түгендеу істерімен болды. Қуанышты да тәртіпшең заманда Үштұрфан шаһарының бірқатар адамы кучарлық қожалардың әмір-пәрменінен бас тартып, аталық-ғазидің қол астына кіру, оны Ақсу тарапқа аттануға желіктіру әрекеттерін бастады. Аталық-ғазиға Ақсудан Абдурахман-датқа мен Абдулла-диуанбегінің шақыру хаты келіп жетті. Кучарлық Тохти-ишикағабек те «Бұл шаһарларды мен алып беремін» деп кепілдік етіп, ұсыныс білдірді. Кучарлық қожалардың арасындағы сәттілік қарама-қарсылыққа ауысты. Осындай қуанышты хабарлар аталық-ғазидің бақытты құлақтарына жетті. Оның көңіл әйнектерінде Ақсу мен Кучарды бағындыру арзу-арманы одан бетер жыбырлай бастады.
Осындай жағдайда жоғары мәртебелі Бадәулет өзіне адал 3 мың қандыбалақ батыр, нөкер, жасауыл, пансаттарды, Жамидар-әмири-ләшкердің қарамағындағы 3 мың жанқияр жігіт-сарбаз, барабаншы, жалаушы, керней-сырнайшы, топ-зеңбірекшілерді, Омарқұл-әмири-ләшкердің бақайына дейін қаруланған 3 мың жігітті, Абдулла-әмири-ләшкерге тапсырылған 3 мың ержүрек батырды, Мырза Ахмет-құсбегіге тәуелді 3 мың дайын жауынгерлерді тік тұрғызды. Шарапатты заманда және ыңғайлы уақытта аталған әмири-ләшкерлерін шақырып: «Маралбасының қорғаны бұзулы тұр. Барлық қосындармен түзетуге барып қайтқанға қалай қарайсыңдар?» деп кеңесті. Бәрі де бір ниетте: «Өте жақсы болады» деп жан-тәнімен қабылдап, әзірлікке келді.
Хижраның 1284 ж. мухаррам айының 4-күні (1867 ж. 8 мамырда) Жауза мезгілінің соңында, әрі маймыл жылы, аталық-ғази дәулетті иқбал мен ұлы сән-салтанатта Маралбасыда шатыр-баргахтарын тіккен халде төрт күн тұрды. Осы кезеңде ешқандай әмір-пәрмен түсірілмеді. Бесінші күні ол әмири-ләшкерлерге: «Ақсу, Кучарға дейін барып, машайықтардың мазарларын зиярат етіп қайтқанға не дейсіңдер?» дегенде, бәрі де бір ниетте «Бұйрығыңызға құлақ асушымыз, жан-тәнімізбен қызмет көрсетеміз» деп жауап берді. Нәтижеде әмири-ләшкер Мырза Ахмет-құсбегі чапауыл болып алға аттандырылды. Хамдам-батырбасы мен Ғази-пансат «пишжәң» (шабуылдаушы алғы шеп) етіп қойылды. Әрбір әмири-ләшкерге сегіз пансат бөлініп, байрақ-жалаулар берілді. Әмири-ләшкерлердің әрқайсысына алтын жабдықтармен жабдықталған екі түйе мен сәйгүлік, күміс жабдықпен жабдықталған алты түйе мен тұлпар табысталды. Әрбір пансатқа күміс жабдықпен жабдықталған екі арғымақ берілді. Алтын және күміс жабдықпен жабдықталған осы жануарлар әмири-ләшкерлер мен пансаттардың алдында сәндік пен сән-салтанат үшін жетеленетін. Әмири-ләшкерлердің әлпеті ұлы шах-патшаларға ұқсайтын, ал пансаттардың кескіні бір уәлиет хәкімінің сән-салтанатына тең келетін. Әмири-ләшкерлер мен пансаттарға бекітілген қари-мурәттип (Құранды басынан аяғына дейін тәртібі бойынша жатқа айтатын адамдар), имамдар ретпен тізіліп, қолдарына Құран алып алда жүретін.
Аталық-ғази міне осындай зор сән-салтанатпен Маралбасыдан Чиланға келді. Жолда тұтқындалған бір доландық кісіден «Жолда қожалардың әскері бар ма?» деп сұрағанда, әлгі «Яйди жақта 200 әскер, Сайарықта 50 әскер бар» деп мәлімдейді. Бұны ұққан аталық-ғази түнде Яйди елді мекенінің шетімен жүріп, таң сәріде әскерлер жатқан жерден Ақсуға қарай өтеді. Бейхабар жатқан әскерлерді тұтқындап, байлап-матап, Маралбасыға жөнелтеді. Олардың қолбасысы Тохти-қалпе жазаға бұйырылады. Алайда осы әскерлердің бірі атын суаруға шыққан екен. «Сайарықтағы әскерлер ұсталып тұтқындалды және құлға айналдырылды» деп ол болған жағдайды Ақсудағы Жамалиддин-қожаға хабарлайды. Аталық-ғази өзеннің жағалауына екі таш жақындағанда, Жамалиддин-қожа баласы Яхья-қожаның басшылығындағы 3 мың әскерді өзеннің жағалауына шығарды. Ол: «Кемені тартып алып, дайын тұрыңдар және өзеннің мына жағына өткізбей соғысыңдар» деп мән-жайды асыра айтып жолға салды. Бірақ аталық-ғазидің жігіттері кемеге тіптен назар аудармады. Қай жер түзу жазық болса, сол жерден салт атты өтіп, кемені қажетсінбеді. Кучардың әскерлері бір шабуылдан-ақ артқа қашты. Астан-кестен болып жансауғалаған әскерлер жан-жаққа бытырап кетті. Хамдам-батырбасы мен Ғази-пансат оларды қуған бойы Ақсу шаһарына басып кірді. Ордаға енгеннен кейін, «Заманның заманы, Мұхаммед Яқупбек-аталықтың заманы!» деп жар салып, барабандар ұрып, шаттық күйін әуендетті. Ахуалды көрген Жамалиддин-қожа бәйбішесімен бірге орданың арт жағындағы жардан төменге секірді. Жамалиддин-қожа Бахриддин мазарында жасырынды, әйелінің аяғы шығып кетіп, бір адамның үйін паналады. Топ-топ болып қаптаған жеңіскер қосындардың керней-сырнай мен барабандарының әуені, айғай-шуы, жанқияр сарбаздардың тамашалауында аталық-ғази өзінің мансапты ұлықтарымен бірге сән-салтанатты түрде Ақсуға келіп жайғасты. Сол сәтте жігіттер Жамалиддин-қожаны ұстап әкелді. Аталық-ғази оған біраз ашуланып ұрысты да, кейін күнәсін кешірім қаламымен сүртіп, лайықты тон-киімдер беріп, Яркентке жіберді. Кейін ол қажы-падишахпен бірге бір үй, бір мекенде мәңгі ұйқыға қиылды. Ақсуға қарасты барлық қалашық-қыстақтар қолға түсті һәм тыныштандырылды.
Осының алдында аталық-ғази Чиланда тұрған кезде, Қожа Назарбек Хисаридің жетекшілігінде Мумин-жүзбасыны 39 жігітпен бірге Үштұрфанға жіберіп: «Үштұрфандықтар қожалардан, ал қожалар үштұрфандықтардан мезі болып шаршаған екен. Бурһаниддин-қожаның бізге сенімі бар екен. Сол қожаны баласымен бірге ренжітпей сарай-ордамызға жөнелтіп, ел-жұрттың жағдайын байқаңдар» деп жолға салған еді. Бұлар Үштұрфандағы қару-жарақ пен қазына қоймаларының кілттерін қабылдап, Бурһаниддин-қожаны, баласын және тағы үш адамын Мумин-жүзбасыға қосып, Ақсуға әкелді. Осы оқиға әуелгі дастанда айтылған еді.
Әлқисса, аталық-ғази Хакимхан-төрені Ақсудың хәкімі етіп, оған қоса Бай мен Сайрам елді мекендерін де мархабат етті. Ол союрғалдыққа берілген осы жерлердің жеке-дара билеушісі етіп қойылды. Хамдам-батырбасы оның айрықша батырбасысы етіп қойылды. Хотандық Молла Абдулла-ахун қазы-калан етіп белгіленді һәм ерекше жарлықпен орны көтерілді, өзі қанағаттандырылды. Бұдан соң, 250 жігітпен бірге чапауыл болған Ташқожа-пансат Кучарға аттандырылды. Ол Бай қаласынан бір жарым таш қашықтықтағы Сайленгер деген бекетке жетіп барса, кучарлық қожалар Ибраһим-төре, Бақи-төре, Юсуп-баһадұр, Яқуп-баһадұр, Тәләй-баһадұрлар бастаған 4 мың әскерді алдынан шығарды. Олар Қоштам деген жерде Ташқожа-пансатты тұтқындап, оны 160 жігітімен қоса өлтірді. Екі айдан кейін Ташқожа-ишанның, сондай-ақ онымен бірге өлтірілген тағы бір беделді әмірдің бас сүйектері алынып, өзен суымен тазартылып, қалтаға салынып, Қашғардағы Хазрет Аппақ мазарында жерленді. Өйткені олар абыройлы да ғазиз адамдардың санатына жататын.
Сөздің асылы, жоғарыда айтылғандай, Кучардың әскерлері Бадәулет-ғазидің қанқұмар әскерлерін Жоға деген жерден өткізіп барып артқа шегіндірді. Осы жерде бекінген олар суды бөгеп, жолдарын кесті һәм қыруар адамын Яқарықта жайғастырып, тау ішіндегі үңгір-аңғарларда торуылдан шабуыл жасап, көптеген сарбазды қапсырып жайратты. Қолға түскендерді тірі қалпында ағашқа асып, астынан от жағып, кәуәп етіп күйдірді. Аталық-ғази осыны естігенде ашу-ыза оттары жарқырап, көптеген жанқияр сарбаздарына бірден шабуылға өтуді бұйырды. Артынан жоғары мәртебелі Бадәулет-ғази жеңіс үзеңгісіне аяқтарын қойды. Оның ашуынан сескенген әмири-ләшкерлер мен пансаттар бір адамдай атқа қонып, Жоғаны басып алды және Яқарыққа жетіп келді. Әскерлеріне жасалған айуандық пен қаныпезерлікті айқын көрген олар сабыр ете алмай, кек-ызасы буырқанып, сайдың шетінде ұрыс-қырғын жасағаны соншалық, өлгендердің өлік-мүрдесі құдды сайдың қара тастарындай үйіліп қалды. Ақыры жеңімпаз қосындар жеңіске жетті. Ибраһим-төре бастаған аздаған Кучар әскерлері жансауғалап қашты. Басқалары қатаң һәм қаһарлы жазалауға душар болды. Кейбіреуі олжа-тұтқын ретінде Ақсуға әкелінді. Кучарлық әскерлердің 3 мыңға жуық адамы жайратылыпты. Аталық-ғази жақтан 800-ден көбірек адам өлімге ұшырапты. Осы кезде Кучардан Хамиддин-төре бастаған тағы 4 мың әскер шықты. Заман ағысына және хал-жағдайдың беталысына қарап, елдесу-бағынуды жөн санаған ол аталық-ғазиға қызмет көрсетуді ойлап, онымен Яқарықта кездесіп, қабылдауында болды. Аталық-ғази Хамиддин-төреге ерекше қуанып, тон-кешек пен қаржы-тиллә сыйлағаннан кейін: «Біз Кучардан қайтқанша Қашғарға барып, дұға оқи тұрыңыз. Тапқан нанды ортасынан тең бөліп, бірге жейміз» деп серт-уәделерін білдіріп, нөкерлерін қосып жолға салды. «Берген ант-серттеріңді орындаңдар» деген қасиетті хадистердің мазмұнына сәйкес, өз уәдесінде тұрған Яқупбек оған төрелер қатарында үлкен орын берді, жабдықталушылардың қатарында киім-кешектерді тарту етті. Екі жылдан кейін Яқупбек-құсбегі оған кейіп, ақыры Хазрет Аппақ мазарында жерледі.
Жоғары мәртебелі аталық-ғази бұдан соң Яқарықтан айбынды да сән-салтанатты күйде Кучарға аттанды және бекеттен-бекетке жүре отырып, Қызыл деген жерде қонды. Пансат Хаирмұхаммед-топчидардың жігіттері чапауыл етіп алға жіберілді. Осы шақта Рашиддинхан-қожа да біраз әскер шығарған екен. Олар бір шабуылдан-ақ артқа қашты. Содан соң Кучар басып алынды, Шамалбағ деген жер әскери қонысқа айналдырылды және жоғары мәртебеліге хат жіберілді. Мәңгі бақытты Бадәулет-ғази барлық сән-хашаматымен Кучарға жақындап, Шамалбағ түбіндегі бұлақтың басына шатыр-үйлерін тұрғызды. Хан-қожаны әкелдіріп, дұға оқытқызды. Ашу оттары көтерілген сәтте біраз қатты сөздер айтумен қатар күнәларын тағы да кешірім қаламымен сызып, тиісті шапан-тондар беріп, қасына нөкер қосты һәм ордасына қайтарды. Хан-қожа ордасына кірген бойда бір нөкерді шауып тастады және қолына мылтығын алып бекіністің үстіне шықты. «Менің әскерлерім қайда кеткен?! Мына қыпшақ-әндіжандықтарды ұрып-өлтіріп, шаһардан қуып шығармайсыңдар ма?!» деп азан-қазан болып ызыңдап, мас диуанадай әр жаққа жүгіре берді. Оның әскерлері бірі де қалмай, жандарын сауғалаған бойы жан-жаққа босып кеткен-ді. Аталық-ғазидің нөкерлері хан-қожаны ұстап алып байлап әкетеді. Оған не болғанын, қайда кеткенін немесе тұрғанын, қайда жерленгенін ешкім көрмеді һәм білмеді. Ол дерексіз, хабарсыз, із-түзсіз жоғалды. Басқа ахуалдар әуелгі дастанның соңында айтылған болатын. Бұл жерде енді қайталанбады. Аталық-ғази арнайы дайындаған сенімді нөкерлер хан-қожаның қазынасын, қару-жарақтарын, топ-зеңбіректері мен басқа да патшалық етуге қажетті жабдықтарды тіркеп-тізімдеді. Құмыл шаһарынан бері қарай алты шаһардағы қытайлардың қазынасы мен қару-жарақтары түгелдей хан-қожаның қазынасына жиылған екен. Бұның бәрі де жоғары мәртебелі Бадәулеттің сарайына өткізілді һәм Қашғарға жөнелтілді. Кучардың істері біржақты шешілгеннен кейін ол Корла шаһарынан Исхақ-қожаны алдырып, Кучар, Шахияр, Бугур, Корлаға дейінгі жерлерді табыстап, тәуелсіз хәкім етіп тағайындады және жоғары мәртебелі жарлықпен орнын көтерді. Тохти-ишикағабек жасауылбасы дәрежесінде Исхақ-қожаның қызметіне берілді. Молла Юсуп-ахунды қази-калан мансабына тағайындау туралы жарлық шығарылды. Аталық-ғази Кучарда тұрған екі айда нұрлы машайықтардың мазарларын зиярат етіп, садақаға мұқтаж жарлыларға ас беріп, аруақтардың рухына бағышталған Хатім-Құран оқытып, сауап алды. Садақатты заман, шарапатты сағатта Қашғарға қарай жолға шыққан ол Ақсу шаһарында бір айдай тұрып қалды. Ақсудың жуандары Молла Абдулбақи-мүфти, Мұхаммед Абдулла-ишикағабек, Абдулла-қази, Қасымқазы-бек бастаған 17 үйдің адамы жазаланып, «ақ үйлі» (дүние-мүлкі тәркілену және жер аударылу) болып Яркентке айдалды. Ақсудағы мазар-мутәбрикаттарға кем оқылған Хатім-Құранды толықтыру, жарлы-мұқтаждарға жомарт садақалар беру, ас қайнату, әртүрлі сый-сияпаттар көрсетудің арқасында олардың дұғаларын алған құсбегі жеңіс үзеңгісіне аяқтарын қойып, Үштұрфанға барды. Бұл жерде 20 күндей тұрған ол Алауиддин-бекті Мұхаммед Баба-тоқсабидің серкері (әскери лауазым) етіп бекітті. Жергілікті машайықтардың мазарларында барынша құрбан шалып, ас беріп, дұғаларын алып, жаны жайланғаннан соң, Қақшалдағы қырғыздардың арасымен Қашғарға беттеді. Бекеттен бекетке жылжыған ол Қашғардан екі бекет қашықтықтағы Сағун қарауылы деген жердің сулы жайлауына тәнті болды және жеңісқой қосындарымен бірге жайғасты. Алайда түнде ауа райы бұзылды, күркіреген дауыстар ойнақшыды. Соңынан азғантай ғана жаңбыр жауды. Олар бұған назар аудармаған-тын. Бірақ түн жарымда таудың аузынан бәле болып ағылған су тасқыны қазына, қару-жарақ, түйе, жылқы, арғымақ, зеңбірекші, сарбаз, базаршы, пілтешілердің үлкен бөлігін ағызып әкетті. Олардың басым бөлігі бұл пәлекет пен қатерге шөгіп, қазаға тап болды. Дегенмен, жоғары мәртебелінің шатыры биік жерде орнатылған екен, су тасқыны әсер етпепті. Зая болған қазына, қару-жарақ, жігіт-сарбаздардың біразы бір-екі күндік жерлерден іздеп табылыпты, ал көп бөлігі табылмай қалды. Осы оқиғаны ешкімге айтпай және білдірмей, қалғандарына киім-кешек, сәйгүлік, жарақтар сыйлап риза етіпті. Мизан (таразы, айдың теңесуі) мезгілі еді. Қашғар жақтан көптеген есекке артылған қауын-қарбыз, шабдал, жүзім, әнжір және басқа жеміс-жидектер жетіп келді. Жоғары мәртебелі өз қолымен қауындарды тіліп, өзі әр қауынның бір тілімін жеп, қалғанын үлкен-кіші сарбаздарына жақсы мәміле, әсерлі де сыпайы сөзбен үлестіріп, олардың көңілін айрықша аулады һәм риза етті. Сосын Артушта қонып, Қашғардағы салтанатты тағына жетіп алды. Бұл күн хижраның 1284 ж., маймыл жылы жамадулахир айының 22-күні (1867 ж. 21 қазан) еді. Қашғардың мазарларында ас беру, садақалар тарату арқылы жарлы-жақыбайлар мен жетім-жесірлердің дұғаларын алып, жаны тынышталғаннан кейін әмири-ләшкер, пансат, жеке жігіт, сарбаздар, барлық жоғары-төмен шенді жанкештілерге тиесілі мансап, жарлық, тон-кешек, жұмсайтын тиллә сый-тарту етті. Әмири-ләшкер Мырза Ахмет-құсбегіге кейіп, оны аластады. Бұзрықхан-төреге 10 мың қызыл тиллә берілді һәм Бадахшан жолы арқылы қажылыққа шығарып салынды. Осылай 10 айдың ішінде Яркент, Хотан, Үштұрфан, Ақсу, Кучар, Корлаға дейінгі жерлер Бадәулеттің қол астына өтті. Моғолстан мемлекетіне ие болған құсбегі бәрін де жеке қаламымен жазылған бұйрығына бағындырды. Уәссалам.
7
Жаратушы Алланың мейірбанды қамқорлығымен осы өңірдің ұлы шахы, жоғары мәртебелі Мұхаммед Яқупбек Жетішаһар-Моғолстан елін жақсы қылығымен басқаруы және әділеттің кілемдерін жайғаны, бірнеше аласапыран оқиғаның туылғаны секілді жайттардың баяны
Сенімі мықты жарандар, қайырымды достардың дана көңілдерінен құпия және жасырын болмасын, сөзге ұста шешендер мен дарынды ұйқастырушылардың қисса-дастандарына қарағанда, жоғары мәртебелі аталық-ғази Ақсу мен Кучар шаһарларын бағындырғаннан кейін, дәулетті мансаптылар және адал ұлықтармен бірге Қашғарда тыныш демалды. Моғолстан аумағындағы дұшпандар біржақты етілді. «Басшыларға бағыныңдар» деген аяттың мазмұнына сәйкес, осы жердегілердің бәрі де бағыныштылық белбеуін бекем буды. Аталық-ғази қыс мезгілін тыныштық пен рақатта сауық-сайранмен өткізді. Ақыры жыл ауысып, көктем күндері де келді, райхангүлдер басын жерден көтерді. Аталық-ғази Қашғар, Яркент, Хотан шаһарларында шеберханалар құру туралы бұйрық түсірді. Зергерлер алтын-күмістен былғары белдік, тирдан (қорамсақ), жүген ауыздығы, құйысқан, айыл секілді жабдықтарды жасауға кірісті. Теміршілер қанжар-қылыштар, үзеңгі секілді патшалыққа қажетті нәрселерді түгендеуге жауапты болды. Қазаншылар ірі домалақ оқтар мен шашыратпалы оқтарды жасауға әзірленді. Киім тігетін ұжымдар қамқа, тәтулла (алтын жіпті мата), тауар, бекасам, шайы атлас, бенарис (жолақ жіптен тоқылған мата), шыт шекпен және ақ кездемелі жеңсіз көйлектерді тігу істерімен қызып кетті. Постиндуздар (тігіншілер) құндыз-бұлғын, сілеусін, түлкі терісінен тұйық көрпе, соғыста киілетін шапан-тон, румше (түркше) жеңсіз шапан, шалбар, телпек-тымақтар тігумен айналысты. Етікші-сәррачтар (ат жабдықтарын тігетін ұсталар) әртүрлі теріден жасалған жалпақ белбеу, қорамсақ, құйысқан, үзеңгі бауы, жүген ауыздығын түгендеуге кірісті. Балташы, қондақчи (ағаш шебері), шегеші, құймашы, ілмеші (бізші), зардуз (алтын мата тігуші), химагар (шатыршы) қатарлы барша кәсіпкерлер мен қолөнершілер өнерлеріне кірісіп, абыр-сабыр болды. Қоқанның шеберханаларынан алдырған епті мамандар мен ұсталар жергілікті ұсталарға ұстабасы етіп қойылды. Мәлла-ханның атында тиллә соғылды. Фағфур Чиннің ақшасына ұқсатылған мыс пұл құйылды. Ұстабасылардың үстінен іс басқарушылар тағайындалды және барлық қолөнершілерге айлық қамдау белгіленді. Ешкімге зорлық немесе құқай көрсетілмеді. Кез келген адам өз еркімен келіп, өз өнерлерімен шұғылданып, жасаған қызметіне қарай тиісті жалақы алды.
Аталық-ғази әділет есігін ашты, зұлым-тауқымет самұрық құсындай сиқырлы Қуһиқап (Қап, Кавказ) тауына ұшып кетті. Қарапайым халық аталық-ғазидің дұғалы дәулетіне тілдерін келтіріп, мешіт-мешіттерде бес уақыт намазды өтегеннен кейін оның өмірі мен дәулетінің ұзағынан болуына дұғалар оқыды. Ерекше сақтықпен әділ саясат жүргізген Бадәулет әскерлердің бұқара халықтың ақшасына, өміріне қол сұғып, көлденең тұруын қатаң тыйып бекітті. Бір күні жеңімпаз қосындар Яркенттен Қашғарға енді ғана келіп, шөлден жазираға шыққан мезетте бір кемпір бірнеше табақ қатықты жолға шығарып отыр екен. Бір жүзбасы бір табақ қатықты ақшасын төлемей ішкен-ді. Осы сәтте аталық-ғази келіп қапты. Кемпір оған: «Бір сипах (әскер) табақ қатығымды ішіп, ақшасын бермей кетті» деп шағымданыпты. Аталық-ғази асқан мейірбандықпен: «Қатық ішкен сипахты танисыз ба?» деп сұраған. Кемпір «Танимын» депті. Қосын ішіне кіргізілген соң: «Міне мына сипах еді» деп көрсеткен екен ол. Аталық-ғази: «Ей ана, бұл жігіттің қарнын жарып көремін. Егер ішінен қатық шықпаса, Сізді сойсам обал болмайды ма?» деген. Қатын-қалаш: «Обал болмайды» деп жауап қайтарған. Содан соң жігітті дереу сойып, қарнын жарса, қатық әлі өзгере қоймаған екен. Жігіттің тон-киімдері әлгі кемпірге беріліпті. Сонымен қатар, жоғары мәртебелі аталық-ғази Ақсуға тұңғыш рет келгенде, жоңышқашының екі бау жоңышқасын бір жігіт ақшасын төлеместен күштеп тартып алып, тұлпарына жем етіп берген екен. Жоңышқаның иесі арызданыпты. Аталық-ғази жоңышқа алған жігітті сұрастырып тауып, қылмысын жариялады және «Зорлық қылғанның сазайы» деп жұртқа ғибрат болу үшін оны бауыздап тастады. Содан бастап сарбаздар жұрттың нәрсесін зорлықпен алуға немесе базар нарқынан төмен бағаға сұрап, қопал сөйлеуге беттемеді. Бұндай істер түбірімен жойылды. Барлық адамдар сату және сатып алу істерін биязы да тәтті сөзбен тындырды және тыныш қарым-қатынас жасайтын болды. Енді бір жолы жоғары мәртебелі аталық-ғази Ақсуға келмекші болып, Маралбасыдан өткенде, өз перзенті жайдан-жай бір нәрсеге оқ атыпты. Оқ атылған жақта бір есек жайылып жүрген. Қаңғыған оқ сол есекке тиіпті. Өлген есектің иесі: «Есегімді мына кісі өлтіріп қойды» деп шағымданып, сол жігітті нұсқаған екен. Шақырып қараса, өз перзенті болып шықты. Ашу-ызасы кернеген құсбегі: «Сіз бұқараның есегін атыпсыз. Аталық-ғазидің баласымын деп еш себеп-салдарсыз оқ атсаңыз бола ма?!» деп оны аямай таяқ астына алып, қатаң да ащы сабақ берді. Содан бала өліп қалады. Бұны көрген әмири-ләшкер, пансат, әскербасы, жігіт-сарбаздардың көңілдерінде қорқыныш пен тебіреніс, қатыгездік пен түршігу орнықты. Бәрі де жағаларын ұстап, қайта-қайта тәубе-истиғфар айтып, одан бетер бағынуға және билігін мойындауға бел байлады.
Әлбетте, патшалар жақындары мен нөкерлерінің көптеген зұлымдықтарына мән бермей, істеген күнәларына ден қоймаса, жазасын бермесе және тәртіпті одан әрі босаңдатса, маңызды шаруаларға жауапты немесе оларды өз атынан басқаратын басқа да ірі мансаптылар, ұлық-әмірлер жаман әрекеттерді үлгі-өнеге етіп, биліктің жүйесі мен тәртібі шіріп, ел басқару өлшемдері босаңдауға бет бұрады, халайықтың райы қайтады, әскерлердің ішкі тәртібі шайқалады. Оны кейін бұрынғы қалпына және өз сабасына қайта түсіру шаралары қалмайды һәм жетпейді. Жалпы айтқанда, осындай қайырымды күндері және мемлекеттік тәртіп күшейген заманда, мейлі ел ішінде немесе әскерлер арасында болсын, адамдардың бір-бірін қорлау-масқаралау ахуалдары толығымен жойылды. Жоғары мәртебелі ғази бүкіл жұртқа әзір тұрғандай көрінді. «Алыс жақын-дұр, ғайып әзір-дүр», «Түн - күндіз-дүр» деп барлық адам еш себепсіз және орынсыз бір іске беттемеді. Бәлкім, бұны ойлауға да батылдары бармады. Яқупбек мейлі көрінбес болсын немесе алыс-жақын жерде болсын, жұртшылық оны өздеріне үнемі қарап тұрғандай сезінді һәм осыған шынайы сенді. Барлық оқиғаны хатқа түсіретін тыңшы-жансыздар кез келген уақытта кез келген жерде бәріне әзір болып тұратын. Оларды ешбір адам біле алмайтын және танымайтын.
Әлқисса, аталық-ғази Мұхаммед Яқупбек жігіттерінің жалпы саны 50 мыңнан асты. Шеберханаларда айлық және қамдау алатындардың саны да 50 мың адамға жақындады. Қазынадағы байлық та тез арада азайып қалды. Сол кезде аталық-ғазидің мемлекеті және билігі шығыста Бағраш көлі мен Ушшақтал елді мекені, солтүстікте Мұзтағ пен Зауқы таулары, батыста Алай таулары мен Бадахшан, оңтүстікте Қараңғы-тағ (Қарақорым) таулары, Лоп және Черчен елді мекендері секілді жерлерге созылған еді. Аталық-ғази осы ұлан-ғайыр өңірдегі тау-жазира, жайлау-қыстау, жыңғыл мен ташлақ (иесіз жерлер), тіпті олжаға түскен жерлер және хиния алқаптар (хан немесе мемлекетке қарайтын жерлер), баулар, шаһар, кент-қыстақтарды сатуға дайындау үшін нөкерлерін шығарды. Соның ішінде Ақсуға жіберілген Мұхаммед Назар-құсбегі, Мырза Қасым-муһтәр және Мырза Абдулазиз Бұхари жергілікті Абдулла-диуанбегінің мубаширкарлары (кеңесшілер) етіп тағайындалып, қытайлар мен дүнгендерден қалған егістік, бақ, қуаң жерлер, жайлау, қыстақ және хиния жерлерді сататын болды.
Бұрынғы кезде Хақани Чин Жетішаһарды иемденіп, уәли билігін жүргізгенде, Ақсудың хәкімі және ишикағабегі бастаған 46 бектің әрқайсысына көрсеткен қызметтері үшін хиниядан берілетін күміс табыстың орнына жер мен адамдарды сыйлаған. Ірілерге көбірек, ұсақтарына азырақ берілген екен. Мысалы, Ақсуға хәкім болған адамға 100 үйлік, ишикаға болған кісіге 60 үйлік, мәртебесі төмендерге төрт үйлік адам және тиісті жер өлшеп берген. Осы бектерге бекітілген адамдар диқаншылық етсін, қызметін өтесін деген жарлықпен жасаққа үлестірілген. Ислам діні қайта азат етілгенге дейін кез келген адам мансапқа қол жеткізген жағдайда, аталмыш жарлық бойынша берілген жерде егін егіп, диқандарын қызметіне салған екен. Осы ереже Жетішаһардың барлық жерінде бұрыннан бері жүзеге асырылып келген. Бектер қарамағындағы басыбайлы адамдарды сатып алған мүлік және алтынға айырбастаған малай немесе атасынан мұраға қалған құлдардай көріп, олардан қалағанынша қаржы, отын, ағаш тәрізді әртүрлі нәрселерді алғанын һәм жерінен астық өсіріп, мол өнім тапқанын өзіне халал деп қарайтын және осыған сенетін. Бұл адамдар жұртпен, халайықпен араласа алмайды екен немесе қажетті пұл беру арқылы кәдімгі онбасы, муәззин (азан айтушы), жарупкәш (мешіт, ханақа тәрізді діни орындарды тазалайтын қызметкерлер) лауазымдарын да ала алмайтын. Ел ішінде бұларды «құйрықтарына тамға басылған басыбайлылар» деп көзге ілмейді екен.
Бұдан басқа, Жетішаһар қытайларға бағынғаннан кейін, қытайлар су шығарып, гүлдендірген жерді де хиния деп қарайтын. Аталық-ғази хиния жерлеріндегі жайлау-қыстақтарды, сонда отырықтанған немесе оларға жақын кент-махаллялардың тұрғындарына сатып, қаражатты мемлекет қазынасына құйды. Ақсу аймағындағы Ақяр, Калпин, Қоштам, Онбашиға дейінгі жерлер бес лек 56 мың (556 мың) теңге болды. Бай және Сайрам аудандарының жері ең аз дегенде төрт лек (400 мың) теңге болды. Алтышаһардың қалған жерлеріндегі ахуалды осындай, бәлкім бұдан да артық деп білуге және сұрастырып көруге болады. Әр жылы бір ірі сипахи бірнеше мырзамен бірге келіп, «Патшалық жер сатылмай қалған екен. Біз соны тексеруге келдік» деп анығына жетіп, сылтауларды көрсетеді. «Жетіспегенді толтырамыз» деп бірнеше мың теңгені мемлекеттік қазынаға әкететін. Сондай-ақ «Осы жерлерді жоғары мәртебелі Бадәулет аталық-ғази сатып, ақшасын мен алдым» деп хат-қағаз жазылып, өзінің мөрі және ғұлама-ағзамдардың үлкен мөрлері басып берілетін. Кейін тағы да «Сатқан жерлердің мөр пұлын бермеген екен» деп, бір теңгеге бір мыс теңге, 100 теңгеге жер алған адамға төрт теңгеден мөрдің ақысын белгілеп, бүкіл Жетішаһардан жүздеген мың теңге ақша жиналды.
Сол күндері Қашғарда бұқара халық жиылған мәжіліс-жиында бір адам шеберлікпен, бәлкім кекесінмен: «Ғажайып бейбіт және жақсы заман болды. Қой үстінде торғай ұя салатын заман туды» депті. Сонда қашғарлық тәліптердің серкесі Молла Зарипмұхаммедияр-қалпе есімді дана ақсүйек: «Жоғары мәртебелі аталық-ғази жеті қабат жерді сатып тауысты. Торғай ұя салатын жер де қалмады. Енді қойдың үстіне ұя салмай, қайда салсын» деп тапқырлықпен жауап берген.
Әңгімелерге қарағанда, кучарлық қожалардың заманында Кашмир жақтан қоқандық Мұхаммед Әли-ханның баласы Мұзаффар-хан Яркент еліне келіп, кейін Кучарға барып, ол жерден Корла шаһарына өтеді. Аталық-ғази жеңімпаз қосындармен бірге Кучарға жеткенін естіген ол Корладан Үрімшіге кетіпті. Сол шаһарда біраз уақыт жоқшылықпен өмір кешкен. Бір күні Іле аймағынан барған Ферғана уәлиетінің кейбір саудагер байлары Мұзаффар-ханды танып, ізет-құрметтерін білдіреді. Бұны естіген дүнген ұлығы Даут-қалпе аса ізет көрсетіп, оған бірнеше сандық шай мен күміс беріпті. Басқа дүнгендер де садақаларын берген-ді. Қолға пұл кіргендіктен оның маңайына біраз адам жиылыпты. Сол күндері Қоқаннан қашып келген және Мұхаммед Әли-ханның қызметінде болған Мырза Ахмет-құсбегі, Нармұхаммед-паруанашы, Мирбаба-датқа, Ғази-пансат қатарлы ескі және ірі сипахтар (әскерилер): «Орайы келсе Ақсу жаққа, ең болмағанда Кучар аймағына келіңіз. Сізді хан көтеріп, Жетішаһардың билеушісі етіп, қызметімізді көрсетсек. Сіз – бәріміздің ұлы ханзадамыз және қожайынымыз» деп бірінен соң бірі Мұзаффар-ханға хат жазыпты. Ата-бабасы ел басқаруды кәсіп еткен Мұзаффар-ханның діл көңілін билеуші болу, салтананатта отыру деген арман-тілек тықыршытып, мазасын ала бастады. Біраз берекетсіз дүнгендер мен мүсәпір наманганилерден (намангандықтар) топтасқан жамағат пайда болды. Билікке жетуге дәмеленген бірнеше байлар қолындағы қаржы-қаражатты қарызға берді һәм өзгелерден де қарыз алып берді. Арғымақ, қару-жарақ, байрақтарды әзірлеп, дабыл-кернейлердің сазын шалқытып және шапқылап Корланы басып алды. Корланың хәкімі Қажы-бек Кучар шаһарына қашып кеп, болған оқиғаны бір-бірлеп тізіп, көзді шағылыстыратын найзағайдай тез шабатын жаушыны салтанатты Қашғарға жылдам ғана аттандырды.
Жоғары мәртебелі аталық-ғази Мұзаффар-ханның Корлаға кіргенін естіген соң, ескі де ірі сипахтардан алаңдады. Өйткені, Мұзаффар бұлардың бәрінің ұлығы және ханзадасы еді. Сондықтан ол: «Мұзаффар-ханға қарсы өз жігіттеріңізді алып барып, лажы болса оны тірідей қолға түсіріңіз. Егер бұл мүмкін болмаса, қайтсе де ортамыздан аластатыңыз һәм қызметіңізді көрсеткейсіз» деп Исхақ-қожаға дереу бұйрық түсірді. Осы бұйрық жете салысымен Исхақ-қожа қол астындағы 2 мың жігітпен бірге Корлаға аттанды және Мұзаффар-ханмен соғысты. Аз адаммен қалған хан қарсы тұра алмай, бір шатырға жасырынды. Ол бұның алдында бірқатар бұзық қалмақпен одақ құрған еді. Қалмақтар Исхақ-қожаның жеңіскер әскерлерін көре сала ұрыс майданын тастап кетті. Исхақ-қожа шатырды қоршап, жан-жақтан оқ атып, Мұзаффар-ханды өлімге жеткізді. Оның шатыры атылған оқтардан елекке ұқсап қалды. Бұл оқиға хижраның 1285 ж. (1868 ж.), яғни мурғ (тауық) жылының мизан мезгілінде белең берді. Ақсу хәкімі Хакимхан-төре жоғары мәртебелі бұйрық бойынша Қызыл деген жерде қарасын көрсетіп, тосқауыл ұйымдастырған-ды. Ол мүсәпір санатындағы пансаттар мен жігіттерді (қоқандық мигранттарды) Кучарға кіргізбеді. Себебі, олардан айрықша сақтану жөнінде осындай бұйрық берілген-ді. Мұзаффар-ханды жойғанға дейін Қашғардағы әмири-ләшкер мен пансаттарға тіптен еш хабар жеткізілмеді. Дегенмен, байлар қатарындағы намангандық Мұсакалал-бай мен оның үш адамын Қашғарға әкелді һәм жанын алды. Бадәулет Мұзаффар-ханды жеңген соң көңілі тынышталды.
Сонымен қатар, Ферғана уәлиетінен ізгі Сеид Ахрархан-төре мен Сеид Ардилар-дамолла Қашғарға келді. Сол күндері тағы бір оқиға болды: Ирақ жақтан саяхатқа шыққан Шейх Мұхаммед пен Шейх Ахмет деген екі адам Бадахшанда бірнеше күн тұрған соң, Яқупбек-аталық-ғазиді құттықтаған және өздерінің фазилаттарын білдірген ұсыныс-хат жолдаған екен. Хатта: «Біз қасиетті Мекке-муаззаманың саф текті ұрпақтарымыз. Пайғамбар-хазреттің қабірінен белгі шығып, нәсіп-ризығымыз осы аумаққа түсті. Ұзақ уақыттан бері Бадахшан ұлықтарының шақыруымен осында тұрып қалдық. Жоғары мәртебелінің исламды азат етіп, патша болғанын Құдауанда-Керим (Құдай) құтты етсін! Сізге дүниелік және ақиреттік болмыс жөнінде бірауыз сөз айту лазым һәм қажет болып қалды. Қазір Әлем’әл-Ғайыптан бізге мәлім болғаны – өзіңіз басқарған елге Құдайдың қазасы және аспандай апат төніп тұр. Оқиға болардан бұрын амалын тауып бұдан құтылу керек. Жоғары мәртебелі бастаған барлық үлкен-кіші ғұламалар, игі жақсылар, әскербасылар, бұқара халайық ата-бабасына және ұлы аруақтарға сиынып, жаңадан тәубе етіп, зар жылап-жалбарынып, ас беру, құрбан шалу мен қайыр-садақаларды таратып, мына бәле-азадан аман қалу және құтылу үшін дұға оқып, өтініш білдіріңдер. Біз де күні-түні дұға оқумен шұғылданармыз» деген сөздер жазылған екен.
Осы хат келген бойда жоғары мәртебелі ғази ірі сеидтер, қази-ғұламалар, ақсүйектер, әмири-ләшкерлер, пансаттар, әмірлерді тік тұрғызып, хаттың мазмұнын аян да баян етіп, өзі бастап бәрін тәубеге келтірді. Уәлиеттердің хәкімдері мен тұрғындарына, бұқара халыққа шығарылған жарнамада: «Тыйым салынған жаман істерден қайтып, тәубеге келіп, жалбарынып, садақалар беріңдер» деп жоғары дәрежелі бұйрық түсірілді. Бұдан хабардар болған шаһар-шаһардағы тұрғындардың бәрі де шын жүректен жалынып-жалбарынып, зар илеп, тәубе-истиғфар етумен болды. Аталық-ғази шейхтардан амандық сұраған жауап хатпен бірге олардың үлесі мен һәдиасын (сыйлықтарын) жіберген-ді. Бұны естіп-білген әлгі екі шейх: «Біздің айтқандарымыз Яқупбек басқарған Жетішаһар халқына әсер беріпті. Енді өзіміз барып, сиқыр-кереметімізді көрсетейік. Қане, ісіміз қайдан шығар екен?» деп айласын жайып, жалғандықтың дәнін шашып, айлакерлік пен өсек-өтірікті істетіп, жалған емдеуді қолданды. Шейх Мұхаммед өзін «Махди ақырзаман177 деген мен боламын» деп, Шейх Ахмет оның уәзірі атанып, Яркент аймағына келді. Біраз күн өткеннен кейін біріншісі: «Мен сіздерді бағындыру және мойындату, түзу жолға шақыру үшін келдім» деп Имам Махдидің әрекетін бастады.
Сол кездегі діни құқықтардың ғалымы Қази Зияиддин-дамолла Яркенттің қази-каланы және шариғат көшбасшысы міндеттерін атқаратын. Ол шейхтерге: «Мәнсіз дауласпай, топас та жеңілтек кәлләларыңды дұрыс істетіңдер» деп шариғат жолын көрсетіп, ақыл айтты. Бірақ оның насихаты түзу жолдан азған жаман ниетті шейхтердің қара көңіліне еш дарымады. Қази-калан осы ахуалды жоғары мәртебелі Бадәулетке жеткізді. Арыздың мазмұнымен танысқан аталық-ғази: «Шариғат пен ұлттың пәк, түзу және таза үкім-жолдары бойынша, бұл даугер кәззаптардың жазасын бергейсіз. Алаяқтардың кесапатынан мұсылмандарды аман қылғайсыздар» деген инаятнама жолдады. Қази-калан алаяқтарға осы жарлықтың мазмұнын жеткізіп, шариғат үкімдерін түсіндірсе, олар алдыңғыдан да зор және таңқаларлық шатақтарды тілге алып: «Құдауанда Әлмиян (Әлемнің жаратушысы) өз ұйғарым-тілегі бойынша, өзін Яқупбектің кейпінде көрсеткен. Жер бетінің құдайы – Яқупбек-дұр. Сіздер бұны білулерің керек. Бізді Яқупбек жіберген, бұны өзі де біледі. Егер де бізді өлтірсеңдер, әрбір тамшы қанымыздан сан мыңдаған қарулы әскер өніп, Жетішаһарды, тіпті жер бетін қиратады һәм ойрандайды. Бізді сәл ренжітіп, бірер зор бәле-қазаға кезігіп қалмаңдар» деп тағы мағынасыз дауласты. Бұны жазуға қалам қозғалмайды һәм айтуға ауыз бармайды. Құдай өзің пана болғайсың!
Ахуал осы жерге өрбігенде, барлық шариғатшыл ғұламалар бір ниетте бір жеңнен қол шығарып, діни мужтаһидтердің қолымен әлгі өтірікші азғындарды өлімге тарту туралы үкім шығарады. Тік тұрған барлық үлкен-кіші шен-шекпенділер мен бұқара халық оларды кең алаңға жетектеп шығарып, беліне дейін жерге көмді. Жоғарыдағы үкім бойынша алдымен қази-калан тас лақтырды, кейін үлкен-кішінің бәрі кесек лақтырып өлімші етіп, мына пәк жерді кәпір бұзықтардың жамандығынан тазалады.
Сол күндері тағы бір оқиға белең берді: біраз саудагерлерге Үндістан жаққа баруға рұқсат берілген-ді. Аталық-ғазидің саадатты құлағына Шуғнан қарақшыларының саудагерлерді жолда тонап, олжа-тұтқындар алғаны туралы хабар жетеді. Ашу-ыза оттары өрлеген ол Абдулла-әмири-ләшкер мен Қажы-мырзабасыны 7 мың әскерге қолбасшы ету, 20 пансат пен іске жарайтын бірнеше әмірлерді ілестіру, 600 түйеге азық-ауқат пен қару-жарақ арту және 10 мың қой секілді азық-түлікпен қамдау, сондай-ақ Шуғнандағы Асқарәли-ханға қарсы жорыққа шығу туралы жарлық түсірді. Жарлықта: «Сіздер Шуғнан ұлығынан саудагерлердің ақшасы мен тауарын түгелдей алып беріңдер. Егер ол бізді мойындап, бағыныштылық білдірсе, шарт-серт жасасып келіңдер. Егер де бас тартып қабылдамаса, соғысыңдар және тонап-талаңдар, қырып-жойыңдар және олжа-тұтқын алыңдар» деп жазылған. Бұлар бекеттен-бекетке жүріп, дала мен жазираларды басып өтіп, Шуғнанға келе сала Асқарәли-ханға хат жазды және елші жіберді. Бұны көрген Асқарәли-ханның есі шығып, басын жоғалтты. Саудагерлердің пұл-тауары түгел қайтарылып, өздерін риза етті. Содан соң ол достық рәсімиеттерін орнатуды, бұйрықты мойындап-бағынуды ойлап, елші арқылы арыз-хат жіберді. Хатта: «Менің мына шаруадан хабарым болмаған. Бұны тентек бұқара қылған екен. Оларды қатаң жазалап, өзім бастап бәріміз мына жайсыз істерге тәубе қылдық (өкіндік және түзелдік). Егер шапқыншылық пен талан-тараж етемін десе, Яқупбек-ханның өз ықтияры һәм еркі. Егер ілтипат етіп, бізді құл және қызметкер орнында көріп, мейірімін төксе – мен, кәрі құл, малайлық етемін. Ұсынысты бұрынырақ елші арқылы жіберіп, құттықтау айтып, достық орнатуым керек еді. Айып менен болыпты. Әлі де достық ереже-рәсімиеттерін орнатып, оны қасам-имандармен нығайтсақ. Оның үстіне, намыс пердесіне жасырынған бір «гүлшоғым және ерте көктемім» бар. Оған ешбір азанғы самалдың есілі де тимеген. Оның бақстан-анарстанына ешкімнің қолы бармаған. Егер жоғары мәртебелінің пәк табиғаты қалайтын болса, оны чөрә (күң) қатарында тарту етейін» деген бірқатар сөз жазылған-ды. Сондай-ақ ол: «Осы арыз-хатты Яқупбек-ханның саадатты құлағына білдіріп қойыңдар» деп өтінген.
Абдулла-әмири-ләшкер осы хатты жеткен бойда жоғары мәртебелі ғазиға жолдады. Хаттың мазмұнымен танысқан жоғары мәртебелі жадырап салды және Асқарәли-ханның қызын өз әйелдері қатарына қосуды қалап, пансат Тохтихан-айым басқарған мол жабдықтар мен адамдарды жолға салды. Асқарәли-ханмен достық қағида-рәсімиеттер түзіліп, әке-бала байланыстары орнатылып, неке рәсімиеттері ада етілді. Осы айбаттың желеуімен Канжут ұлығы Сафидарәли-хан да бағыныштылықтың жібін мойнына асты. Ваханның ұлығы да бойсұну байланыстарын орнатты (бағынды). Содан бастап осы маңайдағы кухистани (таулы) аумақтардың барлық ұлықтары жоғары мәртебелінің билігі астына енді, елдерінде бейбітшілік, ал жолдарда тыныштық пен жайшылық орнады.
Бұдан соң Жәдди мезгілі жақындап, «тоқсан»178 кіре бастады. Жоғары мәртебелінің қарамағындағы билік иелері болған барлық уәлиет хәкімдері, мансаптылар, іс басқарушылар ежелгі жоғары дәрежелі хандар мен қағандардың, құрметті патшалардың, ұлық сұлтандардың заң-ережелерін, дәстүр-рәсімиеттерін жаңадан жаңғыртып, соған сәйкес тоқсан тарту-таралғы сыйлау әрекетіне кірісті. Олардың әрбірі жан-тәнімен барлық нәрсесін әзірлеп, жетпегенін қарызға алып, барша ынтамен сый-сәлемдемелер мен тарту-таралғыны түгендеген соң, салтанатты Қашғарға жөнелтті. Оның ішінде Хотан хәкімі Нияз-бек сегіз ширақ (салмақ өлшем бірлігі, бір ширақ шамамен 10 кг) сап алтын, 1 мың дана жамбы, 400 сәйгүлік (200 жылқы ер-тұрманмен, тіпті қамшыларына дейін толық қамдалған), ноқта, желпуіш, көрпешелермен сәнделген тағы 200 ер-тұрман сыйлаған еді. Сондай-ақ 400 тұлпарға артылған сілеусін, түлкі, қозы терілерінен тігілген миянә шолақ ішік, шалбар, телпек, түркше жеңсіз шапан, алтын жіпті мата, қамқа тауар, бекасам, шайы, бинарес, атлас, солғын қара және қою жасыл түсті шекпен, баулары арнайы матадан тігілген қалталы шалбар, нақ былғары, теріден тігілген және таза шұлғауына дейін түгендеулі етік, арнайы оюланған тоғыз-тоғыз шай шәйнегі, тоғыз-тоғыз мыс қазан, кәпкір, шөміш, тоғыз-тоғыз қол жуатын шәугім мен леген секілді қынаптарымен әзірленген бұйымдар, Лахорда жасалған тоғыз-тоғыз әдемі қаспақ, әртүрлі гүл нұсқасы түсірілген тоғыз-тоғыз кілем секілді көңілге татитын есеп-қисапсыз тарту-таралғыны Қашғарға әкелді һәм аталық-ғазидің құтты назарынан өткізіп, бірнеше күн аялдады. Ол әр күні таңертең бір тоғыз жамбы, бір тоғыз түйіншек әсем бұйымдар, ер-тоқымдары түгел бір тоғыз сәйгүлік әкеліп, аталық-ғазиға тағзым-құрмет білдіріп, дәулет мерзімінің мәңгі болуына дұға оқып, бірге таңертеңгі асты ішіп қайтатын. Барлық мемлекеттік мансаптылар сырттай мадақ-алғыс айтып, іштен қайран қалып бармақтарын тістейтін. Өзге уәлиеттердің хәкімдері де жағдайына қарап осындай сый-тартуларды бірінен соң бірі әкеліп, аталық-ғазидің құтты назарына салды. Аталық-ғази барлық сардарларына риза болды және шүкіршілік етті, әрқайсысына қабат-қабат және қатар-қатар тон-киім, сәлде, бөрік, қару-жарақ пен арнайы да ерекше белгілерді мархабат етті һәм шахтарға тән көңіл-күйін танытты. Олардың қызметкерлеріне де шапан-тон, жұмсайтын тиллә берілді және мейірбандық көрсетілді. Ақыры әрбіріне мекен-жайына қайтуына рұқсат етілді және тарту сыйлап қанағаттандырылды. Құдай оның күн іспетті дәулетін осы дүниеде және ақиретте мәңгі һәм ұзақ еткейсің, әумин!
8
Аталық-ғази өз елшісімен бірге қасиетті Харамаинның қожайыны, мұсылман-муминдердің әмірі, жер-жаһанның халифі, Ескендірдей қуатты Абдулазиз-ханға бағыну жөнінде ұсыныс-бәйатнама және сый-тартулар жібергені, жержүзі халифінің нұрлы қасиетіне жаққаны, жарлық, дәреже-мансап және арнайы тәж жіберіп, өз қол астына алып, Румға179 тәуелді болғаны туралы оқиғалардың баяны
Табиғаты сау сүйікті жандар мен зейіні түзу қайраткерлердің ардақты ділдерінде анық та айқын болсын, нақыл-хикаялар және аңыз-қиссаларға қарағанда, аталық-ғази хәкімдерін өз ұлыстарына рұқсатын беріп қайтарды. Қыс мезгілінің суық ауасы өз отанына қайтты, жаңа жыл келді. Көктем күндері келді, өсімдіктер жер бетінен бастарын көтерді. Құстар мен орман кептері сайрай бастады. Жақсы әуенді бұлбұлдардың сайрауы жаңа ғана көріскен ғашықтардың жан әйнектеріндегі мұң-зарларын қайнатты. Райхангүлдер ашылып, сан алуан түсті гүлдер өз реңімен жержүзін аспанның төртінші қабатындағы жарық тәрізді нұрландырды және ерекше зор шаттық сезімге бөледі. Осындай жайбарақат және шаттық көңілмен Жаратқан Алланың дәргейіне һәмду-сана (мадақтар) мен шексіз шүкірлікті ада етіп, дұға-баталар оқып, талап-тілектерін сұраған және сиынып тұрған кезде, ташкенттік Яқупхан-қази төреміз қасиетті Харамаинға (Мекке-Мәдинаға) қажылық сапарынан Қашғарға оралды. Аталық-ғазимен әр бап, әрбір мәселе бойынша сұхбаттасқан ол ақыры жоғары мәртебелі Бадәулетті жердің халифі, қасиетті Харамаинның қожайыны, мұсылман-муминдердің басшысы Абдулазиз-хан бинни Абдулмажид-ханның (Құдай оның дәулет-мүлкін көбейтсін) құзырына елші жіберуге, Румға тәуелді болып бағынуды насихаттады һәм соның дәлелдерін келтірді. Жоғары мәртебелі аталық-ғази Қази Яқупхан-төреге асқан сыпайылықпен: «Ол – мұсылман-муминдердің әмірі, жержүзінің халифі. Мен оның алдында кіммін? Қайтіп және қалай оған елші жіберіп, сәлемімді жеткізе аламын?» деп үміті сөніп, кешірім сұрады. Сол тұста Яқупхан-қази ұсыныс берді: «Ресей Ташкентті басып алғаннан кейін, ғұламалар, игі жақсылар, сеидтер, ақсүйектер «Енді бізге бұл ел харам болды» деп орыстарға бағынудан және олардың билігін мойындаудан бас тартып, Пайғамбар-әлейһиссаламның сүннеті мен шариғат жолын ұстанып және оған еліктеп, хижратты (қоныс аударуды) таңдады. Олардың арасында мен де қоныс аударуды қалап, қасиетті екі қалаға зияратымды аяқтаған соң, Румда бірнеше күн тұрдым. Ондағы ардагер-ұлықтармен сырласып-сұхбаттасудың орайы келді. Олардың айтуына қарағанда, Ресей Ферғана уәлиетін басып алса да, Хақани Чин жеріндегі біраз мұсылман бағынудан шығып, исламды азат етіп, жеңіске жетіпті. Жоғары мәртебелі халиф-хазрет мұны естиді де, «Мешіт-мешіттерде бес уақыт намаздан кейін шығыста исламды азат еткен мұсылмандардың дамуы үшін дұға оқылсын» деген жарлық түсіреді. Өзі бастап шығыс жаққа дұға оқыпты. Қажылардан исламды азат еткен басшы-ұлықтың аты-жөнін сұраса, кейбіреулер хотандық қажы-падишахты, кейбіреулер кучарлық қожаларды, ал кейбіреулер Іле сұлтанын нұсқапты. Халиф исламды азат еткен кісінің нақты есімін біле алмапты. Мұсылмандардың панасы Осман мемлекеті – Рум халифаты құрылғаннан бері жержүзіндегі мұсылмандар бас көтеріп дамыса, Рум халифтері қуанып, олардың дамуы үшін дұға оқиды екен. Егер олардың жеңіліске ұшырағанынан хабардар болса, көңілі босап, жабырқап, оңып кеткенін тілеп дұға оқиды екен. Барлық замандардағы халифтердің міндеті – төңірегіндегі бас көтерген мұсылмандардың іс-әрекеттерін естіген бойда дәптерге түрту және бүкіл әлемге жариялау, әрқашан олардың атақ-абыройларын шығару. Моғолстан елі жоғары мәртебелі Сізге қарапты. Әлбетте, өзіңізді халифке мәлімдегеніңіз қажет және лазым» деп ақыл берді.
Осы әңгіме садақатты, дәулетті және бақыты ашық Мұхаммед Яқупбек-ғазидің көңіліне жағады. Армандауға лайықты Хақани Чиннің әдемі де таза тауарлары, дүрдін маталар, хош иісті шайлар, нәзік шыны-аяқтар, алтын-күмістер, қалмақ пен қазақ жылқылары, тоғыз-тоғыз кіршіксіз таза және жүрек қалайтын қытайлық қыздар, тоғыз-тоғыз жас келіншек пен сұңғақ бойлы бейжіңдік құлдар сый-сәлемдеме және тарту ретінде түгенделген соң, сенімді нөкерлерден тұратын Қазихан-төренің жетекшілігіндегі елшілік бақытты заманда, шарапатты сағатта жолға шықты. Бұлар бекеттен-бекетке жүре отырып, тиісті уақытта һәм көңілдегі сағатта Рум халифатына жетті және мұсылман-муминдердің әмірі, жержүзінің халифі, Осман мемлекеті патшасының құзырында құрметпен жүздесу шарапатына ие болды. Сый-сәлемдемелер мен тартулар оның асқақ назарына салынды һәм елшіліктің салт-рәсімиеттері орындалды.
Мұсылман-муминдердің әмірі, қасиетті Харамаинның (Мекке мен Мәдинаның) қожайыны, Алланың мәңгі пендесі Абдулазиз-хан аталмыш сый-тартуларға, ұсыныс хатқа және елшілерге шамадан тыс қуанып, риза болды һәм Қазихан-төре бастаған барлық нөкерлерге мол ізет пен асқан құрметтер көрсетті. Халиф оларға көптеген сый-сияпаттар көрсетіп, біраз уақыт тұрғызды және қонақасы берді, қайтуына жарлық түсірді. Аталық-ғази Бадәулетке «мирахорбасы» лауазымы берілді және зор падишахтар дәрежесіне қойылды. Ал Жетішаһар Румға тәуелді болды һәм халифтің қол астына алынды. Ол елшілер арқылы меруерт, алмас, жақұт, гауһармен тізбектеліп безендірілген үлкен алтын тәж, шахтарға хас тымақ, етектерінің жиегінен көкірегі мен жағасына дейін алтынмен жалтылдаған, алмас, жақұт секілді қымбат тастармен қатар-қатар безелген румша жеңсіз шапан, қынабы мен сабы алтын, алмас, жақұт, мөлдір гауһар, жасыл жақұттармен өрнектелген қанжар, тіпті сүмбілесіне дейін алтын-күмістен жасалған немесе сапталған бір дана мылтық секілді назар салушылар және тамашалаушылардың көзін қамастыратын әдемі бұйымдар, жаһанның жоғары дәрежелі жарлығы мен шах-патшаның хатын жіберді.
Елшілер шарапатты дәурен және әдемі заманда Қашғарға оралып, сый-тартуларды жоғары мәртебелі аталық-ғазиға көрсетті. Ол шоғына сыймай ашылған гүлдей шаттанып, тәж бен тымақты дәулетті басына қойды, естелік тон-шапанды құтты денесіне жапты, қылышты беліне тақты. Бадәулет алтын мылтықты қолға алып, Рум жаққа әдеппен тағзым етті және дұға бағыштады. Жаһанның күн мен айы, жеті қабат аспанның жұлдыздары Яқупбек-ғазидің денесінде жалтылдап, сәуле шашқандай болды. Үлкен-кіші, жоғары-төмен дәрежелі барлық адамдардың құттықтаған дауыстары кеңістік күмбезіне дейін көтерілді. Аталық-ғази бірнеше күнге созылған той-тамашада ғұлама ағзамдар, абыройлы ақсүйектер, құрметті сеидтер, әмири-ләшкерлер, жоғары дәрежелі асирлар (аманатқа алынған «тұтқындар») және ірі-ұсақ мансаптыларға тон-кешек үлестірді, бәрін де қанағаттандырды һәм бинияз қылды (көңілдерін тоқ етті). Содан соң Абдулазиз-ханның атымен тиллә-теңге және чақа (ортасы тесік) пұл құйдырып, оның үкімдерін жүзеге асырып, Жетішаһарды «Рум халифі мен Османия мемлекетіне тәуелді жер» деп атады. Бұл – хижраның 1286 ж. (1869 ж.) еді.
Әлқисса, Осман сұлтандарының түптегі және ата-бабаларының тектері де Түрк бинни Яфес бинни Нұх-әлейһиссаламнан тарайды деп айтылады. Түрктер басқа тайпалардан көп, батырлық-қайраттылықта дара, жомарттық пен қамқорлықта теңдесі жоқ тайпа-дұр. Кейбір тарихи кітаптардағы мәліметтерге қарағанда, Хақ-тағала қасиетті исламды жаңадан таратқан кезде, Фурқани-әзимді (Құранды) ең алдымен Үндістанға жіберген екен. Үнділер құрметсіздік көрсетіп, оны жерге тастапты. Сосын қасиетті кітап Түркістанға жіберіліпті. Түрк басшысы оны басына көтеріп ұлықтапты. Осы хабар араб ұлықтарына жетіпті. Сол заманның әулиелерінің бірі: «Үнділер ылғи қорлықта елеусіз-ескерусіз болады. Олардың ешбір шаһары мен сахарасында ізет болмайды. Түрктер әрдайым ұлы және мерейі үстем, ғазиз һәм құрметті болып, барлық уақытта жеңіске оңай жетеді. Бұларды жеңетін кісілер кемде-кем болады» деген сөзді демінен шығарған-ды. Әулиелердің сөзі – Құдайдың сөзі-дүр. Әулиелердің сөзі барлық уақытта да әйгілі және анық болып келген.
Осман мемлекетінің астанасы Қустантия180 өте ұлы, ерекше кең және ғажайып шаһар-дұр. Қустантия шаһарын Сам бинни Нұх-әлейһиссаламның немересі Константин есімді бір ұлық адам салдырған. Бұндай шаһар бүкіл жержүзінде жоқ. Ол ежелгі заманда қайсарлар (кайзерлер, цезарьлар) мен нисарилердің (христиандардың) орынтағы және сүйеніш орны болып келген-ді. Әйтсе де, асқақ Осман сұлтандығы кезінде «Истанбул» деген атаумен әйгілі болды. Осман мемлекеті Қай-хан бинни Күн-хан бинни Оғыз-ханның нәсілінен-дүр. Кейбір тарихи кітаптарда олардың тегі Қали мен Қауайдың ұрпақтары деп те жазылған. Бірақ Оғыз-хан – Қара-ханның баласы, Қара-хан – Моғул-ханның баласы және Түрк бинни Яфестің немересі-дүр.
Кіріспе бөлімде айтылғандай, Қара-хан кәпір мүшриктен Алланы бір деп таныған Оғыз-хан мұсылман туылды. Осы увәйси (туа сала әулие болған) құрлықтың көп бөлігін 170 жыл басқарған. Оның алты баласы бар еді. Құдай-тағала әрқайсысына төрттен ұл бала сыйлады. Әрбір баласына бір есім қойылды. Нәтижеде бұлар 24 құрам және 24 бұтақ болды. Әрбір бұтақтың перзенттері бір ру-тайпа, яғни бір тұқым болып: «Біз пәлен рудан боламыз» деп өзін ата-бабаларының есімдерімен теңестірді деген ишарат жасаған едік.
Хижраның 622 ж. (1225 ж.) Шыңғыс-қаған батысқа жорығын жүргізген мезгілде, осы Қай тайпасының ұлығы Сүлейменшах-қай181 деген адам болған екен. Ол өзіне тәуелді 50 мың түтін ел-ұлысын Фәрат пен Дахла өзендерінен өткізіп, Рум жаққа көшіріпті. Сүлейменшах-қай бұларға бек пен сардар болған кезде, оның түпкі елі Түркістанның Махан деген жер болатын. Ол шапқыншылық пен ойрандау апатынан аман-есен құтылып, тыныш өмір сүріпті. Оның баласы Ертоғрыл-бек182 пәм-парасатты да ақылы пәк адам болып, әкесінің орнында бек лауазымын атқарыпты. Оның жасы 100-ге жақындағанда, баласы Осман-бекті орнына қалдырыпты. Осман-бек Сұлтан Алаиддин-сәлжүкке183 қызмет жасап, нисарилерге (христиандарға) қарсы соғысып, қыруар ғазауат шайқастарын жүргізіп, біраз қалаларды алғаны үшін патша Алаиддин-сәлжүк қуанғанынан оған «сұлтан» мансабын берді. Ас жейтін, тұлпарына мінетін және түсетін кезде дабыл-барабан қағуға бұйрық түсірген һәм дабыл аспабын беріп жіберген екен. Бір күні Осман-сұлтанның қақпасынан дабылдың дауысы шығыпты. Сұлтан: «Бұл не дауыс?» деп сұраған. Нөкерлері: «Патша Алаиддин-сәлжүк кезекті дабылын жолдапты. Бұл соның әуені» деп мәлімдепті. Патшаның дабылына ізет-құрмет білдірген сұлтан орнынан тұра сала үш қадам жүрген, әрбір қадамында бір тағзым етіп иілген екен. Әр кезде кезекті дабылдың үнін ести сала орнынан тұрып үш қадам басып, үш рет тағзым ететін ереже-рәсімиет осы уақытқа дейін жалғасуда және бірыңғай орындалуда.
Бұның алдында, бір ірі ұлық ел басқарған екен. Осман-бектің заманына келгенде, сәлжуқ патшаларының дәулеті бірігіп, тайпалардың бытыраңқылық кезеңі аяқталады. Қасиетті исламның құлдырауы мен бәсеңдеуіне алаңдаған жәмһурлықтар ислами әмірлік үкіметінің тізгінін Осман-сұлтанға тапсырып, барлығы бірлесіп оның билігін мойындап бағынды. Ол салтанатты таққа отырып, билікті толық қолына алғаннан кейін өзіне «Осман-хан» деп лақап ат қойыпты. Демек, Осман-хан осы мемлекеттің бастапқы құрушысы-дұр. Ең әуелгі падишахтық Сұлтан Осман-ханның атымен аталғандықтан, оның әулеті де «Осман сұлтандығы» деп аталған. Осы мемлекеттің құрылған уақыты арабтардың әбжет жыл есебі бойынша «Османия»184 жылынан бастап есептелген екен. Осман-хан да сол жылдан бастап өз атында ақша шығарып, құтпа оқытыпты. Оның мемлекетінің салтанаты күннен-күнге асып, жеңіс соғыстарын кеңейтіп, біраз уәлиетті қол астына алыпты. Жәмһури даналардың ел басқару низамдары, мемлекеттік істер мен халықшыл жүйе туралы кеңесін алып, заң-ережелерді түзетіп, қажетті жолға салды һәм дәстүрлі амалдар орнатты. Сол заң-ережелер қазіргі кезде де оның алып әулетінде, ұрпақтарының арасында жүзеге асырылуда. Осман-хан орнатқан осы заң-ережелер еш бұзылмай және өзгермей келуде. Сондықтан олардың ұлы мансап-мәртебелері, байлығы мен сән-салтанаты және өз алдына құқық-абыройы күннен-күнге асып, артуда.
Осман-хан хижраның 655 ж. (1257 ж.) дүниеге келді. Хижраның 699 ж. (1299-1300 жж.) таққа отырды. Ол 27 жыл билік етті және хижраның 726 ж. (1325-1326 жж.) мәңгілік әлеміне сапар шекті. 70 жыл өмір сүрді. Одан соң баласы Уз-хан таққа отырды. Ол елді 35 жыл билеп-төстеді. Одан кейін оның баласы Мұрат-хан І таққа шықты. Ол ерекше батыр, өжет, ержүрек кісі еді. Өзіне «Құдауандакар» (Құдайдың ісін жасаушы) деп лақап ат қойған ол Рум соғысында шейіт болды. Бұдан кейін Сұлтан Баязид Йылдырым таққа отырды. Ол Әмір Темірдің замандасы еді. Бұлардың арасында көптеген қақтығыстар болған-ды. Бұл ахуал тарихи кітаптарда жазылған. Содан соң оның баласы Мұхаммед-хан І таққа отырды һәм алты жыл билік етті. Бұдан кейін Мұрат-хан ІІ таққа шықты және 30 жыл ел биледі. Одан кейін Сұлтан Мұхаммед-хан ІІ таққа шығып, 33 жыл билік етті. Истанбулды алғаны үшін ол «Мұхаммед-хан Фатих» деп аталды. Ол ерекше марқасқа және әйгілі кісі еді. Истанбул оның заманына дейін нисарилердің тасарруфында (өкімі астында, иелігінде) еді. Бұл шаһардың бағынуы әбжетше «Балдатан-тайибатан»185 жылынан бастап есептеледі. Мұхаммед-хан Фатих – Ұлы османдардың жетінші сұлтаны.
Қысқасы, бұл ұлы мемлекет – Осман сұлтандарының арғы тегі болған Осман-ханнан қазіргі кездегі Алланың бақи пендесі, ырқына көнушісі Сұлтан Абдулхамид-хан бинни Абдулмажит-ханның дәуіріне дейін жалпы саны 31 патша 641 жыл билік етіп, салтанатта отырып келді. Омейяд, Аббасия, Сәлжуқия186, Ғазнауия, Самания187, Хорезмшахия188, Чиғатаия189, Темурия190 әулеттері тәрізді көптеген мұсылман патшалықтары өтіпті. Олардың ешқайсысының дәулеті 600 жылға жетпепті. Өйткені, осы патшалықтар жәбір-зұлымдық, ойын-сауық пен ішіп-жеуді көбейтіп, сансыз адасушылыққа тап болған. Сондықтан олардың дәулет-салтанаты жойылуға душар болды һәм тездетіп құлдырауға бет бұрыпты. Ал Осман сұлтандығының барлық ұрпақтары Әһли-сүннет (сунни) ағымының жолын ұстанып, халыққа игілік пен бейбітшілік әперіп, халықшылдықты алға қойып, адасу мен осалдықты өздеріне тиімді санамады һәм бұған орын да қалдырмады. Сол себепті, олардың билік-дәулеті ұзақ және ұдайы дамып, шахиншах (патшалардың патшасы) мәртебесіне ие болды. Алла осы дәулеттің саясын әрдайым бүкіл ислам қауымының басына қойып, бұл мемлекеттің аяқтарын барлық елдердің үстіне қойғайсың! Құдайым мұсылман сұлтандарының қосындарына өз құдіретің мен жеңісіңді бере гөр!
Мақсатымызға оралсақ, Рум (Стамбул) шаһарының ұлылығы соншалық, оның тараптарын сипаттап баяндауға ақыл-ой жетпейді. Хош, қаламның жазуы жетпес. Рум шаһарын Рум бинни Әйс бинни Исхақ-әлейһиссалам191 салдырған деп түсіндіріледі. «Рим» сөзі бір мемлекетке хас есім емес, ол бірнеше ірі де ұлы мемлекет пен кең ықылымнан құралған. Шаһардың көлемі 13 таш құрайды, оның ішінде 600 монша бар. Тауық, кекілік тәрізді құстарды сататын базар бір таш жерге тең келеді. Қалған жағдайды осыдан біле беріңіз.
Данышпан ұлықтардан құпия болмасын, осы еңбегімізде Қашғар және оның төңірегіндегі елдерді әңгімелеумен бір уақытта Қустантия туралы және сипаты жақсы да текті даналардың ахуалын да баяндауды дұрыс деп таптық. Бұлай жасаудағы мақсат-мүддеміз: жержүзін және ықылымдарды өлшеп зерттеуші және тексеруші жұлдызшылар Рим мен Қустантия секілді көптеген шаһарларды алтыншы ықылымға192 жатқызып, жеті сайяра (планета) ішіндегі Атарид (Меркурий) планетасына теңестіріпті. Олар алтыншы ықылымды Үйектің биіктігі 45 дәреже (градус) және оның 4/1 бөлігі деп саналады. Қустантия және Моғолстанның шаһарлары мен олардың айналасы бір климатқа жатады. Адамдардың реңі, мінез-құлқы, түн мен күн сағаттарының ұзын-қысқасы бірдей және ұқсас екен193. Осылай Моғолстанның шаһарларын қамтыған Қашғария Румның ағзам хақандары мен муаззам (ұлы) шахиншахтардың қол астына және қамқорына кірген-ді. Мына параққа Рум мен Қустантия туралы деректерді енгізуіміз осыдан.
Сол күндері тағы бір оқиға орын алды: Ресей ақ-патшасының елшісі келді. Аталық-ғази оларға ізет-құрмет көрсетіп, өте жақсы шығарып салды. Елшілер келгендегі мақсаты – аталық-ғазимен достық қарым-қатынастар орнату, сондай-ақ өзіне бағындырып тәуелді ету, Жетішаһардың өкіметін иемдену. Сонымен ақ-патша бірнеше рет жіберген елшілерге ойдағыдай қызметтер көрсетіліп, жауап беріліп қайтарылды. Олар Ақмешіттегі балық сатып алуды сылтауратудың арқасында Ферғана уәлиетін жаулап алғаны сияқты айласын тағы қайталап, «Жетішаһарды да бір себеп-сылтаумен иемденуге болар ма екен» деген мақсатты көздеген-ді. Аталық-ғази оларға сыр бермеді. Бәлкім, оларды басқа адамдарға да кездестірмей, айрықша сақтық пен құпия түрде жолға салды.
Сонымен қатар, осы аралықта Фараң194 мәликасы (әйел-патшасы) Фурсат-саиб195 деген елшіні жіберді және аталық-ғазимен достық қарым-қатынастар құру туралы хат жазды. Хатта: «Басқа мемлекеттермен дос болмай, бізбен достасыңыз. Егер қару-жарақ пен әскерге зәру болсаңдар, Қашғарда бір консулмен бірге 10-20 мың қарулы әскер жайғастырайын